Билер дүниетанымының ерекшелігі Тұрсынбаева А.Ө. филос.ғ. к., доцент



жүктеу 69.38 Kb.
Дата04.07.2016
өлшемі69.38 Kb.
Билер дүниетанымының ерекшелігі

Тұрсынбаева А.Ө.

филос.ғ.к., доцент,

Малдыбек А.Ж.

филос.ғ.к., аға оқытушы

Түркістан, ХҚТУ

Көшпелілер болмысы тек қана өмір салтымен дараланып қоймайды, сол өмір салтымен тікелей байланысты дара-тума мәдениетімен де ерекшеленеді. Бұл орайда, көшпелілердің ең алдымен сөз өнері, музыкалық өнері,шешендік ұлағатты сөздер, билік шешімдер және қолөнері мәдени-рухани құбылыс ретінде назар аударады. Шынында да халқымыз рухани сұраныстың жүгін үйіп-төгіп осы үш арнаға теңдеген сияқты. Көшпелілер үшін өнер, билік шешімдер тек қана рухани-эстетикалық ләззат беріп қоймаған, сонымен бірге ел қамы, халық тағдырына қатысты мәндегі істерге қолқанат болып, саяси-әлеуметтік мәселелерді шешудің құралы да бола білген. Анарыстан бастап Абайға дейін, Қорқыттан бастап Құрманғазыға дейін таза өнер тудырамын деп шабыт тұғырына отырған қазақ перзенттері мың сан. Өмірдің үлкенді-кішілі көптеген құбылыстарына олар құдіретті өнер тілімен және билік шешімдерімен араласып отырған.

Қазіргі қазақ философтары, түрік-қазақ дүниетанымының моральдық-этикалық бағыт-бағдарын ең басты ерекшелік санайды. "Түрік дүниетанымының басты және шешуші мәні оның этикалық мазмұнында. Барлық іс-қимыл бір мақсатқа - адам мен қоғамның құлықты өмір кешуіне бағышталған" [1, 115 б.].

Әрине, бұл ерекшелік қазақ даналарының дүниетанымында да сақталып, дамып, солардың өшпес мұрасы арқылы бізге жетіп отыр. Қазақ билерінің дүниетанымымен ұзақ жылдар айналысып жүрген философ Б. Аханның ойлары да осыны құптайды. "Вербальдық (жазу-сызу жоқ) дәуірде қалыптасқанымен, ауызекі түрде болса да белгілі бір жүйеге түспеген қазақ билерінің жаратылысқа, табиғи ортаға, қоғамға, адамға деген көзқарастар жиынтығы біздер сөз қылмаққа ниеттеніп отырған би-жырауларға тән дүниетанымның негізін қалайды" [2, 22 б.].

Демек, көшпелілер болмысында дүниетану, қоғамтану, әсіресе, адамтану жүйесіне ерекше әсер еткен тағы бір қазына - шешендік, ұлағатты сөздер, билік шешімдер.

Шешендік өнердің философиямен бірге тыңдаушы көпшіліктің санасына, сезіміне, еркіне, әлеуметтік мүдделеріне, мінез-құлық ерекшеліктеріне, мәдени деңгейіне сай сөз саптау тәсілімен тығыз байланысты екендігіне көптеген қазақ ойшылдары назар аударған. Фарабиден Абайға дейінгі аралықта бұл туралы ой тербеген, іс жүзінде шешендік өнерді дамытқан ой саңлақтары жеткілікті. Мысалы, Әбунасыр әл-Фарабидің логиканы біртұтас ғылымдық жүйеге түсіріп, оның танымдық тәсілдерін белгілеп бергені баршамызға жеткен айғақ. Ол диалектика туралы оның қарапайым пікірталастырушылық өнер емес, ақылды ұштайтын ой тәсілі екенін баса айтады. Диалектика осы қасиетімен шешендік өнердің арқауы болады. Бірақ Фараби сияқты диалектиканы, риториканы және софистиканы ажырата білу қажет. Абай шығармаларынан оның осы үш тәсілді еркін ажыратқанын байқаймыз, бұл Фарабиден келген қасиет болса керек.

Адамдарды уәжге тоқтату, оларды ақиқатқа жеткізу диалектикаға да, риторикаға да ортақ міндет. Фараби диалектика мен риториканың тамырластығын айқындай отырып, сонымен қатар олардың айырмашылығын да көрсетеді. Егер диалектика тек шынайы білімге негізделген қисынды дәлелдер арқылы тұжырымдалатын ой түю тәсілі болса, риторика шешендік қисынға, ой жүйелілігіне, ұғымдар үйлесіміне негізделеді. Қазақтағы "жүйелі сөз жүйесін табар, жүйесіз сөз иесін табар" деген мақал осыны аңғартады. Бұл тұста риторика мен софистика бір-біріне жақын тұрады. Бұлардың екеуі де ойлаудың икемділігі мен оралымдылығын, ұғымдардың көп мағыналылығын өтімді пайдаланатын сөз сараптау тәсілдері. Алайда софистиканың мәнісі - диалектикаға сырттай еліктеу ғана. Софистер көбінесе қисыны келсін-келмесін мақалдап, мәтелдеп тыңдаушылардың сезіміне қозғау салып, дәстүріне, әдет-ғұрыпқа көбірек жүгініп, көптің көңілінен шығу үшін "өтірікті шындай, ақсақты тыңдай" жасап сөз сапырудан жалықпайды. Мұндай шешендер істің шынайы мәнін ашудан гөрі сөздің сыртқы әсеріне сөзшеңдіктің әсіре әшекейіне құмар болады. "Отырман ескі бише бос мақалдап" деген ұлы Абайдың мегзейтіні де кейбір қазақ билері болса керек.

Бірақ халық жадында сақтаған билік шешімдердің басым көпшілігі - билердің қара қылды қақ жарған төрелік байламдары. Қазақ халқы туысына, руына іш тартып, әділетсіз үкім шығаратын билерді сыйламаған, құрметтемеген. Нағыз биді би деп тану халық үлесінде болғандықтан бұл құбылысты шынайы далалық демократияның ұтымды көрінісі деп есептеуге болады. "От ауызды орақ тілді" билер қаһарлы хандардың өзін ауыздықтап отырған. Қазақта "Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ" деген мақал бар. Мұндай тура билер қазақ топырағында өте көп болған. Олар диалектикалық ойлау жүйесін саналы түрде қолданбаса да туралығымен, тәуелсіздігімен, қара қылды қақ жаратын әділдігімен көзге түсіп, халық мақтанышы болды. Кейбір кәсіби философтардан да биік тұрды. Алайда мұндай билердің төрелік шешімі, жасаған байлауы, кескен кесімі тарихи дамудың аясындағы халықтың құқықтық санасының дәрежесіне, мәдени өрісіне, тіршілік ерекшеліктеріне тікелей байланысты болғандықтан, олар барлық уақытта, барлық кезеңдер үшін әділетті болып қала береді деген қате болар еді. Өйткені, әр заманның өзіне тән құқықтық өлшемдері мен ережелері, құн өндіру жүйелері, жарғылық баптары болады. Ең әділетті деген бидің өзі заманының перзенті болғандықтан соған тән жүйелерге сүйеніп билік айтады, ал заман өзгергенде ол шешімдердің шикілігі көрініп тұруы мүмкін. Бірақ бұл үшін әділ биді кінәлауға болмайды. Шын дана би бұл заңдылықты біледі.

Төле би халықпен қоштасқанда былай деген:

"Оңаша ойға батып, өткен - кеткенімді таразыласам, менің кесім-бітімімнен де кемшілік табылатындай. Ердің құны екі жүз байтал болсын дегенім дәл, әділ билікке жатпайтын тәрізді. Олай дейтінім, ер болғанда мынау жақсы жігіт, мынау жаман жігіт деген жоқпыз. Ер деп адамның құнын жалпыға бірдей есеп қылып айттық. Оның ішінде неше түрлі адам бар. Бір адам бар еліне пайдасы тиген, жақсылық істеп, атағы шыққан, мейлі хақ, мейлі би атансын, әділ болса халық қадірлеген. Бұл да адам. Екінші бір адам бар, туысы жаман. Елді жаудан қорғап, ажыратпақ түгіл, шөгіп жатқан түйеге міне алмайды. Қаңғып, не далада мал ұрлап жүріп адасып, не шөлдеп өліп қалады. Мұның да құны екі жүз байтал. Сондықтан мен ережемді осы екеуінің, жақсы мен жаманның бағасының бір-ақ баға болып кеткеніне қапалымын. Меніңше бұл әділдік емес. Осыны өздерің қайта бағалап, қайта кесемін десеңдер, еріктерің, халқым.

Екінші, қыздың құны қырық жеті қара дедік. Қыздың да қызы бар. Айтулы ай десе аузы, күн десе көзі, қараса түрі, сөйлесе лебізі, тегі мен заты, аты мен атағы, сезімі мен ақылы бірдей келген арулардан халық аузында аңыз болып жүрген Ләйлі, Қыз Жібектердің құны қырық жеті қара. Екінші бір қыз бар, дөң жауырын, алакөз, кісі бетіне қараса ұрсатұғын, адам көрсе жынды болғандай арқа-басы құрысатұғын, бір адаммен сөйлесіп, мейірленіп, сыйласа алмайтұғын. Әкесі мен шешесіне сүйкімсіз, тілін алмайтұғын, ауыл үймен ұрсысып, аяқ-табақ қатынаспайтұғын. Мұның аты да қыз. Мұның құны да қырық жеті. Халқым, мен сендерге ереже айтқанда осы жағын ойламаған екенмін..." [3, 6-7 бб.].

Ұлы бидің ұлағаты осы. Дала кемеңгерінің тек қазақ даласы емес, бүкіл дүние өнеге алатындай ойлау үрдісі. Халық қамын ойлаған, пенделік бақастық, күйкі тірліктің былығынан таза, арлы да адал, исі қазаққа ортақ перзенттің ісі бұл.

"Көп көргеннің бәрі көсем емес, көп сөйлегеннің бәрі шешен емес" деген нақыл сөзді еске түсірсек, көсемнің бәрі, шешеннің бәрі би бола бермейді деп ой түйгеніміз дұрыс. Ал билердің әрі ел билеген көсем, әрі суырылған шешен болуы шарт. Бұл туралы Шоқан былай дейді: "Қазақтарда құрметті би атағы халық тарапынан қандай да сайлау жолымен немесе халықты билеп отырған өкіметтің бекітуімен емес, тек сот рәсімін терең білетін, оған қоса шешендік өнерін меңгерген қазаққа ғана берілген. Би атануы үшін қазақ алдында әлденеше шешендік сайысқа түсіп, өзінің заң-жораны білетіндігін, шешендігін танытатын болған. Мұндай адамдардың есімі желдей есіп, әлейім жұртқа таралып, біріне емес, бәріне де таралған [4, 135 б.].

Шоқанның осы ойымен сабақтас пікірді Абай да айтқан болатын. Бірақ ол оған қосымша билік құрған кісінің тарихи зердені таразылай білетін қабілеті болуға тиіс дейді: "Бұл билік деген қазақ ішінде әрбір сайланған кісінің қолынан келмейді. Бұған бұрынғы "Қасым ханның қасқа жолын", "Есім ханның ескі жолын", әз Тәуке ханның Күл төбенің басында күнде кеңес болғандағы "Жеті жарғысын" білмек керек. Һәм, ол ескі сөздердің қайсысы заман өзгергендіктен ескіріп, бұл жаңа заманға келіспейтұғын болса, оның орнына татымды толық билік шығарып, төлеу саларға жарарлық кісі болса керек" [5, 157 б .]. Бұл келтірілген екі пікірден шығатын қорытынды мынадай. Билер дегеніміз өз басының жеке қасиеттеріне байланысты, атап айтқанда, тіл өнерін жақсы меңгерген, ойы оралымды, тілі шалымды, халықтың өмір салтын, әдет - ғұрыптарын бойына ана сүтімен бірге сіңірген, хұқықтық сауаты мықты, тарихи деректерден хабардар үлкен ақыл иелері. Негізінде, бұндай адамдар рудың көсемі, ақсақалы болып келеді. Би атағын алу үшін ақсүйектік те, байлық та жүрмейді, ол тек көшпелілердің табиғи демократиялық, жазылмаған зандарының негізінде "сайланады".

Әңгіме етілген Төле биден басқа, "тауларды аласыртпай-ақ даланы биіктетейік" деп Олжас айтпақшы, сайын далада әрқайсысының өзіндік орны бар, шығатын биігі бар Қазыбек, Әйтеке, Жәнібек, Едіге, Тіленші, Есет, Сырым, Досбол, Жанқұтты, Өскембай, Құнанбай, Ақсуат, Байдалы және тағы басқа жалпы саны жүзден астам атақты билер бар. Ұлы билердің ең алғашқысы "түбі бір түгел сөздің түп атасы" деп танылатын Майқы би. Ол кісі туралы Абай "Майқы Шыңғысты хан көтерген он екі бидің бірі екен" дейді [5, 25 б.]. Бір кезде өзі де билік жасап, Тобықты елінде көптеген дау-дамайды пікір таластырып, жаңа өмір салтын ескі өмір салтына қарсы қойып, заманына сай шешімдер қабылдаған Абай өзіне дейінгі билердің бай қазынасын жетік игеріп өмірде де, шығармашылығында да кең қолданып отырды. Яғни, билер дүниетанымы олардың табиғи ортаға, адамға, қоғамға деген көзқарастары билік-төрелік шешімдері қазақ рухани мәдениетінде көрініс беруі заңды нәрсе және қазақ философиясында алатын орны ерекше.

Әдебиеттер:

1. Аюпов Н.Г. Этика тенгрианства // Вестник КазНУ. Серия философия, политология, культурология. - 2004. - №2 (22). - С. 115-120.

2. Ахан Б. Билер дүниетанымындағы болмыс түсінігі // ҚазҰУ хабаршысы. Философия, саясаттану, мәдениеттану сериясы. - 2004. - №1 (21). - 22-23 бб.

3. Қалдыбаев М. Алғы сөз // Төле би. - Алматы: Қазақстан, 1992. - 6-7 бб.

4. Уәлиханов Шоқан. Сот реформасы жайында хат // Таңдамалы. - 2- бас. - Алматы: Жазушы, 1985. - 560 б.

5. Құнанбаев А. Шығармалары. – Алматы: Жазушы, 1954. - 251 б.



РЕЗЮМЕ

В данной статье рассматриваются особеннсоти мировоззрения биев и их место в казахской философии.


©dereksiz.org 2016
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет