400
Сүлеймен қарақшы
сипаланып, бiрдеңенi ысырып қалғанда жарқырап дала көрiндi.
Әйелдiң әлгi сыпырып ашқаны да киiз екен. Кiре берiс тесiктi
сонымен тұмшалап қойыпты.
— Бұл қай жер? — дедi Сүлеймен сыртқа шыққасын.
— Ескi қорғанның орны ғой.
— Шаһар алыста ма?
— Анау өзендi жағалап жүрсеңiз, демде жетесiз.
— Ол қай өзен?
— Салар.
— Жаңағы қашқан жөйiттер қайда кеттi?
— Бiр жерге тығылып қалған шығар.
— Бекаба осында ма?
— Жоқ, ол кiсiнiң үңгiрi Бозсудың бойында.
Сүлеймен айналаға көз тастады. Жан-жақтың бәрi төбешiк-
төбешiк болып үйiлген ескi тамдардың орны. Шетте айнала
ескi қорғанның үйiлген қалдығы көрiнедi.
Табан астында ескi
қыштардың сынықтары шашылып жатыр. «Сұм жөйiттер адам
жейтiн орынды құп тапқан екен».
— Жүр, маған шаһарға баратын жолды көрсет.
Әйел алда, Сүлеймен артта жүрiп, жиырма қадамдай өткенде,
алдыңғы үйiндiнiң тасасынан бiр еркек шыға келiп, оң жаққа
қашты. Сүлеймен әйелдi тастай салып, қуып бердi. Анау желаяқ
екен. Бұл оған жете алмасын бiлдi де, бiр қыштың сынығын ала
сап, лақтыра ұрды. Қыш қашқынның тура жон арқасына тиiп,
етпетiнен түсiрдi. Сүлеймен жүгiрiп барып, шап бердi.
— Өлтiрмең, өлтiрмең.
Қызды әкелген мен емес, — деп
жалынды ол.
— Ә, өлiмнен қорқасың ғой тағы. Жаңағы қыз өлiмнен
қорықпады деймiсiң. Басыңды жұлып алайын сенiң, — деп
ұрайын деген оймен қолын көтерiп тұрып, сабыр сақтады.
— Айтқанымның
бәрiне жауап берсең, өлтiрмеймiн.
— Сұраңыз, сұраңыз. Бiлетiнiмнiң бәрiн айтайын.
— Менi шаһарға қарай алып жүр. Сұрайтынымды жолай
сұраймын.