Біз – ниеті ғарыштағы елміз



жүктеу 19.81 Kb.
Дата09.07.2016
өлшемі19.81 Kb.
Біз – ниеті ғарыштағы елміз

1991 жылдың 2 қазаны әлі есімізде. Ел болып толқыған күн еді. Алғашқы мүшелді жаңа ғана артқа тастаған біздің кеудемізді мақтаныш кернеп тұрды. Қазір қазақ ұлы ғарышқа ұшады! Тоқтар Әубәкіров! Екі сыныптағы 17 ұлдың 10-ы осыдан кейін ғарышкер болуға бел байлаған. Байқоңырдан көк жүзіне сіңіп кеткен «Союз ТМ-13» кемесінің ізіне сағынышпен қара-а-а-а-ап қалған едік.

Құлағымыз ғарыш жаққа тігулі жүрді. Теледидардан жарқ ете қалған Тоқтар ағамның жүзіне қызыға қараймыз. Экранды сипап, тілеуін тілейміз. Тоқтар ағамның ғарышта да көңілі көтеріңкі. Өзі талай құлағында ойнаған ұшақтың кішкентай макетін ауасыз кеңістікке жібере салып, соңынан күле қарайды. Енді бір сәтте борттағы басқа ғарышкерлермен әлденеге мәз болып, алақандарын шарт еткізе қағады. Әй, ырза болғанымыз-ай! Шынын айтқанда, сол күндері ғарышта Тоқтар ағаммен бірге барлық қазақ жүрген еді.

8 күннен кейін қазақ ұлы ғарыштан аман-есен оралды! Кешкі жаңалықтардан көріп отырмыз: әуелі аспаннан формасы белгісіз бір зат көрінді де, жерге жақындағанда парашюті кенет жазылып, қалықтай жөнелді! Ендігі бір кадр ғарышкерлерді көрсетті. Тоқтар ағамның жүзінде қатты шаршау бар, бірақ көзі!.. Иә, көзінде бақыт оты алаулап тұр! Оң қолын әнтек көтереді. Қаумалап, кабинадан түсіріп алып жатқан жандарға әлде ерекше ырзашылықпен, әлде Жер-Анаға табаны қайта тиетініне көңілі сенбейтіндей қимастықпен қарайды. Аяғы өзіне бағынар емес. Екі жағынан көтеріп әкеліп, қазақтың сайын даласына қойылған кресло-орындыққа отырғыза бергенде, әлдекім: «Тоқтар – қазақ!» – деп дауыстап қалды. Тоқтар ағам дауыс шыққан жаққа мойнын бұрып, әдемі жымиды! Біз теледидар алдында тұрып қол соқтық! Апаларымыз көзіне жас алды.

Содан бері 20 жыл өте шығыпты.

Біз содан кейін де ғарышқа бірнеше рет жол салдық. Адам баласының қиялы жетпейтін биіктен өзі сонша қорғансыз, бірақ адамзатқа сонша қорған Жер-Анаға қазақ көзімен қарадық.

Қазақ көңілі түскен жанға «биіктен көрін» дейді. 20 жылда ел ретінде ғарышқа самғай алдық па? Биіктен көріне алдық па? Міне, әңгіме осында.

Ұлттың ұлт екенін, елдің ел екенін танытатын атаулы күндер болады. Соның бірі – осы 2 қазан. Ғарышқа топырлатып қыран ұшырып жатқан ел емеспіз. Сондықтан сенатор Ғани Қасымовтың көтерген бастамасын, яғни, 2 қазанды «Қазақстанның ғарыш күні» деп атауға толық қосыламыз.

Екінші ғарышкер Талғат Мұсабаев осы мәселеге жауап беріп, мұндай мейрамның орынсыз екенін айтып қалды. «Біз немене, ұлы ұлтпыз ба?!» («Мы что, выдающаяся нация что-ли?») деп дауысын тарғылдандырып та жіберді журналистер алдында.

Біз – ұлы ұлтпыз. Тілегіміз ғарышқа әлдеқашан самғап кеткен жұртпыз. Ғарыштан қобыз сарынын естіп келген Талғат ағам неге соны өзі мойындамайды екен?..



Жас дос, есіңде сақта, 2 қазан – қазақ арманының ғарышқа жеткен күні!

P.S. 1 қазан да есіңнен шықпасын, достым! 2000 жылдың 1 қазанында Бекзат Саттарханов пен Ермахан Ыбырайымов Сидней олимпиадасында топ жарды!

(«Ұлан». 04.10.2011 жыл)


©dereksiz.org 2016
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет