Бөлтіріктің қартайған шағында ақыл сұрай келген бір жас жігіт



Дата02.02.2024
өлшемі25.07 Kb.
#490572

1-мәтін
Бөлтірік шешеннің сөзі
Бөлтіріктің қартайған шағында ақыл сұрай келген бір жас жігіт:
- Ақ ата (Бөлтірікті жұрты осылай атаған), бақ кімге қонады? Бала ыстық па, байлық ыстық па? - дейді.
Сонда Бөлтірік:
- Қарағым, байлық - қолға ұстаған мұзың емес пе, бақ - ол да ұшқан бір құсың емес пе, бала - артта қалған ізің емес пе?! Бәрінен жолдас-жораңмен, ағайын-туысыңмен, ел-жұртыңмен «сіз-біз» деп өмір сүргенге не жетсін. Осыларға жүрегің жылы болса, қайғың - күл, куанышың - от! - дейді.
1. Мәтін мазмұнында кездеспейтін нұсқа
A) қолға ұстаған мұз C) ұшқан құс E) бала - жұбаныш, қарт - қазына
B) артта қалған із D) қайғы - күл, куаныш - от
2. Бөлтірік шешеннің айтуы бойынша бақ қонатын жігіттің сипаты
A) баласы көп жігіт D) бақ құсы қонған жігіт
B) жүрегі мықты жігіт E) көпті сыйлаған жігіт
C) ұзақ өмір сүрген жігіт
2-мәтін
Ұрпақ заманынан озбаса...
Мұрат үнемі әкесінен нені болса, соны сұрайтын. Әкесі де оған өте ыждағатпен жауап беретін. Бірде ол әкесінен:
- Әке, неге осы ат жүргенде алдыңғы аяқтары басқан ізінен артқы аяқтарының басқан ізі асып түседі? - деп сұрады. Әкесі:
- Балам, ол солай. Алдыңғы аяқтары басқан ізден артқы аяқтары басқан ізі озып түсіп отыратын қасиет тек жүйрік, бәйге аттарында ғана болады. Оны сен аңғарған екенсің, демек, сенен де бір ақылды адам шығар. Ол тағы: Бұрын шыққан құлақтан кейін шыққан мүйіз озатынының да белгісі, - деді.
Бала:
- Бұрын шыққан кұлақтан кейін шыққан мүйіз оза ма? Неге?- деп сұрады әкесінен. Әкесі:
- Иә, балам. Мәселен, құлақ туа бітеді. Ал мүйіз болса малдың төлі туғанда болмайды. Кейін, үлкейе келе, біртіндеп өсе келе құлақтан да озып, ұзарып кетеді. Өзің қарашы, ана ала тайыншаның туғанда мүйізі бар ма еді? Жоқ болатын. Ал құлағы ше? Құлағы бар болатын. Бір айдан кейін мүйіз шыға бастады. Келер жылы мүйізі құлағынан әлдеқайда ұзын болып өседі. Сен ақылдысың. Демек, Ақбақайдың артқы аяғы алдыңғы аяғынан озып түскеніндей, ала тайыншаның туғанда жоқ мүйізінің туғанда бар құлағынан асқанындай, сен де үлкейгенде қатарыңнан озасың, балам. Олай етпесең, сенің менен туған ұрпақ болғаның қане? Ұрпақ заманынан озбаса, қатарынан озбағаны да. Мен сенің менен озғаныңды қалаймын, - деді әкесі.
3. Мәтіндегі әкенің соңғы сөзіне қатысты мақал
A) Күш атасын танымас. D) Жақсы бала - әкеге құт.
B) Тілі тәтті - көңілі қатты. E) Талайлымен таласпа.
C) Шешінген судан тайынбас.
4. Әкесі неге риза болды?
A) Айтқан сөзін баласы жерге тастамағанына
B) Баласына орынды ақыл айтқанына
C) Баласының аттың сырын білетіндігіне
D) Баласының білімпаздығына
E) Жақсы мысал табылғанына
5. Баланың әкесіне қатысты сипаттама
A) Көңілді B) Сабырлы C) Сымбатты D) Еңбекқор E) Адал
6. Әкесінің «Ұрпақ заманынан озбаса, қатарынан озбағаны да. Мен сенің менен озғаныңды қалаймын» деген сөзінің мағынасы
A) Барлық қырынан әкесінен де жақсы болып өссін дегені.
B) Ақылы жасына сай болсын дегені.
C) Дене бітімі әкесінен ірі болсын дегені.
D) Өнер, білім таңдауда абай бол дегені.
E) Қатарынан қалмай өссін дегені
3-мәтін
Әлем елдерінің Жаңа жылды қарсы алуы
«Әр елдің салты басқа, иттері қара қасқа» демекші, Жаңа жылды тойлауда әр елдің түрлі салт-дәстүрлері бар.
Болгарияда сағат тілі түнгі 12-ні соққанда барлық үйде жарық сөне бастайды. Дастарқанға міндетті түрде самса қойылады екен.
Венгрияда дастарқанға үйрек пен тауық еті қойылмайды. Себебі венгерлер құстардың барлығын «Бақыт кұсының» туыстары деп есептейді екен. Италияндықтар ескі жылдың соңғы сағаттарында ешкіммен ренжіспеуге және ешкімнен қарыз ақша алмауға тырысады екен. Жаңа жылдың алғашқы түнінде үйлерінен сынған ыдыстарын, ескірген жиһаздарын аулаларына шығарып тастайды екен.
Оңтүстік Америкадағы Эквадор елінің халқы Жаңа жылда сабаннан жасалған қарақшыны ескінің символы ретінде далада отқа өртеп жібереді. Францияда адамдар Жаңа жыл кешінде жомарт болуға тырысады екен. Бұл күні мейрамханалар адамдарды тегін тамақтандырып қана қоймай, кетерінде сыйлықтар береді екен.
Үндістанда Жаңа жыл - Дивали «жарық пен оттар мерекесі» деп аталады екен. Айтса айтқандай, осы күні қалалар мен ауылдардың барлығы оттың ішінде тұрғандай жарқырап кететін көрінеді. Жарығы сөніп тұрған бірде-бір терезені көре алмайды екенсің. Әйел адамдар көшеге шығып, жерге түрлі оюлы суреттер салып, оларға ұн, топырақ сеуіп, шырақтар жағып, көркемдейтін көрінеді.
Голландияда Жаңа жыл кешіндегі дастарқанға жүзім салып пісірген нан тағамы қойылады. Бұл тағам жылына бір-ақ рет дайындалатын көрінеді.
Бирмада Жаңа жылда күн ыстық болып тұратындықтан, адамдар бір- бірінің үстеріне су шашып құттықтайды екен. Сондықтан осы күні үсті-басы су болған адамдарды жиі ұшыратуға болады.
Гвинеяда көшеге піл жетектеп шығады екен. Жұрт осы пілдерді айнала билеп, ән салатын көрінеді.
Кубада сағат түнгі 12-ні соққан кезде 12 түйір жүзім жейді екен.
Қытайда Жаңа жыл мерекесін көшеде барабандар, темір тарелкалар соғылып, отшашулар атылып, жаңа жыл салтанатын билеген айдаһарлар шеруі бастайды екен. Дастарқанға нарцисс гүлін қою дәстүрге айналған. Жаңа жыл мерекесі он бес күнге созылады. Бұл қаңтардың аяғы мен ақпан айының басына келеді.
Ұлыбритания алғаш ашықхаттарды (открытка) шығарған ел болып есептеледі. Сондықтан да Жаңа жылда осы елдің әр отбасы таныстарын ашықхат арқылы кұттықтағанды ұнатады.
Қазақстанда жыл басы - Наурыз мерекесі наурыз айында тойланады. Бұл қазіргі күн есебі бойынша наурыздың 22-ші жұлдызына сәйкес келеді. Бұл күні адамдар көтеріңкі көңіл күйде болып, бір-біріне жылы сөз, жақсы тілек айтады, ешкімді ренжітпеуге тырысады. Барлық үйде мерекелік дастарқан жайылады. Бұл күні күн мен түн теңеседі.
7. Мерекелерде ашықхаттармен құттықтау бізге қай елден келген?
A) Қытайдан C) Үндістаннан E) Ресейден
B) Голландиядан D) Ұлыбританиядан
8. Жаңа жылдық мерекені ұзақ тойлайтын мемлекет
A) Қытай B) Үндістан C) Ресей D) Голландия E) Қазақсан
9. Жаңа жыл дастарқанына кұс етін қоймайтын ел
A) Венгрия B) Эквадор C) Франция D) Болгария E) Италия
10. Үндістанда Жаңа жылдың «Дивали»деп аталуының себебі
A) Әйел адамдар көшеге шығып, жерге түрлі оюлы суреттер салғандықтан
B) Қалалар мен ауылдардың оттың ішінде тұрғандай жарқырағандығынан
C) Сағат он екіде көшеге шыққандықтан
D) Салынған суреттерге үн, топырақ сепкендіктен
Е) Жұрт пілдерді айнала билеп, ән салғандықтан
11. Бұл күні Францияда мейрамханалар адамдарды тегін тамақтандырьш қана қоймай, кетерінде сыйлықтар беруінің себебі
A) Қолы ашық екенін көрсету үшін
B) Адалдығын көрсету үшін
C) Ырымдарға сенгендіктен
D) Ұстамдылығын байқату үшін
E) Достық, туыстық қарым-қатынасты нығайту үшін
12. Жаңа жыл тойлаудағы салт-дәстүрінде ұқсастық бар елдер
A) Гвинея - Эквадор C) Венгрия - Эквадор E) Үндістан - Куба
B) Қытай - Ұлыбритания D) Голландия - Куба
4-мәтін
Ұлыстың Ұлы күні һәм Наурызды қалай тойлаған орынды
I. Қазақтың ежелден тойлап келе жатқан мерекесі - Наурыз. Наурызды еліміз Ұлыстың ұлы күні деп білген. Ұлыстың өзі мемлекет дегенді білдіретінін ескерсек, Ұлыстың Ұлы күні - мемлекеттің Ұлы мерекесі деген сөз. Наурыз - Қазақстандағы ең басты мемлекеттік мейрам болуы шарт. Расында, Тәуелсіздік алғаннан бері Ұлыс мейрамына ерекше мән беріле бастады. Мемлекеттік деңгейде тойлануы үшін үш күндік демалыс мәртебесі берілді.
II. Ал 2009 жылдың 30 қыркүйегінде ЮНЕСКО Наурыз мейрамын адамзаттың материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енгізді. 2010 жылдың 10 мамырынан бастап Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 64-қарарына сәйкес, 21 наурыз «Халықаралық Наурыз күні» ретінде аталып келеді. Бас Ассамблея өзінің берген түсініктемесінде «Наурызды көктем мерекесі ретінде 3000 жылдан бері Балқан түбегінде, Қара теңіз аймағында, Кавказда, Орта Азияда және Таяу Шығыста 300 миллион адам тойлап келе жатқандығын» мәлімдеген болатын.
III. Наурыздың қазақтың дәстүр-салтын есіне түсіретін этнографиялық тойына айналып кеткені де рас. Әркім өзінің есінде қалғанын, білген дәстүрін істеп жүр. Біреулер келін түсіру ырымын жасайды, біреулер баланың тұсаукесерін өткізеді деген сияқты. Наурыз жаңа жылдың басы, бірнеше мың жылдық тарихы бар қасиетті мейрам есебінде тойланбай келеді, Менің ойымша, Наурыз біздің ұлттық жаңғыруымыздың, ұлттық құндылықтарымызға деген көзқарасымыздың, ұлтжандылығымыздың көрсеткіші.
IV. Егер қазақтың байырғы дәстүрлеріне келсек, Мәшһүр Жүсіп шежіресінде қызықты деректер бар екенін айтқан жөн, «Наурыздың келген сәтін жандыда балық біледі» дейді шежіреші. Наурызнама той қылатын жұрттың патшалары тірі балықты көп қылып ұстатып алып, бір керсен суға салып, көптің алдына қойдырады. Отырған көп әлеумет сол балықтарға көздерін тігіп қарап отырады. Бір мезгілде балық біткен бірі қалмай теп-тегіс шалқасынан жата қалады. Қарындары жарқырап, лезде балықтар аунаған жағынан екінші жағына қарай аунап түседі. Сонан соң патшалар барабан соқтырады: «Ескі жыл шықты, жаңа жыл келді!» дегені бұл. «Жаңа жыл тойы!» - деп, сегіз күн ұдайымен қол астына қараған жұртқа той, тамаша береді. Қазақтың «Наурыздың келгенін жандыда балық біледі, жансызда Самарқанның көк тасы біледі» деген сөзінің шешімі осы. «Самарқанның көк тасы» Мәуреннахр өлкесінде хан тағына иелік жасаймын деген патшаларды ақ киізбен көтергеннен кейін, әдейілеп алып келіп отырғызатын қасиетті тас. Қазақтың хандарының ішінен бұл тасқа Тәуекел oтырған. Наурыз туғанда хандар мен сұлтандар тұтқындарға кешірім жасайды, зынданда отырғандарды босатады, құлдар азаттық алады, сол себепті «Самарқанның көк тасы жібіді» делінеді.
V. Ертеде Әзірет Сұлтан мешіті ішіндегі құжыраларды мекен қылған қаптаған дуаналар әлем-жәлем киініп, аса таяқтарын салдыратып тойдың қызығына олар да қосылған. Нағыз карнавал деуге келеді. Қызық думан кезінде жастар қазақтың мүшел деген он екі жылдық есебіне сәйкес кеб киіп шығады. «Кеб» қазіргі бет перде деп жургеніміз, яғни бет-жүзін жасырып киіп алатын жасанды түр. Қозы Көрпештің Баян сұлу ауылына келгенде Тазшаның кебін киетінін есіңізге алыңыз, «Маска-шоудың» орнына бәріміз он екі мүшелдің бейнесінен костюм жасап, кеб киіп «Наурыз-шоу» неге өткізбеске?! Наурыз келгенде он екі жылға ие болған жануардың біреуі таққа мінеді, біреуі тақтан түседі, өзгелері де орнынан бір-бір саты жылжиды. Наурыз тойында шығырды алып келіп алаңның ортасына орнатып он екі жылға ие болған жануарлардың кеб-маскасын киген адамдардың бәрін сол шығырға отырғызады. Әрине, той мереке өзінен өзі басталып, әнші- күйшілер ортаға шығып жаз бен қыстың айтыстарын жасайды, бишілер тойды қыздырып жатады.
VI. Наурызда арнайы наурызнама жасап құрбы-құрдас, сырлас азаматтар бір-бірінің ауылына барады. Наурызнама жасап арнайы келген адамға деген құрмет шексіз болады. Дәулеті жеткендері «тоғыз» деп тоғыз мал байлайды, орта шаруалар ат мінгізіп, шапан кигізіп жатады. Әйтеуір наурызнама жасап келген адам құр қол қайтпау керек, жоқ дегенде бір көйлектік деп мата береді.
VII. Қазақ - қызықшыл халық. Наурыз мейрамы күндері туыс-туған көрісіп жатады. Даланың бала сияқты аңғалақ халқы әр әдемі қимыл, әр маңызды сөзге бола той-мереке жасайды. Осының бәрі елді көңілдендіріп, бәрі де мәз-мейрам, қыстың ызғары той мерекемен естен шығады, қыстың шығыны, қиындығы ұмытылады. Наурыз мейрамы да осы үшін керек.
13. М.Жүсіп Көпеев жазбалары бойынша Ұлыстың Ұлы күні неше күн тойланған?
A) 8 B) 3 C) 5 D) 40 E) 10
14. Мәтіннің бірінші бөлігіндегі Наурызға байланысты ұғым
A) Ұлыстың ұлы күні D) Самарқанның көк тасы жібіген күн
B) Халықаралық наурыз күні E) Наурызнама тойы
C) Жаңа жыл тойы
15. Мәтінде жауабы жоқ нұсқаны табыңыз
A) Қазақ хандарынан қасиетті Самарқанның көк тасына кім отырған?
B) Наурыз мерекесінде үлкен кісілер қандай бата берген?
C) «Самарқанның көк тасы жібіді» деген ұғымның мағынасы қандай?
D) Мәшһүр Жүсіптің шежіресінде қандай қызықты деректер айтылған?
E) ЮНЕСКО Наурыз мейрамын материалдық емес, мәдени мұралар
тізіміне қашан енгізді?
16. Қазақстанда «Наурыз» мерекесі
A) Ұлттық мереке D) Діни мереке
B) Халықаралық мереке E) Мемлекеттік мереке
C) Салт-дәстүрлік мереке
17. Бас БҰҰ Ассамблея түсініктемесінде кездеспейтін атау
A) Батыс Еуропа C) Таяу Шығыс E) Балқан түбегі
B) Қара теңіз D) Орта Азия
18. Мәтіндегі лиро-эпос жырларының бірімен байланысты қолданылған сөз
A) кеб B) керсен C) тоғыз D) құжыра E) балық
19. Мәтін бойынша «Самарқанның көк тасы жібіді» сөзінің мағынасы
A) Хан, патшаларды ақ киізбен көтеру. D) Күн жылынып, қар еру.
B) Жүрек жібіп, мейірімділік таныту. E) Мұз жібіп, балық аулау.
C) Жаңа жылдық басталуы.
20. Мәтінде жауабы бар сұрақты табыңыз
A) Наурыз мейрамы «Халықаралық Наурыз күні» ретінде қашаннан бері тойланып келеді?
B) Неліктен наурыз мейрамын «Әз Наурыз» деп атаймыз?
C) Қазақ халқының Наурыз мерекесінде бозбала бойжеткенге не сыйлаған?
D) Мерекеде пісірілетін наурызкөже қалай дайындалатын болған?
E) Наурыз айында ең бірінші ұшып келетін құсты қалай атаймыз?

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет