ДӘрістердің комплексі fis 1203



бет8/14
Дата24.02.2016
өлшемі1.42 Mb.
#16040
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   14

Өкпенің серпімділігі

Өкпеде серпімді тіндер көп. Сондықтан да ол созылып қайта тартылып алғашқы қалпына келе алады. Өкпе ширығуы мен созылуы тығыз байланысты. Созылған өкпе тінін бұрынғы қалпына келтіретін күш серпін күші деп аталады. Өкпе неғұрлым созылғыш келсе, оның серпімділігі де соғұрлым жоғары болады. Серпін күші өкпенің аумағын тарылта отырып, висцеральдық плевраны париетальдық плеврадан тартып ажыратуға тырысады. Бұл - плевра қуысындағы қысымды азайтатын негізгі себептің бірі. Созылған өкпенің қайта тарылуы бронх еттерінің тонусына да байланысты. Плевра қуысында теріс қысымның тағы бір себебі альвеолалардың ішкі бетінде сурфактант атты беткі кернеу күші өте төмен заттың болуы. Әрбір альвеоланың ішкі беті осы сурфактантпен майланған. Бұл белок аралас липидтен тұрады. Ол пневмоциттерден бөлініп шығады. Сурфактанттың қалыңдығы 20-100 нм. Альвеоланың көлемі кішірейген сайын оның беткі керілу күші төмендей түседі. Сондықтан сурфактантпен көмкерілген плевра өкпенің трансмуралдық қысымы қанша жоғарыласа да кішірейіп, әрқашан керіліп тұрады. Сурфактанты бар өкпеде болмайды. Сонымен альвеоланың серпімділігі сурфактант жасы келген адамда өкпенің созылу дәрежесі су бағанасы бойынша 200 мл/см-ге тең, ал жасқа толмаған балада 5-10 мл/см. Өкпе ауруларын анықтауда бұл көрсеткіштерді пайдалануға болады.

Өкпенің жалпы сыйымдылығы

Тынысалу барысында ауа тыныс жолы арқылы өкпеге кіріп, оттегін берген соң сыртқа шығып отырады. Өкпеге дейін кіріп-шығатын ауаның мөлшері демалу мен демшығарудың тереңдігіне байла­нысты. Біркелкі тыныштық жағдайда демді ішке жәй тартып сыртқа шығарса өкпеге дейін кіріп-шығатын ауаның мөлшері адамда 500 мл-дей болады. Осы жәй дем алғанда тыныс ағзаларына еніп қайта шығатын ауаның мөлшерін (көлемін) қалыпты тыныс ауасы (ҚТА) деп атайды. ҚТА тұтасынан өкпе көпіршігіне барып жетпейді, оның 150 мл-і тыныс жолын толтырады да, газ алмасу үрдісіне қатыспайды. Сондықтан тыныс жолын толтырған ауаны "өлі" кеңістік ауасы деп атайды. Сөйтіп сырттан келіп түскен ауаның 350 мл-і ғана өкпеге барып газ алмасу үрдісіне қатысады.

Демді әдетгегідей жай ғана ішке тартып қоймай, одан әрі демді әлі келгенше терендете түссе, адам ҚТА-сыла қосымша 1500 - 2000 мл ауаны жұта алады. Осылайша қатты дем алғанда ҚТА-сына қосымша жұтылатын ауа көлемін резервтік (қосымша) демалу ауасы (РДАА) дейді. Сөйтіп, демді қатты ішке тартса тыныс жолдарын толтырып өкпеге жететін ауа мөлшері ҚТА (500 мл) мен РДАА-нан (1500 - 2000 мл) тұрады. Мұны демалу мөлшері дейді. Ол 2000 - 2500 мл-ге тең.

Қалыпты тынысалу кезінде әдеттегідей дем шығарып, дем алмастан күшпен дем шығарса, тағы да сыртқа 1000-1500 мл ауа шығаруға болады. Мұны резервтік (қосалқы) демшығару ауасы (РДІТТА) дейді. Бұл ауа қалыпты жағдайда өкпеде сақталады, тек демді қатты шығарғанда сыртқа шығады, сондықтан бұл қор ауа деп те аталады. Сонымен үш түрлі ауа - қалыпты тыныс ауасы, резервтік демалу ауасы және резервтік демшығару ауасы бірігіп өкпеніц тіршілік сыйымдылыгын (ӨТС) құрады.

ӨТС=ҚТА+РДАА+РДША

ӨТС = 500 мл + 2000 мл + 1500 мл = 4000 мл.

Былайша айтқанда ӨТС дегеніміз - терең дем алып, іле-шала те­рең дем шығарған кезде сыртқа шығатын ауаның көлемі. ӨТС ересек адамда 3500-5500 мл. ӨТС адамның жасына, жынысына, бойына, дене еттерінің (оның ішінде тыныс еттерінің) күшіне (ширақтығына) бай­ланысты болады. ӨТС қарт адамда аз, оның қабырға шеміршектері қатайып, өкпесінің серпімді қабілеті төмендейді, сондықтан демді ішке тартқанда кеуде қуысы онша кеңімейді, өкпесі керегінше жазылмайды. Ер адамға қарағанда әйелдің көкірек қуысы тарлау, ал жолақ еттері әлсіздеу келеді. Сондықтан да әйелдерде ӨТС төменірек бола­ды. Спортшы адамның тыныс еттері ширақ, күштірек келеді де, дем алған кезде көкірек қаттырақ керіледі, ӨТС-ы жоғары болады.

ӨТС-ын, оның құрамындағы ауа түрлерінің көлемін спирометрмен өлшеп немесе спирографпен жазып, олардың мөлшерін спирограмма арқылы табуға болады.

Күш салып терең дем шығарған сәтте 1000-1500 мл ауа сыртқа шықпай өкпеде қалып қояды. Мұндай ауа қалдық ауа (ҚА) деп атала­ды. Қалдық ауа мен резервтік демшығару ауасы қалыпты дем алып, дем шығарған кезде әрдайым өкпеде қалып отырады. Мұндай екі түрлі ауаның қосындысы функциялық қалдық ауа (ФҚА) деп аталады.

ФҚА = ҚА + РДША

Ал қалыпты дем алған кезде функциялық қалдық ауа (ФҚА) қалыпты тыныс ауасымен (ҚТА) араласып, әрдайым аздап жаңарып отыра­ды. Демді мейлінше ішке тартқан кездегі өкпені толтырған ауаның жалпы мөлшері өкпенің жалпы сыйымдылыгы (ӨЖС) деп аталады. ӨЖС өкпенің тіршілік сыйымдылығы (ӨТС) мен қалдық ауадан (ҚА) тұрады.

ӨЖС = ӨТС + ҚА

Өкпедегі қалдық ауаның мөлшері жанама әдіспен (азот немесе ге­лий көлемін анықтау арқылы анықталады. Әдетте ҚА өкпенің жалпы сыйымдылығының (ӨЖС) 20-30%-не тең. Қарт адам өкпесінің серпімді қабілеті төмендеп шеміршегі қатайғандықтан өкпенің тіршілік сыйымдылығы азайып кетеді, ал қалдық ауаның көлемі, керісінше, көбейе түседі.

Тыныстың минуттық көлемі

Бір минут ішінде өкпе арқылы өтетін ауаның көлемі тыныстық минуттық көлемі (ТМК) деп аталады. ТМК бір минут ішінде өкпеге келіп түсетін оттегімен сыртқа шығарылатын көмір қышқылы мөлшерінің ара-қатынасына яғни зат алмасу қарқынына байланысты.

ТМК әдетте орта есеппен 6-9 л болса, ал ауыр, қара жұмыс істеген адамда 100-120 л-ге жетеді, тіпті одан да асады. ТМК қалыпты жағдайда шығарылған ауаны Дуглас қабына жинап, газ санақшысынан өткізу арқылы өлшенеді немесе қалыпты тыныс ауасының (ҚТА) көлемін минуттық тыныс жиілігіне (МТЖ) көбейту арқылы анықталады (ТМК=ҚТАхМТЖ). МТЖ ересек адамда 14-20. ТМК осы аталған екі көрсеткіш мөлшеріне қарай өзгеріп отырады. ТМК өкпенің желдетіліс мөлшерін, өкпе желдетілісін көрсетеді. Бірақ өкпенің жалпы желдетіліс мөлшеріне альвеолалық желдетіліс мөлшері тең болмайды (кем келеді), өйткені өкпе көпіршігіне сырттан келген ауаның тек 70%-ы ғана енеді, қалғаны "өлі" кеңістіктің желдетілісін көрсетеді. Альвеолалық желдетіліс өкпедегі ауаның минут сайын жаңарып отыру мөлшерінің, өкпедегі газ алмасу қаркынының көрсеткіші. Қалыпты тынысалу кезінде альвеолалық желдетіліс біркелкі болады. Мысалы, "өлі" кеңістік ауасы 150 мл, ал минуттық тыныс 16 болса, "өлі" кеңістіктің желдетілісі (ӨКЖ) 150x16=2400 мл тең. Ал ӨЖЖ (өкпенің жалпы желдетілісі) 8000 мл делік, онда альвеолалық желдетілісі бұдан "өлі" кеңістіктің желдетіліс мөлшеріндей кем болады, яғни 8000 мл -2400 мл = 5600 мл-ге тең.

Егер тыныс жиілігі екі есе өссе, онда альвеолалық желдетіліс төмендейді. Мысалы, "өлі" кеңістіктің желдетілісі - 150 (ӨКА) X 32 (МТЖ) = 4800 мл болса, альвеолалық желдетіліс - 8000 - 4800 = 3200 мл болады, яғни ол көп төмендейді. Сонымен "өлі" кеңістіктің желдетіліс мөлшерінің өкпеде өтетін газ алмасуына әсері зор.

"Өлі" кеңістік. Ауа жолын жайлаған ауа, газ алмасу үрдісіне қатыспайды, сондықтан бұл жол "өлі" кеңістік деп, ал ондағы ауа "өлі" кеңістік ауасы деп аталады. Өлі кеңістік көлемін анықтау үшін өлген адамның ауа жолын сұйық гипске толтырады да гипс қатқан соң оны басқа бір ыдыстағы суға салады, сөйтіп ығысқан су көлемі арқылы өлі кеңістік өлшенеді. Ол орта есеппен 140-150 мл. "Өлі" кеңістік көлемі ауа жолы құрылысының ерекшеліктеріне байланысты және тыныс ағзаларының қызмет ету қабілетіне қарай ол ұдайы өзгеріп отырады. Сондықтан "өлі" кеңістік анатомиялық және физиологиялык, болып екіге бөлінеді.

Анатомиялық "өлі" кеңістіктің аумағы қан тамырларымен қамтамасыз етілмеген немесе ауасы алмаспаған альвеолалардың санына бай­ланысты.

Физиологиялық "өлі" кеңістік альвеолалық желдетіліс мөлшері және өкпедегі қанның көлемдік жылдамдығына байланысты.

Альвеолалық желдетіліс (VA ) деңгейі мен қан айналысының кіші шеңбері арқылы өтетін қан көлемінің (Q) ұдайы өзгеріп отыруыла байланысты физиологиялық өлі кеңістік бірде кеңейіп, бірде тарылып отырады. Бұл тәуелділікті альвеолалық желдетіліс (VA) көрсеткішін қан айналу жылдамдығы корсеткішінс болу арқылы (VA: Q ) анықтауға болады.

Қалыпты демалу үрдісі аяқталғап сәтте физиологиялық "өлі" кеңістік VA: Q = -0,8-ге жақындайды. Бұл альвеолалық желдетіліс көрсеткішінің қанайналымының кіші шеңбері арқылы бір минутте өтетін қап колемінен едәуір төмен екенін, яғни "өлі" кеңістіктің ұлғайғанын көрсетеді.

Егер QA : Q = 1-ден жоғары болса, альвеолалық желдетіліс қан перфузиясынан (айналысынан) көп жоғары, яғни өкпеде газ алмасуы деңгейінің төмен екенін, басқаша айтқанда "өлі" кеңістік аумағының кеңейгенін көрсетеді.

Желдетіліс пен қан ағысы (перфузия) өкпенің әр жерінде әртүрлі, кейбір альвеолаларда қан ағысы төмен не мүлде жоқ. Керісінше қан ағысы әдеттегідей болса да желденбейтін альвеолалар болады. Сонымен "өлі" кеңістік аумағының ұлғаюы газ алмасуының төмендегенін көрсетеді. Оның кеңеюі альвеолалық желдетіліс пен альвеола қабырғасындағы көлемдік қан айналу жылдамдығына байланысты, сондықтан да бұларға әсер ететін әртүрлі себептер "өлі" кеңістік көлемін өзгерте алады. Мысалы, бронх еттері жиырылса, альвеолалар қабынса ауаның өкпеге өтуіне кедергі туады, сөйтіп "өлі" кеңістік кеңейеді.

Анатомиялық "өлі" кеңістіктің мынадай биологиялық маңызы бар:

1. Ауа жолының ішкі жағын астарлаған шырышты қабық ұдайы дымқылданып тұратын болғандықтан өкпеге өтіп бара жатқан ауа да дымқыл болады және тыныс жолы кұрғап кетпей, ұдайы дымқыл күйінде сақталады.

2. "Өлі" кеңістік ауаға ілесіп келген шаң-тозаңды, ондағы микробтарды одан әрі өткізбейді, сөйтіп өкпені, демек бүкіл адам денесін қорғайды. Ауадағы ұсақ заттар шырышты кабықтың бетіне қойады да, осы арадағы кірпікше эпителийдің қимылымен сыртқа қарай ығыстырылады. Егер жиналып, топталып калса, жөтелу, түшкіру, рефлекстері туады да сыртқа шығарылады.


Илюстрациялы материал Д-МІ-7

Әдебиет:

Қазақ тілінде

Негізгі:

  1. Адам физиологиясы. Х.К. Сәтбаева, А.А.Өтепбергенов, Ж.Б. Нілдібаева, Алматы, 2005, 663 б.

  2. Адам анатомиясы. А.Р. Рахишев, Алматы, 2005, 598 б.

  3. Қалыпты физиологиядан тәжірибелік сабақтарға жетекшілік нұсқаулар.

  4. Сайдахметова А.С., Рахыжанова С.О. Семей, 2006 г. - 174 бет.

  5. Қанқожа М.Қ. Қозғыш ұлпалар физиологиясы. – Алматы, 2004ж. 78 бет.

Қосымша:

  1. Рахишев А.Р. Русско-казахский толковый словарь медицинских терминов. (каз., русс.), А-Ата, 2002, 550 б.

  2. Ибраева С.С. Организмнің шартты-рефлекторлық әрекеті және оның нейрофизиологиялық тегершіктері. Жоғарғы жүйке іс-әрекетінің типтері. Астана, 2006, 52 б.

Орыс тілінде:

Негізгі:

1. Руководство по общей и клинической физиологии. В.И.Филимонов,МИА, 2002, 957 с.

2.Физиология человека, В.М. Покровский, Г.Ф. Коротько, М., 2004.

3. М.Р.Сапин, Г.Л.Билич Анатомия человека: Учеб. для студ. биол. спец. вузов. -М., Высшая школа, 1989. - 544 с.

4. Руководство к практическим занятиям по нормальной физиологии. К.В.Судаков, А.В.Котова, М., 2002.«Физиология с основами анатомии человека». А.В.Логинов, 1983 .

Қосымша:


  1. 1.«Основы физиология человека», 1 и 2 том, Б.И.Ткаченко, С.-Петербург, 1994г.

  2. 2.«Руководство к практическим занятиям по физиологии человека с основами анатомии» М.Ф. Румянцева и др., Москва, «Медицина», 1986 .

  3. Атлас по нормальной физиологии А.В.Коробков, С.А.Чеснокова, Москва, Высшая школа, 1987 .

  4. Нормальная физиология, под ред. К.В.Судакова, М., 2000.

  5. Ситуационные задачи по физиологии с основами анатомии для самостоятельной работы студентов. Под ред. А.А. Утепбергенова, Д.А. Адильбековой, Шымкент, 2006, 66 с.

  6. Справочник физиологических и лабораторных показателей здорового человека. А. А. Утепбергенов, 1995 .

  7. Физиология человека. Под ред. М.Покровского, Г.Ф.Коротько, в двух томах, М., 2001, 368 с.

  8. В.Я. Липченко, Р.П.Самусев Атлас нормальной анатомии человека: Учебное пособие.-2 изд., перераб. и дополн.-М.Медицина, 1988. 320 с.

  9. Агаджанян Н.А., Тель Л.З., Циркин В.И., Чеснакова С.А. Физиология человека. Санкт-Петербург, Sotis, 2000 г., 528 с.


Бақылау сұрақтары (кері байланыс):

  1. Тыныс алудың негізгі кезеңдерін атаңыз.

  2. Хэдтің парадоксальді эффектісінің механизмін түсіндіріңіз.

  3. Тыныс алу орталығының негізгі құрылымын атаңыз.

  4. 2,3-дифосфоглицератының концентрациясы өскенде,қисық диссоциация оксигемоглобин қалай өзгереді?


«АСТАНА МЕДИЦИНА УНИВЕРСИТЕТІ» АҚ
Қалыпты физиология кафедрасы
8 Дәріс.

Дәріс тақырыбы: Асқорыту аппаратының қызметтері.

Мақсаты: АІЖ, асқазан секреция фазаларының әртүрлі бөлімдерінің қызметі туралы түсінік беру, секреторлы және моторлы механизмдердің негізгі асқорыту жолындағы қызметі жайлы білім беру; ашығу, тойынудың пайда болу механизмін түсіндіру.

Дәріс тезисі:

Тамақ ішу, ішкен астың ішек-қарында қорытылуы, денеге сіңуі аса күрделі үрдістер. Ас адамның арқауы - дейді халық.

Ас құрамындағы қоректік заттар (белок, көмірсу, май) адам денесіндегі тіндердің жаңарып жаңғырылуын, жасуша түзілуін, адамның өсіп-өнуін, дамуын қамтамасыз ететін құрылыс материалдары, тіршілік әрекеттеріне жұмсалатын энергия көзі. Демек қоректік заттар дер кезінде және қажет мөлшерде ұдайы түсіп отыруы шарт. Олай болмаған күнде гомеостаз бұзылып, жасушалардың, тіпті бүкіл организмнің тіршілігіне қауіп төнеді. Адам өзіне қажет қоректік заттарды әдетте сырттан алады. Бұл - экзогендік тамақтану.

Сырттан, қоректік заттар келіп түспесе де, адам біразға дейін тіршілік ете береді. Ол өз жасушаларындағы органикалық қоректік заттарды пайдаланып, құрамындағы ағзалар, тіндердің калыпты қызмет етуін қамтамасыз етіп отырады, яғни эндогендік тамақтану басталады. Мұндай жағдайда энергия қоры біртіндеп таусылады да адам әлсіреп, түрлі ауруларға шалдығады. Демек, эндогендік тамақтану тән тірлігін қамтамасыз ете алмайды. Асқорыту - өте күрделі үрдіс. Ол алдымен физикалық жолмен өңделеді, соңынан химиялық реакцияға түсіп, қорытылып денеге сіңетін сатыға жетеді. Физикалық өңдеу барысында ас кесектері ұсатылып, бөлшектенеді, сілекей шырынмен шыланып, жұмсарады. Химиялық өңдеуге ішек-қарын ферменттері қатысады. Асқорыту ферменттері сусыз жерде әсер ете алмайтын ашытқы гидролазалар тобына жатады. Бұлардың әсерінен күрделі органикалық қоректік заттар ыдырап, қан мен лимфаға өтетіндей, денедегі жасушалар пайдалана алатындай қарапайым қосынды - мономерлерге айналады.

Су, минерал тұздар, ас құрамындағы кейбір қарапайым органикалык; заттар ішек-қарында өзгерместен тікелей қанға сіңеді. Гидролаза ферменттері түзілу ерекшеліктеріне қарай үш топқа бөлінеді. Аутолитикалық ферменттер - тағамдық заттар, мәселен, ана сүті құрамындағы ферменттер, симбионттық гидролазалар - бактериялар мен біржасушалы жәндіктердің қатысуымен гидролиздік үрдістерді іске асыратын, айталық, күйіс қайыратын малда клетчатканы ыдырататын ферменттер. Адамда симбионттық гидролиз тоқ ішекте ғана кездеседі. Меншікті гидролазалар - жан-жануар, адам денесінде ас қорытуға қатысатын ішек-қарын сөліндегі негізгі ферменттер.

Гидролиз үрдісінің орналасуына қарай жасуша ішіндегі және одан тысқары жердегі ас қорыту болып екіге бөлінеді.



Жасуша ішіндегі асқорытуда фагоцитоз, пиноцитоз арқылы жасушаға өтетін қоректік заттар лизосомалық ферменттердің қатысуымен гидролизге ұшырайды. Мәселен, лейкоциттер мен лимфоциттерде, ретикулоциттер және гистиоциттер жүйесінде ас осылай қорытылады.

Жасушадан тыс жерде асқорыту дистанттық (қуыстық) және контактық (мембраналық) ас қорыту болып екіге бөлінеді. Дистанттық ас қорыту ферменттер түзілетін жасушалардан оқшау жерде, ішек-қарын түтігінде өтеді, ал контактық ас қорыту дегеніміз ішек түтігінің ішкі бетінде, онымен жанасқан эпителий жасушаларында гликокаликстегі ферменттердің әсерінен болатын гидролиз. Қуыстық гидролиз кезінде пайда болған өнімдер гликокаликс қабатынан өтіп, мембрана бетінде бірнеше мономерлерге айналады да, ішек эпителиі бетіндегі микротүктер арасында орналасқан микроканалдар арқылы ішек жасушаларына өтеді. Сөйтіп сіңу үрдісі басталады.

Асқорыту жүйесі ауыз қуысындағы ағзалардан, жұтқыншақ, өңеш, қарын, он екі елі ішек, аш ішек, тоқ ішек, сөл шығаратын бездер мен бауырдан тұрады.

Асқорыту жүйесінің қызметі:

1. Сөл шығару (секреция) қызметі. Оны асқорыту, сілекей, ішек-қарын бездері, ұйқы безі, бауыр атқарады. Сөл құрамында органикалык, қоректік заттарды ыдырататын ферментер (гидролазалар) болады. Олар үш топтан, атап айтқанда, протеаза, липаза, карбогидролазадан тұрады.

Протеаза ферменті белоктарды пептид және амин қышқылдары сатыларына, липаза - әрбір май түрін май қышқылдары мен глицерид, ал карбогидралаза - полисахаридтерді (крахмал, гликоген) моносахаридтерге дейін ыдыратады.

2. Қимыл (жиырылу-жазылу) қызметін бірыңғай салалы еттер орындайды.

Жоғарыда аталған асқорыту жүйесі құрамына кіретін ағзалар бірімен бірі жалғасып (түйісіп) ұзыннан ұзын созылып, жоғарыдан төмен қарай тартылған ішек-қарын түтігін құрады. Өңеш, қарын, ішектер қабырғасының ортаңғы қабаты бірыңғай салалы еттерден тұрады. Салалы ет талшықтары сақина тәрізді және бойлай тартылған екі түрлі талшықтан құралған. Асқорыту жолының бір бөлімі екінші бөлімімен түйіскен жерінде салалы ет талшықтары сақина тәрізденіп топталып, сфинктер еттерін құрады. Өңеш, ішек-қарынның қимылы(моторикасы) осы еттердің біресе тартылып, біресе жазылып алма-кезек қимылға келуіне байланысты. Сақина тәрізді ет талшықтары жиырылса, өңеш, ішек-қарын түтігі (каналы) тарылып, ұзарады, ал ұзынынан орналасқан ет талшықтары жиырылса түтік кеңейіп, қысқарады. Бұл қимылдар ас кесегінің ішек-қарын сөліне шыланып ондағы ферменттер әсерімен ыдырауға, бұдан пайда болған өнімдердің денеге сіңуіне септігін тигізеді. Ішек-қарын біресе жиырылып, біресе жазылып толқын тәрізді қимылдар жасайды (перистальтика), мұның нәтижесінде ішектегі заттар жоғарыдан темен тоқ ішекке қарай жылжиды, қорытылмаған, бойға сіңбеген заттар ысырылып, артқы тесікке жақындай түседі, сөйтіп қажетсіз заттар біртіндеп сыртқа шығарылып тасталады.

3. Қоректік заттарды сіңіру қызметі, ішек-қарын түтігінде болады. Адамға қажет қоректік заттар әбден ыдырап қарапайым қосындыларға айналады да, түтік қабырғасындағы биологиялық мембраналардан өтіп, қанға немесе лимфаға сіңеді. Сіңу ішектің әр бөлігінде әртүрлі. Аш ішекте ас қорыту үрдісі аяқталады. Ас ішекте ұзақ кідіріп, сіңу сатысына жетеді, оның шырышты қабығы сіңіруге бейімделген ағза ретінде қызмет жасайды. Жалпы алғанда қоректік заттар (ыдырау өнімдері) негізінен ащы ішекте сіңеді.

4. Тіршілікке қажетсіз заттарды сыртқа шығару қызметі (экскре­ция). Қорытылмай қалған ас қалдықтары, қорыту барысында қанға, лимфаға сіңіп үлгірмеген түрлі өнімдер, қаннан ас қорыту түтігіне өткен заттар (несеп қышқылы, мочевина, дәрі-дәрмек, басы артық тұздар, су), от құрамындағы заттар нәжіске ілесіп сыртқа шығады. Кейбір заттар қанда кобейіп кетсе бөлініп, асқорыту түтігіне шығады, демек, асқорыту жүйесі қандағы қоректік заттар мөлшерін реттеп отырады, сөйтіп, денеде жалпы гомеостаз деңгейін сақтауға да қатысады.

5. Эндокриндік қызмет. Ішек-қарынның кілегейлі қабығында, әсіресе қарын пилорусы мен он екі елі ішекте (ұлтабарда) көптеген гормондар түзіледі. Олар қанға енеді де, алдымен ас қорыту үрдісін, зат алмасу, өсіп-өну, есею үрдістерін реттеп, басқарып отырады. Қарын мен ішекте түзілетін мұндай гормондар гастроинтестинальдық гормондар деп аталады. Қазіргі кезде ішек-қарын шырышты қабығынан шамамен осындай 25 гормон бөлініп шығатыны анықталды. Олардың көбі пептидтер, ал бірқатары (гастрин, секретин, панкирезимин - холецистокинин, энтерокинин, гастрон т.б.) ежелден белгілі. Сонымен, ішек-қарын гастроинтестинальдық гормондары: а) асқорыту бездерінің сөл шығару қабілетін күшейтіп, қоректік заттардың қорытылуын үдетеді; ә) арэнтерин деп аталатын гормон жасөспірім денесінде ассимиляция (түзіліс) үрдісін күшейтеді, сөйтіп, өсу, есею қарқынын үдетеді, адамның тәбетін жақсартады, диэнтерин гормоны зат алмасу қарқынын реттейді; б) түрлі ағзаларда қан айналысын қалпына келтіріп, биологиялық мембраналардың өткізгіштік дәрежесін реттеп отырады, сөйтіп трофикалық (қоректік) әсер етеді. Осыған орай асқорыту бездерінде гландулоциттер саны да көбеюі мүмкін.

Кейбір ішек гормондары (гастрин, секретин, ВИП, бомбезин) орталық жүйке жүйесінде де кездеседі, сондай-ақ онда түзілетін пептидтердің (соматостатин, энкефалин, эндорфин, П-заты) көпшілігі ішек гормондары қатарына жатады. Әзірше бұлардың қай жерде қандай роль атқаратыны толық зерттеліп біткен жоқ. Алайда ғалымдар арасында пептидтердің көпшілігі - медиатор деген пікір бар. Демек, ішек-қарын қабырғасында адренергиялық және холинергиялық жүйкелермен қатар пептидергиялық жүйкелер де бар деуге болады.

Асқорыту ауыздан басталады. Ауызға келіп түскен тағам мұнда 15-30 секундтей кідіреді. Осы уақыттың ішінде тағам (ас кесегі) шайналып, ұсатылады, сілекеймен шыланып, жұмсарады, астың дәмі, физикалық қасиеттері туралы мағлұмат алынады. Көмірсулы заттар (көмірсулар) ыдырай бастайды. Ұсатылған ас кесегі сілекейге шыланып, шырышпен қапталып тілдің түбіріне карай жылжиды да жұтқыншаққа жетіп жұтылады.

Ауыз ішінде (шырышты қабығында) ас кесегінің ыстық-суықтығын, жұмсақ-қаттылығын сезетін қабылдағыштармен қатар дәм сезетін қабылдағыштары да бар. Осыған орай ауыз шырышты қабығын қабылдағыш алаң деуге де болады. Қабылдағыштар ас кесегімен жанасып тітіркенеді, бұдан пайда болған қозу сигналдары бет (n.facialis), тіл-жүтқыншақ (n.glossopharingeus), үшкіл (n.trigeminus) жүйкелер мен кезеген жүйке (n.vagus) арқылы орталық жүйке жүйесіндегі рефлекстер орталығына барып жетеді. Сол жүйкелерден келген эфференттік серпіністер ас кесегінің ауызда шайналып, жүтылуын реттейді де ас қорыту бездерінің сел шығаруын, ішек-қарынның қимылын күшейтеді. Мұнымен қатар рефлекстік жолмен зат алмасуы, жүрек соғуы, қан айналысы, дем алу үрдістері де өзгереді.

Сілекейдің құрамы және оның маңызы

Сілекей дегеніміз - сілекей өзегі арқылы келіп құйылатын жұптасқан үш сілекей безінің, атап айтқанда, шықшыт, жақасты, тіл бездерінің, сондай-ақ ауыздың шырышты қабығында бытырай орналасқан ұсақ бездердің сөлі (секреті). Жан-жануарда, адамда сілекей көбінесе тамақ ішкен сәтте шығады. Бір тәулік ішінде бөлініп шығатын сілекей көлемі әр түлікте әртүрлі. Мәселен, сиыр тәулігіне 50, адам 1,0-1,2 литр сілекей шығарады. Ит сілекейінің аз-көптігі ауа райына, оның ыстық салқындығына байланысты. Итте тер бездері болмайды. Сондықтан күн ыстық болып ыссыласа, ол дене қызуын бір қалыпты сақтау үшін тілін шығарып, кем мөлшерде сыртқа сілекей шығарады.

Адамда сілекей әсіресе тамақ ішкен кезде көбірек шығады, ол ба­ска уақытта да үзілмейді: ауыз іші үнемі дымқылданып тұрады, онсыз адам дыбыс шығара алмайды (сойлей алмайды). Сілекей қоймалжың, сұйық зат, Оның құрамында 0,5-1,5% құрғақ зат бар, қалғаны су. Сондықтан оның сыбағалы салмағы судан аз-ақ жоғары (1,001-0,017). Құрғақ зат органикалық және бейорганикалық заттардан тұрады. Бейорганикалық заттардан сілекейде натрий, калий, кальций, магний хлоридтері, сульфаттары, карбонаттары, иодит, бромид, фторидтер және аз мөлшерде роданит тұздары, микроэлементтер (темір, ни­кель, литий) бар. Сілекейдің қышқылдық дәрежесі (рН) көбінесе осы аталған заттар мен муциннің мөлшеріне байланысты. Әдетте рН -5,8-7,4 аралығында болады. Сілекейдегі кальцийдің тістің эмаль қабатына өтуі, одан шығуы рН мөлшеріне байланысты. Реакциясы қышқылдау болса (рН - 6,9) кальций эмальдан ауыз қуысына, ал рН - 7,0-8,0 болса эмальға қарай өтеді.

Сілекей құрамында органикалық заттар (альбумин, глобулин сияқты белоктар, муцингликопротеид, ферменттер) бейорганикалық заттардан 2-3 есе көп. Онда, сондай-ақ амин қышқылы, мочевина, несеп қышқылы, креатин, аз мөлшерде креатинин қалдықтары бар. Бұлар белок алмасуы кезінде пайда болатын заттар, сілекейге қаннан өтеді. Сілекейдегі әрбір қалдық заттың мөлшері қандағы мөлшеріне байла­нысты. Ондағы негізгі фермент α-амилаза. Амилаза сәл сілтілік жерде полисахаридтерді (крахмал мен гликогенді) декстрон сатысынан дисахарид сатысына дейін (мальтоза, лактоза, фруктоза, сахароза) ыдыратады.

Кейбір болжамдарға қарағанда сілекейде мальтозаны екі молекулалы глюкозаға дейін ыдырататын мальтаза ферменті де бар сияқты.

Ауыз қуысында ас кесегі сәл ғана кідіретіні жоғарыда айтылды, сондықтан бұл ферменттер қарында да әсер ете береді. Қарынға келіп түскен астың ішіне қарын сөліндегі тұз қышқылы сіңіп үлгіргенше, яғни ас кесегінің реакциясы (рН) өзгергенше, (реакция сілтілі күйінде қалған жерде) амилаза полисахаридтерді ауыздағыдай гидролиздей береді.

Сілекей құрамында сондай-ақ микроорганизмдерді өлтіретін лизо­цим ферменті болады. Лизоцим әсіресе ит пен мысық сілекейінде көбірек, сондықтан да олар жарасын жалап дертінен тез айығып кетеді. Адам сілекейінде лизоцим өте аз, ал аузында сапрофиттер көп, қолайсыз жағдайда олар зиянды микробтарға айналып, ауру тудыруы мүмкін.



Муцин - гликопротеид, шырышты сілтілі зат, ол шайналып ұсатылған ас кесегін жұмсартып, шырышпен қоршайды, жұтқыншақты ауыртпайтындай сырғанақ күйге келтіреді. Оның өңешке қарай жылжуын жеңілдетеді.

Сілекейде аз мөлшерде негізінен қаннан келіп түсетін жиырма шақты (кейбір пікірлерге қарағанда, 50-ге жуық) фермент (нуклеаза), сондай-ақ қан ұюын тездететін, тежейтін факторлар болады. Қан ұюына қажет заттар ауыз ішіндегі жараның тез жазылып кетуін қамтамасыз етеді (қан ұюын тездетеді).

Сілекей құрамындағы заттардың мөлшері әр безде әртүрлі. Мәселен, шықшыт безінің сілекейінде бейорганикалық заттар (NaCl, KCl) көп, бірақ муцин ферменттері аз, ал сілекейдің өзі сұйық, бірақ көлемді келеді, реакциясы сәл қышқылдау рН - 5,8. Жақасты безі шырынында органикалық заттар (муцин, амилаза) көп, аздаған калий, натрий және кальций, магний хлоридтері мен фосфаттары, бикарбонаттары, иодид, бромид, фторид, сульфаттар бар. Без сілекейінен қанның қай топқа жататынын анықтауға мүмкіндік беретін агглютининдер табылған, олар эритроцит агглютиногендеріне сәйкес келеді. Тіласты безі сілекейінде муцин көп, оның құрамында әсерлі фосфатазалар да бар.

Сілекей асқорыту үрдісіне қатысумен қатар қорғаныс қызметін де атқарады:

1) ауыздың шырышты қабығы мен тісті ұдайы дымқыл күйінде ұстап, физикалық және химиялық заттардың зардабынан сақтайды, ыстық тамақты суытып, салқын тамақты жылытып, тағам температурасын реттеп отырады;

2) ауызға түскен, тіске қонған заттарды жуып-шайып, оларды ұдайы тазартып отырады;

3) құрамындағы лизоцим ферментінің әсерінен ауыз ішіндегі бактериялар жойылады (бактериоцидтік әсер);

4) құрамындағы нуклеазалар (қышқылды және сілтілі), рибонуклеазалар, трансаминазалар, пероксидазалар вирустың нуклеин қышқылдарын бұзып ыдыратып, адам денесін вирустік аурулардан қорғайды;

5) ауыз ішіндегі капиллярларды кеңейтетін кининдер арқылы ауызда микроқанайналысын күшейтеді де лейкоциттер көп мөлшерде қаннан ауыз қуысына шығып, ауыз қуысындағы микробтарды қорытады;

6) сілекей құрамындағы тромбопластин, антигепариндік фактор, IV, V, VIII, X факторлар сияқты заттардың әсерімен қан тез ұйып, ауыздың шырышты қабығына түскен жарақаттар тез жазылып кетеді;

7) сілекейде, әсіресе шықшыт безі сөлінде фибрин ыдыратқыш (фибринолиз) заттар мен қан ұюына кедергі жасайтын заттар бар, бұл заттар без өзегінің бітеліп қалуына жол бермейді, ауыздың шырышты қабығын қабыршақтанған өлі эпителийден тазартып отырады, ондағы жаралардың тез жазылып кетуіне себепкер болады;

8) сілекейдің қоректік маңызы да бар. Сілекей тістер анатомиясы мен физиологиясына қажет қоректік зат. Ол жаңадан шығып өсіп келе жатқан тістерді кальций, фосфор, цинк сияқты микроэлементтермен қамтамасыз етіп отырады, бұл элементтер сілекейдің рН-ын өзгертіп, өздерінің эмальге өтуін реттейді;

9) сілекей құрамын тексеру белгілі бір ауруларды анықтау ісін жеңілдетеді. Мәселен, қарын, 12 елі ішектің ойық жарасы, нефрит кезінде сілекейде азот, инсульт кезінде белок көбейеді т.т.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   14




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет