Дипломдық жұмыс Тақырыбы: Қ. Жұмалиев және Махамбеттану мәселелері Орындаған: Сахиева Ә. 310-34 тобы


ІІ тарау «Ұлпан» романындағы Ұлпан мен Есеней бейнесі және олардың тарихи тұлғалары



бет2/4
Дата13.06.2016
өлшемі288.5 Kb.
#131772
түріДиплом
1   2   3   4

ІІ тарау «Ұлпан» романындағы Ұлпан мен Есеней бейнесі және олардың тарихи тұлғалары

Ғабит Мүсірепов шығармашылығында аяулы, асыл, қасиетті аналар образын бейнелеуге ерекше назар аударған суреткер жазушы.

Романның өзіне келетін болсақ, бұл роман үш бөлімнен және жиырма төрт тараудан тұрады. Әрбір жеке тараулары рим цифрымен белгіленген. «Ұлпан» романында тоқсанға жуық образдар бар.

Шығарманың оқиғасы – ХІХ ғасырда қазақ даласында болған тарихи шындықтарға негізделген. Романның Ұлпан, Есеней, Мүсіреп тәрізді кейіпкерлері өмірде болған адамдар. Романның атына лайық оның ең басты кейіпкері, әрине, Ұлпан.

Ұлпан – романтикалық характер. Тарихи адам өмірінің реалды шындығын жазушы оны сәл көтере түсер, өз ортасынан оқшау шыққан адам екенін танытар қаһармандық қасиеттермен әрлейді. Қарапайым қазақ қызының іс-қимылы да, сөзі де бір көргеннен ірі танылады. [ 2, 125].

Батырдың ерке қызы шаңырақтың ошағы, үйдің ұстыны болып, яғни жоқтың өзі бар, аздың өзін көптей етіп отыратын, он саусағынан өнері тамған Несібелі ананың қызы Ұлпанға ұяда көрген тәрбиесінің арқасында Есеней ғана емес, бүкіл ел қызыққан, сүйсінген. Ұлпан ата-анасының тұңғышы мен жалғызы болғандықтан, өте еркін өсіп, еркекшора киінген.

«Қаршығалы» шұбарына көз тіге келген Есеней тобының алдынан жігітше киініп шыққан қыз өтінішінің өзінде ерекше бір асқақтық барын «түрікпен» Мүсіреп бірден байқайды. Онысын бетіне айтқанда, қыз айып тартқан болып, атын тастап, тағы да салмақ салып кетеді. Бұл салмақ өмірі кісі алдында айып тартып көрмеген Есенейді атына ат қосып қайтаруға мәжбүр етеді.

«Ерке болушы еді, ығыспай сөйлейтін қыз болыпты-ау? Зейінді, зерделі боларсың деп ойлап кетіп еді, ойлағаны келген де қойған. Ұтқызбай кетті ғой».

Төрт-бес жасында Артықбай батыр үйінде кездесіп, әке мен баладай достасып кеткен Ұлпанды Есеней осылай еске түсіреді. Сондай-ақ көркіне мінезі сай биязы да инабатты, сұлу да сымбатты. Ұлпанның инабатты екенін романның мына тұстарынан байқаймыз:

Бала жігіт бұл жолы да тез жауап қайтарды:

- Арызымызды айтып кел деген жұрт асқақтай сөйле деп тапсырған жоқ еді, ағалар. Солай болып шықса айып өзімде. Жүйелі сөз жүйесін табар, жүйесіз сөз иесін табар деген бар ғой. Міне, айыбым! – деп атынан түсе қалып ұзын шылбырын Кенжетайға қарай серпіп жібереді.

- Әйтеуір ат жетелеп жүр екенсің, мынаны жетелей жүр.

Міне, осы тұстарынан еркекшора киінген Ұлпанның Есеней мен оның жанындағы төрт адамдарға осылай жауап қайтарып кетті.

Сонымен қоса, Ұлпан сөзге шешен, ақылды да, батыл қыз болып өседі.

- Ойдағы он ауыл Сибанның барлық малын айдап әкелсе де бір қыс асырап шығуға «Қаршығалының» шұбары жетер еді. Жалғыз Есенейдің жылқысын асырап шығуға жеріміз жетпей жатса, айыпты болмақпыз ба?

Ұлпан кейде әкесіне ақыл-кеңесін беріп отыратындығын осыдан байқауымызға болады.

Тағдыр ісіне мойынсұнып, қарап отыру – Ұлпан характеріне жат. Феодалдық ортаның әйел қауымына құрып қойған тұзағынан біржола босап кетуді ойламаған ол өзіне бұйырылған ырзық көлемінде еркін, өз ықтиярымен тіршілік құруды қалайды. Оның Мырзаштан құтылуға талабы да осының бір көрінісі. Мырзаштан құтылады және одан өз күші емес, Есеней сияқты күштінің қолы құтқарады. Тағдыр құрығы ұзын емес пе? Бірақ мұның артында Есенейдің өз құрығы дайын тұрғанын Ұлпанның аңғарған да түрі бар. Есенейден құтылар күш жоғын Ұлпан біледі. Сондықтан да Есенейдің сөз салғанын естігенде, оның ойына келгені: «Ағашқа асылып өлмесең, құтыла алмайсың. Есенейден арашалап алып қалар адам жоқ. Айтты – болды. Басың болса – ие бер, тізең болса – бүге бер. Тек түрікпен Мүсірепке қайтарған жауабында: Бірақ ағаңның есінде болсын – Ұлпан арзанға түспейтін қыз», - дегенді қоса айтып шарасыз көнеді. Мұнысы: Есенеймен сөзді басынан ашып алу, үлкен ордаға тоқал емес, бәйбіше болып кіру болатын. Есеней өзінің бүкіл өмірін сарп етіп етіп жеткен есенейлігін оп-оңай Ұлпанға бере салды. «Қырыққа келгенде біздің елдің Есенейі сен боларсың. Оған дейін сен менің Есенейім бола тұр...» − дейді [7, 103]. Ұлпанның өзі білетін дүниенің бірінші адамы – Есеней де, егер бұл ойы іске аса қалса, екінші өзі болмақ. Ұлпанның өзінің осы ойын іске асырады.

Осыны істетіп отырған Есенейдің кеңдігі, жомарттығы басым ба, жоқ әлде, өз басынан дәурен өтіп бара жатқанын сезгендіктен, сол есенейлік біржола құрып кетпесін деп, көзі тірісінде бір сенімді қолға тапсырып қоюға бекінген өзімшілдіктің ішкі есебі басым ба? Қалай болған да Ұлпан есенейлікті өзінше қабылдап, өзінше пайдаланады.

«Тоқтай тұр әлі, біраз көрейін, көрмегеніме көзім үйренсін, білмегенімді біліп алайын. Тоқтай тұр әлі...». Осы «тоқтай тұр әлі ... « бұдан кейінгі бүкіл Ұлпан әрекетінің ішкі өзегі секілді естіледі.

Әрине, мұның барлығы феодалдық-патриархалдық тәртіптің көбесі сөгілмей, тұтасып тұрған кезінде бір әйелдің басына артығымен жетіп жатыр еді.

Ғ. Мүсірепов бір шығармасынан екінші шығармасына асқан сайын өзінің шебер суреткер екенін дәлелдей түседі. Ол бір сәт те өткенге тоқмейілсіп тоқтап қалған емес. Ылғи ізденісте болған. Жазушы осындай тынымсыз ізденістен туындаған көркемдіктің талай үлгілерін «Ұлпанда» ұсынады.

« – Ол үйде отырған бәйбішеңіз бар емес пе? – Жоқ. Мен Өреліде тұрамын, ол кісі Сөреліде тұрады. Арамыз құдайға илансаң, жеті жылдық жол.

Есенейдің жұмбақтап айтқанына Ұлпан ойланбай-ақ түсінді» [11, 373]. Өрелі ат деп бір алдыңғы аяғынан, бір артқы аяғынан шалыс шідерленген атты айтады. Бұл күнде естіп жүрген сөзі. Ондай ат бос та емес, түгел тұсаулы да емес. Есеней өзін солай өреленген атқа теңеді.

Сөре деп жаугершілік заманда өлген адамдарды мекеніне апарып жерлегенше қалдыра тұратын жарым, үй-жарым жапқаны айтады. Сол кездерден қалған «Сөрелі» деген жерлердің талайын Ұлпан өзі де біледі.

Арамыз жеті жылдық жол дегені – жеті жылдан бері осылай тұрамыз дегені де. Әйтеуір Есеней құрығынан құтылмасына бой ұсынып қойған Ұлпан ең болмағанда тоқал емес, үлкен орданың бәйбішесі боларына көзі жетті» [11, 373].

Қазақтың шешендік сөздерінде кездесетін үлгі. Егер де Есеней «өрелі», «сөрелі», «жеті жылдық жол» деген сөздерді қолданбай, барды барынша айтып, жұмбақтай сөйлемесе, осы бір жолдар қарабайыр болып шығар еді. Оның үстіне, автор, Ұлпанның таным-түсінігінің де мол екендігінен хабар беріп отыр.

Ұлпанның мінезі де ашық жарқын, ақ көңіл. Әрі өз ой-пікірін ашық, нақты жеткізетін болған.

Жазушы романдағы әрбір сюжетті көз алдымызға елестеп отырғандай көркемдегіш тәсілдермен суреттеген. Мәселен:



Ұлпанның тұла бойы тітіркеніп кетті... бала мінезді болушы еді, қатты қорыққан екен. Жас балаша жылады. Ерке болса да ер мінезді болушы еді, қорланып жылады. Үйге қадірлі қонақтар келген күні ұятқа ұшырап қалдым-ау деп, ұялғаннан жылады.

Романда Ұлпанның кішкентайынан бір маралды жанындай жақсы көретіні де суреттеледі. Яғни, жігіттер көлге түскен маралды қалай ұстаудың айласын таба алмай Артықбай шалдың үйіне келіп, садағын сұрағанда, Ұлпан әкесіне бергізбей қояды. Сонда:



- Тиюші болмаңдар! Бұл менің маралым! – деп үйден қуып жібереді. Ұлпанның жанашыр ретінде қол ұшын берген әрі сенімді досы болған- «түрікпен» Мүсіреп. Олар әрі бір-бірімен ағалы-қарындасы ретінде араласып, кейде қалжыңдаса беретін. Оны романның мына тұстарынан байқауға болады:

- Мүсіреп аға, қасқырға тым кеш шығыпсыз ғой? – деді.

- Қасқырға емес, саған амандаса кетейін деп келе жатырмын, қарағым. Ертең елге қайтатын едім.

- Елге? Бізді осылай тастап кете бересіз бе?

- Тастап дегенің не айналайын-ау... Сені кім қиып тастап кетер! Ұзамай қайтып келемін.

Ғабит Мүсірепов сонымен қатар, Ұлпанның мінезі мен оның сүйініш -күйінішін суреттеген. Мына төмендегіден оның сүйініш - күйінішін көреміз.



Ұлпан бір түсініксіз күлкімен күле бастады. Тоқтай алмай күлді. Қуаныш күлкісі, ойын-қалжың күлкісі бұлай болмайды. Бұлай күлгенінен жылағаны жақсы болар еді. Жынданып кеткендей атынан ауып, ар жағына қарай қүлап барады. Мүсіреп Ұлпанның тізгін ұстаған қолынан шап беріп өзіне қарай жұлқып қалды. Жындана бастаған адамды шошындыру керек.

Романның екінші бөлімінде Ұлпанның ақылы мен адалдық қасиеттері, ерік-жігері мен батылдығы, парасаттылығы мен кішіпейілділігі молынан суреттеледі. Ұлпанның акылдылығымен қатал, қатыгез болған Есеней бірте -бірте жұмсақ, көңілді бола бастайды. Ұлпан Есенейді әрі билей, әрі еркелете сөйлейді. "Бозбалам", "Жолбарысым" деп те атайды. Есенейдің ақылдасары да, әйелі де, қызы да, тіпті шешесі де сол Ұлпан ғана болады.



- Келін! - деді Ұлпан Айтолқынға, - шымылдығыңызды әрі әкетіңізші! Мен өз ауылыма өзім шымылдық бүркеніп барғым келмейді.

Өзін үлкен бәйбішелер қатарында ұстап келген Айтолқынға Ұлпанның "келін" дегені Еменалының қамшысынан да қатты тиді. Еменалы оны қамшылап - қамшылап алатын.

- Не дейді!? "Ойбай - ай, көргенсізін - ай!"

Ұлпан келінінің жасынан кіші болғанына қарамастан, өзін келіндердің үлкені ретінде биік ұстады. Ұлпан өз бойындағы өрлікке барып, атақты бай би адамның ауылындағы көріксіз халге қатты намыстанды. Өзі кедей ауылдан шыққандықтан, жарлы-жақыбайға жаны ашыды.

Ұлпан кең пейілді, адамгершілігі мол Сибан елінің кедей-кепшігіне қол ұшын беретін әйел.

" Бұл күндері Ұлпанның қолы да босай алмады. Қой қырқылып, жылқы күзеліп жатқан кез екен. Әуелі бір кемпір келді.

- Қарағым - ай, төрт жетімек немерем тырдай жалаңаш... тым болмаса бір - екеуіне күпті тігіп беретін жабағы берші.

- Ала ғой, шеше... төртеуіне де жететін етіп ал...

Одан соң екі кемпір келді. Одан соң екі кемпір, бір жастау әйел, одан соң екі кемпір, екі жастау әйел келе берді, көбейе берді, келе берді..."

Ұлпан алдына келген адамның қолын қусырып қайтарған жоқ. Сұраған адамдарға бере берді. Ол белгілі бір мырза келін атанғысы келген жоқ, әлденеге іштей наразы, әлденеге іштей намыстанып үлестірді.

Ұлпан мен Есеней бір-біріне қатты бауыр басқандықтан, олар әрқашан бір-біріне ерекелеп сөйлейді.

Ұлпан өз аулына жақындағанша Есенейге баладай еркелеп, қалжыңдасып келе жатты. Пәуескенің ішінде де шынтақтай отырып келеді.

- Есенейжан, сен көлге шомылғанда жүземісің?

- Оны неге сұрадың?

- Су сені көтере ала ма дегенім ғой.

- Жоқ, мен қолым жеткен жерге ғана жүземін...

- Жүзіп үйренгің келе ме?

- Оның маған керегі не? Жалғыз "Қайран көлден" басқа көлдердің бәрінен де аяқтап өте берем.

Кезінде ойын-калжыңға шорқақ Есеней, осы күні Ұлпанның ыңғайына қарай, Ұлпанды күлдіргісі келіп қалжыңдаса алатын болды. Бұрын бар ойы дау-жан-жалда болса, ал казір оның бар ойы Ұлпанда, Ұлпанның қас-қабағында.

Есеней Ұлпанмен отау болып, шаңырақ құрғанда, Ұлпан өзінің дариядай ақылымен, батылдылығымен Есенейді қатал, қатігез мінезін түбегейлі өзгертеді.

Ұлпан – сол кездегі саны өмірдің жаңалығын түсіне қабылдап, болашағын дұрыс аңғара білген қайраткер.

Ол алдымен әлеуметтік теңсіздікке қарсы. Ұлпан өз тегі кедей болғандықтан, жоқшылық зарын тартып өскендіктен, Есеней ауылына келгеннен кейін, талай жыл бойы төбе бидің төлеңгітіндей ақысыз-пұлсыз жалшылықта жанкешті болып тіршілік еткен жарлы ауылдардың талай жылғы ақысын қайтарып берді, иесіз жатқан шұрайлы жерлерді де соларға бөліп береді [7, 99]. Мәселен:

- Осы қырық үй малшы - жалшыларыңның қырық жылдан бергі жалақылары сенің мойныңда кете беріпті... обал ғой, - деді!

- Айналайын Ұлпанжан, соны маған ендігәрі айтпайтындай болып, өзің тындыршы, екеумізге екі айғырдың үйір жылқысын қалдырсаң болды. Менің ендігі байлығым жалғыз сен! Асырарсың бірдеме қылып...

Міне, осы тұстан Есеней әрі әйелі, әрі ақылшысы Ұлпанға сеніммен қарайтынына көз жеткізіп отырмыз.

Ұлпан бейнесі – жазушы жүрегінің терең тебіренісінен туған, үлкен жүректің мол сезімінен жаралған, оның барлық мерейі мен махаббаты, қадірі мен құрметін суреткерлік талаптың елегінен өткізіп, әбден екшеп барып, қапысыз мүсінделіп, кемеліне келтіре жасалған бейне. Характердің өсу, қалыптасу, ашылу сатылары, оның әрбір іс-қимылының жан-жасығы мен дәлел-дәйегі, өріс-кеңісі мен келіс-келеңі дегендер бәрі орын-орында.
Ұлпанның тұла бойы толып тұрған ерлік пен езгілік, ақыл мен парасат, әділдік пен адамгершілік. [7, 100].

Келе-келе Есеней Ұлпанға Есеней, Ақнар деп ат қояды. Есеней дегені − бұл символ. Бұрын бұл елдің көсемі мен едім, енді сен болдың дегенді аңғартады. Ақнар деп атау себебі қазақтың нардан қасиетті, нардан күшті, нардан сұлу, нардан қадірлі несі бар! Сондықтан Есеней Ұлпанды Ақнарым деп те атай береді. Ұлпан өзінің ақылымен, парасаттылығымен жасаған игі, ізгі, жақсы касиеттерінің арқасында тек қана Сибан еліне ғана емес, сонымен

бірге Сібір генерал-губернаторына да таныла бастайды. Ұлпан үйі жоқтарына үй беріп, аты жоққа ат беріп, Есенейдің жарты малын Сибанның жоқ- жітігіне үлестіріп жібереді. Бәрі байып алып, енді «орыс үй» салдырып береді. Сонымен қатар Шынар босанар алдында Стаптан дәрігерлер шақыртып алады. Шынар мен Мүсірептің қуанышына ортақтасады.

Ұлпан характерінің алғашқы бір шоқтығы көтерілген тұсы да, оның әлеумет тіршілігіне қарай батыл аяқ басуы да, ұлпандықтың есенейлікті мықтап тұрып жеңуі де – осы ара.

Есенейдің бар билігін қолына алғаннан кейін, сол елді орыс өмірінің өрісті жақтарына қарай бұруы, жұртты отырықшылыққа бастап, егіншілікті енгізе бастауы – Ұлпанның халықтың шын жанашыр жақын досы екенін танытатын қадамдары. Сонымен қоса Ұлпан медіресе салдырады, әйел теңдігі мәселесін көтереді. Есеней өлген соң Сибанның анасы атанады. Бұл – автордың еңбегі, жазушы тапқырлығының жемісі, шын суреткерліктің белгісі.

Мәселен, романның мына үзіндісін келтіруге болады. Үйіне келген қонақтарды Ұлпан кішіпейілділігімен, ақ көңіл мейірімімен қарсы алады. Сонда Савросов мырза былай дейді: «Бұл әйел жалғыз Есенейді ғана бағындырып алған жоқ, бес болыс Керей-Уақтың руларына түгел беделі бар адам. Әуелі Александар II патшамыздың реформасын жасады. Есенейдің барлық жерін еліне бөліп берді. Бөліп бергенде қандай ауыл-



ауылға қыстауды да, егіндік-шабындық жерді де тұтас берді. Бұл араның қазағына егін салдырды. Шөп шаптырды, қыстау салғызды. Сондықтан бұл елді жартылай отырықшы дей аламыз».

Ұлпанның адал еңбекқорлығының нәтижесінде, генерал губернатордың алтынмен жазылған, мөр басылған, екі басты самұрық құсы бар мақтау қағазбен марапатталады. Алайда, Ұлпанның көптеген қиын кезеңдерді басынан өткізеді. Соған қарамастан, ол барлық қиыншылықтарды өзінің сабырының арқасында жеңіп, төтеп бере алатын болады.

Романның үшінші бөлімінде Ұлпанның басынан кешірген қиын кезеңдері дәріптеледі. Ең әуелі тоғыз жыл бойы күзетіп жатқан Есенейден айрылады. Сонымен қоса, әкесі - Артықбай да дүние салып, мұң-зары ұлғая түседі. Дегенмен, бір көңілі тек жалғыз қызы − Біжікенде болады. Ұлпанды жұрт әрі құрметтейтін де, әрі жақсы көретін де. Ұлпанға ақылдаса келетін еді. Ел ішінде үлкендер үшін «Әулие Ұлпан», ал кішкентай балалар үшін «Ұлпан ана» болып мәңгілік халық жүрегінде сақталады.

Ұлпан өмірде болған, есімі жалпақ елге мәшһүр адам. Автор романда өткен ғасырда көшпелі қазақ ауылында жасаған кемел қайраткер әйелдің трагедиялық тағдырын тебірене толғайды. Бірақ адам қанша әділ, қаншама қайырымды болғанымен, екінің бірі, әсіресе сол кездегі қазақ әйелі нақ сол заманда жаңағы біз айтқан қайраткерлік дәрежеге оңайлықпен жете алмас еді. Қайраткер атану үшін ол қоғамдық өмірге өзінің іс-әрекетімен тың жаңалық әкелген болуы, заман өктемдігін көктей өткенде қажыр-қайратымен тыңнан жол тартып, өмір ағымын жаңа бір арнаға бұрғандай іс-тындыру шарт. Ұлпан – осы мағынада нағыз қайраткер, қаракетшіл істің адамы. Ұлпан өз ортасынан суырылып шығып, елге қамқор, ер ана дәрежесіне көтеріледі. Ол қазақ әйелдерінің бас бостандығын, еркіндігін арман етеді, азап шеккендерге, кедей-кепшіктерге қол ұшын беріп, аршынды іс-қимылдарға барады.

Ұлпан Есеней билігін қолына алғаннан кейін-ақ, ешбір тартыссыз сол есенейлікке қарсы күресті және соңы жеңді. Сындырып, қиратып жеңген жоқ. Иінін тауып, иіп әкеліп жеңді. «Мен қымбатқа түсемін» - дегендегі Ұлпан ескертуінің бір шешімі осы-ау дейміз.

«Қатал еді, озбыр еді, енді жан-жүрегі жібиін дегені де. Мың жаса, алтын Ұлпаным!». Бұл – қыз әкесі, кәрі батыр Артықбай сөзі. «Мырза келін-ай, сен келдің де көзім ашылды ғой». Бұл жарлы-жақыбай кедей ауыл адамдарының сөзі.

«Жатсырап кеткен екенмін. Ұлпан өз еліме өзімді қайта табыстырып жүр». - Бұл Ұлпан ықпалымен райдан қайтқан Есеней өз сөзі. «Елге ең керегі Есенейдің бұғау-тұсауынан босану екен. Ұлпан сол бұғауды бұзып, сол тұсауды сыпырып тастағандай болды.» [7, 108].

Романда тағы бір ең басты кейіпкерлердің бірі – Есеней. Есеней Шыңғыс сұлтанның беделді биі. Оның даңқы, атағы бес болыс Керей-Уақ елін Кенесарының шапқыншылығынан аман алып қалған тұста дүркіреп шыққан, жасы алпысқа келген. Есенейді суреттейтін болсақ, ол дәулетті, қатал билердің бірі болған. Ол − ауыр сүйекті, балуан денелі адам. Бар өмірі ат үстінде таза ауада өтіп келе жатқандықтан, үсті-басы қол батпайтын білеудей -білеудей бұлшық ет, бірақ қарны шыққан емес. Есенейдің төрт жолдастары болған: ең сенімді серігі − жамағайын «түрікпен» Мүсіреп, Алдай елінен − аңшы Мүсіреп, руы басқа болса да Есенейдің қоныстасы Бекентай батыр жэне Есенейдің қосалқы атын жетелеп жүретін жас жігіт, "түрікпен" Мүсірептің туған інісі − Кенжетай. Сонымен қатар, Есеней өмірінде айып тартып көрмеген адам, алайда айып-жазасы болған адамдарға қатал жаза кесуді жақтайтын би. Есеней намаз дұғаларын білмесе де намаз оқитын.



Кенжетай Есенейдің әрі атшысы, әрі имамы, анығырақ айтқанда, сабыршысы - суфлері. Намаз дұғаларын ол Есенейге естірте айтып тұрады. Араб тіліндегі дұғаларға тілі де келмейді, жаттап та ала алмайды. Араб тілінде төрт түрлі "з", үш түрлі "с", екі түрлі "х", екі

түрлі "г" бар. Есеней мұның бірін де дұрыс айта алмайды. Сондықтан Кенжетай намазды Есенеймен қатар тұрып, дұғаларды Есенейге қарай бұрылып, түгел естірте оқиды.

Есеней діндар адам болғанымен бір кезде аса адуын, озбыр би болатын. Орыс шекарасына қарасты Нұралы деп аталатын момын елдің барлық жерін тартып алып, елді далаңқы жайлауға айдап тастайды. Міне, осы елдің қарғысы − келесі жылы екі ұлы қара шешек деген аурудан бір күнде, бір сәттің ішінде өліп кетеді.

Есеней Ұлпанды Кенжетайдан да қызғанатын еді. Ол мына тұста байқалады:

Есенейдің іші Ұлпанды Кенжетайдан қызғанып бір қалды. Байдың мырзасындай жақсы киінген кескінді жас жігіт қызбен тіл табысып қала ма деп қызғанады.

Тіпті, Есеней Ұлпанды Түленнің есі ауысқан кіші баласынан аман алып қалады.



- Түлен деген кісінің үлкен баласымын... өз атым Мырзагелді.

- Е, Жесір сенікі екен ғой?

- Ие, тақсыр... інім бала жасынан сырқаттау болушы еді... Қысқа қарай тіпті жүдеп бара жатқан соң көңілін көтереміз бе деп, қалыңдығын әкеліп берсек деп келіп қалып едік.

Жігіттің түні бойы ойлап тапқан айласы осы-ақ. Інім ауру десем Есенейдің көңілі жібір, аяушылық етер деген.

- Ауру адамға қатын әпере ме екен?

- Көңілі көтеріле ме деген үміт қой... қалың малы түгел төленіп қойған соң жесір біздікі деп ойлағандық қой.

Есеней мен Ұлпан отау тіккен соң, бірін-бірін құрметтеп, қадірлейді.



- Есеней, - деді Ұлпан. Бұрын сіз деп сөйлеуші еді, мұнысы бір табан жақындағанын аңғартқандай шықты. - Есеней, екеуміздің арамызда ең кемі қырық жылдық айырма бар. Осыны ойладың ба?

- Ойладым, жаным. Қырық жыл болса, қайтейін? Қырыққа келгенде біздің елдің Есенейі сен боларсың. Оған дейін сен менің Есенейім бола тұр... мен саған сұлу деп, жас деп қызықтым ба, оны өзім де білмеймін. Әйтеуір осы түннен бастап менің Есенейім сенсің!

Бірте-бірте Есенейдің ақылшысы да, әйелі де, тіпті қуанышы да, қайғысы да − Ұлпан болады.



- Ұлпанжан, менің еншімді бөліп бергені несі деп ойлап қалма. Бұл еншің емес, сыйлығым. Басқа дүниені екі Есеней бірге билерміз. Мына қосты өзің оңаша биле, - деді. — Алдымен кемпір-шалымыз еш нәрседен тарықпасын, маған сол болады. Мен баласы жоқ, үрпақсыз қалған адаммын. Ұлым да, қызым да, жарым да жалғыз сенсің, күнім... Күнімдей

жарқырап, ел жұртыма кейде айбынды, кейде мейірімді қарап ордамызды жалғыз толтырып отырсаң, құдайдан сұрар басқа бір тілегім жоқ.

Есеней би алды тар, қатал адам, бет-аузы жолбарыс сияқты қара шұбар, күле білмейтін ызғарлы адам дегенді Шынар көз алдына елестете алмайтын. Ал қалжыңнан кейін, әсіресе, Есенейдің өзі айтқан қалжыңдарына Шынар таңырқап тамсана қарап отырды.

Ұлпан Есенейді "Есенейім", "Жолбарысым" деп те атай береді. Күле білмейтін адамды күлімсіретіп қарату − үлкен еңбектердің бірі болу керек. Сол бір еңбек Ұлпанның қолыннан келді. Есеней оған күлімдей қарады.

- Ұрсып келемісің, жаным?

- Шаршадың ғой, жолбарысым - ау... тоқтасаңшы.

- Бітті. Тараттым. Енді барлық тізгінді өз қолыңа ала бер.

Ұлпан не айтса болды, соны Есеней мақұл көріп, келісе беретін. Мәселен:



- Есенейжан, осындай бір қысқы үйді біз де салдырып алайықшы.

- Салдырсаң, салдыр, күнім. Мен оның есік-терезесін қай жерінен шығаратынын да білмеймін. Әйтеуір мен де сыятын етіп салдыр!

- Сен үшін салдырмаймын ба, қара бурам-ау!

- Онда маған қарама, бұрқырата бер!

Есенейдің қырық жылқысын базарға айдатып, қаладан жасау алғызғанда да Ұлпанның кім болары белгісіз болатын. Оның қасиеттері өмірді көре жүре ашылады. Ол алғаш рет қалаға аттанғанда қазақ даласына үш өрім таспадай тартылған арба жолын көрді. Бұл Ұлпанның да өмір жолы еді. Үлкен өмірдің күре жолынан айырық кетпей, бұдан әрі ылғи қапталдасып отырған ерлік жолы...

Ұлпан характерінің алғашқы арна тауып, өз заңдылығымен өріс алуы – оның қала өмірімен танысуы, орыс тіршілігінің келесі келешегін аңғарып, соның жан-жосығын таңырқамай да, жатырқамай да етене қабыл алды. Бұл Ұлпанның өзін өмірге орнықтыру талабымен қат-қабат келген процесс.

Осыдан кейін Ұлпанның ақыл–парасатымен Енесей Сибан елінің қамын ойлай бастайды.



- Айтсам қысы-жазы киіз үйде отыруды қояйық. Үйренгеннің ұяты жоқ, орыстарша қысқы үй салып алайық. Бала- шаға жылы үйде қыстап шықсын. Менің қорығымдағы жерді бәріңе бөліп берем. Әркім үй салып алсын. Мен өзім «Суат қол» жанына үй салдыратын болдым. Орыстар салады. «Қыс азығын жаз жимай, жарлы қайдан байысын!» дегені қайда? шөп шаптыратын, егін салатын болайық. - Есеней содан кейін қай жерді қай ауылға бөлетінін айтты.

Есеней өз еліне көптеген игі, ізгі әрекеттер жасағаннан кейін, біразы Есенейді мақтады. Тіптен жеті жылдан бері өз малымен болып кеткен адамның әділ би деген атағы көмескі тарта бастап еді. Ұлпанның атағымен бірге қайта көтерілді. Ұлпан олай ойламаса да, оны Есеней іштей сезіп жүрді.



- Ақнарым, сен мені адам қыла бастадың, - деді аттанарда.

- Жоқ, Есеней, сен көлеңкең күндік жерге түсетін бәйтерексің. Мен сенің саяңда шырылдаған бозторғаймын. Менің құдайдан бірінші тілегім сенің амандығың! - деді Ұлпан. - Сенсіз мен кім болар едім?...

Кейде Есеней жалғыз болғанда бала туралы көп ойланып қалатын.



- Біржола бала берместей қарғайтын, құдайға жазған жазығым жоқ-ты! - деп бастайды да: - бермесе тағы мейлі, менің жарым да, ұлым да, қызым да Ақнарым, Есенейім, сен аман бол! - деп тоқтайды.

Бір кездерде Есенейге суық өткендіктен бе, әлде басқа дертке шалдыққандықтан ба, әйтеуір тұла бойында дірілдеу пайда болады. Сырқаттанып жатқанда күндіз-түні жанында болған Ұлпан.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет