Санға талдау жасау үлгiсi:
1. Санды оқы.
2. Әрбiр класс пен разряд бiрлiктерiнiң санын анықта.
3. Әрбiр разрядтағы барлық санын ата.
4. Санды разрядтық қосылғыштарға жiкте.
5. Санның тiкелей алдында және тiкелей кейiн келетiн санды ата.
6. Санды жазу үшiн неше цифр қажет болды және әр түрлi неше цифр бар.
7. Разрядының ең үлкен және ең кiшi санын ата.
8.Барлық санды пайдаланып, ең үлкен және ең кiшi санды ата.
11-дәріс
Тақырыбы: «Арифметикалық амалдар және олардың қасиеттері» мазмұндық-әдістемелік желісінің материалдарын оқыту технологиясы
Бастауыш сыныпта 4 амал (қосу, азайту, көбейту, бөлу) және олардың қасиеттерi: қосу мен көбейтудiң ауыстырымдылық және терiмдiлiк заңдары, қосындыны санға бөлу және көбейту, үлестiрiмдiлiк заңы, 0 мен 1-дің қасиеттері; қосу мен азайту амалдарының байланысы, көбейту мен бөлу амалдарының байланысы т.б. оқытылып-үйретiледi.
Қазiргi бағдарлама бойынша қосу мен азайту, көбейту мен бөлу өзара кері амалдар ретiнде бiр мезгiлде қатар өтіледi.
Қосу мен азайту амалдары айқын емес түрде «Қарапайым түсiнiктер» тақырыбын өтуде-ақ қарастырылады, ал айқын түрде «2 саны және цифры» тақырыбын өткен соң енгiзiледi. Ал көбейту мен бөлу амалдары бiрдей сандардың қосындысы мен саннан бiрдей сандарды азайту түрiнде 2-сыныптың төртiншi тоқсанында қарастырылса, айқын түрде 3-сыныпта көрнекiлiк көмегiмен енгiзiледi. Арифметикалық амалдардың атаулары мен өрнек атаулары енгiзiледi: қосу амалының «қосынды», «қосылғыштар», «қосындының мәнi»; азайтудың – «айырма», «азайтқыш», «азайғыш» «айырманың мәнi»; көбейтудiң – «көбейтiндi», «көбейткiштер», «көбейтiндiнiң мәнi»; бөлудiң – «бөлiндi», «бөлiнгiш», «бөлгiш», «бөлiндiнiң мәнi».
Амалдардың қасиеттерi де амалдардың енгiзiлуiне байланысты белгiлi бiр кезеңде енгiзiледi, яғни мүмкiндiгiнше сол сыныпта қарастырылады. Арифметикалық амалдардың қасиеттерін қарастыру барысында олардың ролі мен маңызына баса назар аударылуы тиіс. Ауыстырымдылық қасиетін оқыту ілгеріде оқушылардың есте сақтайтын кестелік теңдіктерін біршама азайтуға, терімділік және үлестірімділік қасиеттері тез есептеуге, есептеу техникасын дамытуға септігін тигізеді.
Амалдардың атаулары мен нәтижелерi арасындағы байланыс та қарастырылады.
12- дәріс
Тақырыбы: «Есептеу тәсілдері» мазмұндық-әдістемелік желісінің материалдарын оқыту технологиясы
Бастауыш сыныпта есептеу тәсілдерінің мынадай түрлері бар:
Есептеудің кестелік жағдайлары;
Есептеудің «ерекше» жағдайлары немесе дербес формасы;
Есептеудің ауызша жағдайлары:
Есептеудің жазбаша жағдайлары.
1. Есептеудің кестелік жағдайлары дегеніміз бір таңбалы сандарға амалдар қолдану. Қосудың кестелік жағдайлары, соған сәйкес азайтудың жағдайлары; көбейтудің кестелік жағдайлары, соған сәйкес бөлудің жағдайлары делінеді.
Кестелік қосу екі кезеңге бөлініп қарастырылады: оның бірінші кезеңі-бір таңбалы санға бір таңбалы санды қосқанда, ондықтан аттамайтын жағдайы, олар-16, бірінші сыныпта қарастырылады. Ал екінші кезеңі - бір таңбалы санға бір таңбалы санды қосқанда, ондықтан аттайтын жағдайы, олар-20, ал бұл екінші сыныпта қарастырылады.
Қосудың кестелік жағдайының 1-кезеңін үйрету барысында көрнекілік ретінде сан сызғышы қолданылады, яғни 2-ні қосқанда тура бағытта 1 сан аттау арқылы, 2-ні азайтқанда кері бағытта 1 сан аттай отырып жүру түсіндіріледі.
Кестелік қосудың 2-кезеңін оқытып-үйретуде жолақшалар мен жеке шаршылар қолданылады.
Көбейтудің кестелік жағдайларын оқыту барысында көрнекілік ретінде палетка және оның бөлігі қолданылады.
2. Есептеудің «дербес» жағдайы дегеніміз 0 мен 1-ге байланысты болатын есептеулер.
Қосу мен азайтуға байланысты есептеулердің ерекше жағдайлары мыналар:
Достарыңызбен бөлісу: |