Бұйрығына 2-қосымша Қазақстан Республикасы мемлекеттік өртке қарсы қызмет



жүктеу 295.92 Kb.
Дата13.06.2016
өлшемі295.92 Kb.
Қазақстан Республикасы

Төтенше жағдайлар министрінің

2013 жылғы 28 тамыздағы

391 бұйрығына

2-қосымша

 

 

Қазақстан Республикасы мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдарында конкурс өткізу және тағылымдамадан өту қағидасы мен шарттары

 

1. Жалпы ережелер

 

1. Осы Қазақстан Республикасы мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдарына қызметке орналасу кезінде конкурс өткізу және тағылымдамадан өту қағидасы мен шарттары (бұдан әрі - Қағида) «Құқық қорғау қызметі туралы» Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 6 қаңтардағы Заңының (бұдан әрі - Заң) 7-бабының 2-тармағына сәйкес әзірленді және мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдарына (бұдан әрі - МӨҚҚ) қызметке орналасу кезінде конкурс өткізу тәртібін, МӨҚҚ органдарына қызметке орналасу кезінде үміткерлер үшін тағылымдамадан өтуді ұйымдастыру тәртібін айқындайды.

2. МӨҚҚ органдарына қызметке тұру жоғарыда аталған Заңының 7-бабының 3 және 4-тармақтарынмен көзделген жағдайларды қоспағанда конкурстық негізде жүзеге асырылады.



 

 

2. Мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдарына қызметке
орналасу кезінде конкурс өткізу тәртібі

 

3. МӨҚҚ органдарына қызметке орналасу кезінде конкурсқа (бұдан әрі - конкурс) Қазақстан Республикасының азаматтары қатысуға құқылы:

1) жасы он сегізден төмен емес:

2) Қазақстан Республикасы мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдарының лауазымдар санатына қойылатын белгіленген біліктілік талаптарына сәйкес.

4. Конкурсқа қатысуға мынадай азаматтар жіберілмейді:

1) заңмен белгіленген тәртіппен іс-әрекетке қабілетсіз немесе іс-әрекетке қабілеті шектеулі деп танылған;

2) мемлекеттік қызметке кірер алдында үш жыл ішінде сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылығы үшін тәртіптік жауапкершілікке тартылған;

3) МӨҚҚ-ға қызметке кірер алдында бір жыл ішінде қасақана құқық бұзушылығы үшін сот тәртібімен әкімшілік жаза қолданылған;

4) МӨҚҚ-ға қызметке кіргенге дейін үш жыл ішінде сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшін сот тәртібімен әкімшілік жаза қолданылған;

5) сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған;

6) сыбайлас жемқорлық қылмыс жасау үшін жұмыстан босатылғандар;

7) бұрын сотталған немесе қылмыстық жауаптылықтан ақталмайтын негіздер бойынша босатылған, сондай-ақ мемлекеттік қызметтен, өзге де құқық қорғау органдарынан, соттардан және әділет органдарынан теріс себептермен шығарылғандар.

5. Конкурс туралы хабарландырулар жарияланғаннан кейін тиісті кадр қызметіне қажетті құжаттарын көрсетілген мерзімі ішінде тапсырған азаматтар конкурсқа қатысушы (бұдан әрі - қатысушы) болып табылады.

6. Конкурс Тізбеге сәйкес бос лауазымдары бар Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінде, Қазақстан Республикасы Өртке қарсы қызмет комитетінде, облыстар, Астана мен Алматы қалалары Төтенше жағдайлар департаменттерінде, облыстар, Астана мен Алматы қалалары «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі», «Көкшетау техникалық институты», «Республикалық дағдарыс орталығы» ведомстволық бағынысты мемлекеттік мекемелерде өткізіледі.

7. Конкурстық комиссия конкурсқа қатысушылар берген құжаттарды, олардың дене шынықтыру даярлығы бойынша тапсырған сынақ нәтижелерін, олардың тестілеу нәтижелерін қарайтын, үміткерлермен әңгімелесу өткізетін және бос лауазымдарына орналасуға үміткерлерді түпкілікті іріктеуді іске асыратын алқалы орган болып табылады.

8. Конкурс мынадай сатылы кезеңдерден тұрады:

1) конкурстық комиссия құру;

2) конкурс өткізу туралы хабарландыруларды жариялау;

3) конкурсқа қатысуға тілек білдірген азаматтардың құжаттарын қабылдау;

4) конкурсқа қатысушылардың құжаттарының конкурсқа жарияланған лауазымдарға белгіленген біліктілік талаптарына сәйкестігін алдын-ала қарау, конкурстық комиссияның конкурсқа қатысуға рұқсат беру туралы шешімі;

5) конкурсқа қатысушының МӨҚҚ-ға қызметке жарамдылығын анықтау үшін әскери-дәрігерлік комиссиядан куәландырудан өтуі;

6) қатысушыларды тестілеу;

7) Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі (бұдан әрі - Министр) белгілеген тәртіпте қатысушылардың дене шынықтыру даярлығы бойынша сынақ тапсыруы;

8) конкурстық комиссия өткізетін қатысушылармен әңгімелесу.

9. Конкурсты өткізуге көзделген шығындарды санамағанда, азаматтар конкурсқа қатысу шығындарын өздерінің жеке қаражаттары есебінен жүргізеді.

10. Орган қайта ұйымдастырылған немесе таратылған жағдайларда жарияланған конкурс ол туралы бұқаралық ақпарат құралдарында міндетті түрде жариялана отырып, оны өткізудің кез-келген кезеңінде тоқтатылуға жатады.

 

 

3. Конкурс туралы хабарландыру

 

11. Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің (бұдан әрі - Министрлік) орталық аппаратында, ведомствосында конкурс өткізу кезінде Қазақстан Республикасының барлық аумағына таралатын мерзімді баспа басылымдарында хабарландыру жарияланады. Аумақтық бөлімшелерде конкурс өткізу туралы хабарландыру тиісті әкімшілік-аумақтық бөлініс аумағында таралатын мерзімді басылымдарда жарияланады, сондай-ақ тиісті органдарының ресми интернет-ресурстарында орналастырылады.

12. Бос лауазымдарды атқаруға конкурс жариялау туралы хабарландыру жарияланғаннан кейін азаматтарды (қызметкерлерді) конкурстық рәсімдер аяқталғанға дейін жарияланған лауазымға тағайындауға (ауыстыруға) жол берілмейді.

13. Негізгі қызметкердің бала күтімі бойынша еңбекақысы сақталмайтын демалыста болған кезеңіндегі бос лауазымға орналасуға конкурс өткізген кезде бұл шарт конкурс өткізу туралы хабарландыруда көрсетіледі.

14. Конкурсты өткізу туралы хабарландыруда мынадай мәліметтер болуы тиіс:

1) органының орналасқан жері көрсетілген атауы, пошта және электронды мекенжайы, телефондары мен факс нөмірлері;

2) негізгі функционалдық міндеттері көрсетілген бос лауазымдар атауы;

3) біліктілік талаптарына сәйкес конкурсқа қатысушыға қойылатын негізгі талаптар;

4) құжаттарды қабылдаудың орны мен мерзімі.

15. Бос лауазымдарға орналасуға конкурстар туралы мәліметтер Министрліктің немесе оның ведомстволарының, аумақтық органдарының және ведомстволық бағынысты мемлекеттік мекемелерінің ресми интернет-ресурсында орналастырылады.

 

 

4. Конкурстық комиссияны құру

 

16. Конкурс жарияланған орган бос лауазымды атқаруға үміткерлерді іріктеуді жүзеге асыруға уәкілетті конкурстық комиссия құрады.

17. Министрдің, ведомстволар, аумақтық органдар мен Министрліктің ведомстволық бағынысты мемлекеттік мекемелері басшыларының бұйрығымен бекітілетін конкурстық комиссияның құрамына кемінде бес мүше кіруі қажет.

Конкурстық комиссия төрағадан, хатшыдан (кадр қызметінің өкілі) және комиссия мүшелерінен тұрады. Болмай қалған комиссия мүшелерін алмастыруға жол берілмейді. Конкурстық комиссияның хатшысы оның жұмысын ұйымдастыруды қамтамасыз етеді және дауыс беруге қатысуға құқығы жоқ.

Конкурстық комиссияның құрамына конкурс жариялаған органның әртүрлі бөлімшелерінің басшылары кіреді.

18. Конкурстық комиссия жұмасына қатысу үшін бейіндік (мүдделі қызметтердің) басшылары шақырылады, олардың дауыс беру құқығы болмайды.

19. Конкурстық комиссияның құрамына конкурсқа қатысушы кіре алмайды.

20. Конкурстық комиссияның шешімі бос лауазымын атқару үшін, осы санаттағы келесі бос лауазымға орналасу үшін кадр резервіне енгізуге немесе осындай лауазымға қабылдамауға негіз болып табылады.

 

 

5. Құжаттарды қабылдау

 

21. Құжаттарды қабылдау конкурс өткізу туралы хабарландыру соңғы жарияланған кезден бастап он бес күнтізбелік күннен кейін аяқталады.

22. Конкурсқа қатысқысы келетін азаматтар конкурс өткізетін тиісті кадр қызметіне мынадай құжаттарды тапсырады:

1) белгіленген нысандағы өтініш;

2) белгіленген нысандағы анкета;

3) кадр есебі бойынша толтырылған іс парағы (нақты мекенжайы мен телефондары, соның ішінде байланыс телефондары, көрсетілуі тиіс);

4) өз қолымен жазылған және басылған түрдегі белгіленген нысандағы толық толтырылған өмірбаян;

5) білімі туралы құжаттардың нотариалдық тәртіппен куәландырылған көшірмелері;

6) еңбек кітапшасының нотариалдық тәртіппен куәландырылған көшірмесі;

7) әскери билеттің немесе шақыру учаскесіне есепке қойылғандығы туралы куәліктің көшірмесі;

8) соңғы жұмыс орнынан мінездеме (жұмыс өтілі болған кезде);

9) өлшемі 3х4 төрт фотосуреті;

10) Қазақстан Республикасының азаматының жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;

11) Қазақстан Республикасы Бас Прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есеп комитетінен бұрын сотталмағандығы, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылығы үшін әкімшілік жауапкершілікке таратылмағандығы туралы анықтамалар ұсынады.

Осы тармақтың 5), 6) тармақшаларында қарастырылған құжаттарды, оларды салыстырып тексеру үшін түпнұсқасын ұсынған жағдайда нотариалдық тәртіппен куәландыру талап етілмейді.

Көрсетілген құжаттардың біреуінің болмауы оларды қараудан бас тарту үшін негіз болып табылады.

23. Азаматтар олардың біліміне, жұмыс тәжірибесіне, кәсіби деңгейіне қатысты қосымша ақпаратты (біліктілігін арттыру, ғылыми (академиялық) дәрежелері мен атақтары туралы құжаттардың көшірмелері, мінездемелер, ұсынымдар, ғылыми жарияланымдар және т.б.) ұсына алады.

24. Қарауға азаматтардың қабылдау мерзімінде қолма қол әкелу тәртібімен немесе пошта арқылы берген, ұсынылған құжаттардың тізбесін көрсетіліп, іс тігетін папкаға тігілген құжаттары қабылданады.

25. Конкурстық комиссияның оң қорытындысын алған қатысушылардың құжаттары одан әрі зерделеу және МӨҚҚ-ға қызметке рәсімдеу үшін кадр қызметіне беріледі.

Конкурстық іріктеуден өтпеген, сондай-ақ бос лауазымдарға орналасу үшін үміткерлер резервіне енгізілген қатысушылардың құжаттары конкурстық комиссияның хатшысында (кадр қызметінде) бір жыл бойы, конкурстық комиссияның материалдары сақталады. Белгіленген мерзім өткеннен кейін құжаттар жойылады және ол туралы акт жасалады.

Конкурстық іріктеуден өтпей қалған қатысушы жазбаша түрде өтініш берген жағдайда үміткерге құжаттары қайтарылады.

 

 

6. Конкурсқа қатысушылардың құжаттарын қарау

 

26. Конкурсқа қатысушылардың құжаттарының біліктілік талаптары мен қатысушыларға қойылатын талаптарға сәйкестігін қарау мен зерттеуді конкурстық комиссия құжаттарды қабылдау біткеннен кейін бес жұмыс күні ішінде жүзеге асырады.

27. Кадр қызметтері құжаттарды қарау мерзімі аяқталған күнінен бастап үш жұмыс күні ішінде қатысушыларға қойылатын талаптарға сай келмеген конкурсқа қатысушылардың тізімін жасайды.

28. Кадр қызметтері құжаттарды қарау мерзімі аяқталған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде біліктілік талаптарына сай келген конкурсқа қатысушыларға «Әскери-дәрігерлік сараптаманы жүргізу қағидасын және Әскери-дәрігерлік сараптама органдары туралы ережені бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 30 қаңтардағы № 44 қаулысына сәйкес олардың қызметке жарамдылығын анықтау үшін ішкі істер органдарының әскери-дәрігерлік комиссияларында медициналық куәландырудан өтуге жолдама береді.



29. Үміткерлердің медициналық және психофизиологиялық куәландырудан, соның ішінде полиграфологиялық зерттеуден өтуі конкурсқа қатысуға жіберілген үміткерлердің тізімі жарияланғаннан кейін отыз күнтізбелік күннен аспайтын мерзімде қамтамасыз етіледі.

30. Медициналық және психофизиологиялық куәландырудан, соның ішінде полиграфологиялық зерттеуден өтпеген (әскери-дәрігерлік комиссия қызметке жарамсыз деп таныған) үміткерлер конкурстың келесі кезеңіне өтпейді.

Конкурсты өткізетін органның кадрлық қызметі әскери-дәрігерлік комиссиядан өту мерзімі аяқталған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде тестілеуге жіберілген (әскери-дәрігерлік комиссия қызметке жарамды деп таныған) қатысушылардың тізімін, тестілеу өтетін орынды, тестілеу бағдарламасын және тестілеу нәтижелерінің шектік мәндерін ақпараттық стендтерге, барлық адамның көруіне қол жетімді орындарда орналастырады, сондай-ақ оны ресми интернет-ресурста жариялайды.

Конкурсқа жіберілмеген қатысушылар конкурс өткізуші органның кадр қызметінен жіберілмеуінің себептерін анықтай алады.

Қатысушы конкурстың кез-келген кезеңінен өту сәтінде өзімен бірге оның жеке басын куәландыратын құжатты алып жүруі қажет.

31. Белгіленген кезеңдердің біреуінен өте алмай қалған конкурсқа қатысушы конкурстың одан кейінгі кезеңдеріне жіберілмейді.



7. Қатысушыларды тестілеу

 

32. Мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдарына қызметке түсетін азаматтар үшін Тестілеу бағдарламасы мен тестілеу нәтижелерінің шектік мәндеріне сәйкес конкурсқа қатысушыларды компьютерлік тестілеу тест тапсыруға жіберілген қатысушылардың тізімі жарияланған күннен бастап 5 жұмыс күні ішінде өткізіледі.

Тестілеу өткізу барысы бейнежазба техникалық құралдары арқылы жазылады.

33. Конкурс өткізетін кадр қызметі тестілеу мерзімі аяқталған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде дене шынықтыру дайындығы бойынша нормативтерді тапсыруға жіберілген қатысушылардың тізімін ақпараттық стендтерге, барлық адамның көруіне қол жетімді орындарда орналастырады, сондай-ақ оны ресми интернет-ресурста жариялайды.

34. Компьютерлік тестілеу басталғанға дейін кадр қызметінің өкілі конкурсқа қатысушыларды тестілеуден өту тәртібімен таныстырады және олардың туындаған сұрақтарына жауап береді.

35. Тестілеу сәтінде денсаулық жай-күйі нашар болып тұрған конкурсқа қатысушы бұл туралы тестілеу басталмай тұрып кадр қызметінің өкіліне хабарлайды. Бұл жағдайда мұндай конкурсқа қатысушыны тестілеу сол күннің басқа уақытында немесе басқа күні өткізіледі.

36. Компьютерлік тестілеуді өткізуге арналған үй-жай конкурсқа қатысушылар ыңғайлы отыратындай болуы тиіс.

37. Компьютерлік тестілеу кезінде конкурсқа қатысушыларға тестілеу өтіп жатқан үй-жайдан шығуға, басқа адамдармен сөйлесуге, материалдармен алмасуға, қабылдау-беру электронды қондырғыларды (соның ішінде ұялы телефондар, қалта дербес компьютерлер мен басқа да электронды құрал-жабдықтарды), қағаз тасығыштарды қолдануға тыйым салынады.

38. Осы Қағиданың 37-тармағы талаптары бұзылған жағдайда кадр қызметінің өкілі тестілеуді тоқтатады, бұзушылыққа жол берген конкурсқа қатысушыны тестілеу өтетін үй-жайдан шығарады және кадр қызметі мен ішкі бақылау қызметтерінің өкілдері қол қоятын тиісті акті жасайды. Конкурсқа қатысушының нәтижелері жойылады.



39. Тестіне орындауға бөлінген уақыт 60 минутты (60 сұрақ) құрайды.

Тестіні орындауға бөлінген уақыт аяқталған соң бағдарлама автоматты түрде жабылады.

40. Компьютерлік тестілеудің дұрыс жауаптарын есептеу автоматты түрде, компьютерлік бағдарламаның көмегімен жасалады.

41. Тестілеу аяқталған соң конкурсқа қатысушыларға мөр басылған, кадр қызметінің өкілінің қолы қойылған тестілеу нәтижелері беріледі.

42. Компьютерлік тестілеуден өту кезінде шектік мәннен төмен баға алған конкурсқа қатысушылар конкурстың келесі кезеңдеріне жіберілмейді.

43. Компьютерлік тестілеу процесіне бейнеконференцбайланыс арқылы хаттама жасалады және ақпараттық тасығыштарда мұрағатталады, олар конкурстық рәсімдердің аяқталған күнінен бастап үш ай бойы сақталады.

44. Бір конкурстың шеңберінде тестілеуді қайта рәсімдеуге рұқсат етілмейді.

45. Белгілі лауазымдардың санаты үшін бекітілген тестілеу бағдарламасы бойынша тестілеудің нәтижелері тестілеуден өтуден кейін егер тестілеудің бағдарламасы өзгертілмеген жағдайда бір жыл ішінде күшінде болады.

 
 

8. Дене шынықтыру даярлығы бойынша сынақ

 

46. Конкурсқа қатысушылардың дене шынықтыру даярлығы бойынша сынағы дене шынықтыру даярлығы бойынша сынақ тапсыруға жіберілген қатысушылардың тізімі жарияланған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде, МӨҚҚ-ға қызметке орналасатын азаматтар үшін дене шынықтыру көрсеткіштері бойынша нормативтерге және дене шынықтыру даярлығы бойынша сынақ қабылдау тәртібіне сәйкес өткізіледі.

47. МӨҚҚ-ға қызметке орналасатын азаматтар үшін дене шынықтыру көрсеткіштері бойынша нормативтері мен дене шынықтыру даярлығы бойынша сынақ қабылдау тәртібі ақпараттық стендтерде, барлық адамның көруіне қол жетімді орындарда орналастырылады және конкурс өткізуші органның ресми интернет-ресурсында жариялауға жатады.

48. Дене шынықтыру даярлығы бойынша сынақ барысы бейне жазба техникалық құралдарының көмегімен жазылады.

49. Бір конкурстың шеңберінде дене шынықтыру даярлығы бойынша сынақты қайта тапсыруға рұқсат етілмейді.

50. Дене шынықтыру даярлығы бойынша сынақ тапсырудың нәтижелері конкурсқа қатысушыларға және конкурс өткізетін органының конкурстық комиссиясына беріледі.

51. Дене шынықтыру даярлығы бойынша сынақ тапсырудың нәтижелері сынақты тапсыру сәтінен бастап бір жыл ішінде күшінде болады.

 

 

9. Қатысушылармен әңгімелесу

 

52. Әңгімелесуге дене шынықтыру даярлығы бойынша сынақты сәтті тапсырған және тестілеуден өту барысында осы лауазымдардың санаты үшін белгіленген шекті мәнінен төмен емес бағалар алған қатысушылар жіберіледі.

Әңгімелесуге жіберілген қатысушылардың тізімі дене шынықтыру дайындығы бойынша сынақты тапсыру аяқталған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде ақпараттық стендтерге, барлық адамның көруіне қол жетімді орындарда орналастырады және конкурс өткізуші органның ресми интернет-ресурсында жариялауға жатады.

Әңгімелесу әңгімелесуге жіберілген қатысушылардың тізімі жарияланған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде өткізіледі.

53. Әңгімелесудің мақсаты қатысушылардың кәсіби, моральдық іскерлік және жеке қасиеттерін бағалау болып табылады.

Үміткерлердің кәсіби, моральдық, іскерлік және жеке мінездемелерін бағалау кезінде конкурстық комиссия біліктілік талаптарына және тиісті лауазымының функциялық міндеттеріне сүйенеді.

Комиссия төрағасының және мүшелерінің алдын ала шешімі конкурс қатысушысы бойынша мәліметтерде сипатталады.

54. Әрбір қатысушымен әңгімелесу барысы техникалық жазба құралдары көмегімен жазылады.

Конкурстық комиссияның техникалық жазба құралдарын қолданғаны туралы конкурстық комиссия отырысының қорытынды хаттамасында белгі жасалады. Жазба тасығыштар әңгімелесу өткен сәттен бастап кемінде бір жыл конкурстық комиссия хатшысында сақталады.

 

 

10. Конкурстық комиссияның шешімі

 

55. Әңгімелесу өткізгеннен кейін үш жұмыс күнінен кеш емес өткізілуі тиіс конкурс комиссиясы қорытынды мәжілісінде үміткерлерді берген құжаттары, дене шынықтыру бойынша сынақтан өтудің қорытындыларды, тестілеу мен өткізілген әңгімелесудің нәтижелері негізінде бағалайды және олардың қатарынан бос әкімшілік лауазымға орналастыру үшін іріктеуді іске асырады.

56. Конкурстық комиссияның шешімі қатысушылар қатыстырылмай, ашық дауыс беру жолымен қабылданады. Конкурстық комиссияның шешімі егер мәжіліске оның құрамының үштен екісінен кем емес бөлігі қатысса, заңды деп есептеледі.

Комиссия құрамынан қатысып отырғандардың көпшілігі дауыс берген жағдайда қатысушы оң баға алады. Дауыстар бірдей болған жағдайда конкурстық комиссия төрағасының дауысы шешуші болып табылады.

57. Әңгімелесу қорытындысы бойынша Комиссия келесі шешімдердің бірін қабылдайды:

1) МӨҚҚ-ға қызметке қабылдауға ұсыну;

2) алдағы тиісті бос лауазымдарға орналастыру үшін үміткерлер резервіне енгізуге ұсыну;

3) қызметке қабылдаудан бас тарту.

58. Әңгімелесуден өткен, конкурстық комиссияның оң қорытындысын алмаған қатысушылар конкурстық комиссияның ұсынысы бойынша үміткерлер резервіне алынады, олардың саны бір бос лауазымға екіден аспауы қажет.

Кадр резервіне енгізілген конкурсқа қатысушылар конкурс өткеннен кейін бір жылдың ішінде қосымша конкурс өтпей-ақ тиісті лауазымға тағайындалуы мүмкін.

Кадр резервіне енгізілген конкурсқа қатысушылардың тізімі комиссияның төрағасымен бекітіледі.

59. Конкурстық комиссиясының қабылдаған шешімі конкурстық комиссияның төрағасы мен мүшелері, сондай-ақ хаттама жасауды жүзеге асыратын хатшының қолдары қойылған хаттама түрінде рәсімделеді. Талқылау барысы техникалық жазба құралдары көмегімен жазылады.

60. Кадр қызметі әңгімелесуден өткен қатысушылардың тізімін, әңгімелесу өткенен кейін үш жұмыс күні ішінде ресми интернет-ресурста жариялайды.

61. МӨҚҚ-ға қызметке қабылдау туралы конкурстық комиссияның оң қорытындысын алған қатысушы одан әрі зерделеу және рәсімдеу үшін кадр қызметіне жіберіледі.

62. Дене шынықтыру даярлығы бойынша сынақтан немесе тестілеуден өтпеген қатысушы, теріс нәтиже алған күнінен бастап үш ай өткен соң конкурсқа қатыса алады.

 

 

11. Тағылымдамадан өту тәртібі мен шарттары

 

63. МӨҚҚ-ға қызметке орналасу кезінде құқық қорғау қызметіне үміткерлер үшін тағылымдамадан өту (бұдан әрі - тағылымдамадан өту) тиісті лауазымдар бойынша екі айға дейінгі сынақ мерзімімен арнайы алғашқы оқудан өткенге дейін тағылымдама өтуші болып тағайындалған адамдарға белгіленеді.

МӨҚҚ-ға қызметке орналасуға үміткерді арнайы алғашқы оқудан өткенге дейін екі ай сынақ мерзімімен және тәжірибелі қызметкерлер қатарынан тәлімгерді бекіту тағылымдамадан өтушіні тиісті лауазымға тағайындау туралы басшының шешімі бұйрықпен рәсімделеді. Тағылымдамадан өту мерзіміне үміткермен еңбек шарты жасалынады.

64. Тағылымдамадан өтуші қызмет орны бойынша тікелей бастығының және қызметкерлер қатарынан тәлімгердің басшылығымен тағылымдамадан өтеді.

65. Тағылымдамадан өту жеке сипатта болады және мыналарды көздейді:

1) өзіндік теориялық даярлық;

2) кәсіби және ұйымдастырушылық дағдыларды игеру;

3) жұмыс қызметін ұйымдастыруды зерделеу;

4) Қазақстан Республикасының заңнамалық және нормативтік құқықтық актілерін зерделеу және оларды практикада пайдалану;

5) нормативтік құқықтық актілердің және ұйымдастырушылық-өкілдік құжаттардың жобаларын әзірлеуге қатысу.

66. Тағылымдамадан өтуді ұйымдастыру үміткер лауазымы бойынша тағылымдамадан өтуші ретінде тағайындалған қызметтер мен бөлімшелердің басшыларына жүктеледі. Олар:

1) тағылымдамадан өтудің уақытын (кезеңін), орнын, тағылымдамадан өтушілердің санын, тағылымдамадан өтушілердің жетекшілерін анықтайды;

2) тағылымдамадан өтудің жеке жоспарын және олардың қорытындылары бойынша есепті бекітеді;

3) тағылымдамадан өтушілердің жетекшілерінің жеке тағылымдамадан өтетін қызметкерлердің жұмысын бақылайды;

4) зерделенетін мәселелер бойынша тағылымдамадан өтушілермен әңгімелесулер өткізеді.

67. Тағылымдамадан өтудің жетекшісі:

1) тағылымдамадан өтушімен бірлесіп жеке жоспарды әзірлейді;

2) тағылымдамадан өтушіні функционалдық міндеттермен, құқық қорғау органы жұмыстарының ұйымдастырылумен таныстырады;

3) тағылымдамадан өту жоспарында көзделген мәселелерді зерделеуге қажетті әдістемелік және практикалық көмек көрсетеді;

4) тағылымдамадан өту барысын және тағылымдамадан өту жоспарын уақтылы орындалуын бақылайды.

68. Тағылымдамадан өту кезінде, қызметке үміткер:

1) тағылымдамадан өтудің жетекшісімен бірлесіп, тағылымдамадан өтудің жеке жоспарын әзірлейді;

2) тағылымдамадан өтетін қызмет жұмысын және тұтас Министрлік қызметін толығымен реттейтін нормативтік құқықтық және өзге де актілер талаптарымен танысады;

3) тағылымдамадан өту орны бойынша өткізілетін кәсіби даярлық бойынша сабақтарға және басқа да іс-шараларға қатысады;

4) атқарылған жұмыстың есебін жүргізеді;

5) тағылымдамадан өту жоспарын орындау туралы есепті жасайды.

Тағылымдамадан өтуді куәландыратын құжаттар тағылымдамадан өтудің жеке жоспары және оның қорытындылары жөніндегі есептер болып табылады, олар тағылымдамадан өтушінің жеке ісіне тігіледі.

69. Үміткердің теориялық білімдерін және практикалық жұмыстарын бағалаудың қорытындылау кезеңі болып оның тағылымдамадан өту кезеңіндегі тағылымдамадан өту басшысымен толтырылып қол қойылатын, тағылымдамашыны бағалау парағы болып табылады. Бағалау парағында тағылымдамашының алған білімі мен практикалық машықтарының көлемі мен деңгейі, сондай-ақ үміткердің кәсіби даярлығының, іскерлік қасиеттерінің бағасы мен нақты шешімдерді өз еркімен қабылдау мүмкіншіліктері көрсетіледі.

70. Тағылымдамадан өтуші өзіне жүктелген міндеттемелерді орындамаған жағдайда тағылымдамадан өту жетекшісі оны одан әрі тағылымдамадан өтуден босатады, бұл туралы кадр қызметіне хабарлайды. Тағылымдамадан өтуші тағылымдама қорытындысы бойынша теріс мінездеме алған жағдайда ол арнайы бастапқы оқуға жіберілмейді.

71. Тағылымдамадан өту кезеңінде үміткерге нысанды киім киіп жүруге рұқсат етілмейді. Тағылымдамадан өтушінің өміріне қатер төнуі немесе кәсіби дайындығының болмауынан оның іс-қимылы заңдылықтың бұзылуына, азаматтардың құқықтарына, бостандығына және заңды мүдделеріне қысым жасалуына алып келуі мүмкін жағдайда іс-шараларға және пайдалану шектеулі құжаттармен жұмыс істеуге тартылмайды.

72. МӨҚҚ-ға қызметке түсуге үміткерлерге еңбек шартына сәйкес тағылымдамадан өту уақытында штаттық кестедегі атқаратын лауазымы бойынша лауазымдық еңбекақы төленеді.

73. Тағылымдама аяқталған соң, тағылымдамадан өтуші тағылымдамадан өткен құрылымдық бөлімшенің бастығы тиісті органның бірінші басшысы (қызметке тағайындау және босату құқығы бар) бекітетін қорытынды жасайды және тағылымдамадан өтушіні арнайы бастапқы оқуға жіберу туралы бұйрықты рәсімдеуге негіз болып табылады.

 

 

Мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдарына қызметке
орналасатын азаматтар үшін дене шынықтыру көрсеткіштері
бойынша нормативтер және дене шынықтыру даярлығы бойынша
сынақ қабылдау тәртібі

Медициналық-жастық топтар

 

ерлер

әйелдер

1-топ: 30 жасқа дейін

1-топ: 25 жасқа дейін

2-топ: 30-дан 35 жасқа дейін

2-топ: 30 жасқа дейін

 

3-топ: 35 жасқа дейін

 

 

Ерлерге арналған жалпы жаттығулар

 

р/с



Жаттығулардың атауы

баға

Медициналық-жастық топтар

I

II

1

2

3

4

5

1

Қашықтыққа жүгіру 100 м. (сек)

Өте жақсы

Жақсы

Қанағ.

13,0

13,5

14,0

13,5

14,0

14,5

жаттығуға арналған жас коэффициентін есепке ала отырып

2

Жүгіру (Кросс) 1 км. (мин., сек)

Өте жақсы

Жақсы

Қанағ.

3,20

3,30

3,50

3,30

3,45

4,00

3

Аспаға тартылу (саны)

Өте жақсы

Жақсы

Қанағ.

15

13

11

13

11

9

 

 

Әйелдерге арналған жалпы жаттығулар

 

1

Қашықтыққа жүгіру 60 м. (сек)

Өте жақсы

Жақсы

Қанағ.

9,2

9,7

10,2

10,2

10,5

11,0

11,3

11,8

12,3

2

Қашықтыққа жүгіру (Кросс) 1 км. (мин., сек)

Өте жақсы

Жақсы

Қанағ.

4,30

4,50

5,00

5,00

5,20

5,40

5,40

6,00

6,20

3

Кешенді күштік жаттығулар (1 минутқа саны)

Өте жақсы

Жақсы

Қанағ.

35

30

25

30

26

22

26

22

18

 

 

Дене шынықтыру даярлығы бойынша жалпы жаттығуларды
орындау шарттары

Аспаға тартылу

 

жоғарыдан ұстап жерге аяғын тигізбей, әрбір кезде қозғалмайтын тұрғыдан, тартылған қалпы қолдары түзу (пауза 1 секунд), жұлқынбай және аяқтарының қозғалысымен орындалады, иегі аспа деңгейінен жоғары;

 

 

Кешенді күштік жаттығулар

 

әйелдер үшін

бір минут ішінде орындалады: алғашқы 30 секундта арқамен жатып, қол ұштарын иыққа қойып, аяқтарды қосып (аяқтарды сәл бүгуге болады), кеуде тізеге тигенше барынша еңкеюді орындайды, бастапқы қалыпқа келу кезінде жауырынды жерге тигізу керек; содан кейін қалған 30 секунд ішінде жатқан қалыпта қолдарды созу, бүгу жаттығуын жасауды орындайды (денені тік ұстап, қолдарды кеудесі жерге тигенше бүгу).

 

 

60 метр қашықтыққа жүгіру

 

жаттығу төмен сөреден стадионда немесе жазық жерде орындалады.

 

 

100 метр қашықтыққа жүгіру

 

жаттығу төмен сөреден стадионда немесе жазық жерде орындалады.

 

 

1000 метр қашықтыққа жүгіру(Кросс)

 

жаттығу жоғары сөреден стадионда немесе жазық жерде орындалады, мұнда сөре және мәре бір деңгейде;

жаттығуды биіктік теңіз деңгейінен 1500 метрге биік жерде жасаған жағдайда, спорттық киім нысанында:

1000 метрге-10 секунд

 

 

Дене шынықтыру даярлығын бағалау

 

Қатысушылардың дене шынықтыру даярлықтары бойынша бағалар ведомостерге қойылады және бақылау тестілеуді тапсыру хаттамаларымен ресімделеді.

Дене шынықтыру даярлығы бойынша жеке баға алу үшін қатысушылар, күш даярлығын, жылдамдық-күш даярлығын және төзімділіктің даму сапасын қамтитын кемінде бес тест тапсырулары тиіс;

Қатысушының жеке дене шынықтыру даярлығының бағасы, ол бес тесті орындау бағаларынан қосылады және айқындалады:

өте жақсы-үш баға өте жақсы болып, қалғандары жақсы болса;

хорошо-үш баға жақсы болып, қалғандары қанағаттанарлық болса;

қанағаттанарлық-барлық бағалар қанағатанарлық болса немесе бір баға қанағаттанарлықсыз болып, үш баға жақсы болса.

 

Мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдарына
қызметке орналасатын азаматтар үшін тестілеу
бағдарламасы мен тестілеу нәтижелерінің шекті мәндері

 

1. Нормативтік құқықтық актілерді білуге тест мыналар бойынша сұрақтарды қамтиды:

1) Қазақстан Республикасының Конституциясы - 10 сұрақ;

2) «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Қазақстан Республикасының Заңы - 10 сұрақ;

3) Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің ар-намыс кодексі (Мемлекеттік қызметшілердің қызмет этикасы ережелері)-10 сұрақ;



4) «Құқық қорғау қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңы - 10 сұрақ;

5) «Өрт қауіпсіздігі туралы» Қазақстан Республикасының Заңы - 10 сұрақ;.



2. Логикалық тест - 10 сұрақ.

3. Әр нормативтік құқықтық акт бойынша шекті мәндер:

мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдарына қызметке орта және аға басшы құрам лауазымдарына орналасатын азаматтар үшін дұрыс жауаптар 60%-дан кем емес;

мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдарына қызметке қатардағы және кіші басшы құрам лауазымдарына орналасатын азаматтар үшін дұрыс жауаптар 40%-дан кем емес;

Логикалық ойлануға тестілеу нәтижелері есептелінбейді.

Тестілеу уақыты - 60 минут.

4. Тестілеу кезінде азаматтарға нормативтік құқықтық актілерді, басқа әдебиетті және байланыс құралдарын пайдалануға тыйым салынады.

 

 


©dereksiz.org 2016
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет