Діни экстремизм төтенше жағдай ретінде омарова Ә. Т



Дата14.06.2016
өлшемі55 Kb.
#136021
ДІНИ ЭКСТРЕМИЗМ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙ РЕТІНДЕ
Омарова Ә.Т.

әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті, PhD докторант

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына «Қазақстан-2050» стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында еліміздің ендігі межесі мен алар асуын айқындап берді. Жолдаудың тағы бір ерекшелігі – идеология мәселесі мен ұлттық құндылықтарға айрықша көңіл бөлінуі. Сондай-ақ, дін мәселесі де назардан тыс қалған жоқ.

Баршамызға белгілі, қазір бүкіл әлемде діни қарым-қатынастарда теріс пиғылды көріністер етек алып, діни негізде адамның құқықтары мен бостандығын бұзушылық, азаматтардың денсаулығына зиян келтіру төтенше жағдайлар ретінде қарастырылуда. Еліміздің батыс аймақтарында бірқатар лаңкестік әрекеттердің орын алуы, құқық қорғау органдары мен арнайы қызметтердің жасырын экстремистік топтарды әшкерелеуі еліміздегі қауірсіздікті нығайтуды талап етеді.



Теріс әрекетті сипаттау үшін ең алдымен оның мәні мен мақсатын анықтап алуымыз қажет. Қазіргі ғалымдардың көзқарасы бойынша экстремизм — бұл соңғы көзқарасты және шараларды немесе белсенді әрекетті айтады. В.Ю.Голубовский экстремизмді қайшы көзқарастар мен шараларды ұстанушылар, мемлекеттегі қоғамдық нормалар мен мінез-құлықтық тәртіпті жеке тұлғалар немесе бірлестіктер тарапынан теріске шығару деп анықтайды [1, 6б.].

А.Г. Хлебушкин, керісінше, экстремизм бұл құқыққа қарсы әрекет, оның жүзеге асуы конституциялық құрылым негізіне немесе тұлға аралық қатынастардың конститциялық негізіне зиянын тигізеді немесе тигізуі мүмкін деп есептейді [2, 14б.].

Н.Н. Афанасьев экстремизмге басқа көзқарастарға шыдамдылық танытпайтын және қатал құқыққа қарсы әрекеттерге негізделген әрекеттер әдісі деп анықтама береді. Оның көзқарасы бойынша,экстремизм шынайылықты теріске шығарады, бқл өз кезегінде, зорлық-зомбылыққа әкеледі [3, С. 230 - 234]. Осындай көзқарасты А.В. Ростокинскийда ұстанады. Ол бойынша, экстремизм қоғамдағы саяси және құқықтық нормаларды, құндылықтарды, процедураларды, саяси жүйені ұйымдастырудың негізгі принциптерін теріске шығару, саяси тұрақтылықты, билікті, құқықтық тәртіпті жойып жіберуді мақсат етеді [4, 7б.].

Қазіргі уақытта экстремизм деп идеологиялық негіздегі өздерінің көзқарастар жүйесін бекіткісі келетін, осыған жету үшін кез келген тұлғаға өз көзқарастарын мойындатқысы келетін белгілі бір іс-әрекеттерді айтуымызға болады.



Ондай әрекеттерге тәртіпсіздікті провакациялау, азаматтық бағынбаушылық, террорлық акциялар, партизандық соғыстарды жатқызуға болады. Ал «діни» дегенді қандайда бір діни көзқарасты ұстану деп түсініледі. Ал іс жүзінде экстремистік ұйымдар жалпыға ортақ идеологиясы бірлестікті білдірмейді. Олардың көпшілігі әлемдік діндерді ұстанатындықтарын алға тартады, бірақ шындығында саяси көзқарастарын пропагандалайды.

Экстремистік діни құрылымдардың өзіндік ерекшелігі – олар саяси сипатқа ие және сенушілерді дәстүрлі діндерге қарсы қоюды мақсат етеді.

Бүгінде діни экстремизм Таяу Шығыс елдерінде ушығып тұр. Бұл дерт Ауғанстан, Пәкістан, Палестина, сондай-ақ бұрынғы кеңестік кеңістіктегі Тәжікстан елдерінде тамырын терең жайған. Бұлардың нағыз исламмен үндеспейтін жері бітіспес кекшілдігі деуге болады. Осындай дәстүрлі емес діни топтардың Орта Азияға соның ішінде Қазақстанға келуінің себебі халықты өз саясатын пайдаланып, қоғамда араздық туғызу.

Халықаралық сарапшылар әлемнің түкпір-түкпірінде радикализмнің таралуын мемлекеттің әлеуметтік саясатындағы проблемалардан іздейді, адамдардың мұндай шектен тыс әрекеттерге баруына қазіргі ақпараттық және серпінді дамыған идеологиялық факторлардың әсері бар деуге бейім.

Діни экстремистік әрекеттердің Қазақстан жерінде бой көр­се­туі әртүрлі жағдайлармен түсін­ді­ріледі. Мәселен, ресейлік сарапшы А.Собяниннің пайымдауынша, ислам радикализмін тарату – мұ­сылман емес елдердің арнайы жасалатын мақсатты әрекеттері. Қазақстандағы ді­ни ахуалдың өрбуі оның ішкі жағ­дайымен ғана емес, Орталық Азия және басқа елдердегі саяси-әлеуметтік ахуалмен де байланысты. Сол себептен де біздің кеңестік кезеңде де мұсылмандық сенім әсерінен алыс ажырай қоймаған көрші Орталық Азия елдеріндегі қоғамдық-саяси жағдайдың қалыпты дамуына алаңдаушылықпен қарайтынымыз да рас. Қазіргі уақытта сол елдердің кейбірінде исламдық идеялармен бүркенген күштер мемлекеттік билікке оппозиция құрап, саяси жолмен болсын, қарулы жолдармен болсын, билікті қолдарына алу мүмкіндіктерін қарастырып отырғаны да белгілі.

Тәуелсіздігіміздің соңғы екі онжылдығында Қазақстанда діни бірлестіктер мен еліміздің конфессияаралық кеңістігінің динамикалық құрылымдық ауысуының өсімін байқап отырмыз. Көріп отырғанымыздай, бұл үдеріс біздің қоғамымыздың құндылықтық бағдары жүйесіндегі діни құндылықтар рөлінің артуынан көрінеді. Бұған, 2010-11 жылдары Қазақстан Республикасы Дін істері агенттігі жанындағы Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығының Қоғамдық пікірді зерттеу Орталығымен бірлесе жүргізген әлеуметтік зерттеулер нәтижелерінің салыстырмалы талдауы дәлел бола алады. Зерттеу нәтижесі бойынша еліміздегі тұрғылықты халықтың 90% астамы өздерін Қазақстандағы екі негізгі дінді – исламдағы ханафи мазхабы мен христиандағы православиеге жатқызады. Сауалнамаға жауап бергендер ішінара, шамамен 73% өздерін «өте діндар», немесе «діндар», немесе «белгілі бір деңгейде ғана діндар» деп есептеген [5]. Алайда, белгілі бір дінді ұстану немесе қандай да бір дінге қатыстылық Қазақстан халқының дінді ұстану деңгейін анықтап бере алмасы анық. Дегенмен, халықтың басым бөлігінің дінге деген бетбұрысы байқалғанымен, діндарлық салттық немесе формалды сипатқа ие.

2011 жылдың 11 қазанында Мемлекет басшысы «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңына (бұдан әрі – Заң) қол қойды.

Діни бірлестіктерді қайта тіркеу үдерісінің нәтижесінде Қазақстандағы конфессияларды жіктеу жүйесі жетілдіріліп, 2011 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 46 конфессия мен деноминацияларды біріктіретін 4551 діни бірлестік пен заңды тұлға белгілері жоқ саны аз діни топтардан Қазақстанда 17 конфессия өкілдерінен құралған 3088 діни бірлестік пен олардың филиалдары қалды. Осылайша, діни бірлестіктердің 32%-ы немесе үштен бірі қысқарды. Солай болса тұрса да, қазіргі кезде Орталық Азияда қалыптасқан діни ахуалға ықпал етуі мүмкін діни көзқарастағы ағымдардың белең алуы байқала бастады. Мұндай ағымдардың өрістеуіне діни қағидаттарды толық түсінбеушілік, берік өмірлік танымдардың болмауы, сонымен бірге, азаматтардың сенгіштік қасиеттері қолайлы жағдай жасауда. Ал мұндай кері діни ағымдарды таратушыларға өздерінің көзқарастарынан басқа сенімдегі адамдарға, тіпті бір сенімдегі адамдардың өзіне төзімсіздік көрсету мінез-құлқы тән.

Қазіргі уақытта экстремистік қозғалыстар әртүрлі агрессиялы жастар субмәдениетін, ресми емес бірлестіктерді, топтарды, сонымен қатар бұрын сотталғандарды өздерінің қатарына қосуға ұмтылады. А.Ю. Головин и В.О. Давыдовтың көрсеткеніндей, экстремизм құбылысы динамикалы және күн сайын жаңа сипатқа және белгілерле ие болып келеді. Қазіргі ақпараттық қоғамда экстремистік ұйымдар коммуникациялық технологияның соңғы жетістіктерін белсенді қолданады, өздерінің іс-әрекеттерінде тоыбрлық қоғамдық санаға әсер ететіндерін енгізуде [7, 4б.]. Соңғы жылдары экстремистік қозғалыстар өздерінің әрекеттерінде жастарды тартуы белсенді болып отыр. Эксперттік бағалаулар бойынша, орташа алғанда экстремистік сипаттағы ұйымдарға қатысушылардың 80 пайызын 30 жастан аспаған жастар құрайды.

Жастар арасындағы экстремизмнің негізгі ерекшеліктерін бөліп көрсетуге болады:



  • Экстремизм маргиналды ортада қалыптасады. Ол жастардың жағдайын анықтай алмауымен және көзқарастарының

  • Экстремизм заңға бағынуға бағыттайтын әрекет етуші нормалармен тәртіптері жоқ жүйелер мен ситуацияларда көрінеді.

  • Экстремизм өзін-өзі сыйлау төмен деңгейі көрінетін қоғамда және топта немесе тұлға құқығын шектейтін жағдайларда пайда болады.

  • Бұл феномен «мәдениеті төмен деңгейдегі» қауымдастыққа ғана тән емес, сонымен бірге, біртұтастығы жоқ қайшылықты мәдениетке тән.

  • Экстремизм зорлық идеологиясын қабылдаған қоғам мен топтарға сай келеді.

Жастардың бұл қозғалыстарға кіруіне психологиялық және әлеуметтік факторлар әсер етуі мүмкін. Психологиялық тұрғыда жастық кезең өзін-өзі тануының дамуымен, әділеттілік сезімінің шиеленісімен, өмірдің мәні мен құндылыңын іздеумен сипатталады. Әлеуметтік тұрғыда жастық кезең маргинал позициясында болады, ол кезеңде олардың мінез-құлқы ешқандай әлеуметтік-экономикалық факторлармен (отбасы, жеке меншік, перспективалы жұмыс және т.б.) анықталмайды.

Радикалды діни ағымдарға қалай қарсы тұруға болады? Күштік және превентивті әдістер бар. Превентивті жұмыстардың сапалық тұрғыда жақсарғаны дұрыс. Осыған байланысты, қоғамдағы ондай экстремистік идеялардың таралуына ең әуелі зияткерлік тұрғыда қарсы тұру керек. Діни экстремистерді залалсыздандыруда өзге де ықпал ету шараларымен қатар теологтардың рөлі аса зор. Тәжірибелі теологтар, дінтанушылар, дін саласы мамандары – экстремистер мен радикалдардың идеологтарына сауатты әрі жоғары дәрежеде қарсы тұра алатын қоғамның бірден-бір категориясы. Теологтар қасиетті Құран кітабындағы қазыналы әмбебап білімге ие. Діни догматика саласы мен діни сенімнің доктриналық ережелерін, рәсімдерді және өзге де культтік практикаларға қатысты білімнің молдығы оларға батыл идеялық қарсыластарымен ұстасуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ радикалды діни ағымдарға қарсы күресу жолдарын іздеумен жекелеген ғылыми-зерттеу орталықтары және институттар айналысуда.

ҚР ДІА Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығының қызметкері Ғ.С. Әбілдинованың ойынша, еліміздегі діни экстремизмді болдырмау және оның алдын алу үшін шешуші қадамдар жасау қажет. Олардың ішінде мынадай жұмыстарды атқарған жөн: жастардың білімін жетілдіруге, мәдени өмірге, спортқа және бос уақытты өткізудің басқа да пайдалы түрлеріне қатысуына кең мүмкіндіктер жасау, еңбекпен және жұмыспен қамту саласындағы жастар үлесін арттыру, осыған орай жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейінің мониторингісін ұдайы жүргізіп отыру, жастардың баспана мәселесін шешуге көмек көрсету, қазақстандық қоғамдағы отбасы құндылықтарын дәріптеу, жас отбасыларды мемлекет тарапынан қолдауды күшейту, қазақстандағы қоғамдық жағдайды тұрақсыздандыруға тырысатын кез келген экстремистік көріністерге жастардың қарсы тұра білуі үшін ақпараттық алдын алу жұмыстарды күшейту, жасөспірімдер мен жастардың дін, ар-ұждан саласындағы біліміне қатысты сұрақтарына жауап іздеу мүмкіндіктерін кеңейту мақсатында ақпараттық- насихат жұмыстарын жүгізу керек. Осы ұсыныстарды жүзеге асыру жолына мүдделі және уәкілетті барлық органдар мен ұйымдарды тарту қажет [7].

Жалпы, радикалды діни идео­логияға қарсы тұра білу жан-жақты қарастырылған, кешенді іс-шараларды жүргізуді талап етеді. Осы және Елбасының 2012 жылғы Қазақстан халқына Жолдауындағы алға қойған міндеттерін ескере келіп, қазіргі күні «Қазақстан Республикасының 2013-2017 жылдарға арналған діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі бағдарламасы» жасалды. Ендігі ретте онда қарас­тырылған іс-шараларды жүзе­ге асырудың жолдары мен мүм­кіндіктері қарастырылуда.

Қазақстан Республикасының «Экстремизмге қарсы іс-қимыл туралы» Заңы діни саладағы экстремизмге тойтарыс беруге негізделді. Осы Заңға сәйкес, діни экстремизммен күресу мемлекеттік органдардың қызметіне жатады. Яғни, адам құқықтары мен азаматтардың бостандықтарын, конституция негіздерін қорғауға бағытталған шараларды жүзеге асыру көпконфессиялы еліміздің тұтастығы мен ұлттық қауіпсіздігін экстремизм қатерінен қорғап, экстремизмнің алдын алу, анықтау, жолын кесу және оның салдарын жою, сондай-ақ экстремизмнің жүзеге асуына жол ашатын себептер мен алғышарттарды анықтап, жойып отыру мемлекеттік органдардың басты міндеті.


Қолданылған әдебиеттер:

1. Голубовский В.Ю. О совершенствовании деятельности органов внутренних дел, других субъектов системы профилактики по предупреждению безнадзорности и правонарушений несовершеннолетних // Защита прав и профилактика правонарушений несовершеннолетних: Материалы Международной научно-практической конференции (26 - 27 августа 2005 г.). М.: ДООП МВД России; ВНИИ МВД России, 2006.

2. Хлебушкин А.Г. Преступный экстремизм: понятие, виды, проблемы криминализации и пенализации: Автореф. дис. ... канд. юрид. наук. Саратов, 2007.

3. Афанасьев Н.Н. Идеология терроризма // Социально-гуманитарные знания. 2002. N 1.

4. Ростокинский А.В. Современный экстремизм: криминологические и уголовно-правовые проблемы квалификации и противодействия. М.: Наука, 2007.

5. «Қазақстандық қоғам санасындағы дәстүрлі, ұлттық және діни құндылықтар» тақырыбындағы әлеуметтік зерттеулер қорытындысы бойынша есеп // Қазақстан Республикасы Дін істері агенттігінің Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығы РММ, Астана, 2011 жыл.



6. Головин А.Ю., Давыдов В.О. Криминальные технологии использования социальных компьютерных сетей в экстремистских целях. // Известия ТулГу. Экономические и юридические науки. Вып. 3.2. – Тула, 2012.

7. Діни экстремизм – ақиқат діннің жауы \\ Дін және қазіргі заман: Қазақстан Республикасы Дін істері агенттігінің және Агенттіктің ведомствалық ұйымдары мен аймақтық департаменттері қызметкерлерінің БАҚ беттерінде жарық көрген мақалаларының жинағы / Құраст. Ж.Қ. Жарқымбеков, Н.Х. Шубаев. – Астана, Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығы. 2013. – 162б.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет