Білім берудің жаңа технологиясы негізінде ойға ой қосуды қалыптастыру үрдістері арынғазиева Баян Бекмырзақызы – филос.ғ. к., доцент



жүктеу 89.67 Kb.
Дата17.07.2016
өлшемі89.67 Kb.
БІЛІМ БЕРУДІҢ ЖАҢА ТЕХНОЛОГИЯСЫ НЕГІЗІНДЕ ОЙҒА ОЙ ҚОСУДЫ ҚАЛЫПТАСТЫРУ ҮРДІСТЕРІ
Арынғазиева Баян Бекмырзақызы – филос.ғ.к., доцент

«Әлеуметтік пәндер» кафедрасының меңгерушісі

Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институт, Шымкент қаласы, Қазақстан
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың білім беру жүйесін әлемдік білім кеңістігіне енгізу және білім беруді интеграциялау жөніндегі міндеттерін жүзеге асыру мақсатында көптеген жоғарғы оқу орындарында Ұлттық білім беру жүйесін қалыптастыру мен еліміздегі адами ресурстардың жаңа сапасын арттырудың маңызды рөлін анықтау мақсатында бірнеше халықаралық ғылыми-практикалық конференциялар өткізілді. Оның үстіне, көпшілік қауымға белгілі, білім мен ақпарат үстемдік құрған қоғамда білім беру жүйесі инновациялық экономиканың негізгі болып табылады. Сондықтан, қазіргі заманда Қазақстандық қоғамда болып жатқан өзгерістерге байланысты қоғамның дамуына елеулі әсер ете алатын маңызды институт ретіндегі білім беру жүйесіне мемлекеттің қалыптасқан қатынасы ерекше маңызға ие болып отыр. Баршамызға мәлім, өткен XX ғасырдың ортасына дейін білім саласы жеке нақты елдің мемлекеттік құрылымының маңызды элементінің бірі болып, жабық жүйе ретінде көрініс тапты. Оның негізгі мақсаты, жас ұрпақты кәсіби іс-әрекетке дайындау болды, яғни, жастарды алдындағы буынның әлеуметтік тәжірибесінің белгілі қорымен қаруландыру болып табылды. Білім беру екі қызметті орындады – экономикалық (жұмысшы күшін дайындау) және әлеуметтік (жас ұрпақты жан-жақты дамыту). ХХ ғасырдың 60-шы жылдарынан бастап ғылыми білім берудің мақсаты, міндеттері, қызметтері, сонымен қатар, оны ұсыну түрлері, қоғам мен адам өміріндегі білімнің рөлі, адам және қоғамның өзара қарым-қатынас сипаты біртіндеп өзгерді. Қазіргі заманның әлеуметтік-экономикалық деңгейі, ғылыми-технологиялық революция қарқынының жеделдеуі жеке адамға экономикалық, қоғамдық, саяси және мәдени өмірдің екпінді өзгерістеріне бейімделуіне мүмкіндік беретін, жаңа оқыту технологияларды қажет етті. Яғни, оқытудың, білім берудің мазмұны мен әдістемесін өзгерту мәселесі туындады. Осы тұрғыдан алғанда, бүгінгі қоғамда өзінің алған білімін ғана пайдаланып, біртекті қызмет атқарып қана отыратын маман болу жеткіліксіз екендігі, өйткені, қай саланы алсақ та – білім, медицина, қаржы мен өндіріс және т.б. үнемі өзгерістер үстінде болатындығы белгілі болып жатыр. Сондықтан, бүгінгі маман бұрынғы өзінде бар білімі мен керекті ақпараттарды пайдалана отырып қажет болған жағдайда заман талабына сай білімін жетілдіріп отыруы тиіс. Сөйтіп, студенттерді біздің бұған дейін айтып жүрген білімді өз бетімен алуға үйрету қажеттілігі ғана емес, өзіне керек білімді өзі түзетуші ретінде даярлау өзекті мәселеге айналуда. Білімді де білікті маман қалыптастыру талабы білім берудің мазмұнын өзгертуді, білімді тасымалдау негізінде беруді емес, білім алу жолдарын алға тартып отыр. Яғни, әр адам қоғамнан өз орнын бағдарлай алуы, өзіне қажетті білім алатын ортаны, білім мазмұны мен қажет пәндерді таңдай отырып білуі тиіс. Осыған сай, оқытудың сипаты да өзгеріп, оны негізінен білім алушылардың өздерін ұйымдастыруға бағыттау қажеттігі туындады.

Қазіргі таңда, озық ойлы ұстаздар, дәстүрлі оқытудың негізін құрайтын репродуктивтік үрдістерден бас тартуда. Білім дегеніміз, ойда сақталған мәлімет емес, «білім-ақпарат» формуласы бойынша оқыту әлдеқашан ескірген. Дегенмен, жедел өзгеріп тұратын әлем және ақпарат легінің ұлғаюы жағдайында іргелі пәндік білім міндетті, бірақ, ол ғылыми білім берудің жеткілікті нысанасы бола алмайды. Қазақстандық білім беру жүйесі бағыт алған білімнің, дағды-біліктің жиынтығын (білімнің үстемдігін) меңгеріп қана қоймауға тиіс. Оқитындардың өзін барынша көрсете білу және қоғам өміріне пайдалы түрде қатысу үшін (құзіреттілік) ақпаратты өз бетінше табу, талдау, құрылымдау және тиімді пайдалану дағдысын бойына сіңіру, яғни, ойға ой қоса білу қабілеттілігін арттыру әлдеқайда маңызды да күрделі.

Қазіргі таңда, қазақстандық ғылыми білім беру жүйесі әлемдік білім беру кеңістігінде лайықты орын алуына мүмкіндік бермейтін ескірген әдіснамалық базасы, құрылымы мен мазмұны жағынан ескірген жағдайында дамуын жалғастыруда. Білім беру жүйесі фактологиялық күйінде қалып отыр және ғылыми білім алушыларды қоғам өміріне құзіретті, жауапты әрі шығармашылық тұрғыдан қатыстыра отырып даярлауға бағдарланбаған. Ал, оқытудың жаңашыл жобаларының философиясы бойынша ақпараттың барлық жиынтығын оқып білу адам мүмкіндігінен тыс жатыр және де оқыту мен танымның басты мазмұны ақпаратты игеруде емес. Осы тұрғыдан алғанда, философтар мен психологтардың пайымдауы бойынша (Мысалы, А.Н.Уатхэд, Г.Гарднер және т.б. еңбектерінде) білімнің бірнеше түрін айыруға болады. Осы ұстанымды Ч.Чемпл «Стратегия для использования в любых предметных областях» (НьюЙорк, 2001) атты еңбегінде жан-жақты келтірген. Сол еңбектің негізгі тұжырымдамаларына тоқталып өтсек, былай баяндалады: «Пассивті түрде қабылданатын білім «мектептік білім» деп аталады, ол дайын күйде студенттің еш қатысынсыз беріледі, оны игеру тек есте сақтаумен шектеледі, репродуктивті оқытудың негізінде осы үрдіс жатыр» [1, 47 б.]. Өмірлік тәжірибе тұрғысынан ешқандай ой-толғаныссыз алынатын білім «интуитивтік» білім деп аталады. Ал, дүниетанымды қалыптастыру мен ойға ой қосу қабілеттілігін арттыру, қандай да бір мәселелерді шешуге бағытталған, ғылыми дәлелді тұжырымдар мен ойлану процесі «дисциплинарлық білім мен ойлау» деп аталады. Ч.Чемпл бұндай білім тек белсенді жолдармен игеріледі деп жазады [1, 104 б.]. Ал, егер ондай білім жоқ болатын болса, онда біз өмірде кездесетін барлық пробелемаларды тек интуитивтік, өзіміздің өмірлік тәжірибеміз арқылы ғана немесе мектептік білім негізінде ғана шеше аламыз.

Дисциплинарлық білім мен ойлау, жоғары білім үшін лайықты мақсат, өйткені, басты мәселе студенттердің қандай болмасын сала бойынша белгілі бір мәлімет пен тұжырымдамаларды иеленіп қана қоймай, сонымен бірге, осы мағлұмат негізінде жүйелі түрде ойлана біліп, жаңа білім құрастыру, өмірде туындаған қандай да болмасын мәселелерді өздігінше шеше білу дағдыларын қалыптастыру болып табылады. Сондықтан, ғылыми білім беру процесінде басты салмақты оқытушыдан студентке ауыстыру керек, тек белсенді түрде меңгерілген ғылыми білім ғана маңызды әрі тиімді. Яғни, студент қандай да болмасын ақпаратты өздігінше игеріп, өз өміріне жарата алатын әмбебап тәсілдерін үйренуі қажет. Осындай философиялық негіздер 2007 жылдан бастап кең етек жая бастаған, «Сыни ойлауды оқу мен жазу арқылы дамыту» жобасының басшылығына алынған. Мұндай жағдайда ақпарат-оқытудың нәтижесі емес, оның бастапқы кезеңіне айналады: студент осы мәліметті түсініп, талдап, оны өзінің әлеуметтік тәжірибесі тұрғысынан бағалай отырып, соның негізінде өзінің түсінігі мен түйсінуіне байланысты жаңа білім құрастыруға дағдыланады, оны өз керегіне жарата алады. Оқыту процесінде студент білімді игеру және жаңа білім құрастыру дағдылары мен әдістемесін үйренеді. Жаңа жобаның басты мақсаты дәстүрлі білім берудің «өмір бойы озық боларлықтай білім беру» деген үлгісінен «өмір бойы оқып үйрену» қағидасына ауыстырылады. Осы ұстаным көпшілік назарына соңғы кезде ұсынылған ҚР-ның 2015 жылға дейінгі білім беруді дамыту тұжырымдамасында да орын алған.

Әлемнің алдыңғы қатарлы елдерінде жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру жүйесінің дамуын талдау онда кредиттік білім беру жүйесіне негізделген, кадрлар даярлаудың үш сатылы моделінің кең тарағанын көрсетеді: бакалавриат – магистратура – Ph.D доктарантурасы. Бұл модель АҚШ университеттерінде және Еуропаның көптеген елдерінде қолданылады. Ол неғұрлым икемді, тиімді болып табылады және академиялық ұтқырлықты, еңбек нарығының тез өзгеріп тұрған шағында түлектерге деген сұранысты қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, кәсіптік жоғары білім алуға тең қол жеткізуді қамтамасыз ету және неғұрлым дайындалған жастарды іріктеу мақсатында кешенді тестілеу немесе ұлттық біріңғай тестілеу жүргізу және конкурстық негізде мемлекеттік білім беру граннтары мен кредиттерін беру арқылы студенттердің контингентін қалыптастырудың жаңа моделі енгізілді. Кадрларды даярлау жүйесін әлемде жалпы қабылданған бакалавр-магистр моделіне көшірудің негіздері қаланды.

Қазіргі заманда Қазақстандық қоғамда болып жатқан өзгерістерге байланысты қоғамның дамуында елеулі әсер ете алатын маңызды институт ретіндегі ғылыми білім жүйесіне мемлекеттің қалыптасқан қатынасы ерекше маңызға ие. Ғылыми білім беру жүйесін реформалау үрдісін мынадай белгілі кезеңдерге бөлуге болады:



  • 1991-1993 жылдар: Тәуелсіз Қазақстанның білім жүйесінің құқықтық базасының құрылу кезеңі;

  • 1993-1995 жылдар: білім берудің мазмұнын оның барлық деңгейінде концептуалды тұрғыда қайта қарау;

  • 1996-1997 жылдар: білім беру мазмұнын концептуалды тұрғыда өзгерту жұмысымен жалғастыру; жаңа оқулықтар мен білім жүйесін ақпараттандыру бағыттарындағы ұзақ мерзімді мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруды бастау. Осы кезеңде білім жүйесін басқаруды орталықтандыру мен қаржыландыру үрдісі, оқу орындарының типтері мен олардың жеке меншіліктілігін диверсификациялау іске асырылды;

  • 1998-2000 жылдар: стратегиялық сипаттағы орта мерзімді және ұзақ мерзімді перспективадағы білім беруді дамытудың негізгі приоритеттерін анықтайтын құжаттары – «Білім туралы» заңды (1999 ж.), «Білім» мемлекеттік бағдарламасын (2000 ж.), «Білім берудің 2010 жылға дейінгі даму стратегиясы» (2001 ж.) құрылуы және бекітілуі.

  • 2004 жылдың 24 ақпанында 2015 жылға дейінгі Қазақстандық білім жүйесін реформалаудың негізі болатын «2015 жылға дейінгі Қазақстан Республикасының білім беру жүйесін дамытудың тұжырымдамасы» қабылданды;

  • «Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламасы» құрылып, бекітілді.

Бұл құжаттар салынған идеологиялар мен ұстанымдар кең саяси шектеулер мен білім жүйесін реформалаудың нақты бағыттары бойынша бағдарламалар құрып, ендіруге жүйелі түрде келуге мүмкіндік жасайды. Бұл бағыттағы маңызды қадамдардың бірі болып, жүзеге асырудың орта мерзімді кезеңіне (2000-2005 жылдарға) арналған, 2000 жылы ҚР-ның президенті Н.Ә.Назарбаевтың жарлығымен бекітілген «Білім» мемлекеттік бағдарламасы болды. Реформалау негізіне білім берудің халықаралық үлгінің қалыпқа сәйкестілігі, сапалы білім беруге қол жеткізуді кеңейту және оны алуға тең мүмкіндіктер жасау сияқты ұстанымдары берілген. Сондықтан, қазіргі заман қоғамы жоғары сапалы кәсіби білімге қол жеткізудің негізінде жаңа деңгейге көшуді талап етеді. Шетелдік зерттеулер постиндустриалды қоғам үшін ересектердің кем дегенде 50%-ының жоғары білімді болуы керектігін көрсетеді.

Қазақстанның жоғары кәсіби білім берудің бүгінгі жүйесінің интенсивті дамуына қарамастан, мұндай көлемдегі ғылыми білім беру қажеттілігін қанағаттандыруға әлі қабілетті емес. Жоғары оқу орындарына айтарлықтай академиялық еркіндік беріліп, ғылыми білім беруде пайдаланылатын ғылыми зерттеулер жанданса, академиялық ұтқырлық арта түсер еді. Сонымен қатар, ғылыми білім беруде негізгі салмақты нәтижеден процеске ауыстыру керек. Білім беруде басты мақсат «не нәрсеге оқыту» емес, «қалай оқыту» дегенге ауысқаны жөн. Өз кезінде көне грек философы Платон танымды, білім алуды еске түсіру [2, 169 б.] деп түсіндірген: білім әр адамның бойында, ол туа біткен қасиет, таным мақсаты тек сол білімді еске түсіруде. Бұл ұстаным, ұстаздан шәкіртке білімді тасымалдаудың мүмкін еместігін аңғартады. Бұл жерде мәселе, тек қана оқытушының ғылыми білім беру әдістеріне тіреліп тұрған жоқ. Дегенмен, бұл ұстанымда таным процесі студенттердің іс-әрекетіне тікелей байланыстырылады, яғни, жоғарыда келтірілген оқыту процесінің басты тұлғасы туралы және де белсенді оқу туралы тезистер қуатталады. Ал, студент белсенділігін қандай тәсілдер арқылы арттыруға болады деген сұраққа байланысты Ч.Чемпл төмендегідей әдістерді ұсынады:

- күтілетін нәтижелерді нақты айқындау;

- әдетте орындалатын жалғыз курстың немесе семестрлік жұмыстың орнына курс бойы бірнеше жоба дайындау;

- студенттердің ой-өрісін арттыратын (белсендіретін) сұрақтар қою;

- бірлесе оқу тәсілдерін қолдану;

- оқыту пәндерінің әлеммен, күнделікті өмірмен байланысын орнықтыру. Сөйтіп, ғылыми білім беру процесінде студенттер қарастыратын әрбір мәселе бойынша ой толғатып, оны өздігімен жан-жақты зерттеп, өз түсінігін қалыптастыру керек. Жоғарғы оқу жүйесі әр студентке өз әлемін айқындап, оның құндылықтары мен қағидаларын белгілеуге көмек беруі керек. Бұл арқылы студент өзінің жан дүниесінің рефлексивті әлемін ашып, оны басқаруға үйренеді. Дәстүрлі оқыту жүйесінде тұлғаның дамуы интеллектуалды өсу деңгейінде түсінілсе, жаңашыл жобалар бұл мәселені студенттердің өзіндік рефлексиясына негіздейді [3, 54 б.], яғни, зерттеліп жатқан болмысқа деген студенттердің өзіндік қатынасы, оның құндылықтарын, себептері мен салдарын, мағынасын түсінуі. Рефлексия дегеніміз, ойланып-толғану, өз түсінігін қалыптастыру, өзін тану мен түсіну. Ол студенттің атқаратын барлық іс-әрекеттердің негізін құрау керек. Рефлексия арқылы студент алдында тұрған барлық мәселелерді шеше біледі. Сонымен қатар, тағы бір мәселеге ерекше назар аудару қажет, ол студенттің әлеуметтік тәжірибесін арттыру, оқыту процесінде әлеуметтік мазмұны басым болу қажеттілігі [4, 71 б.].

Әр сабақта студент оқытудың басқа да қатысушылармен араласып, коммуникативтік қарым-қатынас процесінің белсенді мүшесіне айналады, әр ұжымда, қоғамда, әлеуметте қалайша өзара байланыс құру мәселесі төңірегінде ойланады және бір-біріне ой қосады. Қазіргі қоғам адам тағдырына жаңа көзқараспен қарап, соған сәйкес жеке тұлғалық қасиеттерін дамытуды, ұлттық сана-сезімді қалыптастыруды және студенттердің ғылыми білім сапасын жетілдіруді талап етуде.


Пайдаланған әдебиеттер:


  1. Ч.Чемпл. Стратегия для использования в любых предметных областях. (Нью-Йорк, 2001 г.) М.,2008.

  2. Платон. Сочинения. В 4-х т., М., 1990-1993.

  3. Коржуев А., Попков В., Рязанова «Сыни ойлауды қалайша қалыптастыруға болады». А.,2008.

  4. ҚР 2015 дейінгі білім беруді дамыту тұжырымдамасы. А., 2010.


Резюме
В статье рассматривается необходимость применения новых технологии в свете реформ высшей школы. Предлагается в основу идея Ч.Чемпла «Стратегия для использования в любых предметных областях». В которой он предлагает перенести акцент в обучении с результата на процесс. Развернута идея развития критического мышления в обучении будущего поколения.
Resume
The article reviews the necessity of new technology usage in the light of High school reforms. We suggest the idea of Ch. Chample’s «Strategy to use in any subjects», where he offers to shift from learning for result to the process. Also we developed the idea of preventing critical thinking to the future generation.


©dereksiz.org 2016
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет