Ќазаќстан Республикасы Бiлiм жєне Ѓылым Министрлiгi


І.2. АЛТЫН ОРДА ДӘУІРІНДЕ ЖАЗЫЛҒАН ЖАЗБА ЕСКЕРТКІШТЕРДІҢ ТАРИХЫ ЖӘНЕ ЗЕРТТЕЛУІ



бет4/11
Дата06.03.2024
өлшемі314 Kb.
#494495
түріДиплом
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11
Дип.-КӨНЕ-ТҮРКІ-ХIII-ХIV-ғасыр-ЖАЗБА-ЕСКЕРТКІШТЕРІНІҢ-ЗЕРТТЕЛУ

І.2. АЛТЫН ОРДА ДӘУІРІНДЕ ЖАЗЫЛҒАН ЖАЗБА ЕСКЕРТКІШТЕРДІҢ ТАРИХЫ ЖӘНЕ ЗЕРТТЕЛУІ
«Гулистан бит-түрки» (Гулстанның түркiшесi). Қолжазба-372 бет. Әр бетте 13 жолдан жазу бар. Өте сұлу каллиграфиялық жазумен, сириялық қаракөк жiбек қағазға жазылған. Қолтаңба автордың өзiнiкi болса керек. Ол қазiр Лейден (Голландия) кiтапханасында сақтаулы. Авторы - Сейф Сараий.
«Гулистан» жазбасы туралы алғаш хабарлаған – венгер ғалымы Тори Иозеф (1915 ж). Жазбаның ең алғаш фотокөшiрмесi мен оның түрiкше аудармасын басып шығарған дәрiгер проф. Ф. Н. Узлук (1945 ж).
Еңбек – Шығыстық атышулы жетi ақынның бiрi Сағдидiң қаламынан туып, парсы тiлiнде жазылған «Гулистан» поэмасының еркiн аудармасы. Аударма өлеңдер арагiдiк автордың қолтума шығармаларымен аралас келiп отырады. Мысалы: Шығарманың басында (3 б.) қолжазбаны Сараий қаласында шыққан Сейф ақынның Египет өңiрiн билеп тұрған Тейхасбек әмiрге арнап жазғандығы туралы әңгiме болады. Сонан соң аударма басталады. Бiрақ көп ұзамай аудармашы өзiнiң көктем көрiнiстерiн суреттейтiн лирикалық өлеңдерiн келтiрiп өтедi. Одан әрi бiрқыдыру аудармадан соң, автор тағы да өзiнiң «Гүлистанды» аудару себебi жайында 87 түрлi бәйiт жазып түсiндiредi. Сонымен, еңбектiң аударма жағы 355 - бетпен аяқталады. Қалған беттерi автордың өз өлеңдерiне арналған. Автор өлеңдерiнiң негiзгi мазмұны – ақыл айту мен кеңес беру, өмiр жайлы өзiнiң ойларын жырлау.
«Гүлистанның» еркiн аударма екендiгiн мынадан да көруге болады: аудармашы кейде өлеңмен аударса, ендi бiрде жанынан сөз қосып, ұзартып отырған; кейде бiр үзiндiлердiң мазмұнын ғана терiп айтса, кейде iле-шала бұлжытпай жолма-жол аударған. Осындай ерекшелiктерiне байланысты «Гүлистан» бiр жағынан еркiн аударма болса, екiншi жағынан ол Алтын Орда жұртшылығынан шыққан ақынның қолтума шығармалары жазылған еңбек ретiнде де қаралуы тиiс.
«Гүлистан» жазбасында тек Сейф Сараий ақынның ғана емес, оның үстiне сол кездегi Египет өңiрiн жайлаған көптеген басқа ақын-шайырлардың ғазалдары бар. Мысалы: жазбаның 1 бетiнде түркi мен парсы тiлiнде жазылған жетi ауыз өлең бар (оларды бiрнеше ақын жазған, қолтаңбалары да әр түрлi). Олардың бiреуi «Гүлистан» аудармасының авторынікі. Жазбаның соңындағы 8 ғазалды түркi халықтарының сол кездегi белгiлi 8 ақыны жазған. Оның бiрi - әйгiлi «Мухаббат-наменiң» авторы Хорезми. Ғазалдардың бәрiне де С.Сараий өзiнше жауап жазып қалдырған. Одан әрi автордың бiрнеше басқа ғазалдары мен рубаяттары келтiрiлген.
Мамлюк түрiктерiнiң негiзгi ұйтқысы қыпшақтар болғанымен, олардың қарамағындағы тайпалар «қырық қылаудан құралған», ала-құла халық болатын. Алтын Орда мемлекетiнiң этникалық құрамы да осы iспеттес едi. Аударма тiлiндегi кейбiр сөздердiң фонетикалық жағынан бiр емес, бiрнеше вариантта жазылып қалғаны да осыдан. «Гулистан» шығармасын жан-жақты толық зерттеген профессор Ә.Наджип оны қыпшақша да, оғызша да қолдана беретiн, немесе осы екi тiлдiң элементтерi қосылып қолданылатын әдеби тiлде (екi тiл негiзiнде жасалған әдеби тiлде) жазылған деп ұйғарады. Ол әдеби тiл, Ә.Наджиптiң ойынша, Алтын Орда хандығы мен Египет мемлекетiне де ортақ болған .
Қолжазбаның жазылып бiткен кезiнде Сейф Сарайы 70 жаста екен. Сонда ол 1323 жылы туған. Алтын Орданы Өзбек хан билеп тұрған кезде, өмiрiнiң соңғы жылдарын сонда өткiзген. Ол шебер жазатын дарынды ақын, көп оқыған бiлiмдар, әйгiлi де атақты адам болған (38-40 беттер).
ХIV ғасырларда Алтын Орда жерiнде, Орта Азияда, Мысырда аралас жазба тiлi қалыптасып, осы аралас тiлдегi әдебиет айтарлықтай дәрежеде дамыды. Орта ғасыр әдебиетiнен кеңiнен орын алатын шығарманың бiрi – қыпшақ тiршiлiгiн сипаттайтын «Мухаббат-наме» дастаны. Қазақ тiлiнiң бастау көзi ретiнде көнеден қалған жәдiгерлiктердiң бiрi – Хорезмидiң «Мухаббат-наме» дастаны. Бұл Алтын Орда дәуiрiнде дүниеге келген мұралардың бiрi.
ХIII-ХIV ғасырда жазылған ескi қыпшақ тiлiнiң жазба ескерткiшi «Мухаббат-наме» дастаны түркология ғылымында кеңiнен танымал. Ол орта ғасыр дәуiрiндегi қыпшақ тiлiн бейнелейтiн бiрден – бiр бағалы ескерткiш. «Мухаббат-наме»- көне дәуiрдегi жазба ескерткiштердiң iшiндегi ең iрi әрi мәндi, қызғылықты дастан.
Дастанның 1353 жылы Сыр бойында жазылғаны шығарманың өзiнде айтылғанымен, оның авторы туралы нақты деректер күнi бүгiнге дейiн табылған жоқ. Бұл оның туған немесе көптеген жылдар тұрған қаласына байланысты аталған болуы мүмкiн. Ал шығарманың соңында «Сүйүнсүн бәндә Хорезми – Рәвәни» (439) дегендегi Рәванидi орта ғасыр жазба ескерткiштерiнен зерттегенде зор еңбек сiңiрген ғалым Ә.Наджип Хорезмидiң екiншi лақап аты деп көрсетедi 4,120. Шындығында, бұл – қате пiкiр. Ғалым шығарма мәтiнiн дұрыс түсiнбеген. Ә.Наджиптен өзге зерттеушiлер мұны кезiнде дәлелдеген.
Қолда бар деректерге қарағанда «Мухаббат-наме»-авторы өз заманының дүлдүл ақыны болғаны белгiлi. Өзбек халқының атақты ақыны Ә.Науай тiл мәселесi жайлы «Мухаммат әл-лүғатаин» деген атақты еңбегiнде «Мен» деген сөзге байланысты «Мухаббат – наменiң» 5 бәйiтiн еш өзгерiссiз келтiрген.
Ал профессор Ә. Наджиптiң «О новонайденных арабо – письменных списках «Мухаббат – наме» Хорезми» деген мақаласындағы үзiндiге зер салсақ, Ходжанди мен Хорезмидiң арасындағы тамаша өнер байланысын байқаймыз.
«Если бы мои слова узнал поэт,
Откуда всякому невежде знать цену жемчуга,
Если бы слова Ходжанди бедняге Хорезми услышал,
То с изумлением сказал бы “Браво» 5,96.
Хорезмидiң ең үздiк ақын болғанын дастанды әдеби тұрғыдан сөз еткен ғалымдарымыздың бiрi, филология ғылымдарының докторы, профессор А.Қыраубаева бiрнеше нақты тұжырымдармен дәлелдедi.
Дастан сол дәуiрдегi әдеби шығармалар секiлдi алдымен тәңiрге сыйынудан, құдай мен пайғамбарларға мақтау айтудан басталған. Содан кейiн ғана ақын өзiнiң Мұхаммед пайғамбармен қалай кездескенiн, оның өтiнiшi бойынша «Мухаббат-наменi» жазбақшы екендiгiн баяндап, Мұхаммед-Қожабектi мақтаған толғау, ғазалмен жалғастырады. Мұнан кейiн ғашық жiгiттiң сүйген қызына арнаған хаттары (әрбiр хаттан кейiн мәснауи, ғазал келiп отырады) және шағын әңгiмеден тұратын сүйiспеншiлiк дастан басталады. Ақынның толғауды ұзақ кіріспеден кейін ғана бастауы 102 бәйітте аяқталады.
Дастанды зерттеушілердің пікірінше, Мұхаммед - Қожабек Өзбек ханның (1312-1341ж.) тұсында Азакты билеген . Кей зерттеушілер Мұхаммед- Қожабек Қатлұғ Темірдің (1349 – 1356) билік құрған інісі екенін, музыка мен поэзияны қадірлеген өзі де ақын болған кісі екенін айтады [6,223]. Осы деректерге қарағанда, Мұхаммед - Қожабек Алтын Орданың атақты әміршілерінің бірі болғанға ұқсайды.
Бiздiң дәуiрiмiзге «Мухаббат-наменiң» төрт түрлi көшiрмесi жетiп отыр. Ең алғашқысын 1432 жылы, яғни жазба ескерткiштiң жазылғанынан кейiн 79 жыл кейiн Мансур бахшы көшiрген. Бұл көшiрме Махрух ханның Гераттағы әскери қолбасшысы Мир Джалаладдинге (1407 – 1444 ж.ж.) арналыпты. Елге танылған көркем туындыны қайта көшiрiп, бiр – бiрiне сыйға тарту ол кезде iрi қолбасшылар арасындағы жақсы үрдiс едi. Осылайша көшiрiлiп, бiздiң дәуiрiмiзге келiп жеткен «Мухаббат-наменiң» бұл қолжазбасы ғылыми жұртшылыққа алғаш таныстырған академик В.В.Бартольд болды. Ол Британ музейiндегi әр алуан шығармалар жинағы секiлдi үлкен бiр қолжазбадан «Мухаббат-наменiң» бұрын ғылымға танылмаған жаңа бiр көшiрмесiн тапқаны жайлы Бүкiлроссиялық ғылым академиясының доктарларына 1924 жылы жариялады. Бұл жаңалық ғалымдар назарын тез аударып, дастанды қызыға зерттеушiлер қатары көбейе түстi.
«Мухаббат – наменiң» бұл қолжазбасы хронологиялық тәртiп бойынша алғашқы көшiрме болғанымен, ол дастанның толық варианты емес, мұның парсы тiлiнде жазылған хаттар мен түркi тiлiнде жазылған 53 бәйiт қалып қойған. Бұған қарағанда көп уақыт кейiнiрек көшiрiлген араб қолжазбасы осы күнге дейiн дастанды зерттеушi, аударушы ғалымдар мен аудармашының негiзгi зерттеу нысаны болып келедi. Қолжазбаның көлемi 24 парақ. Ұйғыр жазулы көшiрмемен екеуi Лондондағы Британ музейiнде сақтаулы.
А.Н.Самойлович байқаған осы әдеби тiлдi түркi жазба ескерткiштерiн кеңiнен зерттеп жүрген түрколог ғалымдар Ә. Құрышжанов пен Ә. Ибатов «орта түркiлiк жазба әдеби тiл» – деп атады 7,111.
«Мухаббат-наменiң» қазақ тiлiне қатысын ең алғаш байқап, оның зерттелуiне өз үлесiн қосқан ғалым Ә.Қоңыратбаев болды. Ол 1945-1946 жылдары Өзбекстанда болған уақытында «Мухаббат–наменiң» Ташкент кiтапханасында сақталған фотосуретiн қолмен көшiрiп Қазақ ССР Ғылым академиясының Орталық ғылыми кiтапханасына тапсырған. Бұл қолжазба кiтапхананың сирек кездесетiн кiтаптар қорында сақтаулы тұр. Ғалым өз пiкiрiн көшiрмесiнiң соңында «Мухаббат-наме туралы» деп атап, жеке берген 8,54. Бұнда ескерткiштiң Британ музейiндегi қолжазбалары мен сол уақытқа дейiн зерттеген ғалымдар пiкiрлерiне тоқтала келiп, көркем туындының жазылған жерiн Сығанақ қаласы деп болжайды. Ортағасырлық Сыр бойының қалаларының iшiндегi Сығанақ саяси-эканомикалық жағдайы жоғары, күмiс, мыс, ақша даудасы қалыптасқан қорғаныстың күшi дамыған бекiнiстi қала болғаны тарихшылар тарапынан дәлелдену үстiнде.
Түркi тiлдерiнiң iшiнде өзбек, қазақ тiлдерiне толық аударылған. Қазақша аудармасы араб көшiрмесi бойынша жасалынған. Бұл еңбектi қазақ тiлiне аударған А. Қыраубаева.
«Мухаббат-наме» дастаны 946 жол, яғни 473 бәйiттен тұрады. «Мухаббат-наме» дастаны екi тiлде жазылған. Барлығы он бiр арнау өлеңнен тұратын ғашықтық дастанның үш тарауы парсыша, сегiз тарауы – түркi тiлiнде жазылған. Қазіргі кезде жазба ескерткіштердің тілін зерттеу негізгі нысанаға алынып отыр.
ХIII-ХIV ғасыр әдебиетiнен ерекше орын алатын ескерткiштердiң бiрi – «Нахдж-әл-фарадис» деп аталады. Жинаушы-тiзушi Махмуд бин Әли. Бұл дастан дiни дидактикалық аңыздар жинағы. Кiтап 1358 жылы Сарай қаласында жазылған. Әлидiң «Нахдж-әл-фарадис» (Жұмақтың ашық жолы) ескерткiшiнiң бiзге бiрнеше жазбасы жеткен. Бiрi Туркияда, екiншiсi Қырымда, қалғаны қазiргi Татарстан жерiнде сақталған.
20 жылдардың соңына қарай бiз зерттеп отырған жазба ескерткiштiң бiрнеше үлгiсi пайда болады. Олар: Стамбулдық, Ялтиндiк, Казындық, Готвальдтық және Казан мемлекеттiк педагогикалық университетiнде сақтаулы тұрған үлгiсi.
«Нахдж - әл - фарадис» түгел төрт тараудан тұрады. Қырым жазбасы алғашқы екi тарауын ғана жеткiзген.
I тарау – түгел дерлiк пайғамбардың өмiрiн баяндайды. Бұл тарау он бөлiктен тұрады. II тарау – алғашқы төрт халифтiң өмiрбаяндық және тарихи деректерiн бередi.
III тарауда – құдайға жарасымды жайлар баяндалған.
IV тарауы ақыл – нақылға құрылған.
Әлидiң «Нахдж - әл – фарадис» дастаны қыпшақтар тiлiн қолданған көне түркi тiлдi әдебиеттегi ең елеулi жазба ескерткiштердiң бiрi.
Орта ғасыр әдебиетiнен орын алатын елеулi еңбектiң бiрi - Құтыптың «Хусрау уа Шырын» дастаны. «Хусрау уа Шырын» поэмасы - ХIV ғасырда Алтын Орда топырағында пайда болған көркем әдеби мұралардың ішіндегі ең құнды ескерткіштердің бірі. Бұл поэманы алғаш зерттеуші ғалымдардың бірінен саналатын поляк ғалымы А.Зайончковский оны ерекше көңіл бөлетін әдеби мұра деп бағалаған болатын. Ғалым ұзақ жылдар бойы ескерткіш тексін алуан түрлі зерттеуге алып, оны парсы тіліндегі Низами нұсқасының 1958 жылғы көшiрмесімен салыстыру жұмысын мұқият жүргізген, 1961 жылы сөздiгiн бастырып шығарады. Поляк, немiс тiлдерiнде бiрнеше мақалалар жарияланып, оның лексика – морфологиялық ерекшелiктерiн зерттедi. Бұл еңбектiң қазiргi таңда маңызы зор.
Белгілі кеңес түркітанушысы Э.Н.Наджип парсы тіліндегі «Хусрау уа Шырын» шығармасымен түркі тіліндегі нұсқаның өзек арқауы бір екенін анықтай келіп, түркі тіліндегі ескерткішті жартылай оригиналды дербес роман деп таныған.
Біз Құтыптың «Хусрау уа Шырын» поэмасы Низамидің парсы тілінде жазылған осы аттас поэмасынан түркі тіліне сол күйі қайталанған, жолма - жол және сөзбе – сөз аударма емес, Низамидің композициясы мен сюжетін толық сақтай отырып, еркін және творчестволық жолмен, өз елінің өмір жағдайына сәйкестеп, өз халқының түсінігі мен дағды - дәстүріне лайықтап барып жасалған аударма деген пікірге қосыламыз.
Қолжазба жалғыз дана. Париждiң ұлттық кiтапханасында сақтаулы. Еңбек 1342 жылы өзбек ханның үлкен баласы Тыныбек пен Хан Малик Хатун ханшаға арналып жазылған. Қазiргi әңгiме болып жүрген «Хусрау уа Шырын» 1383 жылы Берке Факих жасаған осы түпнұсқаның көшiрмесi. Оның көшірмесі 785 жылы сафар айында (жаңаша 1385 жылы көкек айында) жазылған. Қолжазбаның мазмұны
а) Кiрiспе (еңбектiң жазылу себебi, арнау өлеңдер),
ә) Хұсрау мен Шырын,
б) Фархад пен Шырын. Негiзгi бөлiмде (соңғы екi бөлiмде) екi жас арасындағы сүйiспеншiлiк пен махаббат жырланады.
ХХ ғасырдың ортасына қарай бұл ескерткішке ғалымдар жете көңіл аудара бастады.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет