Д. Айтказина КӘсіби қазақ тілі



бет1/8
Дата24.02.2016
өлшемі0.89 Mb.
  1   2   3   4   5   6   7   8
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі
С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті

Т. Х. Сматаев, Т. Д. Айтказина




КӘСІБИ ҚАЗАҚ ТІЛІ
Биология, экология, география, туризм мамандықтарының студенттеріне арналған оқу құралы

Павлодар


Кереку

2012


ӘОЖ 811.512.122 (075.8)

КБЖ 81.2 Каз 923

С 52
С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің Гуманитарлық-педагогикалық факультетінің оқу-әдістемелік кеңесімен баспаға ұсынылды

Пікірсарапшылар:

А. Ф. Зейнулина – ф. ғ. к., профессор, С. Торайғыров атындағы ПМУ;

Қ. М. Текжанов – ф. ғ. к., доцент, Павлодар мемлекеттік педагогикалық институты;

Н. Р. Омаров – ф. ғ. к., доцент, Павлодар мемлекеттік педагогикалық институты.



Сматаев Т. Х., Айтказина Т. Д.

С52 Кәсіби қазақ тілі : биология, экология, география, туризм мамандықтарының студенттеріне арналған оқу құралы / Т. Х. Сматаев, Т. Д. Айтказина. – Павлодар : Кереку, 2012. – 102 б.


Бұл оқу құралы жоғары және орта арнаулы оқу орнының биология, экология, география және туризм мамандықтары бойынша оқитын студенттерге арналады. Құралда арнайы мәтіндер, мәтіндерге қатысты әртүрлі тапсырмалар, сөздіктер берілген. Тілді дамытуға қатысты лексикалық тапсырмалар қамтылған.


ӘОЖ 811.512.122 (075.8)

КБЖ 81.2 Каз 923
© Сматаев Т. Х., Айтказина Т. Д., 2012

© С. Торайғыров атындағы ПМУ, 2012


Материалдардың дұрыс болуына, грамматикалық және орфографиялық қателерге авторлар мен құрастырушылар жауап береді

Алғы сөз
Заманауи білім беру үдерісі ең алдымен жеке тұлғаға бағытталып, тіл үйренушінің іскерлігін, коммуникативтік құзыреттілігін дамыту міндеттерімен ұштасып жатқандықтан, қазақ тілінің білім мазмұнын құрудың әдіснамасын дұрыс таңдап алу қажеттілігі туындайды. Ол үшін қазіргі заман талабына сай мемлекеттік тілді меңгертуде озық технологияларды, ұтымды әдіс-тәсілдерді пайдалану, білім беру саласында жүйелі жұмыстар атқару – еліміздегі ең маңызды әрі кезек күттірмейтін ауқымды мәселелердің бірі болып отыр.

Мемлекеттік тілдің әлеуметтік-қатысымдық қызметін кеңейту мен дамытуда оның ғылымда, өндірісте, елдің халықаралық байланыстарында қолдану аясының кеңи түсуі тіл үйренушілердің болашақ мамандығымен де байланысты екендігін көрсетеді. Кәсіптік-техникалық лицейлер мен ЖОО бітірген жас буын – әрі болашақ маман, әрі ҚР өндірісін ілгері дамытатын кәсіпкер. Оның алдыңғы қатарлы маман болуы өз елінің тілін жоғары деңгейде білуімен де терең сабақтасады. Соңғы жылдары әдіскер-ғалымдар қазақ тілін қарым-қатынас құралы ретінде меңгертумен қатар, студенттердің кәсіптік мамандығын ескере отырып игертудің тиімді жақтарын қарастыруда. Осы тұрғыдан мамандыққа сай қазақ тілін сапалы оқыту – қазіргі уақыт сұранысынан туындап отырған өзекті мәселелердің бірі болып табылады.

Кәсіби қазақ тілін игеру міндеті – болашақ мамандардың күнделікті ғылыми, саяси, қоғамдық, мәдени, ең басты таңдалып алынған мамандық салалары бойынша мемлекеттік тілде еркін сөйлеудің жолын жетілдіруін көздеуден туындайды.

Кәсіби тілді меңгертуде ең бастысы, тіл үйрету әрекетінің бағыт-бағдарын айқындап алу қажет.

Қорыта келе, біріншіден, кәсіби тілді үйренуде студенттердің белсенділігін жетілдіруге септігін тигізеді, қазақ тілін өз бетімен ізденіп оқып үйренуге деген ықылас-ынтасын, қызығушылығын арттырады. Екіншіден, кәсіби мәтіндермен жүргізілген жаттығу

жұмыстары студенттердің білімін, танымын толықтырады, кәсіби тілде сөйлеу білігін жетілдіреді.

Үшіншіден, студенттердің мамандыққа қатысты лексиканы кәсіби қарым-қатынас барысында белсенді қолдану, нақтылы кәсіби қарым-қатынас жағдаяттарында өз пікірін қазақша еркін білдіру дағдысын қалыптастырады.
1 Өсімдіктер әлемі
1-мәтін. Орманның пайдасы және оны қорғау

Орманның шаруашылық және адам өмірі үшін зор маңызы бар. Орманнан қандай заттар алынады? Бұл сұраққа ағаш шебері: үстел, орындық, қарындаш, сызғыш, ағаш шкафтар, кітап сөрелері, есік терезе жақтаулары деп; қағаз дайындайтын комбинат жұмысшысы: дәптер, газет, кітап, журналдар деп айтар еді. Себебі, мұның бәрін ағаштан дайындайды ғой. Теміржолшы болса: ағаш вагондар, темір жолдың астына салатын төсеніштер; дәрі-дәрмек жасаушылар: ағаштан алынатын дәрі-дәрмектер; инженер: жасанды, табиғи жолдармен алынатын маталар, жіптер туралы әңгімелер еді.

Бұл әңгімеден агроном да тыс қалмайтыны белгілі. Орман егіс далаларын жазда аптапты ыстықтан, желден, құрғақшылықтан қорғаса, қыста ысқырған боранның қарды ысырып әкетуіне жол бермейді. «Орман – ең алдымен адамның денсаулығы» – дер еді дәрігер. Демалыс үйлері, тынығу орындары ағаш арасына салынады. Себебі, оның ауасы таза, әрі шипалы. Жасыл ағаштар болмаса, біздің ғаламшарымыздағы оттегі адамдардың тыныс алуына жетпес еді.

Бір сөзбен айтқанда, шаруашылықта орман өнімін пайдаланбайтын бірде-бір сала жоқ деуге болады. Тұрмыстық бұйымдар, құрылыс материалдарының орманнан алынатынын былай қойғанда, басқа да қаншама заттар бар. Мысалы, небір құнды аң терілері, жабайы кәсіптік құстардың дәмді еті мен мамығы, тіл үйіретін тәтті жеміс-жидегі, жылы, сәнді киім, төсеніш, азық-түлік, т.б.

Орман – жомарт табиғаттың адамға тартқан сыйы, мол байлықтың қасиетті қоймасы. Ол – «жайқалған жасыл теңіз», жерімізді көріктендіріп, өзінің қанық бояуымен, құстардың сайраған әсем әуенімен, жапырағының сырлы сыбдырымен адамды шаттыққа бөлейді.

Жинақтап айтқанда, орман, тоғай – баға жетпес табиғат қазынасы, халық байлығы. Сондықтан да мемлекет ормандарды, тоғайларды қоғайды.




Есте сақтаңыздар


Егіс далалары, аптапты ыстық, құрғақшылық, шипалы, ғаламшар, тұрмыстық бұйымдар, мамық, жомарт табиғат, табиғат қазынасы,қасиетті қойма, аң терісі.




Тапсырмалар
1. Мәтін соңында берілген жаңа сөздер мен сөз тіркестерін жаттап алыңыздар.

2. Мәтін бойынша сұрақ құрастырыңыздар.

3. Мәтінді ықшамдап мазмұндаңыздар.

4. Мәтін мазмұнын өз сөздеріңізбен толықтырыңыздар.

5. Жоғарыда берілген сөз бен сөз тіркестерінен сөйлем құрастырыңыздар.

6. Мәтіннен сөз тіркестерін теріп жазып, оларды байланысу түрлеріне қарай (қиысу, матасу, меңгеру, қабысу, жанасу) ажыратыңыздар.

7. Берілген мақал-мәтелдердің мағынасын ашыңыздар:

- Ата – асқар тау,

Ана – бауырындағы бұлақ,

Бала – жағасындағы құрақ;

- Сенің табаңына кірген тікен,

Менің маңдайыма кірсін;

- Ата көрген оқ жонар,

Ана көрген тон пішер;

- Жылы-жылы сөйлесең,

Жылан інінен шығады;

- Өзім білем деген, өрге баспас.

8. Тапқыр болсаң тауып көр:

- Қабы сояу,

Діні – бояу. (Қарындаш);

- Ұшымен қазық,

Тор көзді жазық.

Үстіне өттім,

Асыл сөз жазып. (Дәптер);

- Қысқа таяқ діңі бар,

Шиырылған ізінде,

Сайрап тұрар тілі бар. (Қарындаш);

- Жұқа тақтай бөлшегі,

Ұзындықтың өлшемі. (Сызғыш);

- Ілулі тұр кең алаң,

Керегімді мен одан.

Жазып алам көшіріп,

Сүртем сосын өшіріп. (Тақта);

-Аяғы жер тіреп,

Таяғы көк тіреп тұр. (Киіз үй);

- Қабырғасы тор көз,

Төбесінде зор көз. (Кереге; Шаңырақ);

- Тұмсығын тесіп,

Жүннен бұйда есіп.

Қазыққа байладым. (Уық);

- Келсең жолды ашады,

Кетсең жолды жабады (Есік).


2-мәтін. Орман-тоғай өсімдіктері

Еліміздің солтүстігіндегі Оңтүстік Орал мен Алтайға дейінгі кең алқаптың жазық бөлігінде шағын ормандар өседі.

Далалы және шөлді жерлердегі кішірек өзендер мен көлдердің жағасында шоқ тоғайлар көп.

Орман мен тоғайда өсімдіктердің өсуіне қолайлы жағдайлар жеткілікті, оның топырағы құнарлы, ылғалы мол, топырағы қыста тоң болып қатып қалмайды., т.б. Жануарлар да өзіне мол азық, ыңғайлы баспана табады. Сондықтан орман мен тоғайдағы тіршілік алуан түрлі.

Қызылжар қаласының төңірегінде қайыңды ормандар жиі кездеседі.

Қайың – жарықты жақсы көретін, тез өсетін, бөрікбасы шашақтана жайылып, бұйраланған немесе төмен иіліп, төгіліп тұрған, гүл шоғы сырға тәрізді, жіңішке бұтақты, қабығы аппақ, көрікті ағаш. Оның «аққайың» деп аталуы да осыдан.

Қайыңды егістікті қорғайтын орман алқабы ретінде және елді мекендерді көгалдандыру, әсемдік үшін де қолдан өсіреді. Оның діңін құрылысқа, үй жиһаздарын, басқа да бұйымдар жасауға пайдаланады. Жапырағы мен жемісінен дәрі дайындайды.

Кілең көктеректен тұратын ормандар да. Шыршалы ормандар да жиі кездеседі.

Көктерек әдейілеп адам қолымен отырғызғандай түп-түзу болып өседі.

Шыршалы орманда ағаштардың бөрікбасы тұтасып кететіндіктен арасына күн сәулесі түспейді, орман іші – алакөлеңке болып тұрады.

Шөлейт пен шөлдегі өзен аңғарында, кішігірім көл жағаларында ну тоғайлар өседі. Шағын тоғайлар ылғалы бар сайларда кездеседі. Бұл тоғайларда терек, тораңғы, бұталардан шеңгел, ұшқат, т.б. өседі. Өзен аңғарларында шабындықтар жайқалады. Тоғайда жидек көп. Көктемде олар хош иісті гүл жарып, күзде уылжып піседі.
Есте сақтаңыздар

Кең алқап, шөлді жер, қолайлы жағдай, қайың, көктерек, шыршалы орман, шөлейт, өзен аңғары, терек, тораңғы, шеңгел, ұшқат, хош иісті, уылжып піседі.




Тапсырмалар
1. Мәтін соңында берілген жаңа сөздер мен сөз тіркестерін жаттап алыңыздар.

2. Мәтін бойынша сұрақ құрастырыңыздар.

3. Мәтінді ықшамдап мазмұндаңыздар.

4. Тағы басқа қандай орман өсімдіктерін білесіңдер? (10 өсімдік түрін жазып, жаттап келіңіздер).

5. Ілияс Жансүгіровтың өлеңіндегі өсімдік атауларының мағынасын түсіндір.

Мыңтамыр, жуа, рауғаш, жаужапырақ,

Балауса, сорғыш, селдір, ермен, бақбақ,

Сыбызғы, жалбыз, құлмақ, қарақияқ,

Шоңайна, меңдуана, сора, шақпақ,

Ішінде сол қурайдың сұлу солар.

Шырмауық, кендір, қылша, жыланқияқ,

Қанжыға, қоға, сасыр, аққой болып

Бөлінеді жуалар мен таусарымсақ,

Қымыздық, қызсаумалдық дейтіндерге

Ат қойған тау елінде сүйіп шын-ақ.

6. Тапқыр болсаң тауып көр:

- Дауылға нық күші,

Ағаштың мықтысы. (Емен);

- Дауылға да, аязға да,

Шыдап бағар мізбақпай.

Тау етегі тұрағы,

Жап-жасыл боп тұрады. (Қарағай);

-Ағаштардың көркемі,

Мәңгі жасыл бұтағы.

Мекен ғып тау-өлкені,

Кәусар ауа жұтады. (Шырша);

-Жасыл болып жыпырлап өнеді,

Сары болып үзіліп семеді. (Жапырақтар);

-Жазда жайнайды,

Күзде жайрайды (Ағаш жапырағы).


3-мәтін. Орман-тоғай жануарлары

Орман жануарлары ағашты, бұталы жердің тіршілік жағдайына жақсы бейімделген. Көпшілігінің түсі ағаш діңіне ұқсас қызғылт, қоңыр, сұр немесе жапырақ тәрізді теңбіл, жасылдау болады. Орманда тіршілік ететін жануарлардың кейбірі суретте көрсетілген. Мысалы сілеусіннің түсі теңбіл, борша тышқан ақ жолақты қоңыр, т.б. болып келеді. Ағаш басына өрмелеп шығып, ағаштан ағашқа секіріп тіршілік ететін тиіннің тырнақтары өткір болады.

Орман құстары – тоқылдақ, көкқарға, шымшық, жапалақ. Олар – орман қамқоршылары. Орманда құмырсқа илеуі жиі кездеседі.

Тоғай жануарлары да алуан түрлі. Алматы облысындағы Шелек өзені бойында бартоғай бұғысы мекендейді. Сырдария, Іле, Шу өзендерінің бойындағы адам бармайтын қамыс қопаларда доңыз, елік, қасқыр, түлкі мекендейді. Қалың тоғайларда қырғауыл көп кездеседі. Биік ағаштардың басына мысықторғай, жамансары, т.б. ұялайды.


Есте сақтаңыздар

Тіршілік жағдайы, ағаш діңі, сілеусін, теңбіл, борша тышқан,

тоқылдақ, көк қарға, жапалақ, құмырсқа илеуі, доңыз, елік, қырғауыл,

жамансары.




Тапсырмалар
1. Мәтін соңында берілген жаңа сөздер мен сөз тіркестерін жаттап алыңыздар.

2. Мәтін бойынша сұрақ құрастырыңыздар.

3. Мәтінді ықшамдап мазмұндаңыздар.

4. Тағы басқа қандай орман-тоғай жануарларын білесіңдер? (10 өсімдік түрін жазып, жаттап келіңіздер).

5. Тапқыр болсаң тауып көр:

- Жайнаған бақтың әншісі,

Тамсанған оған сан кісі. (Бұлбұл);

- Мойыны сұрақ белгісі,

Бұл қандай көл құсы? (Аққу);

- Сирағы ұзын,

Тырнағы ұзын.

Балықты сүзбей,

Ұстайтын шоқып,

Тұмсығы біздей. (Тырна);

- Екі айыр құйрығы,

Қияқ мұрт қанаты,

Ұшқырлардың жүйрігі. (Қарлығаш);

- Шуға бөлеп жағаны,

Қанаттарын қағады,

Айдын судың түлегі,

Шабақ іліп жүреді. (Шағала);

- Ала шапан кигені,

Сескенгіш болған соң,

Қыпылықтап жүргені (Сауысқан);

- Талдың басында,

Жемі бар қасында.

Там тұр саялы,

Достарға аялы. (Құс ұясы).


4-мәтін. Жануарлардың табиғаттағы және адам өміріндегі рөлі

Жасыл өсімдіктер – табиғаттың ерекше маңызды бөлігі. Олар өлі табиғаттың қарапайым заттарынан – су мен көмірқышқыл газынан күн сәулесінің қатысуымен және топырақтан алатын минералдық тұздардың ерітіндісінен адам мен жануарларға қоректік заттар дайындайды. Сондықтан өсімдіктердің жойылмай сақталуы жердегі тіршілік үшін өте қажет.

Жануарлар әлемі өсімдіктердің көбейіп, таралуына, өсіп-дамуына, жеміс беруіне әсер етеді, көмектеседі.

Мысалы, шұбалшын, көртышқан топырақ арасын қуыстап жол салғанда, оған ауа жақсы кіреді. Ал өсімдіктер тамыр арқылы тыныс алса, дұрыс өсіп, жақсы өнім береді. Шұбалшын топырақтың қарашіріндісін көбейтеді. Бұл да өсімдіктің жақсы өсуіне өте қажетті жағдай.

Құстардың көбісі зиянды бунақденелілермен қоректеніп, санын азайтады. Сонымен өсімдіктерді қорғайды. Өсімдіктердің тұқымдары мен жемістерін алыс жерлерге тарататын да құстар. Өсімдік тұқымдарын таратуға сүтқоректілер де қатынасады.

Мысалы, тиін жаңғақтарды бір жерден екінші жерге тасымалдайды. Ал жабайы шошқалар ормандағы топырақты қопарып, жаңғақтардың топырақ арасына түсіп, өсіп-өнуіне әсер етеді.

Жыртқыш аңдар шөппен қоректенетін жануарлардың санын реттеп, өсімдіктердің сақталуына мүмкіндік жасайды. Кейбір жыртқыш жануарлардың өлексесін жеп, табиғатта санитарлық қызмет атқарады.

Суда тіршілік ететін жануарлардың да суды тазартуда рөлі бар. Мысалы, балықтар, су ұлулары, т.б.

Есте сақтаңыздар


Каталог: fulltext -> transactions
transactions -> Оқулық Павлодар єож 372. 881. 151. 212. 2(075) бкк 81. 2 Ќаз т 87
transactions -> Экономикалық АҚпараттық ЖҮйелердегі жаңа технологиялар
transactions -> «Есеп және аудит» мамандығы студенттеріне арналған оқу-әдістемелік құрал
transactions -> Қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі
transactions -> Қазақстан Республикасының ғылым және білім министрлігі
transactions -> К. С. Ислям латын тілінің шығу тарихы мемлекеттік тілде оқитын студенттерге арналған оқулық
transactions -> Е. Жұматаева жоғары мектепте әдебиетті білімденудің инновациялық технологияларымен оқыту
transactions -> Лингвистикалық ілім тарихы
transactions -> Сборник задач по банковскому делу учебное пособие для учащихся средних профессиональных учебных заведений экономических специальностей
transactions -> Н. Дауенов ДӘСТҮрлі қазақ этнографиясы


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8


©dereksiz.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет