Целина. 2012. №36. 17 октября



жүктеу 109.63 Kb.
Дата08.06.2016
өлшемі109.63 Kb.
Целина. -2012. - №36. – 17 октября

Есхожин Д.З. Техника ғылымның докторы, профессор, академик


Студенттік өмірден көріністер
Трактормен төрт ай бойы отгондағы қой отарларына шөп тасып оралған соң, екі күн демалғаннан кейін колхоздың күнделікті өмірі басталды. Негізгі шаруа - көктемгі егіске дайындық. Біріншісі - тракторды дайындау, екіншісі - жер өңдегіш, егін сепкіш машиналарды жөндеу. Ол жұмыстардың арасында комсомолдың хатшысы ретіндегі міндеттерім бар.

Бір кеште, мен отгонда жүргенде келіп түскен комсомолдың қағаздарын ақтарып отыр едім, ресми бланкке басылған хатқа көзім түсті. Ол хатта: «Колхоз, совхоздар өздеріне қажетті жоғары білімді мамандар дайындау үшін, алдыңғы қатарлы комсомолдарға жоғары оқу орындарына жолдама бере алады. Жолдаманы аудандық ком­сомол комитеті бекітеді» делініпті. Ол хатты сол қалпында ұмытып кеткен едім, біраз уақыт өткен соң, үйде газеттегі бір хабарландыруға аға көңілімді бөлді. «Целинный край» газетінің соңғы бетінде, Це­линоград ауылшаруашылық инсти­туты студенттер қабылдайтынын хабарлапты. Факультеттері, шарты көрсетілген. Екі жыл еңбек өтілі керек екен.

Ертеңіне, конторда колхозшы кітапшаммен еңбек өтілімді есептесем, осы Жұмайдағы еңбегім 1956 жылдан есептегенде екі жылдан сәл асады екен. Комсомолдың хатын, еңбек кітапшамды және хабарландыруы бар газетті алып, басқарманың орынбасары Оспанов Жармаққа кіріп, ауылшаруашылық институтына жолдама беруге, Басқарманың шешімін қарастыруын өтіндім. Райком комсомолының бекітуін өзім алатынымды айттым. Ол қағаздармен мұқият танысқан соң өтініш жазғызып, барлық қағаздарымды алып қалды.

Екі аптадан кейін Жәкең мені шақырып алып, мектептес досым Әйтей екеумізге бірге жазылған, Басқарманың шешімін берді. Райком-комсомолдың бекітуін өзің ал, - дейді. Колхоздың шешімін алып райкомкомсомолдың бірінші хатшысына кіріп едім, ол кісі сөзге келмей: «Коммуна колхозы басқармасының шешімін қолдап, бастауыш комсо­мол комитетінің хатшысы Д.З. Есхожинге және осы колхоздың механи­заторы А.Ж. Оспановқа Целиноград ауылшаруашылық институтына конкурс-сыз қабылдау үшін жолдама беріледі», - деген хатты ұстатып, қОЛЫМДЫ қысты.

1960 жыл, шілде айының орта кезінде Целиноград ауыл-шаруашылық институтының мехфагына түсу үшін, Әйтей екеуміз кұжаттарымызды өткіздік. Ол уақытта тегін дайындық сабақтары өткізілетін, соған қатысып жүрміз. 2-3 күн өткенде мені директордың кабинетіне шақырады деген хабар келді. Ол кезде институт бастығын директор дейді, жеке басқарады деген сөз. Кейін оны ректор дейтін болды, ғылыми кеңеспен бірге басқарады. Белгіленген уақытта келдім. Директор Т.Г. Духовтың кабинетіне 11 абитуриент кірдік. Оң жақтағы ұзын үстелдың төрінде өзі отыр, ірі денелі, мұрты бар, келісті адам екен. Қасындағы орта бойлы толық, басынан маса тайғанайтындай жалтыр бас кісі, ғылыми жұмыс жөніндегі орынбасары М.А.Гендельман, одан кейін тапал бойлы, арық келген, кәріс жігіті отыр. Қарсы орналасқан есіктерінен оқып алғанбыз, директордың дәрежесі техника ғылымдарының кандидаты, доцент, ал орынбасары - экономика ғылымдарының докторы, профес­сор. Бәріміздің көздеріміз төрдегі екеуінде, құбыжық көргендейміз. Өмірімізде бірінші рет кандидат, док­тор, доцент, профессор дегендерді тірідей көріп тұрмыз. Радиодан естіп, газеттерден оқығанбыз. Ол кезде әр жанұя он шақты газет-журнал жаздырып алады ғой. Солардың ішінен талай кездестірген атаулар. Оларды ерекше жан иелері деп ойлайтынбыз. Сейтсек, өзіміз тәрізді адамдар екен. Түрлері жылы, бізге қарап жымияды.

Директор қолымен ишарат етіп, бізді отыруға шақырды. Біз орналасып болған кезде сөз бастады:

- Сіздердің бәріңіз тәжірибелі ме­ханизатор екендеріңізді білеміз.
Мектепті де үздік бітіріпсіңдер. Сіздер біздің институтқа қалайда
түсесіздер. Институтта тәжірибе шаруашылығы - Учхоз бар. Үш бөлімшелі үлкен шаруашылық. Қазір науқан. Егін жинау, шөп жинау, силос
жинау, картоп жинау. Бәріне меха­низатор керек, жетіспейді. Сіздерге
ұсыныс, оқуға түсу емтихандарын екі күнде, мерзімінен бұрын тапсырып,
бір-бір трактор алып, учхоздың шаруасына көмек берсеңіздер.

Бізде үн жоқ, жүрексінеміз. Мектепті жақсы бітірсек те, жұмыс астында қарайыңқырап қалуымыз да мүмкін. Бірақ, қайталасақ еске түседі ғой. Біздің ойымызды естігендей, өзінен төмендеу отырған кәріс жігітіне қарап, директор:

- Василий Николаевич, сізде емтихан сұрақтары бар емес пе, беріңіз, екі күн қайталап, дайындалсын - деді.

- Бар, бар, қазір, шыққан соң беремін, -деп жауап берген, қабылдау бөлімінің бастығы Хван В.Н. екен.

Сонымен, біз келісім берген соң, екі күн, екі түн дайындалып, екі күнде төрт емтихан тапсырып, бесінші күні 11 бала учхоздың Таскөл деген бөлімшесіне жүріп кеттік. 11 баланың екеуі қазақпыз, мен және Көкшетау жақтан келген Қорғанбеков Мұқатай деген жігіт. Бәрі орыс мектептерін бітіргендер. Маған өте қиын болды, себебі емтихандар орысша, бітіргенім қазақ мектебі. Әйтеуір, біліп тұрсаң, бірдеңе етіп жеткізеді екенсің, екі төрт, екі беске тапсы­рып шықтым. Дайындалуға берген сұрақтарды түгел Әйтейге бердім.

Себебі, пәнді жалпы оқығаннан, нақты сұрақпен қайталаған көп тиімді екен. Әйтейге тағы тапсырғаным - сұрақтарды Қорғалжыннан келген балаларға да беру. Олар Темірбеков Балтабай, Қанафин Қазкен, Дарбаев (кейін Түсіпбеков) Марат, Ізтілеуов Сағынтай. 1 - қазанда оқуға келгенімізде, бәрі де мехфакқа түсіпті.

Қорғалжыннан келген барлық балалардың мехфакқа түсуінің себебі бар. Ол себеп: - Байтілесов Қабиден деген ағай. Біз жоғарғы сыныптарда оқып жүрген кездерде ол кісі, әйелі екеуі, Алматыдан жоғары оқу орнын бітіріп келді. Өзі инженер, жеңгеміз - Нүркеш Кәріпжанқызы дәрігер. Екеуі де ауданның белді қызметтерін атқарады. Елдің мақтанышы, біз сияқты жастарға үлгі. Болмасаң да ұқсап бақ демекші, сол жылдары, ұлдардың көбі инженерлік оқуға, ал қыздардың көбі дәрігерлік оқуға түсті. Сондықтан, ел азаматтарын қастерлесе, Байтілесов Қабиден мен Тыныбаева Нұркештің елге сіңірген ресми еңбектерін есептемегеннің өзінде, ел жастарының бірнеше буынына болған үлгілігі - баға жетпес құндылық. Бұл құндылықты тоннамен немесе теңгемен есептей алмайсың, оның бағасы жоқ.

Таскелде 11 баланы 2 березент палаткаға бөліп жатқызды. Іштеріндегі ең жасы мен. Жігіттердің көбі әскерден келген, үлкен жігіттер. Мұқатайдың өзі менен екі жас үлкен және орыс тіліне ағып тұр. Бәрімізге бір-бір трактор берді. Мен тракторыммен жүгеріні силосқа орушы комбайнды сүйреймін. Қыркүйектің аяғында жұмысты аяқтап, әжептәуір ақша тауып, 1 қазанда оқуға кірістік.

Мектепте үздік оқыған маған институтта оқу алғашында өте қиынға түсті. Ал орташа оқығандарға тіпті қиын болған шығар. Сондықтан болар, 1- семестр емтихандарының нәтижесінде, Қорғалжыннан келген 6 жігіттің 4 еуін институттан шығарып жіберді. Бірінші курсқа қабылданған 4 топ, 100 студенттің 26-сы кетіп, 74-і - 3 топ болып қалды. Негізгі қиындық тіл. Оқу тек орыс тілінде. Ресейден, Мәскеуден кел­ген ғалымдар дәрістерін (лекция) оқиды да кетеді. Біз дым түсінбеген қалпымызда қаламыз. Математика, физиканы жақсы көріп оқитын менің өзім: - числитель, знаменатель, ко­рень квадратный (алым, бөлім, ква­драт түбір) деген сияқты қарапайым терминдерді түсінбей қиналдым.

Мойынға алған міндет және тапжылмай істеген еңбек адамды көп табысқа жеткізеді екен. Орыс тілінің оқытушысы Августа Яковлевна Бу-дина деген кісінің кеңесімен, әдеби кітаптарды алып, дауыстап оқуға кірістім. Дауыстап оқығанда тілдің икемсіздігі сынып, сөйлеу акценті тезірек жойылады және жаңа сөздер жатталады. Себебі тілдің де есте сақтау жады болады екен. Бірақ, дауыстап оқу қиын, адам тез шаршайды, әсіресе, бейтаныс мәтінді оқығанда. Сондықтан, бұрын қазақ тілінде оқыған кітаптарды орыс тілінде алып, соларды дауыстап оқуға тырыстым. Таныс мәтін, оқуға қызықтырады, кітап итермейді, тартады. Бастап оқығандарым - Жюль Верннің, Даниэль Дефоның, А.Дюманың шығармалары. Кейін тілді игергеннен кейін де, әдеби шығармалар оқу әдетін тоқтатпай, институт бітіргенше бүкіл орыс және батыс еуропа, америка классиктерін орыс тілінде оқып шықтым.

Ол кезде студенттер сабақты көп оқушы еді. Бос жүрген сту­дент кездестірмейсің. Әсіресе, мехфактың студенттерінің жүгі ауыр. Өз басым күніне 16-18 сағат сабақ оқитын едім. Осы еңбектің және тілді игергеннің арқасында, 1 - семестрдің емтихандарының (сессияның) нәтижесі бойынша оқу үлгерімім курста алда болып, «Це­линный край» (Тың елкесінің бес об-лысына тарайды) газетінің бірінші бетіне суретім шығып, мен туралы меншікті тілшісінің мақаласы басылды. Оқуым жақсы болған соң, комсо­мол комитетіне енгізіп, институттың қоғамдық жұмыстарына да араласып кеттім.

Жақсы басталған оқу жалғаса берді. Біркелкі оқу ритміне өң беретін жазғы тәжірибе (практика) жұмыстары. Жыл сайын, жаз бойы совхоздарда немесе зауыттарда, 2-3 ай тәжірибе өтеміз. Зауыттар­да конвейерге тұрып, штаттағы жұмыскердің міндетін атқарсақ, со­вхоздарда «Целинный край» газетінен 01. 1960 ж. трактор немесе комбайнға мініп ауылшаруашылық жұмыстарын атқарамыз. Олардан әжептәуір қаржы тауып, киімкешегімізді жаңартуға, қыстай еппен жұмсауға жаратамыз.

1- курстан кейін Алтай трактор зауытында болдық. 25 мың жұмысшы істейтін алып зауыт. Жұмысымыз шойын корпустар кұю цехында. Өте ыстық. Кеудеге киім кимейміз, әйтеуір газдалған су тегін, шелектеп ішеміз. Ол жақтан есте қалған шаруа - төбелес. Иә, кәдімгі төбелес. Демалыс күні кешке қалалық паркке барып, биге араласқан едік, жергілікті жігіттер қыздарын қызғанып, төбелес басталды. Фрунзеден (қазіргі Бішкек) келген студенттермен біздер бір жақ, жергілікті жігіттер екінші жақ болып, түн бойы төбелеспен өтті. Екі жақтан 500 дей адам қатысты. Милиция ие бола алмай, әскер келді. Менің төбелеске жасымнан ебім жоқ еді, бірақ көпшіліктен кете алмайсың. Бізді ұйымдастырушылар әскерден өткендер; В. Касько, Н. Колыш, С Әбілдинов, Б.Темірбеков, И. Иверский, Т. Кафары т.т. Әйтеуір бәріміз аман қалдық.

2 - курстан кейін Целиноград ауданы, Шалқар совхозы, Оразақ бөлімшесінің 2- бригадасында (Қорғалжын трассасының оң жағында 2-3 шақырым) өттік. Егін басталғанша, екі ай бойы, ұстада балғашы болдым. Салмағы 5-6 келі балғаны күні бойы нә-ән төске соғып тұрғаның. «Істеген істің бәрі жақсылыққа» демекші, бұл жұмыс бұлшық еттерімнің қатаюына жақсы әсер етті.

3 - курстан соң учхоздың Майбалық деген бөлімшесінде жаздай жұмыс істедік. Егін егіп, шөп шауып, егін оруға қатыстық. 1963 - жылы ерекше қуаңшылық болып, егін нашар шықты. Бірінші және соңғы рет көргенім, комбайн күні бойы жүргенде бункерді әзер толтырады. Егін шыққан жылдары әр айналым сайын бункер толып отырушы еді. Учхоз ренжіткен жоқ. Жалақымызды толық беріп, үстіне «натуропла­та» деп, 10 қаптай бидай қосты. Оны «реалбазадан» ұнға ауыстырып алып, қыстай қиындық көрмей шықтық. Ол жыл ақ нан мен ұнды арнаулы талонмен алатын, қиын жыл болғаны үлкендердің есінде.

Мен студент болып жүрген кезде елде көп өзгерістер жүріп жатыпты. Біздің колхозымыз Жұмайдан 25-30 шақырымдай әрірек, Теңіз көлінің жағасында, жаңа Абай совхозының орталығы құрылып, оған бізді, 2 бригадамызбен бөлімше ретінде қосыпты. 4 - курстан кейінгі 5 айлық (1 ай каникулы ішінде) өндірістік тәжірибеден өтуге осы совхозға жіберді. Таза орыс совхозы, екі ғана қазақ жанұясы бар. Бірі бөлімшелік милиция Абушахманов болса, екіншісі - Саратовтан институт бітіріп келген зоотехник, Ресейдің қазағы.

Совхоз директоры менің жолдамаммен танысқан соң, орталықтан 18 шақырым жерде орналасқан № 3 бригадаға механик етіп жіберді. Даладағы трактор комбайндарға жаяу жүріп көмек беру қиын болғандықтан, астыма машина сұрап едім, машдворда сынған техника толып тұр, таңдағаныңды өзің жөндеп ал деді. Ішінен таңдап, бір ГАЗ-51 оңдап алып едім, кеткенімше тоқтамай қызмөт етті. Бұл совхоздағы тәжірибе келешек еңбек жолыма көп пайдасын тигізді. Далада жұмыс істеп жүрген түрлі техниканың ақаулары да сан түрлі болады. Механизатордың білетіні сен, атың механик, саған келеді. Білмеймін, қолымнан келмейді деуге болмайды. Әйтеуір кітаптарды бірге алып жүруші едім, білмегенімді со-лардан қараймын. Керек жерінде слесарь да, сварщик те, электрик те болып кетесің. Жақсы мектептен өттім, табысым да мол болды.

5 курстың тәжірибесін Атбасар жөндеу зауытында өттік. Оның да болашақ мамандығыма пайдасы мол болды.

Оқу ойдағыдай тәжірибе жақсы, тек 5 курстың аяғында дипломдық
жобаға келгенде қиындық туды. Бұрынғы қорғағандардан байқағаным, жөндеу және пайдалану тақырыбына дипломаттар көп барады және көпшілігі орта неме­се нашар оқитындар. Себебі, бұл тақырыптардың дипломдық жобалары трафаретпен орындалады. Тек цифрларын өзгертіп отырса болды. Маған ұнайтыны конструкторлық, шығармашылық негіздері бар жобалар. Осы мақсатпен, факультетте келешегі бар ғалым деп есептелетін, кафедра меңгерушісі, ғылым канди­даты, доцент Н.Б. Бокқа кіріп едім, ол кісі бір тақырыпты ұсынып, бұйрыққа енгізіп жіберіпті. Тақырыптың аты: «Жаңа астық бастырғыш аппарат». Дипломдық жобаны орындау уақыты басталған соң, қажетті материалдар алайын деп барсам, ол кісінің маған ұстатқаны - журналдан жыртылған жарты бет қағаз. Ішінде аппараттың жорамал сызбасы (схемасы) ғана бар. Бір өнертапқыш, осындай болуы мүмкін-ау деген оймен, «Сель­ский механизатор» журналына бере салыпты. Басқа материал бар ма? - десем, - Жоқ, ізден, - дейді. Барлық кітапханалардан бір апта іздеп, ештеңе таппай қайтып келсем, ол кісі үндемейді, тек мұрнын екі саусағымен сүрте береді (ол кісінің қиналғанда істейтін әдеті). Ауызша бір жол айта ма десем, аузын ашпайды. Осылай 4-5 рет қайталанған соң, жетекшіден жетек болмайтынын түсіндім. Ол кісінің тактикасы: суға лақтырып жіберген бала малтып шықса өзіне жақсы, бұған әбүйір, батып кетсе өз обалы өзіне.

Жетекшіге баруды қойдым. Қажет кітаптардың бәрін жинап алып, жаңа аппараттың теориялық негізін жасап шықтым. Алынған форму-лалармен параметрлерін есептеп, конструкторлық жобасын жасадым, 12 табақ ватманға сызуларын сызып, қорғауға бір күн қалғанда, күні-түні ұйықтамай жетекшіге келдім. Қабағы түсіңкі, дипломдық жобаны орындай алмайды -деп, қызмет хатын жазып та қойыпты.



  • Қайда жүрсің? - дейді.

  • Жоба жасап жүрмін.

- Оның қайда?

- Әкелейін.

Аудиторияда, балаларға қойып кеткен жобамды алып келген­де, ол кісі сенер-сенбесін білмей, таң қалды. Мұқият қарап шығып, ешқандай ескертпесіз қол қойды. Целинсельмаш зауытының бас кон­структоры Белов дегенге пікірге жіберді. Ол беске бағалап, ертеңіне қорғауға шықтым. Сәті түсіп, менің қорғауыма институт ректоры М.А. Гендельман қатысып, сұрақтар қойды. Жоғары бағалап, жылы пікір айтты.

Студенттік кезеңнен аса есте қалған оқытушылар; бірінші деканымыз А.И. Лазарев, екінші деканымыз М.И. Карлинская - екеуі де Мәскеуден жіберілгендер және ма­тематик Федоров деген қартаң адам.

Олар жеке басыма ештеңе істеп тастаған жоқ, аса жоғары білімдерімен және студентті адал бағалауымен есте қалды.

Студенттік кезеңнен аса ерек­ше оқиға - ол болашақ жұбайымды


кездестіріп, үйленуім және балалардың үлкендерінің өмірге келуі.

Жоғарыда айтылғандай студенттік кезеңді біздің қатарымыздың көбі


өткен болар. Бұл мақалаға желі етіп отырған себебім, сол кездегі
жастардың өмір жолын, өмірге де­ген ынтасын, Астанадағы алғашқы
жоғары оку орны – Целиноград ауылшаруашылық институтының
(қазір С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті) қалыптасу кезеңін оқушыға көрсету. Біздің институттың орысша абврева-турасы, ЦСХИ-ды - Целиноградский Самый Хороший Институт - деп, талдаушы едік. Сол шын болып, қазіргі ҚАТУ-ды - Қазақтың Аса Тамаша Университеті - деп, жүрміз.


©dereksiz.org 2016
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет