Нұрым ақын:
Пайғамбардың кезінде,
Қанша қауым өтіпті
Өз пиғылынан өзі азып? [17,б. 59].
Қашаған Күржіманұлы Нұрым ақынның бұл сұрағына адамды Алланың ұлық, хақ жолымен жүруге үгіттеген Пайғамбарлар: Хазіреті Нұх, Лұд, Аухадтың ұлғатты істерін айта отырып, олардың айтқанымен жұрмеген халықтың топан суға кеткенін айтып, былай деп жауап қайтарады:
Хазіреті Нұхы Пайғамбар:
«Тағат етің», - деп жылаған.
Айтқанына көнбеген
Қауымында бір адам.
«Бұл шәһәрдің жүзіне,
Алла, пәле жібер», - деп,
Шынымен сонда сұраған.
Сұраған тілек бойынша
Жердің бетін қаптап ғаламат.
Қырық аршын терең су алып,
Нұхының қауымын су жұтты.
Әзәзіл шайтын азғырып,
Тура жолдан жазғырып,
Лұд пен Аухат қауымын
Деп айтады жер жұтты [17,б. 60].
Қашаған Күржіманұлы өлең сөзде, өзінің айтулы айтыс, дастандарында зауал шақ, күнәмен жаза жайын, дін негіздерін айрықша шеберлікпен сипаттап жеткізді. Терең философиялық астармен үлкен мәселелерді өрбітіп айтқан ақын сол арқылы адамдарды имандылыққа, мейірімділікке, шүкіршілік етуге шақырады.
Мұсабек Байзақұлы өлеңде дүние жаратылыстың Құран Кәрімде баяндалған жайларын арқау етіп, танымдық, тағылымдық шығармашылық өрісте танылған ақындардың бірі.
Аспан, жер, ақ бұлт, көк бұлт, қанат беріп құсты ұшырған құдірет, Аспаннан себелеп жаңбыр жаудырып, өлген шөптерді тірілткен құдірет туралы баяндары адам баласына мәңгіліктің бұлжымас заңдарын мойындатар ұлы күштің пәрменін жеткізу мұратын көздейді. «Қайырымды қыз бен қайыршы» шығармасы мысал өлең. Баллада деуге де келетіндей. Қайыршыға қайыр берген қыздың қолын әжесі кесіп тастайды. Алла қайырымды қызға қайтадан қол бітіреді.
Мұсабек ақынның «Түзу терек» атты мысал өлеңінде түзуліктен аспанға басы жеткен ағаш туралы айтылады. Туралықтың парқы туралы тәмсіл мешітке үстел болатын да түзу терек, қисық ағаш туралып, бөлшектеніп қалады. Тура жүрген адам – азбайды.
ХІХ ғасыр ақындығында аңызға жиі ілігетін атаудың бірі – Әзірейіл. Ақтан Керейұлы (1850-1912) адал жүріп, шын сөйлеуді ұстанып еді. «Жарлымын деп мұңайма, жеті мүшең сау болса, құдайдың сол бергені» - дейді жігіттерге арнау сөзінде.
Әріп Тәңірбергенұлы иман туралы толғайды.
Сұйық па, иман қандай, я кесек пе,
Не түрлі: мал ма, пұл ма, жанға есеп пе?
Иман деп не нәрсені айтпақ керек,
Жеуге тамақ, ішерге ат па, есек пе?
Ей, ғапыл, иман демек шынға нанбақ,
Шындықты нысап тұтып, көңілге алмақ.
Жүректі адалдыққа анық байлап,
Тартынып арамдықтан, таза қалмақ [17,б. 250].
Жаман айтпа, ниетіңді түзе, әділдіктен айныма Сансыз шүкір – иман дейді.
ХІХ ғасыр поэзиясында Өлім, Өмір, Иман, Аманат, Қанағат, Шүкір, Тәуба, Еңбек концептері – тұтас рухани, имандылық ұстанымдар құндылығы уағыздалды. Өлімнен бұрын өлмектің қамын ойлау, өткінші өмір, қабір жайы айтылды, ескертілді.
«Еңбек туралы» туралы өлеңінде: «Кісі хақын жеме,» - дейді Әріп ақын.
Еңбексіз жиған малың емес адал,
Шариғатта тағы жоқ деген пара ал.
Шапқанда байдың ұлы болып жүрсің,
Тоқтағанда болмасын түбі залал [17,б. 252].
Әріп Тәңірбергенұлы шариғатта жоқ қалың мал туралы сол дәуірде талайды толғандырған өзекті бір мәселені, әйел құқын қорғау бағытында кейінде кең өріске шыққан әлеуметтік түйіткілді ел назарына ұсынады. «Қалың мал туралы» өлеңінде Адам Ата, Хауа Ананың кезінде жоқ қалың малды шығарған қандай ақымақ деп ширығады.
Әкең құрсын жас қызын малға сатқан,
Шешең құрысын өтірік жылап жатқан.
Бұл тәртіп білімді елдің бірінде жоқ,
Шатылып жалғыз қазақ Тәңір атқан.
Қалың мал жайы ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиетіндегі өзекті, кең айтылған желінің бірі болды.
Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының «Шайтанның саудасы» атты туындысында он қашар, бес есектің артқан жүгі айла, күншілдік, зорлық, тәкаппарлық. Бір есек – ылғи жалған. Жалғанда өтірік жоқ бұдан қалған. Мәшһүр ақын сөзін жұртқа жәдігер, нақыл үшін айтып отырғанын ескертеді. Лағын – шайтан базарға он қашар, бес есекке жүк артып бара жатқан екен. Ғайса пайғамбар жолда оған сұрақ қояды. Сататын не пұлың бар дейді. Лағынның жауабын естіп:
Ғайса пайғамбар қайран қалады.
Киер киім, ішер ас, тамақ емес,
Керек қып бұларыңды кім алады? [17,б. 280].
Шайтан осы сауданың сәтті болатынын айтады. Өтірікті алыпсатар алар, хайла, қулықты жаман қатын алады, күншілдікті көп оқыған молда алады, зорлықты ұлықтар алады, надан бай тәкаппарлықты алады.
Ғайса пайғамбар он қашар жүгіңді қайда өткізбексің деп сұрайды. Шайтанның жауабында азғындап кеткен жұрттың қанағатсыз пейілі түзіліп айтылады. Шығарма соңында ақын осы туындыны жазу себебін, заманға өкпесін баяндап өтеді. Құдай үшін бала оқытқан молда қайда дейді. Сөз тыңдамас, тіл алмас қатын-баладан түршігеді.
Нұржан Наушабаевтың шығармашылығында дін негіздері, шариғат ұстанымында өмір кешу қағидалары өсиет, өнеге, нақыл сөз арқылы мазмұны түзеді. Ақынның «Бірінші Назым» атты шығармасы дінсіздердің түпбейнесін әшкерелеуден басталып, Алланың рахымы, дүниеге дос пиғылдан сақтану, ғибрат үшін өнеге сөз жазуы, шүкір, қанағат, мінез, барлық пен байлық, сараңдық, мақтан, Хақ ісі – өмір кешулерін баяндап шығады.
«Тақпақ» атты туындысында Нұржан ақын дәстүрлі не жаман? Не жақсы? тұрғысында термелеп жыр төгеді. «Терме» толғауында барлығы бір Алладан, Сақтаушы иеге тәубә қыл дейді.
Ақылбай Абайұлы «Дағыстан» («Қисса Жүсіп») дастанында адамдар арақатынасы, осындағы жаза, наза, қаза категорияларын, жан, ар тазалығын нақтылы оқиға өрбуінде, біреуге нақақтан қиямет істеудің түбі зауалсыз болмайтындығы – бұның бұлжымас Алла заңы екендігі бағытында суретті көркем тілмен, ой иірімдеріне тартып, адам мінез-құлықтарын жеткізе сезіндіріп отырып әңгімелейді. Кісіге қиянат Жүсіп байды ақыры бес ұлы, бір қызынан айырады. Шығарма ислам құндылықтарын, жалпыадамзаттық құндылықтарды дәріптеу мақсатында жазылған, Абайдың ақын шәкірттерінің ұстаз өнегесінде, дін қиссалары дәстүрінде жазылған. Ақылбайды Мұхтар Әуезов үлкен ақын деп бағалайды [26].
Абайдың өнеге мектебі, осындағы дін негіздерін насихаттау бағыты тұрғысында бағалағаны. Ақылбайдың осы дастанын айрықша атап өтуінде осындай бір астар, арқауы мығым себеп жатқан еді.
Абақтының темір торын бұзып шыққан атақты Балуан Шолақ өткінші өмірдің тоқтамы тәуба қылу, дұға жасау дейді. Мақыш Қалтайұлы «Алтынға» атты өлеңінде кім-кімге де күшін бұлдаған алтынның адамды аздырар сиқырын тұтас алып, тізіп айтады. Дін бұзар, Хақиқат пердесі – Алтын дейді. Дүние дос пиғылдың опа бермесін ескереді.
«Есектің ойнауы» атты мысал өлеңінде ақын Жаратқан Иенің әрбір жан иесіне лайықтап беретін несібесі, өнері, құлығы тұрғысында ой тастайды. Қожасына секіріп еркелеген Итпен таласамын деп Есектің қалай қор болғандығы туралы тәмсілде өтімді уағыз бар.
Мақыш ақын өз дәуірінің әлеуметтік өткір мәселелерінің шешімін дінмен сабақтастырып баяндау машығында дәстүр дамытып, жаңа мазмұн шашу бағытында өнімді шығармашылық мұра қалдырған тұлғаның бірі. Ірі дін ағартушысы.
«Қазақ Хакімдері» өлеңінде ел билеушінің бұзық ниет, бұқпа пиғыл, әрекеті әшкерленеді.
Шариғат, низамменен болмас ісі,
Мақсұты езу болар жетсе күші.
Бір сом қайыр дін үшін қылмаған бай,
Ысырап қылып ағызар сайлардан май.
Шары шығып дегені болып кетсе,
Сираттан өткендей-ақ көңілі жай...
Ынсаптан, шариғаттан бірдей шығып,
Халал, Харам теңгермей болар пасық.
Хакімдері осындай надан болса,
Милеттің қалайшадан атсын таңы... [9,б. 145].
Ақын Ресей отаршылдығы тарапынан жүргізілген әкімшілік, рухани саясаттың зардаптарын, өз дәуірінің тарихи ахуалын алдыға шығарып, зор әлеуметтік ойларға барады, дінінен айырылған жұртының нендей кеселге душар болғанын ашып айтады.
Руссия бір заманда қазақты алды,
Алған соң низамменен жолға салды [9,б. 145].
Мал шашып билікке жету. Пара. Бұзылу, бүліну.
«Тәрбие тақырыбы – әрбір өнер иесінің өмір серігі. Қай халық мәдениетінің тарихын алып қарасақ та, егер ол шын халықтық мәдениет болса, жұртшылықты, әсіресе жас буынды тәрбиелеу мақсатынынан абзал міндет бар деп білген емес. Сондай мәдениет шыңдап шығарған қайраткерлердің қай-қайсысы да тәрбиешілік дәрежеге көтерліп, тәрбиелік сөз айта алса ғана халқын өнерімен тәнті еткен. Аталы сөзін алға ұстап, хал-қадарынша айналасына тәлім-тәрбие ұрығын шашқысы келген талап Мұсабектің көптеген шығармаларынан көрініп отырады. Әсіресе, ол жазған, қызық оқиғаларға құрылып, ойлы тұжырыммен аяқталатын мысалдар осының айғағы», - дейді Әселхан Оспанұлы Мұсабек ақын шығармашылығына тиесілі баға беріп [27].
Зерттеуші Мұсабек ақынды қазақ әдебиетіндегі мысал өлеңдерді негіздеуші ақын деп те таныған.
Мұсабек ақын өз мысал өлеңдерінде жақсылық пен жамандық, дүниеқоңыз, өзімшілдік, менмендік, қиянатшылдық, адал еңбек, ұрлық, тағы да басқа өмірлік құбылыс, ситауацияларға деп қоюында ілгерішіл мұсылмандық ұстанымдармен құнарланған рухани дәстүрге арқа сүйеп отырады.
Әселхан Оспанұлы ақын мысалдарының дені Майлықожа, Тұрмағамбет ақындар үлгісінде нәзира жолымен туған, сонымен қатар өзінің төл шығармалары да бірқатар екендігін айтады. Оңтүстікте мысал жазу мектебі болғандығы туралы зерттеуші тоқтамы назар аударады. Қазақ жерінің Оңтүстігінде мысал негізінен Шығыс халықтары әдебиеті өнегесінде өрістегені айтылған. Бұл мәнде зерттеуші пайымы өзіндік мәнге ие.
«Бұның да іргелі себебі бар-ды. Ол себеп – аталған аймақ ақындарың көз ашып көргені халқымыздың көл-көсір ауыз әдебиеті мен Қазанға дейінгі тарихи әдебиет шығармаларымен бірге сол Шығыс халықтарының – Орта Азия халықтарының араб, парсы, үнді әдебиеттерінің үздік үлгілері болғандығы» [28].
Зерттеуші Әселхан Оспанұлы «Қаратау шайырлары» еңбегінде қазақ әдебиеті тарихын шығыс мұрасымен сабақтастықта зерттеудің өзіндік бір жүйесін қалыптастыру бағытында еңбектеніп осы бір кенжелеп қалған зерттеу бағытын күн тәртібіне тартынбай-ақ қойған еді. Әдебиет тарихын зерттеу ісінде саясатқа қарайлап, бүктеуі жазылмай қалып жүрген исламият мәселесіне кеңестік кезеңнің өзінде «бүйрегі бұрып» тұратын ғалымның «Қаратау шайырлары» оқу құралы мәселенің нақты қойылу, түпнегізден тартып ғылыми саралауға құрылуымен құнды.
«Есте жоқ ескі замандардан бермен қарай бірде үзіліп, бірде тізіліп жалғанып келе жатқан рухани қазына-байлығымыздың өмір жасы қаншама ғасырларды құшағына алып жатыр. Араб тілді Әбу-Нәсір әл-Фараби, көне түркі тілдес Жүсіп Баласағұн, Махмұт Қашқарилар, жаңа түркі тілінде тұңғыш сыршыл жырлар жаратқан Қожа Ахмет Яссауи, Ахмет Иүгінеки, Рауанди Хорезмилар дамытқан өлең өнері бертінде, әсіресе XIX ғасырдың бірінші жартысында бастау алып, екінші жарымында мықтап ірге тепкен қуатты да құдіретті күнгейлік ақындық мектеппен ұштасып жатыр» [27,б. 19]. Әрі қарай Мәделіқожа, Құлыншақ, Майлықожа, Молда Мұса (Мұсабек), Нұралы, Ергөбек сынды шығармашылық тұлғалар өнегесі дарыған ақындық мектептің негізгі сипаттары, жазу ерекшеліктері қандай деген мәселені қояды.
Әселхан Оспанұлы айрықша ден қойған күнгейлік ақындық мектептің қалыптасып, дамуындағы нақтылы бір ықпалды кезең, Қоқан хандығы билігіндегі уақыттар болды.
Ол Қ.Кемелұлының шығармашылықтағы басым үш сипатын атап отырады. Пәлсапалық бағыттағы пайымдаулар; өткір әжуа, әзіл-оспақ, әлеуметтік сарын; айтыстағы шеберлік тәсілдері осымен бірге ақынның дастаншылдық өнерпаздығы да айтылады.
Құлыншақ дәстүр жалғайды. Қазақ жыраулар поэзиясындағы ортағасырлық, арғызамандық тұрақты ізгілік желілерімен тамырлас, дәстүрлі сарындарда арнау, толғау өлеңдер айтып, не жақсы, не жаманның ежелгі қисындарын қуалай сөйледі.Оның өлеңдерінде Шығыс қиссалары мақамында сөз үйіру машығы да дағдылы тәсілдің бірі болып өріс жайды.
«Тәнің де мейман жаныңа» атты толғауында ақын адамның өмірін баян етеді. Имандылыққа, ізгілікке ұйытады. Өнеге, насихат сөзіне өз уақытының өткір әлеуметтік мәселелерін де арқау етті. Оның «Көлбайға», «Дүйсенбі датқаға», «Оңдыбайға» сынды арнау өлеңдері дүниеқоңыз сараңдық, кісі ақысы, адамшылыққа жатпас пиғылдарға үкім айтады.
Ақын қазақ ақындығындағы дәстүрлі желілерде – өмір, өлім ауқымында дүниетанымдық, ойшылдық өреде терең пайымдауларға барып отырады. Тіршіліктің тәлімін тарқатады.
Құлыншақ мұсылманшылықтың жөнін айтудан талмаған. Кеңестік кезең зерттеулерінде Құлыншақ ақынның шығармалары дін бояуы бар деген тоқтаммен шектеліп те отырды.
Ақынның «Дүние – ол бір көлдің қасқалдағы» толғауында дәстүрлі желі – адамның ғұмыр жас белестері өзіндік тың тапқыштықпен суреттеліп, бейнеленген. Бала кез, балиғат шақ, егде жас, сексен, тоқсан, жүз...
Құлыншақ өз өмір сапарын 1901 жылы Меккеге қажылыққа барып қайтар жолында аяқтаған екен. Еліне сәлем хатын жазып кетіпті.
Адамзат – келер, кетер, жүзге келер,
Пендені үйде өлсе де түзге көмер.
Құдая, иманымды саламат қыл,
Ағайын қайда бізді іздеп келер? [17,б. 145].
Оңтүстік әдеби мектебіндегі айтулы тұлғаның бірі – Майлықожа Сұлтанқожаұлы. «Білген шайыр» атты туындысында ақындық өнердің парыз-қарызы баяндалады. Өлеңмен ғибрат айтудың міндетін көлденең тартады. Ақынның оқиғалы шығармалары да бар «Нақыл» атты үш шығармадан тұратын туындысында біреудің біреуге жамандық жасауы, ақыры содан өзі қорлық тартуы баяндалады. Жақсылықтың үстемдігі, жамандықтың жеңілісі туралы тәмсіл дәстүрі ретіндегі шығарма. Негізгі оқиға желісі «Кәмилә мен Димнә» кітабынан алынған. Қазақы тұрмысқа ыңғайлап, өзгерістер енгізеді. Ақын шектен тыс байлықтың адамды апанға жығатынына меңзейді.
Майлықожаның «Мың бір түн» ертегілері негізінде жазылған «Жақсы найып», «Патша мен үш ұры» атты дастандары бар. Ел басқарушы мінезі айтылады.
«Ислам дәуірінде дүниеге келіп, мұсылманшылықты дәріптеген Қожа Ахмет Йасауи, Сүлеймен Бақырғани тәрізді сопы ақындардың шығармалары адам мен Адам қатынасын белгілеуде адамның бұл өмірдегі орнын, жақсы мен жаманды, адамгершілік қасиеттерді жырлауға арналып, діни-фәлсапалық өлеңдер цикілін бастады» [29].
Бұл сарын ежелгі дәуірлерден бергі адамзат тудырған рухани мұрада да болды. Нақтылы мәселе – сопылық әдеби үдеріс тұрғысында пайымдалуы – өз алдына дербес әңгіме.
А.Ахметбектің осы бағыта елеулі ізденістерге барып, қазіргі қазақ әдебиеттану ғылымында әдебиет тарихының рухани-тарихи негізде танылу, игерілу мұраттарында еңбектенуі – ортақ шаруаға қосқан ғылыми табысы.
Осында зерттеуші зер салған мына бір мәселенің тақырып ауқымындағы зерттеулерде есте болғаны жөн екендігі даусыз.
«Сопылықты ислам және Құраннан бөлек қарастыруға бейім шығыстанушылар пікірлеріне шолу жасаған Карл В.Эрнст олардың мұндай тұжырымдарға келуін сопылық ілімді бір жақты қарастыруынан деп түсіндіреді: «Рассматривая суфизм как умозрительную мистическую философию, эти ученные полностью пренебергали его общественным устроением, отрижающимся в суфийских братствах, его устоновлениями, которые формировались вокруг могил святых, и ролью суфиев в политической жизни – теми факторами, которые будут представлены позже на страницах настоящей книги и самое главное: отделяя суфизм от ислама, востоковеды, таким образом, отрицали важность Корана, Пророка Мухаммеда и исламского права и обряд для суфизма – а ведь для большинства тех, кого именуют суфиями, все эти элементы определяли значительную часть их мировозрения и обычаев» [29,б. 18].
А.Ахметбектің бұл зерттеу еңбегіндегі 3-тарау тікелей қазақ поэзиясындағы сопылық оқу көріністерін саралауға құрылған.
Бірінші тараушада XV-ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиетін сопылық негіздер бойынша қарастырады. Екінші тараушада сопылық танымы және Абай тақырыбы қозғалған. Үшінші тараушада Шәкәрім поэзиясындағы сопылық сарын, тұспал бейне сараланады.
Әдебиет тарихының дамуындағы Ислам дәуірі туралы кейінгі кезеңдегі ізденіс, зерттеулердің нәтижелерін назарда ұстаған ғалымның жеке тоқтамдарын ХІХ ғасырдағы қазақ поэзиясының дін негіздерін ұғындыру, насихаттау бағыттындағы сипаттарымен астастықта алып, ғылыми айналымға қосу бағытында әлде де нақтылы, арнайы зерттеулердің қажеттілігі көрінеді.
Негізінде, қазақ даласына ислам сопылық ілім арқылы тарады дейтін біржақты, үзілді-кесілді ұйғарымнан сақ болған жөн. Ислам аясындағы сопылық ілім мұраттарын тым алыстатып қарастыруға болмайтындығын А.Ахметбек ұдайы назарға алып отырған. Сонда да болса қазақ ортасына ислам Йасауи интерпретациясы арқылы қабылданған дейтін тұжырым-тоқтамға сын көзімен қарау қажет. Ислам қазақ топырағына VIII, ІХ ғасырда келгендігінің өзіне қатысты ойласатын өзекті құбылыстар, күн тәртібінде тұр. Бұл жерде Йасауи мұрасының сопылық әдеби ағымның дамуындағы ықпалы туралы сөз болса – мәселе басқа. Ақбота Ақметбек зерттеулеріндегі жүйе бойынша келгенде ХІХ ғасыр, соның ішінде зар заман дәуірі ақындарына қатысты айтылған ой-тоқтамдар зар заман ақындарында сопылық сарын адам мен қоғам қатынасымен белгіленген, замана әрекеттерінің ақырзаманға теліну үдерісі ауқымында талқыға тартылып, жеке шығармашылық тұлға мұрасындағы тіл қолданыстағы сопылық мәндегі сөздер дүниетанымдық тұғырлар ауқымында мағыналық тұрғыдан байыпталады.
Зерттеуші Йасауи мен Шортанбай ақын өлеңдеріндегі негізгі сарындарды салыстырып, өзіндік байламдар жасаған. Осы шығармашылық өкілдерінің рухани ұстанымдарынан «айырма» табудың нендей қажеттілігі болғандығына қатысты уәж айтуға тура келетін тұстар бар. «Қарап отырсақ, Йасауи адамынан түңіліп отырса, Шортанбай ақын заманынан торығып отыр. Екеуінің де көңілінде сарыуайым, тарығушылық, торығушылық. Алайда Йасауи адамның рухани дүниесі үшін жаны ауырып отырса, Шортанбай адамдық қатынастардың бұрынғыдай еместігінен шошып отыр. Йасауи адамның Құдайды ұмытқанына қиналса, Шортанбай оның көздерімен қазіргі заманды салыстыра отырып, ескінің қатесіне өкініп отыр. Сөз жоқ, қоғамды сипаттауда сопы ақынның да, зар ақынның да өлең мазмұндары ұқсас. Бірақ та екеуінің аңсары екі түрлі» [29,б. 18]. Осы екі мәтінді қатар алып қарағанда екі түрлі аңсар туралы тоқтам ойландырады.
Достарыңызбен бөлісу: |