Әлем тілдерінің «фонологиялық» құрылымы. Сөз басындағы «фонологиялық» деген сөзді арнайы тырнақшаға алып, оның екіұшты атау екенін мегзеп отырмыз. Өйткені әрі қарайғы талдау барысында ол атаудың барлық тілдерге тән әмбебап ұғым еместігі дәлелденетін болды. Қазіргі қалыптасқан дәстүр бойынша жалпы фонетикалық құбылыстар алдымен екіге жіктеледі: синхронды және диахронды фонетика. Жалпы фонетика пәні «еуропацентристік» ағымнан аулақ қала алған жоқ. Көптеген фонетикалық ұстанымдар мен олардың анықтамалары тілдердің барлығының табиғатына сай болмай, көптеген бірегей дыбыс құбылыстарын біржақты түсіндіріп келді. Сондықтан да фонетика салаларын талдағанда мүмкін болған өзгерістерді ендіріп отыруға тура келеді. Әрине, әрбір ендірілген өзгерістердің өзіндік дәлелдемелері болады.
Просодология проблемасы. Жалпы фонетикада кіші тіл бірліктерінің басын құрап, көлемді бірліктер құрастыратын лингвистикалық құбылысты просодикасы деп атайды. Мысалы, дыбыстардан буын құраса – буын просодикасы, буындардан сөз құраса – сөз просодикасы, сөздерден сөйлем құраса – сөйлем просодикасы болады.
Енді атаулары әртүрлі болғанымен, олар әртүрлі туыс тілдердің тобына тән, тілдік мәртебесі тең сөз просодикаларының басын біріктіретін атау қажет. Акцетология, тонология, сингармонологияның басын біріктіретін атау просодология болу керек. Себебі оның үшеуі де просодологияның зерттеу нысаны болып табылады. Сонымен, жарты және жартыкеш кестелердің ұялары түгел толығады.
Достарыңызбен бөлісу: |