Клиникалық бейнесі. Науқас адам соңғы кезде ұмытшақтық, селқостық пайда болғанын, жұмысқа қабілеті төмендегенін айтып, ұйқышыл және тоңғақ болып кеткеніне шағымданады. Ол тез шаршайды, тамаққа тәбеті төмендейді, науқастардың кейбіреуінде дауысы өзгереді. Олар толық, баяу қимылды, селқос келеді. Беті ісініп, домбығады, көзінің шарасы кішірейеді. Кейде аяқ – қол сусінділеніп, ісінеді. Терісі боз, сипағанда құрғақ, қалың және салқын екендігі сезіледі. Шынтақ пен тізе тұсінің терісі ерекше қабыршақтанып тұрады. Шашы, қасы түсіп, тырнақтары жұқарып, сынғыш келеді. Орталық жүйке жүйесінің қызметінің зақымдануына байланысты науқаста ұмытшақтық, ұйқышылдық, селқостық білінеді. Шетті жүйке жүйесінің өзгеруінен аяқ – қолы сырқырайды, бұлшық еттері ісінеді, аяғы ауырлап, жүруі қиындайды. Тыныс алу жолдарының шырышты қабаты сусінділене ісініп, науқастың дауысы өзгереді. Гипотиреозға тән белгілердің бірі – жүректің жиырылу қабілеті нашарлағандықтан жүрек соғуының сиреуі. Нәтижесінде тамырларға айдалатын қанның көлемі кеміп, бүкіл ағзада қан ағысы баяулайды. Жүрек ұлғайып, соғу дыбысы бәсеңдейді. Тамырдың соғуы әлсізденеді. Гипотиреозбен ауыратын науқастардың ас қорыту мүшелеріде зақымдалады. Науқастың тілі ісініп, ұлғаяды, оның жиегінде тістердің ізі болуы мүмкін. Науқастың тістері үгіліп, сынғыш келеді. Ас қорыту жолының шырышты қабықтары ісініп, сөл бөлу қабілеті төмендейді, ішкен ас баяу қорытылып, нашар сіңіріледі. Аспен сіңірілетін темір мөлшері азайып, қан аздық дамиды. Бүйректе қан айналымы нашарлап, зәрдің сүзілуі бұзылады. Әйел адамдардың етеккірі азайып, сирейді. Сырқат асқынған кезде етеккірі мүлде тоқтап, бедеу болып қалады. Ер адамдар белсіздікке ұшырайды.
Зертханалық және құрал – жабдық аппараты арқылы тексеру әдістері. Жалпы қан анализінде қан аздық байқалып, ЭТЖ баяулайды. Жалпы зат алмасу дәрісінің көрсеткіші төмендейді. Сырқатты айқындау үшін қандағы үш – йод – тиронин мен тироксиннің, тиреотропиннің мөлшерін анықтайды ( айтылған гормондардың мөлшері азаяды). Сканирлау әдісінде қанда ақуызбен байланысқан йод азайып, қалқанша без таңбалы атомды нашар сіңіреді. Ультрадыбыспен зерттегенде қалқанша бездің көлемінің кішірейгені анықталады.
Емі. Гипотиреоздың емдеу қағидасы - алмастыру емін жүргізу. Сол себептен аурудың түріне байланысты тиреоидтық дәрілерін қабылдайды. Сырқаттың асқынбаған түрінде тиреоидтық дәрілерді аз мөлшерден бастап біртіндеп көбейтуге болады. Емнің мақсаты – науқасты эутиреоидтық жағдайға жеткізу. Бұл мақсат орындалғанның өзінде де, науқас дәрінің аз мөлшерін үзбей ішіп жүргені жөн. Қазір көбіне гормондардан тиреоидин, тиреокомб, үш – йод – тиронин, L – тироксин қолданылады. Науқаста эутиреоидтық жағдай қалыптаса келе дәрі осы жағдайға сәйкес мөлшерде ғана берілуге тиісті. Бұл кезде берілетін дәрінің тәуліктік мөлшері науқастың жағдайына байланысты әр адамда әртүрлі болуы мүмкін. Бұл дәрілерді науқас өмір бойы үзбей ішіп жүруге мәжбүр болады, өйткені дәріні қабылдамаса, ауру қайта асқынады. Бұл дәрілерді таңертең немесе түске дейін ішкен тиімді.
Достарыңызбен бөлісу: |