Дәріс Кіріспе. «Ветеринариядағы диагностикалық және емдеу техникалары» пәнінің мақсаты мен міндеттері



жүктеу 1.33 Mb.
бет1/8
Дата09.06.2016
өлшемі1.33 Mb.
  1   2   3   4   5   6   7   8
Дәріс-1. Кіріспе. «Ветеринариядағы диагностикалық және емдеу техникалары» пәнінің мақсаты мен міндеттері
Жоспары:

  1. Кіріспе.

  2. Қысқаша тарихи шолу.

  3. Диспансеризация.

Малдәрігерлік саладағы ішкі жұқпалы емес аурулар пәннің бөлімдерінде аурулардың пайда болу себептері, даму сатыларын анықтау әдістері, нақтылы диагнозын қою, емдеу тәсілдері мен аурулардан сақтандыру іс-шаралары жан-жақты дәрістеледі. Мал мамандарын – болашақ жоғарғы білімді малдәрігерлерін дайындау мәселесін түбегейлі шешуде негізгі орын алатын пәндердің қатарына жатады.

Пәннің негізін түсіндіру жалпы биология, биологиялық химия, қалыпты және патологиялық физиология, малдарды азықтандыру, аурутану және экономика пәндерінің заманауи жетістіктеріне сүйене отырып жүргізіледі.

Болашақ мамандыққа маңызы зор қоғамдық және арнайы клиникалық пәндерді міндетті түрде және терең игерген, шаруашылықтарда ауруларды емдеу тәсілдерін және олардан сақтандыру іс-шараларын ұйымдастыруды тиянақты түрде орындай алатын жоғарғы білімді малдәрігері мамандарын дайындауда бұл пәннің алатын орны ерекше.

Бүгінгі күннің талабына сай малшаруашылығынан өндірілетін өнімдерді нәтижелі түрде пайдалануды малдарды аурулардан сақтандыру мәселелерін шешудегі теориялық, методологиялық және ұйымдастырушылық жақтарын терең игере отырып; аурулар бола қалған жағдайда оларды уақытында экономикалық жағынан тиімді емдеу әдістерін пайдалана отырып оларды өнімді малдардың қатарына қосу арқылы іс жүзіне асыруға болады. Бұл мәселелерді шешуде пәнді игеру барысында жан-жақты дәрістелетін диспансеризация жүргізу әдісі негізгі жоспар ретінде ұсынылады.

Көптеген ауруларды болдырмауда, бола қалған жағдайда олардан тез арада, ұтымды түрде жазып алуда арнайы дайындалатын азықтармен – диетотерапиямен емдеудің маңызы зор. Ол үшін ветеринариялық зертханаларда мал азықтарының құрамын жете тексере білу қажет. Тек сонда ғана толық қанды рацион құруға мүмкіншілік туындайды.

Ауруды ғылыми негізде емдеуге көп көңіл бөлу керек. Ол үшін ауруды анықтауда жүргізілетін тексерулерді мұқият жоспарлаған дұрыс. Ол жоспар белгілі бір жүйеде жүргізіледі. Олардың ішінде ауруларды дұрыс анықтау мен олардың себептерін нақтылы табудың ауруларды емдеу және олардан сақтандыру шараларын дұрыс ұйымдастыру үшін маңызы ерекше.
Малдарды емдеу туралы жазбаша ескерткіш ерте заманғы египеттің Кахун папирусындағы деректерден бастау алады. Одан кейінгі кездерде Аристотель, Үнді оқымыстылары, Колумелла, Абсирт және тағы басқа да ғұлама ғалымдар көптеген ескерткіш жазбалар қалдырды.

Ресейде малдәрігерлік мекеме 1733 жылы Мәскеу маңындағы Хорошевское ауылды жерінде ашылған. Одан кейінгі жылдары, атап айтқанда XVII және XVIII ғасырларда Ресей оқымыстыларың көптеген қолжазбалары басылып шықты.

1806 – 1811 жылдары Вилен, Петербор, Мәскеу университеттерінде ветеринария бөлімдері ашылса; 1851 – 1876 жылдары Харьковте, Қазанда, Дерпте ветеринария институттары ашылып, жұмыс істей бастады. Ветеринария саласына, әсіресе ішкі жұқпалы емес ауруларды дамытуда үлес қосқан ғалымдар: К.М.Гольцман, Н.П.Рухлядев, Г.В.Домрачев, С.А.Хрусталев, А.Р.Евграфов, А.В.Синев, И.А.Симонов, В.Е.Евтихиев, И.А.Каарде, И.Г.Шарабрин, В.М.Данилевский және басқалары болды. Олар көптеген оқулықтар мен оқу құралдарын жазып қалтырды.

Қазақстанда бірінші өлкелік малдәрігерлік-бактериологиялық институт 1925 жылы ашылды. Ол институт 1935 жылдан бастап «Қазақтың ғылыми-зерттеу малдәрігерлік институты» болып аталды. Сол институтта 1948 жылы бірінші аспиранттар қабылданды.

1930 жылы Алматының зоотехникалық-малдәрігерлік институты ашылды. Бұл институтта негізгі ғылыми бағыттар мен орталықтар топтастырыла бастады. Атап айтқанда:


  1. Академиктер: Б.А.Домбровский, Ф.М.Мұхаметғалиев жетекшілік еткен морфологтар;

  2. Н.У.Базанова басқарған физиологтар;

  3. Я.И.Клейнбок басқарған терапевтер;

  4. Б.П.Всеволодов Басқарған патоморфологтар;

  5. М.П.Орлов басқарған паразитологтар Қазақстанда ветеринария ғылымының дамуына зор үлестерін қосты.

1952 жылы ашылған Семейдің зоотехникалық-малдәрігерлік институтында «Ішкі жұқпалы емес аурулар» кафедрасы әуел баста «Клиникалық диагностика» кафедрасы болып ашылды да, кейіннен екі кафедра бірге болды. Кафедраны ұйымдастырушы және бірінші меңгерушісі Г.Х.Габидуллин болды. 1996 жылы Семейдегі үш институт университет болып біріккенге дейін кафедрада меңгерушілік қызметін атқарғандар: Г.Х.Габидуллин, В.Н.Квятковский және К.Н.Қожановтар. Әр жылдары кафедрада көптеген ғалымдар қызмет істеді. Олардың ішінде ғылыми зерттеу жұмыстарымен елеулі үлес қосқандар: академик Н.А.Уразаев, ғылым кандидаттары, доценттер: В.А.Виноходов, Б.С.Бушманов, Л.А.Замковая, В.А.Бурлуцкий, К.А.Сидорова, Г.Е.Лавриненко; аға оқытушылар: С.О.Балтыбеков, А.К.Омашев және т.б.

Қазір Қазақстан Республикасы бойынша малдәрігерлерін дайындау университеттеріміздің жеті факультеттерінде іске асуда.

Диспансеризация – дені сау сапалы өнімді, конституциясы қолайлы, организміндегі зат алмасу деңгейі жоғары малдар тобын құру үшін жүргізілетін диагностикалық, емдік және сақтық шараларының жоспарлы жүйесі.

Диспансеризацияның теориялық негізі – организм мен сыртқы ортаның біртұтастығын қағидалаайтын жалпы биологиялық заңдылық. Диспансеризацияны іс жүзіне асыруда И.Г.Шарабрин мен Х.Г.Гизатуллиндер көп еңбек істеді. Ал диспансеризацияны малшаруашылығына еңгізу 1957 жылы шыққан нұсқаудан бастау алады. Ол нұсқау бойынша диспансеризация негізгі және кезекті болып бөлінеді. Негізгі диспансеризация жылына екі рет: жазғытұрым – мал жайылымға шығарда және күзде – мал қыстаққа орналастырыларда; кезекті диспансеризация жыл тоқсанында бір рет жүргізіліп отырады.

Диспансеризация 3 этаптан тұрады:


  1. Диагностикалық;

  2. Емдік;

  3. Сақтандыру.

Клиникалық-лабораториялық тексерулердің нәтижелеріне сүйене отырып диспансеризацияның диагностикалық этабында барлық малдарды 3 топқа бөледі:

  1. Дені сау малдар;

  2. Дені сау, бірақта организмдегі зат алмасу процесінің деңгейі төмен немесе бұзылған малдар;

  3. Ауру малдар.

Әрбір топтағы малдарға тиісті іс-шаралар жоспарланып іске асырылады. Малдәрігерлерінің негізгі пациенттері үшінші топтағы ауру малдар. Ауру малдарды емдеу үшін жан-жақты жоспарланған, заманауи әдістер мен тәсілдерге негізделген, көбінесе кешенді емдеу процестері жүргізіледі.

Диспансеризацияның ең жауапты кезеңі – үшінші, аурулардан сақтандыру кезеңі. Бұл мәселені дұрыс шешуде және шаруашылықта биологиялық толыққанды азық қорын дайындауда мал мамандары мен шаруашылықтағы агрономдардың атқаратын қызметтері ерекше орын алады. Ұқыпты мамандары бар шаруашылықтарда аймақтың жер қыртысына байланысты жасалатын топырақ-өсімдік карталарының маңызы өте зор. Ондай деректерге сүйене отырып, белгілі бір бағытта қажетті тыңайтқыштарды пайдалану арқылы, құнарлы мал азығын дайындауды жоспарлауға болады.

Диспансеризация жүргізуде малдың қанынның құрамын лабораториялық зерттеудің маңызы өте зор. Қанның құрамындағы жалпы және арнайы көрсеткіштерді нақтылы нұсқау бойынша зерттейді. Мұндай зерттеулер арқылы мал организміндегі зат алмасу процесінің деңгейін қадағалауға мүмкіншілік болады. Сондай-ақ аурулардың алдын алу үшін жүргізілетін іс-шараларды нақтылы жоспарлауға болады.
Дәрсі-2. Дәрілік заттарды малдарға беру тәсілдері.
Жоспары:


  1. Дәрілік заттарды малдарға өз еркімен беру тәсілдері;

  2. Дәрілік заттарды малдарға күштеп беру тәсілдері:

А. Дәрілік заттарды ауыз қуысы арқылы беру;

Ә. Дәрілік ерітінділерді беру әдістері;

Б. Болюс, капсул, ұнтақ және ботқаны беру тәсілдері.
Ауру малдарға дәрілік заттарды беру кезінде дәрігердің көңіл аударатын мәселесі организмге әртүрлі қауіпті қоздырғыштардың түспеуін қамтамасыз ету. Оны болдырмау үшін асептика және антисептика ережелерін қатаң сақтау керек.

Асептиканың негізгі мақсаты ауру малға емдік көмек көрсеткен кезде қолданылатын барлық заттарды залалсыздандыруды қамтамасыз ету мәселесін дұрыс шешу.

Антисептика – емделетін малдың және емдеуші дәрігердің терісіндегі, қолындағы патогенді микроорганизмді жою. Бұл мәселе көбінесе күшті әсер ететін химиялық дәрілік заттарды белгілі бір концентрацияда қолдану арқылы іске асырылады.

Ауру малды емдеу үшін дәрілік заттарды қолданғанда малдәрігерінің негізгі білетін мәселелері: дәрілік заттардың дозасы, ерітінділердің концентрациясы, бірге қолданылатын дәрілік заттардың үйлесімділігі, малдардың түрі, жасы, жағдайы.

Малдәрігерлік тәжірибеде ауру малдарға дәрілік заттарды беру өз еркімен қабылдау және күштеп беру болып бөлінеді.

Дәрілік заттарды малдардың өз еркімен қабылдауы олардың тәбеті болған жағдайда іске асады. Дәрілік заттар ұнтақ немесе ерітінді түрінде азықпен және сумен беріледі. Өз еркімен қабылдайтын малдарға дәрілік заттарды жеке малдарға және топты малдарға беруге болады. Кейбір малдарға мұндай әдіс қарапайым, өте оңай іске асырылады; ал кейбір малдарға дәрілік заттарды беру үшін оны белгілі бір жағдайда ұстап машықтану керек болады. Мысалы иттерге дәрілік заттарды етке қосып беру өте оңай іске асырылады. Ал төлдерге дәрілік заттарды беру белгілі бір епті керек етеді. Шаруашылықта мал саны аз болған жағдайда онда ауру малдар да аз болады. Ондай жағдайда әр малға жеке дара емдік көмек көрсету қиындыққа соқпайды. Ал ірі шаруашылықтарда мал басы көп болғанда ауру малдарда көбірек болады да, ондай жағдайда топтап емдеу әдісін қолдану тиімдірек болады. Бұл әдіс әсіресе зат алмасуының бұзылуымен сипатталатын ауруларда жиі қолданылады. Диспансеризация жүргізген кезде клиникалық белгілері жоқ, бірақ зат алмасу процесі төменгі деңгейде анықталатын малдар үшін өте пайдалы. Ондай малдар үшін топты диетотерапия қажет. Уақытында сақтандыру шарасы дұрыс ұйымдастырылмаса, ондай малдардың паренхиматозды ағзалары мен тіндерінде дегенерациялық өзгерістер пайда болады да, оның аяғы ауруға апарып соғады. Міне, сондықтан да, аурудан сақтандыру үшін топтап емдеу әдісі әсіресе организмде белоктың, көмірсутегінің, витаминдердің, минералды заттардың алмасуы төменгі деңгейде болғанда өте қажет. Егерде малдар дәрілік заттарды осындай әдістермен қолданғанда қабылдамаса, онда дәрігер күштеп беру әдісін қолданады.


Дәрілік заттарды ауыз қуысы арқылы беру. Дәрілік затты қпндай әдіспен беру керек екенін шешпес бұрын дәрігер ол дәрінің фармакологиялық қасиетін, ауру малдың күйі мен жағдайын жақсы білуі керек. Көптеген дәрілік заттардың тітіркендіру қасиеттері, жағымсыз иісі мен дәмі болмайды. Әрине ондай дәрілік заттар дәрігерге онша қиындық тудырмайды. Оларды азықпен, сумен бере беруге болады. Мысалы, организмде астың қорытылуын жақсартатын балық майы, минералды қосымша азықтар, малдың тәбетін тудыратын заттар және т.б.

Егер мал тағайындалған дәрілік затты өз еркімен қабылдамаса, онда оны күштеп беруге тура келеді. Мұндай жағдайда дәрігер ауру малдың және өз басының қауіпсіздігін сақтай білуі керек. Дәрілік затты ауыз қуысы арқылы күштеп берудің бірнеше әдістері бар. Мәселен ерітінділерді бөтелке, қасық, спринцовка, резина грушы, шприц, Эсмарх кружкасы, Малахов приборы арқылы беруге болады. Мұндай жағдайда малдарда кездесетін жұтқыншақтың салдануы, өңештің бітелуі, қабыну процестерін еске алу керек. Егер ерітінді өңешке емес кеңірдекке түсіп кетсе, онда қосымша аурудың пайда болуы ғажап емес. Ондай жағдайда дәрілік затты зонд арқылы беру қолайлы.

Дәрілік ерітінділерді, қайнатпаны, эмульсияны, тұнбаны резина немесе қабырғасы қалың шыны бөтелкелер арқылы да беруге болады. Ол үшін малды жақсылап бекітеді, басын аздап жоғары көтереді. Малдың аузын ашып, тісі жоқ жері арқылы бөтелкенің аузын еңгізеді де, дәрілік затты бірнеше рет құяды. Егер мал жөтеліп тынышсызданатын болса, онда дәрілік затты жіберуді тоқтатып, малдың басын төмен бағыттайды. Қалай болғанда да дәрілік заттың бір бөлігі төгілмей тұрмайды. Сондықтан оның дозасын ойластыру керек.

Дәрілік затты осылай беру әдісін қолданғанда жылқы малы жұтынуын тоқтатып қоюы мүмкін. Сондықтан дәрілік заттың бірталай бөлігі ауыз қуысында жиналады да, кейіннен сыртқа шығарылып тастайды. Ондай жағдайда жұтқыншақтың тұсын сипалап қысу арқылы жұтыну процесін тудыруға тырысу керек. Мұндай әдісті қолданғанда ауыз кергішті, малдың тілін шығаруды пайдаланбау керек.


Дәрілік заттарды спринцовка, қасық, шприц арқылы беру үшін оны белгілі дозада қолданылатын приборға құяды. Оны малдың басын жоғары көтеріп ауыз қуысы арқылы құяды да, малдың басын қоя береді. Егер приборға резина түтікше жалғанған болса, онда түтікшені малдың ұрты арқылы еңгізеді. Спринцовканың орнына воронканы алуға да болады.

Қасық және шприц арқылы дәрілік заттарды ұсақ малдарға береді. Малды жақсылап бекітеді, аузын ашады, приборды ұрты арқылы еңгізеді де дәріні тілдің түбіне құяды.

Ерітінділерді ауыз қуысы арқылы құюға Малаховтың приборы өте қолайлы. Әсіресе көп малдарға дәрілік заттарды беру керек болғанда дәрігердің жұмысын өнімді етеді.
Болюсты, капсуланы, ұнтақты және ботқаны беру үшін арнайы құралды пайдалануға болады. Болюс пен капсуланы беру үшін болюс бергішті немесе корнцангты пайдаланады. Ол үшін малдың аузын кеңірек ашып, берілетін дәрілік затты тілдің түбіне орналастыруға тырысады. Дәрілік затты бергеннен кейін малдың жұтынуын қадағалау керек. Ондай құрал болмай қалған жағдайда болюсты әдейілеп дайындалған таяқша арқылы да беруге болады. Үш жағы аздап сүйірленген, ұзындығы 50 см таяқша өте қолайлы.

Ұнтақты да беретін аспап бар. Ондай аспап болмаған жағдайда ұнтақты қасық немесе шпатель арқылы тілдің түбіне салады да, артынан сумен ары қарай жылжытады. Пилюла, таблеткаларды ұсақ малдарға етке, нанға қосып беруге болады. Күштеп беру үшін корнцанг қолдануға болады.

Ботқаны қасық немесе шпатель арқылы ұсақ малдардың тілінің түбіне салу арқылы береді. Мұндай әдіспен дәрілік заттарды бергеннен кейін міндетті түрде ұсақ малдарға 30-50 мл, ірі малдарға 50-100 мл мөлшерінде су ішкізеді. Осындай манипуляциядан кейін малдар берілген дәрілік заттарды шығарып тастайма жоқпа, соны бақылау ғана қалады.
Дәріс-3. Дәрілік заттарды парентеральды

жолмен қолдану тәсілдері.

Жоспары:


  1. Дәрілік заттарды бұлшық етке, терінің астына жіберу әдісі;

  2. Дәрілік заттарды қан тамырлары арқылы жіберу әдістері;

  3. Дәрілік заттарды құрсақ қуысына жіберу әдісі.

Дәрілік заттарды парентеральды жолмен қолдану тәсілдері дегеніміз- дәрілік заттарды ауыз қуысынан басқа жолдар арқылы жіберіп емдеу әдістері. Грекше – Para - жанынан, enteron- ішек деген сөздер.

Оттегін тыныс алу жолдары арқылы жіберіп емдеу әдістерінде кездесетін қиындықтар оны басқа жолдар арқылы жіберіп емдеу әдістерін іздестіруге мәжбүр етті. Сол әдістердің біріне оттегін терінің астына жіберіп емдеу әдісі жатады. Оттегін терінің астына жіберу арқылы емдеуді 1780 жылы Спаланцани өз еңбектерінде көрсетті. Сол кезден бастап бұл әдіс малдарға эксперимент жүргізу арқылы бірнеше қайтара тексерілді. Осы жүргізілген тәжірибелердің нәтижесінде оттегін терінің астына жіберу мал организміне ешқандай зиян келтірмейтіні дәлелденді. 1900 жылдардан бастап бұл әдістің медицина саласында қолданыла басталғаны туралы деректер бар. Оның өзі кездейсоқ жағдайға байланысты туындаған. Бірінші рет дәрігер Доминэ шприцтің дұрыс жұмыс істемеуі салдарынан ауруға қан сары суының орнына бірталай мөлшерде ауаны жіберіп алған. Аурудың жағдайы жақсара бастағанын байқаған. Осыдан кейін терінің астына ауаның орнына оттегін жіберуді ұйғарған. Ауаның орнына оттегін жіберу арқылы ауруды жазып алған. Бұл тәжірибе кейіннен оттегін терінің астына жіберу арқылы емдеу әдісінің бастамасы болған көрінеді. Бұл әдіске әсіресе соғыс жылдарынан кейінгі 1919 жылдардан бастап көп көңіл бөліне бастаған. Көптеген авторлар, әсіресе француздар, ішек індеттерін, менингитті, түберкүлезді, өкпе қабынуларын емдеуде жақсы нәтижеге қол жеткізген. 1924 жылы Байе биіктікке көтерілген кезде пайда болатын ауруларды емдеу және ол аурулардың алдын алу үшін осы әдісті қолдану жөнінде көптеген жұмыстар жүргізген. Бұл әдісті емдік әдіс ретінде қолданған көп авторлардың деректері осы уақытқа сәйкес келеді. Бірақта, әдістің емдік маңызы туралы авторлардың пікірлері әртүрлі болғандығы байқалады.

Әртүрлі ауруларды оттегін терінің астына жіберу арқылы емдеу туралы көп клиникалық жұмыстар бар.



1-ші сүрет. Оттегін терінің астына жібергенге дейін және жібергеннен кейін қанның қысымы (төменгі қисық сызық) мен дем алыстың (жоғарғы қисық сызық) өзгеруі (Мицов).


Сонымен қатар алынған деректерге сүйене отырып нақтылы объективті баға беру мүмкін болмаған. Авторлардың көбі әдісті қолданғанда аурудың жалпы жағдайының жақсаратыны туралы ғана деректерді келтіреді.

2-ші сүрет. Өкпе альвеоллаларындағы ауаның алмасу схемасы. Ақ жолақтар арқылы ауаның альвеоллаға кіру қозғалысы көрсетілген.


Оттегімен емдеудің қандай әдісі болмасын оның негізгі мақсаты аурудың салдарынан организмде туындайтын тұншығуға немесе аноксемиялық-гипоксемиялық жағдайға қарсы күресу. Бұл мәселе жөнінде авторлардың пікірлеріне тоқталып өтелік.

Оттегін терінің астына жіберіп емдеу әдісінің жақсы жақтаушысы Мельхиор өзінің осы әдіс туралы жазған монографиясында бұл әдістің жан-жақты әсерлері туралы баяндайды. Атап айтқанда:



  1. Тұншығуға қарсы әсері;

  2. Улануға қарсы әсері;

  3. Организмді қуаттандыру әсері;

  4. Орталық жүйке жүйесі қозғанда тыныштандыратын әсері;

  5. Психикалық әсері.

Автордың айтуынша оттегін терінің астына жіберу арқылы улануды емдеу тек қана көмірсутегі тотығымен уланғанда ғана қолданылған көрінеді. Өзінің иіс тиіп ауырған адамдарға қолданған бірнеше байқаулары туралы деректерді береді. Осындай деректер Пик пен Дюрананың, Никлудың еңбектерінде де кездеседі. Бірақта ол авторлар мұндай жағдайда карбоген мен оттегін ингаляция арқылы жіберудің терапевтикалық нәтижесі әлдеқайда жоғары екендігін мойындайды.

Мельхиор терінің астына жіберілген оттегнің организмнің улануына қасы әсерін өзінше түсіндіреді. Ол эфирмен наркозды оттегін терінің астына жіберумен қатарынан жүргізіп байқағанда, ол наркоздың әлдеқайда қолайлы жағдайда болғанын баяндайды. Оның механизмін төмендегідей түсіндіреді: терінің астына жіберілген оттегі эфирдің тез тотығуына немесе басқаша бүлінуіне әсер етеді. Мұндай жағдайда наркоздың қозу стадиясы болмаған немесе өте аз уақытқа созылған, көгеру сирек кездескен және оттегінсіз қолданғандағыдай дәрежеге жетпеген. Эфир аз кеткен және наркоз қайтқан кезде құсу өте сирек байқалған.

Автор терінің астына жіберілген оттегінің организмді қуаттандыру әсерін анемия дамитын ауруларда қан құрамында тезірек регенерация құбылысының болуымен дәлелдейді. Оттегін терінің астына күн аралатып жіберіп отырған. Жұмасына бір рет гемоглобинді Сали әдісі арқылы анықтаған. 176 пациент тәжірибе тобынада, ал 67 пациент бақылау тобында болған. Қанның қалыпты жағдайдағы құрамы тәжірибе тобында 15,7 күнде; ал бақылау тобында 20,1 күнде қалпына келетіні анықталған.

Терінің астына жіберілген оттегінің орталық жүйке жүйесі қозғанда тыныштандыратын әсерін Мельхиор өзінің жүргізген 300-ден аса тәжірибесінде байқамаған. Дегенмен бұл әдістің мұндай әсерінің бар екенін кейбір авторлар жоққа шығармайды. Ол авторлардың мұндай пікірін Мельхиор терінің астына жіберілген оттегінің әсерін асыра сілтеп, жоғары бағалау ма деп байымдайды.

Кейбір авторлар терінің астына жіберілген оттегінің зат алмасу процесіне әсерін зерттеген. Паоляччи өкпелері қабынып ауырған адамдарға күн аралатып 300 мл оттегін терінің астына жіберіп отырған. Ондай ауруларда гипоксемия құбылысы дамығанда терінің астына жіберілген оттегінің әсері де жақсы екендігі байқалған. Ондай аурулардың қанының сілтілік қоры 38-48 көлемдік пайыздан 50-ге дейін көтерілген. Ацидоз төмендегенде аурулардың жағдайлары да жақсарған.



Линке мен Вейман тіс ауруларын емдеу тәжірибесінде оттегін терінің астына жіберу әдісін қолданған. Олардың деректері бойынша негізгі зат алмасу процессі бұзылған жағдайда ол процестің қалпына келетіні байқалған. Осы деректерге сүйене отырып Флаум мен Циммерман 3 атмосфералық қысымдағы оттегінің ағынын тіс етіне бағыттау арқылы Базедов ауруын емдеген. Жоғарғы деңгейдегі негізгі зат алмасу процесінің 50 %-ға дейін төмендегенін байқаған. Бірақта мұндай өзгеріс көпке созылмаған. Сондықтан да авторлар нақтылы қорытындыға келе алмаған.

Оттегімен емдеу қандай әдіспен қолданылмаса да – оның негізгі мақсаты ауру организмде, қандай себеппен болса да, дамитын гипоксемияға қарсы әсер ету. Организмге жіберілген оттегінің торшалардың өміріне және қызметіне әсері тереңірек зерттеуді талап етеді. Қалай болғанда да, организмге жіберілген оттегі оның жеткіліксіздігінен туындаған тотығу-тотықсыздану реакциясы бұзылған жағдайда оған оң әсер ететіні сөзсіз. Мұндай жағдайда терапевтің негізгі мақсаты – организмді қажетті мөлшерде оттегімен қамтамасыз ету, тіндердегі оттегінің жеткіліксіздігін жою.

Адам организмі қалыпты жағдайда минутына 250 – 300 мл таза оттегінің түсуін қажет ететінін ескерсек, онда ол қажеттілікті оттегін терінің астына жіберу арқылы толық қамтамасыз етеміз деуге сену қиын. Бірақта, қандай ауруда болмасын гипоксемиялық жағдайдың толық емес аздап қана дамитынын ескерген жөн. Сондықтан да аурудың даму сатысына байланысты оттегімен емдеудің де нәтижелі әсері әртүрлі болары сөзсіз.

Медициналық тәжірибеде оттегін плевра қуысына жіберу әдісі жақсы зерттелген. Алғашқы бақылауды Дэвидің 1823 жылғы еңбектерінен көреміз. Ол өкпе ауруымен ауырған адамдардың, атап айтқанда пневмоторакспен (плевра қуысына ауаның жиналуы), плевра қуысынан алынған газдың құрамын зерттеген. Ол газдың 93 % азоттан және 7% көмірқышқыл газынан тұратынын анықтаған. Ондай ауруларды оттегімен емдеу эксперименті иттерге жүргізілген. Счупак, Родэ және Николалардың деректері бойынша плевра қуысына жіберілген газ дені сау иттердің организмінде 24 сағатта сіңіп тараған. Ал экспериментті түрде туғызылған плевраның қабынуымен ауырған иттердің организмінде 8-9 күнде тарап, сіңгендігі байқалған.

Зерттеушілердің пікірлері бойынша плевра қуысына жіберілген газдың организмге сіңуі екі фазада жүретін көрінеді. Бірінші фазасында ондағы газдың құрамы өзгереді. Ол өзгеріс ондағы оттегі, көмірқышқыл газы және азот белгілі бір тұрақты пайызға жеткенше жүретін көрінеді. Ондай өзгеріс жуықтап алғанда иттердің организмінде 8 сағаттай жүреді. Ал екінші фазасында осындай құрамдағы қоспа біркелкі түрде организмге сіңе бастайды. Бұл фаза алғашқы оттегін терінің астына жібергеннен бастап 30 сағатқа созылады.

Көптеген авторлардың деректеріне сүйенсек, газдың құрамының өзгеруі ондағы қоспаның құрамы вена қанының газының құрамына теңелгенше жүретін көрінеді. Оны дәлелдеу үшін бір уақытта альвеолла ауасының құрамы мен гемоглобиннің диссоциациондық қисығын зерттеу керек көрінеді (Dautrebande, Spehl).

Плевра қуысына жіберілген газдың құрсақ қуысына жіберілген газдан организмге жылдамырақ сіңетіні эксперимент жүзінде дәлелденген (Тешендорф).

Оттегін организмге тыныс жолдарынан басқа жолдар арқылы жібергенде оттегінің организмге сіңуі қарапайым физика-химиялық заңдарға бағынады. Олай болса белгілі бір уақыт өткеннен кейін газ көпіршігі мен вена қанының газдық құрамының тепе-теңдігі байқалады. Ол уақыт негізінен екі жағдайға байланысты:



  1. Газдың диффузиялық коэффициентіне;

  2. Газ өтеттін жартылай сұйық мембрананың қалыңдығына.

Терінің астына жіберілген газдың сіңу жылдамдығы плевра қуысына жіберілген газдың сіңу жыдамдығымен тең немесе одан төмен болуы мүмкін деген пікірлер бар.

Оттегін организмге терінің астына жіберу арқылы емдегенде оның организмге сіңуін, біз көбінесе, теріні сипалаған кезде білінетін крепитацияның бар немесе жоқ екендімен бағалаймыз. Ондай крепитация оттегін терінің астына жібергеннен кейін кейде бірнеше күндей сақталады. Варшавскийдің деректері бойынша оттегін терінің астына бірінші рет жібергенде крепитация 1,5 – 3 сағаттың ішінде жоқ болатын көрінеді. Ал оны қайталап жібергенде ол құбылыс бірнеше күндей сақталады делінген. Н.Н.Савицкийдің бақылауынша крепитация екі күннен кем уақытта жойылмаған көрінеді. Біздің өз тәжірибеміздегі алынған нәтижеміз де осы пікірге сәйкес келеді. Крепитация терінің астында газдың бар екендігінің белгісі болғанымен, ол газдың құрамы уақыт өткен сайын алғашқы жіберілген газдың құрамынан басқаша болатынын естен шығармаған жөн.

Көптеген авторлар терінің астына жіберілген оттегінің ауру организмде дамитын гипоксемияға әсерін артерия қаны мен вена қанындағы газды тексеру арықылы зерттеген. Малдарға жасалған көптеген эксперименттердің нәтижесі кері көрсеткіш берген. Девис пен Равинович иттердің организмінде эксперименталды түрде гипоксемия құбылысын тудырып, артерия қанының газ құрамын зерттеген. Олардың деректері бойынша терінің астына жіберілген оттегі артерия қанындағы оксигемоглобиннің мөлшеріне елеулі әсер етпеген көрінеді.

Спель мен Лемор эмфиземамен және жүрек қызметінің компенсациясы бұзылған аурулармен ауырған адамдарға терінің астына оттегін жіберген. Жібергенге дейін және жібергеннен кейін артерия қанының оттегімен қанығу деңгейін альвеолла ауасындағы оттегінің мөлшерімен сипаттай келе, ешқандай өзгерістің байқалмағанын хабарлайды.

Варшавский оттегін терінің астына жібергенде вена қанының құрамындағы оттегі мен көмірқышқыл газының ешқандай өзгеріске ұшырамайтынын байқаған.

Көптеген авторлар өз зерттеулерінің нәтижелеріне сүйене отырып, тыныс жолынан басқа жолдар арқылы жіберілген оттегінің организмге сіңетінін, бірақта қанның газ құрамына елеулі әсер етпейтінін қорытындылайды. Қалай дегенменде, бұл бағытта зерттеу жүргізген авторлар ауру организмде дамитын гипоксияның төменгі деңгейінде бұл әдістердің азда болса көмегінің бар екендігін жоққа шығармайды.



Кемпбелл мен Синг өте күрделі зерттеу әдістерін қолдана отырып үй қояндарының организмінде газдардың алмасуын оттегін терінің астына жібергенге дейін және 500 мл/ кг мөлшерінде жібергеннен кейін зерттеген. Зерттеу барысында алынған нәтижелерін төменгі кестеде келтіріп отырмыз.
1 – ші кесте

Үй қояндарының организміндегі газ алмасу процесінің көрсеткіштері






Зерттелген тестілер


Көрсеткіштер

1

Үй қояндарының салмағы (г)

1551 ± 212,5

2

Терінің астына оттегін жібергенге дейінгі оттегінің пайдаланылуы (мл/мин)

14,66 ± 0,18



3

Терінің астына оттегін жібергеннен кейінгі оттегінің пайдаланылуы (мл/мин)

12,72 ± 0,15



4

Оттегінің терінің астынан сіңу мөлшері (мл/мин)

0,82 ± 0,14


Үй қояндарының газ алмасу процесі жабық система принціпінде жүргізілген. Бақылау тобындағы қояндардың оттегін пайдалану көрсеткіштері тәжірибенің барлық кезеңдерінде тұрақты түрде болған. Ал, терінің астына оттегін жібергеннен кейін оттегінің пайдаланылуы кемігенін байқаймыз. Автордың түсіндіруі бойынша, ол өзгеріс оттегінің терінің астынан организмге сіңу мөлшеріне байланысты көрінеді.

Авторлар өз тәжірибелерін үй қояндарының организмінде гипоксемия құбылысының жеңіл түрі дамыған кезеңінде жүргізген. Онда қоян организмі өзіне қалыпты жағдайда минутына қажетті оттегінің 25 мл-ін кем алады. Егерде терінің астына жіберілген оттегінің 0,2 %-ы ғана организмге сіңетінін ескерсек, онда жеткіліксіз оттегінің мөлшерін толықтыру үшін 12-15 литр оттегін жіберу керек екен. Ол организмге жіберуге болатын оттегінің мөлшерінен 10 есе көп. Сонымен қатар, авторлар, уақыт өткен сайын оттегінің организмге сіңу жылдамдығының жылдам төмендейтінін де ескертеді. Оның себебі, тері астындағы оттегі көпіршіктеріне біртіндеп көмірқышқыл газы мен азот енетіндіктен, ондағы парциалды қысым төмендейді. Міне, сондықтан да, оттегінің 0,2 % мөлшерінде сіңу жылдамдығы алғашқы 3-4 сағатта ғана сақталуы мүмкін. Терінің астына жіберілген оттегінің организммен пайдаланылуы қалыпты жағдайда деммен түскен ауадағы оттегінің пайдаланылуындай болғанымен, терінің астынан белгілі бір уақытта оттегінің сіңу мөлшері өте аз мөлшерде болады. Терінің астынан газдың организмге сіңуі өте аз мөлшерде болатындықтан, қандағы газдың құрамында өзгерістер байқалмайды.

Мицова малдарға жүргізген тәжірибелерінде терінің астына жіберілген оттегі малдардың тыныс алу мен жүрек-қан тамырлары жүйелерінің қызметтерін әжептәуір өзгертетініне көңіл аударады.

Малдың дем алысы баяулап, тереңдей түседі, тамыр соғысы баяулайды. Мұндай өзгеріс организмде дамитын гипоксемияға елеулі әсер етпегенімен, физиологиялық тұрғыдан пайдалы екенін байқауға болады.

Кейбір авторлар оттегін терінің астына жіберіп емдеу әдісін нақтылы емес тітіркендіру әдісінің бір түрі деп қарау керек екендігіне көңіл аударады.
П.Бер байқаусызда венаға түскен ауадан өлген малдың өлімінің себебін зерттеген. Автордың пікірі бойынша мұндай жағдайда қан айналысының бұзылуы өкпе қан тамырларының ауа көпіршіктерімен бітелуінен пайда болатын эмболиядан екендігін дәлелдеген. Көбінесе ол газ азот болатын көрінеді. Ал ауа оттегі эритроциттердің гемоглобинімен реакцияласады. Осындай байқаулар оттегін бірден қанға жіберу арқылы емдеу әдісін зерттеудің негізін қалады. Осындай зерттеулерді бірінші рет жүйелі түрде жүргізген Нистен болды. Ол өз тәжірибелерін иттерге жүргізген. Оттегін венаға жібергенде азотпен уланған иттердің өмірін 10 минутқа дейін ұзартқан. Иттер дем алған газдың құрамында тәжірибеге дейін оттегі 5%, көмірқышқыл газы 7% болса, оттегін венаға жібергеннен кейін ондағы оттегі 8%, ал көмірқышқыл газы 14% болған. Бернабей малдар 1 минутта 1 кг салмағына есептегенде 1,7 мл оттегін; 25,2 мл көмірқышқыл газын; 0,6 мл ауаны еш қиындықсыз көтеретінін хабарлайды. Торраканың тәжірибесінде теңіз шошқаларына 1-2 мл оттегін 1 кг салмағына есептеп 1 минуттық жылдамдықпен жібергенде ешқандай теріс нәтиже байқалмаған.

Гертнердің деректеріне сүйенсек, иттерге дозасын сақтай отырып оттегін қанға жібергенде ешқандай асқыну байқалмаған. Гипоксемиялық жағдайда оттегін венаға жіберу арқылы малдың өмірін ұзартып; тыныс алу, жүрек-қан тамырлары жүйелері жағынан болатын өзгерістерді тежеуге болатыны дәлелденген. Автордың пікірі бойынша оттегін венаға жібергендегі ең қауіпті жағдай жүректің оң жақ жартысына күштің түсуі.

Бюрн мен Смит иттерді құрамында 11-12 % оттегі бар ауамен дем алдыру арқылы олардың организмінде гипоксемиялық жағдай туғызған. Онда артерия қанындағы оттегінің мөлшері 17 көлемдік пайызға дейін төмендеген. Иттердің венасына оттегі әртүрлі жылдамдықпен жіберілген. 2,5-3 мл/кг/мин мөлшерінде жіберілгенде демікпе пайда болған, қан қысымы төмендеген, шуылдар пайда болған. Қандағы газдың құрамын зерттей келе бұл әдістің де мүмкіншілігі шектеулі деген қорытындыға келген. Авторлардың пікірлері бойынша оттегін венаның ішіне жіберу әдісінің тәжірибелік маңызы бар. Тек жіберу дозасын, жылдамдығын қатаң сақтап үйренгенде ғана оң нәтиже алуға болады. Гертнердің пікірі бойынша оттегін жіберетін вена неғұрлым жүректен алысырақ болғаны дұрыс көрінеді. Теория жүзінде оттегін венаға жіберу әдісі жаңа туған төлдердің тұншығу жағдайында қолданғанда жақсы нәтиже беруі тиіс.

Оттегін венаның ішіне жіберу әдісі тәжірибе жүзінде әдістемелік жағынан кейбір қиындықтарға тап болуы мүмкін:



  1. Жіберілетін оттегінің мөлшері өте дәлдікті талап етеді;

  2. Оттегінің өте таза препараты болуы шарт;

  3. Ауруды үнемі қадағалап отыру қажет;

  4. Оттегін белгілі бір жылдамдықпен жіберуді қатаң сақтау керек.

Аталған әдістерден басқа оттегін тік ішек арқылы жіберу әдісі бар. Бұл әдісті бірінші рет Заламонның еңбектерінен кездестіреміз. Автор 2,5 литр оттегін тік ішек арқылы жіберіп газ алмасу процесін зерттеген. Тәжірибеден кейін организмнің оттегін пайдалануы кемігеннің орнына арта түскен. Оны малдың тынышсыздануымен, іштің кебуімен, демікпенің пайда болуымен және диафрагмаға қысымның түсуімен түсіндіреді.



Кауниц пен Лейнердің зерттеулерінде тік ішек арқылы жіберілген көмірқышқыл газы мен оттегінің әсерлері анықталған. Авторлардың деректері бойынша, оттегі тік ішек арқылы организмге тіптен сіңбейтін көрінеді, дем алу коэффициенті аздап қана өзгерген, емдік нәтиже болмаған. Тік ішек арқылы жіберілген көмірқышқыл газы тез сіңген, ешқандай кебу байқалмаған. Қан газының құрамында айтарлықтай өзгерістер жоқ. Дегенмен, тік ішек арқылы жіберілген көмірқышқыл газы бірталай уақыт организмде, әсіресе тіндерде сақталатын көрінеді. Сондай-ақ, организмнен минералды тұздардың, мочевинаның және сүт қышқылының зәрмен бөлінуі ұлғайған.
  1   2   3   4   5   6   7   8


©dereksiz.org 2016
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет