«Ботаниканың оқу пратикумы» оқулығының ботаника пәнін оқытудағы маңызы



Дата26.06.2016
өлшемі44.5 Kb.
#159399
УДК 581(075)
Карипбаева Н.Ш. биология ғылымдарының кандидаты, доцент, Семей мемлекеттік педагогикалық институты, тел: 8(7222) 42-34-72, сот: 87051181511, е-mail:kob@sgpi.kz

Полевик В.В.аға оқытушы, Семей мемлекеттік педагогикалық институты тел: 8(7222) 51-55-95, 87051579869, е-mail:kob@sgpi.kz
«Ботаниканың оқу пратикумы» оқулығының

ботаника пәнін оқытудағы маңызы
Жоғарғы оқу орындарында биолог мамандар үшін далалық оқу практикасының ролі өте зор. Кейінгі 10-15 жыл ішінде биология пәндерінен, оның ішінде ботаникадан өтетін оқу практикасының көлемі екі-үш есе қысқарады. Осындай жағдай студенттердің ботаника пәнінің оқу бағдарламасына қойылған білім деңгейін толық меңгеруіне қиындық тудырады. Сонымен қатар, практиканы өткізуге негізделген қазақ тілінде оқулықтар жоқ. Осыған байланысты Семей мемлекеттік педагогикалық институтында жоғарғы оқу орындарында биология, ауыл-шаруашылық, зоотехника, экология, география, фармакология факультеттерінде оқитын студенттерге, магистранттарға және оқытушыларға арналған «Ботаниканың оқу практикумы» оқулығы баспадан шықты. Авторлар ұсынып отырған бұл оқулық жоғарғы оқу орындарында ботаника пәнінен далалық оқу практикасын өткізуге арналған алғашқы қазақ тіліндегі кітап.

Кітап екі үлкен бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімде ботаника пәнінен далалық оқу практикасында студенттерге қойылатын талаптар берілген. Студенттер оқу практикасы кезінде әртүрлі экотоптарда өсімдіктерді жинап, оған морфологиялық, фитоценологиялық, экологиялық және систематикалық сараптамалар жасауға тиісті.

Флора құрамындағы өсімдік түрлері анықталып, оларға таксономиялық сипаттама беріледі. Флора құрамындағы өсімдік саны көп болады, сондықтан оларды реттеп белгілі бір жүйеге келтіру қажет.

Өсімдік систематикасында өсімдіктерді жүйелеуде өзіне тән тілі, ұғымдары және таңбалары қолданылады. Систематикалық бірлікті белгілеуде таксон термині қабылданған. Ол әр түрлі рангтарда болуы мүмкін. Ресми қабылданған «Ботаникалық номенклатура жөніндегі халықаралық кодексте» жарияланған соңғы Халықаралық ботаникалық конгрестің шешімдеріне сәйкес ботаникада 23 таксон қабылданды.

Ботаникалық номенклатура жөніндегі халықаралық кодекс бойынша әрбір таксонның өзіндік атаулары бар, олар кітапта қазақ, орыс, латын тілдерінде берілген.

Флораға осындай жан-жақты сараптама жасау үшін өсімдіктерді жинау, кептіру, анықтау, гербарийлеу әдістерін меңгерумен қатар флораны құрайтын өсімдіктерге систематикалық, экологиялық, ареалдық сараптама жасау әдістерінде білу керек. Сонымен қатар, студенттер фитоценологиялық зерттеу әдістерімен де танысуы қажет. Осыған байланысты ботаникалық зерттеу әдістерінде фитоценоздық құрылысы мен құрамын зерттеу, өсімдік бірлестіктеріндегі түрлердің сандық қатынастарын зерттеп, оларға фенологиялық сипаттама беру тәсілдері көрсетілген. Оқулықтың бірінші бөлімінде ботаникалық зерттеу әдістерімен қатар, маусымдық ботаникалық танымжорықтарды өткізу әдістері, Қазақстандағы өсімдіктердің типтері, өсімдіктерге морфологиялық, экологиялық тіршілік формаларына байланысты сипаттамалар берілді.

Ботаника пәнінен далалық оқу практикасы биология факультеттерінде негізінен жаз айларында өтеді. Дегенмен, өсімдік тіршілігін толық зерттеу және білу үшін, ботаникалық танымжорықтарды маусым бойынша өткізу тиімді. Осыған байланысты, ботаниканың оқу практикасына бөлінген уақыттан бір күндік танымжорықтарды көктем, күз, қыс айларында өткізіп, практиканың негізгі бөлігін жаз айларында жүргізеді. Практиканы маусымдық деңгейде ұйымдастырып өткізу студенттерге өсімдіктердің мерзімдік және маусымдық дамуына байланысты толық мағлұмат алуына мүмкіндік береді.

Маусымдық танымжорықтар биология мамандығында оқитын студенттер үшін Қазақстанның негізгі өсімдік типтеріндегі, әртүрлі экотоптарында өткізілуге тиісті.

Қазақстан флорасы 135 тұқымдаспен 1100 туысқа жататын 6000 түрді біріктіреді. Бұл өсімдіктердің көптеген түрлері биология курсын оқытуда кеңінен пайдаланылады. Биолог мұғалімдердің көпшілігі жергілікті жердің флорасын толықтай жақсы білмейді. Оның негізгі себебі өсімдіктерді анықтайтын анықтағыштардың болмауы.

Қазақстан флорасындағы өсімдіктерді анықтайтын негізгі анықтағыш 9 томдық, орыс тілінде (1956-1966 жылдары) басылған «Флора Казахстана» және кейін басылымнан шыққан М.С. Байтеновтың 2 томдық «Флора Казахстана» еңбектері. Бұлар библиографиялық сирек кездесетін классикалық еңбектер болып саналады, сонымен қатар бұл анықтағыштар күрделігігіне байланысты көп жағдайда флораны тек ғылыми-зерттеу мақсатттарында анықтауда ғана қолданылады. Қазіргі кезде бұл кітаптардың жетіспеушілігіне және күрделілігіне байланысты студенттер мен мектеп мұғалімдерінің бұл анықтағыштарды пайдалану мүмкіндіктері шектелген. Сондықтан, келешек биолог мамандар үшін мектеп бағдарламасы негізінде құрылған гүлді өсімдіктердің анықтағышы беріліп отыр. Біздің ұсынып отырған, гүлді өсімдіктердің анықтағышы 9 томдық «Флора Казахстана» және М.С.Байтеновтың 2 томдық «Флора Казахстан» негізінде құрастырылды. Бұл анықтағыштың негізгі міндеті, келешек биолог мамандар дихотомиялық анықтаушы кілттермен қатар бейне суреттерді пайдалана отырып, өсімдіктердің тұқымдастарын, туыстастарын, түрлерін анықтап, осы негізде өсімдіктерді анықтаудағы іскерліктері мен дағдыларын қалыптастыру.

Бұл анықтағыштың өзектілігі мен маңыздығы сонда, оны құрастыруда мектеп бағдарламасы бойынша биология пәнінен оқытылатын 15 тұқымдастарға сипаттама беріліп, оларды анықтау жолдары ұсынылған. Әрбір тұқымдасқа жататын туыстастардың және әрбір туыстастарға жататын түрлердің анықтағыштары құрылған. Сонымен қатар, бұл тұқымдастар бойынша кең тараған, сирек кездесетін, эндемді және практикалық маңызы бар түрлердің бейне суреттері мен фото суреттері беріліп отыр. Оларды өсімдіктерді анықтауда көрнекті материалдар ретінде пайдалануға болады.

Ботаника курсында оқытылатын тұқымдастардың көпшілігі көптүрлілігімен ғана ерекшеленіп қоймай, туыстастардың көптігімен де ерекшеленеді. Осыған байланысты, әрбір тұқымдастарда туыстастарды іріктеп алуда, олардың Қазақстан флорасында көптүрлілігімен, таралу деңгейі негіз болды.

Ұсынылып отырған анықтағышта әрбір тұқымдасты сипаттайтын паспорт құрылды, мұндай паспорт өсімдіктерді анықтауда, олардың белгілерін салыстармалы түрде зерттеуде өте қолайлы. Әрбір тұқымдастың паспортында гүлдің құрылысы, әлемдегі және Қазақстандағы туыстастар мен түрлердің саны, географиялық таралуы және биологиялық кейбір ерекшеліктері мен маңызы берілген.

Тұқымдастардың анықтағышын құруда негізгі таксондық белгі ретінде гүл мен гүлшоғырының құрылысы алынған. Туыстастар мен түрлерді анықтау генеративті және вегетативті мүшелерінің құрылыс ерекшеліктеріне негізделген.

Бұл анықтағышты биолог мамандар сабақта және сабақтан тыс жұмыстарда кеңінен пайдалана алады, жергілікті жерде өсетін өсімдіктерді анықтауда үлкен көмек көрсетеді. Мектеп бағдарламасы бойынша құрылған гүлді өсімдіктердің анықтағышы, қазақ тілінде алғашқы рет оқу құралы ретінде ұсынылып отыр. Анықтағышпен жұмыс істер алдында, гүлді өсімдіктерді жүйелеудің негізгі ережелерін және олардың морфологиялық құрылыс ерекшеліктерін жете білу қажет.

Анықтағышты өсімдіктердің 89 суреттері мен 110 фотосуреттері бейнеленген. әрбір тұқымдастың паспорты беріліп, ондағы туыстастар мен түрлердің дүние жүзіндегі және Қазақстандағы сандары, олардың таралуы, тіршілік формалары, гүлдерінің формуласы, тозаңдану ерекшеліктері, халық шаруашылығындағы маңызы көрсетілген. Паспорттағы ақпараттарды салыстыру арқылы студент тұқымдастар арасындағы ерекшеліктерді салыстырмалы зерттей алады. Бұл текте құрылған анықтағыш өсімдіктерді дұрыс анықтауға толық мүмкіндік беріп, өсімдіктерді анықтау әдістерін толық меңгеруіне, іскерліктерін, дағдыларын және тәжірибелерін арттыруына жағдай туғызады.

Кітаптың соңында өсімдіктердің қазақ, орыс және латын тілдерінде атаулары берілген, 15 тұқымдастың эндемді түрлерінің тізімі ұсынылған, олардың көпшілігі қорғауға алынған өсімдіктер.

«Ботаниканың оқу практикумы» жоғарғы ғылыми-әдістемелік деңгейде жазылды. Авторлар ұсынып отырған оқу әдістемелік құрал жоғарғы оқу орындары мен мектептер үшін өте қажет.

Аталған оқу әдістемелік құрал нақтылы ғылыми еңбектердегі дәлелденген деректерге сүйене отырып, жатық әдеби тілде жазылды, ол қазіргі кездегі ботаника саласындағы ғылыми деңгейге сәйкес. Жұмыста келтірілген суреттер мен фотосуреттер әдістемелік тұрғыда оқу құралына келтірілген тақырыптарға сай, орынды пайдаланылды.

«Ботаниканың оқу практикумы» студенттердің алған теориялық білімдерін практика жүзінде толықтыруға өте қажет деп санаймыз.



Бұл оқу әдістемелік құралы қазақ тілінде жазылған кітаптардың ішінде мазмұнының сапалы, нақтылығымен, бір тұтастығымен және кәсіби деңгейінің жоғарлығымен ерекшеленген.





Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет