1.1 Математика пәніндегі мазмұнды есептерді шешу
«Есеп» және онымен байланысты ұғымдарды жалпы ғылыми деңгейде қарастыру оның таныс теориясындағы орнын анықтайды, ол барлық ғылыми бағыттардың қажетті және маңызды элементі болады. «Есеп» философиялық тұрғыда - таным теориясы, психологиялық тұрғыда - адам іс-әрекетінің бағыттылығы, педагогикалық тұрғыда - білім мен білікті қалыптастыру
құралы, әдістемелік тұрғыда - іс-әрекетті ұйымдастыру, қалыптастыру және дамыту құралы [13, 33 б.].
«Есеп» ұғымына көптеген авторлар түрліше анықтама берді. Олар: есеп бұл - оқуда және еңбекте оқушылардың танымдық және практикалық белсенділігін жоғарлататын негізгі фокторлардың бірі [14, 63 б.]; ойлау, есептеу арқылы шешуді қажет ететін санға негізделген жаттығу; бізді қоршап тұрған дүниеде сандармен байланысты болатын және оларға арифметикалық амалдарды қолданатындай тұрмыстық жағдайлар бола береді (М.А. Бантова); жауабы арифметикалық амалдарды орындалуының нәтижесінде алынатын сөзбен берілген сұрақ (М.И. Моро және А.М. Пышкало) [15, 111 б.]; анықталған шарттар арқылы берілген мәлімет немесе белгілі жағдайларда берілген мақсат (А.Н. Леонтьев); құраушылары міндетті түрде: есептің бастапқы қалыптағы нысаны (есептің бастапқы нысаны) мен есептің-нысанын қажет ететін жағдайының моделі (есептің талабы) болатын жүйе (Г.А Балл).
Мектептік оқытуда есептер ойын, оқу, өндірістік болып үшке бөлінеді.
Қазіргі математиканың бастауыш курсында қарастыратын есептердің мынандай үш жағы бар: математикалық мазмұны, формалық жағы және сөзбен мазмұндалуы.
Есептердің мазмұнын ескерсек, онда оларды деректі мазмұнды есептер және дерексіз мазмұнды есеп деп екіге бөлуге болады.
Дидактикалық мақсаттарына қарай: танымдық, машықтау, дамыту есептері деп бөлінеді. Ал ойлау түрінің басым болуына байланысты (А.Е. Әбілқасымова, А.К. Көбесов, Д.Р. Рахымбек, Ә.С. Кенеш) немесе математикалық есептің үш типі (А. Я. Цукарь): алгоритмдік, жартылай алгоритмдік, эвристикалық.
Егер мазмұнында берілген деректерге қарай, оларды экономикалық мазмұндағы, физикалық мазмұндағы, химиялық мазмұндағы, ұлттық мазмұндағы және т.б. есептер (практикалық есептер) деп атауға болады.
Жалпы алғанда оқытудың әр түрлі буындарында мазмұнды есептерді былай атайды: арифметикалық есептер, теңдеулер мен олардың жүйесін құруға берілген есептер. Дәл осылай бөлінгенімен олардың сипаты бір, яғни 1) табиғи тілде тұжырымдалған есептер (сондықтан оларды мазмұнды есептер деп атайды); 2) олардың мазмұнында қандайда бір құбылыстың, оқиғаның сандық қасиеттері сипатталады (сондықтан оларды сюжетті есептер деп атайды); 3) ізделінді шаманы табуға берілген есептер, яғни мұнда кейбір шамалардың белгісіз мәні есептеледі (сондықтан есептеуге берілген есептер деп атайды).
«Танымдық есептер» термині психологияда неғұрлым терең мағынада қолданылады, ол таным үдерісі психологиялық ұғыммен сәйкестікте болады. Г.С. Костюк бойынша «жаңа объектіні түсіну - ол қандай да бір есепті, тіпті ол кішкене танымдық есепті шығару деген сөз» [19].
Танымдық есеп - шығарушы меңгерген білімді жетілдіру есебі. Кез-келген білімді өзінің құрамында кем дегенде екі компоненті - моделі бар
қандай да бір модельденетін жүйенің идеалдық моделі ретінде көрсетуге болады. Таным есебінің пәні қызметін атқаратын білімді екі типтің - белгілі және белгісіз заттардың өзара байланысты құраушы-модельдерінің жүйесі ретінде көрсетіп беруге болады.
Әрбір оқу пәнінің бағдарламасы оқыту нәтижесінде оқушылар шығара білуге тиісті есептердің түрлерін көрсетеді. Бұл есептердің бәрі адамның практикасында, оның ішінде ғылыми-теориялық практикада қолданылады, сондықтан да олар практикалық есеп болып саналады.
Ал Т.Ә. Әлдібаева практикалық мазмұнды есепті: «математиканының түрлі пәндерді оқытудағы қолданымын ашып көрсететін, оқушылар жаңа өнеркәсіптегі ұйымдастыруларда, олардың технологияларында, экономикасында және күнделікті тұрмыста, еңбек операцияларын орындағанда пайдаланылуымен таныстырылатын есепті» - айтады.
Практикалық мазмұнды есеп деп мазмұнында есепте қарастырылатын объектінің бірі нақты шын зат болған жағдайын айтуға болады [22, 5 б.].
Г.О. Жетпісбаева: «практикалық мазмұнды есеп деп өмірлік мәні бар, тұрмыспен байланысқан, өлшеу құралдары арқылы шешілетін, өндіріс үдерістерімен байланысты есеп» - дейді.
Жоғарыда қарастырылған анықтамаларды түйіндей келе біз практикалық мазмұнды есептің мынадай анықтамасын ұсынамыз: «Практикалық мазмұнды есеп (қолданбалы сипаттағы есеп) деп мазмұны математиканы оқытуда пәнаралық байланысты ашып беретін, қазіргі заманғы өндіріс экономикасында, қызмет көрсету саласында пайдаланылатын есептерді түсінеміз».
Достарыңызбен бөлісу: |