Д ріс тезистері 1-та ырып. Сауат ашу дістемесіні теориялы нег
Жазуға қойылатын талаптар. Бастапқы жазуға үйрету, оның мазмұны мен міндеттері, қазіргі «Жазу дәптерлеріне» сипаттама. Оқушылар жазу ережесін сақтап отырғанда ғана дұрыс жазуға үйрене алады. Жазуға негізінен мынадай талаптар қойылады:
а) әріпті дұрыс жазу, дәптердің көлденең сызығынан ауытқымау;
ә) әріптердің элементтерін жазғанда ұзынды-қысқалы етпей, бірдей жазу;
б) әріптердің бірін оңға, бірін солға қисайтпай, барлық әріпті бірдей, оңға қарай, сәл көлбете (45) жазу;
в) әріптердің, сондай-ақ сөздердің арасындағы қашықтықты бір қалыпты сақтап (сөздер бір-бірінен м әрпінің көлеміндей қашықтықта болуға тиіс) отыру;
г) бірте-бірте жазу қарқынын тездете түсу.
Бұл талаптар бастауыш мектептің барлық сыныптарында да жазу жұмысының барысында орындалып отыруға тиіс.
Жазуға кірісерде алғашқы күннен бастап орындалуға тиісті гигиеналық талаптар:
а) дәптер партаның үстіне, баланың кеудесінің қақ ортасына тура келетіндей болып, сәл көлбетіле (оңға 65) қойылады;
ә) бала басын оңға не солға, иықтарын, кеудесін алға не артқа қисайтпай, аяқтарын қатар қойып, алдына түзу қарап отырады. Бұл олардың омыртқалары, көкірегі дұрыс жетілу үшін қажет.
б) балалар табандарын еденге (партаның табан тақтайына) еркін басып отырады. Тізені қатты бүкпей, бір аяқты екінші аяқтың үсіне қоймай, аяқтарын алға, я артқа сілтемей отырғаны дұрыс;
в) партаға көкіректі тіремеу керек. Өйткені бұл тынысты тарылтады жаңа өсіп келе жатқан кеудені бұзады;
г) қаламды ұстағанда саусақ қаламнан үш сантиметрдей жоғары тұратындай болып және қаламның жоғарғы жақ ұшы оң иықтың тұсына дәл келетіндей жағдайда болғаны жөн.
д) жазғанда баланың көзі мен дәптер аралығындағы қашықтық 25-30 см сақталуға тиіс.
Әр мектепте оқушылардың партаға түзу, дұрыс отыруы бейнеленген және жазу кезінде қаламды дұрыс ұстау, отыру үлгілері бейнеленген плакаттар болуға тиіс.
Сауат ашу кезінде жазу сабақтарында балалар әріп элементтерін немесе жекелеген әріптерді жазғанда ұзақ уақыт жазып отырмауын қадағалау керек. Өйткені ұзақ уақыт бір-екі элементті немесе бір әріпті жаза берсе, бала шаршайды да, сабаққа зейін қоюдан қалады, сондықтан үш-бес минут жазғаннан кейін қолдарына демалыс беріп, саусақты жаттықтыру сәті өткізіледі. Сонан соң құрамында үйреніп отырған дыбыс бар сөздер ойлап тауып, талдауға немесе ойын, мысалы, «Қай әріпті жоғалттым» ойнауға болады. Сонан соң ғана жазуға көшкені дұрыс. Жұмыс түрі өзгергенде балалар да оған зейін қоя бастайды.
Сауат ашу барысында балалар сөздер мен сөйлемдерді естерінде ұстап жазуға үйренулері қажет. Ол үшін айтылуы мен жазылуының арасында ешбір айырмашылық жоқ сөздер алынады және бұл кезде әріптердің таңбасы арқылы (жазба таңбасы) берілген сөздер мен сөйлемдерді көшіріп жазу ұсынылады, ал сауат ашу аяқталғаннан кейін, баспа таңбалы әріптер жазылған мәтіндер көшіртіледі. Осы жұмыстардың бәрінде де оқушылар жазуға кіріспес бұрын сөздер дыбысқа, буынға талданады.
Жазу жұмыстарында пайдалану үшін арнаулы «Жазу үлгісі» ұсынылады. «Жазу үлгісінде» әріптердің элементтері, жазба үлгілері беріледі.
Жазу жұмыстары, сондай-ақ басқа жұмыс түрлері де алдыңғы, дайындық кезеңіндегі сияқты болып келеді.
Жазу сабағы: Жазуға дайындық (оқушылардың дұрыс отыруы, қаламдарын дұрыс ұстауы, дәптерлерінің партаға дұрыс қойылуы) тексеріледі.
Сөзді буынға, дыбысқа талдау арқылы жаңа әріп бөлінеді.
Жаңа әріптің элементтері бөлшектеліп көрсетіледі, мұғалім оны тақтаға жазып тұрады, оқушылар дәптерлеріне жазады.
Мұғалім жаңа әріпті тақтаға жазады; оқушылар осы әріптен басталатын сөздер ойлап табады, сонан соң олар әріпті дәптерлеріне жазып алады.
Талданған сөздердің ішінен барлық әрпі түгел өтілген сөздерді оқушылар дәптерлеріне жазады.
Қазіргі жазу үлгілеріне сипаттама. Жазу сабақтарында «Жазу дәптерлері» пайдаланылады. «Жазу дәптерлері» сауат ашудың кезеңдеріне сәйкес жазылған.
№1 жазу дәптерінде бояу қарындашпен жазықтық бетінде емін-еркін бояу жұмыстары, жолақтарды бояу, сызықтар жүргізу, суреттерді үзік сызықтарды бастыру арқылы салу, әріп элементтерін көрсетілген үлгіге қарап салу берілген. №2, 3 жазу дәптерлерінде әріп, сөз, сөйлемдердің жазу үлгілері топтастырылған.