Дипломдық жұмыс. Кенесары – қолбасшы, дипломат м а з


Кенесары Қасымұлының дипломатиялық әрекеттері мен шеберлігі



бет5/9
Дата19.12.2023
өлшемі130.03 Kb.
#486874
түріДиплом
1   2   3   4   5   6   7   8   9
Диплом Кенесары

1.2. Кенесары Қасымұлының дипломатиялық әрекеттері мен шеберлігі.
Қазақстанды отарлау кеулеп бара жатқанда, патшаның жазалаушы күштерінің алқымнан алуына қарамастан азаттық күрестің он жылға созылуын, халықтың дербестікті сақтап қалуға күш салуы, далалық өңірдің көтерілісшілердің соғыс қимылдары үшін қолайлылығы, Ресейдің сонымен қатар Кавказда имам Шәміл басқарған тау халықтарына қарсы күресуге алаңдауға да себепші болды. Алайда үш жүздің өңіріндеде атой салған сұлтан Кенесарының бодандыққа қарсы алысуының ұзақ уақытқа созылуы, басқада көптеген мәселелерімен қатар ұлы тұлғаның жеке басындағы тамаша дипломатиялық және саясатшыл қасиеттерінің биіктігінен деп түсінеміз.
Ресмидворяндық-буржуазиялық орыс тарихнамасының өкілдері Кенесарының Сырым және Исатай батырлар сияқты “бұзық”, “қарақшы”, деп жек көрінішті бағалармен сипаттасада, екіншіден, көтерілістің басты оқиғаларына мейлінше мән берген, Абылайдың немересін “айлакер, парасатты саясатшыл, қайракер” ретінде де жоғары бағалайды. “ Өз халқына мәңгілік бостандық тілеген Кенесары, патриот бола тұра ,орыс мемлекетінің ерте ме кешпе ордалықтарды басып алуға тырысатынын түсіне білді”,-деп жазды Н.Середа /2.158/.
1847 жыл Сібір шекаралық комиссиясының төрағасы, генерал Вишневскийдің экспедициясымен Кенсарыға қарсы күреске қатысқан , Орта және Ұлы жүз қазақ феодалдарыментілдескен, 1833 жылғы Польшадағы азаттық күреске қатысқаны үшін қазақ өлкесіне жер аударылған Адольф Янушкевич Кенесары тұлғасына қайран қалып, оны XIX ғасырдың 80-ші жылдарағы Алжир халқының Француз отаршыларына қарсы күресінің көсемі, атақты Абд Эль Кадерманмен теңестіреді. Шоқан Уалихановқа қамқорлық жасаған, орыстың ұлы ғалым-саяхатшысы П.П.Семенов Тян-Шанскийдың хан Кенесарыны біздің эрамызға дейінгі екінші ғасырда Рим империясының отаршыл саясатына қарсы халқын көтеріп, жанталаса күрескен Понт патшасы Митридат II Эвпатормен теңестіруі қазақ ханының саясатшыл дипломатиялық шеберлігін мойындағандығы/6.13/. Сұлтан Кене-сарының айлакер саясатшылдығы көтерілістің алғашқы кезеңінен бірден байқалды. Әрине, сол заманда төңірегін күшпен жапырып, ауыздықталмаған Ресей билеп — төстеушілерінің Қазақ жерін жаулап алмай тынбайтындығына көргендікпен көзі жеткен Кенесары бар қабілетін патшаның жаулаушылық қимылдарын тоқтатуға немесе оның қарқынын әлсіретіп, үш жүздің бірлігін нығайтуға жұмсады. Орынбор губернаторы граф В.А Перовский арқылы патшаға жеткізуге дәмеленген хаттарының бірінде өзі бастаған азаттық қозғалысты тоқтатудың бірден-бір шарты — өлкемізде бекіністер салуды, қалалар тұрғызуды, округтарды ұйымдастыруды 35 жылға тоқтату деп білген: “Ұлытау мен Кішітау өңірінде Сібір шептерінен әскер жіберуіңізді өтінемін. Мәселені басқаша шешсеңіздер, біздің әйелдеріміз бен балаларымыз ығысып қалады, патша ағзамға қызмет ете алмайды”,- деп толқуын білдірген. Әрине, қазақ сұлтанының осы хатында қандыбалақ Николай I-шіні “шахин-шах(патшалардың патшасы) деп лепірте мадақтағанымен оған жақын да, алыс та, болсамда жүрегіммен, жаныммен қызмет етуге дайынмын, маған бір шен немесе грамота алып беріңіз”/2.158/ -деген сол В.А. Перовскийға арналған хаттағы аты шулы сұлтанның сондай момақан бола қалғаны қалай да болмасын қазақ өлкесіне Ресей әскерлерін жолатпаудың қамы деп түсінгеніміз жөн.
Кенесары Қасымұлының азаттық қозғалыстың мақсатына жету жолында дипломатиялық айла-амалдарды шебер пайдаланғандығын мейлінше айқындайтын оның хаттары. Архив қорларында, жарияланған деректемелік жинақтарда қазақ ханының мақсатымен ниетінің мазмұнын ашатын көптеген құжаттар сақталынған. Бір мән беретін Кенесарының елшілері Жүсіп Жанкүшікұлы, Мамберді Қонысбайұлы, Тайтоқ Дөненұлы, Табылды Тоқтыұлы, және Қошынбай Қазанғапұлы 1838 жылдың желтоқсан айында Сібір губернаторы князь В.Д.Горчаковпен Николай I-ші патшаға арнаған арнайы хаттары.
Зерттеуші Е.Бекмахановтың тамаша еңбегінде патшаға арналған хаттың мазмұны толық келтірілгенде, екінші құжаттың соңғы бөлімі түсіп қалған. Бұл арада біздің тәптіштеп көңілаударатын мәселеміз екі хаттың мазмұнын салыстыра талдап, сұлтанның елшілерінің тағдырына сипаттама беру.
1838 жылдың желтоқсан айының 26-нда Үшбұлақ Сыртқы округтық приказының Омбы облыстық басқармасына хабарлағанындай,осы приказдың аға сұлтаны майор Тұрдыбек Көшенов өзіне тапсырылған нұсқауға сай інісі старшина Бердібек Көшенов, Садыбек Балғазинмен Көкшетау, Ақмола және Баянауыл өңірінің бес “қырғызынан тартып алынған” хатты дереу Омбы қаласына жеткізгенін ескерткен. “Жыртқыш сұлтан Кенесары Қасымовтың бес қырғызы қазіргі уақытта қарауыл күзетіне тапсырылды. Кейбір мәліметтерге қарағанда, Кенесары Қасымұлы Көкшетау округына шабуыл жасамақшы, содан кейін бізге де қауіп төндірмекші”,-деп үреймен хабарлаған Үшбұлақ округының чиновнигі. Кенесарының елшілерін қапастан құтқару мақсатында көтерілісші топтардың Үшбұлақ округіне қауіп төндіруінен үрейленген сол чиновник Есенбақты руының керейлерінің қарулы жасақтарының белсенділігінің артуына қарай осы маңайдағы қоныстарды қорғауда қырағылықты күшейту үшін қосымша солдаттарды жіберуді өтінген.
1839 жылдың қаңтар айының 16-нда полковник Ладыженскийдың талабына сай Омбы дуан басы Кенесарының бес елшісінен жауап алу үшін оларды губернатордың қарамағына тапсыруды жөн көрген. Сонымен қатар елшілерден тінту кезінде табылған хаттарды мейлінше тезірек губернатордың қолына жеткізу көзделді. Бес елшінің кейінгі аянышты тағдырын сипаттаудан бұрын осы екі хаттың мазмұнына зер салайық:
Бірінші “Бүкілроссиялық дара билеуші патша ағзамға. Бүтін қырғызды билеген Абылай ханның ұрпағы Кенесары Қасымұлынан.
Тақсыр! Төмендегі жағдайға көңіл аударсаңыз өзімді бақытты санаймын. Сіздің ата-бабаларыңыз, бізде-менің атам Абылай хан билеп–төстегенде халық тыныш өмір сүрді. Оған еш пенде қолын сұққан жоқ, екі жақ та саудаласты, жайлы өмір сақтады. Біздің елімізден ешкім алым-салық жинамайтын. Кейінгі кезде бізден салықты жөнсіз сыпыра бастады, әртүрлі жәбір көрсетуді сезіп отырмыз. Бұрынғы бейбіт келісімді бұзып ,сіздің төменгі буынғы басқарушыларыңыз, ақиқатты аяқпен таптап, барша қырғыз халқын Ресейдің уысында деп қарайды. Менің марқұм атам Абылайдың иелігіне кіретін өңірге сіздің адамдарыңыз сегіз дуан ашқанына қатты қанжыламыз. Барша қырғыз халқына қысымды тоқтату және бұрынғы тыныш өмірді қалпына келіру үшін сізден дуанды және басқа да даламызда салған қоныстарыңызды жоюды өзіңізден өтінуді бақыт деп санаймын”.
Бұл хаттың мазмұнына терең ой жүгіртсек, көтерілістің басты себептерін, Ресей мен Қазахия арасындағы қайшылықтардың астарын, сұлтанның мақсаттарын аңдаймыз. Шағын ғана хатта негізгі талаптарын Абылай заманындағы және онан кейінгі ахуалмен шеберлікпен байланыстырып, көрсете білу Кенесары ханның терең ойлы саясатшылық қасиеттеріне көңіл аударады. Сөйтіп, басты тілек – тыныш өмірдің шырқын бұздырмау. Қасымұлының Ресей патшасынан талабы да орындалмайтын күрделі талап емес: округтарды жою, алым-салық жинауды тоқтату яғни Қазахия дербес елінің ішкі ісеріне қол сұғуға Ресей үкіметінің құқысының жоқтығы. Бұл жағдай Кенесарының әр жылдарда, саяси ахуалдың өзгеруіне сай Орынбор және Сібір губернаторларына бағыттаған хаттарында басты талап ретінде білдірген. Хатың желісінде дөрекілік, ой шұбалаңдығы, қоқанлоқылық тағы да басқа дипломатияға жат көріністер жоқ. Нағыз шығыстық саясатшыға сай , сұлтанның көздегені – бал тамған тілмен баданадай талаптарды білдіру. Екінші Сібір губернаторына жолдаған хатына көңіл аударсақ, қазақ сұлтанының талабының біраз айбарлылығы да байқалады: “Сіздің есіңізге салайын дегенім, екі халықтың тыныштық өмірін қамтамасыз ету. Өзіңіз Ресейге бағынышты жұртты мен өз жағыма қаратып алды деп реніш білдіресіз. Мәселе тіпті басқаша .Менің атам Абылайдың иелгінде жөнсіз бірнеше дуандарды ұйымдастырып, салық жинаттырып отырған сіздер емес пе? Бізге қысым көрсетудесіз. Оған наразылық білдіреміз, бұдан былай алым-салығыңызға көне алмаймыз. Ойлаңызшы егер Ресейді басқа бір мемлекет билеп-төстеп отырса, қалай шыдар едіңіз? Біздің де пайымымызды еске алыңыз…”Хаттың соңғы бөлігі Е.Бекмаханов кітабына кірмеген. “менің құлағымның шалғаны – көршілеріміз Қоқан және Бұқар иеліктеріне жақындығымыз, біздің осы елдермен байланыстарымыз сіздерді сескендіретін тәрізді”. Губернаторға хат төмендегідей төрт талаптың орындалуын өтінумен аяқталады: Ақтау бекінісін жермен-жексен ету; Ақмола округын тарату; далалық окруктегі үкіметтің басқада қоныстарын жою; қапаста отырған көтерілісшілерді босату. Құжаттың ең соңында губернатор В.Д. Горчаковтан осы айтылған талаптарға пікірін хат тапсырылған елшілер арқылы хабарлауын өтінген. Сұлтанның талап етуіне қарағанда, Кенесары патшаның Сібірдегі сатрапынан өзін мейлінше артық санаған.
Әрине, XIX ғасырдың бірінші жартысында әлі де дербестігін сақтаған Орта Азия хандықтары мен Кенесары арасында тығыз байланыс орнауы мүмкіндігінен үрейленген патша үкіметінің түпкілікті саясаты осы елдерді де өз тырнағының астында ұстау екендігін көреген саясатшы мейлінше түсінді. Кейінгі оқиғалар дәлелдегендей әсіресе Қоқан бектерінің Жетісу және Сыр бойындағы қазақ руларына зомбылығы, осыған орай Қасым төренің тұқымы мен Ташкент бектері арасындағы алауыздық Ресейден төнген қауіпке қарсы күшті бір арнаға бағыттауға кедергі болды. Бұл жөнінде кейінірек. Осы екі хаттың мазмұнындағы жеке талаптар Кенесарының барлық дерлік хаттарында, Ресеймен арақатынасқа байланысты жеке мәселелерде жиі қайталанады.
Енді Кенесарының бес елшісінің кейінгі тағдырына қайта оралсақ. Сібір шекаралық комиссиясының төрағасы міндетін атқарушы полковник Ладыженский князь В.Д. Горчовқа жолдаған хатында “Кенесары қарақшыларын” Омбыдағы әскери сотта қарау қажеттігін негіздей келе, көтеріліс жөнінде қажетті мәлімет алу үшін, оларды түрмеде бір-бірінен бөліп жеке бөлмелерде қапаста ұсталуды қажет деп санады.
Е.Бекмахановтың зерттеуінде Кенесарының бес елшісінің екеуінің ғана аты-жөндері берілген: Тобылды Тоқтыұлы, Қошымбай Жанкүшікұлы. Біз танысқан Қасымбаевтың „Кенесары хан” еңбегі қалған үшеуінің де аты-жөндерін анықтауға мүмкіндік берді. Жүсіп Жанкүшікұлы туралы нақты мәліметтер кездеспеді. Мамберді Қонысбайұлы Баянауыл округіндегі ауқатты Мұса Шрмановтың ауылынан, Тайтоқ Дөненұлы Көкшетау округінің Атығай болысынан, Қосымбай Қазанғапұлы 33 жаста, Көкшетау округының Керей болысынан .Е.Бекмахановтың кітабында –ол да Атығай болысынан /6.17/.
Қосымбай Қазанғапұлы орыс тілін жақсы білген, полковник Ладыженский Омбы әскери сотына хабарлауына қарағанда, Горькая шебіндегі казактарға бұрын да белгілі екен.
Қарауылмен станицалар арқылы Омбыға әкеле жатқанда бірнеше казактар оны бірден таныған. Қамалған қазақтардың ішінде Кенеары мейлінше жақын болған Қосымбай Қазанғапұлы “тентектік, бүлікшілік мінезімен ерекше көзге түскен”/31.220/. Кінасын мойындаудан бастартқан Қ.Қазанғапұлы тергеушілерін шатастыру мақсатымен тіпті Кенесарының хатының өзінен табылуын кездейсоқтық деп бай-балам салған. “Сол жылдың жазында Петропавл қаласындағы көпес Ахмет Баязитовтың керуеніне қосылып, Жетісудан қайтып оралғанда 60 жылқымыздан, 200 түйемізден айырылып, Тортұғұл болысының сұлтаны Байғара мен Темеш руының сұлтаны Күзембайдың ауылында болдық. Тартып алынған малымызды қайтарып аламыз деп жүргенде, сұлтан Кенесарының қолына түсіп, император ағзам мен губернаторға хаттарды жеткізуге келісуге тура келді”. Одан әрі Қазанғапұлы хаттардың мазмұнымен таныс емеспін, сауатсызбын деп безек қаққан./6.19/.
Азаттық қозғалыстың мүддесіне мейлінше берілген Тобылды Тохтыұлы. 1838 жылы 35 жастағы Тохтыұлы сұлтан Кенесарының ең жақын серіктерінің бірі еді. Ақмола округының Мамай-Тортығұл болысындағы Терсоққан деген жерде көшіп қонып жүрген Т.Тохтыұлы көтеріліске басынан қосылып, Кенесарының жауапты тапсырмаларын орындаған.
Омбы Ордананс-Гауз (сот мекемесі) тергеуді аяқтағаннан кейін абақтыға қамалған бас өкілге төмендегідей айыптар тақты: Ресейдің антын бұзғандық, қоныс тепкен округтардан даланың түкпірлі аудандарына рұқсатсыз көшіп кету; Кенесарының “қарақшыларына қосылу”; “бүлікшінің” екі хатын жақын орналасқан округқа жеткізуге талпыну. Алайда әскери соттың комиссиясының шешімінде жазылғандай, “Кенесары қарақшыларын тонау және тонаушылық істеріне” қатысуларын мойындаудан бас тартқан. Полковник Фаяцкиий князь В.Д. Горчаковқа “қылмыскерлерді” жазаға тарту туралы ойын қортындылай келе, “қырғыздарды” тұздалған шыбықпен әрқайсысына мың дүре соғып, солдаттардың арасынан өткізу, ал әскери қызметке жарамсыздарды Сібірге жер аударуды мақұлдаған. Омбы Ордананс-Гауз сотының шешімінде “қылмыстыларды” Шығыс Сібірге айдау ұйғарылғандығы нақты айқындалған./6.18/. Тобылды Тохтыұлынан басқасынан кейінгі тағдыры белгісіз.
Тохтыұлы 1841 жылы Шығыс Сібірдегі айдаудан қашып, аулына оралып, көтеріліске қайта қосылған. Қыпшақ, Тамын, Қозған, Көксал руларының жасақтарына басшылық еткен./31.229/.
Кенесарының айлакер де, терең ойлы саясатшы және дипломатиялық қасиеттерін патша губернаторларымен алмасқан хаттарынан көруге болады. Бұл арада көңіл аударатын бір жай — Кенесарының Сібір және Орынбор губернаторлары арасындағы кикілжінді әрқашан көтерілістің мүддесіне шебер пайдалануы. В.А Перовский империяның ақсүйек билеушілерінің ең бір кілегейіне жатсада, А.С Пушкинге бір табан жақын болған, 1833-1842 жылдары арасында Орынбор өлкесінің губернаторы ретінде қазақ халқының өмірі мен Қазақстандағы ахуалмен патшаның басқа сатраптарынан гөрі жақын таныс еді.
1836-1838жылдары Исатай Тайманұлы басқарған Бөкей ордасындағы шаруалар көтерілісін күшпен жақын арада жаншыған граф В.А. Перовский, әрине, үш жүзді де қамтыған Кенесары сияқты шоқ тұлға басқарған жаппай халық соғысын тек күшпен басудың қиындығын түсінді. Патшаның сенімді билеушісі ретінде граф В.А. Перовский де көтерілістің отын сөндіруде аянбағаны белгілі. Алайда Перовский негізінде айла-амалмен шешудің жақтасы болды. Керісінше Ресейдің ертеден келе жатқан ең лауазымды ақсуектерінің тұқымынан шыққан князь В.Д.Горчаков бар мүмкіндікті іске қосып, қозғалысты тезірек қарумен жаншуды талап етті. Сібір әскери корпусының командирі ретінде 1840 жылы қазан айының 18-інде Ресейдің соғыс министріне жолдаған хаттарының бірінде, егерде қауірт шаралар қабылданбаса Кенесары келесі жылдың көктемінде күшейіп алып, батыс округтарды қамтып, дес бермей кетеме деген қаупін білдіреді “…ешбір жағдайда Кенесарыны тыныштыққа қалдыруды тіпті қаламаймын. Қам жемей жата берсек, оны қолдайтын қырғыздардың көбейіп кететіні сөзсіз” -деп қаупін білдірді./6.19/.
Граф В.А. Перовский князь В.Д.Горчаковқа арналған хаттарында Кенесары “бүлікшіні” өзінің де жақтырмайтынын ,алайда, қозғалысты басу үшін әскери күшті үйіп төгуге өзінің қосылмайтындығын білдірді. 1842 жылы наурыз айының 30-ында В.Д.Горчаковқа жазған хатынан төменгіні аңғарамыз: “Кенесарының шындығында менің де аяғым келмейді. Сұлтанды жазалауға ешбір қарсылығым жоқ. Алайда оған ауыр жала жабуға себептер де жеткіліксіз бе деймін. Орынбор қырғыздары арасында оның бүлік шығарып отырғанын тіпті көре алмаймын. Құрметті князь! 1841 жылдың қазан айының 10-ындағы, 1842 жылдың наурыз айының 21-імен қараша айының 17-індегі сіздің маған жазған хаттарыңыздағы сұлтанның Сібірдегі тонаушылыққа қатысы жөніндегі мәліметтеріңіз кейбір қайсақтардың сөздеріне негізделген; дәлелдеме ретінде оларға сүйеніп, шешім қабылдау жөн болар ма”/6.20/. Белгілі зерттеуші А.Н Середаның пікірінше, В.Д.Горчаков пен В.А. Перовскийдің хаталмасуындағы бір-бірін түйреуі, екі жағының өз пікірін басым ету үшін патшаға жүгінуіен Орта ғасырдағы Иван Грозный ІV пен князь Крупскийдің таласымен салыстырады. Айырмашылығы патшаның ХІХ ғасырдағы губернаторлары ерте заманғы орыс патшасы мен Крупский қолданған боғауыз сөздерден аулақ болғанда, — деп мысқылдай жазады Н.Середа /2.868/.
1842 жылы граф В.А.Перовский Орынбор генерал-губернаторлығынан босап, патшаның жақын нөкері (генерал-адъютант) болып тағайындалғаннан кейін де Кенесары мәселесіне жиі араласып, өзінің ой-пікірін білдіруден тайынбады. Оның орнынан Орынбор өлкесіне губернатор болған В.А.Обручев қай жағынан болса да Перовскийден төмен еді. Ең басты кемшілігі — өлкенің басты тұрғындары қазақтардың өмірінен тым алшақ болды. Патша өкіметінің өлкені отарлау саясатын іске асыруда халық мүддесіне қайшы шаралардан тайынбады. Кенесары қозғалысы жөнінде оның көзқарасы мен алғашқы қимылдары Сібір губернаторының ұстаған бағытымен жақтас еді. Орыс тарихшысы В.А.Обручевті төмендегідей етіп сипаттайды: “Перовскийден айырмашылығы Владимир Афанасьевич Обручев қысқа ғана бойлы, арық келген шал еді. Дауысы да жағымсыз. Жұпыны киінетін, Николай заманындағы көне шинелін тастамаушы еді. Тіпті басқа офицерлерден өзгешелігі жоқ. Оның жүріс-тұрысын төңірегіндегілер мысқылдайтын”. В.А.Обручев билікті қолына алысымен шешуге тырысқан мәселе – жоспарын князь В.Д.Горчаковпен үйлестіріп, Орынбор өлкесіне дейін жалыны шарпыған Кенесары көтерілісін жылдам жаншу еді. Бұрын қазақ даласындағы жағдайлармен таныс болмаған В.Обручев халықтың қарсылығын бірден жаныштап тастауға сенімі мол болса керек. 1843 жылы Обручев хан Кенесарыны бүлікші деп жариялап, патшадан оған қарсы байырғы әскер жіберуге рұқсат алып, Батыс Қазақстанда шоғырланған әскерлерді қозғалысты жаныштауға пайдалануға бет алды: Орскі бекінісінен полковник Ф.Дунековский, Сахарная бекінісінен – полковник Бизанов бастаған қарулы топтар Кіші жүздің батыс және орта бөліктерінің билеуші-сұлтандарына арқа сүйеп, Кенесарының басты күштері жайғасқан Айырық тауына бағытталды.
Әрбір Қазақстанмен шекаралас мекендерде өзінің сенімді өкілдері арқылы Обручевтің қандай шешімдер қабылдағанын сол сәтте хабарлас болған хан Кенесары ауылдарымен шығысқа, Торғай өзеніне қарай шегініп үлгерді./30.60/. Ұлқаяқ өзені жағасында полковник Бизанов тобымен шайқаста өзінің бір інісінен айрылса да, хан басты күштерімен өзін жақтайтын Торғай бойына шегінді. Кенесары В.Обручевті Перевоский сияқты өзімен келіссөз жүргізуге тұратын патшаның өкілі ретінде танығысы да келмеді. Жаңа губернаторға менменсіп қарағандығы соншалық, оны “Орынборда отырған генерал” деп мысқылдады./6.21/. Әскери күшпен Кенесарыны бірден ойсырату жоспары сәтсіздікке ұшырағанына назаланған В.А.Обручев еріксізден ханмен келіссөз бастауына тура келді. 1843 жылдың шілде айының 29-ында Кенесарыға жолдаған хатында В.А.Обручев төмендегі мәселелерге көңіл аударды: “Өткен жылдың қыркүйек айының 2-індегі хатында сіздің Ресей өкіметіне қарсы қимылдарыңызды дәлелдейтін әртүрлі мәліметтерге көңіліңізді аударған едім… Біздің мемлекетімізге өзіңіздің берілгендігіңізді көрсеткіңіз келсе, Орынбор шебіне жақындап көшіңіз, шекаралық комиссия нұсқаған өңірге ғана қоныстануыңыз жөн”. Көтерілісті жаныштау В.А.Обручевтің қолына көшуі әрине ханның жағдайын біршама қиындатты. Сібір және Орынбор жағынан қара бұлттай төне бастаған байырғы әскерлермен ашық ұрыста шайқасудың қиындықтарын түсіне білген хан әлі де болса саясатшыл қайраткер ретінде өзіне мейлінше қарсы Орынбордың жаңа губернаторларына жиілетіп хат жолдап, келіссөз, дипломатия жолымен уақыт ұтуға тырысып бақты. Кіші жүздің белді сұлтандарының бірі Кенесарының жауы сұлтан Жантөрин арқылы В.А.Обручевқа жеткізілген төмендегі хаттың мазмұнына көз жүгіртсек: “…біз Кенесары атамыз Абылайхан заманынан орыстармен бауырлас өмір сүрдік. Алайда, Омбы және Қызылжар тұсынан тыныштығымызды бұзды. Бауырымыз Саржан батырды екі мәртебе тонады, біріншісінен 17, екіншісінен 11 жыл өтті. Кейінгі шабуыл кезінде Саржанның баласын тұтқындады. Біздің жіберген хаттарымызға жауап жоқ. Орыстарға жаулығымыздың бір себебі осыдан”/6.22/.
Айлакер хан екі жақтың арасында ұлы Абылай кезінен түсінушіліктің енді бұзыла бастағанын орыс әскерлерінің “тонаушылық” қимылдарымен байланыстыруы кеште болса өлкені отарлау тиылса Ресейде де, Қазақстанда да тыныш өмір орнайтынына губернатордың көңілін аударды. Н.Середанының айтқанындай, губернаторға арналған хаттарында өзін орыс өкіметінің “жақтасы” ретінде көрсетуге тырысқан хан, екінші жағынан, патшаның әкімдерін бір-біріне өршелендіріп, “лай судан балық ұстауға тырысқан”.
Генерал В.А.Обручевтің қазақ халқының қарсылығын тек күшпен жаншуға бет алғанына қарсылық білдірген, өзінің бұрынғы, ұстаған бағытын өзгертуге наразы болған патшаның генерал-адъютанты В.А.Перовский 1843 жылдың шілде айының 30-ында соғыс министріне тапсырған “ескертпелерінде” Орынбордың жаңа әкімінің қимылдарын сынға алады. “Меніңше, — деп жазды генерал-адъютант, — Кенесарының қимылдарынан Обручев қатты үрейленді. Шын мәнінде бір топ қырғыздардың көрсетуіне негізделген. Кенесарыны құбыжық етіп көрсететін құжаттарда негіз жоқ. Бұл ірі қанды шайқас емес – барымта. Тіпті Кенесарыны Обручев сипаттағандай сондай қауіпті десек, бүлік бүтін даланы шарпыса да, соғыс жолына түсуге қажеттілік бар ма? Керісінше, Ордада мәмлеге келіп, тәртіп орнатуға тырысқан жөн. Билеуші сұлтандардың жасақтарын күшейтсек жарай ма”/26.22/.
Хан Кенесары Ресейдің лауазымды әкімдерімен дипломатиялық шеберлікпен ара-қатынасты, алауыздықты талқыға салып, пікір таластырумен шектелмеді. Өзімен ұрыс даласында алысқан, орта буынды, басқа да әскери шенді өкілдермен хандық ұлығын сақтап, көтерілістің жалпы мүддесін қорғап хат алысып отырды. Көтерілісшілермен жан таласа алысқандардың бірі – войсковой старшина Лебедев. Кенесарының хаттарында Лебедевтің бейбіт ауылдарды соққыға жыққандығы туралы мәліметтер жиі кездеседі. 1843 жылы шілде айының 29-ында Лебедевке арнайы жазылған, Кенесарыны қаралайтын құжаттарға қосымша мәлімет ретінде Обручев Петербургқа жіберген хатта ханның ойының өктем ырғақпен жазылғандығын байқаймыз: “…Император ағзамға менің еш жаулығым жоқ. Өзіңізден өкіметтің шешімдерін орындауды талап етемін. Алдымызда біздің ағамыздың көші тұр. Оларды үркітпеңіз. Хан Кенесары”./6.22/.
Азаттық күрес жолында Жетісуға Қырғыз еліне шегінгенге дейін Кенесарының дипломатиясында нық орын алған — әскери қимылдардың барысында жазалаушылардың қолына түсіп, тұтқын болған сарбаздарын қалай да босаттырып алу. Кенесары көп жағдайда өз қарамағындағы тұтқын орыс солдаттарын шекаралық Сібір немесе Орынбор өлкесіндегі Ресей қоныстарында қапастағы тек сұлтан, старшындар, өзінің жақындары ғана емес, қарапайым жасақшыларын да айырбастап алуына қайтаруға дипломатиясында, саясатшылық қасиетін де аямаған.
Тобольск қаласының дуан басына жазған арнайы хатында “біздің қолымызда тұтқын орыс казагі Лобановты тұтқыннан босатып сіздерге аттандырдық. Егер патша ағзамның осы іс туралы қарсылығы болмаса, бұрын да естеріңізге салғанымыздай Сібірде қапастағы адамдарымызды босатыңыз”. Сұлтан Кенесарының қолында тұтқында болған, кейін Ресейге оралған казак әскерінің екінші полкінің уряднигі Лобанов Тобольскіде кейіннен жауап алынғанда жоғарыда келтірілген мәліметтерді растады. Кенесарының саясатында Ресей облыстық әкімдерінің арасындағы қазақтардың ауыр өмірін жеңілдетуге ат салысқандардың бірі Орынбор шекаралық комиссиясының төрағасы, генерал-майор А.Генс. Орынборда қазақ балалары үшін тұңғыш мектеп ашқан лауазымды чиновник патша генералы бола тұра Кенесарымен жиі хат жазысып тұрған А.Генс генерал В.А.Обручевтің мәселелерді күшке сүйене шешу саясатына қарсылық білдірген. А. Генс пен Кенесары арасындағы байланыстар туралы В.А.Обручев те хабардар болған. 1843 жылы шілде айының 29-ында Орынбор губернаторының қазақ ханына хатының соңғы бөлігінен осындай жайға назар аударамыз: “…шекаралық комиссияның төрағасы, генерал-майор Генстің маған көрсеткен хаттарында сіздің өкімет алдында ақталғыңыз келгендігіңізді, сондай қанағат тұтып түсіндім. Көңіліңіздегі бірқатар мәселелеріңізді Генспен жүздесіп, шешу ойыңызда бар екен”. Хаттың мазмұнынан Обручев Генске арқа сүйеп, Кенесарыны өзінің ығына көндіруге де үміті болғанын байқаймыз. Алайда патша әкімдерінің екі жүзділігіне әбден қанық болған хан Обручевтен әбден қол үзіп, басқалардан сенімді көрінген А.Генспен жиі хат алмасып тұрды. Ханның шекара комиссиясының төрағасына өзінің бірқатар мәселелерін шешуде сенім білдіруін мына хаттан көреміз.
1843 жылдың шілде айының 23-інде Қасымұлының сенімді адамы А.Генске Орынборда табыс еткен хатында бірқатар ахуалдың беті ашылған: “Сіз Орынборда тұрғанда көп қайырымдылық көрсететініңізге сенімі мол, маған да жаманшылық келмес. Сізбенен кездесіп, император ағзамға өтініштерімді жеткізсем бе деймін. Бұқара, Қоқан және Хиуа өңіріндегі Үлкен, Кіші және Орта орда қырғыздарын Жайық өзеніне жақын көшірттім”. Кенесары хаттарының барлығында дерлік патшаға деген бір соқыр сезім, елеске жақын сенім сақталған сияқты. Тіпті Ресей патшасына қазақ жерін отарлауды тоқтатады деп үміт артқандай. Мүмкін, осы солтүстік-шығыс, батыс өлкені казак әскерімен басып алуды, қазақ руларын ғасырлар бойы көшіп-қонған ата-мекеннен ығыстыруды хан тек губернаторлардың ісі деп біржақты түсінді ма екен? Ханның А.Генске хатының соңғы бөлігін келтірейік: “Жалған айтуға құмар адамдарға сенбеңіз. Сіз патша ағзамға жақынсыз, бізге де қамқоршысыз. Басымызға түскен ауыртпашылықты императорға жеткізгеніңіз, бізге зор қайырымдылық жасағаныңыз болар еді”/6.24/.
“Бүлікші сұлтанның” 1841 жылдың шілде айында А.Генске жеткізген патша әскерлерінің қазақ ауылдарын қырып-жою қимылдарын нағыз тонаушылық ретінде айыптаған бірнеше беттен тұратын көлемді құжатын, көрнекті тарихшы Л.Мейер тамаша деректік мәні бар мағлұмат деп бағалаған/30.60/.
Өзінің інісі, басынан азаттық қозғалысқа белсене ат салысқан Құшақ Қасымұлы сұлтанмен бірігіп қол қойған осы деректер 1831-1840 жылдар арасында Көкшетау, Ақмола өңіріндегі жазалаушы казак әскерлерінің тонаушылық қимылдары тізіліп көрсетілген. Қасым төренің ұлдарының мақсаты да губернаторлардан кейінгі әкімдік дәрежедегі генералдың көңілін осы оқиғаларға аударып, казак жазалаушы топтарының қазақ ауылдарындағы бассыздығына шек қою.
Кенесары ханның дипломатиялық саясатшыл қабілеті азаттық көтерілістің басында болған.
Елшілік келіссөздерді өздерін осы істе танытып үлгерген Шоқпар Бақтыбайұлы, Есенгелді Саржанұлы, Сайдақ қожа Оспанұлы және татар Әлім Жағудин сияқты адамдар жүргізді.
Кенесарының, әсіресе, дипломатиялық әрекеттерінің көтеріліс барысында өте шебер пайдаланғандығын мейлінше айқындайтын оның бұған дейінгі жарияланған хаттары (ал,архив қорларында жатқан әлі сыры ашылмаған хаттары қаншама десеңізші!) болып табылады. Бұл проблеманың одан әрі зерттеле түсуі хақ. Жас тарихшы-зерттеушілер, мамандар ретінде бұл міндет-біздің үлестерімізде. Сондықтан, хан Кене көтерілісі туралы деректер жетерлік, яғни тарихнамалық базасы мол, әрі кең; жан-жақты ғылыми зерттеу жұмысын әр уақытта жүргізе беруге толық мүмкіндіктер бар екенін қанағаттық сезіммен айтуға болады.
Сұлтан Кенесарының айлакер саясатшылдығы көтерілістің алғашқы кезеңінен бірден байқалды. Әрине, сол заманда төңірегін күшпен жапырып, ауыздықталмаған Ресей билеп -төстеушілерінің Қазақ жерін жаулап алмай тынбайтындығына көргендікпен көзі жеткен Кенесары бар қабілетін патшаның жаулаушылық қимылдарын тоқтатуға немесе оның қарқынын әлсіретіп, үш жүздің бірлігін нығайтуға жұмсады.



  1. Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет