ДӘріге төзімді фиброзды кавернозды өкпе туберкулезінің патоморфологиясы



Дата03.07.2016
өлшемі1.21 Mb.
#175706
ӘОЖ 615.03:616-002,5
ДӘРІГЕ ТӨЗІМДІ ФИБРОЗДЫ - КАВЕРНОЗДЫ ӨКПЕ

ТУБЕРКУЛЕЗІНІҢ ПАТОМОРФОЛОГИЯСЫ

А.Н Жұмабаева., Г.Ә.Қазбекова, Г.А.Қуатова

Облыстық патологиялық анатомия бюросы, Ақтөбе қ., Қазақстан

Үдемелі ағымда өтетін фиброзды-кавернозды өкпе туберкулезінің (ФКӨТ) морфологиялық ерекшеліктерін туберкулез микобактерияның (ТМ) дәріге төзімді (ДТ) түрлерінің және туберкулездің дәріге төзімді өзінше бір түрінің пайда болуымен байланыстыруға болады. Соңғы уақытта қоздырғыштың ДТ, соның ішінде көп дәріге төзімді (КДТ) түрлерінің кең көлемде таралуы аса маңызды сұрақтардың бірі бола отырып, осы аурудың аурушаңдық және өлім-жітім көрсеткіштерінің жоғарылауына ықпалын тигізеді [1,2].

ДДҰ-ның мәліметтері бойынша Европа елдерінде туберкулезбен алғаш рет ауырғандар арасында дәріге төзімділік көрсеткіштері ауытқымалы болып: Голландияда - 0,5%, Финляндияда - 1% , Молдова мен Эстонияда – 13,1% құрады; бұрынғы кеңес елдерін қарастыратын болсақ - Арменияда – 14,9% және Орталық Азия елдерінде, соның ішінде Өзбекстанда-13,2%, Қазақстанда – 14,2, Қырғызстанда– 20,2% тең болды [3,4]. Cоңғы кезде ҚР қоздырғыштың туберкулезге қарсы препараттарға КДТ түрлерімен ауыратын науқастар санының жедел түрде өсуі байқалады, айта кетсек Атырау облысында 100 000 тұрғынға 209,7 науқас; Ақтауда -209,4; Ақтөбеде 208,3 тіркелді. Ең аз тіркелгендер саны мына облыстарда байқалды: Алматы облысында 100 000 тұрғынға - 67,7; Оңтүстік Қазақстанда - 98,4; Астанада - 111,0 науқас [5].

Зерттеудің мақсаты: аутопсиялық материал негізінде дәріге төзімді фиброзды-кавернозды өкпе туберкулезінің морфологиялық ерекшеліктерін зерттеу.

Зерттеу материалдары мен әдістері: Ақтөбе қаласының патологоанатомиялық бюросында зерттелінген 132 аутопсиялық материалдарға (Ақтөбе қаласының туберкулезге қарсы күрес диспансерінде қайтыс болған) талдау жасалынып, барлық жағдайда сыртқы ортаға бактерия бөлу байқалды. Соның ішінде - 53 (40,2%) жағдайда ТМ-ның дәріге төзімді түрлері анықталып, олар морфологиялық зерттелінді. Жұмысты орындау мақсатында статистикалық өңдеу және гистологиялық, гистохимиялық әдістер қолданылды.

ҚР ДМ 2007ж 7 қаңтарында шыққан № 723 бұйрығы «Об утверждении Инструкции по ведению больных туберкулезом с множественной лекарственной устойчивостью» негізінде монорезистенттілік дегеніміз - бірінші қатардағы туберкулезге қарсы дәрілерлердің (ТҚД) біреуіне төзімділік анықталса; полирезистенттілік – бірінші қатардағы ТҚД бірнешеуіне (екі және одан да көп) төзімділік; мультирезистенттілік – ТМБ бірінші қатардағы ТҚД бірнешеуіне, соның ішінде рифампицин мен изониозидке қатар төзімділіктің болуы. Біздің байқауларымызда мультирезистентті дәріге төзімділік түрлері басым кездесті, соның ішінде 28 (52,8%) байқауда үш препаратқа; 22-де (41,5%) – төрт препаратқа және 1 (1,9%) жағдайда стрептомицинге монорезистенттілік, 2-де (3,8%) рифампицин мен стрептомицинге полирезистенттілік анықталды.

Анамнез мәліметтерін талдау барысында келесі нәтижелер алынды: 53 зерттеу материалдарының ішінде еңбек жасындағы ер адамдар басым кездесті – 34 (64,1%); бұрын бас бостантығынан айырылғандар – 17 (32,1%) және 24-де (45,2%) аурухана ережесін бұзғандығына байланысты емдегі үзіліс анықталды; әлеуметтік жағдайы бойынша: жұмыс жасайтындар–8 (15,1%), жұмыссыздар - 42 (79,2%), зейнеткерлер - 3 (5,6%) құрады және осылардың ішінде 11 (20,7%) – тұрақты мекені жоқ жандар болды.

Қоздырғыштың дәріге төзімділігі дамыған кездегі ФКӨТ-нің морфологиялық сипаттамасына тоқталатын болсақ макроскопиялық көбінесе өкпелердің бір бөлігін толығымен зақымдайтын алып каверналар немесе бір-бірімен жалғасқан жұқа қабырғалы қуысты жүйелер және айқын склероздық өзгерістер фонында көлемді казеозды пневмония ошақтары анықталды.

Микроскопиялық жедел үдеу көріністерімен сипатталды: каверналардың казеозды некроз ошақтары кең көлемді болды және онда орналасқан лейкоцитарлы сіңбелер кавернаның барлық қабаттары мен айналасындағы өкпе тініне жайылған. Грануляциялық қабатта арнамалы емес қабыну элементтері арнамалы қабыну жасушаларынан басым түсіп, лимфо-плазмоцитарлық сіңбелермен қатар сирек орналасқан эпителиодты және көпядролы алып жасушалар анықталды. Перифокалды қабыну аймақтары көлемді болып, полисегментарлы казеозды пневмониялар анықталды (сурет 1). Өкпе тінінде перикавитарлы аймақтарда және олардан алшақ орналасқан өкпе бөлімдерінде себінді ошақтар табылды, олардың көлемдері үлкен, ортасында казеозды массалар, ал шеткі аймақтарында әлсіз байқалатын өнімді реакция дамыған. Өнімді реакция аздаған гранулемалар түзбейтін, ретсіз орналасқан эпителиоидты және көп ядролы алып жасушалар түрінде кездесті, кейбір ошақтардың айналасында болбыр және ретсіз орналасқан коллаген талшықтары байқалды. Гистобактериоскопия жүргізу кезінде казеозды пневмония ошақтарында көп мөлшерде ТМ табылды (сурет 2).

Сурет 1 – полисегментарлы казеозды Сурет 2 – казеоз ошақтарында ТМ

пневмония ошақтары. ГЭ Үлк. 100 жинақталуы. Ziehl-Neelsen. Үлк. 400

Созылмалы ағымда өтетін үрдіс болғандықтан бронхтарда арнамалы емес қабыну нәтижесінде қабырғасының фиброзы және деформация байқалды, сонымен қатар орташа және кіші бронхтарда казеозды панбронхиттер анықталды (сурет 3).



Сурет 3 - казеозды панбронхит, бронх қабырғасының

барлық құрылымдарының деструкциясы. ГЭ. Үлк. 100


Казеозды некроз нәтижесінде бронхтардың қабырғаларының барлық құрылымдары деструкцияға ұшырап, кейбір көру аймақтарында лимфо-плазмоцитарлық сіңбелердің арасында бірен-саран туберкулездік гранулемаларды, ретсіз жатқан эпителиодты және көп ядролы алып жасушаларды да көруімізге болады. Бронхтардың кілегей қабатының өзіндік пластинкасында гранулемалар өте сирек кездесті. Біздің мәліметтеріміз басқа зерттеушілердің нәтижелерімен сәйкес келеді, олардың айтуынша, қоздырғыштың ДТ кезіндегі ФКӨТ морфологиясын зерттеу барысында, туберкулездік үрдістің үдеуі ошақтардың айналасында өнімді реакцияның күрт тежелуі нәтижесінде бірен-саран ретсіз орналасқан эпителиоидты жасушалар анықталған. Ірі деструкция фокустарының түзілуі пневмониогенді жолмен жүреді, бірақ барлық деңгейдегі бронхтарда казеозды панбронхиттер дамыған [6].

Қан тамырларын зерттеу барысында қабырғасы интимасының ісінуіне байланысты қалыңдауы, сонымен қатар деструктивті өзгерістер де байқалды. Өкпелердің микроциркуляторлық арнасында зақымдану ошақтарында васкулиттер, тромбоваскулиттер және дәнекер тінді компанентінің фибриноидты некрозы, периваскулярлы қабыну сіңбелері анықталды.



Қорытындылай келе ДТ ФКӨТ альтеративті-экссудативті тіндік реакциялардың басымдылығымен және жасушалардың азаюымен сипатталатын туберкулездік қабыну дамиды. Фибрилогенез және инкапсуляция үрдістерінің, ағзаның туберкулездік гранулема түзу қабылетінің күрт тежелуі байқалады. Барлық деңгейдегі бронхтарда арнамалы емес қабыну және склероздық өзгерістермен қатар казеозды панбронхиттер дамиды.
Қолданылған әдебиеттер:


  1. Чуканов В.И., Мишин В.Ю., Васильева И.А. Полирезистентный туберкулез – проблемы выявления и лечения. // Бюллетень Сибирского отделения РАМН.- 2007.- №1. –С. 56-62.

  2. Lamberts-van Weezenbeek C.S., Sebek M.M., Gerven P J. et al. Tuberculosis contact investigation and DNA fingerprint surveillance in The Netherlands: 6 years experience with nation-wide cluster feedback and cluster monitoring // Int. J. Tuberc. Lung Dis. - 2009. - Vol. 7. №12 - P. S463-S470.

  3. Скворцова Л.А., Павлова М.В., Сапожникова Н.В. и др. Туберкулез сегодня: особенности возбудителя, клиника и лечение // Проблемы туберкулеза и болезней легких.- 2005.- №11.- С.69.

  4. E.Ramos., M.Aabye. et al. Sensitive and rapid tuberculosis culture diagnosis with disposable filters replacing the laboratory centrifuge // International Jornal of Tuberculosis and Lung Disease. - 2008. - Vol. 12. - P.87.

  5. Статистический обзор по туберкулезу в Республике Казахстан. - Алматы, 2010.- С. 35-36.

  6. Зиновьев И.П., Эсаулова Н.А., Новиков В.Г. Первичная лекарственная устойчивость микобактерий туберкулеза у больных с впервые выявленным деструктивным туберкулезом легких // Проблемы туберкулеза и болезней легких.- 2009. - №4. - С. 37-38.

ЗАЯВКА

На участие в научно-практической конференции: «Современные проблемы теоретической и клинической морфологии»

  • Казбекова

  • Гулзат

  • Алибиевна

  • Кандидат медицинских наук

  • Зав.отделением инфекционной патологии

  • Областное патологоанатомическое бюро

  • г.Актобе, ул.Жамбыла 1б

  • 21-09-03 (раб), факс 21-20-07

  • Aktobe-opaburo@mail.ru

  • Заочное участие


Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет