Еңбектері: Жәленұлының төмендегідей педагогикалық еңбектері мен сол кездегі мерзімді педагогикалық басылымдарда жариялаған мақалалары табылды:
1) «Есеп тану жобасы».-Ташкент, 1923 ж.;
2) «Есеп тану. Бөлшек сандар».-Ташкент, 1923 ж.;
3) «Қазақ – қырғыз мектептері», (мақала, «Сана» журналы, 1923, №1);
4) «Химиядағы өзгерістер» (мақала, «Сана» журналы, 1923, №1);
5) «Киргизские школы»(мақала,«Наука и просвещение»журн.,1923, №2).
6) «Өсімдіктердің түзілісі» (мақала, «Шолпан»журналы, 1923, №6 – 8).
Оқулық туралы:
Математикадан бастауыш қазақ мектебіне арналған алғашқы оқу бағдарламасының авторы Кәрім Жәленұлы қазақ орта мектебі үшін математика оқулықтарын дайындау бағытында қажырлы еңбек етті. Ол 1923 жылы Ташкент қаласында қазақ тілідегі бөлшек сандар арифметикасынан жазылған тұңғыш төл оқу құралымыз болатын «Есеп тану. Бөлшек сандар» еңбегін бастырып шығарды. Көлемі 58 беттен тұратын оқу құралының мазмұны 94 параграфқа бөлінген және мынадай 5 тараудан тұрады:
Бөлушілер туралы.
Жай бөлшектер.
Ондық бөлшектер.
Протсент туралы.
Метр өлшеуіштер.
І тарауда сандардың бөлінгіштігімен байланысты оқу материалы 21 тақырыпқа бөлініп баяндалған. Мұнда алдымен бір санның екінші бір санға бөліну-бөлінбеуі туралы қарастырылады да "жай сан", "құрама сан”, “жұп сан”, "тақ сан" ұғымдары енгізіледі. Одан кейін қосындының бөлінгіштігі талданып, 2-ге, 4-ке, 8-ге, 5-ке, 10-ға, 9-ға, 3-ке және 6-ға бөлінгіштік белгілері тұжырымдалған. Бұл орайда автордың бөлінгіштік белгілерін тұжырымдауы ерекше назар аудартады.
Келесі кезекте санды көбейткіштерге жіктеу, ең үлкен ортақ бөлгіш (ЕҮОБ) пен ең кіші ортақ еселікті (ЕКОЕ) табу қарастырылады. Бұл жерде автор: "...сандардың ең үлкен ортақ бөлушісін табу үшін екі жол бар: 1-інші: сандарды бастапкы көбейушілеріне айыру; 2-інші: бір-біріне реттеп бөлу", -дей отырып, нақты мысалдар қарастыру арқылы ЕҮОБ табудың екі әдісін (жай көбейткіштерге жіктеу әдісі мен Евклид алгоритмі) егжей-тегжейлі түсіндіріп берген. Бұл тарауда негізінен, сандардың бөлінгіштігі жайында тиянақты білім қалыптастыра отырып, оқушыны бөлшек сандар және оларға амалдар қолдану мәселелерін игеруге дайындау мақсаты көзделеді.
"Жай бөлшектер" деп аталған II тарауда жай болшектерге қатысты материал жүйелі түрде 35 параграфқа бөлініп, өзара логикалық байланыста баяндалады. Алдымен бөлшек санның бөлу амалын орындаудың және өлшеудің нәтижесі ретіндегі мән-мағынасы ашып көрсетіліп, дұрыс бөлшек, бұрыс бөлшек және аралас сан туралы ұғымдар қалыптастырылады. Одан кейін ретімен мына сияқты мәселелер қарастырылады:
аралас санды бұрыс бөлшекке және бұрыс бөлшекті аралас санға айналдыру;
бөлшектерді салыстыру;
бөлшектерді арттыру және кеміту;
бөлшектің негізгі қасиеті;
бөлшекті қысқарту;
бөлшектерді ортақ бөлімге келтіру;
санның бөлігін және бөлігі арқылы белгісіз санды табу.
Мұндағы атап айтарлық жай, санның бөлігін табу және бөлігі арқылы белгісіз санды табу жайлы білімді қазақ халқының тұрмысынан, оқушыға таныс оқиғалардан алынған есептерді шығару арқылы қалыптастыру жүзеге асқан.
Достарыңызбен бөлісу: |