Көсемше формаларының қатысуымен жасалатын құрмалас сөйлемдер
Бағыныңқы сөйлемнің баяндауышы ретінде көсемшелер де жұмсалады, әрі есімшеге қарағанда, қосымша әлементтерді қажет етпейді. Қазақ тіліндегі көсемшенің қызметтері туралы айта келе, И. И. Мещанинов “Сөйлемдегі негізгі бөліктің баяндауышындағы қосымша элементтерінің біреуінің анықталған құрылымын білдіретін көсемше құрмалас сөйлемнің жеке бір бөлігінің құрастырушысы ретінде көріне алады. Сөйлемнің бөліп қарастырып отырған бөлігіндегі көсемше бұл жерде де дербес, аяқталған мазмұн алмайды, тек негізгі сөйлемдегі баяндауыштың қызметін нақтылайтындығын көрсетеді.
Әрi қимылдың өзiн, әрi қимылдың амалын бiлдiретiн етiстiктiң ерекше түрi болып саналатын көсемше сөйлемде 2 түрлi синтаксистiк қызмет атқарады:
-
пысықтауыш
-
баяндауыш
Косемшелердiң құрмалас сөйлем жасаудағы ролi оның бағыныңқының баяндауышы қызметiн атқаруынан көрiнедi. Көсемше – етiстiктiң тиянақсыз түрi. Бұлар құрмаластың өзi баяндауыш болып келген бөлшегiн екiншi компонентке бағындыра байланыстырады да, ол бөлшектердiң бiрлiкте, тұтастықта болуын қамтамасыз етедi. Сөйтiп көсемшелер әрi дәнекерлiк қызмет атқарады.
Көсемшелердiң iшiнде сабақтас құрмаластың бағыныңқы компонентiнiң баяндауышы қызметiнде жиi қолданылатыны да және өзi баяндауыш болып келген компонеттi тиянақты компонентпен әр түрлi мағыналық қатынаста құрмаластыратын –ып, -iп, -п жұрнақты түрi. Өткен шақтық көсемшенiң дәнекерлiгi арқылы жасалатын сабақтас құрмалас сөйлемдердiң бiрсыпыраларында тиянақсыз компонент тиянақты компонентке тек тұлғалық жағынан өз дербестiгiн сақтап басыңқы сөйлемнiң ешбiр мүшесiне меңгерiлмей, онымен жарыса, салаласа айтылады.
Жай сөйлемдердi бiр-бiрiмен құрмаластыруда -а, -е, -й, жұрнақты көсемшенiң де өзiндiк ролi бар. Бұл тұлғадағы көсемшелерде тиянақсыздық сипат басым болғандықтан бағыныңқының тұлғалы баяндауышы әрi мағыналық, әрi тұлғалық жағынан тиянақсыз болады.
Аталған формалардан басқа жай сөйлемдi бiр-бiрiмен құрмаластыруда - ғалы / -гелi, -қалы/ -келi жұрнақты көсемше қолданылады. Жай сөйлем құрамында мезгiл не мақсат пысықтауыш қызметiнде жұмсалатын бұл тұлға құрмалас сөйлем бағыныңқысы баяндауышы ретiнде тек соңғы кезде (өте сирек) қолданылады.
Көсемше формасы арқылы жасалатын құрмаластарға тіліміздегі қимыл-сын бағыныңқылар, себеп, қарсылықты, шартты, мезгіл бағыныңқылар мен мезгілдес сабақтастар жатады.
Бағыныңқы комонентi басыңқы компоненттегi iс-әрекеттiң қалай орындалатынын бiлдiретiн сабақтасты амал(қимыл-сын) бағыныңқылы сабақтас деймiз.
Мезгiл, салыстырмалы, себеп бағыныңқылы түрлерi сияқты, қимыл-сын бағыныңқылы сабақтастың компоненттерi бiрi екiншiсiне бағыныңқы, тәуелдi болып, соңғысы алдыңғысын жетектеп, меңгерiп тұрады.
Жасалу жолдары:
-
–п формантты көсемше
-
–а, -е тұлғалы көсемше
-
-ғандай тұлғалы көсемше.
ҚОРЫТЫНДЫ
Қазақ тілінде құрмалас сөйлемдерді топтастыруда құрылымдық, семантика-грамматикалық және функционалдық ұстанымдар басшылыққа алынады. Құрмалас сөйлем синтаксисі – жай сөйлем синтаксисі пәнінің жалғасы. Компоненттері жай сөйлемдерден құралатын құрмалас сөйлемдер өзінің грамматикалық табиғаты мен синтаксистік құрылымы жағынан – ерекше құрылымдық бірлік. Курс аталған синтаксистік бірлікті түзуші тілдік амалдар мен құрмаластың түрлерін, компоненттер арасындағы мағыналық, функционалдық қатынастар мен соған сай қалыптасатын сөйлемнің грамматикалық-семантикалық сипатын қарастырады.
Құрмалас сөйлем синтаксисі студенттерге (бакалаврларға) тілдің синтаксистік жүйесінің құрылысын, бұл жүйенің коммуникация үстіндегі жұмсалысын танытуды міндет етеді. Курс жай сөйлем негізінде құрмалас сөйлем жүйесінің қалыптасу, даму жолдарын, сөйлемнің грамматикалық- семантикалық белгілерін ажырата білуге үйретеді.
Курс мақсаты:
Синтаксис iлiмi төрт салаға бөлiнедi: сөз және оның формаларының синтаксисi, сөз тiркесi синтаксисi, сөйлем синтаксисi (Сөйлем синтаксисiнiң өзi iштей жай сөйлем синтаксисi, құрмалас сөйлем синтаксисi болып бөлiнедi), мәтiн синтаксисi. Құрмалас сөйлем синтаксисі курсының жалпы мақсаты жай сөйлемдердің түрлі тілдік тәсілдер арқылы байланысуы нәтижесінде құрмалас сөйлем түзу қасиетін, компоненттер арасындағы грамматикалық және мағыналық қатынастарды айқындау.
Сөйлем синтаксисi өз iшiнде 2 үлкен салаға: жай сөйлем синтаксисi және құрмалас сөйлем синтаксисi болып бөлiнсе, оның әрқайсысының зерттеу объектiсi бар. Жай сөйлем синтаксисiнiң негiзi зерттеу объектiсi жай сөйлемдер мен олардың түрлерi, сөздердiң бiр-бiрiмен грамматикалық байланысқа түсiп сөйлем мүшесi болуы, сөйлем құрау жолдары болса, құрмалас сөйлем синтаксисiнiң негiзгi объектiсi жеке ойды бiлдiретiн жай сөйлемдердiң өз ара тiркесiп, бiр бүтiнге айналуы, сол арқылы күрделi ойды бiлдiруi болып табылады. Яғни құрмалас сөйлем синтаксисi жеке ұғымдарды бiлдiретiн жай сөйлемдердiң өзара тiркесiп, құрмалас сөйлем болуын және құрмалас сөйлемнiң түрлерiн, жасалу жолдарын тексередi.
Функциясы жағынан жай сөйлем мен құрмалас сөйлем ойды жарыққа шығарудың құралы болғанымен, құрамы мен құрылымы, мағыналық қатынасы жағынан бiр-бiрiнен ерекшеленедi. Құрамы жағынан алғанда, жай сөйлемдер жеке мүшелерден құралатын болса, құрмалас сөйлемдер жай сөйлемдерден құралады. Жай сөйлемдерде бір ғана предикативтi орталық болса, құрмалас сөйлемдер кемiнде екі предикативтiк орталыққа негiзделедi. Құрмалас сөйлем компоненттерi арасында жай сөйлемдердегiдей тиянақталған интанация болмайды. Жай сөйлем жалаң ойды бiлдiрсе, құрмалас сөйлем күрделi ойды бiлдiредi. Құрмалас сөйлемге анықтама беруде жоғарыда аталған структуралық және сематикалық белгiлерi ескерiледi.
Құрмалас сөйлем деп мағыналық жағынан бiр-бiрiне байланысты екi немесе одан көп жай сөйлемдерден құралып, күрделi ойды бiлдiретiн сөйлемдi айтамыз.
Құрмалас сөйлем жай сөйлемдердiң тiркесе салуы емес, бiр-бiрiмен мағыналық, әрi құрылымдық тығыз байланыстағы бiрiне-бiрi бағынышты күрделi мағыналық бiр бүтiн болып саналады. Бұл жөнiнде Т.Қордабаев: “Егер әдеттегi жай сөйлемдер интонациялық жағынан тиянақты, белгiлi шамада болса да, аяқталған ойды бiлдiретiн, өз алдарына бiр бүтiн болып саналатын болса, құрмалас сөйлем компонеттерi интонациялық жағынана тиянақсыз, аяқталған ойды бiлдiре алмайтын, бүтiннiң бiр бөлшегi болып табылады. Ол бөлшек өзi сияқты басқа бiр бөлшектермен байланыста тұрғанда ғана бiр бүтiн бола алады. Егер бұл бiрлiктерi бұзылса-ақ, олар өздерiнiң алғашқы мәндерiн жояды, құрмалас сөйлем құрамында тұрғанда ғана бiр бүтiн бола алады деп түсiндiредi. Расында да Ұлжан аулына келiп жеткенше, барлық үйлер тiгiлiп болды (М.Әуезов). Осы сөйлемдегi екi компонентiң бiрлiгi бұзылатын болса, ойдың ретi негiзгi мағына мен әр компоненттiң интонациялық ерекшелiктерi де өзгередi. Кезiнде құрмалас сөйлем құрамындағы компонеттердiң бiрлiгiн ғалымдар әр түрлi түсiндiрiп келдi. Орыс тiл бiлiмiнде А.М.Пешковский, А.А.Шахматов сынды ғалымдар мұны бiрнеше жай сөйлемдердiң тiркесi десе, В.А.Богородицкий, В.А.Белошапова сынды ғалымдар мұны органикалық тұтастықтағы синтаксистiк құрылым деп түсiндiредi. Соңғы пiкiр тiлшi ғалымдар арасында кең қолдау тапты.
Сонымен құрмаластарды топтастыруда төмендегідей ұстанымдар негізге алынады:
- компонент санына қарай топтастыру: а) екі компонентті құрмаластар, ә) көп компонентті құрмаластар;
- компоненттердің байланысу формасына қарай топтастыру: а) салалас құрмаластар; ә) сабақтас құрмаластар.
- салаластарды байланыстырушы амалдарының қатысына қарай топтастыру: а) жалғаулықты салаластар, іргелес салаластар, ауыспалы салаластар (әрі жалғаулықты, әрі жалғаулықсыз).
- компоненттер арасындағы семантика-грамматикалық қатысына қарай топтастыру: жалғаулықты салаластар: ыңғайлас, қарсылықты, себептес, талғаулы, себептес; іргелес салаластар: мезгілдік, қарсылықтық, себептік, шарттық, түсіндірмелі; ауыспалы салаластар (әрі жалғаулықты, әрі жалғаулықсыз): мезгілдік, қарсылықтық, себептік, шарттық.
- сабақтастарды байланыстырушы амалдардың қатысына қарай топтастыру:
1. Есімше формаларының қатысуымен жасалатын сабақтас құрмалас сөйлемдер;
-
Шартты рай формаларының қатысуымен жасалатын сабақтас құрмалас сөйлемдер;
-
Көсемше формаларының қатысуымен жасалатын сабақтас құрмалас сөйлемдер.
ПАЙДАЛАНҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ
1 Байтұрсынов А. Тiл тағылымы. А.1993.
2 Жубанов К. Исследование по казахскому языку. А., 1996.
3 Аманжолов С. Қазақ тілі ғылыми синтаксисінің қысқаша курсы. А., 1940.
4 Сауранбаев Н. Қазақ тілі. А., 1948.
5 Мелиоранский П.М. Краткая грамматика казак-киргизского языка. – СПб.: Тип. имп. АН, 1897. – Ч. 2.
6 Ильминский Н.И. Материалы (к изучению киргизского наречия с киргизско-русским словарем. – Казань, 1861.
7 Балақаев М., Қордабаев Т. Қазіргі қазақ тілі. Синтаксис. – Алматы: Ана тілі, 1983.
8 Есенов Қ. Құрмалас сөйлем синтаксисi. А.1995.
9 Хасенов Ә. Салалас құрмалас сөйлемдер және олардың тыныс белгілері жөнінде.// Халық мұғалімі, Алматы, 1954, №1.
10 Сауранбаев Н. Қазақ тіліндегі құрмалас сөйлемдер жүйесі. Кітапта: Академик Н. Сауранбаевтың еңбектері. ІІ том, Алматы, 2000.
11 Жиенбаев С. Синтаксис мәселелерi. А.1941.
11 Қордабаев Т. Қазiргi қазақ тiлiндегi құрмалас сөйлемдер.А.,1992.
12 Томанов М. Құрмалас сөйлемдер туралы бірер сөз // Қазақ тілі мен әдебиеті. – 1959. -44-48 бб.
13 Ысқақов А. Құрмалас сөйлем мәселелері // Халық мұғалімі, Алматы, 1940, №23.
14 Есенов Қ. Құрмалас сөйлем синтаксисi. А.1995.
15 Хасенов Ә. Салалас құрмалас сөйлемдер және олардың тыныс белгілері жөнінде.// Халық мұғалімі, Алматы, 1954, №1.
16 Қапалбеков Б. Көсемше бағыныңқылардың дамып қалыптасуы мен мағыналық түрлері. Филол.ғыл канд дисс. А., 2000.
17 Мамытбеков К. Сложносочиненные предложения в современном казахском языке. Автореф. дис. ...канд. филол.наук. – Алма-Ата, 1973.
18 Салиева У. Бессоюзные сложные предложения в современном казахском языке. . Автореф. дис. ...канд. филол.наук. – Алма-Ата, 1974.
19 Әмір Р. Іргелес салалас құрмалас сөйлемдер// Қазақ грамматикасы. Астана, 2002.
20 Шәукенұлы Қ. Синтаксис. А., «Арыс», 2004.
21 Шалабай Б. // Қазақ грамматикасы. Астана, 2002.
22 Елшібаева Ә. Салалас, сабақтас құрмалас сөйлемдердің құрылымдық, функционалдық арақатынасы. КДА, 2006.
Тарих-филология факультетін бітіруші
Нұғманова Индираның
”Құрмалас сөйлемдерді жіктеу мәселесі”
атты дипломдық жұмысына
П I К I Р
Сөй синтаксисiндегi күрделi мәселелердiң бiрi – құрмалас сөйлем синтаксисi. Осы мәселеге қатысты тiл бiлiмiндегi қалыптасқан пiкiрлерден гөрi осы уақытқа дейiн дау тудырып жүрген мәселелердiң көптiгi жасырын емес. Басқасын айтпағанда, құрмалас сөйлем деп қандай сөйлемдi танимыз, оның құрамындағы компоненттердiң мағыналық белгiсiн негiзге аламыз ба, әлде субьект-предикаттық қатынасты тiрек етiп ұстаймыз ба деген мәследен бастап, оның түрлерiн саралау, әрқайсысының жасалу жолы мен ерекшелктерiн айқындауға дейiнгi аралықта талас пiкiрлер өте көп. Сонықтан дипломшының алып отырған тақырыбы тiл бiлiмiндегi көкейкестi мәселелердiң бiрiнен саналады.
Дипломшы осы мәселелерге қатысты тiл бiлiмiндегi көзқарастарға шолу жасай отырып, өз ойын бiлдiредi. Н. Сауранбаев, Т.Қордабаев, Қ. Есенов, Р. Әмір, Б. Шалабай т.б. сынды ғалымдардың пiкiрлерiн басшылыққа ала отырып, кейбiр мәселелердiң басын ашуға талпыныс жасаған. Ол үшiн, алдымен, қазақ тіл біліміндегі құрмалас сөйлемдердi бірнеше ұстаным бойынша жіктейді.
Қазақ тіл білімінде құрмалас сөйлемдерді зерттеуде назар көбіне байланысу амалдарына аударылды. Зерттеулердің көбі бұл конструкциялардың салалас, сабақтас болып бөліну мәселесіне арналады. А. Байтұрсыновтың, Н.Т. Сауранбаевтың, С.А. Аманжоловтың іргелі зерттеулері де осы бағытта орындалған. Құрмалас сөйлемдерді ұйымдастыруға қатысатын басқа грамматикалық формалар, әсіресе жай сөйлеммен бірге ілесіп қатысатын формалар ескерусіз қалып келді.
Құрамына қарай екi құрамды, көп құрамды құрмаластар деп жiктеп, олардың әрқайсысының мағыналық-құрылымдық ерекшелiктерiне тоқталады.
Көп бағыныңқылы сабақтастар, көп компоненттi салаластар, аралас құрмаластардың ерекшелiктерi бiр-бiрiмен салыстырыла, тiлдiк фактiлер негiзiнде сараланады.
Сол сияқты компоненттерінің байланысу тәсілдеріне және сабақтастарды байланыстырушы амалдарының қатысына қарай жіктеп, олардың ерекшеліктерін саралап, белгілі бір нәтижелерге қол жеткізеді.
Қорыта айтқанда, Нұғманова Индираның ”Құрмалас сөйлемдерді жіктеу мәселесі” атты дипломдық жұмысы өз дәрежесінде жазылған жұмыс деп бағалауға болады.
Сарапшы: аға оқытушы М.Қ. Қанабекова
Тарих-филология факультетін бітіруші
Нұғманова Индираның
”Құрмалас сөйлемдерді жіктеу мәселесі”
атты дипломдық жұмысына
П I К I Р
Қазақ тiл бiлiмiнiң синтаксис саласының аса күрделi нысандарының бiрi - құрмалас сөйлем синтаксисi. Кезiнде А. Байтұрсынов, С.Жиенбаев, Қ.Жұбанов бастаған аталған проблеманы Н. Сауранбаев, Т. Қордабаев, Қ. Есеновтер арнайы зерттеу нысанына айналдырып, қазақ тiл бiлiмi үшiн баға жетпес құнды пiкiрлермен толықтырды. Кейiннен бұл бағытты Қ. Мамытбеков, Ұ. Салиевалар жалғастырса, кейiннен бiр топ жас ғалымдар (Г. Садырова, Б: Сағындықұлы т.т.) толықтыра түстi. Бiрақ бұдан құрмалас сөйлем синтаксисi толық зерттелiп болды деген түсiнiк тумаса керек, өйткенi бүгiнгi күнге дейiн аталған мәселеге қатысты айтыс-тартыс тудырып жүрген мәселелер баршылық.
Дипломшы зерттеу нысанына сай өз алдына бiрнеше мақсат-мiндеттер қойды. Әсiресе, өткен ғасырдан бастау алған қазақ тіліндегі құрмалас сөйлемдердің зерттелуі мәселесін бүгінгі таңдағы зерттеушілер еңбегімен сабақтастыра зерттейді. Құрмаластардың түрлерiн саралауда өзiндiк iзденiс таныта бiлдi. Компонент санына қарай (екі құрамды құрмаластар, көп құрамды құрмаластар), компоненттерінің байланысу тәсілдеріне қарай (салалас құрмаластар, сабақтас құрмаластар); сабақтастарды байланыстырушы амалдарының қатысына қарай (есімше формаларының, шартты рай формаларының, көсемше формаларының қатысуымен жасалатын сабақтас құрмалас сөйлемдер) деп жіктесе, көп құрамды құрмаластарды жарыспалы, сатылы көп бағыныңқылы сабақтастар мен көп компоненттi салаластардың, аралас құрмаластар деп жіктеп, олардың ерекшелiктерiн нақтылайды. Кейбiр мәселелерге қатысты тiлшi ғалымдар пiкiрiн саралап, ой қорытындысын жасай бiлдi.
Құрмаластарды жіктеудің бірнеше ұстанымға негізделген топтастыруын ұсыну арқылы осы мәселеге қатысты белгілі бір ой түйеді. Аталған мәселерге қатысты көрке әдебиет пен баспасөз материалдарынан көптеген мысалдар жинастырды.
Қорыта айтқанда, Нұғманова Индираның ”Құрмалас сөйлемдерді жіктеу мәселесі” атты дипломдық жұмысы өз дәрежесінде жазылған, жұмыс деп бағалауға болады.
Ғылыми жетекшi: ф.ғ.к., доцент Т.Н. Ермекова
Достарыңызбен бөлісу: |