Ілияс Жансүгіровтің туғанына – 130 жыл
Ілияс Жансүгіров – ақын, драмашы, прозашы, оның поэзиясы ұлттық әдебиеттің классикалық байлығының қатарына жатады, қазақ әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі. 1894 жылы Алматы облысының Ақсу ауданында дүниеге келген. Ташкенттегі екі жылдық мұғалімдік курсты бітіріп, өз ауылында мұғалім болған. Одан кейін аз уақыт «Тілші» газетінде істеп, Верныйдағы Қазақ ағарту институтының меңгерушілігіне тағайындалды. Мәскеудегі Коммунистік журналистика институтын бітірген, соң «Еңбекші қазақ» газетінде қызмет атқарды. 1932-1934 жылдары – Қазақстан Жазушылар одағы ұйымдастыру комиссиясының төрағасы. 1933-1936 жылдары Қазақ КСР Орталық атқару комитетінің мүшесі болды. 1938 жылы саяси қуғын-сүргін құрбаны болды.
Бейімбет Майлиннің туғанына – 130 жыл
Бейімбет Жармағамбетұлы Майлин (1894-1938) – қазақтың көрнекті жазушысы, қазақ әдебиетін қалыптастырушылардың бірі. Сауатсыздықты толық жою ұранын алға тартты. «Сауаттылығы төмендерге арналған оқу кітабын» (1929); «Күш» – сауаттылығы төмендерге арналған оқулықты (1930); «Жаңаша оқы және жаз» құралын (1931) және Ғабит Мүсіреповпен және А.Ситдыковпен бірге «Сауатсыздарға арналған әліппені» (1935-1936) жазып шығарды. Туып-өскен жері – қазіргі Қостанай облысының Таран ауданы. Бір жасқа толмай жатып әкесінен, алтыға шығарда шешесінен айырылған. Жетімдік зардабын шегіп, байларға жалданады. Алғаш ауыл молдасынан оқып, сауат ашқан. Бейімбет Майлин 1938 жылы 28 ақпанда дүниеден өтті.
Қаныш Сәтбаевтың туғанына – 125 жыл
Қаныш Имантайұлы Сәтбаев (12 сәуір 1899 жылы, Баянауыл ауданы, Павлодар облысы – 31 қаңтар 1964 жылы, Мәскеу) – геолог ғалым, минерология ғылымдарының докторы, профессор, академик. Қазақ КСР Ғылым академиясын ұйымдастырушы және оның тұңғыш президенті, Қазақ КСР академиясының академигі, Кеңес Одағының және Қазақстанның металлогения мектебінің негізін қалаушы, қазақтан шыққан тұңғыш академик.
Қаныш Имантайұлы Сәтбаев 1899 жылы 12 сәуірде Семей губерниясының (қазіргі Павлодар облысының Баянауыл ауданы) Павлодар уезінде Ақкелін болысының №4 ауылында туған. Ол 1911 жылы ауылдық орыс-қазақ бастауыш мектебінде оқып білім алғаннан кейін Павлодар қаласындағы орыс-қазақ училищесіне түсті. 1914 жылы оны үздік аяқтап, сол жылы Семейдегі мұғалімдер семинариясына студент болып қабылданған. Оны 1918 жылы тәмамдаған. Әрі қарай Семейде қалып, ауыл мұғалімдерін даярлайтын курста сабақ береді.
1921 жылы Сәтбаевтың өтініші бойынша Семей ревкомы оны Томск технология институтына жолдамамен жібереді. Ол тау-кен факультетінің геологиялық-барлау бөлімшесіне студент болып қабылданған. Оқу орнында инженерлік-ғылыми көзқарасы қалыптасып, 1926 жылы Сәтбаев диплом жұмысын үздік қорғап шыққан. Осылайша, ол республикадағы бірінші инженер-геолог атағына ие болды. Қаныш Сәтбаев 1964 жылы 31 қаңтарда Мәскеуде қайтыс болды. Алматы қаласында жерленді.
Достарыңызбен бөлісу: |