Дәрістер. 1 тақырып. Философия, оның пәні мен қоғамдық маңызы


Адамның биологиялық және әлеуметтік табиғаты



бет167/175
Дата19.10.2023
өлшемі2.79 Mb.
#481135
1   ...   163   164   165   166   167   168   169   170   ...   175
lektsii po filosofii

Адамның биологиялық және әлеуметтік табиғаты
Адам - қайшылықты пенде. Оның бір жағынан - денесі, екінші жағынан – сана, рухы бар екенін әркім біледі. Оған да басқа тіршіліктерге сияқты су, ауа, жылу, қоректену, ұрпақ жалғастыру т.с.с. қажет. Сонымен қатар, ол дүние жөнінде ойланады, өмірде өз орнын іздейді, шаттанады, қайғырады, сүйеді, жек көреді т.с.с. Егер де жануарды оның инстинктері итермелесе, адам өз инстинктерін әлеуметтік нормаларға бағындырады, ол - өз-өзін бақылауға ала алатын пенде. Десек те, адамның бұл ішкі қайшылығы философияда әр-түрлі шешіледі. Мысалы, Орта ғасырлардағы діни философияда адамды рух ретінде өте биік деңгейге көтеріп, дене ретінде құлдыратып, тіпті жануарлардан да төмен қояды.
Жаңа дәуірдегі философияда бұл мәселе жөнінде бір-біріне қарсы тұрған биологиялық және әлеуметтік редукционизмді (негіздеу) келтіруге болар еді.
Бірінші тұжырымда адам дене құрылысының ерекшеліктері асыра бағаланып, олар оның ішкі мән-мағнасын анықтайды деген пікір қалыптасқан. Оған нәсілшілдік, ломброзияндық, әлеуметтік-дарвинизм, әлеуметтік биология бағыттары жатады.
Нәсілшілдікке келер болсақ, оның тарихи пайда болған ең біріншісі – ақ түсті адамдарды асыра бағалап, қалғандардың бәрін – артта қалған, табиғи дарындары мен қабілеттері төмен,- деп түсінеді.
Қара нәсілшілдік - отарланған Африка континенті халықтары өз бостандығын алғаннан кейін олардың ұлттық сана-сезімі өсуімен байланысты “негритюд” сияқты ілімдерде кездеседі. Ол қара адамдардың дүниені ақыл-оймен емес, сезім, инстинкт арқылы терең игеруі, әуендегі ритм мен спортқа деген басқалардан гөрі қабілеттерінің молдығы т.с.с. мақтан етеді.
Сары нәсілшілдік те ақтарды “піспеген”, қараларды “күйіп кеткенге” теңейді.
Бүгінгі таңдағы жаһандану заманында, елдер мен халықтардың бір-бірімен терең қатынастарға түсуі, бір-бірінің жетістіктерімен бөлісуі қайсыбір нәсілшілдікті тамырынан шабады. Бүгінгі уақыттың қойған “Талабына” барлық халықтар өзіне тән “Жауап” іздеуде. Өндіргіш күштерді қазіргі замандағы ғылым мен техниканың жетістіктеріне сәйкес дамытқан елдер ішінде Оңтүстік Африканы (қаралар), Жапонияны (сарылар), Германияны (ақтар) мысал ретінде келтіруге болар еді. Спорт, әуен, өнер, сәулет т.с.с. қоғам салаларын алсақ, онда да осындай жағдайды аңғаруға болады. Ең соңында, олардың түп-тамыры бір екенін генетикалық тұрғыдан дәлелдеуге болатын сияқты. Мысалы, ақ пен қара қосылған жанұяда өмірге келген сәбиді мулат дейміз. Ал, сары мен ақтың баласы метис аталады. Бұл әр-түрлі нәсіл өкілдерінің бір-біріне генетикалық деңгейдегі сәйкестігін көрсетеді. Қайсыбір қарапайым өмірде сирек болса да кездесетін нәсілшілдік сол адамның надандығын, я болмаса, ұлтшылдық пиғылын көрсетсе керек.
Өткен ғасырдың басында Чезаре Ломброзо деген итальяндық психиатр, антрополог,- түрмедегі адамдардың дене құрылысын зерттей келе қылмысқа баратын адамдардың биологиялық табиғаты қазіргі адамның деңгейінен төмен болуымен байланысты,- деген пікір айтқан болатын. Мұндай көзқарас уақытында біршама заңгерлер, дәрігерлер мен психиатрлар арасында қызу айтыстарға әкеліп, ломброзиандық деген ағымды тудырды. Ч.Ломброзо мысал ретінде ондай адамдардың төменгі жақ сүйектері үлкен, маңдайы қысқа, қабақтары бір-бірімен қосылып кеткен, көздері терең орналасқан, қолдары ұзын т.с.с.,- дейді. Ол мұндай дене құрылысы бар адамдар әлеуметтік ауытқуға, әсіресе, қылмыстыққа өте жақын,- деген пікір айтады. Бұдан кейін жүргізілген зерттеулер бұл пікірдің жалған екенін айқындады, өйткені, қылмыстық - негізінен алғанда, әлеуметтік құбылыс. Дегенмен де, кейбір адамдарға мұндай пікір осы уақытқа дейін өз әсерін тигізуде.
Әлеуметтік дарвинизм бағыты да қоғам өмірін адамдардың өмір сүру үшін күресінен, табиғи таңдау, тұқым қуушылықтан көреді, яғни биологиялық эволюционизм заңдылықтарын қоғамға таңады.
Социобиологияға келер болсақ, олар жоғарғы дәрежеде ұйымдасқан жануарлардың да әлеуметтік қасиеттерінің бар екенін айтады. Мысалы, жануарлардың альтруистік инстинктері (баласын қорғап қалу жолында өз өмірін беруге дайындығы, оған деген қамқорлығы, үйір шеңберіндегі өзара көмек беру т.с.с.) Ч.Дарвиннің ашқан биологиялық эволюционизм принциптеріне қайшы келеді. Расында да, тек қана жеке организмнің жағалай ортаға бейімделіп өмірін сақтап қалуынан үйір шеңберіндегі өзара бірігіп іс-әрекет жасау туындамайды. Бұл пікірмен келісуге болады. Сондықтан, олар эволюциялық үрдіс тиімді жүру үшін жеке организм мен қатар үйір болып жағалай ортаға бейімделу қажеттігін көрсетеді. Олай болса, олар әлеуметтіліктің алғашқы негіздері үйірдің шеңберінде пайда болатыны жөніндегі қорытындыға келеді. Мұндай көзқарас даму тұжырымына қайшы келмейді, өйткені қайсыбір жаңаның ұрығы ескінің ішкі шеңберінде пайда болады. Бірақ, мұндай қорытудан қоғамдағы құбылыстардың іргетасты негізі биологиялық үрдістерде жатыр деп есептеу жалған болар еді.
Енді әлеуметтік редукционизмге келер болсақ, оның шынайы өкілі ретінде марксизмді келтіруге болады. Бұл ілімдегі түсінік бойынша, адамның терең мәнін нақтылы түрде қалыптасқан “қоғамдық қатынастар жиынтығы” құрайды, яғни, ол - оның әлеуметтілігінде. К.Маркстің жасаған коммунизм ілімінің негізгі іргетастарының бірі ретінде осы адам жөніндегі тұжырымнама жатыр. Коммунистік қоғамда тек қана биік дәрежеге жеткен өндіргіш күштер ғана емес, сонымен қатар, “жаңа адам” дүниеге келеді, өйткені, қоғамдық меншікке негізделген адамдар арасындағы қатынастар мен байланыстар оны қажетті түрде тудырады. Сондықтан да, ол қоғамда саяси-құқтық сала (мемлекет, құқық, түрме, тергеу мекемелері т.с.с.) керек болмай қалады, адамдар тек моральдық құндылықтарды басшылыққа алып өмір сүреді.
Осы айтылған “жаңа адамды” қалыптастыру жолында тарих қойнауына кірген Кеңес Одағында ондаған жылдар бойы халық арасында миллиондаған лекциялар мен сұхбаттар жүргізіліп, қаншама арнаулы тәрбие жұмыстары жасалса да, ол сол бұрынғы адам болып қала берді…
Бүгінгі таңдағы ғылымда адамның био-әлеуметтік табиғаты мойындалды. Адамның дене ретіндегі өмір сүруі биологиялық заңдарға тәуелді. Күнбе-күнгі өмірімізде адамдардың табиғат өзгерістеріне тәуелді екенін емші болмасақ та байқауға болады (ауа қысымының өзгеруі, геомагниттік дауылдар, күн сәулесінің күшейуі т.с.с. табиғи құбылыстардың адамға тигізетін ықпалы). Адамның өмір сатылары да биологиялық заңдарға тәуелді ( өмірге келу, балалық, жастық шақтар, ересек өмір, кәрілік, дүниеден озу). Әрбір адамның тарихтағы қайталанбастығы да оның әке-шешесі арқылы берілген генетикалық ерекшелігінде жатқанын да мойындамасқа болмайды. Мұндай деректерді жалғастыра беруге болар еді.
Сонымен қатар, адамның өмір сүруі мен қалыптасуы, дамуында әлеуметтік факторлардың орасан-зор рөлін көрсетпесе тағы да болмайды. Мысалы, алғашқы қауымдық қоғамда адамның орта жасы 25-те болса, қазіргі дамыған қоғамдарда ол көрсеткіш 75-78-ге келді. Егер әуенге деген аса дарыны бар сәби дүниеге келсе, оған арнаулы білім беріп, оны әлпештеп өсірсе, ол ұлы композитор, я болмаса, орындаушы болуы мүмкін. Бірақ, ондай жағдай жасалмаса, оның дарыны сөніп, ең дегенде “ауылдың домбырашысы” ғана болып қала береді. Ғасырлар бойы қаншама аса дарынды адамдар дүниеге келіп, әлеуметтік жағдайдың жоқтығынан “ашылмаған гүл” секілді келмеске кетті десеңізші !!! Қоғам өміріндегі әрбір тұлғаны гүлдетіп жан-жақты дамыту – осы уақытқа дейін адамзаттың орындалмаған арманы болды десек те болғаны.
Адамзаттың ғылыми-техникалық орасан-зор қарқынмен дамуы бүгінгі таңда адам өміріне бұрынғы-соңды болмаған қауып-қатерлерді тудыруда. Бірінші күрделі мәселе – жан-түршігерлік күші бар соғыс қару-жарақтардың жыл сайын жаңа түрлерінің пайда болуында. Егер бұрын жеке адамдар өлгенімен, бүкіл адамзат өмірде қала беретініне ешкім күмәнданбайтын. Бүгінгі таңда адамзат толығынан құрып кетуі мүмкін. Ол әрбір адамды алаңдатып отыр.
Екінші үлкен қауып – экологиялық апаттың бүкіл жер бетінде етек алып кету мүмкіндігі. Өйткені, лас ауа мен суға қоятын мемлекеттік шекара жоқ!! Бүгін адам өмір сүруінің екі жағы бір-біріне қайшы келді. Бір жағынан, біз Табиғаттың ажырамас бөлігіміз, Ол – біздің арғы анамыз. Екінші жағынан, саналы адам алдындағы жатқан Дүниені танып-біліп өз мүдделеріне сай өзгертеді. Сол себепті көп жерлер ластанып, өсімдіктер мен жануарлардың біршама түрлері өмірден келмеске кетті, Табиғат әлсіреуде.
Табиғаттың байлығы шексіз, одан қаншалықты алсаң да азаймайды,- деген бұрынғы заманда қалыптасқан пікір жалған болып шықты. Табиғат алдымыздағы жатқан “жағалай орта” ғана емес, ол біртұтас орасан-зор организм, “Үлкен Жүйе”, оның ішіндегі барлық элементтер бір-бірімен миллиардтаған жылдардың ішінде тиімді байланыс құрды. Адамзаттың өзі осы жүйенің ішінде белгілі бір орын алады. Сондықтан, адамзат ғылым мен техниканы пайдаланудың жаңа стратегиясын жасамай, өз-өзін құртып алуы мүмкін.
Жоғарғы айтылған қауып-қатерлерден кем емес, бірақ-та қоғамдық сананың назарына әлі дұрыс ілікпеген үлкен мәселе – адамның тұлға ретіндегі био-әлеуметтік табиғатын сақтап қалуы болып отыр. Кейбір ғалымдар оны “антропологиялық дағдарыс”,- дейді. Оның терең мәні – адамзат жыл сайын ғылым мен техниканың жетістіктеріне сүйене отырып, өз Дүниесін күрделентуде. Ол оның жақсы жақтарын пайдаланғанмен, өмірге келеңсіз, өз табиғатына қарсы жатқан салдарларды тудырып, көп жағдайларда оны бақылай алмай қалады. Адам Дүниені қаншалықты терең өзгерткен сайын, соншалықты теріс әлеуметтік факторлар пайда болып оның өмір сапасын төмендетеді. Дүниенің тез қарқынмен дамуы адамды өз ұлтының әдет-ғұрыптарынан айырып, басқа мәдени үлгілерді игеруге, “ол жақта, я болмаса, бұл жақта да емес” маргиналдық ақуалға әкелетінін бүгінгі таңдағы реформа барысында көріп жүрміз.
Енді мәселені нақтылай түсіп, бүгінгі таңдағы Қазақстан қоғамын адами тұрғыдан талдасақ, біздің мемлекеттің бұл мәселеге көп көңіл бөліп жатқанын байқаймыз. Негізгі жетістік – адамдардың - қоғам өмірінің қай саласы болмасын – белсенділік көрсетуіне, яғни, олардың өз ынтасының арқасында дамуына жол ашылды. Тәуелсіздік алғаннан бері біздің елде қаншама жастар өнер, білім, спорт, саясат, экономика салаларында шығармашылық деңгейге көтеріліп, өз мүмкіндіктерін өмірде іске асырып жатыр ! Десек те, істейтін нәрселдер әлі шаш етектен. Ең алдымен елде етек алып кеткен туберкулез, гепатит сияқты “әлеуметтік ауруларды” алсақ, ішетін суды, ауаны тазартпай, жейтін тамақты күшейтпей, оларды жеңе алмаймыз. Жұмыссыздық, көп жастардың баспана мәселесінің көп жылдар бойы шешілмеуі де адам дамуының әлеуметтік факторына жатады.
Қорыта келе, адамның биологиялық және әлеуметтік жақтарын ажыратпай бір-бірімен байланыстырып қарау керектігін баса айтуымыз қажет.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   163   164   165   166   167   168   169   170   ...   175




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет