Дербес ұлт, тәуелсіз ел болып қалғымыз келсе, ұлттық идеяны ұйытуымыз қажет. – Осыдан 25 жыл бұрын: «Рухани тәуелсіздікке жетпеген ұлт мәңгілік басыбайлы болып қала бермек»



жүктеу 152.61 Kb.
Дата12.06.2016
өлшемі152.61 Kb.
Тұрсын ЖҰРТБАЙ, жазушы, ғалым:

Дербес ұлт, тәуелсіз ел болып қалғымыз келсе, ұлттық идеяны ұйытуымыз қажет.

Осыдан 25 жыл бұрын: «Рухани тәуелсіздікке жетпеген ұлт мәңгілік басыбайлы болып қала бермек» деп жазған болатынсыз. Ал, қазір ойымыз азат, рухымыз биік деп айта аламыз ба? – Бұл, яғни, рухани тәуелділік – мен күтпеген сана мен түйсіктің түкпіріндегі шырмауықтың тамырындай, өкпесін қапқан жалқаяқ сияқты созылмалы дерт екен. Тән дертін дауалауға, жан дертін сейілтуге болады. Бірақ түйсік пен сана саңылауы шалдыққан рухани дерттен арылу қиямет-қайымдық құбылыс сияқты. Рухани тәуелділік жұлын мен жүйкенің талшықтарын ұстап, ұлттық түйсікті тотықтырып, тегінен жерітіп тынған тәрізді. Рухани тәуелсіздік туралы осыдан 25 жыл бұрын түршіге, тітіркене, ұлтты сақтандыра айтқан бұл пікірдің осы күнге дейін шипасын таппаған дертке айналуы қатерлі көрініс. Егер де дәл қазіргі қазақ қауымының емсіз дертінің бірі қайсы, ол туралы не айтасыз десе, бұрынғы пікірімді қоспасыз қайталаған болар едім.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында жер иесін тауып, ел киесін тауып, жұрт бұғауын талқандағандай көрініп еді. Өкінішке орай сол талқандалған бұғауды қазір қайта дәнекерлеуге талпына бастағандаймыз. Осы реттегі әңгіме-сұхбатта мемлекеттік саяси қам-қаракетті сыртқа қалдырып, тек рухани тәуелсіздікке шырматылған сана мен түйсіктегі шырмауыққа тоқталайықшы. Шындығында да Абай айтқандай және кеңестік кеңістікте жиі қайталайтын «Өздеріңді түзелер дей алмаймын,  Өз қолыңнан кеткен соң, енді өз ырқың» – деген сөзді жиі еске алғызып отырғызған қандай құбылыс, оның себебі не? Басты «кесірілі киепет» ұлттық діл мен тілдің, дін мен дәстүрдің рухымыздан ұясын таппай иенді кезіп ұшып жүрген бозторғай құсап иесіз қалуы. Менің ойымша қазір қазақтың рухы қазақтың жүрегінен қонатын орын таппай иман іздеген ғайыптың құсына айналып бара жатқан сияқты. Рухымыздың ұясынан жерінуінің басты кілтипаны – сәбилердің түйсігіне ұлттық тәрбиенің тамшысы тамбауында. Қазіргі жат тілдің еміздігін еміп, туған ұлтының тілінен жерініп жүрген қарадомалақтар мен қарақастылардың дені тәуелсіздік алған соң туғандар.

Бұл кесірілі құбылыс неге орын алды? Өйткені осы ұрпақтың әке-шешелері кеңестік және ұлы орыстық империяның басыбайлы тәуелді міскіні болып тәрбие алды. Сол міскіндік психология олардың түйсігі мен санасына, жұлыны мен жүйкесіне кетпейтін тат болып жабысқан. Ал ол тат ұрпақ ауыспай тазармайды. Жалпы ғылымда лингвистиканың нейролингвистика деген тарауы бар. Осы бағытты зерттеген шетелдік бір ғалым ХХІ ғасырдың басында ұлы жаңалық ашты. Сөйтсек, бүгінгі туған сәби және оның миы, жұлын мен жүйке талшықтары, бейімділігі өзінің жетінші атасы қандай болса, тура сол «қалыпта» туады екен. Қазақтың жеті ата ұғымына ерекше мән беруінің сыры да осында жатса керек. Жетінші атасының түйсік, санасы, ой иірімі қалай болса, жас сәбидің қоймалжың болып тұрған ми талшықтары да солай иініп тұратын көрінеді. Ал, тілге, көзқарасқа, өмірді қабылдауға, тілдік ортаға бейімделуге, құбылыстарды қабылдау үдерістеріне мидың сол жақ жартысы және соның ішінде алдыңғы қабатындағы ақ уыз жауап береді екен. Сәби өз ұлтының тілін еш қиналмай біліп, игеріп кетуінің сыры осында көрінеді. Өйткені өзге тілде тәрбиеленген сәбидің дыбысқа, дауысқа жауап беретін ми талшықтары бесікке бөленгеннен бастап өзінің миындағы үлкен өзгерістермен күреседі. Яғни, «кейін» 4-5, 8-9 жаста іске кірісуге тиісті түйсік талшықтары енді алдыға, алдыңғы лектегі бұрынғы жеті атасы сөйлеген тілге бейім талшықтар артқа қарай жылжиды. Бұл – миллиардтаған армияның орын ауыстыруы сияқты. Міне осы тұста, өзге тілді жатсынған ми талшықтары үлкен қозғалысқа түседі де, бала ашуланғыш, шамданғыш болып өседі екен. Жеті-сегіз жасында арт жақтағы ми талшықтары алдыға ауысып болғаннан кейін, енді әуел бастағы өзінің ана тілін үйренуге жауапты тамырлар мен талшықтар енді қайтадан сол тілді үйренгенде үлкен түршігулер пайда болады. Қалай ма, қаламай ма, ол бір нәрседен әбден запы болған адамның жүйкесі сияқты ашуланшақ келеді. Міне осындай үлкен өзгерісті жеңген сәби енді өзінің ана тілін үйренуге келгенде үлкен түйсіксіз қарсылықтарға тап болады. Демек әлгі сәбидің өзінің түйсігіне, бабасына, ұлтына жатсына қарауы табиғи құбылыс. Сондықтан да кеңестік кеңісік тұсында ми талшықтары мен жұлын талшықтары «қызмет орынын» ауыстырып үлгерген ата-ананың сәбилері өз тіліне, дәстүріне, мәдениетіне жатсына қарайды.

Мұндай кілтипаннан айығу үшін міндетті түрде ұрпақ ауысуы керек. Бірақ ол қашан болады, болмай ма, ең жан түршіктірер жай осы. Бесікке бөленген сәбиден бастап, белі бүгілген қарияларға дейін тіл тітіркенісін сезінгенде ғана ұлт пен ұлттық сана өзінің әуелгі қалпына қайырылып келуі мүмкін. Біз бұны ұлттық қауіп-қатер ретінде қабылдауымыз керек. Нағыз мәңгүрттіктің басы осында. Қазір осы санадағы, түйсіктегі құбылыстың екінші толқыны баласын тәрбиелеп жатыр. Жаңағы шетелдік ғалымның: қазақтардың қазақ тілін үйрену үшін сапалы қазақ тілі оқулығы, білімді ұстаз керек емес, ең бірінші психологиясын түзету керек – деген пікрін дәлелдеп жүрген профессор Жантас Жақыптың пікірі дұрыс. Ең бірінші санадағы татты тазарту керек. Сонда ғана: ойымыз азат, рухымыз еркін, жанымыз бостандықта болады – деп ойлаймын.

– «Біздің ұлттық санамыз шексіз ғаламды бағыт-бағдарсыз кезіп жүрген қаңғыбас құйрықты жұлдыз тәрізді» депсіз тағы бір ертеректе жазған мақалаңызда. Сонда қазақ ұстанатын темірқазық қайда, бағыт берер бағдаршам не болмақ? – Темірқазық – ұлттық идея. Онсыз алға қадам басқан ұлыс, империя, мемлекет болған емес. «Неге Қытай дүниесі өзінше бір әлем, қалған дүние бір әлем» деген еуропалықтардың сұрағының астары, Қытайдың ұлттық идеясының тұрақтылығында. Осыдан екі жарым мың жыл бұрын үш патшалықты біріктіріп, орта жазық мемлекетіне ұйыстырған Ши Хуанди патшаның «Аспан астындағы дүниенің кіндігі – Қытай», «Әр қытай ұлы патшалықтың өкілі», «Бір қытайдың мүддесі – барша Қытайдың мүддесі», «Бір қытай табаны басқан жерде аспан елінің үлесі бар», «Жердің асты-үсті, аспанда өзгенің үлесі жоқ, тек Қытайдың ғана мүддесі бар», «Дипломатияның басты мақсаты – тіл емізіп, демімен ішке тартып, жібек құрты сияқты кеміріп, ірге кеңейту», «аяғын басқан жерден тартпау», «шекарадағы тың игеру әскерін күшейту», «Иероглиф – Қытайдың тұтастығының кепілі», «Өзгенің барын алып, бажысын қосып қайтару» деген ұстанымдар әр түрлі патша әулеттері, қоғамдық құрылымдар ауысқанымен де өзгерген жоқ. Тек уақыт ағымына, билік құрылымына, мемлекеттік идеологиялық саясатқа орай іріктеліп, қосылып, нақтыланып отырды. Тіпті «Жер жүзінің пролетарлары бірігіңдер» деген ұран да сол ұлы Қытайдың ұлттық мүддесіне жұмыс істеді. Соның нәтижесінде дүниенің төрт бұрышына шашырап кеткен «хуачияулардың» – эмигрант қытайлардың «Қайда жүрсем де Жунго жүрегімдесің» атты әнұраны өмірге келді. Бұл әнді Қытайдан сырт жерде жүрген гомиданның да, гунсандаңның да мүшелері, яғни, капиталистер де, коммунистер де көзіне жас алып тыңдайды. Олар тапқан тиындарын Қытайдың болашағына салғандары үшін өздерін бақытты санайды. Қытайдың бүгінгі қарқынында олардың демеуі бар.

Міне, тамырынан суарылып, жұлын-жүйкесін меңдеген ұлттық идея деп осыны айтады. Бағдар алатын темірқазық осы. Абайдың «Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» деген түпкі аңсары да осында. Ал, біздің қай капиталисіміз, шонжарымыз, байшыкешіміз сырттың құтын ішке құйып, елін құтайтып отыр? Керісінше сыртқа тасып, елді жұтатып жатыр. Қаймана жұртты былай қойып, халықтың бірлігі мен қауіпсіздігінің кепілі болатын, бұрынғы «саин башқандар» мен қауіпсіздікті қамтамассыз ететін «башқандар» енесіне шапқан жаман айғырға ұқсап сәуріктеніп иек артып, өз еліндегі сұлтандықты жат елдегі ұлтандыққа айырбастап кетті емес пе? Олардың соңынан ерген құйыршықтары мен құймышақтары қаншама. Соған қарамай өздері шетінен шамкөс келеді. Шет елде олардың сыртынан қарағанда бұралқы, мүсәпір сықпытын көріп, жақындасаң бітті, сенің қазақ екеніңді біліп, дүрегейлене қалады. «О, сорлы!» дейсің кейде ішіңнен, кейде дауыстап. Абай «Бірлік жанға бірлік, берекеге бірлік. Бірлік малға сатылса – антұрғандықтың басы» деп дәл қазіргі мемлекетімізде қалыптасып отырған екі бетттік экономикалық, «малға сатылған одастастықты» айтқан. Саясат пен ақша ұлттық идеяның іріткісі. Тағы да сол Абай, «Бірлік жоқ, береке жоқ, шын пейіл жоқ, сапырылды байлығың, баққан жылқың» – деп айтқанындай, «бірлігі жоқ», яғни ұлттық идеясы жоқ, «берекесі жоқ», яғни, тәуелсіз экономикасы жоқ, «шын пейілі жоқ», яғни, рухани тәуелді, басы байланып бара жатқан мемлекетте өмір сүріп отырған сияқтымыз.

Сондықтан да ұлттық идея дегеніміз ұлы әрі қатпарлы құбылыс. Ол әр заманның қас-қабағына қарай сыртқы түсін өзгерткенімен, ішкі өзегін сақтап қалатын сол ұлттың тарихи тағдыры. Ұлттық идея қай дәуірде, қандай құрылымда болмасын сол ұлттың ұлы өзегі, ұлы ұйытқысы, ұлы мүддесі, әр адамның түйсігіне сіңген аңсары болып қала беруі тиіс. Қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде жаппай қолдануды ұлттық идея ретінде қабылдайық деген пікір тұрақты алаңға айналып барады. Ұлы идеяны бұлай ұсақтатуға болмайды. Рас, қазақ тілінің тағдыры жанымызды жанықтырады, жүрегімізді жаралайды, тағдырлы тылсым. Тіл – ұлттық идея деген ұлы ұғымды жүзеге асырудың тұтқалы құралы. Тек тіл ғана «бас-басына би болған өңкей қиқымның» басын біріктіре алмайды. Берекені әрекеге айналдырып отырғанда тілдік ала-құлалық. Исмаил Гаспралы айтқанындай «Тіл, дін, діл және күрес мақсаты» бірлігі болмай, ұлттық идея ұйымайды. Биліктегі дәбірлер де, оппозиция өкілдері де елдің ішіндегі және сырттағы қазақтар да, бала да, дана да, прокурор мен сот та, полиция мен қауіпсіздік қызметкерлері де осы ұлттық идеяны жүзеге асыру үшін жан алып, жан беруі тиіс. Бәсекелес саяси партиялар осы ортақ ұлттық идеяны кім, қалай оңтайлы атқара алатыны туралы жол көрсетіп, бәсекеге түсуі қажет. Ал біздің қазіргі күйіміз Абай айтқандай «Біздің доспыз, асықпыз, дегеніміз жалғандықпен жалғанған көңіл жібі» ғана. Осы жерде мысал ретінде белгілі қоғам қайраткері Амангелді Айталының мына пікірін келтіре кеткен артық болмас деп ойлаймын:

«Мәселе Австралия одағы ту­ралы болып отыр. Австралия мен Қазақстанның та­рихы әртүрлі болғанымен, оларды көп­ұлттылығы жақындатады. Австралияның негізгі хал­қы Еуропадан, Америкадан қоныс аударған ағыл­шын тілділер, оларды австралиялықтар деп то­лық айтуға болады, өздеріне тән құн­ды­лықтары, өмір салты, мінез-құлқы, мәдениеті қа­лыптасқан. Бертін келе, ХХ ғасырдың 70-жыл­дары демографиялық дағдарыс және эко­но­миканың дамуы шетелдің жұмыс күшін пай­далануды талап етті. Австралияға ағылып араб­т­ар, вьетнамдықтар, қытайлықтар, басқалар қоныс аудара бастады. Оларға қойылатын басты талап – Конс­титуцияны мойындау, ағылшын тілінде сөйлеу. Қоныс аударушылардың мәсе­ле­леріне бай­ланысты мемлекет қыруар қаржы бөлді: ұлттық тілдерде кітапхана, мектеп, БАҚ жұмыс істеді. Бүгін Австралияда радио 68 тілде, теледидар 60 тілде хабар таратады. Бұл аздық етіп, диаспораларға парламентте, үкіметте, оқу орын­дарында квота бөлінді, диаспора кәсіпкерлеріне салықтардан жеңілдік берілді. Австралияға қоныс аударушылардың саны одан сайын көбейді. Енді бюджет оларға деген шы­ғынды көтере алмайтын жағдайға жетті. Елде қылмыс көбейді және ол этностық сипат алды: вьет­намдықтар героин сатумен, арабтар әйелдер сату­мен айналысса, қытайлықтар мемлекеттегі ла­уазымды қыз­меттегілермен ауыз жаласып, қыл­мыстық топтар құрды. Сонымен бұл ұлттық сая­сатқа елдің басым көпшілігі қарсы болды, се­бебі, бірте-бірте байырғы еуропалықтар шеттетіле бастады, елді сенімсіздік пен күдік жайлады, ал диаспоралар Австралия мем­ле­ке­ті­нің тұтастығын ұмы­тып, өзара бәсекелестікке түсті» («Егемен Қазақстан» 19 сәуір 2008 ж.)

Осы айтылғаннан үлкен қортынды шығаруымыз керек. Бұл жағдай біздің де баста бар.

Мен «Темірқазық» мәселесіне қадала тоқталғаным, ұлттық мәселе БАҚ-та жиі көтеріле бастағандықтан емес. Сонау Абай заманынан созылған аса күрделі, толғағы ұзаққа созылған мәселе екенін еске сала кету ғана. Егер де дербес ұлт, тәуелсіз ел болып қалғымыз келсе, қалайда ұлттық идеяны ұйытуымыз қажет. Онсыз сырттың ықпалынсыз-ақ, іштен іріп тынатынымыз анық. Алла содан сақтасын.

Сіздің ойыңызша, ұлтымыз қандай ұранның, ұлттық мүдденің айналасына топталуы тиіс?

– Меніңше, қазақтың сонау көшпелі дәуірден бастап ұлт боп ұйығанға дейінгі ұзақ кеңістікті қамтыған және сол кездегі ұлттың рухани тағдырын, экономикалық жай-күйін, психологиясын, тұрмыстық қарым-қатынасын, жерін, сонымен қатар барлық отарлаушылықтың езгісіндегі және одан толық тазарудың, рухани тәуелсіздіктің жолын межелеп берген, ол – Біртұтас Алаш идеясы. Әлихан Бөкейхановтың ұстанған саясаты мен және «Алаш» партиясы, «Алашорда» кеңесі, «Алашорда» үкіметі жасаған бағдарлама кеше де, бүгін де, ертең де қазақтың тәуелсіз мемлекетінің алдындағы ұлы мақсат, ұлы мүдде осы және онда ұлтымыздың бойындағы барлық мақсат-мүдде қамтылған деп ойлаймын. Әрине, сол Әлихан Бөкейхановтың өзі атап көрсеткеніндей, сол идеялардың негізін ала отырып, ұлы жүлгесін сақтап заманға, дәуірге қарай, жағдайға қарай үйлестіріп қолдану керек.

Біз сол ұлттық идея мен ұлттық мүддеден ұзақ уақыт ажырап, тылсым кеңістікте өмір сүрдік. Қазір де сол кеңестік тылсымның кеңістігі бізді іштей де, сырттай да рухани басыбайлылықтың ауасымен тыныстауға мәжбүр етіп отыр. Бұл созылмалы дерт үзілмей келе жатыр. Бұрын да айтып жүргенімдей ,біртұтас Алаш идеясын біздің мемлекетіміз негіз етіп алуы керек. Ол идеяда мемлекетке, қоғамға, ұлтқа, жеке адамға ортақ және бәрінің арманы, мүддесі, қиялы рухани дүниесі қамтылатын мәселе болуға тиіс. Осыдан кейінгі маңыздысы – жер, жер және жер. Ол мемлекеттік құрылым, күнкөріс, тіршілік, тыныстайтын ауа, өмір сүретін орта. Ұлттың өз ішінде емін-еркін айналуына мүмкіндік беретін кеңістік. Қазір бұл мәселе біз үшін сауданың құралына айналды. Мысалы, бүкіл қазақтың асқақ арманының белгісіндей болған Хантәңірінің бауырына барып, ауасымен тыныстап, еркін аралаймын десеңіз қатты қателесесіз. Өйткені ол жердің әрбір тасы, бұтасы мен сай-саласы жекенің меншігінде. Әрқайсысында қолына мылтық ұстаған бір-бір күзетші. Сіз жолдың шетінде тұрып бұлт басқан Хантәңірін көздің қиығымен ғана шалып өте аласыз. Өзі жатсынып тұрған асқар шыңға сіздің қандай сезіміңіз оянуы мүмкін. Сол сияқты Көкшетау, Жұмбақтас секілді көздің жауын алатын жерұйыққа табанды еркін басу мүмкін емес.

Бұл – өз Отаныңа, жеріңе жатсына қарауға әкеледі. Қазақ ақындарына қайран қаламын. «Туған жерім», «кең далам», «Сарыарқам», «Атырауым» деп жырлайды. Егер де әрбір жер иесі сол ақынды сотқа берсе, жеңеді деп ойлаймын. Өйткені Атырау, не болмаса Сарыарқаның қай төбесі қай ақындікі? Өзгені былай қойғанда, мына жағы мың жарым, түстігі мың жарым, оңтүстігі, солтүстігі мың жарым шақырымға дейін елдімекен кездеспейтін Торғайдың құрдымындағы Ақкөлді де жеке меншікке айналдырыпты. Сол Ақкөлдің балығымен күнін көріп отырған қалың қазақ несібесінен айырылды. Бұл былайша айтқанда, стратегиялық маңызы бар көл. Сол елдің адамдары Ақкөл толқыған жылдары балығын ала алмайды, ал суалған жылдары сол көлдің табанындағы өлі балықтарды тазартып, өртеумен азапқа түседі. Өйткені иістеніп, індет таралуы мүмкін. Мысалы, әрқайсымыз өз ауылымызға барғанда бір сиырдан артық мал ұстамай отырған ағайын-туыстарымызды көреміз. Сұрасаң шөп жоқ дейді. Демек иелігінде жердің жоқтығының белгісі. Иен жатқан дала, бірақ оның иесі бар. Жер мәселесі шешілмей, менің ойымша қазақтың ұлттық мүддесі қалпына келмейді.

Екінші, жердің асты-үстіндегі қазынасы бола тұра, өзін-өзі асырай алатындай экономикалық тәуелсіздікке жетпеген ұлт өзгеге көзін сүзуден ешқашан қол үзбейді. Телмірумен күні өтеді. Идеология мәселесі де осы секілді. Біз идея емес, идеологияға біріктіруге құштармыз. Ал идеология дегеніміз белгілі бір топтың, партияның, белгілі бір саясаттың шеңберіндегі мәжбүр ету құралы. Заңның әр бабы, тармағы сол тәуелсіз елдің мүддесін қорғауға тиіс. Асыра айтты демеңіз, Қазақстанда шыққан заңдардың ұлттық, экономикалық, қоғамдық қарым-қатынастарды дәл анықтап беретіндей немесе соған шек қоятындай беделі бар деп айта алмаймын. Бір заңға мың түрлі түсініктеме қажет. Тіпті кей мәселелерді конституциялық соттың өзі шеше алмай, түсінік беруге тура келіп жатыр. Сонда ол заң не үшін қабылданды? Жалаң, өмірге негізделмеген, ұлттық дәстүр мен салт, ұлттық экономикалық мүдде, ішкі және сыртқы қауіпсіздігі қамтамасыз етілмеген және оны тура анықтап бере алмайтын заң, қандай заң? Мысалы, атышулы Арқанкерген оқиғасын алайық. Сондағы бір Челахтың өзіне неше түрлі айып тағылып, бірнеше қорғаушылар табылып, сан саққа жүгіртілді. Менің ойыма бір-ақ нәрсе келді. Он бес адамды қырып салған Челахтың қылмысы дәлелденді ме, жоқ па? Соған қарамай Отанын сатқаны үшін айыптау үкімін шығарар едім. Себебі қандай жағдай болмасын, тіпті шекараны жау басып алған күннің өзін де, ол ант бергеннен кейін соғысуы керек. Ең бірінші шекараның қорғаусыз қалғандығы туралы тиісті орындарға хабарлауы тиіс. Ал өзі берген антын өзі бұзып, өзі қылмысқа батып, шекараны тастап кетіп отыр ғой. Ең бірінші Отанына опасыздық жасаған үшін, әскери антты бұзғаны үшін, кісі өлтірсін-өлтірмесін жазаға тартылуы тиіс. Содан кейін барып, өзге қылмыстық істі соған қосымша жапсыруға болады. Мен соттың үкімін білмеймін, бірақ «Отанын сатқан» деген баптың оған қолданылмағаны анық. Менің ойымша Отан деген ұғым бірінші, содан кейін барып ішкі мәселе қойылуы тиіс. Біз Отан деген ұғымның өзін қылмыстық баптан алып тастап отырмыз. Заң мемлекеттің, ұлттың мүддесін қорғай алмады деген осы.

Ғылым туралы әңгіме басқа. Өкініштісі қалыптасқан ғылым ордаларын ойрандауға дайын тұратынымыз және еш өкінбейтініміз, ғалымдардың осыған бейғамдығы таңғалдырады. Мысалы, мен кеше қазақтың ғылыми ойының ұйытқысы, мәйегі және республикадағы қолжазбалардың ең көп қоры қордаланған бұрынғы Орталық ғылыми кітапханаға бардым. Кітапханашылар өздерінің құжаттарын қарбалас ауыстырып жатыр екен. «Орталық ғылыми кітапхана» деген аты жойылып, енді ақпараттық орталық деп өзгермек екен. Басқа – басқа, енді ең мол қолжазба мен мұрағат деректері жинақталған ғылыми бағытта жұмыс істейтін ғылым ордасын ақпараттық орталыққа айналдыру не мәселе? Бұл түптің-түбінде осы кітапхананы жабудың алғашқы баспалдағы сияқты. Осы кітапхананы еміп, атақ-дәрежеге ие болған, осы кітапханаға әлі де ізденістері мен жүректері байланып қалған ғалымдарымыз қайда? Айта берсек кемшіліктер өте көп. Тізе беруге болар еді...

Неге сонша марғаумыз? Мен осыған таң қаламын. Санамыздың болбыр тартуының белгісі ме? Қысқасы заманның ықпалына бүгінгі зиялылар қарсы тұра алмай отыр. Ал мектептегі мәселе мүлдем күрделі. Мәселен 1-сыныпта алған білімді 2-сыныпта алған білім толықтыра алмайды. Бастауыш мектептің білімі жоғарғы 4-сыныптан басталатын үлкен ғылымға дайындық ретінде қаланбайды. Олардың өмірмен арадағы байланысы жоқ. Жалған теория. Бұл – ойдан шығарылған нәрсе емес, дүние жүзінің білім беру жүйесімен салыстыра, талдай отырып Педагогика ғылымдары академиясының президенті, профессор Асқарбек Құсайыновтың жасаған қорытындысы. Осылай жалғасса, мектептегі білім бір басқа, Жоғары оқу орындарындағы білім екінші басқа, өмір мүлдем өзгеше болмақ. Бұл үлкен мәселе.

Ұзақ жылғы ізденісіңіздің жемісі болған «Ұраным Алаш» деген зерттеулерден тұратын үш томдығыңыз жарық көргені белгілі. Алайда бүкіл алаш арыстарының өмірін баяндаған аса құнды кітапқа пікір білдірген, талдаған ешкім жоқ. Неге?

– Оны зиялылар мен оқырман қауымнан және өз әріптестерімізден сұрау керек. Онда қырық жылдан астам зерттеліп, ешкімнің қолы жетпеген Ұлттық Қауіпсіздік комитетіндегі архив деректері, әр бір жауап берген адамның өмірімен салыстырылып, жарияланып отыр. Жұртқа, халыққа қажетсіз деп есептемеймін. Үлкен еңбек аяқталды. Жұрттың бұл кітап жөнінде пікір білдірмегеніне аса таңғалмаймын да. Осыған қоса «Алашорда» қайраткерлерінің түрмедегі тергеушілердің сұрағына берген жауаптарынан тұратын «Алаш қозғалысы» деген үш томдық тағы жарық көрді. Тып-тыныш. Соған қарағанда біз таңдануды, талғамды, көзқарасты ұмытқан сияқтымыз. Көңіліңе келмесін, қазір шүкіршілік қазақ газеттері мен журналдары көп. Ұзын саны жеті жүзге тарта екен. Бірі болмаса бірінің назарына әлгі кітаптар ілініп, сондағы жайларды талдауына, сол «Ұраным – Алаш» үш тағанындағы ұлы ардагерлердің тағдырына қатысты пікрілерін білдірулеріне де болар еді. «Келгенде Жиенқұлға шықпайды үнім» деп Сара ақын айтқандай, менің де «Ұраным – Алаш» туралы, оның бағасы туралы сұраған кезде үнім шықпайды. Ең бастысы ойыма алған мақсатыма жеттім, азаматтық парызымды орындадым. Қалай орындалды, оны білмеймін. Бірақ жанымды, ойымды, уақытымды аяп қалғаным жоқ.

Қытайдағы Жоғарғы оқу орнында дәріс бергеніңіз белгілі. Осы жолы сол жақтан түркі жұртына, қазаққа байланысты құнды қолжазбалар алып келдім дегенді айтып қалдыңыз...

– Өткен жылы қыркүйек айынан желтоқсанның соңына дейін Бежіндегі Мемлекеттік ұлттар университетінің қазақ тілі және әдебиеті факультетінде қазақ әдебиетінің тарихы, салыстырмалы әдебиеттану, абайтану бойынша дәріс оқыдым. Сол дәріс барысында «Абайтану арналары», «Мықан ағашы» атты оқу құралы университет ішінде жарияланды. Бұрын да, қазақ әдебиетінің тарихы, абайтану, әуезовтану, шығармашылық психологиясы бойынша дәріс өткізген болатынмын. Соның бәрін ескере келіп, Университеттің «Құрметті профессоры» атағын берді. Өздерінің бағлауынша, бұл факультетке барған алғашқы шетел профессоры және оқулық шығарған алғашқы ұстаз көрінем. Сол «Құрметті профессор» атағын беру туралы жарлықтың ішінде «Қазақстан ғылымының биік өресін танытты» деген сөз бар. Осы сөзге толық қанағаттанамын. Бұл – менің де, менің отанымның да, өзіміз сынап отырған ғылыми ортаның да жетістігі деп есептеймін.

Бұл бір, екінші мәселе, «Отырар кітапханасы» ғылыми орталағының жетекшісі болып отырғандықтан қайда жүрсем де, қай елде болсам да қазақ тарихына қатысты мәліметтерді жинау басты мақсатыма, жұмысыма айналды. Ел аралап, жер көріп қызықтайын деген ой менің қаперіме кіріп шыққан емес. Өзге елдердегі кітапханалардан, мұрағаттардан қазаққа қатысты қолжазбаларды тауып, жинақтау арқылы «Қазақ қолжазбалары» атты он томдық шығарып жатырмыз. Қазір алты томы көпшілікке жол тартты. Сол басылымда біздің дәуірімізден бұрынғы оныншы ғасырдағы «Ел анасы» толғауынан бастап, XVIII ғасырға дейінгі қытай иероглифінде жазылған тегі түркі, оның ішінде қаңлы Баян, қыпшақ Сағдолла, керей Керейбасы деп руымен көрсетілген ақындардың өлеңдерінің бір томдығын қазақ тіліне тұпнұсқасынан аударып бастық. Қазір Алтын Орда дәуіріндегі жарлықтар, ақындар толғаулары мен қара өлеңдердің екі томдығы дайындық үстінде. Осы жолы Қытайға барғандағы екі үлкен олжам, бірі біз «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» тұсындағы сызылған 20 суреттің көшірмесін алдым. Бұлар негізінен әскери жарақтар, келісімдер. Бұл суреттерге қарап отырып, елшілік қалай қабылданды, елшіліктің дәстүрі қалай, соғыс әрекеттері қалай жүрді т.б. аңғаруға болады. Екіншісі университет мұрағатында шекара аймағына қатысты Іле генерал-губернаторының Патшаға жолдаған ресми хаттары мен хабар-ошарларының 38 томдық жиынтығы бар екен. Сондағы қазаққа және арлы-берлі ауған қазақтардың тағдырына қатысты тұстарды көшіріп алдым. Ең үлкен олжа ол – Тибеттің «Гэсер» деген 45 томды құрайтын эпосы бар. Тибет жазуымен жазылған. Соның 3 томы түрік мемлекеттерінің қару-жарақтары мен айбыныныа арналыпты. Онда 8-10 ғасырдағы түрік мемлекеті, әскери айла-тәсілдері, жорықтары, билеген қолбасшы, хандар тағдыры қамтылған. Мен сол үш томдықты көшіріп алып келдім. Алдағы уақытта тибет тілін бір ғылыми қызметкерге үйреттіріп, кітапты қазақ тіліне аудартқым келеді.

Көкейімде аңсар болып жүрген , «Жеті жұрт» деген бір тарихи шолу кітабым бар еді. Соның сірге жияры болар ма деп ойлаймын. Өйткені біз қазақ ұлтының қалыптасу тарихын осы қазақ жерінің көлемімен ғана бажайлаймыз. Олай емес. Менің анық көзім жеткені, біз өзіміздің тарихымызды, санамызды тіпті киіз үйіміздің шығу тарихын түптеп табу үшін, 8-9 ғасырлардағы моңғол, мәнжу, түрік ұлыстары жеке дара ажырамай тұрған кездегі тарихты зерттеу керек екен. Сол жерде осы мүдделердің барлығы тоғысады. Есте жоқ ескі заманан келе жатқан аңыздар, мақал-мәтелдер, әдет-ғұрып барлығы сонда.

Түбі шыңарау, қатпары қалың ғылымды жағалап кеттіңіз, Көркем әдебиет қайда қалды?

– Менің ұлы аңсарым әлі орындалған жоқ. Бала кезден армандаған көркем әлем маған есігін ашпады. Мүмкін сол арманмен өтетін де шығармын. Алайда, соншама етек басты төзім мен уақытты және қаражатты қажет ететін ғылым деген бір тұңғиықтан іргемді ажыратқан күні, қиялым мен қаламыма еркіндік беремін ғой деп ойлаймын. Бірақ бұл қай уақытта жүзеге асады, мүмкін мәңгілік аңсар болып қала ма, оны білмедім.

Тұрсын аға өзіңіз жақсылап қарап шығасыз ғой. Мынау телефонмен электронды пошта. Осыған салып жіберіңіз.

8 777 845 14 14. 8 701 815 14 04, seisen44@mail.ru



 





©dereksiz.org 2016
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет