4) Наразылану (Sicilleme)
Жұмбақ айтыста жеңімпаз жеңілген ақынды кемсітеді. Сойы мен тегіне байланысты, адамгершілігіне байланысты ауыр сөздер айтады. Оған қоса жеңімпаз ақын ол ақынға ескерту жасау үшін наразыланады (Günay 1993:56). Әрине, қазіргі айтыста ақындар бір-бірін келеке етіп қана қояды, бұл іс ары қарай бармайды. Ақынның нәсілін, тегін кемсітпейді.
Наразылану бөлімінде айтыс кейде екі ақын арасында, кейде тек бір ақын тарапынан болады. Наразылану Түркия шығысында кең таралған. Оңтүстік айтыскерлерінде қалжыңға құралады. Қазіргі айтыста қарсыласқан ақындардың жеңуінен кейін әріптестер ешқайсысын ренжітпейтін жол қалыптасқан. Бұл жас ақындарға ескерту ретінде де жасалады. Ескі ақындар наразылануды көп қолданғанмен қазіргі ақындар бұған аса ынтық емес [36, 203-б.].
5) Өтірік өлең бөлімі (Yalanlama)
Айтыстың бұл бөлімінде ақылға сыймайтын өтіріктерді өлеңге ұйқастырады. Айтыстың ең қызық түрі. Ақындар ең азында бес шумақтан тұратын «төрттіктерді» қолданады. Барлық айтыста бірдей кездесетін, көп қолданылатын бір түр емес.
Өтірік өлеңдерде ақылға сыймайтындай өтіріктерді айту – негізгі мақсат. Осы жағынан қаншалықты оңай болып көрінгенімен өтірік өлеңдерді орындау ақындар үшін оңай болмаған. Өтірік өлең айту ерекше ұсталық пен қабілетті қажет етеді. Өйткені ол кез келген адамның қолынан келе бермейді. Ақын белгілі бір мақсатқа бағытталған өтірік өлеңдерінде ой мен қиял күшін сатирамен біріктіріп және бір өнер жемісі ретінде тыңдаушыға ұсынуда.
Қазақ халық әдебиетінде «Қырық өтірік», «Тазшабала» және «Алдар Көсенің хикаяларында» ешкім ойламаған өтіріктердің, қалыптардың, айлалардың айтылғаны көрінеді.
Өтірік өлеңдерде ақындар өз жағдайларын сөз еткенімен негізінде жалпы қоғамның жағдайы жатады. Бұл өлеңдерде өтірік айтылғанымен астарында шындық жатады, әлеуметтік сарын, яғни байлар мен жемқорларды сынау, келемеждеу басым болып келеді. «Күлдіргі әдебиетке өмірде болмайтын оқиғалар мен жағдаяттарды баяндайтын өтіріктер (небылицы) де кіреді», – деп жазады Х.Досмұхамедұлы [37, 28-б.].
Өтірік өлеңнің ертегіде кездесетін түріне ден қойған А.Байтұрсынов сатиралық ертегіні «ертегісімек» деген жанрға жатқызып, «ертегісімек – шынға жақын әңгіме болады», – деп түсінік береді. Яғни, ол өтірік өлеңнің астарында шындық барына назар салған [14, 283-б.]. Өтірік өлеңдерде ескірген ырымдарды, кертартпалықты, надандықты ирониямен суреттей отырып келемеждейді. Бұл өз алдына бір фольклор құралдары мен оқиға күлкісінің қоспасы [38, 33-б.].
Қазіргі қазақ айтысында да өтірік өлең түрі бар. Мысалы, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Құрманғазы атындағы ұлттық консерватория студенттері сайысқанда Әл-Фараби университетінің студенті ақын Серікзат Дүйсенғазы «Айға шықтым балықпен, жолда бензин бітіп қап әуре болдым» дегенінде оған жауап ретінде қарсыласы:
«Байқаймын бағаң сенің алар төмен,
Мақтансаң Айға жетпей қалар төбең.
Әріптес неге айтасың өтірікті,
Балықтар жүреді ғой соляркамен!», –
деп әсерлі бір жауап берген.
Достарыңызбен бөлісу: |