Иіс сезу – заттың иісін қабылдау. Иісті қабылдайтын иіс сезу жасушалары мен рецепторлар мұрын қуысының кілегейлі қабықшасының жоғарғы жағында орналасады. Рецептор жасушалары шеткі қысқа (15–20 мкм) өсінділер мен ұзын орталық өсінділерден тұрады. Жасушаның денесі кілегейлі қабықшаға тереңірек еніп жатады. Иіс сезу жасушаларының шеткі
өсінділерінің ұшы кеңейіп, жуандап, онда 10–12 үшкір түктер орналасады. Бұл түктер иісті заттардың молекулаларымен өзара әрекеттеседі. Иісті заттардың молекулалары мұрын қуысының кілегейлі қабығының беткі жағында болады.
Бұл молекулалар мұрынның кілегейлі қабығындағы бездерден бөлінетін сұйықтықта ериді. Еріген заттар иіс сезу түктері мен оның жуан ұшын тітіркендіреді. Қозу иіс сезу жүйкесі арқылы ми қыртысында болатын мидың иіс сезу орталығына өтеді. Осы орталықта заттың иісін сезу талданады. Иіс сезу мүшесінің рецепторлары тек газ тәрізді заттарға ғана тітіркенеді.
Иіс сезу анализаторы иіс сезу рецепторларының жиынтығынан, иіс сезу жүйкесінен және иіс сезу орталығынан құралады.
Тағамның сапасын айыру, ауадағы зиянды газдардан сақтану үшін иіс сезудің маңызы зор.