Дипломдық ЖҰмыс тақырып кәсіпорынның қаржылық жай-күйін бағалау «Қаржы және есеп» факультеті «Қаржы» кафедрасы



жүктеу 1.22 Mb.
бет1/6
Дата17.06.2016
өлшемі1.22 Mb.
  1   2   3   4   5   6


Т. Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университеті

ДИПЛОМДЫҚ ЖҰМЫС
ТАҚЫРЫП

Кәсіпорынның қаржылық жай-күйін бағалау


«Қаржы және есеп» факультеті

«Қаржы» кафедрасы






Орындады: 4 курс студенті

Күндізгі оқу бөлімі

«Қаржы» мамандығы

Шифр 050509

Самбетбаев Айдын Бекболатович
Ғылыми жетекшісі:

__________аға оқытушы Базарбаев А.О.

Ст.преподаватель Берстембаева Р.К.

Рецензент:

Қ. Сатпаев атындағы ҚазҰТУ

«Қаржы және маркетинг» кафедрасының

меңгерушісі Мақыш С.Б. __________________________________



Жұмыс қорғалуына рұқсат беріледі:
Кафедра меңгерушісі:

________э.ғ.д., профессор Интыкбаева С.Ж.




Алматы, 2007 ж



Мазмұны



Кіріспе ................................................................................................................ 3


  1. Кәсіпорынның қаржылық жай – күйін бағалаудың теориялық

аспектілері.


    1. Кәсіпорынның қаржылық жай – күйін бағалаудың мәні және

мағынасы ..............................................................................................................6

    1. Кәсіпорынның қаржылық жай – күйін бағалаудың әдістері .................15




  1. Қазақтелеком” АҚ – ның қаржылық жай – күйін талдау.

    1. “Қазақтелеком” АҚ-ның қызметіне қысқаша сипаттама ......................25

    2. “Қазақтелеком” АҚ-ның қаржылық жай – күйін талдау .....................34

    3. Кәсіпорынның банкрот болу ықтималдылығын анықтау ....................49




  1. «Қазақтелеком» АҚ – ның қаржылық жай күйін бағалау әдістерінің кемшіліктері және оны шешу жолдары .............................................................58

Қорытынды ………………………………………………………….…….......64


Қолданылған әдебиеттер тізімі ........................................................................67

Қосымшалар ......................................................................................................69


Кіріспе

Нарықты экономика жағдайында кәсіпорынға қоршаған орта тарапынан көптеген қауіп - қатер төнуі мүмкін. Бұл қатерлер бәсекелестік күрестің шиеленісуі, техникалық және бағдарламалық құралдарды заңсыз пайдаланумен, еддегі саяси және экономикалық тұрақтылықтың болмауымен байланысты. Сондықтан, кәсіпорын менеджеріне негізгі қызметінен, яғни кәсіпорынды басқарудан басқа да, қауіпсіздікті қамтамасыз ету сұрақтары жүктелетіні сөзсіз. Бұл мәселе терең және көп қырлы болғандықтан, біз зерттеу жүмысымызда кәсіпорынның тек қаржылық тұрақтылықты қамтамассыз ету сұрақтарына тоқталамыз.

Қаржылық - экономикалық дағдарыстар, әдетте, өнеркәсіптік кәсіпорындардың әлеуетіне кері әсерін тигізеді: негізгі капитал тозады, еңбек өнімділігі азаяды, жас және білікті мамандар өндірістен кетеді.

Кәсіпорын алдына өзіне тән өндірістік қызметтерді орындауына байланысты өзінің жағдайын бағалау мен болжау сияқты, яғни кәсіпорынға әсер ететін ішкі және сыртқы факторлардан қорғау, қауіптілік индикаторларының мониторингі жүйесін құру, олардың шектерін анықтау, қатерлерге қарсы шаралар қабылдау сынды өзекті мәселе туады

Әрбір кәсіпорын үшін өзінің қаржылық тұрақтылықты қамтамассыз ету сұрақтары, тек қана дағдарыс жағдайында ғана емес, тұрақты экономикалық ортада да қаржылық тұрақтылықты қамтамассыз ету міндеттері өз көкейкестілігін жоймайды.

Кәсіпорын тұрақты қызмет ету жағдайында қаржылық тұрақтылықты қамтамассыз ету сұрақтарын шешуде басты көңілді өндірістің және өнім өткізудің қалыпты қарқынын сақтауға, материалдық және қаржылық залалдардың болмауына, теріс пиғылды бәсекені болдырмауға бағыттайды. Дағдарыс жағдайында кәсіпорын әлеуетінің (өндірістік, технологиялық, ғылыми-техникалық және кадрлық) бұзылуы оның қызметіне қауіп тудырады. Нарықтық экономикада кәсіпорын менеджерлері тек қана дамудың нарықтық стратегиясын ғана емес, өзінің құрамына міндетті түрде зиялық меншікті және қаржылық тұрақтылықты қамтамассыз етудің арнайы бағдарламаларын қосатын экономикалық стратегияны жасауы керек


Нарықтық жағдайда кәсіпорынның тұрақтылығының негізі, оның қаржылық тұрақтылығы болып келеді. Ол, кәсіпорын өз қаражатын еркін басқарып, оны тиімді пайдалану арқасында, өнімді өңдірудің және өткізудің үздіксіздігін қамтамассыз ететін, қаржылық ресурстардың жағдайын көрсетеді.

Кәсіпорынның қаржылық жай – күйін бағалау үшін, ең алдымен оның қаржылық жағдайына талдау жасау керек. Қаржылық жағдай, қаржы ресурстарын пайдалануын, орналастыруын және барын көрсететін қаржылық көрсеткіштердің жиынтығы болып келеді.

Қаржылық талдаудың мақсаты, кәсіпорынның қаржылық жай – күйін бағалау және де оның жағдайын жақсартуға бағытталған жұмыстарды жүргізу болып табылады. Сонымен қоса бұл жұмыстардың нақты қай бағытта жүргізілу керек екендігі көрсетіледі.


Осымен қоса қаржылық жағдай – бұл кәсіпорынның сыртқы ортадағы қызметіне маңызды мінездеме. Ол кәсіпорынның бәсеке қабілеттілігін, іскерлік белсенділігін болашағын аңықтайды. Сондықтанда ұсынылатын көрсеткіштер жүйесінің мақсаты, кәсіпорынның қаржылық жай – күйін көрсету болып табылады. Нарықтық қатынастар дамыған сайын оның қаржылық жағдайы туралы мәлімет алғысы келетін тұлғалар көбейе түседі.

Берілген дипломдық жұмыстың мақсаты, кәсіпорынның өңдірістік - шаруашылық басқару шешімдерін қабылдау үшін, кәсіпорынның қаржылық жағдайын сипаттайтын көрсеткіштер жүйесін талдай отырып, кәсіпорынның қаржылық – жай күйін бағалау болып табылады.

Дипломдық жұмыста байланыс қызметін ұсынатын «ҚАЗАҚТЕЛЕКОМ» АҚ – ның бухгалтерлік балансы негізінде қаржылық – жай күйіне баға берілді. Осы мақсатқа жету үшін, біз дипломдық жұмыстың бірінші бөлімінде кәсіпорынның қаржылық жай – күйін талдаудың мәнін және мағынасын, онымен қатар, қаржылық талдау кезіңде қолданылатын әдістерді қарастырдық.

Екінші бөлімде, компанияның қызметіне қысқаша сипаттама беріледі және онда келесі :



  • өтімділік коэффициенті

  • іскерлік белсенділік коэффициенті

  • табыстылық коэффициенті

  • қаржылық тұрақтылық коэффициенттерін қолдану арқылы компанияның қаржылық жай – күйіне талдау жүргізіледі.

Одан әрі компанияның банкрот болу ықтималдылығы қарастырылады. Мұнда Альтманның Z коэффициенті қолданылды.

Ал үшінші бөлімде «Қазақтелеком» АҚ – ның қаржылық жай күйін бағалау әдістерінің кемшіліктері және оны шешу жолдары туралы қарастырдық.

Дипломдық жұмысты жазу барысында біз отандық және шетелдік экономистердің еңбектерін және «Қазақтелеком» АҚ – ның мәліметтерін қолдана отырып, кәсіпорынның қаржылық жай – күйіне талдау жүргіздік.


  1. Кәсіпорынның қаржылық жай – күйін бағалаудың теориялық аспектілері


1.1. Кәсіпорынның қаржылық жай – күйін бағалаудың мәні және мағынасы

Нарықтық қатынастары жағдайында кәсіпорынның қаржылық жағдайын талдаудың маңызы өте зор. Бұл кәсіпорындардың тәуелсіздікке ие болуымен, сондай-ақ олардың меншік иелері, жұмысшылар, коммерциялық серіктестер және де басқа контрагенттер алдында өзінің өндірістік-кәсіпкерлік қызметінің нәтижелері үшін толық жауапкершілікте болуымен байланысты.

Кәсіпорынның қаржылық жағдайын талдау жөніндегі сұрақтарды қарастырмас бұрын, "қаржылық жағдай" дегеніміз немесе "қаржылық жай-күй" дегеніміз не, соны анықтап алған жөн. Соңғы жылдары шығарылған арнайы әдебиеттерде бұл ұғым әр түрлі түсіндіріледі. Профессор А.Д. Шеремет "Кәсіпорынның қаржы (активтер) жағдайы қаржыны тарату, пайдалану және оны қалыптастыру көздерімен (меншіктік капитал және мін-деттемелер, яғни пассивтер) сипатталады"1 деп жазған.

Кәсіпорынның қаржылық жағдайы қаржы ресурстарын жасау, тарату және пайдаланумен сипатталады. Кәсіпорынның қаржылық жағдайы кәсіпорынның қалыпты өндірістік, коммерциялық және басқа да қызмет түрлері үшін қажетті қаржы ресурстармен қамтамассыз етілуімен және оларды мақсатқа сай, тиімді тарату және пайдаланумен, сондай-ақ басқа шаруашылық субъектілерімен қаржылық қарым-қатынаста болу, төлеу қабілеттілігі және қаржылық тұрақтылықпен сипатталады. Кәсіпорынның уақтылы төлеу мүмкіндігі оның қаржьлық жағдайының жақсылығын көрсетеді.

Кәсіпорынның қаржы жағдайы осы кәсіпорынның белгілі бір кезеңдегі қаржылық тұрақтылығын және оның өз шаруашылық қызметін үздіксіз жүргізуі мен өзінің қарыз міндеттемелерін уақтылы өтеуі үшін қаржы

ресурстарымен қамтамассыз етілуін көрсетеді.

А.И. Ковалев және В.П. Привалов қаржылық жағдай ұғымын былайша түсіндіреді: «Қаржылық жағдай - бұл қаржы ресурстарының қолда барын, үлестіріліп таратылуы және пайдалануын сипаттайтын көрсеткіштер жиынтығы».2

Профессор И.Т. Балабанов «Шаруашылық субъектісінің қаржылық жағдайы - бұл оның қаржы бәсекелестік қабілеттілігінің сипаттамасын (яғни төлем қабілеттілігі, несиеге қабілеттілігі) қаржы ресуртары мен капиталды пайдалану, мемлекет алдында және басқа да шаруашылық субъектілерінің алдында өз міңдеттемелерін орындау».3

Ал кәсіпорынның қаржылық тұрақтылығы нені білдіреді? Бұл сұрақ та арнайы оқулықтарда түрліше түсіндіріледі. Бір авторлар қаржылық тұрақтылықты "өз қаражаттарын шебер пайдалану қабілеттілігі, жұмыс процесінде үздіксіздігін қамтамассыз ететін қаржының жеткілікті болуы" деп түсіндіреді. Қаржылық тұрақтылық меншікті және қарыз қаражаттарының байланысы деп жазады.

Кәсіпорында тұрақты қалыптасқан табыстық шығынның артуының өзіне тән айнасы қаржылық тұрақтылық болып табылады. Ол ақша қаражаттарын еркін пайдаланып, оларды тиімді қолдану аркылы өндіру мен өнімді өткізу процесінің үздіксіздігін қамтамассыз ететін, сондай-ақ кәсіпорынды кеңейтуге және жаңартуға қажетті шығындарын қаржыландыратын кәсіпорьнның қаржы ресурстық жағдайын сипаттайды. Қаржылық тұрақтылық кәсіпорынның жалпы тұрақтылығының негізгі бөлігі болып табылады. Кәсіпорынның қаржылық тұрақтылығы - бұл тәуекелділіктің мүмкін болатын деңгейінде төлем қабілеттілігі мен несие қабілеттілігін сақтай отырып, табысты өсіру негізінде қаржыны тарату мен пайдалану арқылы кәсіпорынның дамуын көрсететін қаржы ресурсының жағдайы.


Қаржылық тұрақтылық - бұл табыстың шығыннан тұрақты дәрежеде артуы. Ол ақша қаражаттарын еркін пайдалануды қамтамассыз етеді және оларды тиімді пайдалану арқылы өндіру және өнімді сату процесінің үздіксіз болуына жағдай жасайды. Сондықтан да қаржылық тұрақтылық барлық өндіріс-шаруашылық қызметі процесінде қалыптасады және кәсіпорынның жалпы тұрақтылығының негізгі бөлігі болып табылады. Ал кәсіпорынның жалпы қаржылық тұрақтылығы, ол ең алдымен әрдайым табыстың шығыннан артуын қамтамассыз ететін ақша ағымының қозғалысын көрсетеді. Нарық жағдайында ол ең бірінші өнімді (жұмыс, қызмет) өткізуден түсетін табыстың тұрақтылығын талап етеді және оның мөлшері мемлекетпен, жабдықгаушылармен, несие берушілермен, жұмысшылармен және тағы басқалармен есеп айырысу үшін жеткілікті дәрежеде болуы тиіс. Сонымен қатар кәсіпорынның одан әрі дамуы үшін барлық есеп айырысулар мен барлық міндеттемелерді орындағаннан кейін, осы кәсіпорында өндірісті дамытуға, оның материалдық - техникалық базасын жаңартуға және де әлеуметтік климатты жақсартуға және басқаларға мүмкіндік ретінде дәрежеде табыс қалуы қажет.

Бұл ұғымды А.Д. Шеремет пен B.C. Сайфуллин дәлірек және анығырақ түсіндіреді. Олар қаржылық тұрақтылықтың мәні — бұл қорлар мен шығындардың қалыптасу көздерінен қамтамассыз етілуі деп түсіндіреді.


Кәсіпорынның өз міндеттемелері бойынша есептесу мүмкіндігі немесе "Сауда, несие және басқа да төлем сипатындағы операциялардың нәтижесінде пайда болатын кәсіпорынның төлем міндеттемелерін уақтылы және толық орындау мүмкіндігін көрсететін төлем қабілеттілігі, қаржылық тұрақтылықтың сыртқы көрінісі болып табылады. Кәсіпорынның жұмысы нарық жағдайына етумен бірге оның қаржылық жағдайы және оны сауықтыру жолдарын іздеу жөніндегі сұрақтар да шиелінісе түсті.

Кәсіпорынның қаржылық тұрақтылық жағдайына көптеген факторлар әсер етеді, оларды В.М. Радинова келесідей түрлерге жіктейді.

1) пайда болу орнына байланысты - ішкі және сыртқы;

2) нәтижесінің маңыздылығына байланысты - негізгі және негізгі емес;

3) құрылысы бойынша - қарапайым және күрделі;

4) әрекет ету уақыты бойынша - тұрақты және уақытша.

Ішкі факторлар кәсіпорынның өзінің жұмысын ұйымдастыруына байланысты болады, ал сыртқы факторлар кәсіпорын еркіне бағынышты емес.

Негізгі ішкі факторларды қарастырайық. Кәсіпорынның тұрақтылығы ең бірінші өндіріс шығындарымен үздіксіз байланысқан өндірілген өнім мен көрсетілген қьізметтің құрамы мен құрылымына тәуелді. Сондай-ақ, тұрақты және айнымалы шығындар арасындағы қатынас маңызды болып табылады.

Кәсіпорынның өндірілетін өнім және өндіріс технологиясымен тығыз байланысқан қаржылық тұрақтылығының маңызды факторларының бірі - активтердің тиімді құрамы мен құрылымы, сондай-ақ кәсіпорынның басқару стратегиясын дұрыс таңдап алуы болып табылады. Ағымдағы активтерді басқару өнері кәсіпорын шотында оның ағымдағы жедел қызметі үшін қажет болатын қаржының ең төменгі сомасын ұстаудан тұрады.

Қаржылық тұрақтылықтың ішкі, маңызды факторларының бірі - бұл қаржы ресурстарының құрамы мен құрылымы, оларды басқару стратегиясы мен тактикасының дұрыс таңдалып алынуы. Кәсіпорынның өз қаржы ресурсы, соның ішінде таза табысы қаншалықты көп болса, соншалықты ол өзін жайлы сезіне алады.

Кәсіпорынның қаржылық тұрақтылығына қарыздық капиталдар нарығындағы қосымша жұмылдырушы (мобилизацияланушы) қаражаттар үлкен әсерін тигізеді. Кәсіпорын ақша қаражаттарын қаншалықты көп тар-татын болса, оның қаржылық мүмкіндіктері де соншалықты жоғары болады, алайда, сонымен бірге қаржылық тәуекелділік те өседі, яғни кәсіпорын өз кредиторларымен уақытында есептесе ала ма, жоқ па? -деген қауіп туады. Және де бұл жерде кәсіпорынның төлеу қабілеттілігінің қаржылық кепіліні бір түрі ретінде резервтерге үлкен рөл берілген. 4

Сонымен бірге тек таза табыстың көлемі ғана емес, сонымен қатар оны тарату құрылымы, әсіресе өндірісті дамытуға бағытталған бөлігі де өте маңызды болып табылады.

Жоғарыда айтылғандарды қорыта келе, кәсіпорынның қаржылық тұрақтылығына әсер ететін мынадай ішкі факторларды атап көрсетуге болады:


төлем қабілеттілігі бар сұраныстағы үлесі;

  • төленген жарғылық капиталдың мөлшері;

  • шығындардың көлемі, олардың ақшалай табыспен салыстырғандағы

динамикасы;

  • қорлар мен резервтерді, олардың құрамы мен құрылымын қоса

алғандағы мүлік пен қаржы ресурстарының жағдайы;

  • кәсіпорындарды басқару тиімділігі.

Сыртқы факторларға шаруашылық жүргізудің экономикалық жағдайының әсері, қоғамда үстемдік етуші техника мен технология, төлеу қабілеті бар сұраныс және тұтынушылар табысының деңгейі, ҚР үкіметінің салық және несие саясаты, кәсіпорынның қызметін бақылау жөніндегі заң актілері, сыртқы экономикалық байланыс және тағы басқалар жатады.

Кәсіпорынның тұрақты қаржылық жағдайын қалыптастыруда оның өз контрагенттерімен (салық органдары, банктер, жабдықтаушылар, сатып алушылар, акционерлер және тағы басқалар) өзара қарым-қатынасы үлкен әсер етеді. Сондықтан да серіктестермен реттелген іскерлік қатынаста болу жақсы қаржылық жағдайдың бірден бір шарты болып табылады. Әрине, акционерлер өз жинақ қорларын тұрақты тиімділікке ие және дивиденттерді ұқыпты төлейтін қаржылық тұрақты кәсіпорындарға салады. Инвестициялық тартымдылығы болуы үшін, тек бүгінгі күні ғана емес, болашақта да кәсіпорынның қаржылық жағдайы көршісіне қарағанда жақсы болуы тиіс.

Сондай-ақ, бұл жыл сайын өз облигациясы бойьнша белгілі бір пайызбен алғысы келетін, ал заем мерзімі біткен уақытта облигация құнын толық өтеуді талап ететін облигация иелеріне де қатысты. Кез келген коммерциялық кәсіпорын сияқты банктер де өз несиелерімен тәуекел ете отырып несие алушының өз қарызын уақытында және толық өтеуін қалайды, сондықтан оны беру туралы шешім қабылдай отырып, кез келген банк өз клиентінің қаржылық жағдайын және бұл қарыздың қамтамассыз етілуін тексереді. Басқаша айтқанда, кәсіпорынның қаржылық жағдайы банктер осы кәсіпорынға несие беру орынды ма, жоқ па, ал бұл сұрақты дұрыс шешкен жағдайда қандай пайызбен және қанша мерзімге деген сұрақтарды шешудегі негізгі белгі болып табылады.

Жабдықтаушылар мен тұтынушылар сенімді және төлем қабілеттілігі жоғары кәсіпорындармен келісімшартқа үлкен ықыласпен отырады. Тіпті қаржы органдары, әсіресе салық инспекциясы кәсіпорынның жағдайы тұрақты болғанын қалайды, себебі тек осындай кәсіпорын ғана салықтар мен басқа да міндетті төлемдерді уақытылы және толық төлей алады.

Осылайша, қаржылық жағдай кәсіпорынның бәсекелестік қабілетін және оның іскерлік қарым - қатынастағы потенциалын анықтайды, кәсіпорынның өзінің және оның серіктестерінің қаржылық және басқа қатынастар тұрғысындағы экономикалық қызығушылықтары қаншалықты дәрежеде кепілдендірілгенін бағалайды. Кәсіпорынның қаржылық жағдайының объективті дұрыс бағасын алудың ең жақсы тәсілі, бұл - талдау, ол кәсіпорынның даму бағытын бақылауға, оның шаруашылық қызметіне кешенді түрде баға беруге мүмкіндік береді және осындай жолмен басқарушылық шешімдерді өңдеумен кәсіпорынның өзінің өндірістік кәсіпкерлік қызметі арасында байланыстырушы қызметін атқарады.

Кәсіпорын осы мерзімге дейінгі уақытта қаржы ресурстарын қаншалықты дұрыс басқарды деген сұраққа жауап береді. Қаржы ресурстары жағдайының нарық талаптарына сай болуы және де кәсіпорынның дамуына байланысты қажеттіліктерге жауап бере алуы өте маңызды болып табылады, себебі қаржылық тұрақтылықтың жетіспеушілігі кәсіпорынның төлеу қабілетінің жоқтығына және оның дамуына қажетті қаражатының болмауына, ал көп болуы дамуға кедергі жасап, басы артық қорлармен және резервтермен кәсіпорын шығындарын көбейтуіне әкеліп соқтыруы мүмкін.

Нарықтық экономика жағдайында жұмыс істеуші кәсіпорындардың қаржылық жағдайын талдаудың басты мақсаты (міндеті) келесілер болып табылады:


  • қаржылық жағдайға баға беру және оның есеп беру мерзіміндегі өзгерісі;

  • активтер мен олардың қалыптасу көздері apaсындағы сәйкестікті, оларды таратудағы рационалды және пайдаланудағы тиімділікті зерттеу;

  • айналым капиталының көлемін, оның өсуін (кемуін) және ағымдағы міндеттемелермен арақатынасын анықтау;

  • қаржы - есептік және несие ережесін сақтау;

  • кәсіпорын активтері және оның міндеттемелерінің құрылымын зерттеу;

  • ағымдағы активтердің айналымдылық есебі, оның ішінде дебиторлық борыш және қорлар есебі;

  • баланстың өтімділігін, кәсіпорынның қаржылық тұрақтылығының және төлеу қабілеттілігінің көрсеткіштерін анықтау;

  • кәсіпорын табыстылығын бағалау;

  • кәсіпорын табысының салыстырмалы көрсеткіштерін, сондай-ақ олардың деңгейінің өзгеруіне әсер етуші факторларды есептеп шығару;

  • кәсіпорынның іскерлік белсенділігін анықтау;

  • кәсіпорынның қаржылық жағдайының тұрақтылығын ұзақ және қысқа мерзімді болжау, яғни оның қаржылық стратегиясын анықтау.

Қаржылық жағдайды талдау кәсіпорынның шаруашылық қызметін талдаудың қорытындылаушы кезеңі болып табылады, және ол 3 сатыны қамтиды: жабдықтау, өндіріс және өткізу; бұлардың жиынтығы коммер-циялық, өндірістік және қаржылық қызметті құрайды. Кәсіпорынның қаржылық қызметі - бұл оның осы қызмет нәтижесінде меншікті және тартылған капиталдың көлемі мен құрамына өзгеріс әкелетін қызметі болып табылады. Ол қаржы ресурстарының жүйелі түрде түсуі мен тиімді пайдаланылуына, есеп және несие тәртібін сақтауға, меншікті және қарыз қаражаттарының арасындағы арақатынастың рационалдылығына, сондай-ақ кәсіпорынның тиімді қызмет етуі мақсатында қаржылық тұрақтылыққа қол жеткізуге бағытталуы тиіс. Кәсіпорын қызметінің қаржылық, өндірістік және коммерциялық жақтары арасында тығыз байланыс пен өзара тәуелділік бар. Осылайша қаржылық қызметінің жетістігі, көбінесе оның өндірістік сату көрсеткіштерімен анықталады. Кәсіпорынның өзі алатын төлемдерді және ақша қаражаттарын алуы оның өнімді сатуына, алдын ала қарастырылған сұрыпталымды ұстап тұруына, өнім сапасының қажетті деңгейге сәйкестігіне және оны бір қалыпты өндіруге және төлеуге байланысты болады.5

Жоғары сапалы өнімді үздіксіз өндіру және өткізу кәсіпорынның қаржылық ресурстарының қалыптасуына оң әсерін тигізеді. Өндіріс процесінде өнім сапасының төмендеуі және оны сатудың қиындықтары кәсіпорын шотына ақша қаражаттарының келіп түсуіне кедергі жасайды, нәтижесінде кәсіпорынның төлеу қабілеті төмендейді. Кері байланыс та бар, ол ақша қаражаттарының болмауы материалдық ресурстардың келіп түсуінің іркілісіне, демек өндіріс процесінің тоқтауына әкеліп соқтыруы мүмкін.

Шығындар көлемі өндіріс процесінің тиімділік деңгейімен анықталады. Олардың тиімділігі қаншалықты көп болса, кәсіпорын өнімді өткізу көлемін сақтай отырып ресурстарды, соның ішінде қаржылық ресурстарды соншалықты аз жұмсайды. Және керісінше, шикізат пен материалдар шығындарының нормасының өсуі, еңбек өнімділігі деңгейінің төмендеуі, басқа да ресурстардың мөлшерден тыс жұмсалуы және өндірістік емес шығындар қосымша қаржы каражаттарының қажеттілігіне себепші болады. Еңбек және материалдық ресурстар шығыны ең алдымен өнімнің өзіндік құнында, содан соң табыста талдап қорытылады. Соңғы айтылған көрсеткіштің көлемі кәсіпорынның өзіндік қаражаттарының көлемін өзгерте отырып, оның жалпы қаржылық жағдайында елеулі көрініс табады.

Кәсіпорынның қаржылық қызметінің қалыпты болуы әсіресе өз кезеңіндегі қойылған мақсаттарға қол жеткізу үшін қажетті жағдайларды туғызады, оның төлеу қабілеттілігінің кепілі болып табылатын өнім өндірудің үздіксіздігін және кәсіпорынның қаржылық жағдайының тұрақтылығын қамтамасыз етеді.

Біздің ойымызша, қаржылық жағдайды талдауды қаржылық тұрақтылықтан бастаған жөн және оған мыналар жатады:


  • баланс өтімділігін талдау;

  • кәсіпорынның іскерлік белсенділігін талдау;

  • табыстылығын талдау;

  • қаржылық тұрақтылығын талдау;

Біз талдауды осы көрсеткіштен бастаған себебіміз, көптеген шетел және Ресей экономист – ғалымдарының еңбектерінде жиі кездеседі және кең таралған көрсеткіштер болып табылады.
1.2. Кәсіпорынның қаржылық жай – күйін бағалаудың

әдістері

Нарықтық қатынастың қалыптасуы шаруашылық қызметін біртұтас кешенді талдауды ішкі (басқару) және сыртқы (қаржылық талдау) талдау деп бөлуді қажет етіп отыр. Талдаудың бұл түрлерінің әрқайсысының өзінің негізгі ақпараттық көздері бар.

Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, есеп берудің екі түрі бар: Акционерлерді, қалың жұртшылықты, банктерді, сондай-ақ сақтандыру ұйымдары мен үкімет органдарын кәсіпорынның жұмыс жағдайы мен оның қаржылық жағдайы және есепті кезеңдегі шаруашылық қызметінің нәтижесімен таныстыру үшін қаржылық газеттер мен бюллетендерде, арнайы анықтамаларда басылып шығатын қаржылық есеп беру. Сонымен қатар көбіне, есепте субъектінің шаруашылық қызметін динамикада бейнелеп көрсетуге, даму бағыты мен оның алдыңғы кезеңдегі жағдайын болжауға мүмкіндік беретін бірқатар жылдардың мәліметтерін жариялайды. Есеп берудің екінші түрі – басқару талдауы, бұл кәсіпорын шығаратын өнімдердің жеке түрлерінің өзіндік құнының нормативтері туралы, сондай-ақ сапасының төмендігіне немесе тауардың мөлшерден тыс шығарылып, өтпей қалуына байланысты мәліметтерден тұратын қатаң құпияландырылған, басқа тұлғалар үшін жабық есеп болып табылады. Ішкі есеп берудің ішіндегі жауапкершілік орталықтары мен пайда болу орындары бойынша шығындар сияқты жеке бөлімшелердің жұмыс нәтижелерін сипаттайтын маңызды есеп түрлері болады. Кәсіпорынның жеке бөлімшелеріндегі шаруашылық жүргізу деңгейін анықтау шығындар мен нәтижелерді салыстыру, кім қалай жұмыс істейтінін көруге мүмкіндік береді және еңбекке ақы төлеуде қандай да бір иесіздікті жояды. Ішкі талдау басқару есебі, ал сыртқы талдау қаржылық есеп негізінде жүргізіледі. Бүгінгі таңда нарыққа өту кезеңінде кәсіпорынның қаржылық жағдайын бағалауда жаңа амалдар қажет.

Соңғы кездері мерзімді баспасөздерде, сондай-ақ жеке басылымдарда қаржылық талдауды жүргізу бойынша бірқатар әдістемелік ұсыныстар жарық көрді. Бұл еңбектің авторлары кәсіпорынның қаржылық жағдайын және оның жекелей көрсеткіштерін талдаудың әр түрлі әдістемелерін ұсынып отыр. Бұл әдістемелердің көпшілігінде олардың маңызды ерекшелігі болып табылатын, кәсіпорынның қаржылық жағдайының біздің отандық тәжірибеде қолданылмаған жаңа көрсеткіштерінің жүйесін толық талдауда.

Бұрынғы қолданылып келген талдау әдістемесінде әр түрлі баптардың мәндерін, баланс бөлімі мен топтарының жиындарын олардың мөлшерлік көлемдерімен салыстыру, мөлшерден ауытқуын зерттеу, бұл ауытқулардың кәсіпорынның қаржылық жағдайының тұрақтылығына қалай әсер етуін зерттеу шешуші рөл атқарады. Жаңа қаржылық есептің маңызды ерекшеліктерінің бірі онда жоспарлық көрсеткіштер мен нормативтердің жоқтығы болып табылады.

Нарық жағдайында қаржылық жоспарлау кәсіпорынға оның қызметі жөнінде көптеген параметрлерді сырттан бекітетін орталықтандырылған әкімшілік сипатты жояды. Ол, ең алдымен бәсекелестік нәтижесінде қарқынды өзгеріп отыратын нарықтық конъюктура жағдайында өзінің хал-жағдайын нығайтуға ұмтылатын кәсіпорынның шаруашылық әрекетінің икемді стратегиясы мен тактикасын жасауға қызмет етеді. Қаржылық қызметте нормативтерді пайдалану кәсіпорынның өз еркінде, сондықтан нормативтер туралы ақпараттар, коммерциялық құпияға айналады. Жоспарланған нормативтерден ауытқуды талдау, кәсіпорынның ішкі талдауының құрамдас бөлігі болып табылады. Бухгалтерлік есеп беруге негізделген қаржылық жағдайды талдау, сыртқы талдау сипатына ие болады, яғни бұл кәсіпорының қызметі туралы ақпараттардың шектеулі бөлігінен тұратын есеп мәліметтері негізінде осы кәсіпорынның мүдделі контрагенттерінің – меншік иесі немесе мемлекеттік органдардың берілген кәсіпорынның шегінде жүргізетін талдауы. Қаржылық жағдайды ішкі талдау әдістемесі, әрбір кәсіпорын үшін тек потенциалды әріптестерін бағалау мақсатында ғана емес, сонымен қатар қаржылық есепті сыртқы пайдаланушылардың көзқарасы тұрғысынан алғандағы өзін - өзі бағалау үшін де қажет.

Қаржылық талдауды өткізу мақсатына байланысты қаржылық талдаудың

келесі түрлерін атап кетуге болады:



1. Қаржылық талдауды өткізу бойынша ішкі және сыртқы деп бөлуге болады.

Ішкі қаржылық талдау - бұл кәсіпорынның өтімділігін аңықтауға немесе өткен кезеңдегі нәтижелерге баға беруге бағытталған талдау. Мысалы кәсіпорын басшылары немесе қаржылық аналитиктері кәсіпорынның өңдірістік ұлғаюына қаржы бөлуге мүмкіндігі барма екенін білгісі келгенде жүргізілуі мүмкін.

Сыртқы қаржылық талдау – бұл кәсіпорынға қатысы жоқ , яғни оның ішкі мәліметтер базасына кіруге рұқсаты жоқ, басқа шет аналитик тұлғамен жүргізілетін талдау.

  1. Аналитикалық зерттеу көлеміне байланысты толық және тематикалық

болып бөлінеді.


Қаржылық талдаудың негізгі түрлері.



  • Қаржылық талдауды өткізу бойынша




  • Ішкі қаржылық талдау

  • Сыртқы қаржылық талдау





  • Аналитикалық зерттеу көлеміне байланысты




  • Толық талдау

  • Тематикалық талдау





  • Аналитикалық зерттеу тереңдігі бойынша



  • Экспресс – талдау

  • Фундаменталды талдау









  • Кәсіпорынның қаржылық қызметін толықтай талдау

  • Кәсіпорынның қаржылық қызметін жекелеп талдау






  • Өткізу уақытына байланысты



  • Алдын – ала қаржылық талдау

  • Ағымдағы қаржылық талдау

  • Кейінгі қаржылық талдау




Бланк И.А. « Основы финансового менеджмента » 2- е издание. Перераб. и доп. Киев: Ника – Центрэльга. 2004
Сурет 1. Қаржылық талдаудың негізгі түрлері.

Толық - қаржылық талдау қаржылық қызметтің барлық аспектілерін кешенді түрде зерттеу мақсатыңда жүргізіледі.

Тематикалық - қаржылық талдау қаржылық қызметтің жеке бөліктерін және кәсіпорынның қаржылық жағдайын кешенді түрде зерттеу болып табылады.

3.Аналитикалық зерттеу тереңдігі бойынша экспресс – талдау және фундаменталды талдау деп жіктеуге болады.

Экспресс – талдаудың мақсаты шаруашылық субъектісінің қаржылық жағдайы мен даму динамикасын көрнекті түрде және қарапайым бағалау болып табылады.

Фундаменталды талдау кәсіпорынның қаржылық қызметінің көлемінің динамикалық көрсеткішін факторлы зерттеуден тұрады.

4. Қаржылық талдау объектісі бойынша келесі түрлерге жіктеуге болады;

Кәсіпорынның қаржылық қызметін толықтай талдау. Бұндай талдау кезіңде кәсіпорынның құрылымы мен бөлімшелерін бөлек қарастырмай оның қаржылық қызметін толық зерттеу болып табылады.

Кәсіпорынның қаржылық қызметін жекелеп талдау. Бұндай зерттеудің пәні инвестицияларымен байланысты немесе нақты инвестициялық жобаларды

өткізуді қаржыландырумен және тағы басқа операцияларды талдау.

5. Өткізу уақытына байланысты ;

Алдын – ала қаржылық талдау. Бұл талдаудың мақсаты қаржылық қызметті іске асыру шартын зерттеумен байланысты талдау.

Ағымдағы қаржылық талдау. Іске асырылып жатқан қаржылық қызметтерге және оған уақытында ықпал жасай алу мақсатында жүргізілетін талдау.

Кейінгі талдау. Ол кәсіпорынның қаржылық қызметінің нәтижесін толық және тереңдеп зерттеуге мүмкіндік береді.

Қаржылық талдаудың тәжірибесі қаржылық есепті оқудың негізгі ережелерін қалыптастырды. Олардың ішінен алты негізгі әдісті бөліп қарастыруға болады:



  1. көлденең талдау,

  2. тікелей талдау;

  3. салыстырмалы талдау;

  4. факторлық талдау;

  5. қаржылық коэффициенттер әдісі.

Көлденең талдау – есеп берудің әрбір позициясын өткен кезеңімен салыстыру. Ол өткен кезеңдегімен салыстырғандағы бухгалтерлік есептің түрлі баптарының абсолюттік және салыстырмалы ауытқуларын анықтауға мүмкіндік береді.Оның келесідей түрлерін атап кетуге болады.

  1. Есепті кезеңдегі көрсеткіштердің динамикасын өткен кезеңдегі көрсеткіштерімен салыстырып зерттеу. Мысалы өткен аймен, кварталмен салыстыру.

    1. Есепті кезеңдегі көрсеткіштердің динамикасын осыған ұқсас өткен жылдың көрсеткіштерімен салыстырып зерттеу.

Мысалы есепті кезеңнің 2- ші кварталын өткен жылдың 2 – ші кварталымен салыстыру.

  1. Бірқатар жылдың көрсеткіштерінің динамикасын талдау. Оның мақсаты

кәсіпорынның қаржылық қызметін сипаттайтын жеке көрсеткіштерінің өзгеру

тенденциясын талдау.



Тікелей (құрылымдық) талдау - әрбір есеп позициясының жалпы нәтижеге тигізетін әсерін айқындай отырып, қорытынды қаржылық көрсеткіштердің құрылымын анықтау. Ол жалпы баланс немесе оның бөлімдері бойынша қорытынды көрсеткіштегі жеке баптардың үлес салмағын анықтауға мүмкіндік береді. Мысалы, ұзақ және ағымдағы активтердің кәсіпорын мүлкінің жалпы құнындағы, яғни баланс валютасындағы үлес салмағы және тағы басқалар.Оның келесі түрлерін атап кетуге болады.

  1. Активтердің құрылымын талдау. Бұл талдау кезіңде айналым және айналымнан тыс активтердің үлестерін, айналымдағы активтердің құрамындағы элементтерді және т.с.с көрсетеді.


Қаржылық талдаудың әдістері



  • Көлденең талдау




  • Есепті кезеңдегі көрсеткіштердің динамикасын өткен кезеңдегі көрсеткіштерімен салыстырып зерттеу.

  • Есепті кезеңдегі көрсеткіштердің динамикасын осыған ұқсас өткен жылдың көрсеткіштерімен салыстырып зерттеу

  • Бірқатар жылдың көрсеткіштерінің динамикасын талдау






  • Тікелей (құрылымдық) талдау



  • Активтердің құрылымын талдау

  • Баланс құрылымын талдау

  • Ақша ағымының құрылымын талдау





  • Коэффициенттер




  • Өтімділік коэффициенті.

  • Іскерлік белсенділік коэффициенті.

  • Рентабелділік коэффициенті.

  • Төлемқабілеттілік коэффициенті



  • Салыстырмалы (кеңістіктік) талдау



  • Кәсіпорынның қаржылық көрсеткіштерін ортасалалық көрсеткіштермен салыстыру.

  • Берілген кәсіпорынның көрсеткіштерін бәсекелес кәсіпорынның көрсеткіштерімен салыстыру

  • Есепті және жоспарлы көрсеткіштерді салыстырмалы талдау






  • Факторлық талдау



Бланк И.А. « Основы финансового менеджмента » 2- е издание. Перераб. и доп. Киев: Ника – Центрэльга. 2004


Сурет 2. Қаржылық талдаудың әдістері


  1. Баланс құрылымын талдау. Бұл талдау кезіңде меншікті және қарыз капиталының ара салмағын көрсетеді. Қалданып жатқан қарыз капиталының құрамындағы займдардың түрлерін көрсетеді – банк несиесі, тауарлық несиелер және т.б.

  2. Ақша ағымының құрылымын талдау. Бұл талдау кезіңде жалпы ақша ағымының ішінен операциялық, инвестициялық және қаржылық қызметінен ақша ағымын бөліп көрсетеді. Әр біреуінің құрамына ақша қаражаттарының келіп және кетуі және қалдығын көрсетеді.

Тікелей және көлденең талдаулар бірін-бірі толықтырып отырады. Сондықтан да есептік бухгалтерлік үлгі құрылымы секілді оның жеке көрсеткіштерінің динамикасын да сипаттайтын кестелерді жиі жасайды.

Салыстырмалы (кеңістіктік) талдау – бұл фирмалардың, еншілес фирмалардың, бөлімшелердің және цехтардың жекелеген көрсеткіштері бойынша есебінің құрама көрсеткіштерін шаруашылық ішіндегі талдау, сондай-ақ берілген фирманың көрсеткіштерін орташа салалық және орташа жалпы экономикалық мәліметтері бар бәсекелес фирмалардың көрсеткіштерімен салыстырғандағы шаруашылық аралық талдау болып табылады.Оның келесідей түрлерін атап кетуге болады.

  1. Кәсіпорынның қаржылық көрсеткіштерін ортасалалық көрсеткіштермен салыстыру. Бұл салыстыру кезіңде кәсіпорынның ортасалалық көрсеткіштен қаншалықты ауып кеткенін көруге болады.

  2. Берілген кәсіпорынның көрсеткіштерін бәсекелес кәсіпорынның көрсеткіштерімен салыстыру. Бұл салыстыру кезіңде бәсекелестік деңгейін жақсарту мақсатында кәсіпорынның әлсіз жақтары аңықталады.

  3. Есепті және жоспарлы көрсеткіштерді салыстырмалы талдау. Бұл салыстыру кезіңде нақты көрсеткіштердің жоспарлы көрсеткіштен ауытқу себебін көруге болады. 6

Қаржылық талдаудың нарықтық экономика жағдайындағы көбірек таралған әдісі әр түрлі қаржылық коэффициенттерді пайдалану болып табылады.

Коэффициенттер салыстырмалы шамалар болып табылады, оларды есептеу кезінде шамалардың біреуін бірлік ретінде алып, ал екіншісін бірлікке қатынасы ретінде көрсетеді. Қаржылық коэффициенттерді есептеу баланстың жеке баптарының арасында болатын өзара байланыстарға негізделген. Олар кәсіпорынның қаржылық жағдайын кезекті факторлық талдау үшін алғашқы база болып табылады және де олар талдау нәтижесінде талдау жүргізушіге жасырын құбылыстарды ашуға мүмкіндік беретін екі шаманың арасындағы өзара математикалық қатынастарды көрсетеді.

Шешімдер қабылдау үшін сәйкес коэффициенттерді талдаудың пайдалылығы оларды дұрыс түсіндіруге байланысты болады. Бұл – қатынастарды талдаудың ең қиын аспектісі, себебі ол осы қатынастардың қалыптасуының ішкі және сыртқы факторларын білуді талап етеді, мысалы, саладағы жалпы экономикалық жағдайлар, кәсіпорын басшылығының саясаты және басқалар. Қатынастарды үлкен байыптылықпен талдау қажет, өйткені тек бір ғана фактор алымына да, бөліміне де әсер етуі мүмкін. Негізінен қатынас деңгейі өткен кезеңдегі, теориялық дәлелденген салалық қатынаспен салыстырылады. Қатынасты талдау болашаққа бейімделуі тиіс.

Қатынасты талдаудың рөлін асыра бағалаудың да қажеті жоқ, себебі олардың әмбебап мәні болмайды және диагностика үшін индикатор болып табылмайды. Әлдеқайда тереңдетілген талдау, қатынас негізінде жасалған шешімдерді әрқашан қолдай бермейді, себебі олардың деңгейіне келесілер әсер етеді, жекелеген кәсіпорындардың ерекшеліктері орташа салалық мәліметтер. Сондай-ақ, өткен жылдардағы нақты қол жеткізілген деңгейдің қолайсыз болуы немесе оның сол өткен жылдар жағдайы үшін қолайлы болып, бірақ қазіргі және болашақтағы жағдайлар талаптарына сәйкес келмеуі әсер етеді.

Қаржылық талдауды салыстырмалы көрсеткіштер негізінде жүргізудің шетелдік тәжірибесін механикалық түрде көшіріп алу, көп жағдайда тиімсіз, себебі бұл жағдайда біздің кәсіпорындардың өз ерекшеліктеріне назар аударылмайды. Нәтижесінде бір көрсеткіштердің мүмкін болатын маңызы туралы берілген кеңестер кейбір кезде расталмайды. Дегенмен, қаржылық жағдайды талдау барысына салыстырмалы көрсеткіштерді зерттеу қажет болады, себебі ол болып жатқан жағдайларды түсінуге және де оларды тек ағымдағы мезетте ғана емес, сонымен қатар болашақта да дұрыс бағалауға мүмкіндік береді. Әлдеқайда кең таралған және зерттелген көрсеткіштерге мыналар жатады: өтімділік, қаржылық тұрақтылық, табыстылық және іскерлік белсенділік.



Факторлық талдау – бұл жекелеген факторлардың (себептердің) қорытынды көрсеткішке тигізетін әсерін зерттеудің детерминдік (анықтау) немесе реттелмеген тәсілдері көмегімен талдау. Сонымен қатар факторлық талдау қорытынды көрсеткіштерді оның құрамдас бөліктеріне жіктегенде –тура, ал оның жеке элементтерін жалпы қорытынды көрсеткішке біріктіргенде ол кері (синтез) болуы мүмкін.

Жоғарыда көрсетілген әдістермен қатар, қаржылық жағдайды талдауда экономикалық, сондай-ақ экономикалық және математикалық статистиканың (топтау, орташа және салыстырмалы шама, графиктік және индекстік әдістер, корреляция, регрессия және тағы басқа) дәстүрлі тәсілдері қолданылады. Белгілі бір экономикалық ғылым шегінде жасалған түрлі әдістер мен тәсілдерді іскерлікпен пайдалану кәсіпорынның қаржылық жағдайына терең талдау жасауға және шаруашылық субъектісінің қаржылық тұрақтылығын нығайтуға, жағдайын жақсартуға байланысты ұсыныстарды дайындауға мүмкіндік береді.

Қорыта айтқанда, кәсіпорынның қаржы жағдайын талдауда аудиторлық түрлі әдістер мен тәсілдерді қолдануға еркі бар. Оларды ұтымды пайдаланып, осы талдауды жүргізудің дәйектілігіне байланысты дұрыс әдісті таңдай отырып, аудитор қаржылық жағдайға терең, жан-жақты әрі кешенді талдау жүргізе алады, сондай-ақ объективті және анық баға береді, қаржылық тұрақтылықтың нығаюы мен кәсіпорынның табыстылығының өсуі жөнінде ұсыныстар дайындайды.


  1. Қазақтелеком” АҚ – ның қаржылық жай – күйін талдау.


2.1. “Қазақтелеком” АҚ-ның қызметіне қысқаша сипаттама

“Қазақтелеком” АҚ-мы (бұдан әрі Компания) 1994 жылдың маусым айында Ұлттық компания болып құрылды, және 1996 жылдың ақпан айында Ашық Акционерлік Қоғам болып өзгертілді.(2004 ж наурыз айынан Акционерлік қоғам).Компанияның орналасқан, тіркелген және қызметін асырып жатқан жері Қазақстан Республикасы. Компанияның заңгерлік мекен – жайы: Қазақстан Республикасы, 010000, Астана қаласы, Абай көшесі 31.

“Қазақтелеком”АҚ-мы Республиканың телекоммуникациялық рыногында көшбасшы орынды иеленеді, түрлі байланыс қызметтер буынын көрсететін орталықтар желісі кеңінен тараған. Олардың қатарында дәстүрлі телефония және телеграф қызметтері, деректер беру мен Интернет қызметтері, интеллектуалдық (зияткерлік) және спутниктік желілер және көптеген басқа қызметтер бар. Компанияның Орталық офисі Қазақстанның елордасы – Астана қаласында орналасқан.

  Компанияда 2005ж 31 желтоқсанына сәйкес компанияда 32602, жұмыс орны болды (2004ж 33220 жұмыс орын). Компания акциялары Қазақстан Республикасына және басқа миноритарлық акционерлерге тиесілі. “Қазақтелеком” компаниясының еліміздің әрбір облысында аймақтық бөлімшелері бар.

Компанияның клиенттері шамамен екі жарым миллион жеке және заңды тұлғалар болып табылады.

“Қазақтелеком” халықаралық оператор ретінде алыс шетелдердің 154 операторымен және ТМД мен Балтық елдерінің 23 операторымен тығыз ынтымақтастықты жүзеге асырады. Қазақстандықтарды әлемнің 230-дан астам елімен байланыстырады.

“Қазақтелеком” - бүгінгі таңда тұрақты және игі беделі жыл сайын “үлкен төрттік” аудиторлары тарапынан расталып отыратын бизнес-бағытталған компания. Компания ұлттық ақпараттық инфрақұрылымды жаңғырту жөнінде белсенді жұмыстар жүргізеді және жаңа технологиялар енгізу мен телекоммуникациялық қызметтердің аймақтық рыногын қалыптастыруды, бірыңғай ақпараттық кеңістік құруды және Қазақстанның халықаралық телекоммуникация рыногындағы ұстанымын арттыруды қамтамассыз етеді.

 Компанияның акциялары Қазақстан қор биржасының ресми тізіміне және “көгілдір фишкалар” мемлекеттік пакеттерін жүзеге асыру бағдарламасына енген.

 Fitch халықаралық рейтингтік агенттік “Қазақтелекомға” жергілікті және шетелдік валюта бойынша “ВВ” деңгейіндегі ұзақмерзімдік корпоративтік несиелік рейтинг тағайындады. Компанияның рейтингтік келешегін агенттіктер “тұрақты” деп бағалады.

 Компания бизнес жобаларымен қатар ауылдық елді мекендерді телефон байланысымен қамту және мектептерді Интернет желісіне қосу жөнінде әлеуметтік міндеттерді шешеді.

 Озық телекоммуникациялық технологияларды енгізу сапа менеджметі жүйесіне басты рөл берілетін басқару технологияларымен тиімді үйлеседі. Өткен жылы компания филиалдарын сертификаттау үдерісі табысты аяқталды. “Қазақтелеком” компаниясының клиентпен тікелей қатынас жүргізетін барлық филиалдары ISO 9001:2001 халықаралық сапа стандартына сәйкестікке сертификаттау аудитінен табысты түрде өтті.

Қазақстанның жетекші байланыс операторының табысты қызметіне лайықты баға берген «Euromoney» халықаралық баспа үйі 2005 жылы “Қазақтелекомды” ТМД-дағы үздік телекоммуникациялық компания ретінде таныды.

 “Қазақтелеком” бүгінгі таңда – телекоммуникациялық бірегей қызметтер көрсететін және икемді тарифтік саясаты мен сервистің тиісті сапасымен ерекшеленетін компания.

 Клиенттерге қызмет етудің және көрсетілетін қызметтерінің сапасын арттыру, олардың түрлерін кеңейту компанияны дамыту саясатының негізгі алғышарттары болып табылады. Бұл мәселелер әсіресе байланыс рыногында ырықтандыру үрдістерін тереңдету және бәсекелестіктің артуы жағдайында, сондай-ақ Қазақстанның Бүкіләлемдік сауда ұйымына кіруі қарсаңында өзекті бола түсуде.

“Қазақтелеком” өзінің телекоммуникация саласындағы жүйе құрушы ретіндегі жауапкершілігін сезіне отырып, көшбасшы ұстанымын сақтап қалуға және Қазақстанның ақпараттық қоғамы мен бәсекелі экономикасын құруға лайықты үлес қосуға ұмтылады.

Телекоммуникация нарығын ырықтандыру бағдарламасы. Қазақстан Республика Үкіметінің 2004ж 2 қыркүйегінен №925 Қаулысына сәйкес компанияның қалааралық және халықаралық телефон байланысын ұсыну бойынша экслюзивті құқығы жойылды.

2005 ж компания қалааралық және халықаралық байланыс қызметін ұсынғаны үшін бютжетке 3,571,883 мың теңге көлемінде төлем енгізді және бұл сомма негізгі қызмет бойынша шығыстарда көрсетілді.

2005 ж компания мемлекеттін “ауылдық аймақты дамыту” бағдарламасын іске асыру мақсатында 300 млн тенге көлемінде ақша жұмсады.

Компания, Қазақстан Республикасының Үкіметінің 2004ж 21 тамыз айынан №884 қаулысына “Өзгертулер мен толықтырулар енгізу” туралы Қазақстан Республикасының Үкіметінің 2005ж 19 қантарынан №28 Қаулысын іске асыру мақсатында абонеттерге қалааралық байланыстын тарификациялық қадамын толық және толық емес 10 секундқа көшті.



Қаржылық есеп беру. Ұсыну негізі – Ұсынылып отырған компанияның шоғырланған қаржылық есебі, Қаржылық есеп беру стандарты бойынша Халықаралық кеңес бекіткен, Халықаралық Қаржылық Есеп беру Стандартына (ХҚЕС - МСФО) сәйке жасалған және Қазақстанның мың теңгесінде көрсетілген. Топ, бухгалтерлік есепті ҚР - да (бұдан әрі БЕҚС - КСБУ) және РФ – да қабылданған бухгалтерлік есеп жайлар мен ережелеріне сәйкес жүргізіледі. Берілген жайлар мен ережелер ХҚЕС – нан ерекшеленеді, сәйкесінше компанияның қаржылық есебі БЕҚС – ты бойынша жасалды, және ХҚЕС – на сәкес келу мақсатында оған түзетулер жасалды.

Есеп беру кезеңі 1 қаңтардан 31 желтоқсанға дейін болып саналады. Қаржылық есепке, берілген мәліметтердін уақтылығына, толықтылығына және нақтылығына жауап беретін компанияның Бас бухгалтердің, Бас қаржы директорының, Вице – президенттің және Президенттің қолы қойылады.



Лицензиялар."Қазақтелеком" АҚ Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникациялар Министрлігі тарапынан 2004 жылдың 28 мамырсында берілген № АБА №000001 . лицензиясы негізінде жұмыс істейді.

Лицензияның формасы: Бас лицензия;

Әрекет аумағы: Қазақстан Республикасы;

Осы лицензияға сәйкес "Қазақтелеком" АҚ жалпылама пайдаланыстағы телекоммуникация тораптарын (ЖПТТ) дамытуды, енгізуді, қолдауды қамтамасыз ететін бірден-бір ұлттық оператор дәрежесіне ие және сонымен қатар ЖПТТ операторы, әрі Қазақстан Республикасы аумағындағы қалааралық және халықаралық байланыс қызметінің жеке-дара операторы жұмысын атқарады.



Компания бөлімшелері."Қазақтелеком" АҚ - Республикадағы ең үлкен компаниялардың бірі, онда 30 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Толық жұмыс кезеңі - қызметтерді өндіруден оны тұтынушыға сатуға дейін және оларды сатудан кейінгі қолдау - атқарылатын функциялардың көп түрлігінде және Қазақстан Республикасының барлық территориясында орналасқан құрылымдық бөлімшелер мен филиалдар санында көрсетілген.

«Қазақтелеком» акционерлік қоғамын стратегиялық дамытудың
2005-2008 жылдарға арналған негізгі бағыттары.

Миссиясы. Қазақстан Республикасы телекоммуникациялар рыногының бастаушысы болу. Бір бірімен және бүкіл әлеммен қатынаста болу - сапалы, қолайлы және қарапайым. Халықаралық телекоммуникация ауқымына толық құқықты шоғырлану

Мақсаты. Телекоммуникация секторының ырықсыздануы және әлемдік экономиканың ғаламдануы жағдайында ішкі және сыртқы рыноктарда бәсекелесе алатын, маркетингтік-бағдарланған, жаңартпалық, технологиялық, ұйымдық және экономикалық тиімді Компания құру.
  1   2   3   4   5   6


©dereksiz.org 2016
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет