Біріккен ұлттар ұйымын жаңарту мәселесі және мысырдың сыртқы саясаты



жүктеу 126.37 Kb.
Дата27.06.2016
өлшемі126.37 Kb.
БІРІККЕН ҰЛТТАР ҰЙЫМЫН ЖАҢАРТУ МӘСЕЛЕСІ ЖӘНЕ МЫСЫРДЫҢ СЫРТҚЫ САЯСАТЫ
Әбдіқадырова Ж.Б.
Біріккен Ұлттар Ұйымын (БҰҰ) жаңарту мәселесі халықаралық қауымдастықтың күн тәртібіндегі ең өзекті мәселелерінің бірі. XX–XXI ғасырлар тоғысында бұл ірі халықаралық ұйымның жаңартылуы жайында ұйымның өз басшылығы тарапынан да пікірлер мен ұсыныстар айтылды. 1997 жылы БҰҰ Бас хатшысы Кофи Аннан мәлімдегендей, «жаңарту (БҰҰ) жақсылап жасай алатыны туралы, қай жағдайда ол басқалармен ынтымақтасуға міндетті екені және нені басқалардың қарап шешуіне қалдыруы тиіс жөнінде үкіметтер арасындағы жаңа ымыраға негізделуі тиіс». Өзінің 2002 жылғы БҰҰ-ның жаңартылуы туралы баяндамасында Кофи Аннан «Біріккен Ұлттар Ұйымы өткен дәуір үмітінің қозғалмалы ескерткіші ретінде емес, өзгермелі механизм, адам жаратқан бүкіл дүниелер сияқты өз кемеліне жетпеген, бірақ икемдене және жетіле алатын ұйым ретінде өмір сүретінін» айрықша баса айтты [1].

БҰҰ-ны жаңарту мәселесі араб елдерінің билеуші топтары мен жұртшылығы арасында қызу пікірлер табуда. Мысырдың көрнекті мемлекеттік қайраткері, Біріккен Ұлттар Ұйымының бұрынғы Бас хатшысы (1992-1996) Бутрос Бутрос Галидің ойы бойынша, ғаламдану үдерісі БҰҰ жұмысының жаңа концепциясын жасап шығарудың қажеттілігін шарттайды. Оның пікірінше, БҰҰ мүшелерінің көпшілігі халықаралық істерге қызықпайды, ол істерді толығымен жекелеген дамыған елдер шешеді және БҰҰ жұмысына басқа елдерді қатыстыру бұл қалыптасқан жағдайды өзгерте алады. Б.Гали «экономикалық және әлеуметтік өрлеу, барлық елдердің үйлесімді дамуы – бұл бейбітшілікке қарай қадам, бұған БҰҰ-ның дамушы елдердегі жұмысы жәрдемдесуі керек» екенін ескертті. Жаңартуды жақтаушы рухқа араби-мұсылмандық әлемді дүние құрылымы жүйесінің осалдығы жөнінде сөйлеткен АҚШ пен Ұлыбританияның 2003 жылдың наурызында Қауіпсіздік Кеңесінің (ҚК) келісімінсіз Иракқа қарсы соғыс ашу туралы шешімі қатты түрткі болды [2].

Өзінің 2005 жылы жарияланған «Көбірек еркіндік жағдайында: даму, қауіпсіздік және барлығына арналған адам құқықтарына қарай» [3] деген бяндамасында Кофи Аннан: «Біз ұйымның келбетін бұрын біздің қолымыздан тіпті келмеген шығармашылық елестеуді, батылдық пен жеделдікті білдіре келе, негізгі басқару әдістерді толығымен қайта қарау мен Біріккен Ұлттар Ұйымының көбірек ашық, нәтижелі және пәрменді жүйесін құрудан бастап, біздің ірі үкіметаралық ұйымдарды олар бүгінгі әлемнің шындығын бейнелеп, басым міндеттердің шешімдерін алға бастыра алатындай қайта құрумен аяқтай келе, өзгертуге міндеттіміз... Алайда егер мақсаттар берік, ал қағидалар бұлжымас болуға тиіс болса, тәжірибе мен ұйым заман талабынан қалмай ілесуі тиіс. Біріккен Ұлттар Ұйымы өзінің мүше-мемлекеттері үшін және әлем халықтары үшін пайдалы құрал ретінде қызмет жасауы үшін..., оны XXI ғасырдың талаптары мен жағдайларына орай толығымен қайта бағдарлау қажет», - деп ескертті. Баяндамада Бас хатшы көрсеткендей жақын арада жеңуді қажет ететін бірқатар аса көкейтесті мәселелер ескерілді. Бұлардың арасында кедейлік пен артта қалушылық, экологиялық тұрақсыздық, халықаралық лаңкестік, ядролық, биологиялық және химиялық қарудың таралуы, күш қолдану қаупі бар. Кофи Аннанның баяндамасында негізгілердің ішінде БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесін кеңейту туралы ой ұсынылды [4].

Мысыр Араб Республикасы Кофи Аннанның баяндамасын сынға алған болатын. Сыртқы істер жөніндегі мысырлық кеңес К.Аннан шетел басқыншылығы мәселесі, Израильдің палестиналық жерлерде заңсыз елді мекендерді салуы, Таяу Шығыста жаппай қырып жою қаруының таралуы сияқты аса маңызды мәселелерді жеткілікті түрде зерттемегені туралы мәлімдеді [5]. Мысырлық кеңес Таяу Шығыстың жаппай қырып жою қаруынан еркін аймаққа айналуы мәселесіне қатысты БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің және БҰҰ Бас Ассамблеясының шешімдеріне қарамастан, БҰҰ басшысы бұл тақырыпты ескертпегеніне өкінішін білдірді [6]. Кеңестің ескертпелерінде сонымен бірге Аннанның баяндамасында әскери күш қолдану мәселесінде «даналар кеңесімен»* [7] ұсынылған бес критерий, атап айтқанда, қауіп деңгейі, әскери күш қолдану мақсатының айқындылығы, әскери күштің соңғы құрал ретінде болуы, салдарлар бағасы, әскери әрекеттердің қауіпке сәйкестілігі көрсетілмегені айтылады. Кеңестің пікірінше, Бас хатшы шарасыз қауіпті жою үшін қақпайлау соғыс (упреждающая война, pre-emtive war) ойын өзін-өзі қорғау үшін қарулы шабуыл жасауды шарттайтын БҰҰ Жарғысы 51 бабының ұсыныстары тұрғысынан қабылдамады. Аннан мемлекет шарасыз шабуылға тап болған жағдайда күш қолдану – қақпайлау соғыс (упреждающая война, pre-emtive war) – және шарасыз сипатқа ие емес қауіп кезінде күш қолдану, яғни алдын ала соғысты (превентивная война, preventive war) бөліп қарастырады [8]. Мысырдың бірқатар саяси және қоғам қайраткерлерінің ойы бойынша, БҰҰ қызметі тиімділігінің төмендеуінде АҚШ саясаты айтарлықтай рөл ойнайды. «Еріксіз. Менің АҚШ және БҰҰ-мен тарихым» атты кітабында Б.Гали АҚШ әкімшілігінің БҰҰ-дағы әрекеттерін қатты сынға алды. Оның пікірінше, Вашингтон халықаралық қақтығыстарды реттеуде, әсіресе бейбітшілікті қамтамасыз ету бойынша Босния, Сомали және Угандада болғандағыдай қимылдарды жүргізу барысында БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің жәрдеміне іріктемелі түрде жүгіну арқылы, бұл халықаралық ұйымның қолғабысын «қасқырдың аузы жесе де қан, жемесе де қан» дегенге келтіреді [9].

БҰҰ-ны жаңарту мәселесіндегі келіспеушіліктеріне қоса, БҰҰ-ның басқа да баяндамаларына қатысты Мысырдың наразылығы жетерлік. Мәселен, 2006 жылдың қараша айында баспадан шыққан БҰҰ баяндамасында Сомалиде билікке құштар исламшылдарға әскери және қаржылай көмек көрсететін елдер қатарында Мысыр да бар болып шықты [10]. Көп ұзамай ашынған Каир бұл айыпты «толығымен жалған» деп мәлімдеді. Каир ескерткендей, бұл баяндама «Сомалиге қатысты Мысырдың саясатын БҰҰ сарапшыларының толық білмейтіндерін бейнеледі» [11].

Қазіргі таңда вето құқығына ие ҚК-нің тұрақты мүшелеріне бес мемлекет: АҚШ, Ұлыбритания, Ресей, Франция, Қытай жатады. «Алғашқы бестікке» қосылу туралы ынталарын Германия, Жапония, Үндістан және тіпті Бразилия да мәлімдеп үлгерді [12].

Мысырда халықаралық үдерістердің белсенді қатысушысы ретінде Біріккен Ұлттар Ұйымының қазіргі заманның шақыруларына жауап бере алатындай ұйымдастырылуы тұрғысында өзіндік көрінісі қалыптасты. Каир ұстанымына сәйкес, араб-израиль қақтығысын реттеу және Ирак төңірегіндегі дағдарыс сияқты өткір халықаралық мәселелерді шешудегі басты рөл дәл БҰҰ-ға тиесілі болу керек. Бірінші мәселеде МАР басып алынған араб жерлерінен Израиль әскерін және елді мекендерін шығару және тәуелсіз палестиналық мемлекетті құруға қатысты БҰҰ ҚК-нің барлық қарарларын Израильмен орындалуын талап етуде. Каир халықаралық делдал «төрттік» (Ресей, АҚШ, БҰҰ және Еуропалық Одақ) жасап шығарған және БҰҰ ҚК мақұлдаған «Жол картасы» жоспарын Таяу шығыстық реттеу үдерісінің негізі деп есептейді. АҚШ пен оның одақтастарының әскерлері басып кіргеннен кейін қалыптасқан Ирак төңірегіндегі күрделі жағдай, Мысыр пікірі бойынша, БҰҰ қамқорлығындағы халықаралық қауымдастықтың күшімен шешілу тиіс [13].

90-шы жылдардың аяғында Мысыр қалыптасқан тәжірибе «қазіргі заманғы әлемдік тәртіпті сипаттауға міндетті және мемлекеттер бір-бірімен қарым-қатынастарында және мемлекеттің ішкі өмірінде басшылыққа алуға тиіс демократия қағидаларына қайшы» деп дәлелдей келе, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты мүшелерінің вето құқығын қолдану тәртібін қайта қарауды ұсынды. МАР СІМ-нің басшысы Амр Мұса мәлімдегендей, БҰҰ ҚК тұрақты мүшелері вето құқығынан толығымен бас тартуға дейін тек мүмкін болатын күш қолдану туралы сөз болған жағдайларда ғана оған жүгіне алатын еді. Сонымен бірге Каир «барлық гуманитарлық салдарларды мейлінше байыппен және бәрін қамти алатындай ескеру», сондай-ақ «ықпал ету шараларға, олар мемлекеттің өзінің де, көршілерінің де халықтары үшін бітпейтін жаза болып кетпеуі үшін нақты уақыттық шек орнату» мақсатында қандай да бір мемлекетке қарсы БҰҰ ҚК-нің санкциялар енгізу тәжірибесін қайта қарау қажеттілігін мәлімдеді. БҰҰ ҚК-н кеңейту мәселесіне қатысты Мысыр «өнеркәсіптік тұрғыда дамыған жекелеген елдер БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты мүшелері болып табылғандары, ал дамушы елдерге мұндай құқық берілмегені» кешірілмейді деп мәлімдеді. Елдің сыртқы саяси ведомствосын 2004 жылдың шілде айынан бастап өз басқаруына алған Ахмет Әбу әл-Гейттің көзқарасы бойынша, көптеген елдер БҰҰ ҚК-нің сандық құрамын кеңейту пікірін қолдайды және Қауіпсіздік Кеңесінде мұсылмандар мен арабтар өкілетті болу қажеттілігін түсінеді [14].

Ғасырлар тоғысындағы МАР дипломатиясының басым мақсаттарының біріне БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі тұрақты мүше орнын иемденуге ұмтылу жатады. 1996 жылдың мамырында ұсынылған МАР Халық жиналысының сыртқы істер жөніндегі комитетінің баяндамасында сыртқы саясат басымдылықтарының бірі ретінде «әлемнің әртүрлі мемлекеттерімен Мысырдың ерекше пұрсатты қатынастарын және МАР-дың таяу шығыстық бейбіт үдерісіндегі негізгі рөлін БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі тұрақты мүшелікке қол жеткізу үшін қолдану қажеттілігі аталды. Бұл мақсатқа қол жеткізу Мысыр және оның ең маңызды сыртқы саяси басымдылықтары аймағына кіретін барлық елдердің ортақ міндеттеріне жауап беретін еді». Каирде өткен МАР өкіметі БҰҰ-мен бірлесіп ұйымдастырған аймақтық қауіпсіздік пен жаңартулар туралы конференцияда Мысырдың сыртқы істер министрі Ахмет Әбу әл-Гейт Қауіпсіздік Кеңесін жаңарту және кеңейту ісіндегі шынайы алға басу «күллі өркениет пен мәдениетті өкілет ету маңыздылығын» ескеретін жан-жақты бағытсыз мүмкін емес екенін мәлімдеді. Министр Мысыр БҰҰ-ны жаңартуда, негізінен ҚК құрамын кеңейтуде және бұл халықаралық ұйымның әлеуметтік-экономикалық кеңесін құруда бастаушы болғанын ескертті. Мысырлық министрдің пайымдауына сәйкес, «Мысырдың БҰҰ құндылықтарын ұстанушылығы және оның әртүрлі бітімгерлік қимылдарға қатысуы еліміздің Қауіпсіздік Кеңесінде жүктелетін жауапкершілікті мойнына алуға дайын екеніне дәлел болады» [15]. Осы орайда Мысыр БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне оған тұрақты мүше мәртебесін беру туралы талабын білдіруде [16].

Ресми Каир ел БҰҰ-ны жаңарту жобасы шеңберінде Африкаға бөлінуі қарастырылған БҰҰ ҚК-дегі жаңа екі орынның біреуін иемденуге қажетті көптеген талаптарға сай деп есептейді. Өзінің үміткерлігі пайдасына келтірілетін дәйек ретінде Мысыр факторлардың бірсыпырасын алға тартады. Ахмет Әбу әл-Гейт мәлімдегендей, «Африкада Мысыр ең ірі экономикаға және халықаралық қауымдастықпен кең қатынас орнатуға септігін тигізетін ең көп шетелдегі дипломатиялық миссияларға ие» [17]. Мысырдың Африкадағы жетекшілігін қамтамасыз ететін факторлар ретінде Каир мықты дипломатия мен көптеген халықаралық бітімгерлік қимылдарға, соның ішінде Африкада да қатысатын, құрлықтағы ең жақсы қарулы күштерді атайды [18]. Солайша Каирде Мысыр «араби, исламдық және жерорта теңіздік жүзі бар» тұрақты африкалық мүше бола алатын еді деп есептейді [19]. МАР СІМ-нің көзқарасына сәйкес, «Мысырдың аймақтық және халықаралық үлесі, оның африкалық, исламдық және араб топтарындағы, Таяу Шығыстағы және дамушы елдер арасындағы ықпалы Қауіпсіздік Кеңесінің кеңейтілген құрамындағы жаңа мүше жауапкершілігін өз мойнына алуына жол ашады» [20].

Бұл мәселедегі қажетті қолдауды Мысыр араб елдерінен тапты [21]. 2005 жылдың 23-25 наурыз аралығында Алжирде өткен Араб Мемлекеттері Лигасы мүше-елдерінің мемлекет және үкімет басшыларының 17-ші саммитінде бұл арабаралық ұйымның мүшелері «Африканың, арабтардың, исламдық және дамушы елдердің құқықтарын қорғау үшін БҰҰ ҚК құрамының кеңейтілуі жағдайында Мысырға бұл ұйымдағы жаңа орынды алуында қолдау көрсетті» [22]. Солайша араб елдері мысырлық дипломатиясының еңбегін мойындап, өз құқытарын БҰҰ-ның бас органында қорғауын сеніп тапсырды [23]. Мысырлық дипломатиясының дәстүрлі белсенділігін, оның көпвекторлығын назарға ала отырып, МАР-дың БҰҰ-ны жаңарту бойынша жобаларды талқылауға қатысуы ел басшылығының халықаралық қатынастардың қазіргі заманғы шақырулар мен қауіп-қатерлерге жауап беретін жаңа жүйесін қалыптастырудағы ынтасына дәлел болатынын ескерген жөн.

Мысыр үшін Ресейдің де қолдауы маңызды. Президент В.Путиннің МАР-ға сапары нәтижесінде 2005 жылдың сәуір айында қабылданған Ресей Федерациясы мен Мысыр Араб Республикасы арасындағы достық қарым-қатынастарды және серіктестікті одан ары тереңдету жөніндегі Бірлескен мәлімдемеде «Ресей Федерациясы Мысыр Араб Республикасын халықаралық қауымдастықтың беделді және маңызды мүшесі ретінде қарастырады және бұл тұста ҚК-н жаңартуға қатысты ең кең бірлікке қол жеткізген жағдайда Мысыр БҰҰ-ның кеңейтілген Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты мүшесі орнына лайықты үміткерлердің бірі болып табылатынын мәлімдейді» [24].

Африкалық өкілеттілік мәселесі зор саяси мәнге ие екенін БҰҰ ҚК-нің болашақтағы кеңейтілген құрамына мүмкін болатын кіруге қатысты үміткер елдер арасында кең етек жайған қақпайласу дәлелдейді. Сөйтіп, Бейбітшілік және қақтығыстарды реттеу институтының директоры және нигериялық әкімшіліктің жоғары лауазымды шенеуніктерінің бірі Даво Олуйеми-Куса Оңтүстік Африка Республикасы (ОАР) мен Мысыр – БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде Африканы өкілет ету үшін «жеткілікті түрде қара емес» деп есептейді. Д.Олуйеми-Кусаның ойы бойынша, Мысыр БҰҰ ҚК-дегі орынға үміткерлене алмайды, өйткені ол – бірінші кезекте африкалық ел емес, араб елі, ал ОАР – «тым ақ», ол дамудағы жоғары деңгейге ақтардың арқасында қол жеткізді, ал Нигерияның үміткерлігі ең қолайлы [25].

Мысырдың БҰҰ ҚК-дегі тұрақты мүше орнын алуға ұмтылысы қисынды түрде өзінің халықаралық беделін нығайтуға мақсатталған сыртқы саяси стртатегиясынан туындайды. Мысыр – БҰҰ-ның бітімгерлік қимылдарының белсенді мүшесі, халықаралық қатынастардағы шиеленісті бәсеңдетуге бағытталған әртүрлі бастамалардың авторы. Каирдың араб-израиль қақтығысын бейбіт реттеу үдерісіне делдал ретінде қатысуы елдің бітімгерлік қызметінің басты бағыты болып табылады. Сонымен қатар Мысыр әртүрлі ирак саяси күштері арасындағы сұхбаттың жүзеге асуына ықпал ету арқылы, Ирактың тез арада тұрақтануы мақсатында белсенді үлес қосуда. Мысыр Таяу Шығыстың жаппай қырып жою қаруынан еркін аймаққа айналуын жақтайды. Мысыр Африкадағы, әсіресе Солтүстік Африка мен Африка мүйізі аймағындағы қауіпсіздік мәселелеріне ерекше көңіл бөледі. Каирдың пікірінше, Мысыр африкалық құрлықтың тағдырында, әсіресе африкалық елдердің тәуелсіздік үшін күресі кезінде және одан кейін ұласқан мемлекеттілікті құру кезеңінде айтарлықтай рөлді ойнады және қазір де ойнайды. Мысыр Судандағы ішкі саяси жағдайды тұрақтандыру үдерісіне белсене қатысады. Мысыр біріншілердің қатарында болып (80-ші жылдардың өзінде), кең өріс алып келе жатқан халықаралық лаңкестіктің қаупін ескертті және БҰҰ қамқорлығындағы халықаралық конференция шақыру мен бұл қатерге қарсы әрекет ету шараларын жасап шығару бастамасын ұсынды. Мысыр БҰҰ бюджетіне жарна төлеу жағынан Африкада үшінші орынды алады. БҰҰ құрылымдарында мысырлық өкілдердің оңды жұмыс тәжірибесі бар. Бутрос Бутрос Гали сияқты әйгілі мысырлық дипломат БҰҰ Бас хатшысы қызметін атқарған, Мұхамет әл-Барадеи Атом энергиясы жөнідегі халықаралық агенттікті (МАГАТЭ) басқарады, ал мысырлық Нәбил әл-Араби Гаагадағы Халықаралық сотта судья болып жұмыс істейді [26].

Өз кезегінде БҰҰ-да Араб Шығысы аймағына ерекше көңіл бөлінеді. 2005 жылы тәуелсіз сарапшылар тобы БҰҰ Даму Бағдарламасы (БҰҰДБ) көмегімен былыққан әлеуметтік күйзелістерден қашу үшін араб әлемінде демократиялық жаңартуларды жеделдетуге үндеу жарияланған баяндама дайындап шығарды. Баяндамада көптеген араб елдерінің саяси жүйесі, негізінен онда кең таралған төтенше жағдай енгізу мен соттардың атқарушы билікке бағыныштылығы, сондай-ақ сөз бостандығы, әйелдер, діни және ұлттық азшылықтар құқықтарының әрдайым шектелуі тәжірибесі сынға алынды. Аймақтағы халықтың саяси белсенділігінің артуын ескере келе, баяндама авторлары «әділетсіздікті жоюдың бейбіт және тиімді механизмдері жоқтығында және өкімет алмасуының басталуы кезінде қоғамның кейбір топтары ішкі тәртіпсіздіктерге ұшырататын зорлығы бар қарсылықтың азғыруына беріліп кетуі мүмкін екенін көрсетті. Биліктің бір қолда шоғырлануы – ол монархия, әскери диктатура немесе бақталастар болмауы жағдайында сайланған азаматтық президент болсын – араб саяси өмірінің өзегінде өзіндік саяси «қара тұңғиықты» құрайды» [27].

Араб әлемі және соның ішінде оның басты дипломатиялық орталығы – Мысыр да араб-израиль және ирак қақтығыстарын әділ жолмен реттеу, ал кейінірек Таяу Шығыс аймағында тең құқықты, өзара тиімді және ұзақ мерзімді ынтымақтастықты орнату мен дамыту мәселесінде БҰҰ-ның қолдауына сене келе, бұл ұйымға зор үміт артады.

* «Даналар кеңесі» деп аталатын топ БҰҰ-ны жаңарту мәселесіне қатысты ұсыныстарды дайындап шығару мақсатында 2003 жылдың қараша айында арнайы құрылған болатын.

1. Мамед-заде П.Н. Позиция Арабской Республики Египет по вопросу pеформирования ООН. // http://www.iimes.ru/rus/stat/2006/28-06-06.htm

2. Ibid.

3. «При большей свободе: к развитию, безопасности и правам человека для всех». Доклад генсека ООН. // http://www.un.org/russian/largerfreedom/a59_2005.pdf

4. Мамед-заде П.Н. Позиция Арабской Республики Египет по вопросу pеформирования ООН. // http://www.iimes.ru/rus/stat/2006/28-06-06.htm

5. Египет критикует доклад Аннана о реформе ООН. // http://9-05.newspo.ru/news/politic/ 67081.html немесе http://www.egypt-best.ru/news/41.html

6. Египет критикует реформу ООН. // http://newsinfo.ru/news/2005/09/news1231214.php

7. Справка: реформирование ООН. // http://china.org.cn/russian/164906.htm

8. Египет критикует доклад Аннана о реформе ООН. // http://9-05.newspo.ru/news/politic/ 67081.html немесе http://www.egypt-best.ru/news/41.html

9. Мамед-заде П.Н. Позиция Арабской Республики Египет по вопросу pеформирования ООН. // http://www.iimes.ru/rus/stat/2006/28-06-06.htm

10. Куделев В.В. Ситуация в Сомали: ноябрь 2006 г. // http://www.iimes.ru/rus/stat/2006/ 07-12-06c.htm

11. Куделев В.В. Ситуация в Египте: ноябрь 2006 г. // http://www.iimes.ru/rus/stat/2006/ 06-12-06.htm

12. Почему «буксует» реформа ООН. // ttp://www.mediacratia.ru/owa/mc/mc_region_news. html?a_id=3524

13. Мамед-заде П.Н. Позиция Арабской Республики Египет по вопросу pеформирования ООН. // http://www.iimes.ru/rus/stat/2006/28-06-06.htm

14. Ibid.

15. Ibid.

16. Воробьев В. Приближение к ближнему. Владимир Путин прибыл из Египта в Израиль. // http://www.rg.ru/2005/04/28/kair.html

17. Египет готов занять место постоянного члена СБ ООН. // http://3-05.newspo.ru/news/ politic/59101.html

18. Египет замахнулся на Совбез ООН. // http://iimes.ru/rus/stat/2006/28-06-06.htm немесе http://www.mideast.ru/new/?showme=488&base=rus&rbs...

19. Египет готов занять место постоянного члена СБ ООН. // http://3-05.newspo.ru/news/ politic/59101.html

20. Мамед-заде П.Н. Позиция Арабской Республики Египет по вопросу pеформирования ООН. // http://www.iimes.ru/rus/stat/2006/28-06-06.htm

21. ЛАГ поддержала кандидатуру Египта в качестве постоянного члена СБ ООН. // http://pda.rian.ru/world/world_community/20050320/39546820.html

22. Мамед-заде П.Н. Позиция Арабской Республики Египет по вопросу pеформирования ООН. // http://www.iimes.ru/rus/stat/2006/28-06-06.htm

23. Преображенский И. Путин договорился запустить для Египта два космических спутника. Россия выводит отношения с ведущей арабской державой на новую орбиту. // http://www.strana.ru/stories/04/05/27/3502/246676.html

24. Египет потребовал постоянного членства в Совбезе ООН. // http://www.46info.ru/ media/lenta/print.php?id=24708

25. Мамед-заде П.Н. Позиция Арабской Республики Египет по вопросу pеформирования ООН. // http://www.iimes.ru/rus/stat/2006/28-06-06.htm

26. Ibid.

27. Ibid.



Данная статья посвящена проблеме реформирования Организации Объединенных Наций и внешней политике Арабской Республики Египет в этом вопросе. В статье автор рассматривает стремление Египта занять место постоянного члена Совета Безопасности ООН как приоритетное направление внешнеполитической стратегии страны, нацеленной на укрепление еe международных позиций; анализирует целый ряд факторов, обеспечивающих лидерство Египта в Африке; раскрывает преимущества египетской дипломатии в процессе мирного урегулирования конфликтов; изучает позиции сторонников и противников египетской кандидатуры на членство в новом расширенном составе СБ ООН.

This article is devoted to the problem of reforming of the United Nations Organization and the foreign policy of the Arab Republic of Egypt in this issue. In the article the author considers the aspiration of Egypt to take a place of the permanent member of the UN Security Council as a priority direction of foreign policy strategy of the country aimed at strengthening of its international positions; analyzes a lot of the factors providing leadership of Egypt in Africa; discloses advantages of the Egyptian diplomacy in peaceful settlement of conflicts; studies positions of supporters and opponents of the Egyptian nominee for a membership in the new expanded structure of the UN Security Council.


©dereksiz.org 2016
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет