«Лат-манат» деп айқайлап,
Көтермекке Орақты
Дінсіз залым ырғады [3,113].
Бұл – қалмақ батырының іс-әрекеті. Қазақ батырлары жауға шабарда «Аллалап» ұрандар болса, қалмақтар «лат-манат» сөзін айтады. Яғни бұл қос сөз қалмақтардың ұраны болып келген. Енді сөздің мағынасына үңілсек. Лат – ислам дініні келмей тұрғанда, арабтардың табынған құдайының аты, ал манат сөзі де сол секілді құдайдың аты болуы мүмкін. Кейін екеуі қатарынан келіп қос сөзге айналып кеткен. Содан барып қалмақтардың шауға шабар алдындағы ұранына айналған.
Мына жоқтық шіркінге
Көңілім ғамкен болмады-ай [3,117].
Мұнда келген «ғамкен» көңілім сөзімен тіркесе келіп контект бойынша «қам көңіл» мағынасына саяды. Жоқтыққа көңілім бір тоямады-ау, қайғы-шерден, мұңнан арылмадым-ау дегенді білдіреді. «Ғамкен» сөзінің бірінші буынының өзін де қ дыбысының ғ-ға ауысуынан келіп туындауы мүмкін. Ал жырда кездескен «сабат» сөзі көгал, шүйгін, салқын, саялы, шалғынды деген мағынаны береді. Тілімізде «сабат жер» деген тіркесте қалыптасқан. Алайда бұл сөздің де қолданыс аясы тарылғандықтан, лексиканың пассив қабатына жатқыздық. Жырдан мысал:
Алалы жылқы жайлады
Мына шилы сабатқа [3,124].
Жырдан келтірілген үзіндіден де бұл сөздің мағынасы толық аңғарылып тұр. «»Жылқы жайлаған шөбі шүйгін, шалғынды жер» деген мағынаны береді. Жырда кездескен «мубтәла» сөзінің де мағынасы түсініксіз. Біз қарастырып отырған «Бабалар сөзінің» соңғы бетінде бұл сөзге «душар болу, жолығу, азап шегу» деген анықтама берілген.
Бұл мубтәла кез болып
Тіл алмаған соңымнан [3,139].
Мына контексте «мубтәла» сөзінің жоғары айтып өткен мағынасында жұмсалғандығын көре аламыз. Яғни тіл алмай осындай бір азапты жағдайға кез болды деген мағынаны білдіріп тұр. Жырдың тілін талдау барысында «мекер» сөзіне кезітік. Бұл сөздің түсіндірме сөздікте екі түрлі мағынасы бар. Бір мағынасы – тоқтысында қоздаған қой дегенді білдірсе, екіншісі айлакер, қу дегенді білдіреді. Бір қызығы қазақ тілінде көп қолданыла бермейтін бұл сөздің жырда екі түрлі мағынасында да келгендігі. Мысалы:
Сұрады-ау мекер қу Әнжі,
«Күңке, Ағыс қайда» деп [3,163].
Мұнда қу сөзімен байланысқа түсіп плеоназмдық тіркес жасап тұр. Яғни басқаша айтар болсақ «айлакер қу» деген тіркес мағынасында келген. Ал мына бір жолдарда бұл сөздің мағынасы өзгеше. Мысалы:
Мекер мен ақ кем болса,
Әнжінің тілін алмаса,
Мен болдым деп масықпай
Жақынға көзін салмаса [3,175].
Бұл жерде «мекер мен ақ» тіркесінен бұл сөздің жоғарыдағы мысалда келген мағынасынан өзгерек екендігі байқалады. Мұнда «ақ» сөзі малдан алынатын сүт тағамдарының жалпы атауы ретінде айтылған секілді де, «мекер» малға қатысты сөз ретінде жұмсалғандығы байқалады. Сонда бұл сөзді «тоқтысында қоздаған қой» мәнімен сәйкес келеді деуімізге болады.
Достарыңызбен бөлісу: |