Дала мен қала 16. 10. 2013 Имансыз қоғам – қасіретіміз Ержан қажы малғажыұЛЫ



Дата23.02.2016
өлшемі66.1 Kb.
#7274
Дала мен қала

16.10.2013

Имансыз қоғам – қасіретіміз

Ержан қажы МАЛҒАЖЫҰЛЫ,

Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти
Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын!

Бақыт, қайда барасың?

Кез келген кезеңде адамзаттың өмірі имандылыққа, рухани құндылықтарға, ізгілік пен ізеттілікке негізделмесе, сол қоғамда қасіретті жағдайлар орын алып, адам арсыздық пен абыройсыздыққа ұшырайды. Біз мұны тарихтан жақсы білеміз. Бүгінгі алмағайып заманда, сананы тұрмыс билеген дәуірде адамдар арасында бауырмалдық, мейірім, кішіпейіл­дік, өзара түсіністік сынды асыл қасиет­­тер­дің шынайы көрініс табуы аса қажет.

Алла тағала қасиетті Құранда: «Кү­мәнсіз, мұсылмандар бір-біріне бауыр», – деп баяндайды (Хужурат сүресі, 10-аят). Дана халқымыз: «Жақыныңды жаттай сыйла, жат жанынан түңілсін», – дейді. Ұрпаққа ұлағатты сөз қалдырған Абай атамыз: «Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең, істің бәрі бос», – деп адамзатты бауырмал болуға үндеген.

Иә, бүгінгі қоғам қайырымдылыққа, мейірбандылыққа мұқтаж. Қатыгездік, өшпенділік, алауыздық ешкімді жақсы­лық­қа жетелеген емес. Ендеше, ұлы Ал­ланың бізге берген шексіз нығметтерінің бірі – бейбіт заманымыздың қадірін сезініп, бағалай білуіміз тиіс. Өйткені, бейбітшілік – біздің бақытымыз бен баға жетпес байлығымыз.

Имандылық пен татулықты, бірлік пен бейбітшілікті ту еткен кешегі батагөй бабаларымыз ұрпақты ұйымшылдыққа, халықты қайырымдылыққа үндеп отырды. Қабан жырау Асанұлы өсиет өлеңінде:

– Бақыт, қайда барасың?

– Соғысқа құмар ойы жоқ,

Ұлан-асыр тойы көп,

Бейбіт елге барамын!

– Бақыт, қайда барасың?

– Көршімен болған бірлігі,

Тағат, ғибадат тірлігі,

Ұйымшыл елге барамын! – деп, өрелі жұртты өрге сүйрейтін негізгі құндылық – бейбітшілік пен бірлік екенін еске салады.

Осынау қойнауы қазынаға толы байтақ даланы бүгінгі ұрпаққа аманат етіп қал­дырған бабаларымыз аттың жалында, түйенің қомында жүріп, шапқан тұл­пардың тұяғы, ұшқан құстың қанаты талатын жерді сақтап қалды. Бұл – Тәңірдің тартуы, шексіз рақымы екенін еш ұмытпауымыз керек.

Дінсіз қоғам болмайды

Діннің әлемдік деңгейдегі адамзатқа тән ойлау жүйесінен шет қалмайтындығын қазіргі заман болмысы айқын аңғартып отыр, себебі дінсіз қоғам болмайды.

Дін дегеніміз – адамды екі дүниенің бақытына жетелейтін Алланың бұйырған жолы. Ешбір ғылым, ешбір білім саласы адамның бүкіл ғаламдық болмыспен байланысын дін сияқты айта алмайды. Ғы­лымдар жаратылыстың жаратқандарын зерттейді. Ал дін жаратылыстың иесіне сенуді бұйырады. Ғылым пән ретінде Жаратушының жаратқан кереметтерін зерттейді. Сондықтан дін туралы ғалымдар мен зиялы қауым өкілдерінің арасында айтарлықтай айырмашылық болады.

Біздің арғы тегіміз түркі, яғни Исламды қабылдауымыз да түркілік, қазақы дүниетанымымызға қатысты болды. Өзімізге тән әдетіміз, ғұрпымыз, салт-санамыз бар, ол Исламмен табиғи тұтасып кеткен.

Ислам – иләһи соңғы әрі әлемдік дін Жер шарын мекендеген алты миллиардқа жуық адамзаттың 1,5 миллиарды мұ­сылмандар. Қазақ халқы да Ханафи мәз­һабын ұстанушы халық. Ислам діні Қазақстанға осыдан 1250 жыл бұрын келген. Өкінішке орай 70 жылдық Кеңестік үкімет тұсында дінге тыйым салынып, Құдай жоқ деп, дініміздің барлық құн­дылықтарын тұншықтыруға тырысты. Осы 70 жылдық мерзімде дінімізді түсіндіре алатын санаулы ғана жандар болды. 1991 жылдан бастап дінге еркіндік беріліп, Ислам қанат жайып келеді.

Қазақ халқының бүгінгі өмір тұрмы­сын және болашағын исламнан тыс қа­растыру мүмкін емес. Ислам діні, онымен бірге енген Ислам мәдениеті, дү­ниета­нымы, тіптен философиясы біздің әдет-ғұрыптарымызға, ұлттық ойлау жүйе­мізге, бір сөзбен айт­қанда, дүниета­­­нымымызға молынан сіңген. Сондық­тан Қазақстанда ислам дінінің ықпалы уақыт өткен сайын артып келеді.

Мұсылмандар адамзат өркениеті тарихында тұңғыш рет физика, химия, медицина, астрономия, ботаника, география, геометрияны жүйелі зерттеуді, тың­ғылықты бақылауды қажет ететін экспериментальдық тәсілдерді қолданып, философия мен филологияны жаңа қырынан дамытқан еді. Бір кездегі Фес, Құртуба (Кордова) және Гренада университеттері ашылып, сол арқылы Батысқа ғылым мен техника жетістіктері жетті. Христиан әлемі оянып, Еуропа мақтан тұтатын қазіргі өркениеттің сол кездегі іргетасы қаланды.

Сатпаймын, сатқан емен дінімді мен...

Әрбір ұлт пен халықтың жүріп өткен жолы мен ұзақ-сонар тарихы болады. Содан әр ел өмірлік сабақ алып, келешегін жоспарлайды. Талай зұлмат заманға тө­теп берген, тар жол, тайғақ кешкен мұ­сылман қазақ бір Аллаға сыйынып, тура жолдан танбады. Діндарларға қысым жасалса да ақын-жырауларымыз: «Сатпаймын, сатқан емен дінімді мен...» деп қасқайып тұрып жырлады. Иә, дінмен, иманмен, сеніммен біте қайнасып жатқан тарих қашан да сәулелі, нұрлы һәм бе­рекелі болмақ.

Ислам – адамның абыройы мен ар-ожданын бәрінен де жоғары қояды, отбасы мен қоғам бірлігін, ынтымағын сақ­тайды, әлеуметтік әділетті көздейді. Адамды былай қойғанда, бүкіл тіршілік иесінің бірде-біріне қылдай қиянат жасамауға үндейді.

Бейбітсүйгіш қазақ халқының сан ғасырлардан бергі тарихында аты аңызға айналған ел басшылары ежелден елдің амандығын, тыныштығын сақтауға мол үлесін қосқаны мәлім. Осы игі үрдіс қа­зіргі жаңа ғасырда да өз жалғасын та­уып, әлем алдында Қазақстан досқа қам­қор, дұшпан­ға кешірімді, көршілерге мейі­рімді ел екендігін дәлелдеп келеді. Осы аяулы арман, асыл мұраттың аясында Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев­тың тарапынан ауқымды саяси қадамдар жасалып, бейбітшілік пен достықты нығайтудың жарасымды үлгісі қаланып жатыр.

Әбу Ханифа мәзһабы – дәстүрімізді жаңғыртушы жол

Мәзһаб сөзі тілдік тұрғыда жол, жүріс, барыс, үлгі деген мағыналарды білдіреді. Ал шариғат термині ретінде діни көзқарас, пікір, фиқһ мектебі деген мағынаны береді. Ислам дінінде «әһлү сүннә уәл жамаъа» болып есептелетін төрт мазһаб бар. Ол Ханафи, Шафиғи, Малики және Ханбали мәзһабтары. Әр мәзһаб сол мазһабтың негізін құраушы имамның есімімен аталады. Бұл мәзһабтардың арасында болмашы айырмашылық қана бар.

Мұсылмандардың арасында кең та­раған мәзһаб – Ханафи мазһабы. Тоғы­зыншы ғасырдан бастап, қысқа мерзім ішінде Ханафи мәзһабы Ирак, Шам, Анадолы, Балқан, Солтүстік Кауқаз, Еділ аймағы, Орта Азия, Қытай, Үндістан, Ауғанстан төңірегіне және Индонезия аралдарына дейін тараған. Әрі Ханафи мәзһабын Алтын Орда хандары, Ұлы Моғолдар және Осман сұлтандары ұстан­ған. Қазіргі уақытта Ханафи мәзһабын ұстанушылар сан жағынан мұсылман үмбетінің басым көпшілігін құрайды.

Басқа түркі халықтары секілді қазақ халқы да шариғат мәселелерінде Ханафи мәзһабын ұстанды. Қазақ жерінде Хисамуддин ас-Сығанақи сияқты Ханафи мәзһабындағы шариғат кітаптарына түсіндірме жазған үлкен ғұламалар да болған. Алаш жеріндегі мешіт-медресе­лер­дегі діни тәлім-тәрбие осы мәзһабтың бағыт-бағдарымен жүргізілді. Мысалы, Мәшһүр Жүсіп былай дейді:

Өзіңе болар махшарда,

Ізгіліктің пайдасы,

Хазіреті Имам Ағзам –

Шариғаттың айнасы!

Сан ғасырлардан соң азаттығына қол жеткізген Алаш елінің Тұңғыш Президенті, дініміздің жанашыры, ардақты Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев дін қай­рат­керлерімен кездескенде былай деп шегелеп айтты: «Еліміздегі дәстүрлі Ис­лам­­ның бірден-бір мойындалған құрылы­мы – Қазақстан мұсылмандары Діни бас­қар­масы. Діни қатынастарды реттейтін жа­қында қабылданған Заңда мемлекет хал­қымыздың рухани өмірінде Исламның Ханафи бағытының орны мен рөлін мойындайтыны атап көрсетілді. Бұл – өте дұрыс».

Осылайша қазақ халқының ғасырлар­дан бері ұстанып келе жатқан төл мәзһабы лайықты мәртебесін алды.

Ата-бабамыздан сан ғасырлардан бері жалғасып келе жатқан сара жолымыз − Әбу Ханифа мәзһабын ұстану ұлттық тұтастығымыздың, діни тұтастығымыздың бірден-бір кепілі.

Әдет-ғұрып – мұсылман қоғамында әу бастан қалыптасып, жалғасып келе жатқан жалпыға бірдей дәстүр.

Имам Ағзам әдет-ғұрыпты үкім шы­ғару негіздерінің бірі ретінде қабыл­даған. Сондықтан, ол дәлел табылмаған кезде әдет-ғұрыпқа сүйенген.

Әдет-ғұрыптың шариғи дәлелдігі Абдулла ибн Масғудтан риуаят етілген мына хадиске сүйенеді: «Мүминдердің жақсы деп есептегені, Алланың назарында да жақсы болып табылады». Яғни, мұ­сыл­мандар арасында жақсы көріліп, әдет ретінде қалыптасқан нәрсе – жақсы, ұнамды нәрсе болып қабыл етіледі. Себебі, әдет-ғұрыпқа қарсы келу қиындыққа, таршылық шегуге себеп болады.

Имам Ағзам адамдардың жеке құқық­тарына құрметпен қараған. Сондықтан ол үкім шығарғанда адамдардың жеке құ­қықтары мен бостандықтарының шек­телмеуіне қатты көңіл бөлген. Сондай-ақ, ол берген пәтуаларында ақыл есі бүтін кісінің жеке құқығына өзгелердің арала­суына әсте жол бермеген. Діни құқық немесе өзгенің құқығы аяқасты етілмегенше, тіпті басшылардың да кісінің жеке құ­қығына араласа алмайтындығын айтқан.

Түйін


Ақын Абай атамыз айтқандай, әрбір ақылды адамға иман парыз, әрбір иманды адамға ғибадат парыз. Сөзіміздің кіріспесінде имансыз қоғамда арсыздыққа жол берілетінін айттық. Мұны жіті түсінген кешегі текті бабаларымыз ұлттық тәрбие мен имандылыққа ұдайы басымдық беріп келді. Ақын-жырауларымыз, жазушыларымыз ізгілікті жырлап, жазып кетті. Олардың иманды қауым құру жолындағы ілкімді істері мен байыпты, байсалды қадамдары ұлағатты ұрпақ қамын, елдің игілігін ойлау­дан туған ізгі ниет еді. Біз бүгін соның нәтижесі мен жемісін көріп отырмыз. Ендеше, бабалардан аманат боп қалған сауапты һәм салауатты іс-шаралардың жалғасын табуына баршамыз бір адамдай атсалысуымыз ләзім.

Алла тағала баршамызға ғибратты ғұмыр, өнегелі өмір нәсіп еткей! Тәуелсіз­дігіміздің тұғыры биік, егемендігіміз мәңгілік болғай! Жаратушы Иеміз бәрімізді жақсы да ізгі істерде басқосуымызды нәсіп еткей!



http://dmk.kz/kz/articles/view/32731




Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет