Эвфемистік синекдоха. Эвфемистік мағына тудыратын троптардың енді бірі - синекдоха. Бұл - бүтіннің орнына бөлшекті, жалпының орнына жалқыны немесе, керісінше, жекешенің орнына көпшені, бөлшектің орнына бүтінді бүтінді қолдану тəсілі.
Əдетте, бұл тəсіл тіл білімінде метонимияның бір түрі ретінде де қарастырылады, бірақ олардың көптеген айырмашылықтары бар. Ол айырмашылық мынау: метонимиялық ауыспалы кеңістік пен уақыттағы шектестік пен іргелестіке негізделсе, синекдохалық ауыспалы мағына сандық қарым-қатынастардың байланысына негізделеді.
Қазақ тілінде синекдохалық сөз қолдану тәсілі мақал-мәтелдерге де тән. Төменгі мысалдар осының дәлелі іспеттес: «Жаңылмас жақ болмас, сүрінбес тұяқ болмас», «Отыз тістен шыққан тіс отыз рулы елге тарайды», «Алтау ала болса ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса төбедегі келеді», «Басқа пәле тілден» т.с.с Алайда жоғарыда келтірілген мысалдардағы бірде-бір синекдоханың эвфемистік мақсатта жұмсалып тұрғаны байқалмайды. Өйткені олардың ешқайсысы да табу сөздерді алмастырып немесе дөрекі, ыңғайсыз сөздерді жасырып тұрған жоқ. Бірақ синекдоха кейде кейбір құлаққа жағымсыз тиетін ұғымдардың тігісін жатық етіп тұратын эвфемистік бет перде ретінде де жұмсалады. Мысалы, қазақ тілінде бала көтермеген әйелді бедеу деумен қатар пұшпағы қанамаған немесе өкшесі қанамаған сияқты тұрақты тіркестері арқылы да білдіреді. Мұндағы пұшпақ, өкше дегендер адам денесінің белгілі бір бөлшегі болуымен қатар тілдегі екінші бір сөзбен тіркесе отырып, бедеу қатын немесе бала тумаған, ал кейде мағынасы олардан да ауырырақ қубас қатын деген сөз тіркесінің орнына қолданылып, эвфемистік мағына туғызады. Дәл осыған ұқсайтын эвфемистңк синекдоханы мына бір мысалдан да байқауға болады.
«Еш нәрсе көрмей дүниеден,
Өткенім – деген – тұяқсыз»
Тоқтарбайдың зарына
Қалың қыпшақ қайысқан.
(Батырлар жыры)
Бұл үзіндідегі тұяқсыз деген сөз – баласыз, перзентсіз немесе қубас деген мағынасы құлаққа жылы тие қоймайтын ұғымдарды қалқалап тұрған эвфемистік синекдоха. Кейде эвфемистік мақсатпен жекешені білдіретін мен, менің, өзім секілді есімдіктердің орнына олардың біз, біздің немесе өзіміздің деген көпше түрлері қолданылады. Мысалы: Өзіміздің де қарнымыз ашты. Біздің бəйбішенің жолғс берген азығы бар. ( С. Мұқанов) Мұның сыры мынада: мен мендіктің немесе өзімшілдіктің сыңайын танытады. Ал біз, біздер деп сөйлеу сыпайылықтың, қарапайымдылықтың жəне ізеттіліктің кепілі сияқты əрі бұл күнделікті өмірде өте жиі байқалады.
Эвфемистік символ. Троптардың басқа түрлері сияқты символ (бейнелеу) да тілдің көркемдегіш құралдарының бірі. Ол - айтылмақшы ойды тұп-турасынан гөрі белгілі бір бейнелі образдар арқылы танытып əрі астарлап жеткізу тəсілі. Бұл тұрғыдан қарағанда, символ эвфемизмге біршама жуықтай түседі. Өйткені белгілі бір ұғымды астарлап, бүркемелеп жеткізу символға да, эвфемизмге де ортақ қасиет. Осындай ұқсастықтарының болуымен байланысты символ көркем образдар жасаумен қатар эвфемизмнің де қызметін қоса атқарады. Бұның дəлелдерін, əсіресе, қазақтың ауыз əдебиетінен жиі кездестіруге болады. Бірер мысал:
...Арызымды сізге айтайын
Көтерсең менің назымды:
Саусағы алтын сұңқарға
Ілдірейін деп келдім
Көлдегі үйрек, қазыңды;
Алтайы қызыл түлкіңе
Қосайын деп ойлап ем
Құмайы жүйрік тазымды;
Тікпекке ақ үй сұраймын,
Ел қонбаған сазыңды.
Бұйырып патшам жіберген
Қайта алмаймын бұл жерден,
Іздеген жоғым табылмай. (Батырлар жыры).
Қамбар батыр жырынан алынған бұл үзінді - Керей мен ұлы Келменбеттің Əзімбайға айтқан сөзі. Бұның ішінде символға нақты мысал болатын тамаша жолдар бар. Қалмақ ханы Қараманның жаушысы Келменбеттің Əзімбайға тұспалдап айтпақшы болып отырғаны - бір-ақ сауал. Ол - Назымды Қараманға əйелдікке бер деу. Алайда Келменбет сауалын келген жерден ашып айта салмайды, алыстан орағытып, астарлай сөйлейді. Оның саусағы алтын сұңқар деген мен құмай жүйрік тазыға балап отырғаны - Қараманның символдық бейнесі. Ал енді сұңқарға ілдірмек болып отырған үйрек пен қазы немесе тазы қоспақ болып отырған ел қонбаған сазы жəне іздеген жоғы - Назымды бейнелейтін символдық образдар болуымен қатар, Қараманның бұйымтайын бүркемелеп тұрған эвфемизмдер.