БІЛІМ БЕРУ САЛАЛАРЫ БОЙЫНША
ДИДАКТИКАЛЫҚ ОЙЫНДАР ҮЛГІЛЕРІ
Қазақ тіліндегі дидактикалық ойындар
Саққұлақ
Мақсаты: Есту қабілетін дамыту, белсенді сөздікті толықтыру, фразалық сөйлеуін дамыту
Қажетті құралдар: қалқа (тасалап тұратын нәрсе), қоңырау, сылдырмақ, дабыл және т. б.
Ойын барысы:Тәрбиеші қалқаның артында тұрып, кезек бойынша жоғарыда аталған заттармен дыбыс шығарып және балалардан дыбыстың қандай заттан шыққанын табуын ұсынады. Дыбыстар бала оларды табу үшін, анық және кезектесіп шығуы керек.
Ақшақар
Мақсаты: Сөйлеу тынысын дамыту, бірқалыпты және ұзақ дем шығара білуді (ауаны ауызға толтырмай) қалыптастыру.
Қажетті құралдар: Мақтаның бірнеше бос түйіршіктері.
Ойын барысы: Тәрбиеші мақтаның бөлігін көрсетіп, айтады «Далада қар жауып тұр. Келіңдер, топта қар жаудырамыз» Содан соң баланың алақанына «ақшақарды» салады және қалай үрлеу керек екенін көрсетеді. Сосын бала үрлейді. Жаттығу 2-3 рет орындалады.
Ақша қар, Ақша қар
Аппақ болып қонасың.
Тоса қалсам қолымды,
Алақаныма қонасың.
Жапырақтар
Мақсаты: Бірқалыпты, ерікті дем шығаруға үйрету.
Қажетті құралдар: Жұқа қағаздан ойып жасалған сары және қызыл жапырақтар.
Ойын барысы: Тәрбиеші балаға күзде ағаштардың жапырақтары түсетінін түсіндіреді. Бұл құбылыс жапырақтардың түсуі деп аталады. Жапырақтардың түсуін үйде ұйымдастыруды түсіндіреді. Бала жапырақтар ұшатындай, оларға үрлейді. Жаттығу 2-3 рет орындалады.
Алтын, сары, қызыл, көк,
Алуан – алуан жапырақ.
Күзгі бақта күлімдеп,
Көз тартады атырап.
Ұш, көбелек!
Мақсаты: Ұзақ, үздіксіз дем шығара білуді қалыптастыру.
Қажетті құралдар: 2-3 қағаздан жасалған, айқын боялған көбелектер ( әрбір көбелекке ұзындығы 50 см жіпті байлайды және оларды бір-бірінен 30 см қашықтықта бауға байлайды. Бауды көбелектер баланың бетінің деңгейінде салбырап тұратындай екі тіреудің ортасына кереді).
Ойын барысы: Тәрбиеші балаға көбелектерге ұшатындай етіп, оларды үрлеуді ұсынады. Баланың тік тұруын, ауаны ішке жұтқанда иықтарын көтермеуін, бір рет дем шығарып үрлеуін, ауаны жұтпауын, ұрттарын толтырмауын, ал еріндерін алға шығаруын қадағалау қажет.Бала басы айналмас үшін, 10 секундтан артық емес үзілістермен үрлеуі қажет.
Қанаттары әдемі,
Қызыл – жасыл көбелек.
Гүлге қонып қалыпты
Бір ғажайып керемет.
Бар даланы жайнатып,
Гүлден – гүлге қонады.
Көбелектің қанаты
Гүлдей әсем болады.
Аулада
Мақсаты: Тілдік естуді және дауысқа еліктеу қабілеттілігін дамыту.
Қажетті құралдар: Ойыншық қораз, тауық, қаз, торғай.
Ойын барысы: Тәрбиеші өлеңді мәнерлеп оқиды және сәйкес суреттерді көрсетеді.
Ақ тауық ау ақ тауық
Ақ тауық неден қақсауық
Ертемен қыт - қыттайды
Ауламыздан шықпайды.
Балпаң басқан үйрегім
Бұлтыңдайды бүйрегің
Жалпақ тұмсық жем іздеп
Қырқылдайсың,қоймайсың
Тамаққа бір тоймайсың.
Торғай – торғай тоқылдақ
Жерден тары шоқып ап.
Бөтегесі томпайып,
«Шиқ-шиқ» десіп отырмақ.
Тікірейіп құлағы,
Менен бұрын тұрады.
Бойын жазып керіліп,
Беті – қолын жуады.
Мяу – мяу, мяу – мяу.
Достарыңызбен бөлісу: |