Дипломдық ЖҰмыс 050301- мамандығы -«Құқықтану»


Тақырыбының ғылыми зерттелу денгейі



бет4/16
Дата02.04.2022
өлшемі0.55 Mb.
#456571
түріДиплом
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   16
Дип әйел құқ

Тақырыбының ғылыми зерттелу денгейі. Қарастырылып отырған проблемаға Ресей және Қазақстан ғалымдарының бірқатар зерттеулері арналған. Бірінші кезекте бұлардың қатарына РҒА академигі Е.А.Лукашеваның басшылығымен жасалынған іргелі еңбектерді атауға болады. Ол КСРО ыдырауынан кейінгі Ресей мен ТМД елдеріндегі адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау проблемасын бірінші болып ғылыми зерттеу деңгейіне көтерді.
Адам құқықтары мен бостандықтары проблемасына Т.Б. Бекназар Юзбашев, В.А. Карташкин, И.А. Ледях, Б.Г. Манов, Р. Мюллерсон сияқты Ресей зерттеушілерінің еңбектері арналған.
Қазақстанда бұл проблемаға Т.А. Ағдарбеков, М.Т. Баймаханов, М.С. Башимов, Б.А. Есентемірова, А. Жұмағұлова, Г.К Искакова Г. Лупарев, А.К. Мұхтарова, Ғ.С. Сапарғалиев, С.Н. Сәбікенов, А.В. Турлаев, Н.А. Шайкенов сияқты ғалымдардың жұмыстары арналған. Бұл қатарда Еуразия кеңістігінде адам құқықтарын іске асыру теориясы мен практикасына талдау жасалынған Ж.Д. Бусурмановтың зерттеуі ерекше орын алады.
Сонымен қоса ғылыми зерттеуде А.Т. Ашеулов, Т.А. Ағдарбеков, Н.Е. Айтқұлова, М.Т. Баймаханов, Ж.Д. Бусурманов, М.С. Башимов, М.С. Бейбітов, С.В. Бахин, С.Ж. Жалыбин, Е. Жовтис, С.З. Зиманов, Г.К Искакова, А.С. Ибраева, А.К. Котов, А. Қараев, Т.В. Кашанина, Д.О. Кұсайнов, Қ. Мәми, Б.А. Майлыбаев, А.К. Мұхтарова, Н.И. Матузов, К.Б. Мурзаев, М.С. Нәрікбаев, Л.Т. Назаркулова, Ғ.С. Сапарғалиев, С.Н. Сәбікенов, М.А. Сәрсембаев, Г.Ж. Сүлейменова, А.Я. Сухарев, А.В. Стремоухов, Р. Түсіпбеков, Г.Д. Тленчиева, А.К. Тасбулатова, К.Х. Халиков, А.Г. Шмарин және т.б. авторлардың еңбектері қолданылды.
Диплом жұмысының құрылымы кіріспеден, екі тараудан, жеті бөлімнен, қорытындыдан және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.
1-ТАРАУ. ӘЙЕЛДЕРДІ ҚОРҒАУДЫҢ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚҰҚЫҚТЫҚ ЖАҒДАЙЫ
1.1 Әйел адамдардың құқықтарының ерекшелігі
Қазақстан Республикасы Конституциясы азаматтардың құқықтарын белгілеп отыр. Құқықтарды бөлуде ешқандай заңсыздық немесе басқа құқықтарды кеміту, ар-ожданға, басқа да құқықтарға нұқсан келтіруі байқалмайды. Әйел адамдар да осындай конституциялық құқықтарға ие және олардың құқықтары еліміздің Конституциясымен қорғалады.
Қазақстан Республикасы әлем қауымдастығымен қосылуды өзінің сыртқы саясатының басымдығы ретінде анықтап отыр.
2000 жылы әлемнің көптеген елдері қол қойған БҰҰ Мыңжылдық декларациясында еркектер мен әйелдердің теңдігін көтермелеу, әйелдің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту адамзаттың үшінші мыңжылдықта дамуының негізгі мақсаттарының бірі ретінде анықталған.
Қазақстан өзінің тәуелсіздігінің 20 жылы ішінде әйелдер мен еркектердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау саласында белгілі бір прогрестерге қол жеткізді.
1998 жылы Қазақстан БҰҰ «Әйелдерге қатысты кемсітулердің барлық нысандарын жою туралы Конвенцияны» ратификациялады. Сол сияқты «Әйелдердің саяси құқықтары туралы» және «Күйеуге тиген әйелдің азаматтығы туралы» БҰҰ Конвенциялары да ратификацияланды. Қазақстан адам құқықтары жөіндегі көпжақты халықаралық әмбебап келісім-шарттардың жалпы 60-тан астамын ратификациялады.
БҰҰ Әйелдерге қатысты кемсітудің балық нысандарын жою жөніндегі комитетінің сарапшылары тұтас алғанда Қазақстандағы әйелдер құқықтарын қорғау ахуалын оң бағалғанын атап өткен жөн.
Қазақстан Президентінің 2005 жылғы 20 қарашадағы №1677 Жарлығымен 2006-2016 жылдарға арналған Қазақстан Республикасындағы гендерлік теңдік стратегиясы (бұдан әрі – Стратегия) бекітілді [1].
Стратегия мемлекеттің гендерлік саясатын жүзеге асыруға бағытталған маңызды құжат, оны іске асырудың, мемлекет мен азаматтық қоғам тарапынан мониторинг жасаудың құралы, демократияны дамытудың маңызды факторы болып табылады. Стратегияны жүзеге асыру әйелдер мен еркектердің өздерінің құқықтарын бірдей жүзеге асыруы үшін жағдай жасауға жәрдемдеседі, 2006 жылдан 2016 жылға дейінгі кезеңде еркектер мен әйелдердің құқықтарының, мүмкіндіктерінің теңдігіне қол жеткізу міндеттерін шешуді көздейді.
Әйел азаматшалардың құқықтарының ерекшеліктеріне қарай оларды жекелеп қарайтын болсақ:
1. Еңбек және жұмыспен қамту және зейнетақылық қамсыздандыру саласындағы гендерлік теңдікті қамтамасыз ету құқығы ҚРКФ кәсіподаққа мүше қызметкерлердің, соның ішінде еңбек етуші әйелдердің мүдделерін қорғау және таныту мақсатында қажетті жұмыстарды жүргізіп жатқанын атап өткен жөн. Жұмыс істейтін әйелдердің құқықтары мен кепілдіктерін қамтамасыз ету жөніндегі белгілі бір жұмысты білім және ғылым, денсаулық сақтау, мәдениет, мемлекет­тік мекемелер, тау-кен – металлургия, атом өнеркәсібі, теміржолшылар және т.б. салалық кәсіподақтары; Ақтөбе, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Қарағанды, Павлодар және т.б. облыстық кәсіптік бірлестіктер жүргізуде. Федерация құрамына кіретін кәсіподақтар өздерінің басты міндеттерін әлеуметтік-бағдарланған нарықтық экономика мен шынайы демократияны дамытуға жәрдемдесу, еңбек адамының, жалданбалы жұмысшылардың, еркектердің де, әйелдердің де экономикалық және әлеуметтік әл-ауқатын қамтамасыз ету деп біледі.
Кәсіподақтар федерациясы мен оның мүше ұйымдары келісім-шарттық процестерге, әлеуметтік әріптестіктің барлық деңгейлеріндегі келісімдерді жасау кезінде еңбек ететін әйелдердің проблемаларын шешуге үлкен мән беріп, көңіл бөледі.
Халықтың көп санды бұл санатын әлеуметтік қорғауды қамтамасыз ету үшін Кәсіподақтар федерациясының талап етуімен 2007-2008 жылдарға арналған Бас келісімде еңбек ететін әйелдер мен жұмысшы жастардың құқықтары мен кепілдіктері туралы арнайы та­рау бар. Бұл кәсіподақтардың әйелдердің жағдайын жақсарту жөніндегі мәселені шешудегі рөлінің артуына жағдай жасады, олардың өндірістегі жағдайын нығайтты.
Кәсіподақтар федерациясының салалық (тарифтік), өңірлік келісімдер мен ұжымдық келісім-шарттарда жұмыс істейтін әйелдерге әлеуметтік кепілдіктерді бекітетін арнайы бөлімдерді, әйелдердің жұмыспен қамтылуы, еңбегі мен денсаулығын қорғау, кәсіптік дайындау, демалысын ұйымдастыру, емделу және сауықтыру, олардың еңбек процесіндегі материалдық жағдайын жақсарту мәселелері жөніндегі іс-шараларды қосудың міндеттілігі туралы талаптары орындалуда.
Жасалған талдау көрсеткеніндей, жасалған салалық (тарифтік) және өңірлік келісім­дер, ұйымдардағы ұжымдық келісім-шарттар тараптардың еңбек ететін әйелдерге қосымша әлеуметтік кепілдіктер беру жөніндегі неғұрлым сапалы, нақты өзара міндеттемелерін көздейді және көп жағдайда орындалады[2].
Соңғы жылдардың ішінде Кәсіподақтар федерациясы мен оның мүше ұйымдары Үкіметтен әйелдердің жағдайын жақсартудың нақты жоспарларын іске асыруды, кемсітудің барлық түрлерін жоюды, әйелдердің экономикалық тәуелсіздігіне жағдай жасауды, олардың экономикалық ресурстарға тең дәрежеде қол жеткізуін талап етті. Кәсіподақтар федераци­ясы мен Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның бастамасымен Еңбек ететін әйелдердің конгресі өткізілді. Конгресс «Әйелдердің лайықты еңбек құқықтары мен әлеуметтік кепілдіктері – мемлекеттің әл-ауқатының көрсеткіші» атты қарар қабылдады, сондай-ақ жұмыс берушілерді жүктілік және босану бойынша жәрдемақы төлеу міндеттемесінен босату туралы бастама көтерді.
2008 жылғы 1 қаңтардан бастап жүктілік және босану бойынша жәрдемақы төлеу мем­лекеттік әлеуметтік қамсыздандыру қоры қаражатының есебінен жүргізілетін болады, бұл ретте жұмыс істейтін әйелдердің зейнетақылық жинақтары олардың декреттік демалысы немесе баланы бір жасқа толғанға дейін күту жөніндегі демалысы кезеңінде жалғасатын болады.
«Әйелдер мен еркектердің тең құқықтары мен тең мүмкіндіктері туралы» Заңның жо­басында жұмыс берушілерді әйелдер мен еркектерге еңбек ақы төлеудегі алшақтықтарды олардың кәсіптік дайындықтарын теңестіру, төменбіліктілікті, жалақысы төмен жұмыстарды жою жолымен болдырмау жөніндегі арнайы бағдарламаларды жүзеге асыруға міндет­тейтін бап көзделген. Жұмыс берушілерді сол сияқты отбасылық міндеттерді орындаумен қатар алып жүруге мүмкіндік беретін еңбек жағдайын жасауға да міндеттейді (жұмыстың сырғымалы кестесін енгізу, белгіленген уақыттан тыс жұмыстан босату, толық емес жұмыс уақыты режимін белгілеу, жұмыс уақытында біліктілігін көтеру). Жұмыс берушінің тең құқықтар мен тең мүмкіндіктер туралы заңнаманы орындамағаны немесе тиісті дәрежеде орындамағаны үшін жауапкершілігі көзделген.
Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында ауыр дене жұмыстарында және зиянды (аса зиянды), қауіпті (аса қауіпті) еңбек жағдайындағы жұмыстарда әйел еңбегін пайдалануға тыйым салынады. Әйелдер мен он сегіз жасқа толмаған адамдардың еңбегін қолдануға тыйым салынатын ауыр дене жұмыстарындағы және зиянды (аса зиян­ды), қауіпті (аса қауіпті) еңбек жағдайындағы жұмыстардағы өндірістердің, кәсіптердің Тізімі бекітілген.
Зияды және қауіпті еңбек жағдайындағы жұмысқа әйелдерді қабылдау тек алдын ала медициналық тексеруден, олардың денсаулық жағдайына зиян болмайтыны анықталғаннан кейін және денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органның нормативтік құқықтық ак­тілерінде белгіленген талаптарға сәйкес жүргізіледі[3].
Жүкті әйелдер медициналық қорытындыларға сәйкес қолайсыз өндірістік факторлар болмайтын басқа жұмысқа орташа айлық жалақысы сақтала отырып ауыстырылады.
Жүктілігі немесе бала күту себебі бойынша оқуын үзуге мәжбүр болған жас әйелдерге академиялық демалыстар беріледі, ол аяқталған соң әйелдер оқуын жалғастыра алады.
«Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамтамасыз ету туралы» Заңға сәйкес әйелдерге (58 жаста) зейнетақы еркектерге (63 жаста) қарағанда бес жылға ерте тағайындалады. 5 және одан көп бала туған және оларды 8 жасқа дейін тәрбиелеген әйелдерге зейнеткерлік демалысқа 53 жаста шығу құқығы берілген. Бұрындары мұндай құқыққа тек ауылды жерде тұратын әйелдер ғана ие болатын.
Қазақстан Республикасының адам құқықтары саласындағы халықаралық міндеттемелерін және ішкі еңбек нарығындағы сұраныстарды ескере отырып, сондай-ақ зейнеткер­лік демалысқа шығар кездегі әйелдерге қатысты жыныстық белгісі бойынша кемсітуді болдырмау мақсатында жасы келуіне байланысты зейнеткерлік демалысқа шығар кезде­гі еркектер мен әйелдердің тең құқықтарының жүзеге асырылуын заңнамалық деңгейде, бұл ретте әйелдерге зейнеткерлік демалысқа 58 жаста не болмаса 63 жаста шығуды таңдау құқығын қалдыра отырып қамтамасыз ету қажет деп есептейміз.
2. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтан азат болу құқығы жөнінен халықаралық қауымдастық отбасындағы зорлық-зомбылықтан қорғауды қамтамасыз етуді әлеуметтік бағдарлы мемлекеттің маңызды міндеттерінің бірі деп қарайды. БҰҰ ұсыным ретінде Отбасындағы зорлық-зомбылыққа қарсы модельдік заңнама әзірлеген.
БҰҰ ұсынған модельдік заңнамада жәбір көрген адамдардың полицияға немесе әлеуметтік қызметтерге қорғану үшін шағымдарының болғаны немесе болмағанына қарамастан отбасы өміріне олардың мүшелерін зорлық-зомбылықтан қорғауды қамтамасыз етуге кеңінен араласу көздейді. Қазақстан Республикасының өзіне әлем қауымдастығы алдындағы әйелдерге, балаларға, егде адамдарға және мүгедектерге қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу және түбірімен жою жөніндегі міндеттемелер алғаны белгілі. Азаматтардың бұл санаттары барынша қауқарсыз және отбасындағы зорлық-зомбылыққа көбірек ұшырайды.
Қазіргі уақытта отбасындағы зорлық-зомбылықтан қорғаумен айналысатын, отбасындағы зорлық-зомбылық айналадағылардан жасырылатын, ал құқық қорғау органдары кез келген сылтаумен отбасы ішіндегі дағдарысты жағдайды шешуден жалтарғысы келетін біздің ерекшелік жағдайларымызда жұмыс істеуге құқығы және мүмкіндігі бар органдар жүйесін құруды қамтамасыз ететін Заңға деген өткір қажеттілік туып отыр. «Тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы» Қазақстан Республикасы Заңын қарауды және қабылдауды жеделдету қажет.
3. Әйелдердің мемлекет істерін басқарудағы құқықтары елер болсақ. Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасының Парламентінде әйелдердің саны жалпы депутаттар санының 13% құрайды. Мәслихаттарда – 17,1% әйелдер. Еуропалық Одақтың дамыған елдерінде биліктің өкілді органдарындағы әйелдердің саны жалпы депутаттар санының 30-33% құрайды.
«Мемлекеттік қызмет туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 12-бабына сәйкес мемлекеттік қызметке кірерде жынысына байланысты қандай да болмасын тікелей немесе жанама шектеулер қоюға жол берілмейді [4]. Мемлекеттік атқарушы органдардағы әйелдердің саны артқан және бүгінгі таңда 58% құрайды. Саяси мемлекеттік қызметшілер лауазымындағы, яғни шешімдер қабылдау деңгейіндегі әйелдер бар-жоғы 7% құрайды.
БҰҰ Әйелдерге қатысты кемсітудің балық нысандарын жою жөніндегі комитетінің ұсынымдарына сәйкес мемлекеттік биліктің өкілді органдарында әйелдер үшін заңнамалық түрде жалпы депутаттар санының 30%-на дейінгі квота белгілеу қажет деп есептейміз. Сол сияқты атқарушы мемлекеттік органдарда шешімдер қабылдау деңгейіндегі әйелдердің өкілділігін арттыру қажет.
4. Әйелдер мен балаларды саудаға салудың алдын алу мәселесіне келсек, Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы Ұлттық қауіпсіздік комитетімен және Ішкі істер министрлігімен бірлесіп 2008 жылғы адамдар саудасына байланысты қылмыстық істерді тергеу нәтижелеріне талдау жасады.
Талдау соңғы жылдары қылмыстың бұл түрінің өршіп келе жатқанын көрсетеді. Біріккен Ұлттар Ұйымы мен Көші-қон жөніндегі халықаралық ұйымның сарапшыларының берген бағалары бойынша адам саудасының құрбаны болғандар саны бүкіл әлемде жүз мыңдап және тіпті миллиондап саналады (американ сарапшыларының мәліметтері бойынша ол жыл сайын 700 мың адамды құраса, басқа сараптамалық бағалар бойынша 2 млн. адамға жетеді). Жас әйелдерді Еуропаға, Америкаға, Канадаға, Африка, Азия және Таяу Шығыс елдеріне алып кетеді. Пайда табатындар – саудагерлер мен сутенерлердің трансұлттық ұйымдары. Адам сату криминалдық бизнесіне әйелдер ғана тартылып қоймай, криминалды экономиканың бұл секторының едәуір бөлігін балаларды сату құрайды.
БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі Жоғары комиссары басқармасының мәліметтері бойынша ТМД елдерінен 500 мыңнан астам әйел сатылған. Адамдарды, әсіресе әйелдер мен балаларды саудаға салу Қазақстан мен әлемнің бірқатар басқа елдері үшін маңызды құбылыс болғаны соншама, бұл қауіпсіздікке де, ұлттық гендік қорға да қатер төндіріп отыр. Адамдарды сатуға ұлты мен азаматтығына қарамастан құрылған қылмыскерлердің ұйымдасқан желілері жағдай жасап отыр.
Проблеманың әбден түсіндіруге болатын, объективті себептерінің бар екенін көрсететін көптеген белгілері бар екенін атап өту қажет. Біріншіден, Қазақстан Республикасының ТМД елдерімен шекарасының ашықтығы; екіншіден, мемлекеттер арасындағы, сол сияқты Қазақстанның ішіндегі көші-қон ағындарының күшеюі; үшіншіден, экономикадағы сәтті жағдай және басқа бұрынғы кеңестік елдермен салыстырғандағы жоғары жалақылар; төртіншіден, ұйымдасқан қылмыстың жаһандануы, «тірі тауар» жеткізіп берудің орнықты арналарын ұйымдастырудағы оның мүмкіндіктерінің кеңеюі, ол біздің елімізді жеткізіп беруші ғана емес, сатып алушы да, транзиттік дәліз ретінде де қарайды.
Адам саудасының өсіп бара жатқан жағдайында біздің елімізде қолданыстағы қылмыстық заңнамаға құқыққа қарсы іс-әрекеттің аталған түрі үшін қылмыстық жауапкершілікті көздейтін арнайы құқықтық нормалар енгізілген.
2006 жылғы 2 наурызда ҚР Қылмыстық кодексінің адамдар трафигімен байланысты қылмыстар үшін қылмыстық жауапкершілікті көздейтін барлық баптарына (ҚР ҚК 113, 125, 128, 133 баптары) өзгерістер мен толықтырулар енгізілді [5]. Қабылданған Заңмен осы санаттағы қылмыстар құрамының біліктілік белгілері айтарлықтай кеңейтілген, оларды жасағаны үшін санкциялар қатайтылған.
Оның үстіне Қылмыстық кодексте алғаш рет адам мәйітінен ағзалар мен тінін заңсыз алғаны үшін жауапкершілік көзделген (275-1 бап). Адам құқықтары жөніндегі комиссияның ұсынымы бойынша 2008 жылы БҰҰ Адам саудасымен және жезөкшелікті үшінші адамдардың қанауымен күрес туралы Конвенциясы, сондай-ақ 1926 жылғы БҰҰ Құл саудасы мен құлдықты болдырмау туралы Конвенциясы және оның 1953 жылғы Хаттамасы, 1956 жылғы Құлдықты, құл саудасын және құлдыққа ұқсас институттар мен әдет-ғұрыптарды жою туралы Қосымша Конвенция ратификацияланды. Сонымен қатар, Адам құқықтары жөніндегі комиссияның ұсынымы бойынша 2008 жылы сол сияқты БҰҰ Трансұлттық ұйымдасқан қылмыстар туралы Конвенциясын толықтыратын Адамдар, әсіресе әйелдер мен балалар саудасының алдын алу мен жолын кесу және сол үшін жазалау туралы Хаттама; Барлық адамдарды зорлықпен жоғалып кетуден қорғауға арналған халықаралық конвенция ратификацияланды.
Адам саудасына негізделген криминалдық бизнеспен күресте Заңның 1-бабының ережелеріне сәйкес арызданушылар, көзімен көргендер және қылмыстың құрбандары болып табылатын қорғалатын адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жасалатын шаралар кешені көзделген 2000 жылғы 5 мамырдағы «Қылмыстық іс жүргізуге қатысушы адамдарды мемлекеттік қорғау туралы» Заң сөзсіз маңызды рөл атқарады[6]. Заңмен адам саудасы құрбандары мен олардың отбасыларының мүшелерін басқа тұрғылықты жерге көшіру; құжаттарды ауыстыру; сырт пішінін өзгерту; жеке күзету, тұрғын үйін және мүлкін күзету; арнайы жеке қорғану, байланыс және қауіптілік туралы хабарлау құралдарын беру; қорғалатын адамдар туралы мәліметтердің құпиялылығын қамтамасыз ету; жұмыс немесе оқу орнын өзгерту; қауіпсіз орынға уақытша орналастыру жолымен қорғауға арналған нормативтік және құқықтық база (Заңның 7-бабы) жасалған.
Заңсыз көші-қон, адам саудасы және құл еңбегін пайдалану саласындағы қылмыстардың алдын алу, анықтауды және тергеуді әдістемелік қамтамасыз ету мақсатында ҚР Ішкі істер министрлігінде мамандандырылған бөлімше ашылған.
Адам саудасын тергеу жөніндегі әдістемелік ұсынымдар әзірленген. Әдістемеде қылмыстық-құқықтық біліктілік, адам саудасын ашу мен тергеудің әдіс-тәсілдері, өзара іс-қимыл мәселелері, жеке бастапқы тергеу іс-әрекеттері ісін жүргізудің тактикалық ерекшеліктері, тергеудің кезекті және қорытынды сатысы көрсетілген.
Адам саудасы саласындағы қылмыстар туралы статистикалық мәліметтер мынандай: 2008 жылы ішкі істер органдары адам саудасы фактісі бойынша 20 қылмыстық іс қозғаған, соның ішінде 5-і кәмелетке толмаған адамдар саудасы үшін. Жезөкшелікпен айналысуға тартқаны үшін 10 қылмыстық іс қозғалған.
Талдау көрсеткеніндей, бұл қылмыстар екі түрге бөлінеді: жыныстық және еңбек қанауы мақсатында жасалған қылмыстар. Қылмыстың бірінші тобы бойынша жәбір көргендердің көпшілігі 16 мен 25 жас аралығындағы әйелдер.
Екіншісі бойынша – 20 мен 35 жас аралығындағы еркектер, көпшілік жағдайда ТМД-ның орталықазиялық елдері азаматтары.
Сонымен қатар, адам саудасымен күресті үйлестіру еліміздің құқық қорғау және басқа да органдарын қылмыс жасауға жағдай тудыратын себептер мен шарттарды айқындауға бағыттауға негізделген.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы Адамдарды заңсыз әкетуге, әкелуге және сатуға қарсы күрес мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия жұмыс істейді (Үкіметтің 2003 жылғы 26 қыркүйектегі № 983 қаулысы) [7].
ҚР Бас прокуратурасы адам саудасының трансшекаралық сипатын ескере отырып, шетел мемлекеттерімен халықаралық-келісімшарттық базаны кеңейту жұмыстарын жүргізуде.
Әйелдердің құқықтарын жалпыға ортақ танылған халықаралық стандарттар дәрежесінде толық қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі 2009-2012 жылдар кезеңінде мына шараларды іс жүзіне асыруды ұсынды:
1. «Тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы» Заңның қабылдануын жеделдету.
2. 2011 жылы «Әйелдер мен еркектердің тең құқықтары мен тең мүмкіндіктері туралы» Қазақстан Республикасының Заңын қабылдау[8].
3. Қазақстан Республикасының адам құқықтары саласындағы халықаралық міндеттемелері мен ішкі еңбек нарығындағы сұраныстарды ескере отырып, жасы келуіне байланысты зейнеткерлік демалысқа шығар кездегі еркектер мен әйелдердің тең құқықтарының жүзеге асырылуын заңнамалық деңгейде, бұл ретте әйелдерге зейнеткерлік демалысқа 58 жаста не болмаса 63 жаста шығуды таңдау құқығын қалдыра отырып қамтамасыз ету.
4. Мемелкеттік биліктің өкілді органдарында әйелдер үшін заңнамалық түрде жалпы депутаттар санының 30%-на дейінгі квота белгілеу. Атқарушы мемлекеттік органдарда шешімдер қабылдау деңгейінде әйелдердің болуын арттыру.
5. Қазақстан Республикасының Әйелдерге қатысты кемсітудің барлық нысандарын жою туралы Конвенция ережелерінің орындалуы туралы баяндамаларын қарау нәтижесі бойынша БҰҰ Әйелдерге қатысты кемсітудің балық нысандарын жою жөніндегі комитетінің ұсынымдарын іс жүзіне асыру.
5. 2012 жылы «Ана болуды қорғау туралы» 1952 жылғы 28 маусымдағы Конвенцияны ратификациялау[9].
6. 2012 жылы «Еркектер мен әйелдерге бірдей құндылықты еңбекке бірдей сыйақы төлеу туралы» 1951 жылғы 29 маусымдағы Конвенцияны ратификациялау[10].
7. Адам саудасымен, жыныстық, еңбек немесе өзге қанаумен байланысты қылмыстардың алдын алу және жолын кесуге бағытталған жүйелі алдын алу іс-шараларын жүргізу.
8. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтан, адам саудасынан және басқа да кемсіту түрлерінен жәбір көрген әйелдерге арналған баспаналар ашу.
9. 2003 жылы Маастрихттегі Министрлер кеңесінің кездесуінде бекітілген ЕҚЫҰ Адам саудасына қарсы күрес жөнінденгі іс-қимыл жоспарын іс жүзіне асыру.
10. Қазақстанда адам саудасы проблемалары жөніндегі ұлттық баяндамашы құрудың мүмкіндіктерін қарастыру.
Адам тұлғасының құндылығын оның қадір қасиетін тану, адамның ерікті дамуы мен өмір сүруінің ең төменгі кепілдіктерін қамтамасыз етудің қажеттілігі ХХ ғасырдағы әлемдік қауымдастықтың даму барысындағы басты қадамдардың бірі болып табылды.
Әлемдік қоғам әрбір адамның соның ішінде әйел азаматтардың құқықтарын қорғау, кез келген мемлекетте қоғамдық құрылысқа, басқарудың нысандырына, саяси режимге және т.б. қатыссыз жалпы адам құқықтары мен бостандықтарының ең төменгі стандартын құрастырды. Мемлекетпен міндетті түрде орындалатын, олардың заңдылық, саяси және моральдық күшін ерікті түрде танитын адам құқықтары туралы халықаралық - құқықтық құжаттарды құрастыру және қабылдау аталмыш құқықтар мен бостандықтарды анықтаудағы негізгі құрал болды.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   16




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет