Тұрсын ЖҰртбай «Ұраным алаш!»



бет39/61
Дата13.07.2016
өлшемі3.54 Mb.
#196689
1   ...   35   36   37   38   39   40   41   42   ...   61

Біріншіден, Жұмалиев тарихи шындықты бұрмалап, Кенесары мен Наурвзбайды ұлттық қаһарман дәрежесіне көтерді, ал сарай ақындары Нысанбай мен Досқожаны халық мүддесін жоқтаушы жырау деңгейіне көтерді.

Екіншіден, еңбекші бұқарасының зұлым дұшпаны, қазақ феодалдарының сарай ақындары тудырған реакциялық-феодалдық «Едіге», «Қобыланды», «Орақ», «Қарасай-Қази», «Тарғын» эпостарын буржуазияшыл-ұлтшыл Жұмалаиев сандаған ғасырлар бойында халықтың өзі тудырған халық шығармашылығы, халық қаһармандарының мұрасы ретінде кеңестік мектептің оқулығына енгізді.

Үшіншіден: өзінің оқулықтары мен өзге де мақалаларында , институтқа арналған әдебиет бағдарламасында Жұмалиев ҚК(б)П Орталық Комитетінің 1947 жылғы 21 қаңтардағы қаулысына қарамастан, Бұқардың, Шортанбайдың, Мұраттың, Дулаттың, Нысанбайдың өлеңдерін кіргізу арқылы, олардың халыққа қарсы туындыларына жол ашты. Одан да зоғысы, соңғы уақытқа дейін контрреволюциялық «Алаштың партиясының Бөкей ордасындағы мүшесі Шәңгерей Бөкеевті ашық насихаттады.

Төртіншіден, арнайы мақала жазу арқылы («Әдебиет және искусство», 1940, №3) «Едіге» эпосын насихаттап қана қоймай, 1944 жылы «Едіге батыр» атты пьеса жазып, орыс жерін қанға бояп, өрт жіберген Алтын Орданың ханы Едігенің бейнесін сомдады.

ҚК(б)П Орталық Комитетінің ҮІІІ пленумының қарарында аталып өткеніндей, Жұмалиевтің осындай ұлтшылдық бұрмалаушылықтары кездейсоқ қате болудан әлдеқашан қалған, керісінше, оның көзқасының жүйелі ұстанымы болып табылады.

Әдебиеттанушы Кенжебаев та өзінің мерзімді баспасөздегі мақалалары арқылы жастардың санасын одан кем улаған жоқ. Қазбалап жатпай, бірнеше мысал келтірейін:

1 1940 жылы «Әдебиет және искусство» журналының №7-8 санында Кенжебаев «Едіге батыр» жырын дәріптеп мақала шығарды.

2 Сол 1940 жылы сол «Әдебиет және искусство» жуналының №12 санында Кенжебаев «Қобыланды батыр» эпосы туралы мақала жариялап, Қобыланды түрікмен жұртына шапқыншылық жасаған деген жалған қисын келтіріп, сол ерлігі үшін Қобыландыны қазақ халқының даңқты батырларының қосады, сол арқылы кеңестік туысқан халықтардың арасына ұлттық өшпенділіктің уын сепкен.

3 1941 жылы тағы да сол журналдың №5 санында барып тұрған түрікшіл Ақмолда Ғұбайдуллин туралы мақаласында: «Ақмолданың есімі біздің әдебиетімізде Шөқанмен, Ыбыраймен, Абаймен қатар орын алуға тиісті демократ-ағартушы», – деп орытынды жасаған.

4. 1940 жылы шілде айында «Социалистік Қазақстан» газетінде жарияланған «Қазақ әдебиетінің хрестоматиясы туралы» мақаласында реакцияшыл ақындар: «Шортанбай мен Мұрат халықты қарулы көтеріліске шақырған нағыз ержүректер,– деп шектен тысасыра бағалайджылы ы.

5. 1942 жылы қаңтарда, кеңес халқы неміс-фашист басқыншыларына қарсы қаһармандықпен соғысып жатқанда, КЕнжебаев «Абылай хан» атты кітапша шығарып, Абылайдың Ресейге, орыс халқына қарсы жүргізген сатқындық саясатын әшкерлейтін деректерге қарамастан оны прогрессивті қайраткер деп бағалады. Кітапшасында, сонымен қатар, Кенесары Қасымовтың реакциялық қозғалысында мадақтаумен сыпаттаған.

6 Ақыры, өзінің «Қазақ баспасөзінің тарихынан» атты кітапшасында және «Сұлтанмахмұдтың поэзисы» атты кітабында (1949) алашордашылардың баспасөзі «Қазақ» және «Сарыарқа» газеттері мен «Абай» журналын ашық насихаттап, Торыайғыровтың ұлтшыл туындыларын бұралап пайдаланған. Ол өзінің пайымдауларында Торыайғыров 1918 жылы ғана алашордашылардың жолына түсті, ал өзінің ұлтшылдық қателіктерін 1917 жылы жазылған «Жүрек» атты өлеңінде сынаған болатын деген көзбояушылыққа дейін барады.

Ал нақты шындыққа тоқталайық. 1917 жылдың басында жазылған «Жүрек» өлеңінде Торыайғыров алашордашылардың ұстанымына немкетті қарағаны үшін өзін кінәлайды. 1917 жылдың соңында «Алаш ұранын» жазды, ал 1918 жылы алаштың барлық атамандары мен көсемдерін мадақтаған «Таныстыру» атты дастанын жазды. Сол, 1918 жылы ұлтышл «Алаш» партиясының сол қанатына ауысады («Үш жүз») да «Үш жүз» партиясыынң атынан құрылтай жиналысына депутаттыққа түседі. Тағы да сол 1918 жылы «Абай» журанлына (№3) «Социализм» атты мақала жазып, «Үш жүздің» солшылдар қанатын уағыздайды. 1919 жылы Торыайғыров «Кедей» дастанында қазақ ұлтшылдары австровенгерлер мен бундестерден алған ұлттық-мәдени автономияның бағдарламасын баяндайды, соңы «Алаш» партиясының күйрегенінен түңілген пессимизммен аяқталады. Ол:

Жол қайсы құдай салған, шайтан салған,

Білмеймін осы арасы маған арман...»,

деп кедейлерді азат етудің жолын Ұлы қазан төңкерісі орнағаннан кейін үш жылдан соң іздейді және онә таба алмайды.

Көріп отырғандарыңыздай, Торыайғыровтың шығармашылығында көптеген қайшылықтар бар, менің ойымша, Торыайғыровтың шығапмашылығы туралы талқлау өткізу мәселесі пісіп-жетілген сияқты. Әдебиеттанушы Кенжебаев жолдас партиялық сыннан қорытынды шығармады, еш жерде өзінің өрескел қателігін мойындап сөйлемеді, үндемей құтылып, өзінің ұлтшыл көзқарастарын Қазақ мемлекеттік университетінің аудиториясына таратып жүр.

Бір мәселені әр уақыттағы еңбектерінде әр түрлі ұстаныммен жазған Сәбит Мұқанов та қазақ әдебиеттануын әбден жаңылыстырды.

1. 1923 жылы «Қара тақтаға жазылып қалмаңдар, шешендер» атты мақаласында Мұқанов Кенесары Қасымовтың қозғалысын реакциялық қозғалыс деп баға берді, тура сол 1923 жылғы «Жайлауда» атты «Қызыл Қазақстан» журналының № 22 санында жарияланған өлеңінде Мұқанов:

Кешегі ер Наурызбай, Кенесары,

Қазақтың ерке, ардақты батырлары,–

деп жырлады.

1930 «Қазақ әдебиетінің дәуірлері» туралы «Жаңа әдебиет» журналының №10 сананда Мұқанов Кенесарыны тағы даьреакционер етіп көрсетті. Ал 1942 «ХУІІІ–ХІХ ғасырлардағы қазақ әдебиеті тарихының очерктерінде» өзінің Кенесары қозғалысы жөніндегі бұрынғы пікірлерінің қате кекендігін мойындап, «Қазақ әдебиетіндегі Кенесары мен Наурызбайдың бейнесі» деген тұтас тарау енгізіп, қарақшы Кенесары мен Наурызбайды мадақтайды, олар ұйымдастырған реакциялық-монархиялық қозғалысты ұлт-азаттық қозғалысы еді деп ббағалайды. Оның бұл пайымдаулары ұлтшыл Бекхожиннің «Әдебиет және искусство» журналының 1941 жылғы №5 санында жарияланған «Кенесары мен Наурызбайдың бейнесі» атты мақаласымен мазмұндас. Екеуі жарыса жазған. Бұл ұстаным осындай нақты мәселе туралы айтылған Мұқановтың соңғы ұстанымы, сондықтан да оны Кенесары Қасымовтың реакциялық қозғалысының насихатшысы және жақтаушысы деп айтуға толық қақымыз бар.

2.1932 жылы Мұқанов «ХХ ғсырдың басындағы қазақ әдебиеті» атты кітап шығарды, бұл шын мәніндегі буржуазияшыл ұлтшылдықтың пен халық жауларының шығармаларының бағдарламасы және оқулығы болды. Халық жауларынның зиянды туындыларын мақтайды, идеялық жағынан Жұмабаевті сынай отырып, оның өлеңдерінің «өресі биік» еді, Дулатовтың дастандарының «композициялық құрылымы ширақ ед», «Байтұрсыновтың аудармалары шебер еді» деп таңданады.

3 Мұқановтың өзі құрастырып, редакторы болып, алғысөзі мен түсініктемесін жазған, 1939 жылы баспадан жарық көрген «Батырлар жырының» көлемді басылымында жіберген қателіктерінің астары оның кінәсін бұрынғыдан да тереңдете түседі.

Біріншіден, өзінің алғысөзі мен түсініктемесінде Алтын орданың патшалары мен мырзаларының атын атағанда Едігеден бастап, Қарасай –Қазиға дейін халық қаһармандарының қатарына жатқызады.

Екіншіден, томды «Едіге» эпосынан бастауы және сол сияқты зиянды туындыларды шығарған сарай ақындарының шығармаларына орын беру арқылы, буржуазиялық ұлтшылдардың идеологі ретінде көрінген.

4. Жұмалиевпен, Бекхожинмен бірігіп жазған 9 класқа арналған оқулықта және 8 кластың хрестоматиясында бірнеше жыл бойы Мұқанов Асан, Бұқар, Дулат, Мұрат, Досқожа сияқты орысқа қарсы ақындардың, түріктің реакцияшыл буржуазиялық әдебиетінен енген Қорқыт туралы аңызды, Хиуа хандығымен ауыз жаласа отырып Қазақстанның оңтүстігін Ресейден бөліп әкетуге тырысқан қарақшы Жанқожа Нұрмағамбетов туралы белгісіз автордың өлеңін кіргізіп, оларды насихаттады.

Соған қарамастан, Мұқанов бұл қателіктерін толық мойындаудан жалтарады, тіпті ҚК(б)П Орталық Комитетінің ҮІІІ пленумында айтылған сыннан кейін де ол партиялық сынға қарсы шықты. Осы пленумда жолдас Шаяхметов тарихи тақырыпқаа рналған кейбір пьесалар мен опера либреттоларын қайтадан қарауды бізге міндет етіп қойған болатын. Біз мұндай маңызды мәселені әлі талқылағамыз жоқ, «Қыз Жібек», «Ер Тарғын» опералары мен «Қобыланды» және басқада пьесалардағы қателерді әлі анықтай алмай келеміз. Осы нұсқауға сәйкес «Казахстанская правда» газеті қазақ эпосы туралы орынды мәселе көтерді. Осы уақытқа дейін халық шығармашылығының қатарына жатқызылып келген эпикалық және лирикалық эпостар терең талдауды және шынайы ғылыми тұрғыдан дұрыс бағалауды талап етеді. Бізге, Әуезов, Жұмалиев, Марғұлан, Мұқанов, Кенжебаев және басқалар сияқты феодалдық эпостардың фальсификаторлары мен апологеттерін батыл әшкерелеп, айып тағатын кез келген сияқты».

Ол бұл мақстаына да жетті. Эпос пен фольклор туралы арнайы талқылаулар өтіп, «Қамбардан» басқа эпостардың барлығы да оқулықтардан алынып тасталды. Сөйтіп, жеті жылға жуық жас ұрпақтар эпоссыз тәрбиеленді. Алдағы болатын жан алып, жан берген әшкерелеулердің қай бағытта өршитіндігін аңғарта кету үшін Қ.Жармағамбетовтің «Қобыланды жыры» туралы пікірін назарға ұсына кетеміз.



Қ.Жармағамбетов (жалғасы): «Осыған байланысты екі эпосқа тоқтала кетемін. «Казахстанская правда» өзге де нұсқаларының бар кекенін ескерте келе «Қобыландының» Марабай нұсқасының барлығына сенімсіздік танытады. Оқиғалары ортақ, бірақ кейбір оқиғалар мен кісі аттарына өзгеріс енгізген, өз бетінше дербес шығарма болып табылатын жырдың бес нұсқасы бар. Марабай нұсқасында – қазынаға ие болу үшін Қобыланды Қазанды басып лады. Мергенбайдың нұсқасында – Марабай нұсқасы олық қайталанды, тек Қобыландының Құртқаға үйленуі кеңінен баяндалады. Айса Байтабыновтың нұсқасында Қобыланды қалмақ ханы Алшағыр мен оның бауыры Қазанға қарсы соғысады. Мұнда да Мараба нұсқасынң көп жері қайталанады. Ал сол Айса Байтабыновтың екінші нұсқасында Қобыландының тұрмыстық өмірі, үйленуі, Жанкісі атты ұлының тууы баяндалады. Нұрпейіс Байғаниннің нұсқасында Қобыланды қырымның мырзасы қартқожамен одақтасып қалмақ ханы Алшағырмен, Барыспен соғысады. Көріп отырғанымыздай «Қобыланды батыр» эпосының өзге нұсқалары Марабай нұсқасын қайталайды. Осының барлығы Қобыландының Алтын орданың мырзасының қатарына жататындығын көрсетеді.

Марабай мен Мергенбайдың нұсқасында Қобыланды Орақ батырмен бірге оның ағксыМамайға қарсы соғысады. Айса Байтабыновтың екі нұсқасында да Қобыланды Орақтың ұлдары Қарасай, Қазимен достасады. Байғаниннің нұсқасында Алтын орданың қол астындағы қырым хандығымен одақтасады. Академик Радлов жазып алып, өзінің 1896 жылы шығарған «Түркі тайпаларының ауыз әдебиетінің үлгілері» атты көптомдық еңбегінің 3-кітабына енгізген «Қобыландының» ең соңғы алтыншы нұсқасында, Алтын орданың ханы Мамайдың досы сарай батыры, Ұарасац мен Қазидың досы ретінде баяндалады. Демек, Қобыланды Алтын орданы қорғаушы, қазақ және орыс халқының жауы болғандығына еш күмәне тумауы тиіс.

Кенжебаевтің 1940 жылғы мақаласындағы, Әуезовтің «Қобыланды» пьесасындағы, Марғұланның докторлық диссертациясындағы, Ғабдуллиннің «Қобыланды» эпосын ғылыми зерттеу мәселелері» және Жұмалиевтің «Қазақ әдебиеті» тарихының бірінші томындағы эпос таралы тарауындағы Қобыланды парсы ханы Ғазанмен соғысты дегені тарихи деректерді тұп-тура фальсификациялаудың өзі болып шығады. Біріншіден, алты нұсқада да Алтынорданың қараұшылары Мамаймен, Орақпен, Қарасй, Қазимен бірігіп «кәпірлерге», яғни, орыстарға және басқа да халықтарға қарсы соғысады. Мамайдың 1380 жылы 8 қыркүйекте Күликов шайқасында жеңілгені белгілі. Орақ, Қарасай мен Қази Ресейге қарсы ХІҮ ғасырдың соңында, ХҮ ғасырдың басында соғысты. Ал парсы ханы Ғазан Орақ пен Мамай қоғамдық сақнаға шықпас бұрын 1295-13048 жылдары тақта отырды. Екіншіден, «Қобыландыда» қызылбас деген кәпірлер, яғни, исламнан бас тартқандар жиі кездеседі. Исламның софылық, шейіттік және өзге де ағымдары болғаны белгілі. Арабтардың билігіне қарсы Шейіттердің шарулар қозғалысы ҮІІІ –ІХ ғасырларда орын алды. Қызылбастар деп осы шейіттерді атаған. Алтын орданың тарауының қарсаңында шейіттік ағым Кавказдағы Әзірбайжан мен Дағстанға тарады. Алтынордалықтар бұл аймақты бірнеше рет шапқыншылыққа ұшыратты. Демек, «Қобыланды» эпосындағы қызыл бастар – өзге емес, Қап тауындағы бауырларымыз», – деп енді «Ер Тарғынға» ауыз салды.

Қаншама эрудит, алғыр, шешен болса да Қ.Жармағамбетовтің эпос туралы білімі тура осы тақырыпты ондаған жылдар бойы арнайы зерттеп келе жатқан М.Әуезовтің, Ә.Марғұланның, Қ.Жұмалиевтің, Б.Кенжебаевтің, М.Ғабдуллиннің деңгейінен биік әрі терең болмаса керек. Ет қызуымен айтылса да түйсіктен тыс тұжырымдар бұл.

Ендігі кезекті алысымен Т.Жароков тура көктемдегі әшкерелеуші екпінмен:

«Қалижан Бекхожиннің өлеңсымақ шимайлары мен кейбір туындылары баяғыдан бері ұлтшылдықтың уымен суарылып келе жатқаны анық. Оған ең алдымен 1940 жылы жазылған «Батыр Науан» дастаны куә. Бұл дастанда ол қазақ пен қырғыз халқын, өзге де халықтарды тұншықтырушы, қанқұйлы қарақшы – адам етін жейтін нағыз реакционер хан Кенесары Қасымовты жіне оның бауыры Науанды, олардың тонаушы, қанқұйлы жорықтарын сүйсіне жырлайды»,– деп лепіре әшкереледі.

Әруақтардың өзі кешірсін, бұл пікірді жалғастырмаймыз да, түсінік те бермейміз. Қазақтардың тым қатты кеткеніне таң қалған Дм.Снегин



«Кеше өзінің баяндамасында, Қ.Жармағамбетов, Қазақстан кеңестік Жазушылар одағына өзі келіп, аса жауапты – жауапты хатшылықтың міндетін тапсырып алған кездегі көріністерді соншама көргісіз етіп баяндап берді. Жармағамбетов жолдастың баяндамасын тыңдап отырып, ол келгенше Жазушылар одағында кеңес адамдары істемеген сияқты, жазушылар одағы жуындыда қалған мекеме сияқты әсерде қаласың, – деп басу айтыпты.

Мінбеге Ғабит Мүсірепов шығып, өзінің бұрынғы пікірлерін жаңа орамдармен емеуірін таныта айтып, М.Әуезовті шымшып өтті, С.Мұқановтың атын атамай, одақтың басшылығының ісін мүлдем жоққа шығарды.Біз тек саяси бағалауын ғана аударып береміз.

Ғ.Мүсірепов: «Буржуазиялық ұлтшылдықтың жеке жазушылар мен ақындардың шығармаларынан көрініс бергеніне дау айтуға болмайды, өйткені жазушы-ұлтшылдардың жас кеңес әдебиетімен белсенді күресі тұсында оның тарихи-теориялық тұрғыдан тереңдеп кеткен тамыры осы уақытқа дейін өзінің улы жемісін беруді жалғастырып келеді. Кімде кім өзінің ұлтшылдығын түзеткісі келсе, онда ол мұны ертеде өткендігін сылтауратып бетін жылтыратып майлап қоймай, ең алдымен осы тамырды аршып алып, отап тастауы керек. Менің ойымша, большевиктік сын мен өзара сынның ең басты және бағыттаушы маңызы осында. Сонымен қатар, біздің Қазақстанның кеңестік жазушылар одағы және оның Төралқасы мен басқарма мүшелері, буржуазиялық ұлтшылдыққа қарсы күресте, социалистік реализмнің негігі бағытынан ауытқушылықпен күресте, жауапсыздықпен және халтурамен, демек, жазылған шығарманың биік идеясы мен көркемдік сапасы жолындағы күресте қатаң да талапшыл партиялық ұстанымды көрсете алмады.Соңғы уақытта, баяғы әдетімізше, шынайы шығармашылықтан көрі мағынасыз ішкі қырқылжың мен пайдасыз ұсақ-түйекке көп көңіл бөлінді. Қайран уақыт босқа кетті. Жоғарыдағы партия ұйымдары да Жазушылар одағында не болып жатқанын жақсы біле тұра, оған немқұрайлы, кейбір жағдайларда ымырашылдықпен қарады. Міне, біздің ащы шындығымыз»,– деп өзінің екі жүзді қанжар екенін танытып өтті.

Өйткені, «тамыры терңге кетіп, өз тамырын өзі аршымай, өз тамырын өзі отап тастамай, құр бетін жасырып» жүрген адам жалғыз, ол – Мұхтар Әуезов болатын. Ал «ішкі қырқылжыңға» жол берген адам, әрине, Сәбит Мұқанов. Орталық Комитеттің идеология жөніндегі хатшысы І.Омаров ауысып, орынына «сұр кардинал» Сужиков келген. Демек Орталық Комитетті де сынауға болатын. Ең бастысы, осы жолы ұйымдық мәселе қаралатын. Бір ауыз сөзбен үш жолбарысты бір оқпен атып, үшеуіне де тигізіп отыр.

Сол арада Қасым Аманжолов сөзге араласып:

«Орталық партия комитетінің қаулысында және ҮІІІ пленумның қарарында менің қателіктерім көрсетілді, мен оны мойындадым, ең бастысы сыналып та жатыр, бірақ Кенесарыға қатысты аты аталғандардың ішінде тағы да мен жүрмін. Бұл дұрыс емес қой. Алғашында Бекхожиннің ұсынысымен бір нашар дастансымақ жазғаным рас, ол адамдардың санасын улап үлгерген жоқ (жарияланбаған – Т.Ж.), оны өзім де ұмытып қалдым. Сондықтан да мені Кенесарышылардың тізіміне қосқаны дұрыс бола қоя ма екен?», – деген ұсыныс айтты.

Төраға: Бұл ұсынысқа қалай қарайсыздар? Кенесарышлардың қатарынан сызылсын ба? Кенесарышылардың тізімінен сызып тастау туралы ұсынысты мен де қолдаймын.

Дауыстар: Дұрыс.

Төраға: Демек, Пленумның шешімдерінің жобасынан оның атын сызып тастауға қарсылық жоқ қой?

Дауыстар: Жоқ.

Бір ауыздан қостап дауыс берілді» (Сонда, 230 іс).

Жарыссөзде М.Ақынжанов, А.Шарипова, С.Омаров, Ғ.Сланов, Т.Әлімқұлов сөйлеп, Қ.Жармағамбетовтің баяндамасын және жоғарыдағы аталған адамдарды, соның ішінде Қ.Бекхожинді батыра сынады. Пленум ұйымдық мәселе қарап, Жазушылар одағының төрағалығына сол кездегі Гурьев облыстық партия комитетінің идеология жөніндегі хатшысы Ә.Жаймурзин сайланды.

Одақ үшін де, оның жаңа хатшысы үшін де ең бір ауыр жылдар күтіп тұрды. Өйткені саяси жазалау науқаны енді ғана көрігін қыздырып, тікелей жазалауға көшкен еді.

Тіпті осында сілтеме жасап отырған Ғылым Академиясының президенті Қаныш Сәтбаевтің өзінің үстінен де құпия тергеу жүріп жатқан болатын. Парасатты зиялы Ілияс Омаров сол тұста қудалауға түсіп жүрген Қаныш Сәтбаевқа:



«Қаныш аға! Сақ жүрмейсіз бе.Тым сенгішсіз. Әр кімге сыр ақтара бересіз»,– деген екен.

Сонда Қаныш ғұлама:

«Әй, Ілияс-ай! Табиғатта керексіз зат жоқ қой. Құзғынды да құдай жаратқан. Бәрі қыран боп кетсе, қарғалар қайтып күн көреді. Оларға да жұмыс керек қой»,– депті (жиені Н.Жармағамбетовтің мәліметі).

Соның нәтижесінде ол 1951жылы 23 қарашада осы орыннан дәмегөй, аса қуатты қолдау мен күшке ие, геология, тау-кен саласындағы орыс және өзге ұлттардың өкілдерінің (М.Сәрсекеевтің «Қаныш Сәтбаев», «Нартұлға» атты кітаптарын қараңыз) қасақана арандатуымен, С.Бәйішев пен Н.Сауранбаевтың саяси жетекшілігімен, С.Нұрышев пен Ә.Тәкежановтың сумаңдығымен Қ.Сәтбаев: Ғылым академиясында кадрларды іріктеу мен қаржы-қаражат пайдалану саласында өзімшілдікке жол берді, Академияның партия ұйымын менсінбеді, жершілдік пен рушылдыққа жол берді – деген желеумен қызметінен босатылды. Академиктер М.П.Русаков пен Ахмет Жұбанов ғылыми атақтарынан айырылды. Бұған Құдайберген Жұбановтың кенже ұлы Асқар Құдайбергенұлы Жұбановтың қолындағы құпия мекемеге арнап жазылған хаттың көшірмесі дәлел.

1951 жылы 11 желтоқсан күні Қайым Мұхамедханов «әшкереленген халық жауы» ретінде жазушылар одағынан шығарылды. Демек, бұл кезде абайшыл, әуезовшіл ғалым түрменің ыстық, суық камерасына кезек қамалып, «сыннан» өтіп жатыр деген сөз. Сонымен Қайым жиырма бес жылға кесіліп, маршал Жуковтың штабындағы генералдармен бірге “сыбаға бөлісіп” шыға келді. Қ.Мұхамедхановтан сұрағаны: “Маған бұл тақырыпты Әуезов зорлап зерттетті” – деген жалғыз-ақ сөз. Соны жазып берсе бостандықта жүрмек, ғылыми атағын да сақтап қалмақ екен. Түрмедегі ыстық, суық камераны, әртүрлі қорлаулар, қоқан-лоққыларды, алдау-арбауды басынан кешірсе де Қ.Мұхамедханов М.Әуезовті ұстап бермеді.

Сөйтіп, Мұхтар Әуезов те өзінің сенімді достары мен шәкірттерінің көмегінен қол үзіп қалды. Егер Қ.Сәтбаев Президент болып тұрса, онда М.Әуезовтің «қолды болуы» да екіталай екенін партиялық жазалаушы жауынгерлер білді. Біз осында аты аталған, Қ.Сәтбаев менсінбеген «бастауыш партия ұйымының мүшесі» Ә.Тәкежановпен бір неше ай сұхбаттас болғанымызда байқағанымыз, осынау тік мінезді, тау ішіндегі саяжайында қалған өмірін жалғыздықпен өткізген тапшыл тарихшы сол науқан қайтып келсе, тағы да «атойға шыға келуге» дайын сияқты көрінетін. Өкінішке орай С.Нұрышевпен әңгімелесудің еш орайы келмей-қойды. Оған өкінген де жоқпыз.

3.

Бұл қызылкеңірдек науқан тағы да екі жылға созылды. Сталиндікк кеңестік дәуірінің соңғы жихад дауылы 1953 жылы 13 қаңтар күні соқты. «Халықтар көсемінің», «ұлттардың әкесінің» ми қан тамырларының жұмысы бұзылып, дауасыз дерті мизаялыққа ұласып, емделуден күдер үзе бастағанда ғаззауаттың бас сұрқылтайы Берия өзін ақтап қалудың амалына көшіп, жаңа лаң бастады. Сол күні барлық ТАСС жүйесі мен «Правда» газетінде «Бір топ дәрігер-зиянкестердің тұтқындалуы» туралы дүрбелең хабар басылды. Бұл соңғы үш жылдың ішіндегі жүргізілген саяси жазалау мен қастандықты әшкерелеуге нүкте қоятын, Мұхтар Әуезовтің өзі «жеті басты жалмауызға» теңеген айдаһардың жетінші басы еді. Онда:



«Осыдан біраз уақыт бұрын Мемлекеттік қауіпсіздік мекемесі өздерінің алдына зиянкестік емдеу арқылы кеңес өкіметінің белсенді қайраткерлерінің өмірін қысқартуды мақсат етіп қойған бір топ дәрігерлердің террористік тобын әшкереледі. Бұл террористік топтың қатарында: профессор Вовси М.С.; емдеуші-дәрігер, профессор Виноградов В.Н.; емдеуші-дәрігер, профессор Коган М.Б.; емдеуші-дәрігер, профессор Коган Б.Б.; емдеуші-дәрігер, профессор Егоров П.И.; емдеуші-дәрігер, профессор Фельдман А.И.; дәрігер отоляринолог, профессор Этингер Я.Г; емдеуші-дәрігер, профессор Гринштейн А.М., дәрігер-невропатолог; емдеуші-дәрігер Майоров Г.И.

Деректік құжаттар, медициналық экспертизаның зерттеулері мен қорытындылары, тұтқындалғандардың көрсетіндісі бойынша, қылмыскерлер, жасырынған халық жаулары ауруларды қасақана зиянкестікпен емдеп, олардың денсаулығын бұзған. Тергеу жұмыстары мынаны көрсетті: террористік топтың мүшелері өздерінің дәрігерлік құзыры мен аурулардың сенімін пайдалана отырып емделушілердің денсаулығына қасақана зиян келтіріп, зерттеу барысында нақты анықталған дертке жалған диагноз қойып дауасын өзгертіп, шипасына сай келмейтін ем жасады. Қылмыскерлер, Жданов жолдастың сырқаттығын пайдаланып, оның жүрек талмасы бар екенін біле тұра мұндай ауыр дертке қарама қарсы әсер беретін ем қолданды, сөйтіп Жданов жолдасты қасақана өлтірді. Тергеу барысында қылмыскерлер А.С.Щербаков жолдастың да өмірін қысқартты, оны емдеуде аса күшті дәрілерді қолданғандықтан да ол кері әсерін берді, оны осындай жағдайда өлім ауызына әкелді.Дәрігер қылмыскерлер ең алдымен кеңестік әскери жауапты басшыларының денсаулығына зиян келтіріп, оларды қатардан шығарып, отанымыздың қорғанысын әлсіретуге тырысты... Бұл, кісі өлтіруші дәрігерлердің, ғылымның қасиетті туын таптаған, ғылым қайраткері деген атты қорлаған адам кейпіндегі қанішерлердің – шет ет барлауының жалдамалы агенттнрі екені анықталды... Тергеу таяу уақытта аяқталатын болады»,– деп (Я.Рапопорт. «Дәрігерлер ісі» туралы естеліктер, Дружба народов, 19886. № 4) атой салынған.

Иә, біз әдейі келтіріп отырған бұл мәтіндердің бәрі де таныс сөз тіркестері. Отыз жетінші жылы да дәл осындай «шет ет барлауының жалдамалы шпиондарының» тергеуі жаппай ату жазасына бұйырылумен аяқталған болатын. Енді, «ашынған халық» пен еңбешілердің, жұмысшылар мен оқшантайдағы зиялылардың «ашу-ызаға» толы хаттары мен мәлімдеулері жаппай жамырай басылатын.

Әбден тақыстанған әдіс көп күттірмеді, бүкіл кеңес зиялыларыныңң ішінен «халық жауларын», халықаралық еврей қауымдастығының астыртын мүшелерін, ал республикалардан буржуазияшыл ұлтшылдарды іздестіріп, тауып, әшкерелеу сүркіні жүрді. Олардың әр қайсысының басына түскен талқы жеке адамның тағдыры болудан қалып, ұлттық, тіпті, жалпы кеңес халқына ортақ зауалға айналды. Енді Қ.Сәтбаевқа, М.Әуезовке шындап қауіп төне бастады. С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, М.Әуезов, Қ.Жұмалиев, Ә.Тәжібаевтардың арасындағы кикілжің де тиылмады. Т.Жароков оларды сыдырта әшкерелеумен болды. Әр жиналыста, жазушылардың пленумдарында бет жыртысу жалғаса берді. Үш жылдан бері шайқалып барып түзелетін бәйтеректің (М.Әуезов) де түбі босап, енді құлауға бет алды. Бұрын жалғыз бәйтеректің тамырын қопсытатын, енді екеу болды.

«Правда» газетінің 1950 жылғы 26 желтоқсанында жарияланған Т.Т.Шойынбаев, Х.Х.Ғ.Айдарова, А.Якунин үшеуінің қолы қойылған аты шулы «Қазақстан тарихының мәселелері маркстік-лениндік тұрғыдан баяндалсын» деген мақаланы да Н.Н.Поспелов пен Орталық Комитеттің нұсқаушысы Морозов ұйымдастырғаны анық, соңғысы дербес мақала да жазды.

Қазақ әдебиеті мен тарихына, сол арқылы зиялыларына кеңестік ғазауат жариялаған Мәскеу мен оның жандайшабы «Правда» газеті Қазақстандағы бұл майданды жеңіспен аяқтау мақсатымен, соңғы, шешуші шабуыл ретінде 1953 жылдың 30 қаңтары күні, яғни, «дәрігерлер ісі әшкереленгеннен кейін» 17 күннен кейін шұғыл түрде П.Кузнецовтың «Сынау орынына мадақтағандық» атты мақаласын жариялады. Бұған себеп болған З.Кедринаның «Мұхтар Әуезов», Т.Нұртазиннің «С.М.Мұқановтың творчествосы туралы» зерттеу кітаптарының жарыса жарық көруі еді. Мақаланың мұндай шұғыл ұйымдастырылуына бір кездері «Звезда» журналы туралы қаулыға орай Алматыға келіп баяндама жасап, қазақ әдебиетін дұрыс жолға қойып кеткен, соның ішінде М.Әуезовке де «кеңес берген» сол кездегі Орталық Комитеттің бөлім меңгерушісінің орынбасары, ал елу үшінші жылы «Правданың» бас редакторы Н.Н.Поспелов болатын. Ол М.Әуезов пен С.Мұқановтың өзара бақталасын да, мақаланы кім жаза алатынын да жақсы білетін.

«Правдада» сыналған республиканың ғылым мен әдебиеті, ондағы жекелеген адамдар туралы мадақтаған монографияның жаряланып жатуы «аға басылымның» шамына тисе керек. Жарияланған сын мақалаға іліккен адамдар жиырма бес жылға сотталып, жер аударылып жатса, керісінше, Қазақстан тарихы мен Кенесары көтерілісі туралы мақаладағы басты кінәлінің бірі М.Әуезов марқайып, мардымсып отыр. Бұл төзбейтін мәселе еді. Өйткені...

П.Кузнецов: «Әдебиет зерттеушілері мен сыншылар әдебиет пен искусствоның идеялық және көркемдік дәрежесін арттыру үшін сүреңсіздік пен шалағайлыққа қарсы, совет халқына жатидеологияның қандай да болса көрінісьеріне қарсы белсене күресуге міндетті. Біздің әдебиетіміз – бүкілодақтық әдебиет. Туысқан республикалардың бірінің жазушысы жазған шығарманың табысы бүкіл совет әдебиетінің табысы болып табылады. Және мұның керісінше, жазушының творчествосында сәтсіздікке ұшыраруы немесе идеялық олқылыққа түсуі көп ұлтты совет әдебиетін өркендетудің ортақ ісіне зиян келтіреді. В.Сосюраның «Украинаны сүй» деген идеялық жағынан зиянды өлеңіне берілген сын бүкіл жазушылар жұртшылығы үшін, идеологиялық майданының барлық қызметкерлері үшін сабақ алатын сын болды. Әрбір әдеби-зерттеу немесе әдеби сын еңбегі біздің бүкілодақтық әдебиетті өркендетудегі оның маңыздылығына қарап, («Правданың» пікіріне сәйкестендіріліп – Т.Ж.) бағалануға тиіс»,– болатын.Сондықтан да П.Кузнецовтың – «Осыған байланысты қазақ жазушыларына арналған екі кітапқа Т.Нұртазиннің «С.М. Мұқановтың творчествасы туралы» (Қазақ мемлекеттік көркем әдебиет баспасы, Алматы қаласы) және З. Кедринаның «Мұхтар Әуезов» («Советский писатель» баспасы, Москва қаласы) деген кітаптарына назар аударуға тура келді».

Шындығында да «Правданың» тәжірибесінде мұндай оқиға патиялық принципті пен ішкі партиялық тәртіпті өрескел бұзу болып табылатын. Әрине, «Правда» газеті редакциясының қызметкерлері кітаптың шығып жатқанынан бимағлұм екені анық, демек, бұл оқиғаны жеткізіп отырған адам республиканың өзінің ішінде, оның ішінде қазақы пәленшелер мен түгеншелер емес, бақылау мекемелері мен олардың идеология саласындағы сақшылары. Әйтпесе, бас жазудан қолы тимей жүрген П.Кузнецовтың өз еркімен «шабыттануы» неғайбыл. Отызыншы жылдары бүкіл Қазақстанды шулатып, көкте де, жерде де жоқ халық ақыны туралы «Правдаға» мақала жазып, Жамбылдың жырын аударып «жүрегін жалғап жүрген» П.Кузнецовың сондайлық бір қадірі жоқ болатын.

Мұны 1953 жылы 23 ақпанда өткен Жазушылар одағындағы жиналыста Ғ.Орманов П.Кузнецовтың өзіне жұрттың көзінше ашық айтты.

Сонымен, 1953 жыл. Жиырма үшінші ақпан. «Шұғыл түрде» ұйымдастырылған» Жазушылар жиналысы. Жазшылар одағын: «партияның қатал тізгінін ұстап, екі алыпты ауыздықтап, сабасына түсіруге жіберілген, әйтпесе, олардан сөзсіз айырылып қалатынын ескертіп, тәртіп орнатуға тапсырма алған» (өз сөзі) тура мінезді Ә.Жаймурзин басқаратын. Ол талқылаудан бұрын өткен партия жиналысында өзара қатынасы әбден асқынып кеткен, енді жалғаса берсе, бірін бірі арандатып тынатынын ашық айтып, алдын-ала ықтырып алып еді. Онсыз әуелі Әуезовтен, содан кейін Мұқановтан көз жазып қалу қаупі төнгенін Орталық Комитеттің І.Омаров сияқты ұлтжанды идеологтары ескерткен екен. Оны жазалауға емес, дауды доғартып, сақтандыруға жіберіпті.

Бұл тұста «дәрігерлер ісі бойынша» жауапқа тартылғандарды Мәскеудің Лубянка түрмесінде күндіз-түні тік тұрғызып қойып, түнгі он бірден таңғы алтыға дейін тергеу жүргізіп, таң атқан соң, қайтадан камерада тағы да тік тұрғызып қойып ұйықтатпай, келесі кешкі тергеуге «есінен тандырып» апарып:



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   35   36   37   38   39   40   41   42   ...   61




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет