Құддыс Қожамьяровтың өмірі мен шығармашылық жолы 1918 – 1994



Дата25.02.2016
өлшемі58.86 Kb.
#20862
Құддыс Қожамьяровтың өмірі мен шығармашылық жолы

1918 – 1994

Құддыс Қожамьяров ұйғыр халқының тұңғыш профессионал композиторы, заманымыздың музыкалық жанрларының негізін қалаушысы. Ол, өз шығармашылығында аз халықтардың; заманына сай музыкалық мәдениет өкілдерінің бейнелерін суреттейді. Қ, Қожамьяровтың шығармаларына ұлттық ерекшеліктер тән. Композиторлық шығармашылығымен ол, әр түрлі қоғамдық жұмыстар және ұстаздық қызмет атқарды.



Өмірі мен шығармашылық жолы

Қ. Қожамьяров, 1918 жылы, Алматы облысының Қайнар деген селосында, шаруаның отбасында дүниеге келгді. Жастайынан ол халық әндерін жақсы көріп, тыңдады. Алматыда музыка – драма техникумының ашылатынын естіп, ол оқуға баруды ұйғарады. Басында скрипка одан кейін фортепиано класында оқиды. Келе – келе бойында шығармашылыққа деген құштарлық пайда болады. Оның алғашқы композиторлық талпынысына “Шығыс балладасы” және “Айлы түн” жас өспірім шағындағы қиялға толы пьесалары жатады.

Қ. Қожамьяровтың жастық шағы ауыр кезеңде өтті – аштық, соғыс. Осы жағдайларға қарамастан, болашақ композитор өз бастамасында үлкен қайсарлық көрсетті.

Техникумды бітірген соң, ол, Мәскеу консерваториясына оқуға түседі, бірақ оқуын тоқтатуға тура келді, өйткені Ұлы Отан соғысы басталып, армия қатарына шақырылды. Мұнда ол партия қатарына кіріп, тамаша әскери дайындық алады, сонымен қатар, музыкаменде шұғылдануын тоқтатпады. Ұрыстарға қатыспайтын әскери бөлімінде болғандықтан, ол хор ұйымдастырып, халық әндерін өңдеумен шұғылданды.

1946 жылы, әскери міндетін аяқтаған соң Қ. Қожамьяров Алматыға оралып, консерваторияға оқуға түседі. Мұнда ол Е. Брусиловскийдің класында оқиды. Қ. Қожамьяров техникумда оқып жүрген кезінде Е. Брусиловский оның композиторлық дарындылығын байқаған еді.

Шығармашылығының ертеректегі кезеңі

/ 1946 – 1969 ж.ж./

Консерваториядағы және одан кейінгі 50 – ші жылдар кезеңі шығармашылығының алғашқы буынын құрады. Бұл кезең камералы – аспаптық және вокалды шығармалар шығарудан басталады. Композитор өзінің алдына өте күрделі мәселе қояды – ұйғыр халық музыкасының ерекшеліктерін көрсететін өзіндік әуен стилін тауып, оны жұзеге асыру. Ғасырлар бойы келе жатқан халық дәстүрлері Қ. Қожамьяровты шығармашылыққа шабыттандырды. Оның шығармасы арқылы тыңдаушы қауымның, ертедегі ұйғыр мәдениетінің тарихына деген қызығушылығын оятады. Консерватория қабырғасында жазған алғашқы шығармаларынан – ақ әуенділіктің ерекше жаңа лебі еседі / “Поэма”, “Бесік жыры”, фортепианоға арналған “Ноктюрн”/. Композитор ұйғырдың халық музыкасын зерттеп, түрлі аспаптарға әндерін өңдеді. Кейбір әндерді өз шығармаларында пайдаланды. Мысалы, фортепианолық трио, “Бұ Чинар” атты ұйғыр әніне жазылған шығармасы 8 вариациядан құрылды.

“Туған колхозда” атты төрт бөлімді шекті аспаптар квартеті өзінің тамаша ұлттық өзгешелігімен ерекше көзге түседі. Ұйғырдың халық әндерінің әуендері мұнда еркін пайдаланылған. Сонымен қатар, композиторды поэтикалық сөз өрнегі қызықтырады. Оны ұйғыр және қазақ ақындарының өлеңдеріне жазылған әндері мен романстарынан көреміз. “Колхоздың егісі танабы” хор сюитасында композитор бейнелердің нақтылығын, олардың ашық ұлттық әсерлілігін көрсетуге тырысады. Консерваторияда оқып жүрген жылдары, ол алғаш рет, ұлт – азаттық қозғалысының Садыр Палван батырдың бейнесіне сүйенеді.Оған скрипка мен фортепианоға жазылған сонатаны арнайды. Оқу жылдары Қ. Қожамьяровтың шығармашылығы тез дамып, ілгері жылжиды. Оның көптеген шығармалары үлкен концерттерде орындалып жүрді. Сол жылдары оның әрбір шығармасы астанамыздың музыка өмірінде керемет оқиға болды. Осы кезде шығарған шығармаларының ішінде ең ірі туындысы “Ризвангуль” симфониялық поэмасы болды. Поэма көптеген ізденіс жолдарын ашты. Бұларды жүзеге асыру үшін. Қ. Қожамьяровқа көп ізденіп, көп оқу керек болды. Сондықтан, ол сынақ өту үшін композтор В. Шебалиннің класына, Мәскеуге аттанады.

50 – ші жылдар бойы, “Ризвангуль” симфониялық поэмасынан кейін, композитор басқс ірі жанрларды меңгеріп, өзінің күшін сынамақ болды. Ол әртүрлі тақырыптарға сүйеніп, жаңа мәнерлеу тәсілдерін қолданады. Оның шығармаларының негізгі тақырыбы – ердік, тұрмыс салт – дәстүрі болып табылады. Оны, әсіресе замандастарының бейнелері қызықтырады. Бұған, “Достық жолымен” симфониялық поэмасы және “Ұйғыр колхозындағы кеш” воалды – симфониялық сюитасы жатады. Композитордың шығармаларының ішінде, әсіресе халық ерлерінің тарихи бейнелері сәтті шықты. Осы жылдары жемісті болған жұмысы “Назугум” операсы (1956 жыл) болды. Бұл шығарма тұңғыш ұйғыр операсы болып табылады.

60 – шы жылдары “ Алтын тұлпар” операсын Н. Тілендиевпен бірлесіп жазады / либреттосы Қ. Байсейітов пен К. Шаңғытбаевтікі./. Тың өлке бейнесін ертеректе “Колхоздың егіс танабында” /Н. Бекхожиннің өлеңіне/ және “Гүлденген тың дала” / С. Жароковтың өлеңіне/ хор сюиталарында суреттеген.

Осы он жылдың ішіндегі ірі шығармалардың бірі - “Чин Томур” балеті. Қ. Қожамьяров өз шығармашылығында, музыкалы – схналық жанрға көңіл аударған. 60 – шы жылдары “Чин Томур” балеті мен “Алтын таулар” операсынан басқа – аралас хор және оркестрге арнап С. Жароковтың өлеңіне “Ленин партиясы” атты поэмасын, “Чин Томур” балетінің музыкасына екі сюита, ұйғыр әуендеріне негізделген хорға арналған сюита, фортепианоға және басқада аспаптарға пьесалар, сахналық қойылымдарға музыка, әндер мен романстар жазды. Қ. Қожамьяров қазақ мәдениетіне аса қызығушылықпен қарап, қазақтың балалар әндерін жазады. Бұлар – Н. Бекхожиннің өлеңіне жазған “Досым – ау” әні және Ә. Тәжібаевтің өлеңіне “Алатау туралы ойлар” хор поэмасы.

60 – шы жылдары компощитор қоғамдық жұмыстарға белсене қатысады. Ол түрлі қоғамдық ұйымдар кеңесінің мүшесі болып сайланады және Қазақстанның КПОК құрамына кіреді. 1957 жылдан 1967 жылға дейін Алматы консерваториясының ректоры және композиция класында ұстаздық жұмыс атқарады. Оның класында талай болашақ талантты композиторлар оқыды. Әр түрлі іс - әрекетінің көптігінен, шығармашылыққа уақытын тығыздығы мұрша бермеді. Бірақ, маза бермейтін шығармашылық іштей пісіп, кейін шығармашылығының гүлденуіне көп әсерін тигізді.

Шығармашылығының кемелдену кезеңі

/ 1970 – 1994 ж.ж./

Қ. Қожамьяровты ерлік – патриоттық бейнелер қызықтыра түсті. Сондай – ақ, шығармашылығының негізгі сарыны халық тарихына арналуын тоқтатпады. Бірақ, соңғы жиырма жылдың ішінде ұлттық көркемдік дәстүрге және өз ойын лирикалық әуен арқылы ашуы шығармашылық көзқарасын қалыптастырды.

Жиырма жылдан соң, 1975 жыл Қ. Қожамьяров “Садыр – Палван ” атты жаңа опера жазды. Оның ой өзегі 50 – ші жылдары шыққан шығармаларымен байланысты. Сол жылдары А. Махпировтың “Садыр – Палван” пьесасына музыка жазылған. Ал осы тақырыпта опера жазуға жиырма жылдан соң кірісті.

Қ. Қожамьяров қазақ халқының тарихъын және өнерін аса қадірлей білді. Композитородың тағдырына осы халық пен өмір сүріп, еңбек етіп және мәдениетін көтеруге жазылды. Ол, Т. Молдағалиевтың өлеңіне 1970 жылы “Гүлдене бер” ораториясын, сосын кейін Мұхиттың аттас әнінің бейнелі сарындылығына сүйене отырып, 1983 жылы “Зәуреш” симфониялық поэмасын жазды. Екі шығармаға да қазақтың әуендік үні сіңген және мұнда поэтикалық стилінің нәзіктігі білінеді. Қ. Қожамьяров қазақ фольклорын жақсы білген, қазақ тілін еркін меңгерген.

Бұл жылдары композитордың шығармашылығының негізі симфониялық оркестрге арналған музыка болады. Сөзге, өлеңге сүйенгеніне қарамастан, композитордың творчествосында жетекші роль аспаптық музыкаға беріледі. Композитордың назары енді, симфония және аспаптық концерт жанрына ауады. Өйстіп. Жиырма жыл ішінде, бірінен кейін бірі бес симфония дүниеге келді. Жұмыс арасында бір бөлімді суреттемелер туды.

Қ. Қожамьяров аспап әлемінің үн әсемдігін терең сезінуі арқылы аспаптық концерт жанрының өз табиғатына аса жақын екендігін түсінді. 70 – 80 – ші жылдары бір қатар концерттері шықты. Бұларды 1974 жылы, труба аспабына бір бөлімді концерт ашты. Бұл концерт “Мәшрәп” симфониялық суреттемесіне өз бейнелілігімен жақын тұрады. Шығарма, Қазақстанға атағы шыққан, трубада шебер орындаушы Ю. Клушкинге арналып жазылған және Ю. Клушкин туындының тұңғыш орындаушысы болды.

Концерттің екі тақырыптық әуенінің негізіне халық әні “Дадэй” және махаббат туралы лирикалық ән “Ярэй” алынды. Екі әуен бірін – бірі толықтырып тұрады.

Бұл шығармадан кейін басқадай аспаптарғк арналған концерттік туындылар пайда болады: скрипкаға /1982 жыл/, саксафонға /1985 жыл/, флейта мен гобойға /1986 жыл/. Мұнда да халықтың аспаптық суырып салма дарындылығын көрсете білген және ұйғыр музыкасының өзіне тән ерекшелігін байқатқан.

Қ. Қожамьяров ұзақ өмір сүрді. Профессионалды музыканың жазба дәстүрінің іргесін қалаушыларымен бастап, ол, келесі композиторлар ұрпағымен жұмыс істеп, өзін ұдайы жаңа шығармашылық ізденіс жолында көрсете білді. Өз шығармаларында, замандастарының бейнелерімен қатар, музыкада, ертедегі халық тарихынан және ұйғыр халқының бай мәдениетінен мағлұмат қалдырды.



Қолданылған әдебиет: Қазақтың музыкалық әдебиеті 1920 – 1980. Ү. Жұмақова, Н. Кетегенова. Астана 2005 жыл.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет