ДӘСТҮрлі қазақ ҚОҒамындағы жер-су даулары және оны шешудің ерекшеліктері



жүктеу 111.82 Kb.
Дата11.07.2016
өлшемі111.82 Kb.
УДК : 340.141(574)
Н.Қ. Мыңбатырова
Мемлекет және құқық теориясы мен тарихы, конституциялық

және әкімшілік құқық кафедрасы доценті, з.ғ.к.


Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті, Алматы қаласы
ДӘСТҮРЛІ Қазақ ҚОҒАМЫНДАҒЫ ЖЕР-СУ ДАУЛАРЫ ЖӘНЕ ОНЫ ШЕШУДІҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
Аннотация

Жұмыстың мақсаты – дәстүрлі қазақ қоғамында билер сотының жер-су дауын шешу бағытында ұстанған қағидаларының, қолданған нормаларының ерекшеліктерін зерделеу болып табылады. Кейбір билік шешімдер негізінде қазақ билерінің жер-су даулары саласындағы бітімгерлік шеберлігіне талдау жасау көзделеді. Жұмыстың методологиялық негізін жалпы танымдық принциптер мен арнайы ғылыми әдістердің іштей бірлігі мен байланысы құрады. Жұмысты орындауда жүйелік, тарихилық, салыстырмалы сараптау әдістері қолданылды. Жер-суға таластан туған қазақ рулары мен тайпалары арасындағы дауларды шешу барысында қазақ билері ең басты бағдар есебінде елдің бірлігі мен тыныштығын сақтау, ынтымағын бұзбау, сызат түскен ағайын жарастығы болса оны қалпына келтіру қағидаларын ұстанды. Осы бағыт-бағдар, қағида-құндылықтардың талаптары аумағында сот шешімдерін қабылдау үшін судья-билер бар қажыр-қайратын, ақыл-білімін, шешендігі мен шеберлігін пайдаланды. Автордың қол жеткізген нәтижелерін құқықтық саладағы реформаларды жүргізу барысында халықтың дәстүрлі құқықтанымын ескеру бағытында пайдалануға болады. Заң факультетінде мемлекет және құқық теориясы мен тарихы, құқықтық және саяси ілімдер тарихы пәндерін оқыту процесінде қолдануға болады.


Түйін сөздер: дәстүрлі қазақ қоғамы, жер-су дауы, билер соты, бітім, шешім, ру, тайпа, ел бірлігі, аумақтық тұтастық

Ключевые слова: традиционное общество казахов, земельно-водные споры, соглашение, решение, род, племя, единство народа, территориальная целостность

Keywords: kazakh traditional society, land and water disputes, the agreement, decision, clan, tribe, people's unity, territorial integrity

Жер-су дауы көшпелі қазақ қоғамына ежелден таныс дәстүрлі даулардың бірі. Мал жайылымы, ел қонысы, құдық, су жағасы үшін туындап жататын таластар дер кезінде өзара бітім мен шешімін таппаса асқынып кетіп, ел бірлігіне сызат түсіруі мүмкін болатын. Сондықтан мұндай дау-дамайларға атақты да белгілі билер шақырылып, оларды уақытысында ауыздықтап тастауға үлкен мән берілетін.

Дәстүрлі қазақ қоғамындағы жер дауларының өз ерекшеліктері болды. Ол ерекшеліктер, ең алдымен қазақ даласына шығыстан жоңғарлардың, батыстан орыстардың көз алартып ішке ендей кіруімен байланысты еді. Әсіресе, жоңғар жаулап алушыларының XVІІ ғасырдың 80 жж. бастап жүргізген жойқын шабуылдары нәтижесінде Қазақ хандығы аумағының біршама бөлігі жоңғар мемлекетінің бақылауында болды. Сондықтан да бұл кезеңдегі ең басты жер дауы қазақ-жоңғар арасындағы әскери қақтығыстан пайда болған қазақ мемлекетінің аумақтық тұтастығы үшін жүргізілген жер дауы еді. Бұл дау, негізінен, әскери күш қолдану арқылы, соғыс-майдан алаңдарында шешіліп отырды. Әрине, жоңғар-қазақ соғыстары кезінде екі жақ бірін-бірі ала алмай, алма кезек жеңіс-жеңіліс дәмдерін татып отырды. Дегенмен, ХVІІІ ғасырдың 50 жж. басында жоңғар мемлекеті тарих аренасынан кетіп, таразы басы қазақтардың бұл ғасырлық соғыстан жеңімпаз болып шыққандығын көрсетті. Біз бұл мақалада осы қиын да күрделі дауларды шешуде көрініс тапқан билер даналығын туралы сөз қозғамақпыз.

Қазақтың Төле, Қазыбек, Әйтекедей атақты билері қазақ-жоңғар соғысының нағыз бел ортасында жүрді. Олар қазақ жерін ең алдымен қолына қару алып қорғаған, қазақ жасақтарын ұйымдастыру арқылы мемлекет аумағының тұтастығын қамтамасыз етуге ұмтылған жауынгер билері еді. Олар қазақ жері саудаға түскен осы бір жылдары оны майдангер би есебінде қорғады, жауынгер би есебінде қолына қару алып даулады.

Сонымен бірге, олар тек қазақ рулары арасындағы жер-су дауларына қатысушы ғана емес, бүкіл алты Алаштың жер дауына бітім айтушы билер болды. Ал, алты Алаш дегеніміз не деген сұраққа Төле би былай деп жауап берген: «Алты Алаш – Алаша ханның балалары: Қазақ, Қарақалпақ, Қырғыз, Өзбек, Түрікмен, Жайылған» [1, 220 б.].

Төленің шын мәнінде алты Алаштың арасындағы жер-су дауларына араласып, оларды шешіп отырғандығын Н.Төреқұлұлының жинаған деректері де растайды. Ол деректерге сүйенсек Төле би бір жолы өзіне бітімге келген үш қазақ даулаушыларын бірден қабылдамай өзін күте тұруды сұрайды. Сондағы Төленің қазақ даулаушыларына айтқаны: «Мен бүгін қырғыз еліне жүргелі отырмын. Атым ерттеулі тұр. Бірге жүретін кісілеріміз де әзір. Онда екі ел арасындағы жер дауы қаралмақ. Күтем десеңдер ауыл міне, қайтып соғамын десеңдер өздерің біліңдер.

-Біз ауылға қайтып екі айдан кейін соғайық, - дейді үш жігіт. Осы келісім бойынша олар еліне қайтады. Төле би кісілерімен қырғыз еліне жүріп кетеді. Екі ай өтеді. Төле би қырғыз, қазақ дауларын шешіп, тындырып еліне оралады» [2, 186 б.].

Қазақ пен қырғызды бір туған бауырлар деп есептеген қазақ билері, олардың дауларына да бірдей араласқаны күмәнсіз.

Ал, егер Төленің Ташкент аумағында өмір сүргенін ескерсек, онда оның қазақ, өзбек дауларына да араласып оларға да бітім айтушы би болғанын жоққа шығаруға болмайды.

Жер-суға таластан туған қазақ рулары мен тайпалары арасындағы нақты дауларды шешу барысында шешім шығарушы билер ең басты бағдар есебінде елдің бірлігі мен тыныштығын сақтау, ынтымағын бұзбау, сызат түскен ағайын жарастығы болса оны орнына келтіру сияқты қағидаларды алға ұстағанын байқаймыз. Осы бағыт-бағдар, қағида-құндылықтардың талаптары аумағында сот шешімдерін қабылдау үшін билер өздерінің бар қажыр-қайратын, ақыл-білімін, шешендігі мен шеберлігін пайдалана білді. Осы ретте Төленің ел аузында сақталған мына бір шешімін толық келтіре кеткеннің артықтығы жоқ сияқты. «Іргелес отырған Жанту және Жантас ауылының екі жігіті шабындыққа таласып қалады. Ақырында бірін-бірі көрмеуге серттесіп, екеуі ат кекілін кеседі. Ай өтеді, жыл өтеді. Бірақ екеуі татуласпай қояды. Әкелері мен аталарының ақыл-кеңесіне мойынсынбайды. Осыны естіген би араздасқан жігіттерді шақыртады. Төленің үйіне екі жақтан келген екі жігіт аттарын бір қазыққа байлап үйге кіреді. Тізе бүгіп биге қол беріседі. Би ләм-мим демей екі жігітпен сыртқа шықса екеуінің аттары бірін-бірі қасысып тұр екен.

- Япырым-ай, мынау екеуінің татуын қарашы? - дейді Төле қасынып тұрған аттарды көріп, - кекілдері де келісті екен.

Бидің осы сөзінен кейін екі жігіт қол алысып татуласады.

- Жолдарың болсын! - депті оларға Төле би» [2, 178 б.].

Ел арасына «Мынау екеуінің татуын қарашы» немесе «Кекілдері де келісті екен» деген айдармен тараған бұл шешім адам аралық жарастық пен түсіністікті мадақтауға арналған, татулық пен келісімді дүние-мүлік үшін таластан жоғары ұстауды үндейді.

«Сары табақтан сарқыт қайтады», ал кейде «Ақты ақ деп бағалар» деген айшықты сөздер арқылы халық жадында сақталған жер дауына байланысты тағы бір шешім енді жеке адамдар арасындағы емес тайпа аралық келісімді, рулар арасындағы бірлікті бетке ұстайды.

Мәселен Шу өзенінің Балқашқа жақын жайылым алқабына үйсін мен арғын руларының талас-тартысына байланысты туындаған жер дауында Төле би жас болса да «жар астында жау тұрғанда өзара жерге бола таласу құптарлық іс емес» деген ойға баса көңіл аударады. Ел ағаларының жас Төленің сөзіне бірден тоқтап, бітім айтуды соған бергендігін оның осы сөзінің сол кездегі шырылдап тұрған шындық екендігінен болса керек. Жауға қарсы барлық күшті жұмылдыру керек, ел бірлігін сақтау керек деген мақсатқа берік би жерді де бірігіп пайдалану ұсынысын ортаға салады. Дауласушы екі жақ билері де осы бір қарапайым да бірақ әділ төрелікке тоқтауға мәжбүр болады.

Жер-су дауына байланысты ең әйгілі де халық арасына кең тараған атышулы даулардың бірі Қасқакөл дауы.

Бұл даудың хатқа түскен бірнеше нұсқасы бар. Барынша толық әрі кең нұсқасын С.Өзбекұлы жарияласа, ықшам да шағын түрін І.Есхожин жарыққа шығарды. Біз осы екі нұсқаны да басшылыққа ала отырып аталмыш дауды талдау талқысына салғанды жөн көрдік. Әңгіме-дерекке сай, қазақ жұрты малдарын жайлаудан күзеуге қарай түсірген сәтте Қасқакөл маңында жерге таласып, ұрыс-жанжал көп болған екен. Бір-бірімен өршілескен рулар малдарын барымтаға салып, кісі өліміне жиі-жиі әкеліп соқтырады. Осы дауды шешу үшін ұлы жүзден Төле би, кіші жүзден Әйтеке би бас қосып дауды бір жолата бітіруге бел буады. Негізінде Қасқакөлді бұрынғы заманнан бері Орта жүз пайдаланып келген екен [3, 28 б.]. Төле мен Әйтеке өзара ақылдасып, көлді үш жүз рулары бірігіп пайдаланғаны дұрыс деген шешімге келеді. Осы шешімді Төле би Орта жүз биі Ормамбетке хат арқылы жеткізеді. Ормамбет хатқа хатпен жауап беріп, көлді бөлуге келіспейтіндігін білдіреді.

Хат арқылы дау бітпейтін болған соң, Төле мен Әйтеке арнайы үй тіктіріп Ормамбетті шақыртады. Мәселені жүзбе-жүз кездесіп, келіссөз арқылы шешуге ұмтылады. Енді жоғарыда айтылған әңгіме-деректің екі нұсқасына оларды өзара салыстыра отырып орын бергенді жөн көріп отырмыз. Себебі, даудың соңғы шешімі ғана емес оның басталу, жалғасу, өрбу сатылары да өте қызықты әрі өнегелі. І.Есхожиннің нұсқасына сәйкес «Қасқакөл жағасына жиырма үй тігіледі. Ормамбет келіп Төле мен Әйтекеге сәлемдеседі. Сонда Төле:

- Ей Ормамбет! Мен әлі тірімін,өлгем жоқ. Бұдан бұрын неше сәлем айтсам да келген жоқсың, ер кетер, жер кетер. Ей Ормамбет, сен бізден кіші боласың, сен ілгері барасың, біз кейін келеміз, сен жас едің, көңілдегіңді аларсың! - дейді. Әйтеке де Төленің сөзін қостап:

- Бай болсаң, халқыңа пайдаң тисін, батыр болсаң дұшпанға найзаң тисін. Бай болып пайдаң тимесе, батыр болып найзаң тимесе жұрттан ала бөтен үйің күйсін - деген, бізге кейінгілер соны айта ма деп қорқамын дейді. Сонда Ормамбет:

- Екі би, айтқан сөзің жарасады, еншіге әркімдер-ақ таласады, бұл Қасқакөл Орта жүздің көлі еді, айтқандарың қиянатқа жанасады. Қанағатсыз билерді қабан деген, қамшылатқан жүйрікті шабан деген, біреудің ақысына зорлық қылса, ақыретте мұндай істер жаман деген,- дейді. Төле-би айтады:

- Ей, Ормамбет, сен бізге Қасқакөлді бер. Қасқакөл, рас, саған жақынырақ. Бардан пайда, жоқтан залал деген, не берсе қайырын тілеп көріңіз. Үш жүздің ортасында Қасқакөл бар, әр жерде су ішетін басқа көл бар, үш бөліп енші қылып алысайық, жер жетер көңіліңді ұстама тар. Үшеуі олай сөйлесіп, былай сөйлесіп келісе алмайды. Ормамбет екі биге ырық бермеген соң Төле қатты сөздер айтады» [4, 156 б.].

С. Өзбекұлының нұсқасы бойынша Төле Ормамбетке ашуланып оның орыс тәрбиесін алғандығын бетіне басып қатты сөздер айтады. Ормамбет те Төленің бұл сөзіне шыдай алмай жауап қайырады. Екі би ашу үстінде бір-бірінің жеке бастарына тиісіп, бір-бірінің өзара кемшіліктерін термелеп, бір-бірінің беттеріне басады. Келелі кеңестің орнына отбасы, ошақ қасылық ұсақ кикілжіңге орын берілгені сезіледі. Мұндай жағдайда жер дауының бітпесі өзінен-өзі түсінікті де. «Дау бітпей, Ормамбет еліне қайтады, - деп жалғастырады І.Есхожин нұсқасындағы дерек-әңгіме - Үйіне келген соң, даудың мән-жайын бастан-аяқ сөйлейді. Сонда Ормамбет бидің анасы:

- Балам, қарт билерді бекер ренжіткен екенсің, әлі де болса, тілімді алсаң, Қасқакөлді бөліп бер, - дейді. Анасы айтып қоймаған соң Ормамбет көнеді. Үй тігіп, тоғыз бие сойып Төле мен Әйтекені шақырады. Сонда Төле би:

- Билер жақсы болса білім иесі батыр-дағы, жаман болса, сал бөкселі қатын-дағы. Әйел жақсы болса елдің басшысы емес пе? Бұрынғылар осылай демес пе! (С.Өзбекұлының нұсқасында: «Әйел жақсы болса, ел иесі – батыр туады, Әйел жаман болса, ер бөкселі болса да қатын туады. Жақсыдан жақсы туса, атасының жолын қуады, Жақсыдан жаман туса, атасының абыройымен бетін жуады. Бұрынғы жақсылардың сөзі осылай емес пе?») Қасқакөлді алам деп келіп едім? Ормамбет бермеген соң өліп едім. Жетпіс жасқа келгенде сөзім жерде қалып, мәңгіде тірілмейтін өлік едім. Жеңгей, мені тірілттіңіз, енді балаңызға бата берейін – дейді [4, 157 б.].

Жер-су дауларын шешудегі билердің басты еңбегі – ел бірлігін және тұтастығын сақтауға ұмтылуы, жер үшін таластың ушығып кетуіне жол бермеуі, өз беделі мен шешендігін халық ынтымағын ыдыратпауға жан аямай жұмсауы. Сонымен бірге данышпан билер жер-су дауларын шешу барысында елге өнеге боларлықтай көптеген өсиет сөздерді артына қалдырып кетті.
Қолданылған әдебиеттер тізімі

1. Адамбаев Б. Төле би шешен / Қазақтың ата заңдары: құжаттар, деректер және зерттеулер. 10 томдық / Бағдарлама жетекшісі: С.З.Зиманов. 1-том. –Алматы: Жеті жарғы, 2004. -632 б.

2. Төреқұл Н. Майқы би және Төле би / Қазақтың ата заңдары: құжаттар, деректер және зерттеулер. 10 томдық / Бағдарлама жетекшісі: С.З.Зиманов. 1-том. –Алматы: Жеті жарғы, 2004. -632 б.

3. Өзбекұлы С. Қазақтың саяси-құқықтық ой-пікір тарихының өзекті мәселелері. –Алматы. Білім, 2004. -128 б.

4. Қара қылды қақ жарған: билер мен шешендер сөздерi / құраст. І. Есхожин. –Алматы: Қайнар, 1995. -256 б.
References

1. Adambaev B. Tөle bi Sheshen / Kazaқtyn ata zandary: kuzhattar, derekter zhane zertteuler. 10 volms / Bagdarlama zhetekshіsі: S.Z.Zimanov. 1 vol. -Almaty: Zheti Zhargy, 2004. -632p. (in Kaz.)

2. Tөreқұl N. Mayky zhane Tөle bi/ Kazaktyn ata zandary: kuzhattar, derekter zhane zertteuler. 10 volms / Bagdarlama zhetekshіsі: S.Z.Zimanov. 1 vol. -Almaty: Zheti Zhargy, 2004. -632 p. (in Kaz.)

3. Uzbekuly S. Kazaktyn sayasi kukyktyk-oi-pіkіr tarihynyn ozektі maseleleri. -Almaty. Bilim, 2004. -128 p. (in Kaz.)

4. Kara kyldy kak zhargan: Biler men sheshender sozderi / kurast. I. Eskhozhin. -Almaty: Kaynar, 1995. -256 p. (in Kaz.)
Резюме

Статья посвящена исследованию судебных решений казахских биев, вынесенных при рассмотрении земельно-водных споров. Анализируются особенности решения земельно-водных споров, правовая сущность заветов и ораторских изречений казахских биев. В статье проблема о юридической природе земельно-водных отношений у казахов освещается в неразрывной связи с ее нравственно-этическими основаниями.


Resume

The article devoted to the court decisions of Kazakh biy, which made in the consideration of land-water disputes. This article analyzes the characteristics of solutions of land-water disputes, the legal nature of the covenants and oratorical utterances of Kazakh biy. In the article the problem of the legal nature of the land and water relations of the Kazakhs is illuminated in close connection with its moral and ethical bases.

Мынбатырова Н.К.

Особенности решения земельно-водных споров в традиционном обществе казахов

Mynbatyrova N.K.

Features of decisions of land-water disputes in the traditional society of the Kazakhs


Автор туралы деректер:

Мынбатырова Н.Қ. - заң ғылымдарының кандидаты, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мемлекет және құқық теориясы мен тарихы, конституциялық және әкімшілік құқығы кафедрасының доценті

Жұмыс орнының мекен-жайы – Алматы қаласы, әл-Фараби даңғылы 71

Телефон: 3 773333, ішкі 12-55, 12-56

e-mail – nurlaiym@mail.ru
Сведения об авторах:

Мынбатырова Н.К. - кандидат юридических наук, доцент кафедры теории и истории государства и права, конституционного и административного права КазНУ им. аль-Фараби

адрес место работы – г. Алматы, пр. аль-Фараби 71

Телефон: 3 773333, вн.12-55, 12-56

e-mail – nurlaiym@mail.ru

Data of author :

Mynbatyrova N.K. - a candidate of juridical science, associate professor of department of theory and history of the state and law, constitutional and administrative law, law faculty of Аl-Farabi Kazakh National University.

address job is a city Аlmaty, boulevard of Аl-Faraby 71



Telephone: 3 773333, internal 12-55, 12-56

e - mail - nurlaiym@mail.ru


©dereksiz.org 2016
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет