Бөкетов Қ. Бір әңгіме хақында / Қ. Бөкетов // Орталық Қазақстан. 2005. 3 наурыз



жүктеу 21.96 Kb.
Дата29.06.2016
өлшемі21.96 Kb.
Бөкетов Қ.

Бір әңгіме хақында / Қ. Бөкетов // Орталық Қазақстан.- 2005.- 3 наурыз.
Асыл ағамыз Евней Арыстанұлы Бөкетовтің соңғы жылдары жазған «Жиеннің» жиендігі жайында Жақыпбектің айтқаны» деген әңгімесін «Орталық Қазақстан» газеті жариялай бастағанда таныстар, оқырмандар телефон арқылы: «Бұл болған хикаят па? Әлде Евекеңнің өз қиялынан туған шығарма ма?» деп сұрай бастады. Қалың оқырманға түсінікті болуы үшін сол жайға тоқтала кеткенді жөн көрдім.

Менің есімде сақталғаны мынадай жай. Жаздың жайма-шуақ күндерінің бірінде, шамамен 80-ші жыл болуы керек, бір топ шәкірті, жақсы көретін жолдастары, араларында бірнеше ұлттың өкілі бар (марқұм Евней өмірінде ұлтқа бөліп көрмеген еді), серуенге шығып, судың жағасында үйден апарған көрпе-жастықтарын жайып тастап, әртүрлі әңгіме айтып күлісіп отырады. Сондай сәттің бірінде техника ғылымдарының кандидаты Александр Алексеевич Щербаков деген бір жолдасы өзінің басынан өткен қызықты бір хикаяны әңгімелеп береді. Соны тыңдап болып, барлығы күлісіп отырғанда біреуі: «Мынау өте жақсы, жазса тартымды әңгіме болып шығады екен», — дегенді айтады.

Сонымен, барлығы рахаттана күлісіп алады. Евекең ол кезде ректорлық қызметтен босап, уақытының кеңейген кезі еді. Бірде сол әңгімеге оралып «Рассказ Алексея Александровича Плетнева, как он вора поймал» деген атпен орысша жаза бастайды. Мұнда әкесінің аты мен өз атын әдейі ауыстырып жазып, Щербаковты «Плетнев» дөп өзгертіп алады. Щербак деген қазақтың шарбақ дегені, жай халық оны плетень дейді. Шығарманы жазу үстінде Евекең Щербаковты бірнеше рет шақырып алып, мұқият сұрап, болған жағдайды әңгіме етіп, қағазға түсіріп қойыпты. Бірақ ешбір баспа орнына ұсынбаған екен.

Кейінірек, 1983 жылы болуы керек. Жүректен сырқаттанып, ауруханада жатқанда бұл әңгімені «Жиеннің» жиендігі жайында Жақыпбектің айтқаны» деген атпен қазақша жазып шығады. Оны шәкірттерінің біріне машинкаға бастыртады. Содан кейін шамасы көп ойланған болуы керек (ол кезде асыл ағаның атын ешбір баспасөзде ататтырмай қойды ғой), «Орталық Қазақстан» газетінің сол кездегі жауапты хатшысы Рымқул Сүлейменовке мынадай өтініш жазыпты:

«Сүлейменов Рымқүлға 28-01-83

Қалқам, Рымқүл!

Емханада ұзақ жатсаң, әр нәрсенің басын шатыстырып, шимайлай бастайды екенсің. Мынау сол шимайдың бірі. Өзің оқып көр. Кәдеге асса Арыстан Қабиден (әкем аты - Арыстан, өз атым Ибн-Қабиден) деген псевдониммен жарқ еткіз. Кәдеге аспаса, мен айтқанды түсінетін адам екенімді білесің ғой.

Сәлеммен Евней», - деп қолын қойып, біреуден беріп жіберіпті.



Газет қызметкерлері ерлік жасап, «Күдік құрт» деген атпен, Қабыкен деп, бірталай қысқартып, 1983 жылғы 24 және 25 қыркүйектегі екі санында жариялады. Бұл асыл ағамыздың көзі тірісіндегі соңғы жарияланым еді.

Мен мұны асыл ағаның 80 -жылдық торқалы тойы қарсаңында халқы қадірлеген ағамызды тағы бір қырынан көрсету мақсатында жазып отырмын. Әңгімені толығымен қайта жариялағаны үшін редакция ұжымына, оның бас редакторы Мағауия Сланбекұлы Сембайға шын жүректен ризашылығымды білдіремін.


©dereksiz.org 2016
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет