Қорытынды
«ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиетіндегі экзегетикалық дәстүр» атты зерттеу жұмысында қазақ әдебиеттану ғылымындағы кенже қалыптасып, кеш қозғалып келе жатқан әдебиет және ислам діні мәселесі бағытындағы дәстүрлі негіздер мен тарихи-кезеңдік алғышарттардың, тілдік сипаттардың ғылыми негіздері сараланып, белгілі бір кешендік тұтастықта сипатталып, соның негізінде қазақ филологиясындағы пәнаралық зерттеулер тоғысында ғана ғылыми негізделетін өзекті зерттеу арналарының бірі – экзегетикалық дәстүр – әдеби мұрадағы дін негіздерінің нақтылы бір кезең – ХІХ ғасыр әдебиеті үлгілеріндегі өріс жаю үдерісінің ғылыми негізде жүйеленіп, қисындалу бағытында өзіндік пайымдаулар жасалды.
Қазақ әдебиетінің ХІХ ғасырдағы көркемдік даму бағыттаы аталған тақырып аясында нақтылы бір зерттеу нәтижелеріне қол жеткізуге қолайлы, құнарлы дерек, дәйек болады. Мәселенің исламдық; ортағасырлық түркі әдебиеті дәстүріндегі мығым негізі кейінгі кезеңде ғана нақтылы мәнде жан-жақты зерделенуде. Бұл диссертациялық еңбекте осы бағыттағы зерттеу нәтижелері тұтастай айналымға тартылып отырды.
Ислам тарихындағы басым танымдық тенденциялардың теориялық негіздеріне, тұлғалық факторлардың ықпалды дәстүріне баса мән беріліп, ондаған елеулі құбылыстар жеке мәнде ғана емес, кешенді, жинақтаушылық әлеуетінде зерттеуге тартылды.
Қазақстан мен Орталық Азияда ислам дінінің таралуы VII ғасырдың соңы мен VIII ғасырдың бас кезінен басталатындығы айтылады.
Қазақ тарихында Қарақан мемлекетінде – Сүлеймен Арслан хан иә Ахмет Тоған хан, Алтын Орда мемлекетінде – Өзбек хан мен Жәнібек хан, Қазақ хандығыда – Арынғазы хан мен Кенесары хан билік құрған дәуірлерде шариғат құқығы біршама үстемдікке ие болды.
Хандық дәуірлерде мұсылмандық билік орнамаса да, дін мүддесіне теріс келмейтін саяси-құқықтық жүйе қалыптасты.
Ислам тарихында «Рауаят», «Дараят», «Шарху уат тағдил», «Ильмур рижаль» деген ілімдердің барлығы Хадистердің, сахабалар мен тәбиғиндердің пәтуаларының немесе тарихи оқиғалардың дұрыстығын қадағалайды. Яғни, қандай да бір хадисті расында да пайғамбар айтқан ба, қандай да бір сахабаның атынан айтылып жүрген пәтуа немесе нақыл сөз расында да сонікі ме немесе қандай да бір оқиға расында да тарихта болған ба деген сынды мәліметтерді тексереді.Қожа Ахмет Йассауидің әдеби мұрасы және қазақ әдебиеті мәселелері бойынша арнайы зерттеу жүргізіп, «Диуани хикмет» және қазақ поэзиясы монографиясын (2001) жазған Сәрсенбі Дәуітұлының зерттеуінде қазақ әдебиетіндегі сопылық поэзия мәселесі қозғалды. А.Ахметбек «Қожа Ахмет Йассауи» атты зерттеуін кейінде «Қазақ әдебиетіндегі сопылық поэзия» атты арнайы монографиялық еңбегімен сабақтастырып, қазақ әдебиеттану ғылымында жылдар бойы жылжымай қалған өзекті мәселені ғылыми-теориялық тұрғыдан толықтырып, дамытты.
Бауыржан Омарұлы «Зар заман поэзиясы» зерттеуінде зар заман поэзиясының «Диуани хикметтермен» сабақтастығына ден қойды [20,б. 2].
Ақбота Ахметбек қазақ әдебиеті тарихындағы белгілі бір кезең, дәуірлердегі сопылық поэзия нышандары туралы XV-ХІХ ғасырлардағы ақын-жыраулар шығармаларындағы сопылық сарын белгілерін 4 түрлі сипатта жүйелеп, ХІХ ғасыр әдебиетінде сопылық тезаурус, мотивтерді қазақиландыру үдерісі басталады деген тоқтамға келеді. «Бұл сопылық поэзияны ... жырлап, сопылық идеяларды жаңғыру, заманына лайықтау мақсатымен байланысты. Осы үдерісті жалғастыру Абай Құнанбайұлының еншісіне тиген» [29,б. 196].
Күнгейлік әдеби мектептің айтулы өкілдері Құлыншақ Кемелұлы мен Майлықожа Сұлтанқожаұлының арасында өткен бір айтыстың мәтіндік тұрғыдан бұрмалану фактісінде зерттеуші Әселхан Оспанұлы қазақ әдебиеті тарихын зерттеудегі мұраға «тиісу» дағдылы қалыпқа айналып, бірді-бірге қосқан, ұлттық құндылықты талапайға салған көпе-көрнеу қорлаудың ащы қыжылын Ә.Оспанұлы іркіп қала алмаған.«Қазақ халық әдебиетінің көп томнан тұратын беделді басылымының айтыс өлеңдеріне арналған тоғыз томдығының 1988 жылы басылған екінші кітабында Құлыншақ пен Майлықожаның жоғарыда талданған айтысы тұңғыш рет жарық көрді. Бірақ ондағы білгір ғалым, филология ғылымының кандидаты, марқұм Кәрібай Шәменов қағазға түсірген нұсқа көлемді-көлемді қысқарулармен, талай өлең тармақтары бұрмаланып-бұзылған қалыпта жарияланып, ақындардың екеуінің де шығармашылық мүмкіндіктері айқын ашылып, жарқын көрінуіне елеулі нұқсан келтірілген.
Кітапты шығарушы Қазақ ССР Ғылым академиясының М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты мен «Жазушы» баспасының қызметкерлері айтысты діндарлық қабаттардан арылту бағытындағы әурешілдікпен әлектеніп, айтысқа тән уақыт-заман белгілері мейлінше солғындатып, тіпті шығарманың құйрық-жалын күзеп кей тұстарын мағынасыздыққа ұшыратқан [26,б. 32].
ХІХ ғасырдағы кітаби ақындар шығармашылығы туралы М.Әуезов былай деген: «Есть целая интересная плеяда поэтов-книжников, освоивших книжно-восточную эпическую культуру и в духе назиры перепевавших огромное большинство тем и сюжетов арабской, иранкской классической поэзии и, кроме того, не меньшее количество тем и сюжетов народно-героических и лирико-бытовых поэм, легенд, сказаний вообще многих народов Востока.
...Есть поэты-книжники, связанные с восточной классической литературой и писавшие почти исключительно на древние книжные сюжеты, как Ораз Молла, Муса Молла, Майлы Кожа, Мадели, Акылбек Сабал, Мауликей, Шади-торе, Макыш Калтаев, Кашафеддин, Арип и др.» [23,б. 470-471].
«Әдебиет халықпен бірге жасайтын, үнемі даму үстіндегі үдеріс ретінде оның тарихи даму жолын бейнелеп қана қоймай, сондай-ақ тарихты жасаушы халықтың ой-санасын, дүниетанымын бірден-бір қалыптастырушы қасиетімен де белгілі. Сондықтан түркі халықтарының тұтасу және даралану үдерісі барысында, тарихи және жағрафиялық жағдайлардан туған ықпалдастық құбылыс әдебиетте толқын-толқын болып көрініс беретін сөзсіз. Ал осы ықпалдастық бір толқыны, ағымы болған сопылық тақырыбы қазақ әдебиетіндегі тарихи кезеңдерді бір-бірімен жалғастырушы болып, рухани құндылықтар үрдісінің негізін құрады. Бұл дегеніміз, қазақ әдебиетінің ортағасырлық түркі әдебиетімен шығармашылық сабақтастығын зерделеуде сопылық тақырыбын зерттеу мәселесінің зәрулігін белгілейді. Ислам дүниесімен байланысты туған сопылық атты ағым қазақ дүниетанымын тануға жетелейтін бір арна» [29,б. 6].
Зерттеу проблемаларын өзекті тарихи-теориялық негіздерде белгілі бір жүйеде қисындап, саралаған зерттеуші Ақбота Ахметбек сопылық негіздердің қазақ дүниетанымындағы орнының тарихи ахуалдармен белгіленгендігіне, сопылық ілімнің қазақ әдебиетінің дамуындағы ықпалы мен белгілі бір деңгейде жергілікті негіздермен трансформацияланып та отыру фактісі болғандығына зер салады. Және түркі жерінде Йасауи шығармашылығымен байланысты, қазақы дүниетанымның озық бір сипаты болып қалыптасып, дамуын атап өтеді. Сол негізде Йасауи мұрасы, Бақырғани дастандары, Хорезми, Сопы Аллаяр туындылары, ХҮ-ХҮІІІ ғасырда жасаған ақын-жыраулар мұрасы, Абай мен Шәкәрім, ХІХ-ХХ ғасырдағы қиссашыл ақындар шығармалары сараланып, мәселе бойынша жүйелі зерттеуге тартылады.
Зерттеу нысанымызға алынған ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиеті үлгілері мен жеке шығармашылық тұлға мұрасындағы діни негіздің ілгері дәстүрлері мен кезеңдік тарихи алғышарттары бағытында жүргізілген зерттеу нәтижелері мәселе бойынша мынадай тоқтамдар жасау қажеттілігін айқындады:
Экзегетикалық дәстүрдің әдеби мұрадағы аса елеулі, басым бағыт болғандығын тану өзектілігі;
Қазақ әдебиетінің ХІХ ғасырдағы жанрлық-поэтикалық даму өрісінде дін негіздері мақсатты мазмұн түзгендігі, оның тарихи, рухани алғышарттарының ұзақ уақыттар бойы мәжбүрлі шектеулермен бүркемеленіп келгендігі;
ХІХ ғасырдағы әдеби даму заңдылықтарында мығым исламдық, ықпалды көркемдеу факторларының болғандығы, ортағасырлық түркі әдебиеті өнегесінде өрістеу айрықшалығы;
Дін негіздерін ұғындырудың ислами әдебиеттегі қисындарын теориялық негізде жүйелеп, саралау бағытында қазақ әдебиеттану ғылымында тұтас жаңа танымның орнығу өзектілігі.
Қорыта келе, ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиеті тарихындағы дін негіздерін зерттеу бағыттарында замана қыспағында қол үзіп қалған ислами өркениетпен тұтастану мүмкіндіктеріне жол ашатын жаңа рухани түлеу үдерісі жеделдей түспек. Осы негізде аса мол, бай рухани мұра – зор поэтикалық құнар қалыптаған ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің жанрлық өрісі; жеке шығармашылық тұлға әлеуеті тұрғысында жаңа заман мүмкіндігінде елеулі, түбегейлі, танымдық, тың зерттеулерге кең жол ашылып отырғандығы – қазақ әдебиеттану ғылымы қай кезеңде де көксеп келген ірі рухани олжа.
Достарыңызбен бөлісу: |