Дәріс №11 кеңестік тіл білімі



бет1/2
Дата11.11.2022
өлшемі22.19 Kb.
#464597
түріОқулық
  1   2
11 дәріс ЖТБ


Дәріс №11
КЕҢЕСТІК ТІЛ БІЛІМІ
Кеңес өкіметі орнауының алғашқы жылдарында тіл білімі алдына қойған ең басты міндеттердің бірі – бүкіл халықпен бірлесе отырып елдегі сауатсыздықты жою, жер-жерде ашылып жатқан оқу орындарына қажетті оқулықтар жазу, өзіндік жазуы жоқ ұсақ халықтардың өз тілдерінің дыбыстық жүйелеріне лайықты жазулары болуына, емлесінің, жазу тілінің қалыптасуына жәрдемдесу болатын. Тіл ғалымдары бұл міндеттерді абыроймен іске асырды.
Жер-жерлерде әр түрлі дәрежедегі оқу орындарының көптеп ашылуы, олардағы оқыту істерінің алғашқыда әр халықтың өз тілінде жүргізілуі, ана тілінің оқу пәндерінің бірі ретінде оқытылуы – одақ көлеміндегі тілдердің грамматикалық құрылыстарын зерттеуді, олардың практикалық және ғылыми грамматикаларын жазуды күн тәртібіне қойды.
Тілдің грамматикасын жазу үшін әр тілдің өзіне тән нормасын айқындау қажет болады. Ол үшін тілдің диалектілік ерекшеліктерін, грамматикалық, тілдік норма етіп, ол ерекшеліктердің қайсысын қолданудың жөн болатындығын айқындау қажет. Осыған байланысты кеңес тіл ғылымында диалектологиялық зерттеу де кең көлемде етек алды. Одақтағы көптеген тілдердің диалектілік сөздіктері, диалектологиялық карталары жасалды.
Бұл жұмыс тек норманы, тілдегі диалектілерді айқындаумен ғана шектелген жоқ, соларға қоса жер-жерде әр халықтың ұлттық әдеби тілін қалыптастыру, оның өткені мен қазіргі күйін, болашақ бағыт-бағдарын зерттеу жұмыстары да қарқынды жүргізілді. Жер-жерде әдеби тілдің теориялық және практикалық жақтарын жан-жақты қамтыған көптеген зерттеулер дүниеге келді.
Бірінші болып қолға алынған мәселе тіл білімінің философиялық негізі, тілдің әлеуметтік мәні жайындағы мәселе болатын. Бұл отан ғылымының, солардың ішінде тіл білімінің де негізі – марксистік диалектикалық материализм деп жарияланды. Сөйтіп, осы негізде Кеңестік жаңа тіл білімін қалыптастыру талабы қойылды, оны қалыптастырушылардың жолбасшысы, көсемі болып, Н.Я.Марр Кеңестік тіл білімі әлеміне көтерілді.
Н.Я.Марр – иберий-кавказ тілдерінің маманы. Ол алғашқыда бұл тілдердің туыстық төркін, олардың семит тілдерімен байланысын зерттеді де, келе-келе өз теориясын "яфет теориясы" деп атады. "Яфет" деген терминді басында Н.Я.Марр бүкіл Кавказия, Жерорта теңізі бассейндеріндегі толып жатқан тілдердің бәріне ортақ шартты атау ретінде қолданған да, артынан осы тілдерді зерттеуден туған өз тұжырымдарын "Яфет теориясы" деп атаған. Бұл атау бертінірек келе "Тіл туралы жаңа ілім" деген атаумен ауыстырылды. Бірақ әдебиеттерде бұл екі атау кейде бірінің орнына бірі қолданыла берді.
Н.Я.Марр бастаған "Тіл туралы жаңа ілім" өз қадамын революциядан бұрын үнді-еуропалық тіл білімі деп аталатын ғылымды кеңестік дәуір талабы тұрғысынан қайта қарап, үнді-еуропа тіл біліміндегі сол кездегі қайшылықтардың, тоқырашылықтардың біразын дұрыс көре білді. Бұл бағыттың буржуазиялық тілдерде бірсыпыра мәселеде реакциялық, нәсілдік бағытта болып, отар елдер мен аз ұлттарды, олардың тілдерін кемсітіп, қорлайтындықтарын ашық айтты. Шынында да, әсіресе XX ғасырдың бас кезінде үнді-еуропа семьясына жататын тілдерде сөйлеуші халықтарды жоғары бағалау, бүкіл мәдениетті, ғылымды жасаушы солар, прогресс соларға тән қасиет, басқа халықтар жараталысынан дамуға икемсіз, кері-тартпа дейтін шовинистік бағыт едәуір етек алды.
Н.Я.Марр тіл туралы жаңа ілімді яфет тілдерін жан-жақты зерттеу, оның басқа семьядаға тілдермен қатынасын айқындау негізінде ғана қалыптастыруға болады деп санады. Ол қалыптастырған "Жаңа ілімінің" өзіндік жүйесі, бағдарламалық бағыты, концепциялары болды. Бірақ олар Маркстің қоғам дамуына байланысты айтылған қағидаларын ешбір өзгеріссіз тілге де қолданғандықтан, бірсыпыра қате тұжырымдар жасалды:
1.) Марксизм – құлдық, феодалдық, капиталистік қоғамдар – таптық қоғамдар. Бұларда адамдар қанаушы, қаналушы таптарға бөлінеді, таптан тыс адам болмайды десе, Н.Я.Марр осы қағиданың көмегімен таптық қоғамдағы тіл де таптық болады, қанаушы таптың өз тілі, қаналушы таптың өз тілі болады, жалпыхалықтық тіл деген жалған сөз деді;
2) Марксизм – қоғамның саяси, құқықтық, діни, көркем өнерлік, философиялық көзқарастары - қоғамдық базистің қондырмалары, базис жойылумен бірге бұлар да жойылады, бұл жаңа базистің өзіндік қондырмасы болады, ескі базис тұсындағы қондырма жаңа базис мүддесіне қызмет ете алмайды десе, Н.Я.Марр тіл де қоғамдық қондырма, ол қоғамдық базиспен
бірге жойылып отырады, феодалдық базис тұсындағы тіл капиталистік базиске, капиталистік базис тұсындағы тіл социалистік базиске қызмет ете алмайды, қоғамдық формациялардың әрқайсысының өзіндік тілдері болады деді;
3) Н.Я.Марр – дыбыс тілі адам қоғамымен бірге туған құбылыс емес, дыбыс тілсіз де қоғам болған, дыбыс тілі қоғам мүшелері түрлі таптарға бөлінген кезеңде пайда болған және ол алғаш дүниеге келгенде адамдардың бір-бірімен қатынас жасау құралы ретінде емес, магиялық құрал ретінде, тайпа көсемімен қатынас жасау құралы ретінде шыққан, оны тек бақсы-балгерлер, тайпа көсемдері ғана қолданған, адамдардың бір-бірімен қатынас жасауының алғашқы құралы – қол тілі болған дейді. Ал марксизм дыбыс тілі адам қоғамымен бірге туып, қатар жасап келеді, қоғамсыз тіл болған емес. Дыбыс тілі тілсіз қоғам, адамдар қатынасының ең маңызды құралы дейді;
4) Н.Я.Марр тіл зерттеуде төрт түрлі элементке негізделген палеонтологиялық талдау әдісін қолдануды ұсынды. Бұл әдіс бойынша дүние жүзіндегі тілдердің барлығының шығу төркі, глоттогониялық үрдісі бір. Олардың барлығы да о бастағы сал, бер йон, рош деген төрт элементтен тарайды. Бұл элементтердің қалдығын қазіргі заман тілдерінің қай-қайсысынан болса да табуға болады деді. Бірақ бұл бос болжам еді.
5) Марксизм қоғам өзінің даму тарихында төрт түрлі қоғамдық; формациядан (алғашқы қауымдық, құлдық, феодалдық, капиталистік, соцалистік қоғамдар) өтеді. Дамудың бұл формациялары қоғамдық бірліктің барлығына да тең, барлығы да осы сатылардан өтеді, бір ізді болады десе, Н.Я.Марр осы қағиданы тілге қолданып, тілдің дамуында да әр түрлі формацияға лайық әр түрлі сатылар болады, тіл сатылық жолмен дамиды, бірі өткен сатыдан тілдердің басқалары да өтуге міндетті, тіл атаулының барлығы да дамудың бір ғана жолмен жүреді деді;
6) Марксизм қоғам дамуы тек эволюциялық жолмен ғана жүрмейді, алдыңғы қоғамдық формация кейінгі қоғамдық формацияға орнын өз еркімен, бейбіт жолмен бермейді, соңғысыалдыңғыны күшпен, революциялық жолмен құлатуы, эволюциялық дамудың революцияға айналуы сияқты секірмелі болады десе, Н.Я.Марр осы қағида ізімен тілде дамудың бір сатысынан екінші сатысына өткенде революциялық секіру жолымен, бұрынғы тіл кенет жойылып, оның орнына мейлінше жаңа тіл пайда болады, тілдердің сатылық өзгерістерінде, яғни жаңа тілдің пайда болуында тілдер тоғысуының шешуші мәні бар, тоғысқан екі тілдің екеуі де жойылып, оның орнына бастапқылардың ешқайсысына ұқсамайтын жаңа, үшінші тіл пайда болады деді;
7) тілдердің дамудың қай сатысында тұрғанын білдіретін негізгі көрсеткіш - тілдік элементтердің семантикасы, сондықтан семантика тіл білімінің ең негізгі объектісі болады дегенді айтты.
"Тіл туралы жаңа ілімнің" негізгі бағдарламалық концепция-лары болып есептелетін бұл тұжырымдардың қай-қайсысы да қоғам жөніндегі ілімнің мәніне жете түсінбей, оны тіл мәселелеріне теріс қолданудан туған жаңсақ қорытындылары еді. Бірақ осы қате тұжырымдар 1950 жылға дейін отан тіл білімінде үстем болып келді. Кеңес тіл ғалымдары өз зерттеулерінде оларды басшылыққа алуға міндетті саналды.
Лингвистикалық бұл мектепті қалыптастырушы, бұрыннан да ғылыми беделі, ұйымдастырушылық тәжрибесі бар Н.Я.Марр 20-жылдар ішінде-ақ көрнекті марксшіл тіл ғалымы ретінде танылды. 20-жылдардың аяқ кезінен бастап оның ілімін жақтаушы тіл ғалымдарының тобы құрыла бастады. Бұл топ өздерін Н.Я.Маррдың шәкіртіміз деп санады. Елдегі тіл білімін басқару органдары бірте-бірте "Тіл туралы жаңа ілімді" жақтаушылардың қолына көшті. Олар кеңестік тіл біліміндегі істің жайын аздап та болса сынауға, тіпті тіл біліміндегі "жаңа ілім" дегенді сынау жөніндегі болмашы әрекеттің өзіне тыйым салып, Н.Я.Маррдың мұрасына сын көзімен қараған, оның ілімін мақұлдамаған зерттеушілерді қуғындап отырды. Бұл кеңес тіл білімінің дамуын кенжелетіп, тұйыққа тірей бастады.
Партияның орталық органы "Правда" өзінің 1950 жылға 5- мамырдағы санында сын және өзара сын арқылы кеңес тіл біліміндегі тоқыраушылықты жойып, бұл саладағы ғылыми жұмысқа дұрыс бағыт сілтеу үшін еркін айтыс жариялайтынын хабарлады. Айтыс мақалалары "Правда"-ның 4-шілдеге дейінгі 9 санында жарияланды. Айтыс бүкіл кеңес интеллигенциясының, әсіресе барлық кеңес тіл ғалымдарының назарын аударды.
Айтысқа өздерін Н.Я.Маррдың шәкірттеріміз дейтіндер де, оларға қарсылар да бірдей дәрежеде қатысты. Пікірлер таласы тіл білімінің ең негізгі, өзекті мәселелерінің айналасында болды. Ол тіл білімінің ең маңызды мәселелері жөніндегі көзқарастардағы жөнсіздіктерді, оны әшкерлеуге талаптанушылардың "жаңа ілімді" жақтаушылар тарапынан қысым көргендігінің бетін ашты.
Тіл біліміндегі айтыстан кейін кеңес тіл білімі ұйымдық, басқарушылық жағынан қайта құрылды. Бұл кезде тіл зерттеуші ғалымдарымыздың ерекше назар аударған мәселесі. Тіл туралы жаңа ілімнің" қателіктерін, оның тигізген зиянды зардаптарын жан-жақты ашып көрсету болды. Бұл іс мақалалар жариялау арқылы да, орталықта болсын, одақтас республикаларда болсын тіл мәселелеріне арналған кеңестер өткізу арқылы да жүргізілді. Осы жұмыспен қатар қолға алынған тағы бір маңызды мәселе "Тіл туралы жаңа ілім" үстем болып тұрған кезде көпшілікке теріс түсіндірілген салыстырмалы-тарихи әдістің шын сипатын, тіл зерттеуде тигізетін пайдасын, оны қолданудың жолдарын саралап түсіндіру болды.



Достарыңызбен бөлісу:
  1   2




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет