2.3 Абайдың қара сөздеріндегі дін ғылымы танымы
ХIX ғасырдың әдеби өмірінде отаршыл елдің дінбұзар пиғылына рухани тосқауыл болып, азаттық көксеген арманды жалпақ елге жаппай жайылған діни ағартушылықтың Абай шығармашылығындағы түпсіз терең құйылыстарының айнымас бағытында туып, өрістеген сөз өнері әдеби даму нәзира, нәзирагөйлік атауымен бекіген бағыттағы мұсылмандық арқау, дін қиссалары бұғауда жатқан қазақ елінің заманалық қасірет күйігіне қарлығаштың қанатымен себілген судай септігін тигізіп, күйзелген елдің жүрегін қарайтып кетуден сақтап еді [97].
Абай Құнанбайұлының «Қара сөздер» атты шығармалары ел арасында аса бір сұраныспен, қолдан қолға тимей, тіпті жұрттың ынтасы өлең сөзден гөрі осы қара сөздерге ауып кеткендігі туралы Абай айналасындағы көз көрген дос-жар, бала, туыс адамдардың естеліктерінде көп айтылады [98].
Абайтануда қара сөздердің жанрлық, стильдік сипаты, жаңа жазба әдеби тіл қалыптасуындағы мән-маңызы; қара сөздердегі діни желілер, дүниетаным негіздер белгілі бір нақтылы зерттеулер аясында сараланып келеді.
Мұхтар Әуезов Абайдың әдеби мұрасындағы жаңа бір бағыт -1890-1898 жылдар аралығында жазылған делінетін қара сөздердің жалпы саны қырық алты бөлек шығарма екендігін айтқан. 16, 18, 19, 20, 24, 31, 45 сөздері қысқа үлгіде жазылған. 46 сөз – тарихи мақала, очерк сипатындағы сөз. 38 сөзі Мүрсейіт қолжазбасында (1907) «Ғақлиат Тасдиқат» деген атпен берілген. Дін негіздерін ұғындыру бағытындағы, ғылыми таным қалыптастырудағы орны бөлек туындысы. Қара сөздерді зерттеуде оның жанрлық сипатына, тұтас мазмұн-мәніне қатысты негізді тоқтамдар айтуда осы сөздердің барлығының ортақ тұтастығы сипаты тұрғысында кеңестік кезеңде мүмкіндік бола қоймады. Белгілі әдебиет тарихын зерттеуші Бейсембай Кенжебаев кезінде Абайдың қара сөздерінің «Ғақлия» деп аталып жүргеніне қатысты бұған толық қосылуға болмайды деген ой қосады.
«Өйткені ғақлия-ғибрат, мысал жөнімен дін, мінез-құлық жайында айтылған өсиет, насихаттау сөздер. Абайдың қара сөздерінің бәрі бірдей мұндай ғибрат, мысал болып, бәрі бірдей дін, мінез-құлық туралы болып келе бермейді. Тек бірнеше сөзі (1, 15, 25, 28, 32, 34 сөздері) ғана дін, мінез-құлық туралы ғибрат, мысал-ғақлия болып келеді. Естуіміз, Абайдың сөзі о баста тек осы сөздерін ғана «Ғақлия» деп атаса керек» [71,б. 192].
Қара сөздерді ғылыми трактат деу жөнінде де өз ойымен бөліскен еді. Барлығы ғылыми трактат болмайды, ғылыми талқы, ой түю 17, 19, 27, 36, 38, 43 сөздерге ғана тиесілі дейді. Абай өзі «Тастих» деп атағанына назар аударады.
«Біздіңше Абайдың қара сөздерінің басым көпшілігі сын, сықақ жөнімен сюжетсіз жазылған көркем әңгіме, басқаша айтқанда, көркем проза, көркем публицистика эссе жазба» [71,б. 142]. Абайдың күнделік дәптері сияқты жазылған деген де ой айтылған.
Ханғали Сүйіншәлиев «Абайдың қара сөздері» (1958) монографиясында Абай сөздері сырт үлгісінде түр, стиль жағынан «Кабуснамаға» келеді, алайда мазмұны басқа дейді.
«Жанрлық іздену жолында ол Шығыстың ғылыми трактат, тастих ретіндегі шағын үлгілерін, Жәмидің қарасөзді ғақлияларын есте ұстағын даусыз» [99]. 8 түрге топтап, әр түрдің мазмұн, жанрлық ерекшелігін сипаттап өтеді. Аслан Жақсылықов пікірлерінде қара сөз жанры Мұхаммед пайғамбар (с.а.с.) хадистеріне жақын екендігі айтылған [100].
«В целом в рамках всего цикла «слов» реализована определенная нравственна-этическая программа воспитания слоев народа, особенно людей, естественно тяготающих к религии. Содержательная духовно-философская полнота, честность и искренность в изложении взглядов, ориентация на нравственное воздействие на души людей, учет общинного принципа сознания своественно «Словам» Абая позволяют говорить об их жанровой близости к Хадисам пророка Мухаммеда, нежели к эссеистической дидактической традиции западной литературы. Совершенно не случайно во многих фргаментах «Слов» упоминяются Хадисы пророка, цитируются изречения из Пророка [100,с. 207].
Мұхтар Әуезовтің мыңмен жалғыз алысқандай Абайдың дінін апаттан алып өтуі – сол жалпыадамзаттық ауқымдағы атамзаманнан дәстүр үзбеген ислам құндылықтары жолындағы күрес мүддесіне кемелдік өрісте қызмет қылғандығы. Кезең ыңғайында үстем ұлттың көңілі қалайтын сөз айтқан тұстарында да мәселені әріден тартып, күн тәртібіне қойып отырды [101].
Қара сөздердің жанры туралы зерттеу қазақ әдебиетінің теориялық тарихында (З.Қабдолов), қазақ жазба әдеби тілінің стильдік сипаттарының қалыптасу негіздерінде, т.б. филологиялық ғылымның сан тарау мәселелерінде аса өзекті. Біздің диссертациялық жұмыстың мақсатына орай Абай қара сөздерін ХІХ ғасырдағы әдебиеттің дін негіздерін ұғындыру бағытында зерделеу барысында Абайдың жалпы саны бірде 45, бірде 46, бірде 42 аталып жүрген қара сөздерінің иманы кәміл адам тәрбиелеу мақсатын ұстанған, Құран мазмұны мен Хадистер бойынша, сол қастерлі туындылардағы Алланың бар екендігі, Бір екендігі, Адамзатты сүйіп жаратқандығы, шексіз игіліктермен жаралғандығы, адам баласының иман иланымымен түзу, тура ғұмыр кешу парыздары, бойын аулақ ұстауы тиіс харам құбылыстар туралы баянды мазмұнға негізделіп жазылғандығын, қай сөзде де осы негіз мазмұн түзгенін біртұтас шығармашылық айрықша бағыт есебінде тани түстік.
Абайтануда 38 қара сөздің ауқымында дін, дін философиясы қарастырылып келеді. Абайдың дүниетаным, дінтаным, адамтану кеңістігі түзілген қара сөздер абайтанудағы қилы кезеңдердің талқысында бірде Батыстан келген үлгі, бірде Шығыстан сыртын ғана алды, мазмұны «орысшыл» дегендей әрі-беріні аз көрмеді.
Ахмет Байтұрсынұлының «Әдебиет танытқыш» еңбегіндегі «Қара сөз» атты бөлімде қазақ әдебиетіндегі қара сөз үлгілеріне қатысты айтылатын негіздемелер «Абайдың қара сөздеріне де қатысты. Абайдың қара сөздерінің де айрықшалықтары Байтұрсынұлының теориялық қисындарында айтылған тоқтамдармен үндес, ыңғайлас көрінеді.
«Нәрсе турасында тиісінше сөйлеу үшін тиісінше ойлау керек. Тиісінше ойлағанда ойымыз, ұғым түрлеріне қарай бірнеше тармаққа бөлінеді.
Ғалам тарапына.
Құдай тарапына.
Ғылым тарапына.
Әлеумет тарапына.
Үгіт-тәрбие тарапына
Сын тарапына [60,б. 396].
Қара сөздердің Алланы тану – таным бағытындағы еңбек екендігі, не жақсы, не жаманның, ұлттың өмір салттының қағидасы, адамның ғұмыр кешулері, тіршілік көзі туралы терең толғаныстардан, заман қажеттілігінде, Ата дін исламға иландыру саясаты шүйліккен дәуірде Абайдың мұсылмандық парызым деп атқарған айтулы еңбек екендігі тұрғысында ұрпақ танымы енді-енді қалыптасып келеді.
Ыбырай Алтынсарыұлының «Шариат-ул ислам» кітабын Абайдың оқып, таныс болғандығы туралы нақты дерек болмағанымен, заманынан озық туған дана тұлғаның Ыбырай Алтынсарұлы туралы естіп, білгені, оның еңбектерімен таныс болғандығы даусыз. Ыбырай Алтынсарұлы «Шариат-ул исламда» халық ұғымына жақын тілмен, «төменге түсіп» дін негіздерін ұғындырды. Абай дәстүрлі исламтану ғылымының таным негіздерін таза ғылыми стильде ұғындырады. Дін оқымыстысы, исламның тарихын, ағымдарын, кезеңдерін, аймақтық, саяси-әлеуметтік, тарихи негізде танылу қалпын терең игерген, таныған Шығыс ойшылы Абай Құнанбайұлының қара сөздерін ислам тарихындағы ағартушылық бағыттардың нақтылы бір тарихи кезеңдегі аса ықпалды, елеулі фактісі ретінде де бағалап, құнттауымыз қажет.
«Патша өкіметінің халықты мұсылман дінінен бездірмек, шоқындырып христиан дініне енгізбек болғандығы атақты Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің мына өлеңдерінен айқын байқалады емес пе?!
«Даярлап күнде алдыңнан қақпан торын,
Шыңырау ғып сексен құлаш қазған орын.
Құранды-қор, молданы бордай қылып,
Тырысты сөндіруге ислам нұрын.
Арзан боп Құран құны болып тиын,
Бас қосар ғамалға да болмай жиын.
Орысша тіл білгенді жұлдыз қылып,
Жоқ қылды шариғаттың құрмет, сыйын.
Мешітті сылтау қылып жауып тастап,
Сала алмай қазақ мешіт қайта бастап.
Кітапты чиновниктер жинап алып,
Жылаған күндер болды-ау көзді жастап.
Есіл «Аят», «Хадисті» сөйткен шақта
Дінімізді кемітіп қорламасын
Көзімізді бақырайтып ұрламасын
Баламызды билетіп өзімізге
Оқытсын деп орысша зорламасын» [102].
Қазақ жұртын иманға ұйытқан дін ағартушысының бірі, шалғай Шыңғыстауда ғұмыр кешсе де, әлемді шарлаған ислам ғұламаларының тағылымын сіңіріп өскен айтулы дін білгірі Абай Құнанбайұлы өз дәуірінің ең зәру мәселесін – малға, билікке таластырып қойып ел бұзған империялық саясат ауқымында – Алла жолынан таймай ғұмыр кешу ұстанымын ұмтыла ұғындыруда ойлы да кестелі, терең де өткір, өмірдің жарығымен құнарланған өлең сөзімен де, қара сөзімен де тоқтамай айтты.
«Сонымен өз тұсында, ХІХ ғасырдың екінші жарымын Шығыс ілімінде майдалға шыға бастаған жаңашыл, рационалшылар дін реформаларының шеніне араласады» [103].
Достарыңызбен бөлісу: |