Дәрістер мазмұны 1-дәріс. «Педагогикалық зерттеулердің әдістері»


Педагогика әдіснамасының ғылыми мәртебесі



бет18/127
Дата04.10.2023
өлшемі1.69 Mb.
#479729
түріДиплом
1   ...   14   15   16   17   18   19   20   21   ...   127
Дәрістер мазмұны

Педагогика әдіснамасының ғылыми мәртебесі. Бүгінгі күнде қай ғылым саласы болсын өзінің зерттеу нысаны мен субъектісін жаңаша ойлаумен байланыстырады. Бұл ғылымдардың әдіснамалық негізін білуді және қазіргі әлемдік ғылыми танымның құралдары мен амалдарын жетілдіруді талап етеді. Қоғамдық ғылымдардың, сонымен қатар, педагогика ғылымының әдіснамалық және әлеуметтік мәнін арттыру, жеке адамның тұлға ретінде қалыптасуы міндеттерін болжап білу мейлінше айқын қойылуы тиіс.
Педагогика ғылымының әдіснамасы біріншіден, жалпы әдіснама ғылымынан туындайды; екіншіден, қоғамдық ғылыми жүйенің даму үрдісін оқып-үйренумен және зерттеумен байланысты болады; үшіншіден, педагогикалық құбылыстар туралы теориялық ұстанымдар мен оларды зерттеу әдістері қарастырылады; төртіншіден, жаңадан алынған білімдерді тәрбие, оқыту білім беру ісіне енгізумен анықталады.
Бұл жағдайда зерттеудің тақырыбын, мазмұнын, идеясын, пәнін, т.б. ғылыми аппаратын бірлікте, тұтастықта шешу үшін анық әрі дәл әдіснамалық негіз қажет. Сонымен, қазіргі кезде көптеген әлемдік мәселелерді шешуге педагогика ғылымының да айтарлықтай үлесі бар. Солардың ішінде, педагогиканың әдіснамалық мәселесін, педагогиканың әдіснамалық мәселесін, педагогиканың ғылым ретіндегі пәнін айқындау - басты міндет. Қоғамдық өмірдің барлық саласындағы саяси, әлеуметтік экономикалық, рухани ағартуда, т.б. жүріп жатқан іргелі жаңарулар, сайып келгенде, адам мәселесіне келіп тіреледі.
Педагогиканың әдіснамасы өзінің үдерістік онтогенетикалық, қызметтік, құрылымдық-морфологиялық жүйелілігі негізінде педагогикалық метабілімнің келесі ірі блоктары арқылы көрініс табады:

  1. педагогиканың әдіснамасы туралы жалпы түсінік, оны анықтауға қажет тұғырлар;

  2. педагогика әдіснамасының ұғымдық аппараты;

  3. педагогика әдіснамасының қызметтері және әдіснамалық білімдер құрылымы;

  4. әдіснамалық бағдарлар жиынтығы, педагогика әдіснамасының даму кезеңдері және үрдістері;

  5. ғылыми-педагогикалық таным әдіснамасы.

Кеңес Одағы тұсында педагогика саласы мамандарының біліктілігін арттыру бағдарламасында жоғары оқу орындары оқытушылары арнайы әдіснамалық даярлықтан өтетін. Оның жоспары бойынша, зерттеуші педагогтар зерттеудің бағытын, мәселесін және тақырыбын анықтай алуға, педагогиканың әдіснамасы тұрғысынан зерттеу тақырыбының көкейкестілігін негіздей алуға, әдіснамалық тұғырлардың мүмкіндіктерін өз зерттеуінің пәніне көшіре алуға, пайдалануға, өз зерттеуінің нәтижелерін рәсімдеу және жариялауға, ғылым әдіснамасы туралы пікірсайыстарға қатысуға, ғалымдардың ғылыми-зерттеушілік бағдарламаларына, авторлық білім беру бағдарламаларына сараптама жүргізе білуге тиянақты үйретілді. Педагогикада диалектикалық-материалистік әдіс барлық педагогикалық құбылыстарды зерттеудің негізіне алынды. Педагогика теориясы мен педагогикалық тәжрибенің өзара байланысын зерттеу педагогиканың әдіснамасының міндетіне жатады. Педагогикалық зерттеулердің тәжірибеде қолданылған жүйесіне мыналар енеді: зерттеу мәселесі, оның мақсаты мен негізгі идеясын анықтау; зерттеу міндеттерін белгілеу; нақтылы материалдар жинап, оны талдау; болжамдар ұсыну; педагогикалық зерттеудің әдістерін айқындау; педагогикалық тәжірибе жасау; тәжірибе нәтижелерін мәселенің теориясымен салыстыру; алынған нәтижелерді қорытындылау, баға беру, зерттеу міндеттеріне сай негізгі идея мен мақсаттың орындалуын көрсету; жүргізілген зерттеу нәтижелерін тәжірибеге енгізу, педагогикалық ұсыныстар жасау.
Педагогиканың әдіснамасы жаңа педагогикалық білім алу тәсілдері туралы білімдер жүйесі болып табылады. Кең мағынада ол білімдерге теория, пәннің жалпы ғылымилық және арнайы зерттеу әдістері, ал тар мағынада – жаңа ғылыми-педагогикалық ақпаратты алу, талдау, түсіндіру әдістерінің жиынтығы.
Қазіргі уақытта ғылыми қауымдастықта педагогика әдіснамасының ғылыми мәртебесі қалыптасты.
Педагогика әдіснамасының пәні кең мағынада оны педагогикалық болмыс пен педагогика ғылымындағы оның көрінісінің арақатынасы деп анықтайды. Педагогика әдіснамасының пәні – тар мағынада – педагогика ғылымы педагогтардың ғылыми-зерттеу әрекетін ұйымдастыру сипаты мен ерекшеліктеріне тәуелді. Педагогика әдіснамасы – педагогика теориясы, педагогикалық құбылыстарды зерттеу қағидалары, зерттеу әдістері туралы білім жүйесі, алынған білімді тәрбиелеу, оқыту, білім беру тәжірибесіне енгізу жолдары. Әдіснаманың теориялық жағы негізгі педагогикалық заңдылықтардың анықталуымен байланысты, ғылыми ізденудің бастапқы алғышарты ретінде, дүниетану қызметіне еніп, педагогикалық зерттеудің қандай философиялық, биологиялық, психологиялық идеялардан құрылғанын анықтап, алынған нәтижені дәлелдейді және қорытынды шығарады.
Педагогиканың әдіснамасы оның негізін, базалық сипатын анықтайды. Әдіснама негізінде әлеуметтік педагогиканың тұтастай және оның құрылымдық құрамдас бөліктерінің ғылыми бағытының мәні анықталады. Осыған сүйене отырып, әлеуметтік педагогиканың теориясы мен практикасының өзекті мәселелерін зерттейді.
Педагогика әдіснамасының мәні туралы түрлі көзқарастар бар. Кейбір зерттеушілер әдіснаманы: теориялық әрекеттің құрылымы, логикалық ұйымдастырылуы, әдістері мен құралдары туралы; басқалары - таным әдістерін қалыптастыру қағидалары мен рәсімдері, шындықты тану және қайта құру әдістерін қолдану туралы; үшіншілері – күрделі практикалық мәселелерді шешудің неғұрлым жалпы қағидаларының жиынтығы туралы; төртіншілері – теориялық және практикалық қызметті ұйымдастыру мен құрудың қағидалары, тәсілдері жүйесі туралы, бесіншілері – ғылыми-педагогикалық зерттеулердің бастапқы (негізгі) ерекшелігі, құрылымы, қызметі мен әдістері туралы ілім деп санайды.
Сонымен, зерттеушілер, негізінен, әдіснаманақтылы шындықты тану мен қайта құрудың базалық негізі деп біледі.
Бір ескерте кететін жайт, әдіснамашы ғалымдардың басым көпшілігі әдіснамалық мәселелер бойынша тұжырымдарын педагогика саласындағы зерттеулері аясында жасады. Сондықтан, М.Н. Скаткин, Ю.К.Бабанский, В.В. Краевский, В.И. Загвязинский және басқалар дидактикада да, әдіснама саласында да ғылымға қомақты үлес қоса алды. Осы кезеңде дидактикалық зерттеулердің типтері мен әдістері М.Н. Скаткиннің «Педагогикалық зерттеулердің әдіснамасы мен әдістемесі» атты монографиясында (1986 ж.), В.И.Загвязинскийдің «Дидактикалық зерттеулердің әдіснамасы мен әдістемесі» атты кітабында жан-жақты қарастырылды. Сол себепті, біз бұл ғалымдардың еңбектерін зерделегенде, оларды әрі дидакт, әрі әдіснама саласының майталмандары деп таныдық.
1969–1992 жылдар аралығында өткізілген педагогика ғылымының әдіснамасы мен зерттеу әдістемесіне арналған. Бүкілодақтық әдіснамалық семинарларда педагогика теорисының жасалуы, педагогикадағы жүйелілік тұғыр, теориялық зерттеулердің тиімділігін арттыру, тәрбиенің әдіснамалық негіздері, педагогикалық зерттеу әдістері, педагогикалық экспериментті ұйымдастыру, озат педагогикалық тәжірибені жинақтау, үздіксіз білім беру мәселелері кеңінен талқыланып, ғалымдар нақты тұжырымдарды ғылым мен практикаға ұсынып отырды. Осы тұста педагогиканың ұғымдық-түсініктік аппараты жасала бастады.
Педагогикалық зерттеулер – бұл ғылыми шығармашылық емес, сондай-ақ белгілі бір нормативтік талаптарға сай іс-әрекеттер. Осыған сәйкес әдіскерлер нақты педагогикалық зерттеулерді сапалы түрде талдап оқып-үйренуді ұйымдастыру барысындағы басты мәселе ретінде ғылыми-педагогикалық әрекеттердің жалпы теориясын құрайды, ол жеке танымдық және тәжірибелік қайта өзгерту әрекеттерін түсіндіріп беріп, осы теорияның алғышарттарының зерттеу тәжірибесін анықтап бере алады. Осында педагогикалық әдіснаманың тікелей тәжірибелік маңызы бар және ол педагогикалық ғылым танудың құрамында арнайы пән болып табылады. Ғылыми-педагогикалық әрекет теориясының даму нәтижесінде төмендегідей педагогикалық әдіснаманың құрылымы пайда болды:
- педагогиканың даму әдіснамасы педагогикалық тәжірибемен ұштасқан ғылыми жүйеліліктің педагогикалық танымы және қайта өзгертумен өзара байланысты;
- педагогикалық зерттеудің әдіснамасы;
- педагогикалық жобалаудың әдіснамасы.
Педагогикалық әдіснаманың эвристикалық әлеуеті қазіргі кезеңде кіріктірілген үрдістермен көбірек байланысты болғандықтан, жүйелі қолдану мәселелері маңызды болып, ғылыми-педагогикалық тәжірибеде жүйеленген тәсілдеме арқылы әдістемелік бағыттардың жүйеленген шешімдерін шығару арқылы ғылыми ізденістерге және педагогикалық зерттеулердің жүйелі түрде ұйымдастырылуын қажет етеді.
Ғалымдар ғылыми зерттеулердің сапасы мен тиімділігін арттыру мәселелерін тиянақтады. Кейін 1994 жылдан бастап семинар Бүкіл Ресейлік мәртебеде педагогикалық зерттеулердің әдіснамалық бағдарлары, әдістері, диссертациялық зерттеулердің әдіснамасы, педагогиканың ғылыми тілі, педагогиканың философиялық-әдіснамалық мәселелерін талқылады.
Педагогика әдіснамасы жалпы әдіснама ғылымы мен қоғам дамуының үдерісін талдаудан туындайды, теориялық талдау және жинақтау, сонымен қатар, педагогика, психология, әлеуметтану, кибернетика және басқару теориясының зерттеу нәтижелерін, қисынды жалпылау әдістерін қолданады.
Сонымен, ғылымның әдіснамасы – бұл қағидалар, қорытындылар, ұстанымдар, танымдық әдістер арқылы түрлі жағдайлар тоғысында шындықты бейнелеу ақиқатын зерделеп түсіндіретін ілім. Кез-келген әдіснамалық мәселелерді шешу белгілі бір гносеологиялық ұстанымдар негізінде алынған бастапқы әдіснамалық тұжырымдамада жүзеге асады. Адамның танымдық іс-әрекетінің жалпы заңдылықтарын, оның даму заңдарын қалыптастыру - философия ғылымының мәселесі. Білімді философиялық, аксиологиялық түсіну философияға тән және ол ғылыми білім туралы түсініктердің қалыптасуына шешуші ықпал етеді.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   14   15   16   17   18   19   20   21   ...   127




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет