Қотыр – қойдың соры (Мақал) деген сөйлемдегі «қотыр» сөзінен соң сызықша қойса, «қотыр» бастауыш болады. Ал «қотыр» деген сөзден соң ешбір тыныс белгісі қойылмаса, қай қойдың? деген сұраққа жауап беріп, сау қойдың емес, қотыры бар қойдың деген мағына туады.
Тыныс белгілері – синтаксистік категория, сондықтан да пунктуацияны зерттеу синтаксисті зерттеумен тығыз байланысты. Пунктуация ережелері тілдің грамматикалық құрылысына тәуелді болады. Тыныс белгілерін қате қою кейде сөйлемнің мағынасын бұзады, мағынасы бұзылған сөйлем айтайын деген ойды білдіре алмайды.
Тыныс белгілерінің ережелері интонацияға немесе тілдің грамматикалық құрылысына ғана емес, айтылған ойдың мағыналық жақтарына да сүйінеді.
Ш.Сарыбаев қазақ тілі пунктуациясының негізі интонация деп дәлелдеді. Алайда тыныс белгілерін тек қана интонацияға негіздеуге болмайды.
С.Жиенбаев тыныс белгілерінің қойылуын сөздердің синтаксистік байланысына негіздейді. М.Балақаевтың пікірінше, тыныс белгілерін дұрыс пайдаланудың негізі дауыс ырғағымен, интонациямен байланысты болады. Кейде тыныс белгілерін дұрыс қойып жазудың шарты дауыс ырғағы, интонация болмай, грамматикалық белгілер негіз болады.
А.Ысқақов пен Ә.Хасенов сөйлемдердің грамматикалық құрылысын, сөйлемдегі сөздердің мағыналық ерекшеліктерін және ауызекі сөздегі ритмика-мелодиканы (интонация мен пауза) тыныс белгілерінің негіздері деп көрсетеді.
Ал Ф.Мұсабекованың пікірімізше, тыныс белгілері бірде сөйлемнің құрылысына қарай, бірде мағынасы қарай, бірде айтылуына қарай қойылады. Сондықтан тыныс белгілерінің қойылу негізі сөйлемнің құрылысына, мағынасына және интонациясына тығыз байланысты болады. Интонация мен пауза тыныс белгілерін қоюда қосымша қызмет атқарады. Ал бірсыпыра тыныс белгілері сөйлемнің мағынасына, бірқатары сөйлемнің құрылысына байланысты қойылады. Қос нүкте, нүктелі үтір, сызықша, үтір, жаңа жол синтаксистік құрылысқа сүйеніп қойылады.
3. Жазуда тыныс белгілерінің алғашқы элементтері болмаса, қалыптасқан таңбалар жүйесі де, оларды қолдану заңдары да болмаған болар еді.
Түркі тілдерінің бұрынғы ескерткіштерінде тыныс белгісі таңбасының алғашқы элементтері кездеседі. Ол кездегі бар белгілер көбінесе тыныс белгісі қызметінен гөрі бір сөзді екінші сөзден айыру қызметін атқарған.
Қазақ тілінде шыққан алғашқы баспасөзіміздің бірі «Дала уалаяты» газетінің (1888-1902) тұңғыш шыға бастаған жылдарындағы нөмірлерінде тыныс белгілерінің ешқайсысы қойылмайды. Күрделі ой немесе бір күрделі пікір біткенін білдіру үшін, екінші ой жаңа жолдан басталып жазылған.
1894 жылдан бастап газет кейбір сөйлемдердің жігін ажыратуға әредік сызықша (–), әртүрлі жұлдызшалар (*) сияқты шартты таңбаларды қолданады.
Біздің жыл санауымыздың Ү-ҮІІ ғасырлары шамасында жазылып сақталған орхон-енисей жазулары деп аталатын ескерткіштердің кейбіреулерінде әр сөзден кейін қос нүкте тәрізді белгі қойылса, кейбіреулерінен кейін төрт нүктеден құралған ромбик тәрізді белгі қойылып отырған. Ал араб әрпімен жазылып сақталған ертеректегі қисса-дастандарда өлең жолдары арасына қойылған тіліміздегі қазіргі графикалық белгілердің бірде-біріне ұқсамайтын түрлі белгілер кездеседі.
Әрбір тыныс белгісінің өзінің қолданылу, пайда болу тарихы бар. Мысалы, дүние жүзінде тұңғыш рет үтір белгісі кітап бетінде ХҮ - ХҮІ ғасырдың аралығында пайда болды. Оны алғашқы рет кітапқа енгізген Венецияның атақты баспаханашысы Альд Мануций болды. Бұл уақытқа дейін кітаптарда тек қана екі тыныс белгісі – нүкте мен қос нүкте ғана қойылған.
Проф. С.Е.Маловтың айтуынша, түріктердің Енисей жазуында қос нүкте – нүкте және тыныс белгісі есебінде жұмсалған.
Тыныс белгілерінің элементі ХІХ ғасырда шыққан түркі тілдері грамматикаларында пайда бола бастады. А.Қазембектің 1839 жылы шыққан «Түрік-татар тілі грамматикасында» бір жұлдызша, екі жерде сызықша қойылған. Ал 1869 жылы шыққан «Алтай тілі грамматикасында» тыныс белгілерінің біршамасы кездеседі және олар бірсыдырғы орынды қойылған.
1870 жылы шыққан В.В.Радловтың «Образцы народной литературы тюрских наречий» деген еңбегінде тыныс белгілерінің бірсыпыра түрі кездеседі. Бірақ олар жүйелі түрде қалыптаспаған. Ғалым мәтіндерінде тыныс белгілері ішінен жақша мен көп нүкте ғана кездеспейді.
П.М.Мелиоранскийдің 1897 ж. шыққан «Краткая грам-ка казак-киргизского языка» және В.Катаринскийдің 1897 жарық көрген «Грам-ка киргизского языка» атты қазақ тілі грамматикаларында да тыныс белгілерінің бірсыпыра түрлері ұшырасады. Алайда оларда пунктуациялық жүйе сақталмаған.
1915 ж. шыққан «Жазу қағидалары» деген кітапшада тыныс белгілерінің қолданылуы туралы ережелер берілген. Онда тыныс белгілерінің жеті түрі ғана аталып, олардың әрқайсысына ереже беріліп, мысалдармен дәлелденген. Леп белгісі «дауыс ишараты», сызықша мен жақша және көп нүкте «ишарат», ал тырнақша «екі ишарат» деп аталған.
ХІХ ғасырда және ХХ ғасырдың басында түркі тілдерінде, соның ішінде қазақ тілінде баспадан шыққан кітаптарда тыныс белгілері дұрыс, жүйелі түрде қолданылмаса да, таңбалардың элементі мен оларды пайдаланудың алғашқы тәжірибесі көріне бастаған.
4. Жазу мәдениеті қалыптасқан тілдегі пунктуацияны зерттемеуге, пунктуациялық дағдыларды қалыптастырмауға, ережелерін жетілдіріп сараламауға болмайды. Қазақ тіл білімінде пунктуация мәселелерінің зерттелу тарихын үш салаға бөліп қарастыруға болады: 1) тыныс белгілері туралы жазылған мақалалар; 2) тыныс белгілерінің мектеп оқушыларына арналған оқулықтарда баяндалуы; 3) тыныс белгілеріне арналған арнайы зерттеулер.
Қазақ тілінің тыныс белгілері жөнінде алғашқы жарық көрген еңбектердің бірі – Ш.Сарыбаевтың «Қазақ сөйлемінде үтірдің жазылатын орындары» (1936) атты мақаласы. Автор онда тыныс белгілерін тек интонацияға ғана байланыстырып қарап, мәселені бір жақты шешеді, яғни интонация пунктуациялық негіздердің бір түрі ғана екені ескерілмейді. Ш.Сарыбаевтың «Сызықшаның бастауыш пен басқа мүшелер арасына жазылу себебі» (1938) мақаласы сөйлемнің тұрлаулы мүшелері арасына қойылуға тиісті сызықшаға арналған.
Ш.Сарыбаевтың «Тыныс таңбалары» (1947) деген мақаласында қаратпа сөздердің сөйлемнің басқа мүшелерінен үтір арқылы ажыратылатыны сөз болған.
Тыныс белгілері жөнінде С.Жиенбаевтың «Тыныс белгілері» атты екі мақаласы бар (1938, 1939). Бірінші мақаласында автор үтірдің қойылатын орындары туралы ережелерді береді. Ал екінші мақаласында бастауыш пен баяндауыштың арасына қойылатын сызықша, төл сөз бен бөгде сөз, бірыңғай мүшелерден соң немесе бұрын қолданылатын жалпылауыш сөздің тыныс белгілерінің кейбір мәселелеріне тоқталады.
1939 ж. жарық көрген Х.Басымовтың «Сөйлемнің тыныс белгілерін дұрыс жаза білейік» деген мақаласында көп нүкте, нүкте, сұрау, леп белгілерінің қойылатын орындарына түсінік беріледі.
1941 ж. шыққан М.Балақаевтың «Сауатты жазудың негізгі шарты – тыныс белгілерін дұрыс пайдалану» деген мақаласында тыныс белгілерін дұрыс қоюдың негізі грамматикалық құрылыс және дауыс ырғағы делінген. Мақалада сұрау мен леп белгілерінің қойылатын екі жағдайы ғана сөз етіледі.
А.Нұғмановтың «Пунктуацияның бір мәселесі» (1953) деген мақаласында бастауыштан кейін қойылуға тиісті интонациялық сызықша жөнінде айтылады. Бұлардан басқа Р.Сыздықованың «Пунктуацияның кейбір мәселелері» (1957), Ә.Хасеновтің «Сызықша туралы түсінік» (1961), Б.Әбілқасымовтың «Қазақ жазбасында тыныс белгілерін қолдану тарихына қатысты соны деректер» (1963) сияқты мақалалар жарық көрді. Оларда пунктуацияның теориялық мәселелері сөз етіледі.
Қазан революциясынан кейін қазақ тілінің белгілі бір жүйеге, нормаға түсірілген грамматикалары шықты. Оларда әрбір тыныс белгілеріне арнаулы ережелер берілмегендіктен, тыныс белгілерінің қойылатын көп жерлері түгелдей сипатталмады.
1942 жылдан бастап қазақ тілі грам-сында «қосымша» деген атпен тыныс белгілері туралы ережелер берілген. Онда көп нүкте, үтір, нүктелі үтір, қос нүкте сызықша жайлы жаңа ережелер қосылған. Қазақ тілі грам-сының 1943, 1946, 1948, 1949, 1950 жылғы басылуларында тыныс белгілеріне жаңа ережелер енгізілмеген.
С.Аманжолов, А.Әбілқаев, И.Ұйықбаевтардың 1951 ж. қазақ тілі грам-сында тыныс белгілеріне біраз жаңа ережелер қосылған. Мәселен, нүкте, үтірге байланысты және сызықшаға бес түрлі ереже енген.
С.Аманжолов, А.Әбілқаев, И.Ұйықбаевтардың 1967 ж. шыққан синтаксисінде (ҮІ-ҮІІ класс) тыныс белгілерінің «қосымша» деген атпен беріліп жүрген ережелер алынып тасталды. Ол орта мектептің 8-сыныбына тыныс белгілеріне арналып шыққан Ә.Хасенов авторлығындағы жаңа оқулықтың жарық көруіне байланысты болды. Содан ҮІ-ҮІІ сынып синтаксисі 1969 жылғы басылуында «қосымша» деген атпен тыныс белгілерінің арнаулы ережелерін қайта енгізді.
Қазақ пунктуациясына байланысты шыққан күрделі еңбектің бірі – 1960 ж. баспа қызметкерлері мен мұғалімдер үшін басылып шыққан Р.Сыздықованың «Қазақ орфографиясы мен пунктуациясы жайында анықтағыш» атты еңбегі. Онда тыныс белгілерінің практикалық мәселелеріне ерекше көңіл бөлінген және автор оны нақты мысалдармен дәлелдеген.
Тыныс белгілерінің зерттеліп, даму тарихына зор үлес қосқан еңбектерге С.Жиенбаевтың «Сөйлемнің тыныс белгілері» (1941), А.Ысқақов пен Ә.Хасеновтің «Тыныс белгілері» (1951), Р.Сыздықова мен Қ.Неталиеваның «Тыныс белгілері ережелері» (1961), Ф.Мұсабекованың «Жай сөйлемнің пунктуациясының негіздері» (1959) және «Қазіргі қазақ тілінің пунктуациясы» (1973), (1991) т.б. зерттеулер жатады.
С.Жиенбаевтың кітапшасында тыныс белгілерінің маңызы, оның сөйлемді түсіндіруіндегі сыртқы белгі екендігі, дауыс ырғағының сөйлемдегі сөздердің өзара байланысынан туатыны айтылады. Мұнда автор үтір мен сызықшаның қойылатын кейбір жағдайларына ғана тоқталады. Сызықшаның қолданылатын орындары жөнінде автор бастауыш пен баяндауышқа байланысты қойылатын сызықшаның кейбір мәселелері, төл сөз бен бөгде сөз, жалпылауыш мүшелерге қойылатын сызықшаларды сөз етеді.
А.Ысқақов пен Ә.Хасеновтің «Тыныс белгілері» атты кітапшасы оқушыларға, оқытушыларға, баспасөз қызметкерлерінің практикасына қажетті көмекші құрал болды. Авторлар тыныс белгілерінің маңызын, оның шешілмей жүрген мәселелерін келешекте айқындап, бір ізге салу керек екендігін айтады. Бұл кітапша жайлы баспа бетінде Б.Әбілқасымовтың «Тыныс белгілері» деген сын мақаласы шықты. Ол кітапшадағы оңашаланған мүше үш түрлі тыныс белгісімен (сызықша, үтір, жақша) бөлініп жазылсын дегенге келіспейді.
Сондай-ақ Ф.Мұсабекованың «Қазіргі қазақ тілінің пунктуациясы» атты зерттеуі теорияны практикамен ұштастырған бірден-бір еңбек болып табылады. Осы бағытта біршама толық теориялық мәлімет алатын зерттемеге Р.Сыздықованың 1996 ж. баспа бетін көрген «Емле және тыныс белгілері» атты оқулығын алуға болады. Алайда аталған еңбектерде пунктуация мәселелері шешімін тапты деу қиын. Қазіргі қазақ тілі тыныс белгілерінің көптеген мәселелері әлі де зерттеуді қажет етеді.
Достарыңызбен бөлісу: |