«Әбжад хисабы»
Қазіргі заманғы математика ғылымының көптеген жаңалықтары мұсылман елдерінде ашылды деуге болады (қазіргі заманғы арифметика, ондық бөлшектер, теңдеулер, алгебра, тригонометрия, т.с.с.). Бұл білімдер кейіннен Еуропаға жетіп, бүкіл дүние жүзіне белгілі болды және әлемдік математика ғылымында «цифр», «алгебра», «алгоритм», «түбір», «синус» сияқты қазіргі заманғы математикалық терминдердің қалыптасып, орнығуына жол ашты. Жалпы алғанда, мұсылман елдері математикасында натурал сандарды таңбалаудың мынадай екі түрі қолданылған: 1) үнді цифрлары (аркам әл-Хинд); 2) әріптік нумерация (Абжад хисаб). Алғашқыда үнділіктерден шыққан қазіргі цифрлармен еуропалықтар мұсылман математиктерінің еңбектері арқылы танысқандықтан, олар кейіннен араб цифрлары деп аталып кетті. Мұсылман әлемінде бұл цифрларға дейін сандарды әріптер арқылы таңбалау кеңінен таралды, ол қазақтар арасында «Әбжәд есебі» деп аталады. Оған жас балалардың санасына мұсылмандық дүниетанымды енгізудің аса маңызды құралы ретінде ерекше мән беріліп, мұсылмандық мектептерде жүйелі түрде оқытылды.
Тарихи-педагогикалық зерттеулер, сондай-ақ қазақ арасында кең таралған оқу құралдарына жасалған талдаулар қадимдік мектептерде «Әбжәд хисабына» негізделген сандар математикасынан заман талабына сай жүйелі мағлұмат берілгенін айғақтап отыр. Қазақ халқының өзіндік математикалық мәдениеті болғандығын халық арасында «Әбжәд хисабына» негізделген сандар математикасын терең меңгерген сауатты адамдардың көп болғанынан байқауға болады. Мұсылмандық мектептерде шәкірттер сауат ашуды араб алфавитінің 28 әрпін алфавиттік реті бойынша жаттаудан бастаған. Мұны «Әліп-би» деп атаған. «Әліп-биді» толық меңгергеннен кейін шәкірт «Әбжәд есебін» оқуға көшетін болған. «Әбжәд есебі» дегеніміз - арабтың алфавиттік нумерациясына негізделген сандар математикасы. Мұнда дауыссыз дыбысқа сәйкес келетін араб әріптерінің әрқайсысының сан бойынша ұстайтын өзіндік орындары болады және әріптер оқушылардың жаттауына ыңғайлы болу үшін төмендегідей сегіз сөзге топтастырылады.
Мұнда бірліктер, ондықтар, жүздіктер және мың саны сегіз сөзге жайдан-жай топтастырылып алына салмаған. Ерекше назар аударарлық мәселе, алғашқы төрт әріптен тұратын «Абжд» сөзіндегі әрбір әріптердің сандық мағынасы - 1,2,3 және 4. Біздіңше, ол «төрт тек» ұғымымен байланысты алынған, мұнда дүниені құраушы негізгі тектер – жер, су, жел және от (дененің қатты, сұйық, газ және плазма) қамтылған. Сонымен қатар ол төрткіл дүниені де (солтүстік, оңтүстік, шығыс және батыс) дейді. «Абжд» сөзіне сәйкес келетін сандардың қосындысын қарастырсақ:
1 +2+3+4 = 10.
Бұдан «Абжд» сөзінің терең математикалық мағынасы келіп шығады, ол бүкіл математиканың негізі болып саналатын ондық санау жүйесін білдіреді. Тағы бір байқайтынымыз, егер осы төрт санды барлық мүмкін болатын жолдармен қоссақ, 10-ға дейінгі барлық сандарды шығарып алуға болады:
1+ 4 = 2 + 3 = 5; 1+ 2 + 3 = 6; 1+2+ 4 = 7: 1 +3+4 = 8; 2 +3+4=9.
Достарыңызбен бөлісу: |