Бір түбірлі тістегі периодонттың созылмалы қабынуын емдеу.
Өзектері жақсы өтетін біртүбірлі тістердегі периодонттың созылмалы фиброзданып, гранулденіп, грануломаланып қабынуын және түбір кисталарын (диаметрі 2 см дейін) бір-екі қабылдауда консервативтік әдіспен емдейді. Түбір кистогранулемасы мен түбір кистасы кезінде өзек пломбыланғаннан кейін «түбір ұшын резекциялау» деп аталатын хирургиялық емдеу әдісі жүргізіледі.
Бірінші қабылдау. Тісжегі қуысы егеп тазаланады, ал тіс сауыты бүтін болса сауыт қуысын ашуға ыңғайлы бетінен тесіледі (трепанацияланады). Сауыт қуысы дұрыс ашылғаннан кейін түбір өзегінен ұлпа ыдырандысын алып тастайды. Ұлпа ыдырандысын алу тәсілі ертеректе айтылған (периодонттың жедел қабынуын емдеуді қара). Осыдан кейін түбір өзегін антисептиктер ертіндісімен жуып кептіреді. Тар және өтпейтін өзектерді эндодонттық аспаптарды қолданып (механикалық әдіс) немесе химиялық препараттарды пайдаланып (химиялық әдіс) кеңейтеді. Химиялық әдіспен кеңейту үшін комплексон немесе этилен диамин тетрауксус қышқылының натрий тұзын (ЭДТУ-ЭДТА) пайдаланады. Бұл комплексонның өзекті кеңейту қасиеті оның өзек қабырғасы дентині құрамындағы кальциймен кешенді қоспа құруы нәтижесінде кальцийдің ертіндіге ауысуымен байланысты. Түбір өзегін кеңейту үшін ЭДТА-ның бейтарапты немесе әлсіз сілтілі 10-20% ертінділері пайдаланылады. Жақсы кальцийсіздендіруші әсер бұл қышқылдың үшорын ауыстырған (трехзамещенная) натрий тұзының 20% ертіндісін қолданған кезде байқалған.
Комплексондардың антисептикалық қасиеті мен кілегей қабыққа зиянды әсері болмайтынын ескере келіп, ертіндіні түбір өзегінде бір тәулікке қалдыруға болады.
Түбір өзектерін ЭДТУ-мен кеңейтудің тәсілі мынандай: өзектің өтетін бөлігінен ұлпа ыдырандысын алып, сутегінің асқын тотығымен (3%) өңдеп кептірген соң, мақта білікпен 20% комплексон ертіндісін өзекке сіңіреді де, 20-30 секөнд өткен соң мақта анжымен сорғызып алып, ертіндінің жаңа бөлшегін қайта сіңіреді. Осылай 1-2 минөт ішінде комплексонды бірнеше рет ауыстырады. Осыдан кейін өткіш бұрғымен (дрельбор немесе рейер) өзекті өтіп, өткеннен кейін, өзек қабырғасындағы жұмсарған дентинді сүргі және түрпі бұрғылардың (корневой бурав и рашпиль или файлы) көмегімен сүргілеп қырып алып, өзекті антисептиктермен өңдейді және кептіреді. Түбір өзегінде антисептикалық және ауырусыздандырушы ертінділермен білік қалдырып, уақытша пломбы қояды. Егерде тіс ауырып, мазалай бастаса уақытша пломбыны алып тастау қажеттігі туралы дәрігер кеңес береді.
Екінші қабылдау. Егер сырқат тіске уақытша пломбы қойғаннан кейін ауырмаған болса, уақытша пломбыны және өзектегі білікті алып тастайды, біліктің иісіне және ылғалдылығына мән береді. Білік құрғақ және жағымсыз иісті болмаса, өзекті спиртпен жуып кептіреді және түбір инесінің көмегімен түбір өзегінің толық өтілгенін, түбір ұшы тесігінің ашылған-ашылмағанын тексереді.
Толық мәлімет алу үшін түбір өзегінде ине қалдырып, тістің рентгенсуретін жасаған да қолайлы. Егер өзек жақсы кеңейтілген және өтетін болса, осы қабылдауда оны пломбылайды. Егер тісі аздап ауырған болса және өзекте қалдырылған білікке жалқық сіңген болса, өзекті антисептиктермен қайта өңдеп (бұл жолы алғашқыдан басқа антисептиктер пайдаланған жөн), өзекте құрғақ немесе антисептиктермен білік қалдырып, уақытша пломбы қояды.
Кей жағдайларда екінші қабылдауда түбір өзегін озондап алу керек немесе иодты калий (10%) ертіндісімен электрофорездеу әдісін жүргізуге де болады. Егер ешқандай ауыру сезімі болмаса 2-3 күннен кейін үшінші қабылдауда түбір өзегін пломбылап, тіске тұрақты пломбы қоюға болады.
Достарыңызбен бөлісу: |