Даму психологиясы



бет1/6
Дата05.03.2016
өлшемі0.5 Mb.
#43785
  1   2   3   4   5   6
Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі
С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті

ДАМУ ПСИХОЛОГИЯСЫ

Павлодар


Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі
С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті
Гуманитарлық-педагогикалық факультеті
Психология және педагогика кафедрасы

ДАМУ ПСИХОЛОГИЯСЫ
5В050300 (050503) - «Психология»

және 5В010300 (050103) - «Педагогика және психология»

мамандығының студенттеріне арналған

оқу-әдістемелік құралы


Павлодар


Кереку

2012


ӘОЖ 159.9 (07)

КБЖ 88.3я7

Д15
С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің гуманитарлық-педагогикалық факультетінің

оқу-әдістемелік кеңесімен басуға ұсынылды
Пікірсарапшылар:

С. Е. Булекбаева – медицина ғылымдарының кандидаты, С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің психология және педагогика кафедрасының профессоры;

Б. Г. Сарсенбаева – педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент, Павлодар мемлекеттік педагогикалық институты.

Құрастырушы: Н. А. Кударова

Д 15 «Даму психологиясы» : «Психология» және «Педагогика және психология» мамандығының студенттеріне арналған оқу- әдістемелік құралы / құраст. Н. А. Кударова. – Павлодар : Кереку, 2012. – 71 б.

Оқу әдістемелік кешені «Даму психологиясы» пәні бойынша «Педагогика және психология», «Психология» мамандықтарының студенттері осы курс бойынша оқытушының жұмысын неғұрлым тиімді ұйымдастыруға арналған барлық қажетті оқу-әдістемелік материалдарды құрайды.

Оқу-әдістемелік құралы «Психология», «Педагогика және психология» мамандығының студенттеріне, орта кәсіби білім беру мен жоғары оқу орындарының оқытушыларына арналған.


ӘОЖ 159.9 (07)

КБЖ 88.3я7

© Кударова Н. А., 2012

© С. Торайғыров атындағы ПМУ, 2012

Материалдық дұрыс болуына, грамматикалық және орфографиялық қателерге авторлар мен құрастырушылар жауапты

Кіріспе

Баланың есеюін, оның психикалық дамуын түсіну үшін ең алдымен «даму» деген сөзге тоқталайық. Даму дегеніміз өзгерілудің бір түрі. Бірақ өзгерілудің бәрі даму болып есептелінбейді. Даму деген ұғымды көпшілік әдебиеттерде қарапайым түрден күрделі түрге көшу деп түсінеді. Даму тек алға қарай өсу (прогрессивтік түрде өсу) ғана емес. Даму кейде регресшіл (кері кету мағынада да) кездесуі ықтимал. Психика дегеніміз тіршілікті қамтамасыз етуге арналған қасиеттің бір түрі болып табылады. Әсіресе, тіршілік дүниесінде даму прогрессивтік түрде өріс алады. Кейбір зерттеушілер адам психикасының прогрессивтік дамуын бірбеткей түсініп, оның осы қасиетінің өзгерістерге ұшырауының шегі жоқ, өзгерілгенде ешқандай қалдықсыз, түгі қалмай өзгереді дейді. Психика дамуы үшін жаңамен қатар, көне, ескіден қалған қалдықтар болуы шарт. Психиканың дамуында көнеден қалған қалдықты «инвариант» (лат. тілінен «өзгерілмейтін») деп аталады, осыған тіректелетін жаңаны «өзгерілгіш» деп аталады. Психиканың дамуын дәлелдеуге енгізген осы ерекшеліктің мәнін түсіну үшін мына мысалға жүгінейік: біз баспалдақпен жоғары шығу үшін, әуелі бір аяғымызды көтереміз де, сол кезде екінші аяғымызбен табалдырыққа тіренеміз, егер біз бір аяғымызбен табалдырыққа тіренбесек, екінші аяғымызды көтере алуымыз мүмкін емес. Психиканың дамуы да осы сияқты. Егер психиканың дамуында болып тұратын өзгерістер болмаса, яғни ол өзгеріп жарымайтын психиканың инварианттық қасиетіне сүйенбесе, онда ол алға қарай жылжи алмайды.

Инварианттық қасиеттің қалыптасуы тарихи дәуірлерде психика дамуының шарты болды. Инварианттық, яғни тұрақты қасиеттер, соның ішінде шартсыз рефлекстер, не өмір үстінде ұрпақтан-ұрпаққа әлеуметтік ортасында берілетін адамның кейбір мінез-құлықтары жатады. Осы тұрақты қасиеттер үнемі өзгерістерге ұшырап отырады. Сонымен психика түгелдей өзгеріске ұшырайды деуге болмайды. Баланың бір жаста ие болған психикалық қасиеттерді, екінші жас кезеңіне көшкенде, біржолата жоқ болып кетпейді, бір-бірінің үстіне үйіліп, қосылып жатады.

Демек, психикалық даму психиканың әр саласына жатады. Психикалық дамудың жаңа сапалары бұрынғыдан қалған «кескінділерді» өзіне тірек ретінде пайдаланбайды. Себебі жаңа сапа тұтас күйінде кездеседі, – дейді. Мұны «қирау» теориясы деп атайды. Бұл теория диалектиканың тек сан жағынан ғана емес, сапа жағынан да дамудың түрлері кездеседі. Психика үнемі өзгерістерге ұшырайды, бірақ оның құрамының бәрі бірдей өзгермейді.

Биологиялық және әлеуметтік факторлардың бала психикасының дамуына әсері. Қоғамдық ортада әлеуметтік жағдай адамға тікелей әсер ете алмайды, тек психофизиологиялық процестің негізінде ықпалын тигізе алады. Бірақ кейде зерттеушілер «экологиялық» деген сөзді «тұқым қуалаушылық» мағынасында қолданады. Осылай болғанның өзінде де тұқым арқылы берілетін қасиеттер баланың пихикалық тұрғыдан қалай дамитынын толық түсіндіре алмайды.

Өйткені тұқым қуалау қасиеттері өзінен-өзі қызмет атқармайды. Оларды қызмет еттіріп «оятып» жұмыс істеу үшін әлеумет ортасы түрткі болуы шарт. Биологиялық факторды баланың туылғаннан берілген дене бөлшектері десек, керісінше, адамнан тек адам тууы биологиялық кодтар арқылы берілген. А. Н. Леонтьевтің пікірінше, әлеуметтік фактордың ықпалы көбірек болады. Әлеуметтік ортаның атқаратын рөлі өте үлкен.

XX ғасырдың бас кезінде индус психологы Рид Сингх Амаланның ойынша, бала кішкентайынан адамға тән қасиетке ие болып психикасын ойдағыдай дамыту үшін, оның қоғамдық ортада өсуі, тәрбиеленуі қажет дейді. Әйтпесе, бала адам қатарына айнала алмайды. Сонымен, биологиялық және әлеуметтік факторлардың дамуына тигізетін әсері өте үлкен. Егер биологиялық фактордың ықпалы баланың жас кезінде (нәресте кезінде) үлкен рөл атқарса, енді әлеуметтік факторлар күннен-күнге өріс ала бастайды.

Психикалық даму және оқыту. Бала психикасы тек оқытудың негізінде қалыптасады. Осыған орай баланың ықпалын дамыту үшін алдымен оны оқыту керек. Выготскийдің айтуынша, оқыту баланың есеюін тездетеді. Егер баланы ақылды етемін десеңіздер, оқыту тәсілдерін оның қолы жеткен даму дәрежесіне дәл ықшамдай, шамалы алға қарай оздырып жүргізу керек. Сонда ғана баланың ой-өрісін алға қарай сүйрейтін болады, – дейді.

Шетел психологы Дж. Брунердің ойынша, психиканың дұрыс қалып тасып, дамуы үшін оқыту өте қажет, және де оны дұрыс жүргізудің маңызы өте зор. В. В. Давыдовтың ойынша, оқыту баланың ақыл-ойының дамуына өте зор әсер етеді, егер баланың сабақ үлгеріміне шақ келетін материалдар бір қалыпты меңгерілетін болса, онда психикалық даму нәтижелі болады. Бұл жерде ақыл-ой деп оқушылардың тиісті мәселелерді шешуде жалпы амал қолдана білуін айтамыз.
1-тақырып. Даму психологиясының пәні мен міндеттері

Жоспар

1. Даму психологиясының пәні.

2. Даму психологиясының салалары.

3. Даму психологиясының басқа ғылымдармен байланысты.

Даму психологиясы – психология ғылымының саласы. Оның зерттейтін пәні – адам психикасының жас ерекшелік динамикасы, даму үстіндегі адамның психикалық процестері мен психологиялық қасиеттерінің онтогенезі. Балалар психологиясы, төменгі сынып оқушылары психологиясы, жеткіншектер психологиясы, балаң жасөспірімдер психологиясы, геронтопсихология даму психологиясының тармақтары болып табылады. Даму психологиясы психикалық процестердің жас ерекшеліктерін, білімді игерудің жасқа лайық мүмкіндіктерін, жеке адамның дамуының жетекші факторларын, т.б. зерттейді.

Даму психологиясының салалары. Жасына, жас шамасына қарай даму барысы деген не? Бұл сұраққа жауап адамның психикалық даму табиғатын түсінудегі жалпы қарым-қатынасқа байланысты болады. Айтылып жүрген көзқарастардың біреуі даму сатыларының өзгермейтіндігін, абсолютті болатындығын дәлелдеуге келіп саяды. Жас жөніндегі мұндай ұғым психологиялық дамуды табиғи биологиялық процесс деп түсінумен байланысты. Қарама-қарсы көзқарас жас даму білім мен дағдылардың жәй жинақталуы ретінде ғана қарастырылады.

Кеңес психологиясы жас кезеңдері тарихи сипатта болады деп, П. П. Блонский мен Л. С. Выготский бұл тұжырымдамаларды одан әрі қарай дамытты. Тарихи даму процесінде балалар өсетін жалпы әлеуметтік жағдайлар, оқытудың мазмұны мен әдістері өзгеріп отырады және бұлардың барлығы дамудың жас кезеңдерінің өзгерісіне әсер етпей қоймайды.

Әрбір жас шағы психикалық дамудың ерекше сапалы кезеңі болып табылады және бала дамуының осы кезеңдегі оның жеке басының өзіндік құрылымының жиынтығы құрастыратын көптеген өзгерістермен сипатталады. Л. С. Выготский жас шағы дамудың белгілі бір дәуірі немесе сатысы, дамудың белгілі, біршама тұйық кезеңі деп қарады, оның маңызы дамудың жалпы циклінде алатын орнымен және дамудың жалпы заңдарының одан әр кез өзіндік көрініс табуымен анықталады. Бір жас сатысынан екіншісіне өтуде бұрынғы кезеңдерде болмаған жаңа құрылымдар пайда болады және даму барысының өзі қайта құрылып, өзгеріп отырады.

Адамның жас ерекшеліктері көптеген жағдайлардың жиынтығымен анықталады. Бұл – әр балаға оның өмірінің осы кезеңінде қойылатын талаптар жүйесі әрі айналасындағылармен қарым-қатынастарының мәнісі, әрі ол игеретін білім мен іс-әрекеттер типі, әрі осы білімдерді игеру тәсілдері. Жас шағына тән ерекшеліктерді анықтайтын жағдайлардың жиынтығына баланың дене дамуының түрлі жақтарының (мысалы, сәбилік шақтағы белгілі морфологиялық құрылымдардың жетілуі, жеткіншек шақтағы организм өзгерістерінің ерекшелігі т. б.) ерекшеліктері де енеді.

Даму ерекшеліктерін анықтайтын сыртқы жағдайлар балаға тікелей әсер етпейді. Ортаның қайсы бір элементтерінің қандай да бір бұрын дамыған қандай да бір психологиялық қасиеттер арқылы өтетініне байланысты әр балаға объективті түрліше әсер етеді. Осы сыртқы және ішкі жағдайлардың жиынтығы жастың өзіне тән ерекшеліктерін анықтайды да, ал олардың арасындағы қарым-қатынас өзгерісі келесі жас кезеңдеріне көшудің қажеттілігі мен ерекшеліктеріне сабақтас келеді.

Сонымен, жас шағы оның дамуының сол кезде қойылатын талаптар мен тіршілік жағдайларының ерекшеліктерімен, оның айна- ласындағылармен қарым-қатынас ерекшелігімен, балаланың жеке басының психологиялық құрылымы дамуының деңгейімен, білім мен ойлануының даму дәрежесімен, белгілі бір физиологиялық ерекшеліктердің жиынтығымен сипатталады.

Адамның дамуын айналасындағылармен қарым-қатынас жасаудың даму деңгейі бөлімдердің, тәсілдердің, қабілеттердің даму деңгейі арасындағы байланыс анықтайды.

Адамның өмір сүру ерекшелігіне байланысты, психикалық даму ерекшеліктеріне сәйкес жас кезеңдерін былай топтастыруға болады:

1) нәрестелік кезең (туғаннан 1 жасқа дейін);

2) бөбек кезең (1 жастан 3 жасқа дейін);

3) мектепке дейінгі кезең (3 жастан 7 жасқа дейін);

4) бастауыш мектеп кезеңі (7 жастан 11 жасқа дейін);

5) жеткіншек кезеңі (11 жастан 15 жасқа дейін);

6) жоғары сырып кезеңі (16 жастан 17 жасқа дейін);

7) жасөспірімдік кезең (17 жастан 20 – 23 жасқа дейін);

8) жастық шақ (20 жастан 30 жасқа дейін);

9) кемелдік кезең (30 жастан 55 – 60 жасқа дейін);

10) қартаю кезеңі (60 – 70 жас аралығы);

11) кәрілік кезең (70 – тен жоғары).

Даму психологиясының мынадай салалалары бар:

– балалар психологиясы;

– жасөспірім психологиясы;

балаң жас психологиясы;

– акмеология (кемелдік);

– геронтопсихология (кәрілік).

Даму психологиясы педагогикалық психологиямен тығыз байланысты. Педагогикалық психологияның пәні – оқыту мен тәрбиелеудің психологиялық заңдылықтарын зерттеу.

Педагогикалық және даму психологиясының бір тұтастығы зерттелу объектісі – бала, жеткіншек, жасөспірім ортақтығымен түсіндіріледі; олар егер жас ерекшелігіне сай даму динамикасы тұрғысында зерттелсе, даму психолоиясыың зерттеу объектілері, ал егер педагогтың мақсатты ықпалдары қарастырылсы, педагогикалық психологияның объектілері болып табылады. Мектепке дейінгі балалар психологиясы, төменгі сынып оқушылар психологиясы, жеткіншектер, жасөспірімдер психологиясы даму психологиясының бөлімдері, ал оқыту психологиясы, тәрбиелеу психологиясы, мұғалімдер психологиясы – педагогикалық психологиясының бөлімдері болып табылады.

Даму психологиясы психологияның басқа да салаларымен (еңбек психологиясымен, әлеуметтік психологиямен, және т. б.) тығыз байланысты. Тек қана психология емес, сондай-ақ жас ерекшелік физиологиясымен, гигиенасымен, анатомиямен және т. б. байланысты.


Бақылау сұрақтары
1. Даму психологиясы – психология ғылымының саласы.

2. Адамның өмір сүру ерекшелігіне байланысты, психикалық даму ерекшеліктеріне сәйкес жас кезеңдерін қалай топтастыруға болады?

3. Даму психология пәнінің басқа ғылымдармен байланыстылығы.
Әдебиеттер [5, 6, 15, 16, 17, 20]
2-тақырып. Даму психологиясының қысқаша тарихы

Жоспар

1. Даму психологиясының пайда болуы.

2. Даму психологиясындағы биогенетикалық және әлеуметтік генетикалық бағыттар.

3. Ж. Пиаженің психикалық даму мәселесі жөніндегі пікірлері.



Даму психологиясының пайда болуы. Даму психологиясының өмірге келуі 19 ғасырдың екінші жартысына жатады, яғни психологияға генетикалық идеяның енуімен байданысты. Даму психологиясының одан әрі өрлеуіне Ч. Дарвиннің эволюциялық идеялары айтарлықтай әсер етті. Ол психикалық дамудың қайнар көздері мәселесіне зейін аудартты.

19 ғасырдың аяғы мен 20 ғасырдың басында психологиялық экспериментті даму психологиясында қолданудың арнаы жолдары табыла қоймады. Эксперименттің психологиядағы едәуір жетістіктері (Вебер мен Фехнердің психофизикалық заңды ашуы, Эббингауездің ес процесін зерттеуі, Гельмгольцтің сезім мүшелерінің психофизиологиясын талдауы, Вундтың түйсік пен қимыл-қозғалыстың психофизиологиялық ерекшеліктерін зерттегендері, және т.б.) осындай зерттеу жетістіктеріне сүйене отырып, даму психологиясы өрістей бастады.

Адамның өзіндік даму жолындағы ерекшеліктерді ескере отырып, әсіресе өмірдің алғашқы кезеңдеріне аса көңіл аудару қажет. Осындай пікірді қолдайтын психологтар, бала өмірінің ерекшеліктеріне, әсіресе оқыту мен тәрбиелеу жүйесіне көңіл аударды. Мәселен, Ж. Ж. Руссо «Бала – кішкентай ересек адам» – деген жалпы қорытынды жасады. Кейіннен, Кеңес елдерінде, АҚШ-та өрістеген көптеген зерттеулер балалардың қабілеттері, олардың байқаулары, есте сақтауы, пайымдаулары, күйзелістері осыған сәйкес үлкен адамдардың көріністерінен сан жағынан біраз айырмашылығы болса, сонша сапалық ерекшеліктері болатыны анық.

Маркстік – Лениндік философияның негізгі қағидаларына және диалектика қағидаларына, физиология саласындағы жоғары жүйке қызметіндегі жаңалықтарға сүйене отырып, кеңес ғалымдары адамның даму процесі (онтогенезі) табиғат құбылыстары мен адам адам қоғамындағы кез келген әсер ететін заңдарға бағынған, бірақ бұл заңдар адамының жеке бас ретіндегі, жаңа қоғамды құрушы азамат ретіндегі психикалық даму процесінің ерекшелігіне сәйкес өзгешелік болып табылады.



Даму психологиясындағы биогенетикалық және әлеуметтік-генетикалық бағыттар. Балалардың психикалық даму мәселесі, мұндай дамудың қайнар көздері мен заңдылықтары даму психологиясы үшін әрқашанда басты мәселе.

20 ғасырдың басында даму психологиясы саласында балалардың психикалық дамуының қайнар көздерін (факторларын) әр түрлі түсіндіруші 2 ағым айқындалды. Бұл бағыттар бір бірінен бала дамуының негізіне қандай факторды, биологиялық немесе әлеуметтік

факторды алуымен ерекшеленеді. Бұл, әрине бір бағыт өкілдері балаға әлеуметтік әсердің болатынын, ал екінші бағыт өкілдері дамудың биологиялық алғы шарттарын толық жоққа деген сөз емес. Биогенетикалық және әлеуметтік-генетикалық бағыттар баланың психикалық даму концепциясын жасаудың басым тенденциясын ғана шамалап айқындайды.

Биогенетикалық бағытқа «туа біткен ерекшеліктерді» мойындау, баланың мінез-құлқы мен дамуына жеңіл-желпі, түс түсіну тенденциялары жатады. Биогенетиктер үшін дамудың биологиялық және әлеуметтік факторлары қатар тұратын тәрізді болғанымен, биологиялық ең алдымен тұқымқуалаушылық фактор айқындаушы болып есептелінеді. Биогенетиктердің пікірінше, даму жеке адамның сапалық және сандық жақтары міндетті түрде тұқымқуалаушылықпен анықталады, ал орта–бойында көптеген мүмкіндіктері бар икемді тұқымқуалаушылықпен өзара әсер ететін тек реттеуші, көрсетуші, қайсы бір өзгермейтін фактор ғана.

Биогенетикалық заңды ең алғаш тұжырымды алғаш ашқан 19 ғасырда Геккель болды. Сонымен, психологиядағы биогенетикалық заңның негізіне ішкі себептермен пайда болған, тәрбиеге тәуелсіз баланың психикалық дамуы жатады, ал сыртқы фактор ретінде қайсы бір тұқымқуалаушылыққа байланысты психикалық қасиеттердің көріну процесін тежеуге немесе тездетуге жарамды болады деген идея жатқызылады.

Әлеуметтік-генетикалық бағытты қолдаушылардың пікірінше, бала дамуының орташа шешуші факторы ретінде көрінеді, сондықтан да адамды зерттеп білу үшін оның ортасының құрылымын талдау жеткілікті, қоршаған орта қандай болса, оның мінез-құлықтарының механизмі, даму жолдары, сондай болмақ. Мінез-құлық пен дамуды генетикалық бейімділіктің жүзеге асуына апарып таңып, адам белсенділігін жоққа шығарған биогенетиктер секілді социогенетиктер де барлық себепті әлеуметтік орта әсеріне таңып, жеке адам белсінділігін мойындамады. Нәтижесінде белгілі бір әлеуметтік ортада көптеген көрсеткіштері жағынан мүлдем алуан түрлі адамдардың қалайша қалыптасатыны, ал неліктен түрліше ортада ішкі жан дүниесі, мінез-құлықтарының мазмұны мен формалары жағынан өте ұқсас адамдар шығатындығы түсініксіз болып қалды.



Ж. Пиаженің психикалық даму мәселесі жөніндегі пікірлері. Швейцария ғалымы Ж. Пиаженің генетикалық психология теориясы – психология ғылымының кең өріс жайған бағыттарының бірі. Өз зерттеулерін негізге ала отырып, Ж. Пиаже генетикалық әдісті психологиялық болмысты тануда жетекші әдіснамалық қағида дәрежесіне көтерді.

Өз зерттеулерінде ғалым бала ақыл-ойының (интеллект) қалыптасуына назар аудара отырып, ғылыми психологиядағы бала интеллектісінің дамуын байқаудан басталып, сол арқылы ересектердегі интеллект табиғаты мен қызметін білуге болады деп пайымдайды.

Ж. Пиаженің негізгі міндеті адам интеллектісінің құрылымын зерттеу еді. Осы құрылымды қарапайым эволюциялық даму барысында жеткен нәтижесі деп білді, яғни, интеллектілік күрделі ақыл-ойдың психикалық элементтерден құралатынын дәлелдемекші болды. Ж. Пиаже тұжырымының ең үлкен қатесі – баланың біртұтас дамуын ескерместен, ақыл-ойдың өрістеу тұғырын интеллектінің өзінен іздеді, ал сананы дамытушы факторлар арасында ол қоғамдық тарихи әрекет болмысына орын қалдырмады.

Ж. Пиаженің теориялық тұжырымдары жоғары деңгейдегі ойлау қабілеттерінің көзі өткендегі ой мүмкіндіктерінде болатынын дәлелдеп бақты. Ой қабілеті өзінен-өзі кемелденбейтінін, ал даму адам қасиеті екенін, сол адамның адамгершілік қасиет қатысымен шыңдалған сайын оның санасының жан-жақты дамып, ойлау дәрежесінің көтерілетінін тіпті көре алмады.

Генетикалық психология зерттеулеріндегі ең үлкен олқы кемшілік: интеллект даму деңгейінің бірінен екіншісіне өтуде оқудың маңызы орынды бағаланбай, әлеуметтік – қоғамдық фактордың жеке адам қалыптасуындағы мәні жоққа шығарылды.
Бақылау сұрақтары
1. Даму психология пәнінің пайда болу ерекшелігі.

2. Даму психологиясындағы биогенетикалық және әлеуметтік-генетикалық бағыттар.

3. Ж. Пиаженің психикалық даму мәселесі жөніндегі пікірлері.
Әдебиеттер [1, 3, 5, 6, 7, 9]
3-тақырып. Даму психологиясының негізгі зерттеу әдістері

Жоспар

1. Даму психологиясының әдістерін топтастыру.

2. Бақылау әдісі, оның түрлері, ерекшеліктері.

3. Эксперимент әдісі және оның түрлері.



Даму психологиясының әдістерін топтастыру. Ғылым – ең алдымен ісі. Сондықтан, ғылым сипаттамасы тек оның пәнін анықтаумен шектелмейді, әдістер аймағын тануды да қамтиды. Осыдан зерттеу әдістері ғылымның өзімен бірге дамып, өзгерістерге келіп отырады.

Зерттеу әдістері қандай да бір әдіснамалық талаптарға сай болады. Даму психологиясында адамның психикалық қызметтің зерттеулерінің алуан түрлі әдістері бар. Оларды былай топтастыруымызға болады:

- бақылау әдісі;

- эксперимент әдісі;

- әңгімелесу әдісі;

- қызмет нәтижелерін зерттеу әдісі;

- анкета әдісі;

- тест әдісі;

- модельдеу әдісі;

- егіздерді зерттеу әдісі;

- социометрия.

Бақылау әдісі. Бұл даму психологиясында кең тараған. Бұл әдістің мәнісі, басқа адамның іс-әрекетін, оның мінез-құлқын, психикасын сыртқы көріністерін, қозғалысын, сөйлеген сөзін, мимикасын, оның қылықтарын жүйелі жоспарлы түрде бақылайды. Осыған орай ол адамның психикалық процестері, жай-күйі, қасиеттері жөнінде қорытынды жасайды. Бақылау әдісінің ерекшелігі, ол адамның психикалық көріністерінің табиғи сақталуын қадағалайды. Кемшілігі бақылаушы өзі күткен көрінісін тосуға тиіс.

Эксперименттік әдіс. Бұл әдістің маңызды ерекшелігі зерттеушінің керекті құбылыстың көрініс беруін тосып отырмай, оны туғызатындығы. Эксперименттік әдістің 2 түрі бар:

Лабораториялық эксперимент – арнаулы жағдайда, жайда өткізіледі. Табиғи эксперимент – табиғи жағдайда адамның іс-әрекетінің барысында өтеді. Лабораториялық эксперименттік әдісті ең алғаш ашқан орыс ғалымы А. Ф. Лазурский болған.

Әңгімелесу әдісі. Бұл әдісті қолданғанда мақсатын алдын-ала анықтау қажет. Негізгі сұрақтарды дайындау қажет. Әңгіменің негізгі мазмұнын, мәнін сақтай отырып, берілген жауаптарға сәйкес оларды түрлендіру қажет. Әңгіменің бүкіл барысында жайма-шумақ ықыласты сақтау керек.

Қызмет нәтижелерін зерттеу әдісі. Бұл әдіс адамның шамасы, дағдылары, жұмысқа деген қабілеті, білім деңгейі сияқты психикалық еркешеліктерін анықтайды. Балалардың жазған шығармаларын, суреттерін, күнделіктерін, еңбек сабағында істелген заттары арқылы, зерттеу арқылы болады.

Анкета әдісі. Зерттелушілерге бірқатар сұрақтарға жауап жаздырады. Жазба жауаптарға анализ жасалынады, содан соң статистикалық өңдеуден өткізіледі, одан кейін белгілі бір қорытынды жасалынады.

Тест әдісі. Ағылшын тілінен енген сөз («сынақ») деген мағына білдіреді. Арнайы дайындалған, стандартталған сұрақтар тізбегін тест деп атаймыз.

Интроспекция әдісі. Адамның өзінің ішкі дүниесіне үңіліп, зерттеу жүргізуі.

Егіздерді зерттеу әдісі. Егіздер 2 түрлі болады:

– бір жасушадан жаралған;

– екі жасушадан жаралған.



Бақылау әдісі, оның түрлері, ерекшеліктері. Бақылау әдісі – таңдамалы және жоспарлы түрде адамның психикалық әрекеттерін үйреншікті жағдайларда зерттеп, психикалық әрекеттердің ағымына ешбір өзгерістер енгізбей сипаттауды айтамыз.

Бұл даму психологиясында кең тараған. Бұл әдістің мәнісі, басқа адамның іс-әрекетін, оның мінез-құлқын, психикасын сыртқы көріністерін, қозғалысын, сөйлеген сөзін, мимикасын, оның қылықтарын жүйелі жоспарлы түрде бақылайды. Осыған орай ол адамның психикалық процестері, жай-күйі, қасиеттері жөнінде қорытынды жасайды. Бақылау әдісінің ерекшелігі, ол адамның психикалық көріністерінің табиғи сақталуын қадағалайды. Кемшілігі бақылаушы өзі күткен көрінісін тосуға тиіс.



Эксперимент әдісі және оның түрлері. Даму психологиясында эксперименттің рөлі өте зор. Бұл әдістің маңызды ерекшелігі зерттеушінің керекті құбылыстың көрініс беруін тосып отырмай, оны туғызатындығы. Эксперименттік әдістің 2 түрі бар:

1) лабораториялық эксперимент – арнаулы жағдайда, жайда өткізіледі;

2) табиғи эксперимент – табиғи жағдайда адамның іс-әрекетінің барысында өтеді.

Лабораториялық эксперименттік әдісті ең алғаш ашқан орыс ғалымы А. Ф. Лазурский болған.

Әсіресе, баланы зерттеуде табиғи эксперимент жетекші рөл атқарады. Оқу-тәрбие процесі жағдайында жүргізілген табиғи эксперимент оқушылардың танымдық әрекеттерін жеке адамның қалыптасу ерекшеліктері мен жеке адамдар арасындағы қатынастарды тәрбиешінің табиғи жағдайға жақын әлеуметтік ұйымдастырған және арнайы өзгерткен жағдайларында зерттеуге мүмкіндік береді.
Бақылау сұрақтары
1. Даму психологиясында адамның психикалық қызметтің зерттеу үшін қандай әдістерді қолданылады?

2. Бақылау әдісі, оның түрлері, ерекшеліктері.

3. Эксперимент әдісі және оның түрлері.



Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет