Жиырма жетінші сөз (Сократ Хакімнің сөзі). Алланы тану, Аллаға илану, құлшылық жасау тұрғысында ежелгі грек ойшылы Сократ Хакім мен Аристодим деген шәкірттерінің арасындағы әңгіме түрінде баяндау. Осы сөздегі адамның дене мүшелеріне қатысты айтылатын, олардың адам баласы үшін қаншалықты қажетті, Алланың осылай жарату реті тұрғысындағы ойлар Абайдың бір өлеңіндегі «Қарашы, дене біткен ретіменен» деген жолдарды еске түсіреді. Бұл тармақ жеке бір басылымдарында бірде «дене біткен», бірде «дүние біткен» болып жүреді. «Дүние» деп алу дұрыс көрінетіні бар. Жиырма жетінші қара сөздің ыңғайына қарағанда – «дене» дұрыс.
«Жә, олай болса, адамды жаратушы хауаси хамса заһри бергенде, тахқиқ ойлап, олардың пайдасының барлығы түгел оған мұқтаж боларлығын біліп бергендігі әшкере тұр ғой. Әуелі көзді көрсін деп беріпті, егер көз жоқ болса, дүниедегі көрікті нәрселердің көркінен қайтып ләззат алар едік?
... Құлақ болмаса, не қаңғыр, не дүңгір, дауыс, жақсы үн, күй, ән – ешбірінен ләззаттанып хабар ала алмас едік. Мұрын иіс білмесе, дүниеде болған жақсы иіске ғашық болмақ, жаман иістен қашық болмақтың қолымыздан келмес еді. Таңдай, тіл дәм білмесе, дүниеде не тәтті, не қатты, не дәмдінің қайсысынан ләззат алар едік!» [43,б.112].
Адамзатты махаббатпен жаратқан Алланың игілік, жарылқауын ұстаз бен шәкірттің сұрақ-жауабы түріне келтіріп баяндау әдісінде Абай жаңа жазба әдебиет үрдісіне кейіндеу орныққан диалог құру тәсілін ұтымды қолданып отырғандығы да жаңа жазба әдебиет жанрлары, стилі, баяндау тәсілдері тұрғысында назарда болатын ерекшеліктер.
Жиырма жетінші қара сөзде қолданылған «Хауаси Хамса заһири» (عضو في الحواس الخمس) ұғымы Абайдың өлең сөзінде де аталып отырады. Бұл сөз бірнеше сипатта, мағыналық өрісте қолданысқа түсіп, Абайдың дін, дүниетаным бағытындағы танымдық жазбаларында дін ұғымындағы термин мәнді сөздің тілі болып келетіндігі тұрғысында қазіргі абайтануда негізді пікірлер бар.
«Ақылмен хауас барлығын» деген жолындағы хауас сөзі мағынасы астарлы, көп салалы, сыры терең ұғымға жатады. «Хауас» сөзі араб тілінде شعور – түйсік, сезім деген мағынаны білдіреді. Абай хауас сөзін шығармаларында үш рет атап өтетіні бар. Олар – хауас, хауас салим, хауаси хамса заһири деген түрде қолданатыны бар. Бірінші, хасауси хамса заһири дегені адамның сыртқы бес сезім мүшесі (көру, есту, ұстап білу, дәмін тату, иіс арқылы сезу) арқылы сырттан хабар алатын сезім түрлері. Екінші, хауас сәмем дегені сыртқы бес сезімнің барлығы да мүлтіксіз қызмет етіп, кеселге ұшырамаған, табиғи таза сезім түрлерін айтады. Ал осы өлең мәтінінде айтылатын «Хауас» сөзі Абайдың отыз сегізінші қарасөзінде әртүрлі мағынада қолданысқа түсетіні бар. Мысалы, бірінші мағынасы – сыртқы бес сезім мен ішкі бес сезімді бірлікте алып қарап, оны да хауас деген мағынада береді. Екіншіден, Алланың бойындағы сегіз сипатқа Абай қақылия, ғақылия дәлелдерге сүйене отырып әділет, рақым деп аталатын екі сипатты өз тарапынан қосу арқылы Алланың бойындағы он сипатты да хауас деп қарайтыны бар. Үшіншіден, осы танымдық ұғымдарға сүйене отырып, жаратушы түп нені де хауас деп айтады. Осы арқылы Абай Алланы ақылмен танып біле алмайсың мен жүрек арқылы сезесің деген ойға тоқталады [92,б. 55].
Қазіргі абайтанудың өзекті мәселелерінің бірі – дін ұғымындағы, діни терминдік мәндегі Абай тілінде қолданыста болған сөз нұсқаларына қатысты зерттеулер жүргізу міндеті. Абай сөзін, Абай мұрасының мәтіндік негізін зерттеу проблемаларын айқындауда ғылыми, жүйелі ұстаным қажеттілігі айтылады.
Абай сөздігі негізінен тілдік мәнде түсіндіріліп, араб, парсыдан келген атаулардың түпкі діни терминдік мағынасы толық ашылмай, кешегі, Тәуелсіздікке дейінгі таным аясында қалып қойды. Саяси ұстанымдар; жазудың жиі ауысуы сынды себептер болды; оған қоса сөз-мәтін-интерпретация – әртүрлі ғылым саласында қарастырылуы тиіс ауқымды тақырыпта кешенді зерттеулерге кірісе алмай келеміз деген пікірдің негізсіз емес екендігі ендігі Абайтанудың пәнаралық мәселелерінде ескеріліп отыруы керек.
«Өйткені интерпретацияның бастауы герменевтикаға барып тіреледі. Ал герменевтика философиялық, филологиялық, құқықтық, теологиялық сияқты түрлі бағыттарда тармақталады. Бүгінде Абайды танудың бір жолы оның бізге жеткен шығармалары арқылы болмақ. Олай болса, Абай шығармаларындағы Құран және хадис мәтіндерінің интерпретациялануы мәселесін зерттеу тақырыбы ету – философия, тілтаным, әдебиеттану, мәдениеттану, жантану, психология сияқты салаларды бір-бірімен тоғыстырып, ортақ мүддені, адамды, яғни Абайды танумен құнды» [32,б. 5].
Осы орайда Ықтияр Палтөренің Абайдың әдеби мұрасын басқа тілдерге аудару ісінде шығармадағы кілт сөздердің түп мағынасын, мәтінде кездесетін Құран және Хадис үзінділерін нақтылы түсіндірілуі тұрғысындағы ескертпесі орынды. Абайдың Шығыс руханиятымен тұтасқан дүниетаным бағытын зерттеу ісінде елеулі еңбектері бар А.Машанов, М.Мырзахметұлы, Ө.Күмісбаевтардың есімін ілтипатпен атай отырып, Ы.Палтөре бұл бағытта әлі де тереңнен зерттеулер қажеттігін құлаққағыс етеді. «Дей тұрғанмен күні бүгінге дейін Абай шығармалары тікелей Құран және Хадис мәтіндерімен байланыстырылып, Абай ой-толғамдары, шығармалары діни мәтіндермен салғастырмалы түрде зерттеле қоймады. Сондай-ақ діни мәтіндердің Абай шығармаларында интерпретациялану мәселесі, ақын мұрасындағы діни мәтіндердің көрініс деңгейі арнайы ғылыми-зерттеу нысаны ретінде қарастырылмады» [32,б. 11].
Абай ақындығының айналасы, Абайдың ақындық-ойшылдық кітапханасы Абайтанудың өзекті арналарының бірі есебінде назарда болып келеді. Кейінгі кезеңдегі әлемдік деңгейдегі ақпарат алмасу мүмкіндіктерінде Абай дәуірінде жарық көріп, мұсылман елдерінде кең тараған ислами, діни-ғылыми әдебиеттер туралы да мол мағлұматтармен танысудамыз. Ықтияр Палтөре зерттеуінде осы мәнде бірқатар тың деректер келтіріліп отырған.
Имам Ғазалидің «Ихя улуум» атты еңбегінің араб қарпімен түрік тілінде шыққан «Мизан улфет» деген аударма нұсқасының қара сөздермен байланысына қатысты ойлары Абайдың қара сөздерімен желілес, сабақтас бағыты бар Абайдан ілгеріде жарық көрген ислами әдебиет нұсқаларын атап көрсетеуі келешек зерттеулерге септігі тиетін олжалы жұмыс.
Достарыңызбен бөлісу: |