Бұл ойқы-шойқы, шимай-шытырық жазбалар көпшілік жұрт үшін елеусіз, бәлкім мүлде белгісіз қаламгер, шын мәнінде бұрынғы-соңғы алаш руханиятындағы ең алып тұлғалардың бірі Иман Қазақбайдың архивінен табылды



бет4/15
Дата16.06.2016
өлшемі7.42 Mb.
#139372
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   15

11
Көз ілдім, тарс ұйықтадым, аз ба, көп пе уақыт өткенде қайтадан жайсыз күйге түстім. Қолқа-жүрегім сыздап, өкпе-бауырым суырылып, бір басым екіге жарылғандай, өте жайсыз ахуал. Кетем бе, қалам ба деймін дөңбекшіп. Қалам. Жоқ, кетем. Содан соң қызық түс көрдім. Тура өңімдегідей. Ұйқылы-ояу жатыр екем. Әуелі бөлмелес серігім Құлашбек тұрды. Жуынды, киінді, жұқа портфелін алды. Академияның ядролық физика институтына, күнделікті тәжірибе үстінде жұмыс жасайтын лабораториясына бармақ. Маған ойлана қарап тұрды да, ояуға тақау екенімді аңдап, бас изеп қоштасты. "Жол болсын, енді жуық арада көрісеміз бе, жоқ па, Алматыға келе қалсаң, хабарлас... Әйткенмен..." – Арғы жағын айтпады, қайыр, есен-сау бол дегендей ишарат жасады да, шығып жүре берді. Маужырап, еріне тұрсам да, бірден сергідім. Ұйқы қанып қалыпты. Тезінен жуынып, әтір себініп, сәнімен киініп, дайын тұрған екі түйнешектің біреуін ғана – кітап салынған қатырма қорап емес, киім-кешекті сумканы жеңіл ұстап, жоғарғы қабаттағы Балжанға барыппын. Бұдан соң... мейір қанған, сағынышты, сәулелі сәттер... Міне, ес жидық. Әлі ерте. Қайтадан... айқаласып кеттік... Балжан мүлде басқаша. Ақыры тұрдық. Уақыт өтіп барады екен. Тым асықпасақ та тезінен жиналдық. Жиналғанда, бәрі дайын. Өзімнің жеңіл сумкамды қызға беріп, қыздың жуан, бума қапшығын арқама салып, тырсылдап тұрған екі шабаданды екі қолыма ұстап, төменге түстік, тура босағада, бірінші қабаттағы буфеттен шығып келе жатқан тағы бір аспирантқа кездестік, ол да физик еді, қарсы бөлмеде тұратын, маған таңырқай қарап, Құлашбекті сұрады, лабораториясына бағана, таң сәріде кеткен дедім, мені күтуі керек еді ғой деп, есен-сау айтпастан тұра жөнелді, ұйқысы қанбаған кісіні түске дейін күту керек екен ғой деп, Балжан екеуіміз оған сырттай тағы күліп алдық. Артынған-тартынған беті көшеге шықтық, қол көтеріп, жол тостық. Сол сәтінде әлдебір ескі машинаның ұшыраса кеткені. Вокзал. Пойыз. Жұмсақ вагон, тиесілі купе. Екеуіміз ғана. Кіре сала есікті тарс жауып алдық. Әуелгі, ортақ үйіміз сияқты. Балжан маған сүйіне қарап, мойныма асылды. Ал менің жүрегімде ауыр салмақ, әлденендей қайғы бар. Купенің ашық, кең терезесінен сыртқа қараймын. Жылжи жүріп кеттік. Қош, ару Алматы!.. Қош бол, менің басталмай жатып тәмам болған ғылыми қызметім... Бірақ уақа емес деп, өзімді жұбатам. Балжан бар. Өмірлік қосағым. Ал ғылым деген... Көкірегімді қайтадан мұң басты. Алматыға ғылым ғана қалмаған. Жан-жүрегім, ой-санам да қақ жарылып, амалсыз тәрік болғандай... Екі иінім – зіл. Таңертеңнен бері бұрынғыдан ашылған, мені біржола иемденген Балжан еркелей қарап, жеңіл күрсінді де, жаймасын жазып, жастығын тыстап, екеуімізге төсек салуға кірісті. "Енді біреуін кейін саларсың..." – деймін, дегбірім таусылып; көңілім шалқып, бірден жеңілейдім.
12
Шалқыған жоқ, жаншылды, жеңілейген жоқ, ауырлай түскен. Кеуде қаңыраған, жүрек сыздаған, жайсыз қалыпта әрең ояндым. Таң апақ атқан. Таң атқан жоқ, сәске болып қалған. Атып тұрып, сағатыма қарадым. Сәске емес. Түс ауып кеткен. Сағат... екі!.. Мүмкін емес! Шайқап, құлағымды тосып, тыңдап көрдім. Тура. Жүріп тұр. Қарсы қабырғада, менімен серіктес Құлашбектің төсегіне қарадым. Әрине, баяғыда тұрып кеткен. Төсегінің басындағы текшеде тұратын епетейсіз үлкен, доп-домалақ шылдырақ сағатқа ұмтылдым. Бес минут кетіпті. Жаңағы, қорқынышты екіден. Бұл, атам заманғы ескі сағат әжептәуір озып жүретін еді. Мәселен, күніне үш минут. Он күнде жарым сағат. Қырық күнде... Елу күнде... дедім, сандырақтаған кісідей, жуан сағатты оңды-солды төңкеріп. Өз сағатыма қайта қарадым. Екі минут қана кетіпті. Екіден! Ал біздің пойыз... Он екіде кетіп қалған. Он екі емес, бірде. Бірге бес минут қалғанда. Екіге бес минут болса да кетті. Айырмасы қанша. Кетті ме – кетті! Шынымен кетсе... Балжан... Жүрегім солқ ете түсті. Балжан қайда? Мені оятпағаны несі? Әлде ол да ұйықтап қалды ма? Жол жүктеріме қарадым. Сары қорап есікке қарай жылжығандай, бірақ орнында тұр. Ал қоңыр сумка жоқ. Еш жерде. Бөлменің есігі кілттенбеген, ашық екен. Саңылауы үңірейіп тұр. Сірә, суық қолды біреу мен ұйықтап жатқанда кірген де, жымқырып әкеткен. Мұндай жағдай бұрын болмаса да. Мейлі, барсын. Қазір Балжанды тауып алам. Бәлкім, мен шатастырғам, пойыз күндізгі емес, түнгі... Апыл-құпыл жинала бастадым. Сыры көшкен күрең шипәнерде менің тек салтанатқа ғана киетін қымбат костюмім тағы жоқ болып шықты. Үтіктеулі шалбар, ақ жағалы таза көйлегімен қоса. Және жаңа туфлимен. Абырой болғанда, кеше ала жүруге татымас деп, астыңғы тартпаға тыға салған көнетоз пенжек, ескі шалбар мен өкшесі мыжырайған жаман туфлиім есіме түсті. Жалаңаш, тіпті мәйкесіз кеудеме Құлашбектің салбырай ілініп тұрған жұпыны жейделерінің бірін кидім. Болған жағдайды талдап, талқылап жатуға мұрсат та, мүмкіндік те жоқ, сол, ескі-құсқы, жамау-құрау қалпымда, жоғарғы қабатқа қарай тұра жүгірдім. Балжанның бөлмесі тарс жабық болып шықты. Әрі қақтым, бері қақтым. Әрі тарттым, бері тарттым. Есім адасқан кісідей, қаққылай, жұлқылай беріппін.

– Тыныш! – деген оқыс дауыс шықты артымнан.

Жалт қарадым. Ұзын швабрасының көлденең ұштығына оралған салпыншақ кенеппен еденді тазалай жуып жүрген қызметші кемпір екен.

– Қыздар түгел кетіп қалған, – деді жаңағыдан бәсеңірек, зілсіз дауыспен.

– Қалайша?.. – деппін шарасыз қалыпта.

– Қалайша? Оқу бітті, содан соң кетті. Бәрі де. Біреулері дорбасын арқалап, біреулері жаңа қосылған күйеулерін құшақтап...

Мен аңырып, шайқалақтамасам да, төңірегім түгел бұлдырап, тұрып қалдым.

– Саған керек қыз... – деді көңіл айтқан, жанашыр әуезбен, – сен іздеген қыз кеше бар ма еді?

– Бар...

– Онда бүгін кетті, – деді. – Мана. Байдың қызы. Сұлу...

– "Сұлу..." – дедім мағнасыз қайталап.

– Иә, байдың сұлу қызы. Кетті. Екі шабадан, қаншама буыншақпен. Оқудан емес, базардан қайтқандай. Бәрін жігітіне артып...

–Қандай жігіт? – деппін.

– Мен қайдан білейін, – деді қызметші кемпір кенет ашу шақырып. – Былай тұр есік алдынан, ерікпей. Жұмысқа бөгет жасайсың. "Қандай жігіт, қандай жігіт!" Қазіргі қыздарда жігіт көп. Күнде ауыстырады. Соның бірі де!

Менің бетіме шүбалана қарап, азғана бөгелді.

– Мүмкін, – деді сүрткіш таяғына сүйеніп, белін жазып, – мүмкін, осы сенің өзің шығарсың... Мүмкін, – деді содан соң күмілжіп, – күйеу болатын жігіт емес, бірге оқыған бала шығар. Жүгін көтеріп, көмектескен...



Бұл – әуелгіден де ауыр ақпар еді. "Бірге оқитын..." Баяғы бала соңғы, мен Балжанға ие болған екі жылда тезінен ересек тартқан. Бойы да өсті, өңі де байсал тапты. Жүріс-тұрысы, сөз әуені түгел салмақты. Балжанмен бірге оқып, ортақ жатақханада тұрған соң, анда-санда ұшырасып қаласың. Үнемі ізетпен, бас изеп амандасады. Ал Балжанмен кездесіп қана қоймайды, күн сайын сөйлесуге мүмкіндігі бар. Сабақта. Мұнда, әрине, сирегірек. Тек дипломдық жұмыс, кезекті мемлекеттік емтихандар басталғалы қыздар бөлмесіне қатынауы жиілеген. Әрине, ортақ оқу, бірлескен дайындық жөнімен. Әйтсе де, мені көргенде әжептәуір қысылады, Балжанды әлі күнге сүйетіні, қаншама алыстап кетсе де, үмітін үзбегені анық еді. Қызды біржола меншіктендім десем де, мұндайда жүрегім кілегейленіп, әлде қызғаныш, әлде күдік сезімі қылаң береді. Кеше де... біз киноға шығарда осы есік алдында, бұл жолы Балжанның өзімен жеке-дара сөйлесіп, төмен қарап мұңайып тұр екен. Бүгін шығарып салса несі бар. Бәлкім, қисынсыздан кешіккен менің орнымда, бірге кетуі... Жобаға келмес, сорақы күдік еді. Бірақ амал не, қайткенде де қызымыздың кетіп қалғаны айқын болды.
13
Қалайша ғана кетті деп ойлаймын. Мені тастап. Жарайды, ұйықтап қалыппын. Жерігеннен, жек көргеннен емес қой. Асса, ақмақшылық қана. Немесе маубастық. Ал, ұйықтадым. Мүмкін, қатты ауырып жатқан шығармын. Тұра алмаймын, жүре алмаймын. Келіп біле салса болады ғой. Қарсаңындағы кеште ренжіскеміз жоқ. Тым құрса жөнін, өкпесін айтпады ма. Тіпті, өкпелейтін реті жоқ. Үнемі тату, тәтті болдық. Қалтқысыз табысқандай едік... Ерні бал татыған, құшағы от шарпыған жалғыз жар... Көзім тұманытып, басым айналып барады. Кенет... мен – қалғам жоқ, ол – безген жоқ, пойызда, оңаша купеде бірге кетіп барады екенбіз. Көзі мөлдіреп, еркелене қарайды... Келер мезетте аласұрып атып тұрып, тар бөлме ішінде теңселіп тұрам. Басым қарақұстан қақ маңдай, кеңсірегіме дейін екі айырыла шытынап, жүрегім шымырлап, бауырым езіліп, буын-буыннан әл кетіп, киімшең қалпы табыт-төсегіме құлаймын. Бір заматта... солықтай тыныстап, керіле босаңсып, екі дүниеден баз кешкен, бар тілегіне жеткен, байсал, мамыражай қалыпта сұлық жатам. Елжірей езіліп, қайтадан құшақтаймын. Балжанымды. Сөйтсем, Балжан дегенім – мақтасы түйірпектелген жаман жастық екен. Тағы да ышқына ыңырсып, атып тұрам. Күн өтті. Кеш болды. Құлашбек келді. Маған таңырқай қараған. Әрине. Алжа-бұлжа, опай-топай болсам керек. Өзімше жинақыланып, бумадағы кітаптарымның бетін ашып, қолыма түскен біреуін алып, ақтарыстай бастадым. Құлашбек те шешініп, киімін ауыстырған соң портфелінен қағаз, қаламын шығарып, ағылшын әлде неміс тілді әлдебір ғылыми журналмен қоса, ортадағы жайдақ стол үстіне қойды. Оның бар жұмысы тиянақты. Бар болашағы өзіне – нақты еңбегіне ғана байланысты. Маркстік-лениндік-орыстық идеологияға байланысты емес. Химия, физика, математика... тағы не, ең аяғы биология, жоқ, геология, гидрология, астрономия – нақты, техникалық ғылым саясатқа да, ұлтқа да қатыссыз, барлық заман, барлық жұртқа ортақ, бір тіл, бір түйінді. Тозған тарих, азған әдебиет емес... Құлашбек бөлмедегі жалаңаш екі орындықтың біреуін жылжытып, стол басына барып отырып, сірә, бүгінгі лабораториялық жұмыс қорытындысы, айдақ-сойдақ, шимай жазу толы қағаздарын төңкере бере, маған көз тоқтатып қарады. Жаңа ғана көргендей. Есімді жиып, ақылыма түсуімді күткен.

– Сен немене, қайтып келгенсің бе? – деді.

– Мен ешқайда кеткем жоқ, – дедім.

– Қыз... қызды шығарып салдың ба?

Мен құрысын қызы да, басқасы да дегендей, қолымды сілтедім. Бірақ үнсіз қалуға болмайтын.

– Есікті ашық қалдырған екем, менің бар киімімді сыпырып әкетіпті, – дедім сөзді басқа жаққа аударып. Әрі қажетті әңгіме. Құлашбек:

– А... – деп, қабағын көтеріп, таңырқай қарады.

Мен ештеңе бүлінген жоқ дегендей, мысқылдап, өзімді өзім қыжырта сөйледім.

– Өзіме де сол керек... Сенің бір көйлегіңді кидім.

– Кие бер, – деді. – Үстіңнен іріп түсіп қалғанша.

Ескінің несін аяйын, онсыз да оңып тұрған жоқ дегендей, жеңіл жымиып күлген. Үстімнен көріп тұр.

– Жаңа, тәуірірегін кимедің бе...

– Сенен алатыным мұнымен бітпейді, – дедім, – Азғана тиын-тебен ауыса тұрмайсың ба? Соңғы стипендияның жұқанасы ұрланған костюммен бірге кетті...

– Жарар, – деді.

Бөгелместен орнынан тұрып, шипәнердегі костюмінің төс қалтасынан әмиянын алып, жарты стипендия мөлшерінде – отыз сом ұстатты. Әке-шешесі бар, бай болмаса да, ауқатты жігіт еді. Бірақ бұл арада мәселе барлықта емес, жомарт кеңдікте тұрған.

– Мүмкін, сенікі дұрыс шығар, – деді маған тағы да ойлана қарап алып. – Қыз... сені тым жақсы көретін. Қамықпа. Ешқайда кетпейді. Әрине, әуелгі сөзін ұстамады деп, дәл бүгін өкпелеуі мүмкін. Өкпе тарқайды, қайта табысасың... Ал ғылым... гуманитариядан хабарым болмаса да, аңдап жүрмін, бірталай шаруаның басын қайырған сияқты едің. Орта жолдан тастап кету обал. Үлкен ғылым қыздан кінәмшіл. Уақытында қамтымасаң, қайта айналып келмейді...

Әлбетте, армандас досымның әуелгі болжалы жаңсақ, кейінгі кеңесі қатесіз. Десе де мен... ғылымнан қол үзіп, атақтан айнығам жоқ, бірақ жігерім құм болған, алдым шыңырау құз емес, бітеу тас қабырға, кетпейін дегем жоқ, көлденең кеселге ұшырадым; қызбен арадағы жағдай да мүлде басқаша, араз-өкпесіз, қапияда айрылыстық, қайткенде де жеріген мен емес, ол, яғни қайрылып соғуы екіталай, тіпті, мүмкін емес. Анығы – екі тарапта да орта жолда қалыппын. Өткенге оралмас, өріске жете алмас қысылтаңда. Ғылыми жұмысым ғана емес, бар болашағым бұлдыр. Адамдық үлкен арман ғана емес, пенделік кішкентай тіршілігімнің өзі.

Балжан... сол бойы жоғалды. Әрине, мекен-жайын білем, аудан орталығы. Облыстық деңгейдегі шағын қала, соңынан бара қалсам, қазақ арасы, Мекеден алыс емес, сұрастырып жүріп табам, бірақ онда не күтіп тұр – кеше тым құрса қоштаспай, хабар-ошарын білдірмей, шын мәнісінде, мені тастап, қашып кеткен қыз енді қалай қабылдамақ. Әлбетте, басқа ниет, басқа бір оймен кетті. Бәлкім... басқа бір жігітпен қол ұстасып. Өз ауылынан да асып, әлдебір қиянға. Аяқ астынан олай болмас, деймін өзімді алдарқатып. Бірақ кеткені рас қой, әзірше нақты біреумен қауышпаса да, менен жеріп. Мүлде түсініксіз жағдай. Әйтсе де мен үшін ақырғы нәтижесі біреу-ақ. Жолымыз айрылды. Мен жалғыз қалдым.


14
Езілген, түңілген, кеуде басылып, көңіл мұңға толған, мең-зең қалыпта, ұзақтығы тұтас айға созылған, азабы қалған ғұмырға жетерлік, бір, әлде жарым апта өтсе керек. Балжанға деген көңілім суымаса да, ықылас, ниетіме көлеңке түскен. Тек күн аралатпай, қуыс кеудемде қамырықты, күйікті толқын көтеріліп, ішім алай-түлей болатыны бар. Еденге етпеттей құлап, шиыршық ата домалап, күңірене айқайлап, өкіре жылағым келеді. Елден аулаққа қашып, Алатаудың шың-құзына шығып, мұз бен қарға бауырымды басып, ішімде үйіріле лапылдаған от-жалынды сөндірсем деймін. Бірде шынымен-ақ мұз тау, қарлы шыңға қарай шықтым. Мұз бен қардың өзіне емес, бергі жасыл биігіне. Медеу шатқалына өрлей түсіп, орта жолдан қиялай бұрылдым. Баяғы... бақыт бесігін іздеп едім. Нақты өзі табылмады. Тоғай мен алас, күн сүйген белес, көлеңкелі сая. Әйтеуір осы тұс. Тығыз, көк шөпке бауырымды төсей жығылып, егіл-тегіл жыладым. İштегі толқын сыртқа шыққанымен, кеудедегі күйік тарқамады. Есесіне көңілім тақа суымаса да, жүрегімнің ұшына тас байланған еді. Балжаннан біржола айрылыппын. Бірақ қимаймын, өтті-бітті, көрер қызығың таусылған жоқ деп қанша қажасам да, өзімді жұбата алмағам. Бар бақытым Балжанмен бірге кеткені анық еді. Өлгім келді. Айтқанға ғана оңай екен. Бір замандағы аруақты атадан қалған жалғызбын. Тұқымым құриды, жарығым біржола сөнеді. Ол да емес мені тоқтатқан. Ездік, жігерсіздік дер едім. Өзіңе өзің қол жұмсау үшін де шешімтал батылдық керек екен. Әйтпесе, біржола үзілген үміт. Менің үмітім жұқарса да, әлсіз жіптікке ілінсе де, үзілмей тұрған. Шынында да, мені кең дүниеге алып шығатын басқа бір қызығым – өмірлік мақсат, көкірегімдегі ешқашан сөнбес, және айнымас, айрылмас, өзіммен бірге жасар жан серігім – ғылым, нақтылап айтқанда, туған халқымның мәңгілік рухына қатысты мұрат – өткен тарихты жарыққа шығару талабы бар еді ғой. Сол үшін тудым, сол үшін жасаймын. Елімнің еңсесін көтерем. Өзім де атақ-абыройға бөленем. Бағзыдағы орыс тарихын қалыптаған Карамзин мен Соловьев сияқты. Шығыс тарихын әйгілеген Бартольд, көшпенділер тарихын байыптаған Владимирцов қарайлас. Тіпті, аяғың тұсаулы, өрісің шектеулі дегеннің өзінде кешегі Ақсақалдың, өзі болмаса да, көлеңкесіне жетуге мүмкіндік бар. Үлкен дарыным жоқ, қабілетім кем дегеннің өзінде, таным мен талабым күмәнсіз, ендігісінің бәрі ынта мен еңбекке ғана байланысты. Қайткенде де белгілі бір нәтиже шығады!.. Өзімді солай бекіттім. Өмірімді қайта ұзартып, ендігі тіршілігіме мән беретін жалғыз суыртпақ – бастаған ісімді ары қарай жалғастыру екен. Осыған тоқтадым. Жүрек, жүйкем, керек десеңіз, бас сүйегім, жұлын-тұтам қақырай сөгіліп, екіге бөлінгеннен бергі жартыкеш жағдай келешек бүкіл ғұмырыма созылмауға тиіс. Сондай қайрылмас шешімге келдім.

Түнде тағы да түс көрдім. Ұйықтап жатсам да, өңімдегідей көрініс сияқты. Біз Балжан екеуіміз бірге аттанғамыз. Қыз – қалыңдығымның ауылына. Той өткен, енді біржола қосылған екенбіз. Тау етегіндегі әлдебір сәнді санаторийде демалып жатырмыз. Түннің бір уағы, жарқырай төгілген үш бөлмелі люкс-номер, қонақжайда дастарқан үсті толған жеміс, жас келіншегім теледидар көріп отыр, мен Марко Полоны оқығым келеді, бірақ кітабым жоқ, Алматыда қалыпты. Оның есесіне Балжан бар. Менің әлденеге алаңдаған көңілсіздеу кейпімді байқады да, орнынан тұрып келіп, мойныма асылады. Теледидарды өшірдік. Жатын бөлмеге келдік. Түнгі шам; Балжан жаға бере қайта сөндірді. Алакөлеңкеде жеңіл шешініп, сыр толқынды, жайлы, кең төсекке жаттық. Мен Балжанды аймалап, құшақтай бере, қайтадан басымды көтеріп, шам жағам. Түнгі, әлсіз жарық емес, аппақ люстраны. Осы аппақ жарықта жас келіншегімнің сымбатты, сұлу денесін көргім келген. Балжан күліп, ашыла бере, қымсынып, қайтадан көрпесіне тығылады. Сол кезде... дәл қыр арқамда, төбеден төніп, жоқ, тура қасымда, жоқ... төсектің арғы жағы, тура терезе алдында, жабық пердені тасаланып, тағы біреудің сұқтана қарап тұрғанын аңдадым. Қалт бөгелдім. Сөйтсем... бөтен біреу емес, өзім екем деймін. Оңаша бөлмедегі өзіме қарап тұрмын. Өзіме емес, енді қызара, сықылықтай күлсе де, мені мазақтап, әлде ынтықтырып, жартылай ашылған Балжанға. Балжан жымиған қалпы, көзінің қиығымен маған қарайды. Содан соң, мойнын оқыс бұрып, арғы жағына... Онда тағы мен. Қайтадан бері қарады – маған. Ары қарады – әрине, мен. Бірақ Балжанның өңі бұзылып кетті. Иегіне дейін көміліп, көрпе астына тығылған. "Сен... сен... – дейді дір-дір етіп. – Сен... екеу екенсің ғой!" "Балжан, Балжан... қорықпа, бұл мен ғой!" – дейді тіпті де мен емес, тек маған егіздің сыңарындай ұқсайтын біреу. "Балым, бұл – мен емес, мен – мына мен..." – деймін, емініп жақындай бере. Балжан естіген жоқ. Анау, маған ұқсастан пана тілегендей, сол, бөтен жігіттің бауырына тығылды. Маған тиесілі қазынаға қол салған сұмырайға қарай ұмтыла бере, оянып кетіппін.

Азғана уақыт сүйгенімді тауып, қуаныш-мерейге толған жүрегімді қайтадан қан жуды. Дәл қазіргі сағатта бөтен әлдекімнің Балжанның бар сымбатын қызықтап жатқанына сендім, енді келер мезетте жан ләззатына толы нәзік қойнауын қақ жарып, маған ғана тиесілі ұжмақ ұйықты ойран қыларына... күмән жоқ еді. Манағы түс ғайып, енді өңімде анық елестеттім: міне... міне, балғын денені бауырына басып, қос отаулы томпақ кеудені төс астына алды, терең шатқалға бойлай еніп, ырғай толғап, балды шелегін толтыра тартады... қызға, қыз емес, аптадан айға жеткен армансыз айқаласта қанша мейірленсе де, қанша тояттаса да, кезекті сауынға иініп, тағы да шөлдеген жас келіншекке керегі де сол, қалың шашы төгіле жайылып, танауы дымдана тершіп, ерні қызара ашылып, ақыл-естен айрылған...

Бұл – мен үшін туған Балжанды түсімде ең соңғы рет көруім екен. Сол, қызғанышқа, өкініш, арманға толы ауыр, азапты түнде, қайран Балжанның басқаға бұйырғанына көз жеткен сәтте алдамшы үмітім де біржола үзілсе керек.


15
Ертеңіне, өзім де күтпеген жағдайда, сергек ояндым. Қайғы мен зар жүректің терең түкпірінде қалған, әлі де ойым олқы, көңілім жартыкеш, бірақ бойым жеңіл, мақсатым айқын. Осыған дейін жасалған азғана жұмыстың қолжазба нұсқасын, барлық дайындық, жоспар, үзік жазбалар, деректік, танымдық көшірмелермен қоса, аспирантураға түскен күні сатып алған, ұясы, қалтасы мол қоңыр портфельге сықай толтырып, Ғылым Академиясының Тарих-зерттеу орталығына, Ақсақал марқұмның әуелгі бір шәкірті, мұнда бөлім бастығы болып тұрған профессор Қарасақалға тура тарттым. Айтпақшы, өткен қыста, ортақ ұстазымыз Ақаңның ұсынысы және осы кісінің өзінің қолдауымен бір шағын мақалам Ғылым Академиясының салалық жинағында жарияланған. Яғни, белгілі мөлшерде осы Қаракеңнің де шәкірті есептімін.

Қарекең мені жатырқамай, керек десеңіз, ықылас, ілтипатпен қабыл алды. Арада бір апта өткенде кіші ғылыми қызметкер дәрежесінде, қажетті жұмысқа бекіп едім.


16
Қамқоршым әрі жаңа жетекшім Қарасақал профессор бар жұмысымды адақтап көрді, мақұлдап риза болды, бірақ бұл қалпында кәдеге жарамайды екен. Яғни, жарыққа шығаруға, қорғауға. Ғылыми тұрғыдан емес, саяси тұрғыдан. Ақсақалмен салыстырғанда, кейінгі заман адамы. Үлкен кісі әуелгі бетінен тайқымай кетіп еді. Сондықтан да жазғанының көбі жарыққа жетпей, бастаған шаруасының біразы аяқсыз қалды. Қарасақалдың да танымы, түсінігі, жұмыс бағдары сол тарапта, бірақ дәл осы кезеңде нақты нәтижеге жеткізер өнімді іске бейім. Айналма жол ұсынды. Хорезм және Қыпшақ – аса күрделі тақырып. Күрделісінен бұрын, субъективті қиындығы мол. Бүгінгі Совет ғылымындағы, ресми саясаттан бастау алатын теріс ұғымды бұзу мүмкін емес. Сен сатқын, қорқау деп отырған Қайыр ханды көреген деп, қаһарман деп мадақтау керек. Шыңғыс ханды зұлым деп, басқыншы деп сөгу керек. Хорезмнің Қыпшақ тарабындағы отарлау саясатын ақтау керек. Яғни, бар жұмысың бастан-аяқ теріс пікір, қате байламға құрылмақ. Басқаша байып – ғылыми ақиқат, тарихи шындыққа жол жоқ. Жазған еңбегің жақсы. Бірақ бойыңа ғана құт. Зерттедің, білдің, таныдың. Кейін, заманнан заман озғанда, дүние түзелгенде... бәлкім, кәдеге асырарсың. Қазіргі саған керегі – ғылыми атақ. Жарыққа жетер ұтымды зерттеу арқылы әуелгі тұғырыңды бекіту. Шығыс Дәштіні кейінге шегере тұрып, Батыс Дәштіге түссең. Қыпшақ және Русь. Немесе, керісінше, Русь және Қыпшақ. Яғни половецтер мен орыс елі. Өте қызық тақырып. Және соны, тың тақырып. Бастау көздері өзіңе белгілі. Қалғанын түгендеп аласың. Бүгінге дейінгі орыс ғылымында тиіп-қашып қана сөз болған. Арнайы, түбегейлі зерттеу жазылған емес. Бірақ дерек көздері жеткілікті. Сонымен қатар, тағы да саясатқа, орыс өктемдігіне қатысты болғандықтан, қиындық мол, шатағы жетіп артылады. Мұнда да, өтірік айтпағанның өзінде, шындықты түгел шығара алмайсың. Соның өзінде беті ашық, мүмкіндігі зор. Және, қалай десеңіз де, билеуші үлкен ел тұрғысынан алғанда өтімді. Шамына тимей, сыналай білсең. Кейін, айттым, заман түзелсе, әлі жассың, ғұмырың жетіп қалар, енді қырық-елу жылдан соң екі Қыпшақты қосып, екі кітап – түбегейлі зерттеу жазасың...

Мен осы, соңғы, Қарекең нұсқаған жолға түстім. Жөні де сол, басқадай амал жоқ еді. Бірақ осы, кедір-бұдыры мағлұм жолдың өзі біз шамалағаннан әлдеқайда қиын болып шықты. Жұмыстың жөн-жобасы емес. Қалай айтқанмен, менің өзіме ғана байланысты шаруа ғой. Және жалпы негізі бұрынырақ айқындалған. Тынымсыз ізденіс, ауыр еңбек үстінде екі жарым жылда тәмам қылдым. Бөлімнен, бастығы Қарекеңнің өзі қолдап тұрған соң, әрине, бірер білгіш бұра қиыстаған азғана кінәраты демесек, бөгеліссөз өтті. Бұдан соңғы, Ғылыми кеңестегі талқы бір тараптан екінші тарапқа, бір қиырдан екінші қиырға тартып, әсіресе, атақты, мансапты ғалымдарымыз үрке тапырақтап, үрейлене терістеп, мақұл мен қарсылық арасында тура бір жыл бойы сенделіп жүрген соң, амалы азайған жетекшім ұтқыр жүріс тапты. Он ай отырып, орысшаға аудардым. Содан соң Мәскеу, Ғылым Академиясының Ресей тарихы институтының тиесілі бөлімі. Орысшыл деңіз, шовинист деңіз, қанша айтқанмен, біздей қаса надан емес, саңылау бар ғой. Ескертпелері көп, бірақ тұтастай алғанда тақырыпты мақұлдап, жұмысты жақтап шығыпты. Мәнді, құнды зерттеу. Енді жол ашылғандай көрінді. Шынымен ашылған. Бір мәртеге, осы ретте. Өктем ағайындар айтқан нұсқау, ескертпелердің бәрін бірдей қабылдамасақ та, негізгі тұрғы, байламдардың кейбірін қиялай, кейбірін астарын өзгертіп, енді біреулерін там-тұмдап, қайткенде де өз бағдарымызды алып шығу, және шынында да орынды сынға орай түзетулер. Үстемелер жасау әжептәуір машақатқа түсті, қайткенде де негізгі ұстынымыз өзгермеген, нақты тарихи деректер, соны, түйінді пікірлер өз орнында қалған. Ақыры, университетті бітіріп, аспирантураға түсіп, ғылымға бет бұрған уақыттан бастап есептегенде тура сегіз жыл дегенде, отыз жасымда әйтіп-бүйтіп, әупіріммен әрең қорғадым-ау. Сәтімен, тезінен және жас кезінде... деп, көтермелеген көлденең жұрт. Сырттан қарағанда бәрі оңай. Орда бұзар отызымда қатарға әзер ілініппін. Жиырма екі жасымдағы әуелгі меже бойынша, бұл кезде үлкен абырой, атаққа жетіп, докторлық диссертацияның өзін дөңгелетіп тастауға тиіс едім. Енді өткенімді ойлап тұрсам, осыған да тәуба екен. Қалай айтсаңыз да, қажетті ғылыми дәреже. Келесі зерттеулерге баспалдақ. Ендігі жолым біршама жеңілдейді деп ойладым. Қайда. Одан бері тағы отыз жыл, иә, отыз емес, жиырма бес жыл – ширек ғасыр, мен сол кәрі кандидат күйімде қалдым. Ендігі арман – уақыты өткен, қызығы қайтқан докторлық атақ емес, көз ашқаннан бері айналдырған, қалай тыпырласам да жеріне жеткізе алмаған жұмысымды – "Тарихтағы қыпшақтар" атты өмірлік еңбегімді орайымен тәмамдау. Тақаудағы төрт-бес жылда, ғасырдың соңына дейін бітіріп-ақ қалар едім – аяқ астынан шыққан пәлекет – арылмас сор боп жабысқан. Ойым онға емес, өзім екіге бөліндім. Бүтін емес, жарты кісі сияқтымын. Баяғыдай. Балжаннан алғаш айрылған кездегідай. Бұл жолы айрылғам жоқ. Табыспасақ та, қайта көрдім. Қаншама заманнан соң. Қартайғанда. Мен қартайғанда. Ал Балжан... сол қалпы емес, әрине. Бірақ көлденеңнің көзін тартар толықсыған келіншектей. Шынымен өзі ме? Иә, көріп қана қойғам жоқ, атына дейін естідім. Балжан біреу-ақ. Сол Балжан. Ал әлгі Марат дегені... Көруім анық. Болуы анық. Бірақ сену қиын. Сенгім келмейді. Әуелде қызық, таң көрінсе, енді қауіптене бастадым. Әлденендей бір қатер әкелетіндей. Ал ол... мені көргеннен-ақ зәресі ұшты. Қатты қорықты. Қорқа тұра қарсы ұмтылды. Бұл не пәле? Енді не күтіп тұр мені?

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   15




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет